Арта Вираз Намаг. Қазақ тіліне аударған Әуезхан Қодар

АРТА ВИРАЗ НАМАГ
Тәңірлердің атымен.
1 фаргард
1. Көпшіліктің айтуынша, Зәрдушт дінді ашып, оны барлық дүниеге таратқан замандар болған екен, және үш жүз жыл өткен екен, сонда да дін таза күйінде сақталып, ешбір адамда күмән болмаған екен.
3. Бірақ бір кезде заманы туып, қарғыс атқан зұлым рух, лас рух, адамдарда дінге күмән тудыруды ойлап, ордасы Мысырдағы қарғыс атқан Александр, ұрымдықты, Эраншахрға ұлы қатыгездікпен және соғыспен һәм жойқындықпен келіп, Эраншахрдың падишасын күйретіп, астанасын және патшалығын жойып, бәрін тап-тақыр қылсын деп, шақырды.
7. Ал бұл дін және барлық Авеста мен Занд иленген өгіз терісінде алтынмен жазылған, ол Стахар Папаканадағы реликварийде сақталған; және қара ниетті, қарғыс атқан һәм ұятсыз Аәшмоканың қастандық әрекетімен, мұнда ордасы Мысырдағы билік тартып алушы Александр, ұрымдық, келіп, бәрін де өртеді. Және ол Эраншахр елінің көптеген ұстаз бен дастурларын, һәм би, эрбад, мобедтерін, һәм дін сақтаушыларын, һәм тақуалары мен данышпандарын жойды. Және сөйтіп ол Эраншахр зиялылары һәм иелері арасында өзара қастандық туғызып, көптеген бүліктерге себеп болды, бірақ ол өзін де құртты және тозаққа лақтырылды.
12. Содан Эраншахр елінде бүлік пен тартыстар шығып, бір адам өзге адамға қарсы болды. Және бірде бір ел иесі, патшалық иесі, ру басы, дінге білікті дастуры қалмай, бәрі Тәңіріге күдікті болды. Және көптеген діндер, неше түрлі топтар және дінге қарсылар һәм қарама қайшы заңдар жан-жақтан қаптап кетті; әлі уақыты толмағасын Атаропад и Марзпедан да туылмаған еді, ал Денкардта айтылғандай, оның кеудесіне қайнаған жез құйылған. Ал ол кезде көптеген заң және ұстанымдар шығарылып, әртүрлі діндер мен нанымдарға сілтемелер жасалған; ал Шазшиганның маздаяснашылары күмәнға толы еді.
19. Дегенмен Эраншахрда өзге де магтар бар еді, және дін дастурлары өлмеген еді, және олардың кейбіреулері иманда тұрақтылық пен білім сақтаған еді. Және олар Фрабаг жеңімпаз оттың мекенінде жиналып, мына бағыттағы ізгі сөз бен ізгі ой айтқан еді: «бізге мән табу керек, демек, біздің біреуіміз барып, ізгі әулилерден білім әкелуіміз керек; өйткені біздің заманамыздың адамдары жасаған Язишн, һәм Дрон, һәм Афринаган рәсімдері рас па, және біз жасайтын Ниранг дұғасы, һәм жуынып-шайынуымыз Тәңіріге жете ме екен, әлде, дәулерге ме? Олар біздің жандарымызды құтқара ма екен, әлде, жоқ па?»

28. Содан, дін дастурларымен келісім бойынша, барлық адамдар Фрабаг отының үйінде жиналды. Және барлық келгендерден олар жеті адам таңдады, және бұл таңдаулылардың Тәңіріге де, дінге де еш күмәні жоқ еді, олардың ойы да, сөзі де, ісі де асыл және ізгі болатын; содан оларға былай деп айтылды: өз араларыңнан ыждаһаты мен тағаты өздеріңнен асқан және толық түрде міні жоқ һәм ең қадірліні таңдаңдар.
33. Содан бұл жетеуі отырды, содан бұл жетеуінен үшеуі таңдап алынды, ал үшеуінен біреуі ғана, және оның аты Вираз еді, ал кейбіреулер оны нишапурлық деп атайтын. Және Вираз қабылданған таңдау туралы естігенде, орнынан тұрып, қолын қусырып, былай деді: «Қалауларыңыз білсін, бірақ маздаяснашылар мен менің арама жеребе тастамай, маған Тәңірі шешіміне қарсы есірткі бермеңдер, және жеребе маған түссе, еш әңгімесіз мен ізгілер мен күнәһарлар мекеніне кете барамын, және аманаттырыңды апарып беріп, жауабын әкеліп беремін».
42. Сөйтіп, маздаяснашылар мен оның арасына жеребе тасталды, және бірінші рет ізгі ой сөзімен, және екінші рет ізгі сөз сөзімен, және үшінші рет ізгі іс сөзімен, сөйтіп барлық үш тағдыр да Виразға шықты.
2 фаргард
1. Және осы Вираздың жеті қарындасы болатын және барлық жеті қарындасы да Вираздың әйелдері еді, және олар да жүрегінде иман сақтап, дұға оқитын еді. Және олар мұндай шешім туралы естігесін қатты қайғыланып, және әлгі жиын жаққа жүгіріп, еңіреп һәм шыңғыра бастады. Сөйтіп, олар маздаяснашылардың үйіне жүгіріп барады, және тоқтайды және белін бүге еңкейіп, тағзым етеді, және жалбарынады: «Олай етпеңдер, уа, маздаяснашылар, біз жеті қарындаспыз, ал ол біздің жалғызымыз және біз барлық жеті қарындас ағамыздың жеті әйеліміз. Егер үйдегі есіктің жеті берік босағасы болса, табалдырығы біреу-ақ, және осы табалдырықты алып тастасаң, барлық босағалар құлап түседі; біздер, жеті қарындастар үшін ол жалғыз ағамыз, ол біздің өміріміз және біздің тірегіміз; және оның барлық шапағаты тәңіріден келер. Сондықтан оның өз мезгілі келгенше, оны тірілер әлемінен өлілер әлеміне жіберуден бас тартыңдар. Расында да, сіздерді жазықсыз бізге қатыгездік жасады деп кінәлайды».
17. Содан, осы сөздерді естіп, маздаяснашылар жеті қарындасты тыныштандырды және оларға былай деп жауап қатты: «Біз сендерге Виразды жеті күннен кейін аман-сау қалпында қайтарамыз және осы даңқының қуанышы мәңгі өзімен болады». Сонда олар қанағаттанды.
21. Содан Вираз маздаяснашылардың алдында қол қусырып тұрып, оларға айтты: «Рәсім бойынша, мен қайтыс болғандарға аят оқуға, дәм татуға және өсиет қалдыруға тиіспін; және тек содан соң ғана маған шарап пен есірткі әкелесіңдер». Және дастурлар келісті: «Тиісті тірлік жаса».
24. Содан соң дін дастурлары от рухының үйінде киеден отыз қадам жердегі бөлмені таңдады. Содан Вираз басын жуып, суға шомылып, жаңа киімдер киді. Және өзіне хош иістер дарытып, алдынала дайындалған тахтаға жаңа һәм таза кілем жаяды. Вираз таза кілемге отырып, дронды киелеп, әруақтарға бата оқып, дәм татты. Содан соң дін дастурлары үш алтын кесеге шарап пен Виштаспа мангосын (есірткі) құйды; сөйтіп, оны Виразға ұсынды: бірінші кесені ізгі ой сөзімен, екінші кесені ізгі сөз сөзімен, үшінші кесені ізгі іс сөзімен; және ол шараптан һәм манго есірткісінен ұрыттап (барлық үш кеседен), және қоштасу аятын оқып, ұйқыға кетіп, қылжиып қалды.
32. Содан жеті тәулік бойы, күні-түні дін дастурларымен жеті қарындас, от тұтатып, түтіндік қойып, Авеста мен Зендті оқыды, дін қызметін атқару солай еді, Наскиді әспеттеп, Гатаны өлеңдетіп, түні бойы көз жұмбады. Және осы жеті қарындас та, және маздаяснашылардың барлық дастурлары, эрбадтары һәм дін мобедтері де қамқорлықтарын бір сәтке үзген жоқ.
3 фаргард
1. Содан Вираздың жаны денесін тастап, Чакад и Дайтик тауындағы Чинвад көпіріне барады және жеті күн өткен соң ол өз денесіне қайта кіреді. Вираз тәтті ұйқыдан оянғандай, ойлары Вохуманға және кернеген қуанышқа толы, түрегеледі.
5. Жеті қарындасы мен маздаяснашылардың дін дастурлары Виразды көріп, ризашылық пен бақытқа кенеледі; міне, олардың айтқаны: «Хош келдің, уа, Вираз, біз, маздаяснашылар жіберген елші, өлілер патшалығынан тірілер әлеміне аман-сау қайтып оралған. Содан Вираз оларды көргесін, алға шығып, оларға қол қусырып, тағзым етеді де, былай дейді: «Сіздерге иеміз Ормаздың және ұлы періштелердің батасы түссін; және сіздерге Спитамаұлы Зәрдушт батасын жолдады, және тақуа Сроштың, Адар язатаның (періштенің), және маздаяснашылардың даңқты дінінің батасын алыңдар, және барлық өзге фраваштардың (ізгі жандардың) батасын да, ал олар расында да бақыт пен қанағатта тірлік етуде».
12.Содан соң дін дастурларының айтқаны мынау: «Онда сен де баталы бол, уа, Вираз, ізгі елші, маздаяснашылардың тапсырмасын шебер орындаған. Енді сен өзің үлкен зейінмен ортақ болған нәрселеріңмен бізбен еш өтіріксіз бөліс, және не көрсең де, бәрін бізге айтып бер».
15. Онда Вираз ескертті: «Ең бірінші айтатыным, аш һәм шөлі қанбағанды тамақтандыру керек, содан кейін ғана оған сауал қойып, тапсырма беруге болады».
18. Және дін дастурлары онымен келісті: «Жөн және әділ». Сөйтіп, шебер дайындалған хош иісті тағамдар, һәм нан, һәм салқын су, һәм шараб әкелінді. Содан соң олар рәсімдік нан «дронды» киелеп, және Вираз ризашылық аятын күбірлеп, дәм татты, және киелі асты тамамдап, (тағы да) бата берді. Ол Ормазды да, амахраспандтарды да өлеңмен мадақтады; және Хордад пен Амурдад ұлы періштелерге ризашылығын айтты; және жалбарыну арқылы баталы болды (афринаган).
22. Содан соң ол бүй деді: «Жазу шеберін шақырыңдар, көреген һәм білікті». Содан оған ең үздік хатшыны, көреген һәм өз ісіне білікті, әкеледі, және ол оның алдына отырады. Және Вираз не айтса да, ол барлығын дәл, анық жазып, бір де бір сөзін жіберген емес.
4 фаргард
1. Сонымен ол оған мынаны жазғызды: «Сол алғашқы түні менің алдымнан тақуа Срош пен язата Адар шығып, маған былай деп тіл қатты: «Саламатсың ба, уа, Арда Вираз, әйтсе де, бұл жолға неге асықтың, сенің өз мезгілің әлі келген жоқ қой?». Мен «Мені жіберді», дедім. Содан жеңімпаз тақуа Срош пен язата Адар мені қолдарымнан алды. Және алғашқы қадамымды ізгі оймен, екінші қадамымды ізгі сөзбен, және үшінші қадамымды ізгі іспен басып, мен өте кең және мықты, Ормазд жасаған Чинвад көпіріне шықтым.
8. Мен оған көтерілдім де, қайтыс болғанның жанын көрдім. Алғашқы үш түнді жан денесінің басында өткізеді ғой, және Гатаның мынандай сөздерін әндетеді: «Өз шарапаты шарапат болуға және өзге нәрсеге жараған жан баталы болсын. Және осы үш түнде тыныштық пен қуаныштың келетіні сонша, бүкіл әлемнің құтына татитындай». Сондықтан әрбір адамның осы мерзімде сабырға, рахатқа, қуанышқа толы дегені рас.
15. Ал үшінші таңда ізгінің жаны хош иісті сәмбі талдың көлеңкесіне көшіп, танауы хош иіс сезгендей болады. Ал бұл хош иіс күнгей жақтан, Тәңірі мекенінің өзінен келіп жетеді.
18. Ал оның өз арманы (Даэна) және өзі жасаған істері сұлу ару ретінде оның алдына келеді; және оның ғажап сырт пішіні мұның қасиеттерінің үздіктілігіне сай, және ол биік толық емшекті, оның емшектерінің толысқаны, тығыздығы және төмен жағынан шығыңқылығы сонша, олар, тіпті, жүрек пен жанды баурайтындай, ал денесінің үйлесімділігі көз жауын алғандай, ал ажары құмарлық шақырады.
21.Содан ізгінің жаны қыздан сұрайды: «Сен кімнің туындысысың? Және сенің жаратушың кім? Және сен кімге арналғансын? Мына жалған дүниеде өзіңнен мүсінді және әсем сұлуды кездестіру мүмкін емес қой!»
23. Содан қыз оған жауап береді, ал ол Вираздың өзінің иманы еді, және оның өзінің істері болатын: «Мен сенің өз қылықтарыңмын, уа,ізгі ой, ізгі сөз, ізгі істердің, ізгі иманның бозбаласы. Міне, сенің қасиеттерің мен істеріңе сай, мен саған осындай соншама сүйкімді, соншама әсем, соншама хош иісті, және нәзік және даңққа толы және құмарлы, және қанағатты түрде келіп тұрмын. Сен тірі кезіңде Гатаны әндеттің, және мейірімді суды кие тұттың, және отты да ұмытпадың, оны да аяладың, және ізгі адамды ол жақыннан иә алыстан болсын, қарсы алдың. Міне сондықтан мен күшке толы және мықтымын. Бұл сен едің ғой маған күш берген, ал мен ару болсам, маған ізгілікті дарытқан өзің, ал егер мен ізгі ойлы болсам, мені қасиеттерге толтырған өзің, ал егер мен осы жарқыраған тақта кеудемді керіп, даңққа бөленіп отырсам, оған мені осынша салтанатпен орнықтырған өзің; ал егер мені мадақтаса, оның бәрі сенен. Және менің барлық даңқым сенен шыққан. Ал бұлардың бәрі сен ұстанған ізгі ой, ізгі сөз, ізгі істерге байланысты. Және сондықтан сен даңқты болуға тиіссің: сен шындыққа қызмет еттің. Шаршаусыз ғибадатта да, Ормаздпен ортақтасуда да, сен өзіңді құдайға қызметке және Ормаздпен ізгі сұхбатқа арнадың. «Және береке әрқашанда өзіңмен болсын».
5 фаргард
1. Содан соң Чинвад көпірінің кеңдігі тоғыз найзадай болды. Срош тақуа мен Адар язатаның көмегімен мен Чинвад көпірінен еш қиналыссыз, бақытты, өжет, даңқты өттім. Және маған язата Михрдан, және Рашну биден, және мейірімді Вайюдан, және язата Вархарана ерден, және әлемді өсіруші Аштада язатадан, және маздаяснашылардың қасиетті дінінің Фарнынан (даңқынан): және сақтаушы ізгі фраваштардан, және маған, Арта Виразға, алғашқы болып еңкейіп, тағзым еткен өзге әулиелерден ұлы көмек болды. Және мен, Арта Вираз, мұнда Рашну биді көрдім. Ал оның қолында ізгілер мен күнәһарлардың істерін өлшейтін сары алтыннан таразысы бар екен.
6. Сөйтіп, ізгі Срош пен язата Адар мені қолдарымнан алып, былай деді: «Бар да көр, ал біз саған Көкті де, тозақты да, салтанатты да, даңқты да, қанағатты да, мәңгі тыныштықты да, рахатты да, шаттықты да, барлық құмарлықты да, қуанышты да, хош иістерді де, ізгілерге көкте көрсетілетін құрметті де көрсетеміз. Ал сонымен бірге саған қаратүнек те, есебі жоқ һәм абыройсыз қорлық та, бақытсыздық та, бітпейтін езгілер де, зұлымдық та, қиналыс та, азаптау да, барлық сұмдық та, албастылар да, мүңкіген иістер де, тозақ жазаларының барлық түрлері де, және тозақтың барлық албастыларының, сиқыршыларының, оңбағандарының да барлық қылықтары ашылады. Және біз саған шындық тұрағының бар жиынтығын, және өтірік ордасы жасырынған қайғы мекенін көрсетеміз. Және біз саған дінге беріктерге Ормазд пен амахраспандтардан құрмет қалай көрсетілетінін көрсетеміз, және Көк құтымен тозақ күңіренісін ашып береміз. Және Тәңірі мен ұлы періштелердің болмысын, және Ахриамн мен дәулердің жоқ болмысын, және өлілерді тірілтудің ақиқатын, және болашақ денені көрсетеміз. Және аспандар қатпарларында сен мынаған көз жеткізесің: тура жолдағыларға Ормазд пен амахраспандтардан қайтарым болады. Және сонымен бірге сен барлық мүмкін азап пен жазаның нұсқаларын, және Ахриман мен қатыгез, бұзық дәулердің тозақ қаратүнегінде күнәһарларға көрсететін барлық қиянатына көзің ашылады».
6 фаргард
Және, міне, мен келдім, және, міне, мен қарап тұрмын, және мен кейбір адамдардың жандарын көріп тұрмын, және олар қозғалыссыз қатып қалған, және орнынан былқ етпейді. Сосын мен ізгі Срош пен язата Адардан сұрадым: «бұлар кімдер? Және бұлар неге мұнда тұра береді?»
4. Срош ізгі мен Адар язата былай деді: «Бұл жердің аты Хаместаган, Мәңгі Қимылсыздық, (тазару орны), және болашақ денелеріне енгенше, бұл жандар осында қала береді, ал бұл жандар жақсылығы мен күнәсі тең адамдардың жандары. тірілерге мынаны жеткіз: «Сендерді сараңдық пен ашу сезімі ең оңай істерді атқарудан бас тартқызбасын, жақсылығы күнәсынан үш елі асқандардың бәрі жұмаққа барады, ал күнәсі көптер тозаққа түседі, ал барлық нәрсесі теңдері болашақ денесіне ие болғанша, шығу тесігі жоқ Хаместаганда қалады. Және оларға жаза ретінде ауаның айналымынан туындайтын аяз бен аптап жіберіледі, бірақ өзге бақытсыздықтан олар азат».
7 фаргард
1. Және содан соң мен ізгі ойлар шаттықта тұратын Хумат жаққа, жұлдызды жолға бірінші қадам жасадым. Және осы арада мен тура жолдағылардың жандарын көрдім, және олардың нұры мен салтанаты соншама, олар, тіпті, жұлдыздай жарқырап тұр, және олардың тақ пен тақыты нұр сәулесінде орныққан, және ол жарқжұрқ етіп, даңққа толы.
4. Және мен Срош ізгі мен Адар язата былай деп сұрадым: «Бұл қай орын? Және бұл қандай адамдар?»
5. Срош ізгі мен Адар язата былай деді: «Бұл орын жұлдызды жол; және мұнда тірі кезінде жалбарынбаған, Гаталарды оқымаған, және жақын туыстармен некеге тұрмағандардың жандары, және оларда патша билігі де, әмір билігі де, рубасы билігі де болмаған. Әйтсе де, зге істеріне байланысты олар әулиелер.
8 фаргард
1. Содан мен екінші қадам жасадым, және бұл Ай жолындағы Хухт ізгі сөздердің қонақжай мекені болатын, және мен ізгілердің мекенін көрдім.
3. Мен Срош ізгі мен Адар язата былай деп сұрадым: «Бұл орынның аты қалай? Және бұл жандар кімдер?»
4. Срош ізгі мен Адар язата былай деді: «Бұл Ай жолы, және мұнда тірі кезінде ғибадат жасамаған, Гатаны әндетпеген, туысқандық некеге түспегендердің жандары, бірақ өзге істері арқылы олардың мұнда тұрақтауына жол бар. Ал олардың нұрының күші Ай жарқылына тең».
9 фаргард
1. Сонда мен үшінші қадам жасадым, сөйтіп мен ізгі істер қонақжай қоныс тапқан Хурварштан шықтым. Мұнда олар үздіктің үздігі деп атайтын нұр төгіліп тұр екен, және мен алтын тақтар мен алтын кілемдерге отырған ізгілерді көрдім, және бұл адамдардың барлығы күн сәулесіне ұқсас жарқырап тұрды.
5. Және мен ізгі Срош пен язата Адардан сұрадым: «Бұл қай орын? Және бұл жандар кімдер?»
6. Срош ізгі мен Адар язата былай деді: «Бұл Күн жолы; және бұлар тірі кезінде жақсы патша, жақсы әмір, жақсы көсем болған адамдардың жандары».
10 фаргард
1. Және төртінші қадаммен мен даңққа толы Тародманға кірдім. Және біздің алдымызға қайтыс болғандардың жандары шығып, бата сұрап, бізді мадақтап, былай деді: «Уа, тура жолды, мынауың байыпсыз қылық емес пе? Өйткені өткінші және қастыққа толы әлемнен сен байқамай тозбайтын әлемге кірдің. Ал сондықтан сен мәңгі өмірдің дәмін татуға, және мәңгі ләзаттарға бөленуге тиіссің».
6. Және сонда Ормазд отының язатасы Адар алға шықты, және маған құрмет көрсетіп, ол былай деді: «Бұл осы, Арта Вираз, әсем және жасыл талдарды құрбандық отына жағушы және маздаяснашылардың
шебер елшісі!»
8. Мен де оны құрметтеп, мынандай сауал қойдым: «Мен сенің құлыңмын, уа, язата Адар, және тірілер әлемінде мен саған су тамбаған ағаш арнап, жеті жыл тұнған түтіндіктер саламын, ендеше сен неге қайғыланасын және маған дымқыл отын салдың деп, айтасың?»
11. Және сонда Ормазд отының язатасы Адар былай деді: «Жүр, сенің маған салған жасыл талдан аққан судың бүтін көлге айналғанын көрсетейін».
13. Және ол мені апарып, көл көсір көлдегі көгілдір суды көрсетті: «Міне, мынау талдан сығылғыан су, және Сіз осыны маған тарттыңыз».
11 фаргард
1. Және осы арада алтын тағынан Вохуман амахраспанд тұрып, мені қолымнан жетектеп, ізгі ой, және ізгі сөз, және ізгі іс сөздерімен Ормаздтың өзіне, және өзге әулиелерге, және язатасақтаушылар Зәрдүшт Спитамаға, және Кей Виштаспаға, Джамаспқа, және Зәрдүшт ұлы Исадвастарға, және діннің өзге сақтаушылары мен абыздарына апарды, және мен олардан сәулелі және үздік ешкімді көрген жоқпын.
5. Және Вохуман былай деді: «Бұл Ормазд». Және мені оған қызмет етудің қуанышы жаулап алды.
8. Және ол маған мынадай сөздермен тіл қатты: «Сәлем саған, арта Вираз, және сенің абыройың көбейсін; кемшілігш мол болмыстан сен тазалық һәм жарық әлеміне кірудесің». Және ол Срош ізгі мен періште Адарды шақырып, былай деді: «Арта Виразды алыңдар да, оған тура жолдағылардың құрметіне берілген абырой мекенін және сонымен бірге күнәһарлардың жаза алатын орнын көрсетіңдер».
13. Содан соң Срош ізгі мен Адар язата мені қолдарымнан алып, барлық орындарды аралатқызды. Және мен амахраспандтарды көрдім, және мен язата періштелерді кездестірдім; және маған періштесақтаушылар Гайомард, Зәрдүшт, Кей виштаспа, Фраваштар, Джамасп және өзге ізгі дін басылары көрінді.
12 фаргард
1. Және мен келіп қарасам, жомарт пейілділердің жандарын көрдім, ал олар өте әсем еді, және өзге жандардан биік болатын, және ұлылық пен салтанатқа толы еді. Кең пейілділердің жандарын Ормаздтың жоғарылатқаны сонша, олар жарықта һәм биікте, һәм құдыреттілікте тұрады. Және мен бүй дедім: «Рахымға толы жомарттар расында да кейуаналар, себебі олар өзге жандардан артық».
7. Және мен Гатаны әндеткендермен, яшттарды уақытында оқығандарды көрдім, және олар Ормаздтан Зәрдүштке түскен маздаяснашылардың ізгі дініне берік екен, және мен оларға жақындап, олардың алтын және күміспен көмкерілген барлық жамылғылардан асатын киім кигендерін көрдім. Және мен олардың рахатта екенін ұқтым.
11. Және мен жақын туыстарымен некеде болғандардың жандарын көрдім, және олардың тірі кезіндегі ең кем дәулеті мұнда салтанат һәм жомарттықта көбейген. Және олар қанағатта еді.
14. Және мен жақсы патшалар мен әмірлердің жандарын көрдім, және олардың ұлылығы да, мейірімі де, мықтылығы да, абыройлары да, әлдеде көбейген екен, және олар алтын шалбарлы, салтанатты екен және ризашылықта еді.
18. Және мен асқан даңқпен ізгі ұлылықтағы шындықтың ұлы жаршыларын көрдім. Және бұл мені мақтанышқа толтырды.
13 фаргард
1. Және мен ойлары үздік, сөздері үздік, істері үздік әйелдердің жандарын көрдім, және олар бағыныштылығында өте ұяң еді, және үй иелерін патшадай патшадай құрметтейтін, және олардың көйлектері алтын және күміспен көмкерілген еді. Және мен сұрадым: «Бұл кімнің жандары?»
4. Және Срош ізгі мен Адар язата былай жауап берді: «Бұл фәни дүниеде суды да, отты да, жерді де, ағаштарды да, малды да, қойды дажәне Ормаздтың өзге де жасағандарын дәріптеген әйелдердің жандары. Және олар Язишн және Дрон рәсімдерін жасаған, және Тәңіріге қызмет етіп, оны мадақ еткен; және олар барлық тиісті рәсімдерді ұстанған, және Көк болмысының язаталарына һәм жер тірлігінің язаталарына жалбарынған, және күйеулері һәм иелері алдында олар не айтса да орындап, кішіпейіл, бағынышты, момын болатын; және олар Маздаясна дініне күмән келтірген емес. Және жақсылық жасауда өтте ыждаһатты еді. Және барлық күнәлі нәрседен аулақ жүретін. Және мен олардың қанағатта екенін көрдім.
14 фаргард
Және сонымен бірге мен Язишн рәсімдерінің орындаушыларының жандарын көрдім, және жазуды жүрегінде сақтағандардың барлығын, ал олар асылдардың ішідегі ең асылы және ұлылардың ішіндегі ең аяулысы. Және олар қанағатты көрінді.
Және мен дін рәсімдерінің және құдайға ғибадаттың барлық рәсімдерімен өсиеттерін орындағандардың жандарын көрдім, ал олар барлық өзге жандардан биік отырады; және олардың ізгі істері аспандай биік. Және олардың бәрі абыройлы.
Және мен батырлардың жандарын көрдім, және олардың балпаң басқан жүрісі қанағат пен қуанышқа толы еді, және олар патшалардың қасында болатын; және осы батырлардың өте шебер жасалған барлық қаруы мен көбелері алтыннан құйылған және асыл тастармен көмкерілген, және бәрі өрнектеліп, зерделеніп тігілген, ал олар ғажап шалбар киген ұлы салтанатты, құдыретті, даңқты. Олардың ұлы қанағатта екеніне көзім жетті.
11.Және жер бетіндегі зиянды мақұлықтарды (кхрафштры) көптеген түрде жойғандардың жандарын көрдім, ал соған байланысты сулардың да, киелі оттардың да, және барлық от пен өсімдіктердің де берекесі, және жердің гүлденуі мөлшерсіз түрде өскен; және олар даңқ пен ғибадатта еді. Және олардың үлесіне көптеген рахат тиді.
14.Және байбатшалар мекенінде мен дихандардың жаңдарын көрдім, және олар сәнсалтанатқа да, даңққа да, нәзік шілтерлі киімдерге де рахаттанған еді, ал олар су мен жердің, өсімдік пен малдың әруақтарына жалбарынып, мадақ айтқан еді, міне енді олардың өздеріне ризашылық білдіріп, мадақтап, құрмет көрсетуде; ал олардың тақыттары да сондай ұлы, және олардың тұратын орындары да ізгі орын. Және олар қанағатта.
19.Және тірілер әлемінде өз патшалары мен иелеріне қызмет еткен шеберлердің жандарын көрдім; және соған байланысты енді олар тыныштықта биік және кілем төселген ең үздік һәм өрнектелген тақытта отыр. Олар ұлы қанағатта еді.

15 фаргард
1. Және тірілер әлемінде ірі қара және қой бапкері, оларды бағыпқағушы, және оларға қызмет етуші, және асыраушы, және қасқырдан һәм ұрықарылардан және қатыгез адам тираннан қорғаушы малшылардың жандарын көрдім. Малшылар өз төлдеріне тиісті уақытында суын да, шөбін де, жемін де беретін; және оларды суық аяздан да, ыстық аптаптан да алыа шығатын; және уақытында будандастырып, уақыты келмесе будандастырмайтын; адамға тиісті уақытында келетін ең ұлы пайда да, түсім де, береке де, ас та, киім де міне қайдан еді. Және олардың үлесі жарықтықтардың арасында болу, ал олар салтанатты биікте отырады, ұлы қуаныш пен рахатқа бөленіп. Және олардың рахаты мен қанағаты міне осындай еді.
9. Және маған көптеген алтын тақтар, әсем кілемдер мен салтанатты жамылғысы бар көпшіктер ашылды, ал оның үстінде үй иелері және билердің жандары отырған еді: олар ауыл үйлерінің басшылары болатын, және олар құрметке ие, қорғаушы еді, және олар жеміссіз жерлерді көркейтіп, оларды гүлденуге һәм өнімділікке әкелген, және олар өсіпөндіру қамқорлығында және киелі ізгілік жерін әспеттеп, арықтар мен ағын сулар өткізіп, көптеген фонтандар жасап, және көлкөсір пайдалы істер жасаған. Және міне олардың алдында бар ұлы даңқы және салтанаты мен су мен талдардың язатасақтаушылары тұрып, оларға бата беріп, мадақ айтып, құт жаудырған. Және олардың рахаты зор еді.
16. Ал сонымен бірге мен ұлы қуанышпен ең үздік тақытта қадірлі ұстаздар мен оқытушылардың жандарын көрдім. Және мен қанағат сезімде болдым.
18. Және мен бітістіруші және бейбітшілік сүйгіштердің жандарын көрдім, және олардың нұры сондай, Күн Ай мен жұлдыздардан да басым; және мәңгілікке оларға көк нұры тарту етілген.
21. Және мен арта ізгілігінің ғажайып әлемін көрдім, ал ол дегеніміз кеңістіктің аса даңқтты нұры. Ол свежий базиликтің хош иісіне толы, және ол әсем де, барлық жағынан ғажап та, және салтанатты да, және даңққа толы да (фарр), сансыз қуанышқа һәм кез келген ойлап табуға болатын рахатқа толы да, және онымен тояттанып біту мүмкін емес.

16 фаргард
1. Сосын Срош ізгі және Адар, періште, мені қолдарымнан жетектеп, мен әрі қарай жүрдім. Және келіп, мен құбыжық тозақ іспетті, ұлы һәм көңілсіз өзенді көрдім, және ол өзеннің бойында көптеген жандар мен сақтаушыперіштелер топталып тұрды; олардың кейбіреуі өзеннен мүлде жүзіп өте алмады, ал өзгелері ұлы қиналыспен өтті, ал үшіншілері опоңай кесіп өтіп жатты.
5. Және мен сауал қойдым: «Бұл не өзен? Және мынау өзен бойында қауқарсыз күйде тұрған адамдар кімдер?»
6. Срош ізгі мен Адар язата былай деп жауап берді: «Бұл марқұмдарды азалап өкіріп жылағанда адамдар көзінен ағатын көз жасы өзені. Бірақ олар бекер жас төккен, енді бұл көз жастары ағылып, қайғы өзеніне айналған. Ал өзеннен өте алмай тұрғандар, туысқандары олардың қайтқанынан кейін көп өкіріп жылағандар, ал өзенді азкем қиналыспен өткендердің жақындары көп жыламаған. Сен тірілерге мынаны айтып бар: «Тірілер әлемінде өлгенге өкіріп жыламаңдар, және бекерден бекер һәм орынсыз жыламаңдар; өйткені сонша зиян әкелесіңдер ғой, және сіздердің марқұмдарыңыздың жаны кейін сонша қиналуы мүмкін ғой».
17 фаргард
1. және мен қайтадан чинвад көпіріне оралдым. Және мен сорлы күнәһардың жанын көрдім. Және осы үш түнде бұл жанға мен өмірімде көрмеген көптеген қатер мен зұлымдықтар ашылады екен. Және мен ізгі Срош пен язата Адардан сұрадым: «Бұл кімнің жаны?»
4. Срош ізгі мен Адар язата былай деді: «Бұл күнәһар жан. ол өлім төсегінің жанында айнасоқтап жүре береді, ал күнәһар өлгенде, ол өмір ұшып кететін орында тұрады, және ол күнәһар басында тұрып ол Гатаның мынандай сөздерін мырыңдайды: «Уа, Ормазд, жаратушы! Мен қай жаққа барайын енді? Менің соңғы орным қайда болмақ?» Және адам үлесі алаңдаушылық пен қатерге толы тірілер әлемінде қаншама бақытсыздық болса, онымен де бұл түні соншама қатер мен қиналыс болады».
10. Ал сосын оған қарсы дымқыл һәм сасық иісті жел жүйткиді. Және жанға былай естіледі: Міне, ол теріскей жақтан, дәулер елінің өзінен жүйткіп келді. Тірі кезінде ол мұндай сасық желді, тіпті елестете алмас еді, осы жел ішінде оған өзінің иманы, және өз істері келіп, жалаңаш және өлімтік, кетік һәм қисық аяқ, әбден сарсылған және күбірткі мен бездерге толы, және ең оңбаған зиянды жанға [кхрафштар] ұқсас, және ең жиіркенішті, және ең мүңкіген азғын жезөкше түрінде көрінеді.
13. Және күнаһар жан былай сұрайды: «Сонда бұ кім, Ормазд пен Ахриманның жаратқандарының арасында мұнан жиіркенішті, ұсқынсыз, сасық ештеңе көрген емеспін?»
14. Ал ол өкіріп жылап мінегендей боп жауап қатады: «Мен сенің жаман істеріңмін, уа, жаман ой, жаман іс, жаман иманның Жастығы! Және сенің өз ерніңмен, және сенің өз істеріңнің қайтарымы ретінде мен саған осынша жиіркенішті және ұсқынсыз, құбыжық һәм ауру, іріңдеген және іріңдеп сүңкіген, осынша бейшара және азған қалпымда көз алдыңда тұрмын. Сен көріа едің ғой қалай адамдар біреулері Язишн және Дрон рәсімдерін жасап, Тәңіріні мадақтап, оған қызмет еткенін. Және олар суды да, отты да, малды да, ағашты да және өзге де ізгі нәрселерді сақтап, қорғаған. Ал сен болсаң Ахриман мен дәулердің еркімен жүріп, азғын қылықтар жасадың. Және сен көріа едің ғой адамдардың қалай қанақжайлық борыгын атқаратынын, сый мен рахымға еш қайтарымсыз бөлейтінін және ешқашанда жақсы мен қасиетті деп ол мейлі, жақын, немесе, алыс болсын, көмек аямайтынан. Ал сен болсаң сараңдық пен кісәпірлікке берілдің және пейіліңнің тарлығы сонша, олардың алдында есігіңді жауып қоятынсын. Және саған албасты боп көрінсем, мен саған байланысты болдым ғой, және мен ұсқынсыз болсам, бұл ұсқынсыздық сенен келді маған. Мен осы арада қорлықтан дірілдеп тұрсам, сен емес пе мені қауқарсыз қылған. Және менің орным дәулердің теріскей жағында болғаны, мені шеткі теріскей жаққа да лақтырған сен. Және мұның бәрі сенің арам ойларың, арам сөздерің, арам істерің арқылы. Және олардан енді маған көптеген уақытқа қарғыс жауады, және мен аластатылғанмын, және мен Зұлымдық рухына һәм зиянды тірлікке лақтырылғанмын».
27. Осы сөздерді өкіріп айтып, күнәһардың жаны бірінші қадамын Дузш хуматқа (арам ойлар), екінші қадамын Дузш хухтқа (арам сөздер) және үшінші қадамын Дузш хувартқа (арам істер) басады; және төртінші қадамында ол тозаққа тоңқалаң асады.

18 фаргард
1. Содан соң Срош ізгі мен язата Адар, періште, мені, шыдамым таусылмас үшін қолдарымнан алды. Және жүре бастап көргенім бұрын менің құлағыма да естілмеген, көзіме де көрінбеген аяздың да, аптаптың да, сараңдықтың да, сасықтың да ең ұлысы. Мен тағы бір қадам жасадым, сөйтсем, менің алдымда тозақтың ашқарақ жағы ашылды, және ол құбыжық шатқалдай, және ол бүріскен тесіктің ең тарына құлаған ойықтай, және мұнда қорқыныш мекені жасырынған; және мұнда қаратүнек һәм көңілсіздік, және ешкім саған қол созбайды, мүңкіген иістен қолқа қабысатындай, ауа жұтсаң болды тыпырлап, бүкіл бойың дірілдеп, төмен құлайсың, және осы қиналыс себепті еш үміт жоқ, және мұнда тірліктің барлық түрі үмітсіз; және әрбіреу былай ойлайды: «Мен жалғызбын…»; және үш күн үш түн өтпейжатып, ол айғай салады: «Міне, ұшы қиыры жоқ тоғыз мың жыл өтсе де, әлі бір құтылу жоқ. Және мұндай қайда қарасаң да, зиянды жандардың ең құртақаны таудай көрініп, жылжып келе жатады, және олардың бар ынтасымен күнаһар жандарды талайтыны, умаждайтыны, келеке қылып, қорлайтыны сонша, бүйтіп, тіпте, иттке қатысты қылық жасау ұят. Бірақ мен рухым жасымай сол жаққа кірдім, себебі менің қасымда Срош ізгі, әсем өсірілген, жеңімпаз даңққа толы, және Адар язата бар еді.
19 фаргард
1. Cөйтіп, жан жағыма қарап келе жатсам, бір адамның жанын көрдім, ал оның құйрығының тесігінен бөренедей жылан ішіне кіріпті, сөйтіп, оны тігінен тесіп шығып, аузынан шығып атыр екен, сөйтіп, өзге мақұлақтарда оның мүшелеріне оралып, құжынап, оны азаптап жатыр екен.
4. Сөйтіп, мен Срош, ізгіден, және Адар, язатадан, сұрадым: «Бұл пенденің қандай күнәсі бар еді, оның жанын осынша азапқа салатындай?»
6. Срош ізгі мен Адар язата былай деді: «Бұл расында да күнәһар адамның жаны, ана дүниеде ол жиіркенішті содомия күнәсін жасап, өзге еркекке өзінің денесіне кіруге рұқсат берген, міне, осы себепті, ол тіл жетпейтін азапқа тартылуда».

20 фаргард
1. Одан әрі барып, әйел жанын көрдім. Оған кесекесе қылып еркектің нәжісі мен жиіркенішті сұйығын ішкізіп жатыр екен.
3. Сөйтіп, мен сұрадым: «Бұл пенденің күнасы қандай, оны сонша қатал азаптайтындай?»
4. Срош, ізгі, мен, Адар, язата, жауап қатты: «Бұл бір күнәһар әйелдің жаны, ол өзөзін ұстамаған және заң нұсқаулары бойынша тәртіпте болмаған, ол етек кірі аққан уақытында су мен отқа жақындаған (және ол арқылы суды да, отты да былғаған).

21 фаргард
1. Сөйтіп, мен еркектің жанын көрдім, жынперінің арам ниетімен оның бас терісі гүмпиіп, ісіп кеткен екен, және олар оны аямай азаптады.
3. Сөйтіа, мен айқайладым: «Бұл дене қандай күнә жасаған, егер оның жаны сонша қатыгез азапталса?»
4. Срош ізгі және Адар, періште, былай деді: «Бұл күнәһар адамның жаны, себебі тірілер әлемінде ол ізгі адамды ақиқат жолынан тайдырған».
22 фаргард
1. Сөйтіп, мен тағы бір еркектің жанын көрдім, және жын перілер оның көмейіне нәжіс және әйелдің етек кірін ағызған, және ол өзінің тәнінен тән болып туған, мүшелері жарасымды һәм үйлесімді ұлын қуырып жеп отыр екен.
4. Сөйтіп, мен сұрадым: «Бұл пенде қандай күнәға батқан, егер оның жаны шыдауға бей мүмкін азапқа шыдап жатса?»
5. Срош ізгі және Адар, періште, былай деп жауап қатты: «Бұл жанның иесі тірі кезінде әйелмен жыныстық қатынас жасаған, ал ол кезде оның етеккірі аққан, және бұл әрдайым 15 танапфур күнәдан аз емес».

23 фаргард
1. Сөйтіп, әрі басып, мен осында аштық пен шөлден қиналған адамның жанын көрдім, ол «Өлдім! Өлдім!» деп айқайлап жатты. . Содан ол басындағы шашын жұлып, сақалының пәрепәресін шығарып, содан өзінің қанын жұтқан, содан оның аузынан көбік аққан.
4. Содан мен сауал қойдым: «Бұл пенде қай мөлшерде күнә жасаған, егер оның жаны сонша қатыгез азапталса?»
5. Срош ізгі мен Адар язата былай деді: «Бұл күнәһардың жаны, ал ол тірілер әлемінде жеген наны үшін рақмет айтпаған; ол заңды бұзып, Хордад және Амурдад амахраспандтардың суы мен жемісін ашқарақтана жеген және тұтынған, содан осы күнәсі арқылы Яштты оқымаған; міне, ол Хордадтың суы мен Амурдадтың жемісін өстіп кемсіткен; содан бұл жан осы күнәсі үшін шексіз азап пен жазаға кесілген».
24 фаргард
1. Сөйтіп мен тағы бір әйелдің жанын көрдім, ал ол болса емшектерінен тозаққа ілінген екен; және көп зиянда жандар (храфстр) оның денесінде құжынап жатыр екен.
4. Сөйткесін, мен былай сұрадым: «Бұл пенде қандай күнә жасаған оның жанын сонша қатты жазаға тартатындай?»
5. Срош, ізгі, және, Адар, язата, төмендегідей деді: «Бұл бір күнәһар әйелдің жаны, ал ол жәлеп болатын; тірілер әлемінде ол өз күйеуінен безген, және құмарға түсіп, өз денесін өзге еркектерге берген, сөйтіп, көзге шөп салу күнәсына ұрынған.

25 фаргард
1. Содан мен тағы бірнеше еркек пен әйелдің жандарын көрдім, алардың аяғын, мойнын және денесінің орта тұсын зиянды мақұлықтар (храфстр) талап, сүйектерін мүшелеп, бөлшектеп жатыр екен.
3. Содан мен былай сұрадым: «Бұл пенделер қандай нәрсеге кінәлі, егер олардың жандарын осынша қатыгез азаптаса?»
4. Срош ізгі мен Адар язата былай деді: «Бұл тірілер әлемінде жалаңаяқ һәм жалаңаш жүрген, өз аяқтарына сиіп, өзге де жиіркенішті қылық жасағандардың жандары».
26 фаргард
1. Содан мен тағы бір әйелдің жанын көрдім: оның тілі аузынан салбырап, мойнына дейін салақтап тұр екен, ал өзі әуеде ілулі тұрған күйі қатып қапты.
3. Содан мен сұрадым: «Бұл пенде қандай күнә жасады, оның жанын осынша қатал азаптайтындпй?»
4. Срош ізгі мен Адар язата былай деді: «Бұл тірілер әлемінде өз күйеімен иесіне жиіркенішпен қараған әйелдің жаны, ол оған қарғыс айтқан, келеке еткен, жаппай ұрысқан және менсінбеген».
27 фаргард
1. Содан мен еркек жанын көрдім, ал жынперілер оны шаңтозаңды астық өлшемімен, ал күлді шарап өлшемімен өлшетіп, және осының бәрін жеуге мәжбүр еткен.
3. Содан мен сұрадым: «Бұл пенде қандай күнә жасаған, егер оның жаны осынша қатаң жазаланса?»
4. Срош ізгі мен Адар язата былай деді: «Бұл тірілер әлемінде нан, су, салмақ, немесе, ұзындық өлшемінің әділ нұсқаларын бұзған күнәһардың жаны. Және ол су мен шарапты араластырған, және дәнге құм қосқан, ал осының бәрін жұртқа қымбат бағамен сатқан, және ол алаяқтық жасаған, және ізгі адамдардың жеке меншігін талап еткен».
28 фаргард
1. Содан мен еркектің жанын көрдім, ал ол (тіреусіз) әуеде қатып қапты, ал елу жынпері қолдарына жындысүрей жыландарды алып, оны алдынан да, артынан да екіленіп сабап жатты.
3. Содан мен былай деп сұрадым: «Бұл пенде қандай күнә жасаған, егер оның жаны осынша қатты жазаланса?»
4. Срош ізгі мен Адар язата былай деді: «Бұл тірілер әлемінде оңбаған патша болған күнәһа еркектің жаны, бұл еркектердің арасындағы ең қатыгез һәм талқандатқыш еді, және ол хайуандық пен азаптың көптеген түрін қолданғанына кінәлі.
29 фаргард
1. Содан мен тағы бір еркектің жанын көрдім. Оның тілі аузының бір жағынан салақтап тұр екен, және тілді зиянды мақұлықтар жырымдап, кеміріп атыр екен.
3. Содан мен былай деп сұрадым: «Бұл пенде қандай күнә жасаған, егер оның жаны осынша қатты жазаланса?»
4. Срош ізгі мен Адар язата былай деді: «бұл тірі кезінде өтірік күйе жағушы болған адамның жаны, және ол бәле ойлап, адамдарды бір бірімен шекістірген; және міне, оның жаны ақыр аяғында оңбас тірлікке (тозаққа) лақтырылған.
30 фаргард
1. Содан мен тағы бір еркектің жанын көрдім. Оның барлық мүшелерін сындырып, бір бірінен бөліп қойған екен.
3. Содан мен былай деп сұрадым: «Бұл пенде қандай күнә жасаған, егер оның жаны осынша қатты жазаланса?»
4. Срош ізгі мен Адар язата былай деді: «Бұл тәртіпті бұзып малды да, қойды да, және өзге төртаяқтыларды да қалай болса солай соя бергеннің жаны».
31 фаргард
1. Содан мен тағы бір еркектің жанын көрдім, және оны басын аяғына шейін іліп, керіп қойған екен. Және мыңдаған жынпері теуіп, ұрып, екіленіп һәм үлкен қатыгездікпен азаптап жатыр екен
4. Содан мен былай деп сұрадым: «Бұл пенде қандай күнә жасаған, егер оның жаны осынша қатты жазаланса?»

5. Срош ізгі мен Адар язата былай деді: «Бұл оңбаған сараңның жаны, ол әлемде көптеген байлық жиған, бірақ, өзі де тұтынбай, өзгемен де бөліспей, және ізгілерге ешбір бөлігін бермей жата берген».
32 фаргард
1. Содан мен тағы бір адамның жанын көрдім. Ол ізгі істерден қашатын, және жынперілер оны Дауана (Екіжүзді) дейтін, және оның өне бойын улы мақұлықтар талап жатыр екен, бірақ оң аяғы аман қалыпты.
3. Содан мен былай деп сұрадым: «Бұл пенде қандай күнә жасаған?»
4. Срош ізгі мен Адар язата былай деді: «Бұл жалқау дауананың жаны, тірі кезінде ол кез келген ізгі істен қашатын; әйтсе де, бір күні оның оң аяғы арбаға жегілген өгізге бір үзім пішен теуіп жіберіпті».
33 фаргард
1. Содан мен тағы бір адамның жанын көрдім, оның тілін құрт жеп жатыр екен.
3. Содан мен былай деп сұрадым: «Бұл дене не үшін кінәлі?»
4. Срош ізгі мен Адар язата былай деді: «Бұл күнәһар адамның жаны, ана дүниеде ол өтірік айтқан, ал мұнда пенделердің көптеген түрде жасаған бақытсыздықтар мен әділетсіздіктердің себебін жасырған».
34 фаргард
1. Содан мен әйелдің жанын көрдім, оның денесін зиянды мақұлықтар (храфстр) кеміріп жатыр екен.
3. Содан мен былай деп сұрадым: «Бұл пенде қандай күнә жасады?»
4. Срош ізгі мен Адар язата былай деді: «Бұл күнәһар әйелдің жаны, ол тірі кезінде отқа еңкейіп самай шашымен шашын тараған; сөйтіп ол басындағы шашын да, қайызғағын да, және денесіндегі түгін де отқа түсіріп алған, және ол отты астына әкелген, және байқаусызда отқа жақындаған».
35 фаргард
1. Содан мен тағы бір әйелдің жанын көрдім, және ол өз мүрдесін өзі кеміріп, жеп жатты.
3. Содан мен былай деп сұрадым: «Бұл кімнің жаны?»
4. Срош ізгі мен Адар язата былай деді: Бұл күнәһар әйелдің жаны, ал тірі кезінде ол жезөкшелікпен айналысқан».
36 фаргард
1. содан мен тағы бір еркектің жанын көрдім, ал түрі оның тіктеп қойылған жыланға ұқсас екен, ал басы оның адам басындай, ал денесі жыланның денесіндей.
4. Содан мен сұрадым: «Бұл дене қандай күнәға кінәлі?»
5. Срош ізгі мен Адар язата былай деді: «Бұл кнәһардың жаны тірі кезінде ол зороастр дінінен бас тартқан, міне, енді тозаққа лақтырылып, ехидна (жыланадам) кейпінде тұр».
37 фаргард
1. Содан мен кейбір еркектер мен кейбір әйелдер жандарын көрдім, оларды аяғынан іліп, басын жерге салбыратып қайған екен; ал ехидна мен скорпийлар, және өзге улы мақұлықтар олардың денесін шағуда.
4. Содан мен былай деп сұрадым: «Бұл қай адамдардың жандары?»
5. Срош ізгі мен Адар язата былай деді: «Бұл ана дүниеде су мен отты сақтамаған, оларға қамқорлық жасамаған адамдардың жандары, сол себепті ол суға да, отқа да зиян келтірген, және олар киелі отты әдейі өшірген».
38 фаргард
1. Және мен еркектің жанын көрдім, ал олар оған өлексенің және қан мен балшыққа былғанған өлі адамның етінен, және өзге де сасық иісті былғаныштан һәм мүңкіген хайуандар өлексесінен жегізіп жатыр екен.
3. Және мен сұрадым: Бұл тән қандай күнә жасады?
4. Срош ізгі мен Адар язата былай деді: Бұл бір күнәһардың жаны, тірі кезінде ол су мен отқа өзінің және өзгедердің нәжісін және өлексенің етін әкелген; және жалғыздан жалғыз ылғи өлексе апарып тұрған.; және осындай нәрсемен айналысып, ол тазару рәсімін жасамаған.
39 фаргард
1. Және мен адам терісі мен етін кемірген бір пенденің жанын көрдім.
3. Және мен сұрадым: Бұл кімнің жаны?
4. Срош ізгі мен Адар язата былай деді: Бұл ана дүниеде қызметкерлерінің төлем ақысын өз қалтасына басып, және жолдасының үлесін жасырған күнәһар еркектің жаны; осыған байланысты бұл жан қатаң жазаға кесілген.
40 фаргард
1. Және мен арқасында тау арқалаған еркектің жанын көрдім; және ол қар бораған, қақаған аязды арқасындағы тауымен тұр.
4. Және мен сұрадым: Бұл тән қандай күнәға кінәлі?
5. Срош ізгі мен Адар язата былай деді: Бұл ана дүниеде адамдарды өтірік, және оларды қорлайтын, дөрекі сөздермен ғайбаттаған күнәһар еркектің жаны; және, міне, енді оның жаны осындай жазаға және мұздай аязға кесілген.
41 фаргард
1. Және мен еркектің жанын көрдім, ал олар оны ұрып нәжіс һәм өлексе һәм балшық жегізді, ал оның арасында дүлейлер (друдж) оны аямай таспен ұрып және балтамен шапты.
4. Және мен былай сұрадым: Бұл дене қандай күнә жасады, осынша қатаң жазаға душар болатындай?
5. Срош ізгі мен Адар язата былай деді: Бұл адамы көп ыстық моншада қызмет еткен оңбаған еркектің жаны, және ол олардың денелерінің былғаныш бөлшектерін және өлексені суға, отқа және жерге тастаған; сол себепті ізгі моншаға кіріп, одан друванд болып, былғанып шыққан.
42 фаргард
1. Және мен тепкі астында өкіріп жылап, қайғыдан аһ ұрған бірнеше адамның жандарын көрдім.
3. Және мен сұрадым: Бұл қандай адамдар?
5. Срош ізгі мен Адар язата былай деді: Бұл әкелерінің мүшесі шешелерінің мүшесіне кірген адамдардың жандары; ал балдары туғанда әкелері оларды мойындамаған; және, міне енді олар әкелеріне опынып отыр.
43 фаргард
1. Және мен балалары аяғына жабысып өкіріп жылаған еркектің жанын көрдім, ал дәулер және иттер оның аяқтарын ырылдап талап жатты.
Және мен былай сұрадым: Бұл дене қандай күнә жасады, оны жаны осынша қатаң жазаланатындай?
Срош ізгі мен Адар язата былай деді: Бұл ана дүниеде балдарынан бас тартқан күнәһар еркектің жаны.
44 фаргард
1. Және мен төбені өз емшектерімен қазған әйелдің жанын көрдім; және оның басына диірменнің дөңгелегі кигізілген екен, және ол бөрікке ұқсас еді.
4. Және мен сұрадым: Бұл дене қандай күнә жасады, оны осынша қатаң қинайтындай?
5. Срош ізгі мен Адар язата былай деді: Бұл бір күнәһар әйелдің жаны, ана дүниеде ол өзінің жаңа туған нәрестесін өлтіріп, өлігін лақтырған.
45 фаргард
…анттан аттаған; ізгілердің дүниесін тартып алып, оңбағандарға берген.
46 фаргард
…Бұл күнәһардың жаны, ана дүниеде ол байлығын ар аттап жинаған, және оны өзгелердің жеке меншігінен ұрлап алған; және барлық өз байлығын қастарына мұра еткен, әйтсе де тек осы үшін ғана оны тозақ тосып тұр.
47 фаргард
…Бұл ана дүниеде діннен безген және ұятсыз кәпір болған адамдардың жандары; және олар адам рухын ойран қылған, және оны ең негізгі, адал дін жолынан тайдырған және зұлымдық заңына апарған.

48 фаргард
…ол қойшының иті (бөрібасарды) тамақтандырмаған және үй иесі итіне (қанденге) бір үзім лақтырмаған; немесе, оларды ұрған, немесе, оларды өлтірген.
50 фаргард
өзіне тасып, өзгелердің межелік тастарын ұрлаған және оларды өзінікі ретінде орнатқан.
51 фаргард
…Адаммен келісім жасағанда жалған сөйлеген.
52 фаргард
…жиі өзінің уәдесін орындамаған, және ізгілермен де, ізгі еместермен де келісімін бұзған; бірақ ол тура жолдымен, немесе өтірікшімен жасалса да, екі жағдайда да келісім бұзылуға тиісті емес.
53 фаргард
1. Содан Срош ізгі және Адар язата мені қолдарымнан алып, Чинвад көпірінің астындағы ЧакадиДайтикке, шөлге апарды; және жердегі осы шөл ортасында, Чинвад көпірінің астында маған тозақ көрінді.
4. Ол жақтан Ахриманның және жынперінің оспадарсыз ақыруы естілді, сансыз күнәһар жандарының өкіруі мен азапты айқайы бұл қиналыс мекенін басына көтергендей еді, және мен бұлар гуіл мен жылаудан селкілдеген жердің жеті кишварын ойран ете ме деп қорқып кеттім. Және мен Срош ізгіге және Адар, от рухына қарап, жалбарындым: «Уа, мені онда апармаңдар, бірақ кері қайтарыңдар».
8. Содан Срош ізгі, және Адап, періште, маған былай деді: «Қорқуыңды бас. Себебі кез келген қатер сенен аттап кетеді».
10. Сөйтіп Срош ізгі және Адап періште алға шықты да, олардың артынан мен, көңлім күпті, Арта Вираз, ердім, және сөйтіп біз қаратүнек тозаққа ендік.
54 фаргард
1. Содан мен тасқараңғы және ең қаратүнек, және өлшемсіз зиянды, және сұмдық, және адам шыдауға мүмкін емес, қиналуға және азапқа толы, және зиян әкелуші, және жиіркенішті мүңкіген тозаққа кірдім. Содан, әрі қарап, мен алдымда Жаһаннам тұрғанын түсіндім, және оның тұңғиығы өлшемсіз тереңдікке құлдырайды, және ол мың білек тереңдіктен терең, және сен тозақтың мүңкіген һәм түнерген алауына әлемдегі барлық сәмбі талдарды тастасаң да, барлық сасығын өртеп жіберу мүмкін емес; және тағы да және өте жақын арада тіпте, құлақ пен көз арасындай, және соншама тығыз, биенің тұлымындағы қылдардай, және көптігі сансыз, және беймүмкін тарлықта, мұнда күнәһар жандары бір біріне тығылған, бірақ олар бір бірін көрмейді және біреуінен шыққан дыбыс өзгесіне еш естілмейді; және әрбіреуі ойлайды: «Мен жалғызбын» деп. Және мұның бәрі де солар үшін: қара түнектің тас қараңғы түнеруі де, және мұның бәрі де солар үшін: мүңкіген сасық иіс те, және мұның бәрі де солар үшін: сансыз қинаудың таусылмас азабы да, және бұл тозақтың барлық азары да солар үшін, және тозақта бірақ күн болған адамның өзі өкіріп, айғай салады: «Бізді осы тозақтан босатуға тиіс тоғыз мың жыл қалай өтпеген?!»

55 фаргард
1. Содан мен тағы бір күнәһарлардың жандарын көрдім, ал олар осы сұмдық және қаратүнек қайғы мекенінде құрып кетіп, қинау мен азапқа тартылған, және олар ұшыраған ойға симас азаптың ішінде боран да, қақаған аяз да, қыздырынған қыш кітаптың аптабы да, мүңкіген сасық иіс те, тас та, күл де, бұршақ та, жауын да және көптеген өзге зұлымдықтар да бар еді.
2. Содан мен сұрадым: «Бұл денелер қандай күнә жасаған, олардың жандарын осынша қатал жазалайтындай?»
3. Срош ізгі мен Адар язата былай деді: Бұл ана дүниеде көптеген кешірілмес күнә жасаған ұятсыз адамдардың жандары, олар киелі Вархаран отын да шашып тастаған, буырқанған өзеннен өтетін көпірді де құртқан, және есебі жоқ жалған және ұятсыз әңгімелерді айтқан, ал көптеген ұятсыз өсекті олар растаған. Ал олардың құмары бұзықтық; және олардың ашқарақтығынан, және олардың тойымсыздығынан, және олардың нәпсіқұмарлығынан, және олардың ашуы мен қызғанышынан бейкүнә және тура жолды адам алданып қалған; Және олар орасан зұлымдықпен қылмыс жасаған. Осы себепті олардың жандары қатаң азапталуға тиіс.
56 фаргард
1. Және мен тағы жандарды көрдім, оларды өздеріне оратылған ехидналар шағып жатыр екен.
2. Және мен сұрадым: Бұл кімнің жандары?
3. Срош ізгі мен Адар язата былай деді: Бұл ана дүниеде Тәңірі мен киелі дінді алдаған күнәһарлардың жандары.
57 фаргард
…Бұл ана дүниеде көп шағынып, көз жасын ағызып, өзі өздерін басы мен бетіне сабалаған әйелдердің жандары.
58 фаргард
…Бұл ана дүниеде басы мен бетін, және лас қолдарын һәм өзге де ластанған мүшелерін үлкен ағынсыз суларда, және фонтандар мен өзендерде жиі жуған және сонысымен Хордад амахраспандты қайғыға түсірген күнәһар еркектің жаны.
59-99 фаргардтарды жіберіп отырмын. Онда арсыз адамдардың сұмдық тағдырлары туралы баяндалады. Мысалы, вагинасына кірпі кіріпшығатын әйел туралы. Зороастризм дінінде кірпі бір мезетте Күнге қатысы бар ізгі және албасты дәулер туындысы саналады. Онда албасты дәулер туындысы байғыз туралы да, және арта сақтаушы байғыз туралы да айтылады. Өз блазығын босқа ағызатын адамға арналған жаза туралы суреттеледі, және өзге де иезуиттер, немесе, Босх стилистикасындағы, немесе, одан да сұмдық нәрселер туралы баяндалады. Бір сөзбен айтқанда, бұлардың бәрі имандыға, немесе, иманы күмәнді азғынға арналған.
100 фаргард
1. Содан соң мен иманы зұлымдық болған, әлемді күйретуші, Зұлым дәуді көрдім, және ол тозақтағы күнәһарларды келеке етіп, ұрысып, оларды былай деп мінеген: «Сонымен сендер неге Ормаздың нанын жеп, менің жұмысымды істедіңдер? Және сендер неге ойларыңды өз Жаратушыңа арнамай, менің еркіме бағындыңдар?» Ол өстіп кекетіп-мұқатып, күнәһарларға ақырған.
101 фаргард
1. Содан соң Срош тақуа мен Адар язата маған қолдарын беріп, бұл түнерген, сұмдық, қорқынышты орыннан алып кетті, және мені шексіз жарыққа, Ормазд пен амахраспандтар жиынына алып келді.
4. Және мені Ормаздқа деген дәріптеу сезімі кернеді. Және Ормазд кең пейілімен былай деді: Сен, үздік ғибадаткер, дастур, тақуа Арда Вираз, маздаяснашылардың елшісі, жанды әлемге бар да, барлық көрген түйгеніңнің шынын айт. Мен, Ормазд, ылғи да сенімен боламын, және жөнді сөзді һәм шыншыл әрбіреуді құрметтеймін және олар туралы білемін; міне, осыны хикметтілерге айтып бар.
10.Және Ормазд осылай сөйлегенде, мен аңтаң болып тұрып қалдым, және көздерім менің жарыққа толды, бірақ мен ештеңе көрмедім. Әйтсе де, дауысын тыңдап, менің көзім ашылды: Расында да, бұл сол, Ормазд.
13.Және ол дадар (Жаратушы) Ормазд барлық әулиелер ішіндегі ең жомарты тағы бүй деді: Әлемнің маздаяснашыларына, Арда Вираз, айтып бар: Ізгіліктіғң бір ақ жолы бар — нағыз дін жолы, ал өзге жолдар жол емес. Сол себепті жалғыз жолмен, ізгілік жолымен жүріңдер, және байбатшалыққа да, қатерге де, басқа өзге жолға да бұрылмаңдар, және ізгі ой ғана ойлаңдар, және ізгі сөз айтыңдар, және ізгі істер жасаңдар, және бұл дінді тазалықта сақтаңдар, Спитаман Зардішт оны менен алып еді ғой, және барлық дүниеде оны Виштаспамен бірге орнықтырды, тура жол заңына бағыныңдар, бірақ жалғандықтан қашыңдар. Куәлік етемін: мал да топырақ, жылқы да топырақ, алтын мен күміс те топырақ, және адамның денесі де бар болғаны топырақ қана; және тірілер әлемінде тек ізгілікті ғана мадақтайтын топыраққа айналмайды, және борышқа толы, және ізгілік үшін игі истер жасаған. Сен, расында да, Арда Вираз, мінсізсің, ендеше саған батамды бердім. Себебі, сенің тазалық һәм тазару жоралғыларын ұстанып орындайтыныңды, және сенің барлық ережелерді адал орындағаныңды, және сенің Тәңіріні есте сақтап тазару мен рәсімдерді тиісті түрде жасағаныңды білемін.
26.Және мен Сөзді ұғындым. Және Жаратушы Ормаздтың алдында белімді бүге еңкейіп тағзым еттім.
27.Және, міне, Срош тақуа мені мына кілемдер төселген орынға салтанатты һәм өжет түрде шығарып салды.
28.Ендеше маздаяснашылардың ізгі дінінің даңқы арта берсін!
Амансаулықта, қуанышта және тыныштықта бітірілді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *