Әуезхан Қодар. Жұматай мен Катулл

Неміс аудармашысы Прессельдің айтуынша, Катулл үшін поэзияның мақсаты тек өзі сезетін нәрсе. Ол өлеңді ашу немесе махаббат, қуаныш немесе қайғы сергелдеңінде жазады, ол тек көңілінің, олар қанша өткінші болса да, өз әсерлерін береді. Сондықтан оның өлеңдері сонылығымен тартады, олар бір сәттің ғана туындысы, онда ойдан құрастыру жоқ, мүлде қарапайым. Меніңше, қазақ ақыны Жұматай Жақыпбаев поэзиясы жөнінде де осылай айтуға болады. Оның да өлеңдері осындай суырыпсалмалық, бір сәттің сол заматта түсірілген поэтикалық суреті сияқты. Сонымен қатар, бұл екі ақынды біріктіретін одан да басқа біраз сипаттар бар. Сондықтан, біздің бүгінгі тақырыбымыз «Жұматай мен Катулл, немесе, лирикалық поэзияның мінсіз ханзадалары»

Жұматай поэзиясының ерекшелігін ұғыну үшін, оның Кеңес кезеңінде ғұмыр кешкенін есте сақтауымыз керек. Ол поэзияға онша қолайлы кезең емес еді. Өйткені ол кезде бәрі идеологияға, әрбір пятилетканы орындауға бағынған, бар күші сол кездегі түрлі ұлттан бір идеологиялық үрдістегі совет халқын жасауға бағышталған аға орыс халқының отарлаушылық саясатымен ұштасқан тоталитаризм заманы болатын. Ал Жұматайдың поэзиясы мұндай бағытқа мүлде келмейтін, ол одан гөрі қазақ халқының еркесі, махаббат сезімімен еркін өмірді жырлайтын сал серілер поэзиясына ұқсайтын. Бірақ одан айырмашылығы, онда кезінде Хорезми, Бабыр, Науаи жасаған ортағасырлық жазба поэзиясының сипаттары басым еді. Ал соңғысынан айырмашылығы, Жұматай поэзиясы қазақ жыраулары поэзиясы сияқты діншілдіктен ада, зайырлы модернисттік бағытта болатын.

Қазір баршамызға мәлім, Жұматай лирикасының басты кейіпкері Ләйлә. Бірақ ол араб дәстүріндегі кітаби образ емес, кәдімгі қазақтың қызы, өзінің ауылдасы. Жұматай оған өте жас кезінде ғашық болып, кейін жолдары бірікпей, ақын қалған ғұмырын Ләйләнің бейнесінен шедевр жасауға арнаған. Және бұл тұрғыда оны биікке көтергені сонша, қазақтың қызы өзінің мінсіз тазалығынан және рухани биіктігінен Данте жырлаған Беатричемен, немесе Петрарка жырлаған Лаурамен бірге тұру деңгейіне жеткен еді. Алайда, меніңше, біз Ләйлә бейнесінің поэтикалық тамырын ортағасырлық Орта Азия әдебиетінен және орыс классикасынан іздеуіміз керек. Бұл тұрғыда Жұматайдың әйгілі өлеңінің бірінші жолы «Ғажайып сәттің туарын сезіпте керім» Пушкинның «Я помню чудное мгновение» өлеңін елестетеді. Мен бұл өлеңді қазақшаға аударғам. Бұл жолды, мысалы, «Есімде менің ғажап сәт» деп аударуға болады. Бірақ егер Пушкин осы жолдың негізінде өзінің Кернге арнаған өлеңін биік поэзияның үлгісінде жасаса, Жұматайдың өлеңі ащы иронияға толы. Бұдан да біз қазақ ақынының биік мәдениетін көреміз, өйткені, ол Пушкинді тура қайталамай, оның мұрасын постмодернистік тәсілмен ойнақы игеріп отыр. Ал егер Ләйләнің араб дәстүріндегі мағынасына келетін болсақ, онда махаббат азап ретінде суреттеледі. Меджнунның Ләйләны жақсы көретіні сонша, ол өз сезімін қанша жырласа да жеткізе алмай, есінен ауысады. Ләйләнің әкесі қызымды жындыға бермеймін деп, Меджнунды да, Ләйләні да бақытсыз қылады. Міне, осы арадан, меніңше, Жұматай поэзиясының нағыз тақырыбы басталады, ол қазіргі заманда жақсы мен жаман, жөнді мен жөнсіздің, ақылға қонымдымен қонымсыздың ұғымдарының мүлде ауысып кеткені жөніндегі бірде кекесінді, бірде қайғылы, бірде еш атауы жоқ, тек көмескі емеуріні ғана бар философия. Ақынның мақсаты өзі ғұмыр кешіп жатқан ортаны мағынасыз ретінде көрсету. Тіпті ол оның мақсаты да емес, ситуациясы, өмірлік орны. Поэзияның мұндай астарлы жағына Жұматайдан басқа қазақтың ешбір ақыны бойлаған жоқ. Және ол бұл туралы тура айтпайды, Мұқағали сынды опынбайды, ашынбайды, Жұмекен сияқты тереңдікті аңсамайды, Қадырша әр нәрсенің формуласын іздемейді, ол осы нәрселердің бәрін жоқ ретінде көрсетеді. Жұматай үшін егер бұл дүниеде махаббат жоқ болса, таза адами, адамгершілік қатынастар керек етілмесе, адамның адамдық болмысы құндылық ретінде еш бағаланбаса, ондай дүниені ол қанша сүйкімді саналса да, мойындамау керек. Керісінше, оны өтірік мақтап, ал іс жүзінде әжуалап, ылғи да әшкерелеп отыру керек. Бұл тұрғыда Жұматай сырт көзге ұқсамағанмен марқұм Өтежан Нұрғалиевке ұқсайды. Бұлар бір бірін қатты сыйлаған, кезінде Өтекең Жазушылар Одағында өткен Жұматайдың ақындық кешін басқарып берді, ақын інісі қайтыс болғанда ол жұмбақ ақын, жұмбағын өзімен алып кетті деген интервью берді. Міне, оның осы ойының өзі Жұматай поэзиясына басқаша келудің басы еді.

Ал егер Жұматайды әлемдік поэзияда кіммен салыстыруға болады десеңіздер мен оны Данте, Петраркамен емес, тіпті «Мухаббат наме» жазған Хорезмимен де емес, ұрым ақыны, әлем поэзиясындағы алғашқы лирик Гай Валерий Катуллмен салыстырар едім. Әрине, ол Катулл сияқты ашық эротикалық өлеңдер жазған жоқ шығар, бірақ Катуллдың өзі мұндай инабат онша сақталмайтын поэзияға махаббат азабынан келген жоқпа?

Катуллдың Лесбиямен кездесуі де ол үшін оңай болған жоқ. Лесбия ұрымның жақсы жайсаңынан шыққан ерке тотайы еді. Ұрым ақындары өлеңдерінде өз сұлуларының шын атын атамай, оларды бүркеншік атпен шығаратын. Сондықтан Катуллдың сүйіктісінің аты Клодия болса да, ол оны Лесбия деп атаған. Ол Цицеронды қуғындаушы атақты Клодийдің апасы, дегдар, ақсүйек әйел еді. Өзі аса сұлу болса да, етегіне аят оқымаған дейтіндей тұлға еді. Ол аса ағзам Метелл Целер деген күйеуі тірі болса да, ұятсыз нәпсіге беріліп, көптеген төре жас жігіттермен болған. Күйеуі өлгенде оны әйелі улап өлтірді деген де болжамдар болған. Лесбия білімді, грек поэзиясымен таныс, өзі де ақындықтан құр алақан емес болғасын, көбінесе жас таланттарға назар аударып, кейде оларды қасында ұстау үшін тіпті қаржылай да көмектесетін. Өзі де нәзік жандарға кете әрі емес Катулл, Лесбиядан жеті жас кіші болса да, ол тек мені сүйеді деп, оған қатты құлайды. Ол Лесбияның үйіне барып жүргенде, оның сүйікті торғайымен достасып, оған өлең арнайды. Ақыры Лесбиямен мүлде жақындасып, арманына жетеді. Сезіміне мастанған Катулл оған мынандай өлең арнайды.

 

 

Уа, Лесбия, тұрайық бірге енді біз,

Бабай шалдар өсектесе түкір тек.

Бүкіл өмір біздікі ғой ендігі,

Соңыма ер де құшақ жайып жүгір тек.

 

Жарық күнді аңсамайық, тез батсын

Күннің көзі, түн түссе екен тезірек.

Түн де түсті, құшағымда сен жатсын,

Сүйем сені ерініңнен елжіреп.

 

Сен де мені жүз рет сүй, мың рет,

Тағы да мың, тағы да жүз, тағы да

Сүйісу ол тоқтамайтын құдырет,

Есебіне жете алмайтын қазына.

 

Сүйе берші мыңдап тағы, тағы сүй

Ал егер де титықтасаң құр сүлде,

Өшіре сал сүйістердің ағысын,

Қызғаныштан жарылмасын күншілдер.

 

Бірақ Катуллдың бағы ұзаққа созылмады. Бір күні ол өзіне ең жақын санаған сүйікті әйелінің басқалармен болғанын да біледі. Катулл бірден оны тастауға бекиді, бірақ өз сезімінен бірден аттай алмайды. Ақыры ол мынандай өлең жазады:

Байғұс Катулл, болмасаңшы әпенді,

Өткен өтті, қош айтыста кет әрі.

Саған табу қиын енді нақ емді

Деп келеді де, сосын өзін өз шешімінде былай бекітеді.

Сені тастап кетсе егер жүгірме,

Намысты бол, толқи берме құр босқа.

Қош бол, ару! Енді Катулл бекіді,

Іздемес те, жалынбас та ол енді,

Керек болмай қайғырарсың ешкімге,

Оңай болмас енді сенің өмірің,

Кімге енді еркелейсің, кім іздер,

Сүйіктім деп кім сүйеді бұл сені,

Сен де ешкімді тістемессің сүйем деп,

Ал сен, Катулл мызғымастай төз енді.

 

Бірақ сұм Лесбия Катуллды оңайлықпен жібере қоймады, ол оны қайта сүйіп, өзін қайта бақытты санады. Оның шығармалары да қайтадан махаббаттың хош иісіне толып кетті. Өкінішке орай бұрынғы қатынастарға бұл қайта оралу да ұзаққа созылмады. Лесбия тағы да оның көзіне шөп салды. Бұл жолы Катулл енді оған қайтып оралмауға бекіді. Бұл кезеңде жазылған өлеңдерінде оның Лесбияға деген көңілінің шын суынғаны көрінеді. Ол енді өзінің сезімін махаббат емес, қатерлі дерт санап, құдайларға менің сендерге адалдығым үшін мені емдеп беріңдер деп жалбарынады.

 

Бірақ Лесбияда беріле қойған жоқ. Суынған Катуллды өзіне қайта тарту үшін ол өзінің бар айла-қылығын жұмсады. Катулл да қанша көңілі қалса да, одан бірден кете алмады. Олардың бірге болғаны үш-төрт жылдан аса бастады. Ақыры, одан мүлде құтылу үшін б.д.д. 57 жылы ол Вифания провинциясына кетеді. Кейін ол Ұрымға қайтқанда Лесбия онымен тағы табыспақшы болды, бірақ бұл жолы Катулл оған көнбеді.

 

Өз дертіңмен өлтірдің сезімімді.

Өлді сезім соқамен қырқыған гүлдей.

 

Сонымен, Катуллдың махаббаты сәтсіз болды. Әрине, бұл жағдай оның шығармашылығына қатты әсер етті. Оның қатты әсер еткені сонша, кейбір сыншылар Катулл поэзиясын үш кезеңге бөледі. Лесбиямен кезедесуден бұрынғы, онымен байланыстағы кезіне және айырылысқаннан кейін. Осы үш кезеңде жазылған шығармаларының әрбірінен мықты талант иесі көрінеді, алайда, егер екінші кезеңнің өлеңдері өте жылы, ерке және шынайы болса, үшінші кезеңнің өлеңдері қасіретке толы. Лесбияға деген махаббат Катулл шығармашылығын шұғылаға толтырды, бірақ, сонымен қатар, ол оны қасіретке батырды. Осы қасіреттен ақын өле өлгенше арыла алмады.

Сол сияқты Жұматай поэзиясын да үш кезеңге бөлуге болады, бірақ, өкінішке орай, ол Ләйлямен бір сәт кездескені болмаса, өмірі бірге болған емес. Ләйля ол үшін әрқашанда пендеуи тіршіліктен бөлек, аспани, тәңіріуи әлем болды. Оның өмірінен Ләйля ғайып болғаннан кейін, ақын Алматыға оқуға түсіп, одан бір себептермен шығып кетіп, Сарноқай тауында біраз жас ақынның еркелігіне толы сар серілік тіршілік кешеді. Іс жүзінде Катуллге ұқсайтын кезеңі осы. Осы кезеңде Жұматайдан көптеген эпиграммалар, қысқа да нұсқа суырыпсалма өлеңдер қалған. Олар әлі бөлек кітап боп шыға қойған жоқ, бірақ замандастарының жадында. Оқимын дегендерге Интернеттегі Жұматайдың жеке бетінен қарауға болады.

Ал егер Жұматай поэзиясының соңғы кезеңіне келетін болсақ, ол оның Алматыда тұрған он-он бес жылы. Оның Алматыға қайта оралу жолы өтте сәтті басталып еді. 70 жылдары Алматыда жастарға арналған «Жалын» журналы шыға бастап еді. Алғашқыда оны көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиев басқарған. Міне, сол ағамыз Жұматайды жұмысқа шақырып, тіпті, поэзия бөлімі меңгерушісі қызметіне тағайндайды. Бірақ сол кезде бір Оңтүстіктен шыққан ақынның жұлдызы жанып, зиялы қауым алғаш кезде Жұматайдың үнділік, ортаазиялық сарындағы рубап аспабына сүйсінсе де, оған көп басын қатырмай, күрделі поэзиясының сырын ұғынуға да тырыспай, үйреншікті барабан ырғағына елтіп бейкүнә пионерлер маршымен жүре береді. Сөйтіп Жұматай көңілі көтеріңкі совет заманының жалпылама ұрдажық бағытына келіңкіремей қалады. Замандастары ең қызғылықты, өте құнды қазына ұсына алатын ақынынан енді бет бұра бастайды. Ақынның ғұмыр бойы шығарғаны үш-ақ кітап. Оны шет ел түгіл, обылыс, ауданаралық іссапарға да жібермейді. Сондағы Жұматай поэзиясының бар кінәсі оның ешкімге ұқсамайтын, еш идеологияға көнбейтін өзгешілігінде еді. Егер есіңізде болса, оның «Ғажайып сәттің туарын сезіпте керім» өлеңі былай аяқталады:

 

Тағдырға маған оңай бақ әперме деуші ем,

Ойлаушы ем жұрттың бәрін де әкем деп өңшең…

… Гүл ізеп жүріп күнінен айырылып қалған

Әпенде көрсең, сәлем айт, әпенде көрсең!

 

Мен Жұматайдың осы соңғы екі жолын қазақ поэзиясындағы революция деп санаймын. Әрине, мұнда ащы мысқыл да жоқ емес, тіпті өз өзін әжуалы түрде мүсіркеу де бар. Әйтсе де, соның аржағында ғажап тазалық, тіпті, тәкаппарлық тұр. Өйткені оның өз тағдырын, өз құндылықтарын ешнәрсеге айырбастағысы жоқ. Жұрт пұл іздесе, Жұматай гүл іздейді. Бұл тұрғыда тағы бір айта кететін жәйт өзі елеусіз кейуана боп жүрген ақынның жас ақындарға деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығы. Егер оның бұл ойының шығу тегіне үңілсеңіз, Жұматай халқымыздың, зиялы қауымымыздың өз ақындарын жоюшы, олардың абыройын аяққа таптаушы жалмауыз қауым екенін концептуалды түрде түсінген алғаш тұлға. Егер еске түсірсеңіз оның бұл дүниемен хош айтысқан соңғы өлеңі былай басталады:

 

Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде,

Көп кещеге не бетіммен кектенем.

Бақыт қолы, сірә, бізге жетер ме,

Мұқағали, Төлегенге жетпеген.

 

Мұнда ол өзін қазақтың ең аяулы ақындарының аянышты тағдырының мұрагері ретінде сезініп отыр. Өйткені қазақ ақындары үшін өзге тағдыр жоқ. Францияда, Англияда ақынға таланты үшін ең құрметті лауазым және ең жоғарғы орден берілетін болса, тіпті, ең жақын көршіміз Ресейде ақынды ең болмағанда өлгеннен кейін аялайтын болса, бізде ол да жоқ. Бізде ақын өлгеннен кейін де кешірілмейді. Тіпті Абай мерейтойының өзін жүз елу жылдан кейін жасаған жоқпыз ба? Ал ақын дегеніміз әрбір ұлттың ең қымбат тұлғасы болуға тиіс. Себебі, мүсәпірліктің, дәрменсіздіктің ең дәрменсіз түрі саңыраулық пен тілсіздік. Оған тағы көрсоқырлықты қосыңыз. Ал ақын көреді, естиді, айтады. Және сол жалғыз ақынның айтқанын мыңдаған адам қайталап, соның арқасында мәдениет, өркениет жасалады. Біздің қазіргі заман көшіру мен қайталау заманы. Бір төбесі тесік тұлға жасаған нәрсені миллиондаған адам қайталайды. Ал сол миллиондаған адам сонда өзі ешнәрсе жасамайды ғой, ешнәрсе ашпайды ғой! Олардыкі тек автоматты түрде қайталау ғана. Орыс поэзиясын бір Пушкин жасаған деңгейден тек Иосиф Бродский ғана басқа деңгейге көтерді. Егер Пушкин орыстың ұлттық поэзиясын жасаса, Бродский оны еуропалық бағытқа бұрды. Сонда орыс поэзиясы 200 жылдай бір бағытта болған. Сол сияқты Жұматай Жақыпбаев поэзиясы да қазақ поэзиясын шығыстық деңгейге көтерген поэзия болатын. Сондықтан болар ол өзін ақын емес, шайыр санайтын. Оның ұғымынша, ақын ауыз әдебиетінің өкілі, ал ол өзін біздің даламыздағы орта ғасырда пайда болған Бабырдың, Шәйбанидің, Хорезмидің үлгілерімен түбірлес махаббат лирикасын жасаған. Ал поэзияның мұндай түріне махаббат культімен қатар, шарап ішуді дәріптеу нақышы да тән. Міне, бұл тұрғыда Жұматай поэзиясы тек Катуллмен емес, әйгілі Омар Хаям поэзиясымен де жақындығын көрсетеді.

 

Омарға сенген болады Хаям,

Сенбеген кетпек Хаям да болмай.

 

Соңғы сөйлемде бір әріпті өзгертсеңіз болды, Катулл поэзиясы сияқты әдепсіздеу поэзиясының үлгісі шығады. Бұл сөз шеберлігінің, ақын виртуоздығының тамаша үлгісі емес пе? Сонымен қатар,  Жұматай гүл еңбегін, кемпірқосақ еңбегін сезетін. Міне, осының бәрі оны жастарға жақын қылатын. Өзгелердікіндей емес оның өлеңдері жастарды баурап, оларға еркіндік, еркелік атмосферасын сыйлайтын. Ол кезде сол жастардың қатарында өзімде бар едім. Мен Алматыға келерден бұрын Жұматай жас ақындарды Жаңа моңғол қағанаты деген ұйымға біріктіріп, өзін қағанмын деп жариялапты. Бұл әрине алғашқыда көпшілікке ерке қылық, зердеуи әзіл ретінде көрінген, бірақ мен кейін Жұматайдың соңынан ерген 30-40-шақты қыз жігіттерді көрдім. 80  жылдары Алматыға келгенімде мен де олармен жұғысып кеттім. Ол кезде топ топ болып Горький паркінде кездесетінбіз, немесе Жазушылар Одағы ішіндегі әйгілі «Қаламгер» барынан табылатынбыз. Сосын мен ол кезде Өнержай деген тау баурайындағы Жазушылар демалыс үйінде тұратынмын. Жұматай маған жас нөкерлерін ертіп келетін. Және оларға Шыңғысхан қолданған түрлі атақ беріп қоятын. Біреулерін ноян десе, кейбіреуін ильхан, саид дейтін. Ал маған менің алғашқы «Простор» журналында шыққан мақаламды оқып гоуан деген лауазым берді. Ол өзінен кейінгі екінші адамның биліктегі атауы екен. Мен ол кезде оның маған деген мұндай көңіл хошына таң қалатынмын. Сөйтсем Жұматай мені менің өзімнен бұрын таныған екен. Менің жәй ақын емес, ойшыл, философ болатынымды. Ал мен өз басым осы қасиетімді сезбейтінмін, сезсем де бағаламайтынмын. Алайда, ішкі ұнату, рухани жақындасу нәтижесінде мен Жұматай туралы мақала жаздым. Осы айтқан ойларымды мен сол кезде-ақ айтқанмын. Бірақ орысша жазылған мақала еш жерде басылмады. Мұндай поэзияны қабылдауға тіпті орыс ағайындарымызда ол кезде дайын емес еді. Сол кездегі қағанат мүшелерін атасам, олардың бәрі қазір белгілі ақын — жазушы болды. Мысалы, бізде екі ильхан болатын, олар Мейірхан Ақдаулетов пен Әубәкір Қайран, бірнеше саид болатын, олардың қатарында ең көрнектісі Гүлнәр Салықбаева, Светқали Нұржанов; Темірғали Көпбаев, марқұм Табыл Досымов сияқты көптеген нояндар болатын. Қазақ поэзиясының, қазақ мәдениетінің нояндары. Кеңес Одағы дәуірі бітіп келе жатқан өліара шақта Жұматай қағанымыз біздің өз өзімізге деген сыйластығымызды көтерді, анау-мынау үстірт жылтырақ нәрсеге еріп кетпей өз өзімізді сақтауымызға себеп болды. Бұл үшін біз оған мәңгі қарызбыз.

Оның құрған ұйымын қағанат деп атайтыны, өзін төре санайтын Жұматай Шыңғысханды аса дәріптейтін. Ол ойын күлкісі аралас: біз қазақ емес, моңғолмыз дейтін. Ең қызығы, оның осы болжамы дұрыс боп шықты. Жақында шыққан «История степей» деген кітабында Султан Акимбеков Қазақ хандығының даму динамикасында моңғол тайпаларының маңызы басым екенін анықтады. Ол тіпті қазақ жүздерінің шығу тегіне тоқталған. Оның ойынша, олар 15-16  ғасырда емес, 17 ғасырда пайда болған. Өйткені одан бұрын олар Ноғай Ордасына, Могулистанға кірген, және қазіргі Орталық Қазақстанда топтасқан дербес елдер. Олар жоңғар шапқыншылығы қаупіне байланысты бірігіп үлгірген. Және бұл қозғалысты Абулхаир империясынан бөлініп Могулистанға көшкен моңғол текті қазақтар бастаған. Міне, автор осы концепцияны үлкен жаңалық ретінде келтіріп отыр. Ал бұл ойды насихаттауды ең бірінші бастаған сол баяғы Жұматай Жақыпбаев болатын. Ол осылай ойламаса Жаңа моңғол қағанаты деген ұйымды құрмас та еді.

Ал мен өз басым Жұматайды Шыңғысханға емес Иисус Христосқа ұқсатамын. Өйткені ол өзінің тірілей құрбан екенін сезетін. Енді өлідей де болмаса екен. Сондықтан мен Жұматайға арналған бұл бағдарламаны мынандай 2005 жылы жазылған өз өлеңіммен бітіргім келеді.

 

Жұмағұл Шора, Жұматай, менің Жұм-ағам,

Қазақ жоқ маған өзіңнен артық ұнаған.

Алпысқа биыл толады екенсің, он бес жыл

Жұмақта жүрсің арылып барлық күнәдән.

 

Ішпейсің онда, шекпейсің онда, жазбайсың,

Абайша айтсақ, шыбыны да жоқ жаздайсың.

Мінсіз ең… енді мінсіздігіңізге зәруміз,

Христос ақын оралшы бізге азбай шын.

 

Тіріліп тағы, жинашы қайта қағанат,

Жиренің қайда, болмайды саған шабан ат.

Серіксіз, доссыз өлімші болдым, Жұм-аға,

Өлуден гөрі тірілу жақсы аманат.

 

Өзіңсін мұны аманат қылған, әмірім,

Өзіңсің басқан бар нәзіктіктердің тамырын.

Тағдырың сенің жас ақындарға көшуде,

Тірілші, кәні, «мамырың келді, мамырың».

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *