Сапар Оспанов. ТӘҢІРЛІКТЕГІ ӘЙЕЛ ОБРАЗЫН ЗЕРТТЕУДІҢ АКТУАЛДЫҒЫ

«Әйел және дін» деген конференция тақырыбы айтылған жерде, қазіргі дағдылы ой тұрғысынан әйелдің буддизм, христиандық және ислам діндеріндегі әйел баласына қатысты мәселелер еске түседі. Бұлай ойлау дағдылы ғана емес, заңды нәрсе сияқты көрінеді. Ал тікелей мазмұны жағынан біздің мақала тақырыбы аталған діндерден тыс жатыр. Ал егер оны уақыт пен мән-мағынасы жағынан алатын болсақ, онда тәңірліктегі әйел образының қазіргі әлемдік діндердегі түсініктермен терең сабақтастығы, айтарлықтай айырмашылықтары және қайшылықтары бар. Әрине мұндай мәселелер бір емес, бірнеше мақаланың ауқымына сиыса бермейді. Сондықтан біздің алдымызға қойып отырған мәселелеріміз мынандай сұрақтармен анықталады:
I. Тәңірлік дүниетанымдағы әйел образын зерттеудің қазіргі кездегі қиындықтары.
II. Тәңірліктегі әйел образын зерттеудің қиындықтары.
III. Қазіргі гендерлік мәселелердің тәңірліктегі әйел образымен байланысты актуалды жақтары.

I. Бірінші және ең күрделі нәрсе – ол Тәңірлік дүниетанымның шыққан кезін анықтау мен оның мазмұндық құрылымын түсінудің қиындықтары. Оларға жататын нәрселер:
1) қазіргі кезде тәңірліктің қай мыңжылдықтарда шыққандығы туралы топшылап та айтудың мүмкін еместігі (ең бері алғанда, оның басты идеяларының тарихи дерек көздерінде кездесетін уақыт – қазіргіден кем дегенде төрт-бес мың жыл бұрын екендігі);
2) тәңірлік дүниетанымның бізге аты белгілі пайғамбары және, соған аянмен келді деп айтарлықтай, қандай да бір қасиетті кітабының жоқтығы;
3) соңғы жағдайдан туындайтын бір күрделі және күмән-қайшылықтар туындататын мәселе бар – ол алғашқы тәңірлік дүниетанымда болған түсініктердің, әсіресе ондағы алғашқы идеялардың қазіргі әлем діндеріне еніп кеткеннен кейін, олардың сол діндердің өзінен шыққандай көрінетіндігі. Сондықтан қазіргі әлемдік діндердегі аса маңызды идеялар, олардан бұрын болған тәңірліктен шыққан деп айтудың үлкен дау, кемінде сенімсіздік туындататынында. Әрине бұл мәселер туралы арнайы зерттеушілер біраз мәселелерді анықтады. Алайда көпшіліктің бұл мәселелер туралы түсініктері өте үстірт.
Тәңірлік пен қазіргі әлемдік діндердің ара қатынастарын түсінудің бірнеше жолдары бар.

Біріншісі – тәңірлік иеялардың, ондағы құдіретті күштер мен құдайлардың атаулары мен атқарған функцияларының Антиктік гректердің діни дүниетанымдарындағы құдайлар пантеонындағы атаулық сәйкестіктері мен функционалдық қызметтерінің үндестіктерін талдау. Мысалы, Антиктік герктердің тілдерінің фонетикалық ерекшеліктеріне сәйкес бұрмаланып аталған басты құдайы «Зевстің» бастапқы айтылуы «Дэвс» немесе «Дэус» зороастризмдегі айтылуы. Ал ең ертедегі тәңірлік кездегі, прототүркі тіліндегі түсінігі «Дәу-іс», деп есептейміз. Бұл атау «Көк (Аспан) Тәң-ірі-іс» – «Таң(ғы)-Ірі-іс» атауының баламасы. Сол «Таңы ірі»-нің – Көктегі Құдайдың нақтылы көрінісі – Күн. Күн болмаса жер бетіне жарық пен жылу келмейді, жердегі көк шықпайды, онсыз мал мен жанның тіршілік етуі мүмкін емес. Күн отының қызуының жинақталатын жері өсімдіктер мен ағаштар. Солар – отын – «от-іні». Күн қызуының от-ініне жинақтаушы тек Дәудің ісі ғана болуы мүмкін. Түнде, аязды суықта, тамақ пісіргенде сол от-інінен қайта шығып жарық пен қызу бермесе адам баласы аман қалмас еді. Сондай ғажап құбылыс жасаушы – ертегідегідей сиқыршы іспетті. Сондықтан ол Дәу-істің ерте түркі-арап-парсы тілдеріндегі ортақ (адстратты) архетиптік ертегі-мифтік («ым-еп»-тік, яғни «адам ақылының ебімен» аңызға айналған) атауы «Дию». Осындай ертедегі тәңірлік дүниетанымдағы атаулар мен түсініктердің байланыстары туралы қазіргі кезде жарыққа шыққан жұмыстар айтарлықтай жинақталды.
Тәңірінің дәу-істері туралы сөз етіп отырғандығымыздың біздің тақырып үшін ерекше жағы бар. Ол Тәңірдің дәу істерінің бірі – оның Күн-Құдай [ері] және Ай-Құдай [Ә(а)й-елі] болып бөлінуі. Мұндай жұптық бөліну мен сол арқылы көбею ісі жер бетіндегі бүткіл өсімдіктер мен жануарлар және адам әлеміне берілген қасиеттер. Сондай қос жыныстылық арқылы тұқым жалғастыру, ұрпақтар тарату да Аспан Тәңірісінің дәу-істік [диюлық] құдіреті. Өсімдік пен жануарлар және адамдар әлеміндегі жыныс аралық қатынастарға қуат беру, бір-бірлеріне ынтық ету, жұптастыру, тұқым-ұрпақ жалғастыру да тек Тәңірдің дәу-іс-інің көріністері. Осы бір ғажап істер арқылы Құдай құдіретінің ерекше көрінісі «Ым-ай ана». Айдың өзгерістері жер бетіндегі маусымдық өзгерістерді, тіршіліктің ырғақты орын ауысуларын, өсімдіктер-жануарлар-адамдар әлемдеріндегі ұрпақтың бастауын беретін, – қыстан кейінгі жер әлемнің бусанып, делебе қозу күй(леу)ге жеткізу, соны нәтижелі етіп жүзеге асыратын да құдіреттің күші. Өсімдіктер әлемі тұқымдарының аталық жыныс жасушасы жұмыртқа жасушасын ұрықтандырып аналық жатынында тұқым бүршіктеріне айналады. Жемістер мен келесі ұрпаққа қажетті тұқым қуаты гүлдің қауызында жаралып дамып, жетілуі, тұқымдарының пісуі арқылы олардың келесі жылға қажетті тұқымдары жайылады. Сол сияқты, жануарлар мен адам әлемінде де аталық тұқым көмегімен шақаның аналықтың жатырында пайда болып өсуі, жетілуі, дүниеге келуі де өте ғажап. Осылардың бәрі ертедегі тәңіршілдер ғана емес, дұрыс ойланған қазіргі адамдар үшін де жарық дүниедегі ең дәу(ірі)-іс болып табылады. Осы тұрғыдан ойлағанда, әйел баласын гүлге теңеу, шамасы, өте ертеден, таза тәңірлік дәуірлерден келе жатқан балама атау болса керек.
Айтылған жағдайлармен бірге, айдың да адамдарға жақсы тіршілік жағдайларын әкелетін құт айларымен қатар жаманшылықтар, өлім-жітім әкелетін жұт айлары да болады. Сондықтан жұт айлардан зардап шеккен немесе туыстары, көрші руластары, тайпаластары жұт айлардан қырылып қалған жұртшылық, құт айға – Құд(т)айға табынады. Жаңа туған Ай құт әкелсін деп оған ер адамдар жерге шекесін тигізіп тағзым еткен. Шекесі тиген жердегі шөпті алып отқа салған. Яғни сол шөпе жеткен ойының ымы от әлемі арқылы көктегі Ым-Айға жетсін, жалбарыну сөздері мен ой-күйлерімді жеткізсін дегенді білдірген. Ал жас келіндер жаңа айға сәлем беруі – алдағы айда Жаңа айдың Ым-Ай боп ошақ арқылы келетін ықыласын өзіне ырза етуге жасайтын тағзымы. Яғни тәңіршілдер Таң-ірі-ісі Күннің жұбайы Айға: біздер үшін Құт(д)-ай бол, жаманшылықтардан құтқар деп жалбарыну оның құдіретін мойындау, соны қастерлеу, соған табыну болып табылғандығы заңды нәрсе болған.
Егер түздегі ауа райы, жыл маусымының қолайлылығы Құт(д)-ай болса, онда сол Құт(д)айдың отбасындағы көрінісі Ым(ақыл)-Ай түріндегі нұсқасы. Ол ең алдымен ошақ басындағы ананың көмекшісі, соның ошақ оты түрінде, яғни аспандағы Күннің жердегі ұлы, көрінісі түрінде адамдардың суықан сақтануын, тамақ пісіріп жан сақтауын, тәннің барлық тіршілік қабілетін сақтаушы бастау. Сондықтан тәңріліктегі отбасындағы қастерлі адам – Ана. Сол анаға Құдай адамды құрсағында жаратып, шақа етіп өсіру. Сол анаға шақаның нәрсете түрінде дүниеге әкелу қасиет-міндеттерін тапсырған. Келіннің жаңа немесе жас отауына кірердегі басты ырымы – отқа салынған майдың түтініне жүзін тосу, соны бетіне басу арқылы өзін сол оттың Ым-айына табыстау, сонымен танысу, сонан осы оттың басына әкелетін ұрпақтардың жаратылуы мен дүниеге келілеріне көмек сұрау, сондай отты өмір бойы өшірмей сақтауға іштей ант етеді. Неке тойындағы жұртшылықтың жас келінге беретін тілектерінің ең бастысы – «отауыңның отын сөндірме» деген тілек. Тәңірлік сенім бойынша бұл тілектің ертедегі тікелей мағынасы мынандай: Аспандағы Ым-ай ананың отау ошағындағы оттың жылу және түтін жолы арқылыот басындағы анамен үздіксіз байланыста болады. Егер ол от сөнетін болса, онда Ым-айдың анамен де байланыс үзіледі. От жалыны мен түтіні арқылы келетін жолы жабылып қалады. Сондықтан, ошағындағы оты абайсызда сөніп қалған әйел заматында көршісіне келе салып от (шоқ) алып дереу үйіне қайта жетеді, ошағын қайта маздатады. Әдетте көрші үйге кірген адам тізе бүгіп, нан ауыз тиіп, азды-көпті әңгіме-дүкен құрады. Ал от алуға келген әйел олардың бірін де істемейді. Сондықтан біреу басқа үйге кіре салып, қайта шығатын болса, оған отау иесі: «неге отырып нан ауыз тимейсін, от алуға келіп пе едің» деген фраза-мәтел айтады.
Жас келіннің құрсағында шақаның пайда болуы, оның түсіктерден аман-есен сәтті дамуы, жеңіл босануып дүниеге келуі, есі еніп, тілінің шығуы сияқты нәрестенің адам болу кезеңдерінің бәрі Ым-ай ананың қамқорлығымен болады. Жас нәресте түсінде шалықтап күлсе де оны Ым-ай ана ойнатып жатыр деп есептеледі.
Сонымен, түзде ер адамның мал бағып, от басына азық қамтамасыз етуі сөз жоқ аса қажет нәрсе. Алайда, онымен салыстырғанда нақтылы от басының Ым-Ай арқылы Құт-Айға үздіксіз жалғаста болуы әйел адамның ошақ отын сөндірмеуімен, сол оттың үстіндегі асын әрқашанда даяр етуімен байланысты. Олай болса, ертедегі нағыз тәңіршілдік кездері әйел адамды кемсіту, ерлерден төмен санау болмаған деп білеміз. Оның сарындарын түркі-қазақ елдеріндегі ер адамдар мен әйел адамдардың қатар болуы туралы этнографиялық талдаулар мен ертеден келе жатқан салт-дәстүрлерімізден, ырым-жоралғыларды атқару рәсімдерінен көру қиын емес. Сондай салт-дәстүрлердің көпшілігін, ерлермен қатар әйелдер де орындайды. Ал кейбір баланың дүниеге келіп, ер жетіп отау құру сияқты ырым-жоралғыларды атқару негізінен әйел адамдардың қамдайтын істері. Бұл да олардың от басы мен құдай(лар) әлемімен байланыстылығын, екі дүниенің арасындағы белсенді іс-әрекеттерін көрсетеді.
Жоғарыда айтқандарымыз тәңірліктегі әйел адамдардың образдары болып табылады. Алайда бұл образды толық тану, әлеуметтік қарым-қатынастар кезіндегі маңыздылығын қайтадан түсіну, қазіргі және келешек ұрпақтардың еншісіндегі нәрселер. Ал енді біз тақырып маңында өрбуі мүмкін ғылыми зерттеулердің қиындықтарын қысқаша сөз етейік.

II. Қазіргі кездегі тәңірліктегі әйел образын толық және терең зерттеуге кедергі болып отырған үлкен іргелі мәселелер баршылық. Солардың кейбір маңызды жақтарын сөз етейік. Оларды бірнеше топқа бөлуге болады:
1) Қазақ даласына VII-VIII ғасырлардан тарай бастаған исламдық дін тәңріліктің бірсыпыра ұстанымдарына қайшы келді. Және қазіргі кездерде де қайта бой көтеруде. Оның көптеген жақтарын бір мақалада сөз ету мүмкін емес. Алайда, әйелдің әлеуметтік жүедегі образына байланысты сөз етуге болатын мынандай жақтары бар. Ол қазақ халқындағы ең ертеден келе жатқан, жоғарыда сөз етілген, әйел образының сенімдік негіздері туралы түсінік пен исламдық сенімдегі әйел образы туралы түсініктің ара қатынастары туралы. Оны қазіргі кезде ереше, мемлекеттік тәрбие саясаты деңгейінде сөз болып отырған исламды тереңірек ұстанғысы келген қыздардың хиджап кию мәселесі болып отыр. Осы жолдардың авторының бұл құбылыс туралы ойлары әртүрлі. Бір жағынан, хиджап кию исламға сенген қыз балалардың қазіргі, советтік кезеңде тәрбиеленген аға және ата ұрпақтардың дінге деген сенімдерінің айтарлықтай терең және тиянақты еместігіне көрсеткен реакциясы іспетті.
Шындығында, КСРО кезінде «жалпы дін деген жалған дүниетаным», тіпті «дін – бұқара халықты алдау үшін әдейі ойлап табылған нәрсе» деген көз(ден)қарастық идеология дүрілдеп тұрған кезде ең ертедегі тәңірлік дүниетаным ғана емес, кейіннен дамыған, халықтың санасында басты шарттары айқын қалыптасқан ислам дінінің де өте ауыр халде болғандығы еді. Кезінде жалпы дін туралы материалистік көзқарасқа үйренген қазіргі ата (60-тан жоғары) және аға (40-60 жастар аралығындағы) ұрпақтарымыз тәңірлік пен исламдық дүниетанымдар туралы түсініктері аралас, үстірт. Қазіргі кезде дін мәселесін зерттейтін ғалымдарымыздың өздері халқымыздың тәңірліктің рухы мен ділінің негіздерінде жатқан онтологиялық (ой негіздерінде жатқан) тереңдіктердің деонтологиялық (қазіргі имандылық, парыздылық сияқты) түсініктер деңгейіне дейін аутентикалы (мүмкіндігінше дәлме-дәл) түрде жету жолдары мен жақтарын толық ажырата алмай келеміз.
Біздің тақырып тұрғысынан деонтологиялық мәселелердің бірнеше жағы бар.
Біріншіден, қазіргі қазақстандық жағдайда жалпы этикалық мәселелердің өздері стихиялы жағдаятта болып отыр. Себебі КСРО кезіндегі өте пәрменді түрде жүргізілген деонтология коммунистік (таптық күрес, атеистік сенім, идеалистік дүниетанымдарға қарсы күрес, ғылыми рационализм сияқты) идеология мен ұстанымдарға негізделген борыштылық пен имандылық мәселелері ұлттық тарихи құндылықтарды кертартпа құбылыстар деп бағаланып, оларды жою, “мысқылдау”, әжуа ету сияқты және т.б. істер мақсатты және пәрменді түрде жүргізілді. Сондай жағдайларда өте ертедегі тәңірлік дүниетаным мифтік түсінік, адамзаттың ақылының дамымаған кезіндегі дүниетаным, яғни дүние мен адам туралы нағыз жалған адасушылық деп түсіндіріліп келді. Ең ертедегі тәңірлікті былай қойғанда, христиандық және ислам сияқты КСРО халықтарының басым көпшілігінің ұстанған діндері үздіксіз атеистік сынның объектілеріне айналды. Сол тұрғылардан халықтардың ең ертеден келе жатқан салт-дәстүрлері, әсіресе ырым-жоралғылары қатты сынға ұшыратылды. Советтік дәуірдің бастапқы онжылдықтарында қарттар салт-дәстүрлерді әлі де шын ықыласымен, өзінің имандылық дүниесінің тірегі ретінде орындаса, олардың балалары мен немерелері оларды тек шартты бір әрекеттер есебінде қабылдады. Қарттардың санасында ондай сенімдерінің мықты болуы олардың, Ағартушылық дәуірден бастау алатын, таза ғылыми теориялар мен ұғымдарға, эксперименттік дәлелдеулерге және т.с.с. негізделген оқу жүйесінен білім алмағандығынан да еді. Ал ол қарттардың балалары, әсіресе немерелері сондай оқу жүйелерінен өтіп, сәл жоғарыда айтылғандай коммунистік-материалистік дүниетанымдар мен тәрбиелердің тезіне салынып шыққаннан кейін тәңірлік дүниетанымның құндылығы былай тұрсын, қасиеттік ітаптарға айқын негізделген қазіргі әлемдік діндердің негіздері өте күмәнді нәрсе деп бағаланды. Тіпті оларды адам санасының адасушылығы, үстем таптың езілген тапты қанауда ұстаудың идеологиялық құралы деп бағалау істері өз дегендеріне айтарлықтай нәтижелермен жетті.
Діни сенімдер мен ертедегі салт-дәстүрлер, ырым-жоралғылар және рәсімдер жаңа ұрпақтардың имандылық дүниесіне қатыссыз, мән-мағынасыз этнографиялық деректер есебінде қалды. Немесе жас ұрпақтардың ұлттық салт-дәстүрлерді, ырым-жоралғыларды сақтауы, қайталауы механикалық іс-әрекеттерге айналды. Оларды сақтау адамның ішкі имандылық дүниесіне қатыссыз, олардың орындалуы тек формальды түрде жүзеге асатын, шартты әрекеттерге айналды. Осындай жағдайларда, бір жағынан, тәңірлік дүниетаным ешбір жүйесі жоқ құбылыс есебінде қаралса, екінші жағынан, ондағы әйел образы өте бұлыңғыр болды, немесе ол туралы деректер тек этнографиялық бақылау объектілері, мифтік дүниетанымның қалдықтары есебінде қаралды.
Екіншіден, аталғандай коммунистік-ағартушылық дүниетаным бұрынғы көшпенді қазақ халқына алаңсыз белгісіз кезде, исламдық дүниетаным мен тәңірлік түсініктердің арасындағы ерекшеліктер айтарлықтай айқын болмаған кезде немесе оларды қайшылықты түсініктер деп есептелмеген кездерде, тәңірлік дүниетанымның салт-дәстүрлер, ырым-жоралғылар түріндегі түсініктері адамдардың имандылық әлемінің терең тамырлары мен қатаң сақталған нормалары, ұстанымдары есебінде болды. Ол кезеңдердегі тәңірлік дүниетанымдағы әйел образы өте қастерлі, сондықтан адамның дүниетанымы мен әлеуметтік қарым-қатынастар кезіндегі құндылығы ешқандай шартсыз, күмәнсіз жоғары деңгейде сақталды. Керісінше, күнделікті тіршілік пен әлеуметтік қарым-қатынастар жүйелерінің ішкі тіректерін, құрылымдық және функционалдық стержендерін құрады.
Өкінішке орай, соңғы жағдаят пен бүгінгі біздің өміріміздің арасын қашықтатып кеткен факторлар қазақтардың советтік кезеңде, Голощекиннің қазақтарды отырықшылыққа зорлап көндіру мен, сәл жоғарыда айтылған, бірнеше ұрпақтар тұсындағы советтік-коммунистік ағартушылық және идеологиялық «өңдеулердің» нәтижесінде тәңірлік пен исламдық дүниетанымдардың қоғамдық және пенделік сана деңгейлеріндегі түсініктері мен олардың адамның дүниетанымына, мінез-құлқына, психологиясы мен діліне тигізе алатын әсерлері алаңсыз әлсіреді.
Жоғарыда айтылғандардың және олардан да бақа факторлардың нәтижесінде тәңірліктегі әйел образы өте сейілді, адамдардың дүниетанымына тигізе алатын әсерлері алаңсыз әлсіреді. Десек те, қазіргі кездердегі, советтік коммунистік-материалистік және атеистік қысымдар жойылып, оның орнына ұлттық мәдени-рухани құндылықтардың қайта жаңғыру кезеңінде біздің тақырыптың көкейтестілігі артып отыр.
Жоғарырақта айтылған, қазіргі қыздарымыздың хиджап киюіне байланысты келесі бір ойымыз мынандай. Ол исламның ең басты тіректері негізінен оның бес парызынан тұрады. Ал онан өзге, исламды ұстанған хылқтардың исламдықтан бұрын келе жатқан сенімдерімен сәйкес келетін салт-дәстүрлеріне, рәсімдеріне, тіпті ырым-жоралғыларына ашықтан ашық қарсы шықпатындығында. Сондықтан әлемнің ислам діні тараған елдерінің ұлттық салт-дәстүрлерін, ырым-жоралғыларын сластырар болсақ, онда олардың басым көпшілігі сол ұлттардың исламнан ерте кездерінен келе жатқан сенімдерінен туындаған. Алайда олар сол елдердің халықтарының исламға сенуіне, өздерін мұсылманмын деп атауына ешбір кедергісін келтірмейді.
Десек те, біздің кеңестік кездерден қалған тағы бір кеселіміз – ол қазақ халқының ұлттық киімдерінен көз жазып қалғандығында. Қазіргі кезде басына орамал тартатын әйелдердің санымен салыстырғанда бастарына қазақша тақия киетін ерлердің саны талай есе аз. Солармен салыстырғанда хиджап киген қыздарымыз осындай қазақтардың өздерінің ұлттық киімдерін аз киюіне деген үнсіз наразылығының бір көрінісі іспетті. Осы тұста, қазіргі аға және аға буынды ер адамдарға айтарымыз: егер қыздарымыз басына қазақша орамал тартуын үйренсін десек, онда өздеріміз бастарымызға қазақша тақия мен бөрік киюді қайта өркендетуіміз керек. Бұл жағынан қасымыздағы қырғыз, тәжік, өзбек ағайындарымыз көш ілгері. Тек қазақ ағаларымыз қыздарға хиджаптың орнына қазақша орамал тартқан дұрыс деп желкесін қасыса да сол басына әлі тақиясын кигісі жоқ. Бұл ер адамдардың дәстүрлі сенімдерге деген ықыластарының айқын бір бастамалары болған болар еді. Сонда қыздарымыздың тәңірлік дәуірлерден ұлтымызға салт болған орамал тартуға оралар еді.
Сонымен, соңғы айтылған мәселелеріміз тәңірліктен де исламдық сенімдермен аралас қаралса да, олардың төркінінде қазақ әйел-қыздарының бүгінгі және келешек образдары тәңріліктегі әйел образдарымен сабақтас жатыр деп айтпақпыз.
Алайда, осы тұста, еліміздің егмендік алуымен, оның әлемнің озық елдерімен терезесі тең болу қозғалысы көкейтесті болып отырған кезде біздің тақырыптың мәселелері ерекше тұстарынан ашықталуы керек. Бұл қазіргі кезде әлемде саяси құндылығы артып отырған гендер мәселелерімен терең сабақтас. Енді соған көшейік.

III. Қазргі гендерлік мәселелердің тәңірліктегі әйел образымен қай жақтарынан байланысты екендігін сөз ету үшін қазіргі гендерлік мәселелердің ерекше жақтарына көңіл бөлейік.
Қазіргі гендерлік мәселелердің тарихи шығу тегі бір кездердегі ерлер мен әйелдер арасындағы күрестердің феминизмдік, маскулинизмдік мәселелерімен байланысты басталған еді. Олар негізінен саяси және экономикалық теңдіктерді мақсат етті. Олар көптеген озық елдерде заңдық тұрғыдан шешімдерін табуына байланысты ерлер мен әйелдер арасындағы қарым-қатынастардың мәселелері кеңіп және тереңдеп, қазіргі кезде гендерлік мәселе деген деңгейге көтерілді. Бұл мәселенің нақтылы көріністері қоғамдық қатынастардың, әлеуметтік байланыстардың және ер адам мен әйел адамның араларындағы қарым-қатынастардың барлық түрлерінде тікелей немесе жанама түрлердегі мәселелерін қамтиды. Олар тек идеологиялық, рационалдық деңгейлерде ғана емес, рухани-ділдік және психологиялық тереңдіктерде де қаралуда.
Бұл айтылғандардың және айтылмағандардың тәңірліктегі әйел образымен байланысты жақтары алаңсыз сөз етілмей келе жатқан мәселе. Ал біздің сеніміміз бойынша біздің тақырыбымыздың актуалдығы алдағы кезеңде құндылығы арта беретін мәселе деп білеміз. Оның негіздемесі мынада.
Ең ерте дәуірлерден, әлем бағалайтын даналардың бір ортақ тұжырымы – келешегіңді жақсы түсінгің келсе өткеніңе оймен терең бойла деген қағида болып табылады. Бұл әрбір тірі ұрпақтың тұсында қайшылығы әрқашанда жаңаша туындап отырған материалдық пен идеалдықтың, жанды малға садақа ету керек пен әлде арға садақа ету керек пе деген мәтелдік құндылыққа тіреліп отырған. Ал қай халық та, тарихтың қай кезеңдерінде де өздерінің бұрынғы ұрпақтарының жақсы істерін, яғни жан мен малды ар үшін садақа еткен үлгілерін естерінде сақтаған, соларды жырлаған, үлгі еткен, соларға жас ұрпақтардың имандылық тіректерін теңестіріп шыңдаған. Онсыз тірі ұрпақ бар тіршілігі мен санасын тек малға ғана салған болса, малға айналған болар еді. Алайда, қуанышқа орай, ілгері дамыған халықтардың барлығы өткен кездердегі жақсылықтарды, имандылықтарды, арлылықтарды басшылыққа алып, сол тұрғылардан адам табиатын онан әрі жетілдіріп отырған.
Осы айтылғандар тұрғысынан қарар болсақ, онда жоғарыда айтылған тәңірілік сенімнің таза мифтік сюжеттерін емес, солардан туындаған әйел баласын қастерлеу, оның құдай әлемімен күнделікті жан-тәнімен байланысты болғандығын еске алар болсақ, онда олардың әрбір ісі имандылық пен пәктікке толық берілген әлем еді. Ал қазіргі кездегі әйел балаларының сондай дүниетанымын толық қалпына келтіре алмайтын болсақ та, сондай Ым-айшылдардың рухына сену, соларды сезім деңгейінде қастерлеу арқылы өзін және келер қыздар рухын қалыптастыру аса құнды нәрсе.
Онсыз қазіргі жаһандану жағдайында, барлық әлемнің жетістігі тек мал табуға табынған, соған берілген, сол үшін адамның барлық имандылығы құрбан етілген кездерде, озық халық деп адамның адамгершілігін, имандылығын ұлттық нұсқаларда ұстай алған елдер қастерленунде, бағалануда екендігін есте сақтауымыз керек. Олай болмайынша, қыз балалардың әдепсіздігі бірте бірте дөрекілікке, онан жетесіздікке, ал соңғыдан арсыздыққа бару қазіргі кезде қандай жан түршігерлік қылықтар мен қылмыстарға дейін өрбіп бара жатқандығын айтып тауысу мүмкін болмай барады. Осындай жағдайда тәңріліктегі әйел образының тікелей мазмұны емес, оның мән-мағыналық құндылықтарын саралау, талдау, бағалау және дәріптеу біздердің келешегіміз үшін аса бір құнды дүние екендігін әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдарымыздың мәселелеріне айналдыруымыз керек. Солардың нәтижелерін ұтымды нұсқаларда оқу және тәрбиелеу жүйелеріне, келешектің қажеттіліктерін терең үйлестіре отырып, өскелең тамырларын табуымыз керек.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *