Дін өз мәнінде ғана қоғамдық-рухани құбылыс және кері кету бағытына ауытқыған жағдайда, барлық құбылыстар сияқты адамзаттың қас жауына, яғни, өзінің керісінше мағынасына өтеді, құндылықтық бағдары түбегейлі өзгеріске түседі. Бұл қарапайым ғана формула болғанмен, оның бұрмаланған кейпінің алдын-алуда адамзат тарихы оңтайлы тәсілді іздеп табуда дағдарысқа тап болуда.
Қазіргі кездегі әлемді алаңдатып отырған маңызды діни түйткілдердің бірі, тіпті ғаламдық мәселелердің қатарына жатқызуға да болатын құбылыс – діни экстремизм мен терроризм деп айтуымызға болады. Ол бастапқы идеялары бойынша дәстүрлі діндерге сүйеніп, олардың өңін айналдырып, бұрмаланған күйде танитын және өзінің сол позициясын ақиқат ретінде дәйектеуге тырысатын бүлікшіл пиғыл тек біздің еліміз емес, дүниежүзін айтарлықтай алаңдатып отыр.
Ақпараттық-постиндустриалды қоғам жағдайында басқа да қайшылықты және қатерлі мәселелер аз емес. Діни экстремизм мен терроризм ең қауіпті қыры өзінің құрбаны үшін – қоғамның әлеуметтік құрылымы мен мәртебелерден, рольдерден тәуелсіз; бай-кедей, басшы-бағынышты, бизнесмен-министр, әйел-бала, кәрі-жас т.б. кез-келген «адасқандар» деп верификациялаған қоғам мүшелерін таңдап жатпайтындығы. Яғни, басқа қауіпті құбылыстардан айырмашылығы – ұлт, жыныс, жас т.б. қатыссыз туысқандарымызға немесе «Біздің Әрбіреуіміздің» жеке басымызға да түсуі ықтимал әлеуметтік дисфункция болып отыр. Тіпті діни сенімі бар адам бойынша алғанда да, сол діннің өкілі де, өздерінің діни сенімі мен ұстанған бағытына сәйкес келмесе, олар да потенциалды құрбандарға айналуы ықтимал. Осы орайда, бұндай құбылысты ғылыми тілде арнайы «селективті терроризм» деп атайтындығына да назар аударуымыз қажет: «Селективті (ішінара) терроризм – нақтылы бір белгілеріне орай, нақтылы тұлғаларға қарсы жасалатын террористік әрекеттер (атап айтқанда, билік органдарына қатыстылығы, атқаратын қызметінің сипаты, әлеуметтік жағдайы, саяси ұстанымы, діни және идеологиялық көзқарасы және тағы басқалар). Мұндай қарама-қарсы көрсоқырлықпен жасалатын террористік әрекет болады. Яғни, террористік әрекет жасалған аумақтағы кінәсіз, жазықсыз адамдарды еш талғаусыз құрбан ететін терроризм деген сөз»[1, 39 б.].
Ендеше, оның хауіптілік дәрежесін, қатерлі сипатын және кезек күттірмейтін өзектілігін былайша жүйелеп көрсетуімізге болады:
1. Ол байлық пен билік иесін, бедел мен рухани асқақ тұлғаны, зияткер мен шынайы дін өкілін де, нәресте мен мүгедекті де т.б. әлеуметтік қабаттар мен топтардың қайсысы болсын таңдап жатпайды, өзінің керіағар пиғылын жүзеге асыру мақсатында бәрін де өз ұстанымының құрбанына айналдырады.
2. Табиғат стихиясынан, оның алапат апаттарынан гөрі, ол саналы ұйымдасқан және «ұлы» жоспарлар аясында қызмет етеді. Уақыт пен байсалдылықтың, төзімділік пен парасаттылықтың құралдарын мойындай қоймайды, яғни келіссөздер мен саяси парасатты ұстанымдарды көп жағдайда қабылдай бермейді.
3. Күтпеген жерден, тосыннан, жасырын әрекет етеді. «Аңдыған алмай қоймайды» дегеннің керін келтіреді. Ол әлеуметтік кеңістік пен уақыттан тыс, яғни, аймақтық бөлініс пен мезгіл талғамайтын нәтижесі трагедияға алып келетін құбылыс. Табиғат пен қоғамның даму заңдылықтары мен қажеттіліктеріне көп жағдайда бағына бермейді, олардан тысқары болады.
4. Әлемдік беделді дін исламның мәртебесін пайдалана отырып, жасырын әрекет етуі бойынша өзінің көлемі мен күшін арттырып келеді және әрекет ету құралдары мен насихаттық-идеологиялық жұмыстарында мүмкін болғанша: қаржылай, психологиялық, физикалық т.б. құралдардың барлығын тұтастай қолдана алады.
6. Бейбіт тұрғындар мен зайырлы, құқықты, демократиялық қоғам өкілдерінің санасына алаңдаушылық «рухын» сеуіп, психологиялық күйзелістерге жетелеуі ықтимал. Себебі, қазіргі діни экстремизм мен терроризмді зерттеуші отандық ғалымдарамыз да қоғамдық санадағы күйзелісті жағдайлардың туындауы мүмкін екендігін Ресей ғалымдары да атап өтіп отырғандығын көрсетеді[2, 59 б.]. Ендеше, қарапайым халықтағы «үнемі үрейлік сана» бірте-бірте мойынсұнуға жетелеп, жабырқаулық пен күресуде енжарлыққа қарай жетелуі мүмкін. Ішкі рухани иммунитетті жоюға ұласуы да ықтимал.
7. Дәстүрлі емес діни ағым өкілдерінің арифметикалық прогрессиямен емес, геометриялық прогрессиямен немесе дифференциацияланып өсуі, яғни, бір-бірінен шексіз туындап, әрбіреуі жаңа бұтақтарын тудырып отыратын «терек қағидасына» ұқсас қанат жаюы мүмкін екендігі.
8. Діни экстремизм мен тероризмнің қауіпті жақтарының бірі, жоғарыда атап өткендей, психологиялық ықпал ету бойынша әрекет ететіндігінде. Шапшаң қанат жаятын және бір-біріне тез жұғатын «психологиялық вирустар» түрінде таралуымен байланысты болып келетіндігі. Сектант вирусын жұқтырғандарды сауықтырудың өте қиын жағдайы, олардың сана өрісіне шабуыл жасау құралдарының әртүрлілігі және өте ықпалды күш екендігі қатты алаңдатады.
Осыларды ескере келе, біз бұл тұста «діни жат пиғыл», «діни экстремист», «діни террорист» деген сияқты дінге қатысты ұғымдардың барлық сенімдерге ортақ жалпылама атау екендігін ескере келе, қозғалып отырған мәселені нақтылап, радикалдардың ислам діні арнасындағы көріністерін таразылауға бет бұрмақпыз. Алдымен, экстремизм мен терроризмнің шығу себебі, психологиялық-әлеуметтік тұрғыдан келгенде, жат пиғылдан бастау алатындығын атап өте отырып, оның шығу көздеріне тоқталып өтуді жөн көрдік.
Діни экстремистік пиғылдың өрлеуі оған кез-келген адамның елігіп кетуінің басты жасырын себептерінің бірі – қазіргі исламтанушылар, діни философтар мен социологтар, дінтанушылар, имамдар мен дін өкілдері, діни ағарту саласындағы дәріс берушілер мен тәрбие берушілердің кейбірі зайырлылық ұстанымда болмай отырғандығы. Бірақ, әрине, бәрі немесе көпшілігі деп көпке топырақ шашуға болмайды. Дегенмен, кездесіп қалатындығы шындық. Сондықтан оларды, жат діни ағым арнасындағы идеологтар-апологеттер-миссионерлер және зайырлы бағыттағы насихатшылдар деп бөлуге болады. Бірақ жат діни ағым арнасын¬дағылардың барлығын бірден-ақ экстремист немесе террорист деп кесіп айтуға да келмейді.
Бұл жерде миссионер заңмен арнайы бекітілетін дінді таратушы тұлға екендігін, апологет сол дінді жақтаушы-ақтаушы маман болып табылатындығын, идеолог арнайы рухани-моральдік құралдар арқылы жұмыс жүргізетін субьект екендігін назарға салғымыз келеді. Ал зайырлы бағыт ұстанатындар да бұндай сапаларды иеленуі ықтимал, бірақ заңды түрде және фанаттықтан алшақ болуды көздейді. Демек, мәселе, фанаттық сенімге келіп тіреледі.
Егер бүгінгі еліміздегі діни беталысқа назар аударып, тұрмыстық-әлеуметтік өмірге бет түзесек, қоғамдық өмірде жиі кездесетін жағдайлардың бірі, мәселен, жаназа шығару сәтінде әрбір имам оның шарттарын әр түрлі түсіндіреді, осыған байланысты, қарапайым халық кімге сенерін білмей адаса бастайтындығының куәсі боламыз. Тіпті кейбір имамдар қайтыс болған адамның үші, жетісі, қырқы мен жүзі сияқты еске алу шараларын өткізуге де қарсы шығады. Қарапайым халық үшін «кімдікі дұрыс» деген сауал жиі туындап тұрады. Сондықтан біз қозғап отырған мәселе, дәл қазіргі таңда, дінтанудағы мыңдаған жылдық тарихы бар мазһабтардан, иждиһаттардан т.б. құралған теориялық ілімдерді талдаудан гөрі халыққа түсінікті нақты және қарапайым шешімдерді талап етеді. Себебі, қарапайым халық ислам дініндегі әр түрлі қиюласқан бағыттарды, исламдық терминологияны, исламның рухани көздерін жатқа білуді т.б. арнайы кәсіби білімді білуі шындығына келсек, міндетті емес.
Бұндай сан мыңдаған жылдар бойы қалыптасып, сұрыпталып, өңделіп, жүйеленіп шыққан ұлттық дәстүрге қарсы шығып, «шариғатқа сай емес» деген ұстаным, тарихтың алдында билік жүргізіп, тарихи дәстүрге қарсы кесімді пікір айту айтарлықтай терроризм мен экстремизмге жетелемесе де, әр түрлі «теріс» деп санауға болатындай пиғылдарды насихаттап тұрады.
Бұл сайып келгенде, халықтың діни ортаға деген, тіпті ислам дініне деген құрметтеушілік қатынасын төмендетіп жібереді. Демек, зайырлылықтан ауытқыған уағыздар, шындап келгенде, кей жағдайда дінге тартуды емес, керісінше, одан қашқақтауға келіп жетелеп отырады. Осыған байланысты, бүгінгі таңда ата-аналар мен туысқандар арасында екі бағдар қалыптасқан: «балам дінге бет бұрды, наша, ішімдік, орынсыз жүріс сияқты қылықтардан ада болатын болды» деп оған құптау білдіретіндер мен баласының тәрбиесінің жауапкершілігінен қашып дінге арта салатындар және «жат ағым өкіліне айналып кетесін, діннен мүлде аулақ бол» деп жат пиғыл ғана емес, дәстүрлі исламға да үрке қарайтындар да аз емес.
Сондықтан, бүгінгі таңда ислам дінін өзі де толық түсіне алмай жатып, өзгелерге уағыз айтып, ел ішіне іріткі салатын идеологтар қазақ қоғамында бүгінгі күні ислам дінінің беделін түсіріп бара жатыр десек те болады. Исламдық емес ұлттық дәстүрлерге қарсы шығу оның халық арасындағы мәртебесін төмендетіп жіберсе, тұтас ұлттық идеяның исламдық емес қырларын менсінбеу қазақ зиялыларының қарсылығын туғызып келеді, саяси құрылымымыз бен әлеуметтік стратегиямызды жоққа шығару билік иелерінің арасында толқулар мен оған деген келіспеушіліктер тудырып отыр. Осыған байланысты, белгілі бір деңгейде, ислам дінінің жат бағыттарын уағыздаушылар оның бүгінгі қоғамдағы беделін мүмкін арнайы, мүмкін байқаусызда түсіріп жіберіп отыр. Мәселе, сол уағыз тыңдаушылардың ғана емес, уағыздаушылардың өздерінің жат пиғылды екендігін сезбеуінде және сезе тұра оны арнайы ұйымдастыруында болып отыр.
«Қоғамдық өмір мен қоғамдық сананы керітартушы топтардың тарапынан секталандыруға ұмтылу саясатының діни экстремизм мен лаңкестік әрекеттердің белең алуына соқтыруының түпсебебі неде» деген сауал бүгінгі зияткерлік пен саяси-ғылыми қауымдастық аясындағы дискурста теориялық деңгейде, бұқара халық арасында қарапайым санадағы пікірталаста көрініс табуда.
Экстремизм мен терроризмнің алдын-алу үшін алдымен, оның шығу себептерін тауып, оны жою мақсатын қою маңызды іс болып табылады. Бұл құбылысты зерттеушілердің пікірлерін саралай келе, оларды обьективті-сыртқы (мұнай бизнесін көздеуден туған орталық Азиядағы тұрақтылықты жою мақсатын көздейтіндердің ісі, ислам дінін өз ішінен іріткі сала отырып, исламдыққа қарсы күрес шарасының бірі, елдің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін шайқалту үшін сырттан жүргізіліп отырған саясат т.б.) [3,46б.] және субьективті-ішкі (еліміздегі діни саясаттың дұрыс жүргізілмеуі, діни климатты қатаң бақылаудың жойылуы т.б.) деп екіге бөлуімізге болады. Осы ішкі жағдаяттың өзін шартты түрде ресми-мемлекеттік (жанұя мен мемлекеттегі тәрбиесіздік пен басқа да руханияттық әлеуметтік институттардың зайырлы діни бағытты түсіндіруіндегі кемшіліктер, ұлттық идея мен идеологияның дұрыс орнықпауы т.б.) және ресми емес-халықтық деп екіге бөлуге болады. Ресми емес-халықтықтың өзін: теориялық және бұқаралық деп тағы да екіге ажыратуға болады. Теориялық түрі: арнайы, саналы түрде, ұйымдасқан формада жат пиғылды насихаттау мен арнайы ұйымдар құру арқылы экстремизм мен терроризмнің өршуіне жағдай туғызу болса, бұқаралық түрі: діни сауатсыздық, адасу, психологиялық күйзелістер т.б. арқылы жат пиғылға бет бұру. Бұқаралықтың өзін – әдейі, саналы түрде ұйымдасқан, ырықты және байқаусызда, ырықсыз бетбұрыс деп екіге бөлуге болады.
Міне, басты мәселе осы себептердің жіктелулерінен туындайды. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес шараларын жүргізуде қоғамдық санада оның обьективті-сыртқы және мемлекеттік себептеріне сүйене отырып, психологиялық қорғаныш тетіктері арқылы, кінәні өзгеге жабу жиі кездеседі. Яғни, бәріне кінәлі «олар», «біздің» еш кінәміз жоқ деген сияқты, «өзгеге сілтеу» көп жағдайда адамдарды жауапкершіліктен құтқаратын сияқты болып көрінеді. Обьективті себептердің бар екендігі де рас. Бірақ бұндай жалпыхалықтық шарада, кез-келген парасатты қоғам азаматының жауапкершілікті сезіну арнасында «Сіз бен Біздің қолымыздан нақты не келеді, мен не істей аламын» деген сияқты әлеуметтік парыздар аясындағы мәселені әрбір адам өзіне-өзі қоюы біздің еліміздегі дінмен шұғылданып, толыққанды, парасатты ойлайтын тұлғаның «міндеті» немесе әлеуметтік жауапкершілігі деп те айтсақ болады. Мысалы, сыртқы күштер сізді (мысалы, нақты бүгіні мені) қорқыту, мәжбүрлеу, күштеу арқылы тікелей әсер етіп, бірден-ақ жат ағым өкілі қылып жасап шығармайды, мүмкін бірте-бірте ыңғай білдіріп қойсаңыз, жанама ықпал етуді қолдануы ықтимал. Демек, біздің бұл тұстағы міндеттеріміз жоғарыда: халықтық, теориялық, бұқаралық, арнайы, байқаусызда деп бөліп қойған арналар шеңберінде нақты жұмыстар жасауға мүмкіндіктер ашу және оны іске асыру болып табылады. Ол үшін мынадай іс шаралар атқаруымыз қажет:
— қоғамдағы дінді уағыздаушылардың көзқарасы бойынша арнайы мемлекеттік деңгейде тексеруден өтпеуіне байланысты, әлдеқандай бедел иесі болмасын, кімнен уағыз тыңдап отырғандығымызды үнемі қадағалап отыруымыз қажеттігін, бұл мәселеде аса сақтықтың керек екендігін жастардың санасына сіңіру;
— өз бетімізше діни білім алған жағдайда да, осы мәселелерді қатаң ескеру, әрбір дінге сенуші немесе оған бет бұрған адам үнемі өзіне сыни көзқараспен қарап, «мен жат пиғылға бет бұрып бара жатқан жоқпын ба» деген сауал арқылы өзін-өзі тексеріп отыру қажеттігін жастарға түсіндіріп беру;
— өзіндік мықты позиция ұстану, жат пиғылдардың қорқыту, үркіту, бағындыру, қызықтыру, гипноздау сияқты тәсілдеріне еріп кетпеу. Себебі, жат пиғылды адам біздің қарапайым ортамызда да жүруі мүмкін. Сондықтан, олардың «Алланың қарғысына ұшырайсын», «тозақ отында күйесін» деген Жаратушы тарапынан шығарған өзіндік шешімдерінен қорықпау, оған мән бермеу керектігін ұғындыру;
— жат пиғылға түскен адамдар көп жағдайда түсіндіру мен көндіру, ақыл айту мен дәлелдеу арқылы сол жолдан алып шығатын сатыдан өтіп кеткендігін терең ұғындыру, оны райынан қайтару көп жағдайда, арнайы психотерапиялық емдік шараларды қажет ететіндігін түсіндіру т.б.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Шадықұлұлы Қ., Қабылова А.С., Жұрынбаев Е.С. Халықаралық терроризм және экстремизммен күрес саласындағы негізгі терминдер мен ұғымдардың түсіндірме сөздігі.-Алматы: Өлке, 2011.- 160б.
2. Нұрғалиева М. Қазақстандағы діни экстремизм сын-қатері: қарсы тұруға дайын болу// Экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет етудегі дәстүрлі діндердің ролі.-Әдістемелік материалдар жинағы, Алматы: ҚР БҒМ ҒК Философия және саясаттану инстиуты.- 2011.- 151б. — 58-67бб.
3. Курганская В. Қазақстандағы діни экстремизмнің интенсификациялану факторлары және оған қарсы әрекет ету жолдары. Экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет етудегі дәстүрлі діндердің ролі.-Әдістемелік материалдар жинағы, Алматы: ҚР БҒМ ҒК Философия және саясаттану инстиуты.- 2011.- 151б. — 46-57бб.