Журнал "ТАМЫР" Выпуск №48 (2019-2020), ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ, Рубрики журнала, Свежий номер

Маруана Хамзақызы. Жұматай Жақыпбаев және гүл

Маруана Хамзақызы Алматы облысы, Жамбыл ауданының Қарғалы ауылында дүниеге келген. Iлияс Жансугiров атындағы Жетісу Мемлекеттік университетінің түлегі. Шығармалары қазақ, орыс тілідерiнде жазылып, жарық көрiп, сонымен қатар әзiрбайжан, түрiк, ұйғыр тілдеріне аударылған. «Писатель года России» номинациясына 2017, 2020 жылдары ұсынылған. Бакуде «Yovsan atri» — *Жусан исі » атты әңгімелер жинағы жарық көрiп, әңгімелерi Әзiрбайжан прозасының антологиясына енгізілген. 2014 жылғы «От сердца к сердцу » конкурсынын » Интернеттегi ең үздік шығарма» жүлдесінiн иегері.

ЖҰМАТАЙ  АҚЫН  ЖӘНЕ  ГҮЛ

Гүлінің молдығынан сабағы майысқан бөртегүл мен көгілдір дала гүлінің хош иісі мұрын жарады. Құмыра толы құшақ-құшақ гүлді терезе алдына да, стол үстіне де, еденге де жайғастырып тастағам. Бұл–Жұматай ақынның мерейтойыма арнап тартқан сыйы. Иә, иә, таңданбаңыздар, Жетісудің теңдессіз лиригі, қысқа ғұмырында нәзік сезімді жырлап өткен Жұматай Жақыпбаевтың өзіме қайтарған  гүлі…

Бұл адам сенгісіз хикаят былай басталып еді…

Ілияс Жансүгіров атындағы педагогика институты ашылған жылы мен осы оқу орнының алғашқы студенттерінің қатарында едім. Талдықорғанға кіре берістегі ықшамауданда Айдархан жездем мен Қарлығаш әпкемнің қолында тұрып оқыдым. Бұл үйдің есігі күндіз-түні бір жабылмай, төрінен қонақ үзілмейтін. Осы шаңырақта жүріп қазақтың талай-талай игі жақсыларымен таныстым. Дәнеш Рақышев, Қуаныш Сұлтанов, Ақселеу Сейдімбеков, Қойшығара Салғарин, Сәкен Иманасов, Әбен Дәуренбековтер бұл үйде жиі бас қосатын. Жұматай ағамен де осы үйде жүздесіп едік.

Жездемнің жақын досы, жаратылысынан жаны ерекше Жұмекеңнің бар болмысы да ерекше еді. Сұлу мұртын сипап қойып, өмірі бір асықпай-саспай, бойын тіктеп жүретін. Көп тыңдап, аз сөйлейтін. Отырыстарда домбыраны қолға алып, құлағын баппен бұрап, шерте бастағанында жұрт бірден тына қалатын еді. Содан соң домбыраның қоңыр үніне ақынның сазды даусы қосылып, жаныңды жаулап алар керемет бір үндестік туындайтын. «Айыбым болса кеше жүр, асқақтау жердің маралы…»

Әнін ширата бастағанда, ақынның жан сыры отырған жұртты түгел баурап, бар дүние ұмыт болатын. Тек осы сәт, осы ән, осы үн, осы сағыныш пен үзілмеген үміт қана үлбіреп тұратын еді-ау бөлмеде. Ән қалықтап барып үзілген шақта тыңдаушылар тәтті сезімдерін кілт үзгісі келмей, біраз уақыт маужырап, мұңға бататын. Содан кейін әңгіме-дүкен басқа бір арнаға ауысушы еді. Жұрт қолқалап ақынға өлеңдерін оқытып, күйлерін шеркізетін. Айтқан әңгімелерін ұйып тыңдайтын. Өз басым одан кейін өлеңдерін дәл Жұматайдай мәнерлеп оқып, әнді әуелете шырқайтын, күйін құйқылжыта тартатын ақынды кездестірген емеспін. Мүмкін, ондай дарындар маған  жолықпаған шығар.  Иә, айтпақшы, мен айтайын деген әңгімемнің ауанынан біраз ауытқып барады екенмін.

…Көктемнің бір жарқыраған күні болатын. Айнала құлпырып, құстар құйқылжыта ән салған шақ. Қысқы сессия артта қалған, жазғысына әлі біраз уақыт бар, қарын тоқ, көйлек көк дегендей. Көңілім алып-ұшып, аяғым жерге бір тисе, бірде тимей, жатақханадағы құрбыларыммен кездесуге орталық көшемен ұшып келем. Өте тығыз шаруам бардай,  тым асығыспын. Әлдебіреу атымды атап шақырғандай ма… Кім болды екен деп, жан-жағыма қарадым. Жападан жалғыз, көшенің қоршау темірінде арқасын  күнге тосып, Жұматай аға отыр екен. Қасына барып, сәлемдестім. Ол кісі биязы жымиып, «Аманбысың, қалқам!»- деді. Жөн сұрады. Уақыты бос болды ма, білмеймін, Жұмекең өзіне тән кербез мәнеріне салып, ананы-мынаны тәптіштеп сұрай бастады. Көбейіп бара жатқан сұрақтарына жауабым таусылып, мынадай тамаша шақта жалғызсырап отырған ақынның көңілін аулайын дедім де, қолымдағы бір тал шұғынық гүлін ұсынып, «Аға, мынау сізге…»-дедім. Ақын гүл атаулыны тұңғыш рет көргендей, таңырқай қарап, үнсіз отырып қалды. Мен асыға қоштасып, өз жөніме кете бардым…

Содан кейін азғана уақыт өткен еді, сабаққа келсем, курстастарым жамырап, «Саған Жұматай Жақыпбаев өлең шығарыпты, радиодан естідік»,- дейді. Бұл жаңалыққа сенер-сенбесімді білмей жүргенде, Жұмекеңнің өзі де біздің үйге келе қалды. Қайран балалық-ай десеңізші, «Аға, аға! – деймін, – жұрт Сіз маған өлең шығарды дейді, рас па? Оқып беріңізші!»,-деп қолқалаймын. «Шығарғаным рас, өлең сен сыйлаған шұғынық гүл жайында, бірақ сөздерін ұмытып қалыппын…»,-дейді ақын қысылыңқырап. Қылқылдап қоймаған соң, екі шумағы ғана есімде қалыпты, соны оқып берейін, дегендегісі: «Наградталып көрмеген екем туғалы, жапырақтар сонда қол соғып бәрі шулады…»,- болды.

Сол шумақтар жадымда осы күнге дейін сақталып, есейе келе маза бермейтін болды. Бірде өлеңнің басқа шумақтары қандай болды екен деп ойласам, енді бірде бір тал гүлді баға жетпес сыйға балаған ақын сезіміне таң болам… Амал қанша, қанша іздестірсем де, сол өлеңнің толық нұсқасы қолыма бір түспеді. Бұл да болса суреткер құдіретінің бір жұмбағы шығар деген жорамалмен арада жылдар өтті.

Иә, содан бері қаншама су ақты, қаншама көктем келіп, дала төсі алқызыл гүлдерге бөленді. Есейіп, егде тарттық. Өткен жылдың көктемінде достарымызбен қыдырып қырқаға бардық. Жол бастаушымыз — жиенімнің дос ағасы, жердің жайын жақсы білетін Өмірбай ақын. Барған жерден ұзын сапты селебе пышағымен үңгіп жерошақ қазып, қала тұрғындарын бір таңдандырған. Әңгіме барысында Жұматай аты аталғанда, кездейсоқ жерден ортақ таныс тапқаныма мен де таңырқадым. Дүлдүл ақынмен кезінде таныс болғанымды айтып, баяғы оқиғаны баяндап бердім. Өмекең «айналайын, қарағым-ай!»,–деп бәйек болды да қалды. Студенттік досын емірене есіне алып, ағынан жарылды. Содан соң ескі таныстардай өткенді еске алып, шүйіркелесіп қалдық. Кеш батуға ыңғайланды. Қайтуға жиналсақ та, бәріміз күні бойы айтылған әңгімелер әсеріне тәнтіміз.

Көлігіміз бір белестен асқанда, алдымыздағы жадағай қыратқа жайқала өскен небір әсем  қыр гүлдері көздің жауын алып, тоқтамасымызға қоймады. Нәзік сабақтарының басындағы үлбіреген шағын көгілдір гүлдері бейне бір үлпілдеп қонған көбелек дерсің. Үзіліп кетердей, бар болмысы тазалық пен пәктіктің нышаны іспетті, жүректі еріксіз шымыр еткізеді. Сайын даланы көмкерген гүлдің көптігі сондай, жер бетіне көгілдір жібек матаны, яки масаты кілемді төсей салғандай, керім бір көрініс. Бұрын-соңды көрмеген ғажайып гүлдер… Күннің ұясына қонған ғажайып суреті, ымырт үйірілген бейуақ мезгіл… Осының бәрі менің көз алдымда әлі күнге дейін сақтаулы тұрғандай… 

Шыдай алмай, машинаны тоқтатып, жүгіре шықтым. Өмірбай ақын жұрттан бұрын түсіп, гүл теруге кірісіп кетіпті. Басқалар да одан қалысар емес. Енді біреулері кешкі жұпар ауамен рахаттана тыныстап, айналаға барлай қарайды.

Теріп алған құшақ-құшақ гүлін қолтығына қысқан Өмекең қасыма жақындады. Маған қарап: «Қарағым, кезінде досыма гүл сыйлаған екенсің. Аруағыңнан айналайын, Жұматай, көзі тірі болса, қарымтасын өзі өтер еді. Осы дала гүлін Жұмекеңнің атынан саған ұсынып тұрмын, қабыл ал!»,-деді бар ықыласымен. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін»,-деп, данышпан қазақ қалай тауып айтқан, риясыз дос көңіліне қатты толқып, Жұматай сыйын Өмірбай ақынның қолынан қабыл алдым…

Қайтуға асықсақ та, Өмекең қоярда-қоймай жолдан өз үйіне түсірді. Кетерде біздерді мәрттігіне тағы бір тәнті етіп, өз шарбағындағы қалың өскен әдемі бөртегүлден молынан үзіп, шоқ-шоғымен бәрімізге тарту етті. Біздер қонақжай отбасымен қимай қоштасып, түнделетіп Алматыға жүріп кеттік.

Сыйға алған гүлдер құшағыма әзер сыйып, көлігім бүтіндей гүлге көмілді. Әлсін-әлсін бетімді жұпар аңқыған гүл шоғына басып, емірене иіскеймін. Іштей қатты толқып, үн-түнсіз отырмын. Бір сәтке сол бір шуақты көктемім, сонау гүлдей жайнаған он жеті жасым қайта оралғандай. Апыр-ай, десеңізші, ақынға гүл ұсынған сол күннен бері санасам, тұп-тура отыз үш жыл өткен екен. Қайран, Жұмекең! Араға аттай отыз үш жыл салып, жадыраған осынау көктем күні, сол бір тал гүлімді өзіме десте-десте етіп қайтарып, кезінде өлеңнен шашу шашса, бүгін міне, ақынның жомарт жаны гүлден де шашу шашқан екен -ау…

                               ********************************

Осы жерде нүкте қойылып, хикаят аяқталған еді. Бірақ, бұл оқиға ары қарай өз бетінше өрбіді. Жұмекеңнің өлеңі себеп болып, жан жары,  ақын Зайда Елғондиновамен де таныстым. Болған оқиғаны баяндап, бұйымтайым,  Жұмекеңнің маған арнаған өлеңін табуын сұрадым. «Жұмсағанға Сіз жақсы»,-деп, Қарлығаш әпкемнен Жұмекеңнің сол үнтаспасын  облыс радио архивінен қарастыруын өтіндім. Қайран әпкем, өтіншімді екі етпеді, бірақ архивтегі талай құнды материал, өкінішке орай,   аумалы-төкпелі заманда ұшты-күйлі жоғалып кеткен екен.

Зәкең де ақынның талай дүниесінің, оның ішінде маған арнаған жыр шумақтарының не қолжазба, не баспа түрінде табылмағанын қынжыла жеткізді. Және де, адамның өзі өмірден өтсе де, жанының мәңгілік екенін баса айтып, болған оқиға кездейсоқ емес екенін түсіндірді. Ізденсең, ағаң араға жылдар салып, өзіңе гүл шашу сыйлағанындай, өлең жайы да жайғастырылар деген еді. Солай болды да…

Жақында Өмірбай ақынның досы, жиенім Рәтбек Сағид-Уаһастың «Сүмбіле-сұлу жұлдызым» атты өлең жинағынан мына өлең жолдарын кездестірдім:

«Сен илхансың, сен саидсың, ал мен болсам –Қағанмын!»

дейтін сөзі есімде тұр, ер Жұматай ағамның.

……………………………………………………………………..

Илханы жоқ, саиды жоқ, Қағаны жоқ ғаламның,

Түкке тұрмас бір беймезгіл екеніне алаңмын.

– дейді Рәтбек ақын  Жұмекеңмен өткізген күндерін сағына. Кітапты әрі қарай парақтап, өзім жақсы көретін, талай мәрте оқыған өлеңін дәп алғаш рет  ашқандай болған едім… Иә, иә, деймін, осы болар Жұмекеңнің маған берген жауабы. Жас шағымның елесіндей іздеген, мен соншама керек қылған сол өлең…

СОЛ ӨЛЕҢ
 
Мені бүгін жазғыр мейлі, аппағым,
Саған жазған сол өлеңді таппадым.
Бәлкім, жыртып тастағам ғой ызадан-
Сен біреудің ағартқанда ақ таңын.
 
Айтшы, кінә сенен бе, әлде менен бе?
Саған теңеу таппай әлде келем бе?
Гүл сезімді орап едім аялап-
Үш-төрт шумақ шағын ғана өлеңге.
 
Шым-шым ойлар жүрегімді шымшылай,
Жаздым тағы, жазған көңіл тыншымай.
Бағынбады бірақ менің еркіме,
Табылмады сондағы іңкәр жыр шырай.
 
Мүмкін емес, енді өткенді қайталау,
Кеудемізде жанбайды рас, қайта алау.
Іздерің бар жас шағыңның елесін-
Өзің жаттап алмадың ба, сайтан-ау?!
 
Бесін ауып бара жатыр төбеден,
Уақыт шіркін, жылдам еді не деген?!
Көбейгенмен, кеңейгенмен керегем,
Көзім-әжім, қырау-көңіл терезем.
 
Қақырап бір сөгілгенде көбеден,
Тасып-ақ бір төгілгенде кенерем,
Сүлейменнің жүзігіндей жебеген,
Дегенменен, керек еді сол өлең…
О, деген! …

Осы жерден нүкте қойсам да болар еді… жоқ, әлде де ертерек пе…, кім білсін… 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *