Журнал "ТАМЫР" Выпуск №48 (2019-2020), ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ, Рубрики журнала, Свежий номер

Шалқар Дәулеткелді. Жібі үзілген батпырауық

Шалқар Дәулеткелді1989 жыл 25 қазанда ҚХР-дың Іле облысы Құлжа ауданы Ойманбұлақ ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінің түлегі. Мәдениеттану ғылымының магистрі. Өлеңдері мерзімді басылымдарда жиі жарияланып тұрады. Қазір Алматы қаласы ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасында қызмет атқарады.

 Жібі үзілген батпырауық

Ілуде бір кездесетін мыңнан бір мезеттерден кейін де,
Үнсіз терезеден сыртқа қарап отырдық.
Өткен қыс күндеріндегідей қар жауған көшелерге,
Қағаз батпырауықтарға ұқсап жібі үзілген,
Қарап отырдық, одан әрі де автобус аялдамаларына –

*“Мені тастама” атты картина ілінген.

Өткен қыс күндеріндегідей…
Көше сыпырушылар да,
*Жол жөндеушілер де,
Жылу жеткізушілер де
Дағдарыссыз…

Дағдарып қалдық біз ғана келесі қадамды жасауға,
Бағыт жоқ бізде…
Жүрегіміз жұмсақ сағаттардай балқыған,
Уақыт та жоғалған, майысқан тіл де…
Тыныс жоқ бізде…
Шексіз бөгеттерге де,
Мінсіз жоқтаушыға да жол ашық…

Келесі қадамды жасауға;
Сен орныңнан сыбдырсыз тұрдың тағы,
Алдыңғы қадамды қайталап,
Күнтізбенің және бір парағын жырттың…
Кейін, “Мені тастама” атты картиналар ілінген,
Аптобус аяалдамаларында тұрып,
Бір-бірімізді мүлде ұмыттық.

Өткен қыс күндеріндегідей…

*Алматыда кейбір автобус аялдамаларында «Мені тастама…!» атты картина ілініп тұратын.
**Гомердің айтуынша бір аңызда Сизифке жол жөндеу жұмысы бұйырылған дейді. (Альбер Камю «Сизиф туралы миф»)

                   

Өтпелі бір кезең

Мең-зеңдіктің немқұрайлыққа ұласатынына мән бермей,
Толықтанбаған бір бостықтың кірптар етуінен.
Иен далада үдей түсетін құлазу сезімінің де,
Рахатқа бөлей алатындығын…
Мағынасыз шаттықтар кеңістігінің ұлғаюынан,
Жылдардан бұрынғы –
Аялдамада қалған жалғыздық сезімінің де,
Рахатқа бөлей алатындығын…
Қарлы әлемнен жеткен елестен
Қурап қалған Гүлқайыр сабағында ілінген
Мұз ішіндегі көбелектің өлі денесі
Толықтанбаған бостықтың кіріптар етуінен…
Жыллдар өткеннен кейін есіне оралғанда –

Саябақ ішінде жартылай күлімсіреген тас мүсіннің,
Жарты күлкісін жасырған таныс жүзінен,
Мүлде бейтаныс құстар ұшып жатты.
Көше шырақтар жарығы мен таңғы сәуле арасындағы,
Өтпелі бір кезең сынды.

***

Демеппе еді тасбауыр уақыт қояды жұтып,
Кім тірліктен безбекке,
Уақыттан безбекке
Тыншымақ табытқа түсіп…

Жерледім саусақтарымды тәнім орнына,
Жерледім тәнімді жаным орнына.
Тастың-тасқа жауап айтатыны секілді,
Жапрақтың-жапраққа,
Қайтатыны секілді топырақтың-топраққа.

Үшбу хатымды жазғанда,
Бармен жоқтың сызығында тұрып;
Бір ауыр сөзді құмға жазбақпын
Бір ауыр естелікті…
Жомарт кешірімшіл бір самалдың –
Шайып кететінін біліп.

Жерледім тәнімді жаным орнына,
Жерледім ауыр сөзді бір арым орнына.

***

Алғитаудың арасында,
Соғыстан соң қол аяғы кесілген,
Қалған адам қайраң бетінде.
Шашырап кеткен бояулар ақ қағаздағы,
Мағыналар ішінен мағынасыздыққа толы…
Сәулесі шашраған Аққар мен ай, гүл өңімен,
Түссіздікте Сұлу тән ағып кетер лай-сеңменен
Сыбдырсыз қанат қаққан көбелектей
– сүйегінен.
Алғитаудың арасында,
Қайраңда қайрлаған қағаз кеме,
Кеткенсоң тасқа айналып жел кемірер,
Басылған қабырғаға тағдыр жазу –
Бір ұлы құтқарушң секілденіп,
айналар жұбаныш боп олда өлімге.

Ең соңғы сұлулықта,өліп бара жатқанымда,
Кеудемнен ұшқан құста, қалықтай алатынын сезіндірер
қанатын аңыздарға қақпаса да.

***

(Өлім жапрақтары)
Жүдеу жол бетін жапқан сары жапырақ,
Табан астында үгітіліп жатыр –
Өткен күзддерді еске сап…

Мен кетіп барамын,
жан дүниемді табан астында жаныштап,
Қақпа ішінде қалған айғайды еске сап…

Сәлден кейін жел тұрмақ,
Біздің үгітілген бөлшектерімізді,
Жел ұшырып әкетпек.
Бұнда еш мән қалмағандай,
Өмір бізден жасырынбақ солғындап.
Қақпа ішінде жасырынған ол кімге…
Сыбдырлайсың өңменіңнен жел зулап.

***

Тән емес бізге мінсіз жасампаздық,
Қайта жалғай алмадым…
Сары жапрақты үгітіп алып.

                      

Жел (Болмыссыздық)

Кел,
Сүйікті жел!

Терең қайғы да,
Шексіз шаттық та…
Сыйлайды ортақ бір дүние,
Жүректі тұтқындаған белгісіз мағына,
Мағынасыздықты ән етті тағы да.

Кел,
Сүйікті жел!
Сүйіктім, сен ренжіме бұл күнде,
Емдеді жел, өшірді жел…
Мен аттап өтуге болмайтын,
Сен сызған сызықты.

Тасқа таңсық емес қауырсынның құлағаны,
Тастың құшағы тасқа жұмсақ.
Сенде жоқ, бұнда жоқ алақанды,
Мейірімді екі көзді –
Сыйлады жел.

Сүйіктім, сен ренжіме!
Еске түсірмейді сенің бір жұп қолыңды
Бір-біріне шырмалған –
Саусақ іздері де,
Терезе алдында сен ұмыт қалдырған.
Кел,
Сүйікті жел!

               

Мың қаралы ақ көбелек

Бір кезгі шақырған биік – Адасқан киік.
Құлаған құс күн түбінде Қанаты күйіп.

Құлан жалында сағымы сусыған,
Құлан жондардан аунады күн.
Күн астында ма,
Түн түбінде ме,
Ізімді желге қалдырдым.

Көл түбіне шөккен сәйгүліктің үміті секілді,
Көл шайқаған ақ пен қызыл көбігі.
Күн түбінде құлаған құс –
Ой теңізін қанатымен сызған хаттар да,
Бір кезде тоқтаған.

Ескі қорғанда тұншыққан
дыбыстар қалған орнында,
Бірте-бірте
түссіздікпен кетті үндесіп солғындап.
Шырағыңды қайта-қайта өшірер,
Өшірер…
Қиялыңда қалған құстың қанатынан жел зулап.

Ескі қорғанда ұмытылған,
Ескі қақпадан еніп сен келерсің, Ай.
Аулақта, Балбалдар маңдайында сәулең дірілдеп.
Мергия жапырағындай жұлынған ай түбінде,
Оны да Жел тербеп тұрғандай…

***

Ол саусақтарымен қоштасқан,
…пернелер басқан,
Қоштасқан тағы –
Желбіремес тулармен,
Желкілдемес жалаумен.
Бір кезде құлаған күйінде,
Сілкінбеген шаңы.
Жүріп өткен үстімен,
Бүйелер түкті сирақтарымен салқын,
Сана жолында ізі жасырынған қиял секілді…

Есігі жабылған ескі үй – су суық,
Шөкті қобыз күрсініп,
Шыңыраудан қалған қайтып шыға алмай,
Ауыр шынжыр құрсаған жол баяғы,
Кілт сөзі ұмытылған,
Өткендер қиялында шегеленген қол-аяғы.

Ер түріктің сарбазы,
Ғасырлар бұрын сілтенген семсер ұшымен,
Сана жолында ізі жасырынған қиял секілді…
Соңғы сөзін құмға жазды;
О, ағаштың жапырағы жайқалған тәңір ісімен,
Ай түбінде үзілген тәңір ісімен.
Кітабым – аспан, жер…
Сөзім тілім ұшында…
Жазуым семсер ұшында…

Сен батарсың, Ай, аулақта
Құмда жазылған жазулар үстінде,
Сәулең дірілдеп.

***

Шағылған терезеден сәуле де түспеді,
Мейірімді самал да енбеді…
Күнсіз гүл солды,
гүлсіз күн сөнді.
Күн түбінде құлаған құс секілді,
(Ой теңізін қанатымен сызған хаттар да,
Бір кезде тоқтаған).
Сана жолына нұры сіңген,
Не ұғынуға болады,
Терезеден телмірген көзден
Өң бе, түс пе, белгісіз елеске шырмалған.

Топырақ астынан семсерлер сыңғыры естілер,
Жусандар ырғағынан семсерлер сыңғыры естілер,
Балбалға айналған сарбаздың ойынан
Семсерлер сыңғыры естілер.
Балбал – әкеміз,
балбал – анамыз,
балбал – жарымыз…
Балбал басынан айнала ұшқан,
мыңдаған ақ көбелек
Қанаттар сусылынан семсерлер сыңғыры естілер.

Тұтылған күн – құлан жондардан аунаған күн.
Күнсізде күл болды – гүл,
Күнсізде күбірледі қыз;
Балбал – әкеміз,
балбал – анамыз,
балбал – жарымыз…

Алыс мезгілдер арасын жалғаған ізбен,
терезе алдынан Шағылған.
Мың қаралы ақ көбелек ұшып өтті,
Қанаттар сусылы шақырған…

***

Шағылған терезеден кешігіп ендің, Ай,
Елеусіз жабылған есіктен –
Ешкім оны еске түсірер саусақ ізі де табылмас.
Аулақта,
балбалдар маңдайында сәулең дірілдеп,
Сен батып барасың.