Өзіміз алтында отырып, біреудің мысына қызығатын халықпыз. Танымал қолөнерші, үздік бүркітші Әбдікәрім Қошқаровпен сұхбат

Әбдікәрім Қошқаров қазіргі Қазақстанда қазақтың дәстүрлі өнерін қайта жандандырушы көрнекті тұлға. Ол – үздік бүркітші, атбегі, т азы баптаушы, саусағынан май тамған қол өнерінің шебері. Және осының бәрін ол Кеңес Одағы дәуірінің соңғы ширегінде бастап, әсіресе, еліміз егемендік алған алғашқы жылдарында ерекше еңбек сіңірген. Көкшоқыдағы «Шеберлер ауылының» бас ұйымдстырушысы болған. Сол кездегі алғашқы шеберлердің бірі боп елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың қабылдауында болып, оған сабы тау текенің мүйізінен жасалған қамшы сыйлаған. Сол кездің өзінде қазақ жастарының жарқын тұлғасына айналған Иманғали Тасмағамбетовтың қасында жүріп, оған қазақ қолөнерінің коллекциясын жинауға көмектескен. Кейін Атырау обылыстық өлкетану музейінде директордың орынбасары болған. Қазақ бүркітшілерінің өзіндік төл мектебін қалыптастырған.

Түрлі кезеңдерде Өзбекәлі Жәнібеков, Қырымбек Көшербаев сияқты басшылардың алдарында шеберлер ауылының мүддесін қорғап, оның қалыптасып, аяққа тұруына зор ықпал еткен.

Алайда, соңғы кезде сөйткен тұлғамыз теледидардан да, баспасөз бетінен де онша көрінбей кетті.

Атағы өнерімен де және кейбір кедір-бұдыр мінезімен де шыққан осы кісі қазір қандай халде екен деп, іздеп ауылына келдік. Келсек, шеберіміз өз үйінің ауласында ағаштан бірнәрсе ойып отыр екен. Біз жұмысын бөлмей бірден әңгімеге кірісіп кеттік.



image002

  • Әбеке, қонысыңыз жайлы, өзіңіз жұмыс үстінде отыр екенсіз, шамалы салмақ түсірсекте, біз Сіздің мазаңызды алуға келдік. Мен Қазақстан халықтарының мәдениетін қорғау жөніндегі «Алтын ғасыр» бірлестігінің президенті Әуезхан Қодармын. Біздің бірлестік биыл, Қазақстан тәуелсіздігінің 20-жылдығына арналған Мәдениет министрлігінің конкурсына қатысып, грант ұтып алдық. Соған байланысты «Замандаспен сұхбат» деген кітап шығаруымыз керек. Мақсатымыз елімізде тәуелсіздігіміздің ширек ғасырында пайда болған жаңа құбылыстарды, ірі тұлғаларды көрсету, олар өнерімізге, мәдениетімізге қандай үлес қосты, қай салада, қандай қасиетімен дараланды, соны замандастың өз сөзімен айтып беру. Өзіңіз белгілі, бәрімізге қымбат тұлғасыз, сондықтан Сізге осындай мақсатпен келдік. Интервью беруге келіскеніңіз үшін рахмет.
  • Мына хан қараға жақындаса дейді халық, ақын, жазушы шеберге жақындаса, өнерге жаны ашыған болады дейді. Сіз сол өнерге жан ашып жүрген сияқтысыз, бірақ сол адреске келдіңіз бе соған күмәнім бар, өйткені, атақ, дипломы бар, біз енді бер жағында жүргенбіз ғой әйтеуір, көлеңкеде жүргендердің біріміз дегендей.

  • Кішіпейілділік әрине сүйкімді нәрсе, бірақ өнерлі адам өнерін жасыра алмайды ғой. Мына жасап атырған жұмысыңыздан байқап отырмын бәрін. Сондықтан орынды, дұрыс адамға келдік деп санаймын. Сіз кезінде, тоқсаныншы жылдары сол кезде пайда болған қазақ қолөнершілерін топтастырған Шеберлер ауылын ашуға ұйытқы болдыңыз. Әңгімемізді осыдан бастасақ.
  • Енді оған да жиырма жыл өтті ғой. Жалпы, одан да бұрынғы кезеңге тоқталуымыз керек. Өйткені, 1988 жылы ең бірінші «Мирас» ашылды. Шоқпаров, Қалқаман, Тілепхан соны бастаған. Мен өзім, бұл өнерге Құдай тағала өзі айдап әкеледі ғой, 1988 жылы ашылды дегесін, мен Ақтөбеден бір ертұрман керек боп келсем, жасап берем, бір жарым айдан кейін қайтып кел деді. Айтқан уақытында бір жарым мың ақшамен келдім, ол кезде біраз ақша емес пе? Сөйтсем, ері ұнамады енді, ұнамағаннан кейін, марқұм Дәркембай Шоқпаров бар, сосын Қалқаман бар, екеуі де марқұм болды қазір. Солар маған Қалай деді, ұнамай тұр дедім. Онда өзің істе деді. Сосын жарайды деп кірістім. Ол кезде оқымағанбыз. Он бітіргенмен оқымаған адам қиын ғой. Оқымаса, дипломы болмаса, адам емес деген. Менің оқуға құлқым болған жоқ бала кезімде. Сол жылқы бағып жүрдім әйтеуір, қазақ боп. Сонан кейін істесем, қолымнан келеді екен. Бірақ инструменттерім жоқ. Әйтседе, істеп кеттім. Жаман болған жоқ. Одан кейін шамалап сексен тоғызда көшіп келдік Алматыға. Сол кезде жұрт Көкшоқыдан жер алып, шеберлер ауылын ұйымдастырмақшы болды. Ол кезде арман күшті ғой. Бастапқыда арман адамды жақсы жетелейді ғой. Жан-жақтан жігіттер жиналып, ішіне біз де кіріп кеттік. Алдымен бәрі жақсы басталып еді, бірақ адамның пендешілігі де болады, сонымен Мираста біраз дау туды да, онан кейін біз бөлініп шықтық. Ол қанша бұрыс дұрыс болды, оны уақыт айқындайды ғой. Сонан кейін жұмыс істей бастадық, алдында біраз жетістіктер болды.
  • Соныме, неден бастадыңыз, әлгі ертұрманды бітірдіңіз бе?
  • Иә, бітірдім. Сол кезде жасаған ерім әлі тұр. Сонымен ол енді Шеберлер ауылы боп қалды, енді ізі бар ғой, бірақ өнерді өлтіру қиын емес, оңай, тек еленбей қойса, болды. Сол еленбей қалған шақтары болды. Итшілеген тіршілік қой. Қазір біздегі шеберлер өнері оқырауда сияқты. Өйткені бір қамшы жасап алады да, ширпотреб дейді ғой, оны бір қойып алғасын істей беред, бірақ өнер дегеніміз бір орнында тұрмай, дамуға тиісті. Қазақта сөз бар: өнері үйрен де жирен деген. Жирен деген жек көріп кет деген сөз емес. Сен тоқтап қалма, әрі қарай дамыт, сен өзіңнің шыққан биігіңе қанағаттанба, алға бас. Жігітке жетпіс өнер аз дейді қазақ, ал бізде қазір қамшыны, торсықты істесе, мен шебермін деп айқайлап жүрген көп. Керек болса, бір екі адамдар да бар, өздері түк білмейтін, бірақ үйретіп жүрген бір екі шал бар базарда тұратын. Қазір жұлдыз көбейіп кетті ғой, таяқ тастасаң жұлдыз. Нан болған соң ән боп жүр, болмаса қазақта әу демейтін адам жоқ қой. Біз жұмыс істегенде Худсовет деген болды, затты бағалайтын, маңызына қарайтын, қазір өй, өтіп жатыр ғой, алса болды дейді. Өткенде менің Атыраудағы бастығым қамшы алыпты, соны ат үстінде ұстап жүр екен. Мен ұстамайақ қой дедім. Жоқ ұстаймын. Бір күні жаңбыр жауғанда, басы бір жаққа, сабы бір жаққа ұшып кетті. Ал не болд дедім, менің айтқаным келді ма? Енді мен біраз ақшаға сатып алдым ғой деді. Көрдің ол затты бағалағаны емес, өзінің ақшасын қимай тұр. Қазір бәрі китайский боп кетті ғой. Сол інілеріме айтып отырам: істесеңдер дұрыс істеңдер, сапасына қарай сені адам тауып алады. Өйткені адам жалығат, жалықпайтындар да бар, ойланбайтындар жаңағы, өнердің иісі мұрнына бармайтындар. Ал бірақ шебердің тышқан боғы да сүйкімді болсын. Бірде бір жігіт жасаған қамшысымен мақтанып, мен қамшының сабын шауып тастадым, бырт ете қалды, екі бөлініп екі жаққа ұшты. Мен білем ғой қамшының қандай болуын. Мысалы маған 1991 Президентке қамшы жасаға заказ берді. Мен тау текенің мүйізінен жасап бердім. Сосын қабылдауында болып, өзім өзіне тапсырдым. Алдында сөз сөйледім. Сонда мен өзім емес ел туралы сөйледім ғой, шеберлер өнерінің мұң мұқтажы жөнінде. Өнердің мәні оны бағалай білуде, оны шын сүйюде дедім. Шебер қисық ағаштың өзін сол күйінде іске асырады, сәл түзегені болмаса. Осы сәлден өнер басталады. Нағыз адам жоқтан бар жасап қана адам болған. Ал қазір бардан барды жасай алмай атқанда, адам кейде қынжылады. Жамандар жақсымын деп айқалауда қазір. Және жұрттың оларға деген сенімі зор. Осыны жұрт айыру керек қой. Мен жалпы бүркітшімін, мына қолөнер жәй менің ермегім. Қола заманының заттары қандай керемет. Біздің шеберлеріміз бәрі әшиін, нағызы бұрында өткен. Алтынбеков Қырымға айттым осы туралы. Берельдің өнері туралы. Баяғыда қамшы жасадық, енді пендешілік болған шығар. Сонда біреу мақтағанда мені, айттым: нағыз өнер бұрында болған. Сосын ол конфискацияға ұшыраған, шетелге кеткен. Сосын бәрі сипанский болған. Өйткені озбаған шәкірттің қажеті жоқ. Өткенде сұрайт бүкітшілер сенің шәкіртің бар ма деп. Білмеймін дедім. Егер де менен озып, алдыма шығып атқан біреу болса, онда қуанып, оны қолдар едім. Ал қазір бірақ жоқ, шығатын шығар деп үміттенеміз. Жүр ғой әйтеуір бір жерде болмаса біреу. Қазақта бір сөз бар, біреуде таудай талант болады, тарыдай талабы жоқ, біреудің таудай талабы бар, тарыдай таланты жоқ. Осының екеуі теңелсе ғой, шіркін. Мен өзім де сондай, кейде көп нәрсем тұрып қалат, жатып қалат, сосын бір кезде істелет. Демек, талабым болмағаны ғой. Мүмкін мастанып кететін шығармын, сосын Алла тағала тоқтататын шығар. Біреулер неге байымайсың дейт. Байлық деген қарап отсаң біреудің шайлығы ғой. Тарихта небір байлар өтті ондап, мыңдап. Самеке деген ханның он мың жылқысы болған дейт. Бізде байқабыл деген бай өтті, оның бес мың жылқысы болған екен. Соның баласының жиырма сегізінші астықта бір кілемі бар екен бір үйір жылқы тұратын, соны өткізе алмай аштан өлген дейді атақты байдың баласы. Соған қарағанда, негізінде, өнер деген өлмейт, жәйлап шығып кейде бағы көтерілетін де сәтте болат, кейде бағы төмендейтін сәтте болат. Енді қазірде…
  • Дегенмен қазір де сізді жұрт сыйлап жатыр ғой және тек қана қарапайым халық емес, үлкен чиновниктер, заказ беріп. Осы қандай кезеңдерде болып еді және қандай адамдар тарапынан. Сізге қызығушылық, сізді дәріптеу ол да бағалаудың бір түрі емес пе?
  • Ондайға адам жаман қарайды ма, жақсы қарайды ғой. Дегенмен оны тек өнердің қасында жүргендер біле алат. Мысалы, Шебер ауылы құрылды, бірақ оны құрып атқан, оны демейтін, қолдайтын, желеп жебейтін адамдары болады ғой, солардың біреуі Иманғали Тасмағамбетов 90 жылдары ЦК комсомолдың бірінші хатшысы болды ғой. Сол кезде танысқанбыз. Ұрысып танысқанбыз бірақ. Одан кейін Қырымбек Көшербаев. Ал 99 жылы Имекең Атырауға әкім боп барғанда, мені шақырған. Бір жағынан жұмысқа шақырды. Енді мен өзім оқымай қалғасын, оған көп мән бермейтінмін. Мына Кенжеғали ағамыз бар ғой, сонымен оның алпыс жылдығында 98 жылы аңға шыққам. Сонда балам маған оқуға кел. Не оқу бітірдің? Аға, оқыған жоқпын. Білімім он класс. Онда сен маған кел. Сені қабылдайын үшінші курстан, сосын бітіріп шығасын. Өзім қабылдайын оқуды деді. Енді қырық үшке келдім. Жас кезде оқымағасын, қартайғанда оқымай-ақ қояйыншы дедім. Ана кісі қоңырайып қалды, таң қалды, түсінбеді. Ал оқу өзім қаламаған нәрсем ғой. Сол сияқты Имекең мені Атырауға шақырып алды да, обылыстық музейдің замдиректоры ғып қойды. Енді мен таң қалдым. Сонда айтатыны ғой: Атырауда қай бір білім бар дейсің, бәрі өзің сияқты. Бірақ көп істей алмадым. Атқа мініп, бүркіт салған адамға столдың үстінде отыру қиын екен өзі. Мінез де шапшаң, келмей қалады. Сосын уф деп, ақұдайлап, қайта қайта арыз жазумен құтылдым. Сол кезде біраз жұмыс болды.
  • Қандай мысалы?
  • Иманғалиға жасап апарған дастарханыңды айтшы (қасындағы досының сөзі)
  • Ол бір құр мақтаныш болад та. Өйткені не нәрсені де мақтаныш үшін істемеу керек адам. Музейде тұр ғой және онда менің атым тұр — Әбдікәрім Құрманғалиев жасаған деп. Атыраудың обылыстық өлкетану музейінде фотолары да болу керек. Өнер туралы жаз, мен туралы емес.
  • Өз көңіліңізден шыққан бір-екі дүниеңізді атап өтіңізші онда.
  • Мәселе мен де емес, зат алған, тұтынған адамның көңілінен шығу керек. Өйткені, қарға баласын аппағым дегендей ешкім затын жаман демейді, өйткені іштен шығады ғой, ал өнер болса халықтікі, сондықтан «мен, мен» деген дұрыс емес.
  • Үш жыланы бар аса таяғыңыз бар екен. Оны үш жүздің символы ретінде жасапсыз. Сонда қай жүзді күшті ғып көрсеттіңіз, қисайғаны күшті боп кетті ме?
  • Жоқ қисаймағаны. Құрысын, енді осыны қояйықшы. Саясат боп кетеді де, тағы біруіңе жақпай қалады. Өйткені өнердің өзі кейде саясатқа айналып кеткен сияқты. Ал кейде саясат өнерге айналат. Қазақта сөз бар, өнерге әркімнің де бар таласы. Иә, бізде жұрт сын айтқыш қой.
  • Қазақ шеберлігі қазақ мінезінің тірегі бола ала ма? Әрбір ұлттың сондай өзін өзгеше әйгілейтін бір қасиеті болу керек қой?
  • Қазақта хас шебер болған. Кезінде бәрін бағалаған қазақ. Өнерді бағалаған, сөзді бағалағанбыз. Өйткені сөз киелі, қасиетті боп кеткен. Енді қазір сөздің қадірі кетті. Бір сөзден бір хат қадірлі ғой қазір. Егер осындай ауылда тұрып, бүркіт ұстап өмір сүрсек, бәрі басқаша болар еді. Әкеңде жоқ арғымақ, шешеңде жоқ арғымақ, қайдан шыққан қарғымақ деген екен кезінде. Өйткені, егер бұрын қыранды қасиеттесек, қазір бүркітші көп. Ұстап алад та білмесе де, атағын шығарғысы келед, арғы атасы бүркітші боп кетеді оның, білмейм осы кезге дейін қайда болғанын. Өйткені қазақта бай көп еді ғой. Кезінде оны жасырдық, ал қазір мақтанатын болдық. Қазіргінің бәрі байдан шығып кетті. Соған қарағанда, қазақта кедей болмай, бай болған ғой дейм бәрі де. Кілең батыр болған дейт. Сондықтан да сондай ақсақалдар туған кезде бәрі болған. Бәрінің қадірін білген заттың сапасын білген, санына қарамаған. Сомдап шыққан күмістен, нақыштап шыққан мыс артық. Өнер, дәстүр қайдан шыққан? Өмірдің қажетінен. Ойбай, баяғыда қызды ұзатуда мысалы қалың мал берген екен деп айтып жүрміз ғой қазір. Ал бірақ оның астарында оның келесі өмірін қамтамасыз ету жатыр ғой. Бұрында айырылысу деген болмаған ғой. Жасауға бәрін кіргізед, қыздың сәукелесін, зерлеу, оюлау, оймыштау, кілемді сызу, сырмақ, киіз, түкті кілем, қалы кілем. Байлар соны істетіп мұраға қалдырып отқан. Мысалы, қарапайым дүние, ер-тұрман жасағанда, бір адамды ғана шақырад. Ол бесаспап хас шебео болуға тиіс. Қазіргі шеберлер дайынға үйренген, қайысты дайыннан алат, теріні дайыннан алады, ағашты біреу шауып беред, соны ала салад. Ол сапасына қарамайды, кездессе болды. Сосын дайын темірді ұрып, бұрғымен тесіп, дайындап өте шығад. Ал бұрын ең бірінші шебер ағаш шебері болатын. Ер жасағанда ол сапасына қарайд. Өйткені ер адамға да, атқа да жәйлі болу керек. Жиырма, отыз екі ағашқа дейін бөлшектерді қосып істеген, қиюын қиыстырып. Сонда қиюы қиысқан ағаш мықты болад. Және қазақтың атам заманнан келе жатқан өзінің клейі болаған қара желім деген. Мысалы, арық малдың терісін алад та, қайнатып, қайнатып, соның бетіндегісін алып тастап, қара желім деген сол. Немесе, жылқының, түйенің тірсек сіңірлері бар ғой. Соны тұзға салып тұрып кептіріп, кепкеннен кейін бөлгенде, шаш сияқты таралып шығад. Соны айқастырып желімдейд. Тарамыс өте мықты болады. Кезінде ол тас ататын құрал болған, үзілмейд. Соны желімдеп шығад, оны тағы түйенің көнімен, сиыр терісімен қаптайт. Малдың терілері қатқанда, тастай боп қалад. Кезінде қалқандарды, сауыттарды, темір жоқ, теріден қатырып істеген. Сонымен желімдеп болғаннан кейін, ағаш шебері малдың терісімен жұмыс істей білу керек. Оны бітіргеннен кейін, үзеңгі керек, ауыздық керек, онсыз ұста бола ма? Ол болғаннан кейін, былғарымен қаптағаннан кейін енді күмістеу керек қой, зергер жұмысы керек. Сонда бір ерді дұрыстап істейтін адам өзі ағаш шебері, өзі ұста, өзі зергер, өзі өрімші, өзі июші боп шығуы керек. Сондай өнердің басын қосқанда ғана, бір дұрыс ер жасай алады. Ерді алтындайд, қаптайт, күптейт, бұрыннан қалған жолдар көп. Сіз мұны түсінбей қалуыңыз мүмкін: күмісті қаптау деген не, күптеу деген не, мұның бәрі ағашқа қандай қатысы бар? Ал бірақ онсыз ер болмайды. Көрдіңіз бе қандай еңбек? Енді күміс пен алтынға көшейік. Күміс деген қарапайым салмақты дүние, мұның тазалық қасиеттері бар. Алтын дегеннің өзі қиын дүния ғой. Ал біз күміске емес, ат басындай алтын болса, соған таласар едік. Темір затқа қарамаймыз. Соны істеген адам, ұлттық болмысты сақтаған сол емес пе? Біз қазір мақтанамыз, ата бабамыз ғұмыр бойы мал бақты деп, сол үшін көштік деп, ал қазір қой бағуды Австралиядан, шұбатты Израильден үйреніп жатырмыз. Білмейміз үйткені. Өзіміз алтында отырып, біреудің мысына қызығатын халықпыз. Өзіміздегі барды бағаламаймыз. Қазір үкіметтің саясаты да солай. Қолдағы жездің бәрін, мыстың бәрін бағаламай, Қытай өзімізге әкеп өзіміздің боғымызды айдап отыр. Мұның бәрі енді ата бабамыздың найзаның күшімен жинаған дүниелері ғой, шындығына келгенде. Ал біз кейде мақтанғанда тым құтырып кетеміз. Бас қала Астанамыз деп. Дұрыс шығар енді, бірақ асыра мақтаншылық орға жығатын нәрсе. Өйткені біздің халқымызды Москваға кргізіп жіберетін болса, Москвадағы халық бүкіл Қазақстандағы халықтан көп. Орыс ұлы халық деген сөз шықты 80 жылдары. Сонда мен оған жаман қарсы болдым. Ұлтшылдау өстік қой енді, рушыл болған жоқпыз бірақ. Мен бәрі әлі басқаша болад, өзіміз әлі ел боламыз дейтінмін. Соны естігендер қазір маған айтад: заманның бұлай өзгеретінін қалай білдің дейт. Енді ол мүмкін емес қой біреу младший брат, біреу старший брат болуы. Ал қазір өмір тағы өзгеріп отыр. Машинадан қорықпайд, аттан қорқад қазір. Сонда қазақтың ұлттық болмысы енді қандай болмақ? Қазір небір сөздер шығыпатыр, амал жоқ, санамызға сіңіреміз, сіңірмесең заманнан қалып қоясың. Бірақ сонда да өнерді іздеу, өткенге көз жүгірту кейінгіге қайта оралу емес пе? Сондықтан мына ұлттық өнердің тамыры терең жатыр. Өйткені ол өнер о баста тұрмыстық қажеттікке байланысты. Мен атқа мінем, жүген керек, ертұрман керек. Одан кейін мен жақсылау, тәуірін, оған темірді, қоланы, мысты қосқан, әйтеуір сөйтіп сөйтіп көтеріліп, деңгейі өрістеді ғой. Өнердің өзі шарықтау шегі болад, содан кейін деңгейі төмендейді. Қазір байлардың бәрі аңшы боп кетті. Неге? Өйткені, мылтығы бар, биноклі бар, оптический прицелы бар, сосын атып атып кетед та прожектормен барып. Мысалы, тазы мен бүркітпен шықсаң, ол ала ма алмай ма, үйткені түлкінің де алпыс екі айласы бар, ол да амал жасайд, мүмкіндігі бар. Ал қазіргі аңға шығу ол аңға шығу емес, анайы терроризм ғой. Бұрын қазақта мақал болатын: қойша тырыспай, киікше ерегіспей отыр деген. Ал қазір киіктер алдыңды кеспек түгіл, қашатын бопты машина көрсе. Олардың да жүрегі шайлыққан ғой. Баяғыдай егесіп кететін киіктер қазір қалмаған сияқты, оның да мысын басқан. Үйткені одан өткен техника тұрғанда, қайда кетет мысы басылмай? Олар түгіл табиғаттың өзі мысы басылып келатыр.
  • Қарап отырсам сіз философияға да, таза өнерге де жақынсыз. Домбыра жасадыңыз ба?
  • Енді оның бәрі де жасалды ғой – домбыра да, қылыш та, қобыз да, бәрі жасалды. Біразын сыйға тарттық. Тау текенің мүйізінен де жасадық садақты. Бірақ ешкім мен кереметпін демес екен деймін. Мен сол бұрынғыларды көргеннен кейін осыған қарсымын. Мен өзімді шебермін деп есптемеймін. Қарапайым ғана адам сияқтымын.
  • Қайдағы қарапайым, жатқан әлемсіз ғой! Исламда Құранға комментарий жасайтын білімдарлар бар ғой? Сізді қазақ дәстүрлі санасының бас комментатор қылу керек. Мысалы, мен біздің жыраулар поэзиясын аударып жүрмін, кейде түсінуге қиын тіркестер кездесед. Мысалы Қазтуғанда мынандай жолдар бар: Қара ұнымы сұлтандайын жүрісті, Адырнасы шайы жібек оққа кірісті. Осыны қалай түсінеміз?
  • Қара ұнымы емес қаранымы деген шығар. Ол өзін мен сырт көзге сұлтандаймын деп тұрған жоқпа? Бұл жолды кейінгі көшірмешілер дұрыс көшірмеген шығар. Ал шайы жібек деген сөз… Өрмекшінің торынан жасаға жібек өте мықты болады, соны білем.
  • Көрдіңіз ба, мұны да біліп тұрсыз. Ал енді өзіңізге ең жақын тіршілік құсбегілік пен атбегілікке көшейік. Бұлар бізде қалай дамып келеді.
  • Бұл жөнінде проблемалар айтылып жатыр. Айта алатын адамдар бар ғой. Бірақта, құлдан да бір сауал демекші, айтып көрейін. Негізінде біздің қай өнеріміз де Абай айтқандай: білгенге маржан, білмеске арзан. Мысалы, атбегілік бізде атадан бері сақталған, сол бері қарай өзінің арнасын тапқан өзінің орны бар бір өнер. Бірақ оны қазір жоқ деп айтсаң, ол өтірік емес деп есептейм. Үйткені бізде қазір жөн білетін адамдар жоқ, аз сияқты. Өйткені қазір атбегілер бай болып келед те, баяғыда аттың қай жағынан мінетінін білмейтін жігіттер қазір атбегі боп кетті. Сөйтсем олар мына жақтан ат сатып әкелет, сосын сол күйінше бәйгеге қосад, сосын бәйге алса болды, бәйге алмаса сатады. Былайынша айтқанда, сауда саттыққа, бизнеске айналып кеткен. Өйткені ат баптауда өнер ғой. Бұрын ұзақ қашықтыққа шапқан, 30 шақырымға. Бірақ тағы қайтып келуге тиіс. Сөйтіп, 60 шақырымға шапқан. Ал қазір бір жарым мың метр, үш мың метр, бес мың метр, ұзақ дегені кейде жиырма километр болады. Қазақтың аты төзімді, берік, ұзаққа шабатын аттар. Қызған сайын шабатын аттар. Ал біз қазір біреудің жақсы жағын емес, жаман жағын сіңіреміз. Америкада үш мыңнан артық шаппаса, бізде сондай болуға тиісті сияқтымыз. Сөйтіп дәстүрден айырылудамыз. Ал егер бүркітшілікке келсек, сапаға емес қазір санға ұрып жатырмыз. Сосын қазір бір ереже жасап алған, бүркіт деген жүз метрден шақыруға келу керек, шырғала басу керек, сосын қолдан жіберген түлкіге бару керек деген сияқты. Менің бір орыс бапкерімен осы жөнінде спорым болды. Сонда айттым: мына ережені кім жасад, сен мұны жасағанда, я бүркітшімен, я тарихшымен, я этнографпен ақылдастың ба. Неге ол жүз метр ұшу керек, неге бір шақырымға ұшпайд? Неге? Ол маған ешнәрсе жөнді түсіндіре алмады. Екеуміз тіпті төбелесе жаздадық. Мен бүркітшілер сайысына әдепкіде 2006 жылы барғам. Одан бұрын барған жоқ едім. Менің ұстазым бар Әбләхат Тұрлыбаев деген. Мені қисық дейді, менен де өткен бір ағам, Англиядағы жарысқа қатысып, жеңімпаз атанған. Сосын мен осында келгеннен кейін сол қоймад: албандар айтып жүр, күшті болса жарысқа қатыссын деп.Сосын бардым, бүркітім жақсы ұшты, бірақ екі рет жіберді ұялғаннан.
  • Сол 2006 жылы сол жарыстың жеңімпазы атандыңыз.
  • Болғаны рас енді.
  • Мен Сізге таң қалып отырмын. Сіз ұраннан басқа, жаппай орыстандырудан басқа ешнәрсесі жоқ Кеңес Одағы заманында туған адамсыз ғой, осындай бір қоладан құйғандай ұлттық болмысыңызды қалай сақтап қалғансыз?
  • Сақтағандар кейін қалды, біз тек солардың көзін көргендерміз. Бала кезімізде біздің Ақтөбе жақта қой кезек деген бар. Малды кезекпен бағасын. Түс қайта, екіндіге жақындағанда бәріміз мал алдына шығамыз. Сонда ауылдың алдында бір төбе бар, соған адамдар жиналад, құлағымыз қалқиып бала біз де жиналамыз, үлкендер отырад. Сосын ол кезде ешкімнің саясат пен жұмысы жоқ, ескінің әңгімесін қозғайды ғой. Бір әңгімесін бастаса, келесісін тыңдауға асығамыз. Кезекке емес, әңгіме тыңдауға баратынбыз. Сонда әңгіме айтқанда, кино көргендей отыратынбыз. Атқа қалай мінді, қала жортты, не істеді, қай жерге барымтаға барды, соның бәрін. Сол қызық болатын. Сосын әжемнің әсері шығар. Ол кісі Құран оқитын, өзін өте таза ұстайтын. Мен жоғарғы оқуға түспеймін дегенде, біраз жұрт мені сынады. Сонда әжемнің айтатыны ғой: Оқу ойдан артық емес. Тірі болса осы баламнан бірнәрсе шығады.
  • әңгімеміз біраз жерге барды, Әбеке. Енді өзіңізді ең қынжылтатын, немесе келіспеушілік тудырып, алаңдататын нәрсеге тоқталсақ.
  • Мен кезінде бір басшы досыма айтқан едім: Тақтан түссең де, аттан түспе деп. Өйткені басшы болсын, басқамыз болайық, мәселе тек билікте болу емес, ел қамын ойлауда ғой. Бірақ елімізде қазір бәрі өзгеріп атыр. Өйткені тірлік өзгерді ғой. Негізінде, қалада жүрген адамның көретіні төртбұрышта төртбұрышты телевизор, төртбұрышты терезе, көшедегі нәрсенің бәрі төртбұрышты. Сондықтан біз де төртбұрыштанып бара жатқандаймыз қарап отырсаң. Сосын күнді де көрмейсің қайдан шығып қайдан бататынын. Арайлап атқанын да көрмейсің. Осы өз өзімізді тонау емес пе? Өйткені біз табиғаттан ажырап кеттік. Ал табиғаттан ажыраған қазақ қазақ емес. Бірақ бұрынғы табиғатқа қайту мүмкін бе, мүмкін емес пе, оны тек Құдай біледі. Сыртқы табиғат бар да, ішкі табиғат бар. Олардың арасында үндестік болуға тиіс. Мен қазаққа осы үндестікті тілеймін.

 

 

Сұхбатты жүргізген Әуезхан Қодар

 

№21 (18060) 15 сәуір, 2011 жыл

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *