Журнал «ТАМЫР» №17 январь-март 2006 г., Читать онлайн

Әуезхан Қодар. Жоқ Ару

Жоқ Ару

tixaya-gavan

Менің билеушім, Жоқ Ару,
Күзгі жапырақтардан қылаң береді.
Көк пен көкей…
Немесе,
Көкейден айырылу,
Әлсіз ойдан босай алмай,
Жалғандық патшалығында опыну.
Мүмкін, менің жүйкем тым жұқа,
Мүмкін, мен тым күйгелекпін.
Ал менің шүйкебасым
Есімсіз,
Мәнсіз жан,
Ешқайдаға қадам басқан
Биік өкше.
***

85313991_large_19672406

Ұмыту шымылдығы
Түннен де тылсым.
Ол, тіпті, жұлдыздан да ада.
Оның тас қараңғылығы
Қағба тасынан да басым.
Ол сенің мәңгі қамқоршың және қарауылың…
Бұл зынданда сен қандай жалғызсың?
Тек көзің бар сенде, әттең, пайдасыз?
Тек ерінің бар… сүйісу дағдысын ұмытқан,
Тек тыңға айналған құлағың бар…
Қандай байсың өз денеңмен
Жаны алқымға тығылған.
Ол түн мен ызғарға өзінің ыстығын қарсы қоюда.
***

Жоқ Ару, ұғынудың шегі,
Сымбаты түзу бір бикеш.
Ол өмір мен өлімнің аржағында,
Ол Стикс қайығын өртеген Харон,
Ол Персефонаны ұмытқан Орфей.
Ол «қызыл кірпіш», тиым белгісі,
Шыңырау жиегінде үзілген соқпақ.
Тормозға басып, мен кері қайтамын,
Бірақ онда да мен Жоқ Аруды көремін,
Ол Пастернактың өлеңіндей көңілді.

***

1348001666-1068412-0_04-www.nevsepic.com.ua

Жоқ Ару, таза қағаз,
Тарихтың жаңа парағы,
Оның тарихы ұшан-теңіз,
Парақтарында қитұрқылық тұнған.
Ал қағазы – тек дәретханалық,
Бірақ мұндада Тәңірлер тірлік етеді.

***
Музыка жизни... (сюрреализм)-2

Жоқ аруым, мынауың не, кімді жидың дәл мұнда?
Текелер ме, қызтеке ме әуім-сәуім қалпында?

Солғын енек, не болд саған, кеткені ме бақ тайып?
Сәл ертеде тұрушы едің бөренедей қақайып…

Елестете алмайтын ек бұл дүниені енексіз,
Адуын ең енді болдың тастандыдай керексіз.

Не қалдырдың, не бітірдің, кешір енді сот мынау.
Түрлі бикеш төсектерін шалшықтаумен өттің-ау.

Тұр қасыңда кәрі теке, терлеп-тепшіп, тауаны
Шағылғандай. Жазбаса екен бұзып қойып ауаны.

Қуантады дәл қазір ол мақтауымен тегештей,
Текелердің мақтау жыры бір ғанибет емес пе?

Енек, байғұс, басылыпты, әтегіндей патшаның,
Өлең-жырын ұмытқан ол, болсадағы қанша мың.

Ол өзін де ұмытқандай мына теке-жиында,
Бәрі сүйіп, жағдайы да бара жатыр қиындап.

Бәрі сүйіп жабысады, дегендей-ақ «Қылшы бір!»
Қылшы кәні, олар үшін қымбат, тіпті, қылшығың!

Ей, текелер құйшы, кәні, тұяқ, әлде, мүйізге!
Мен қайтайын, мұнан мықты қайтем енді күй іздеп!

Маған, сірә, орын жоқ-ау ешбір маңда, еш жерде.
Жоқ аруым, сені іздедім саудан және есерден.

Әдетте әйел тартар сыртқы пішінмен,
Жырауша айтсақ, оймақ ауыз, күлім көз.
Сен бір пішін тым тереңде пішілген,
Сен бір ғажап, одан өзге ілім бос.

Мөлдірлігің Тәңірдің көз жасындай,
Нұрлы әуезің өбеді кеп ерінсіз.
Іңкәрлігім саған деген басылмай,
Дегім кеп тұр: «Аяулымсың! Керімсің!»

Хас маржандай жасырынған тереңде,
Кездескенде сыйлайсың тек шүғыла.
Сенің тылсым сырларыңа ерем де,
Өзім сенің сырың болып жығылам.

ЖАЛҒЫЗДЫҚ

Қалауым едің қашанғы,
Тағы да мені қабылда,
Тартып ал мені жасанды
Дақпырттан және дабылдан.

Тартып ал мені жат күштен
Туыс боп жүрген өтірік.
Мен шаршап болдым тәтті іздеп,
Өзімде болып жоқ ырық.

Тартып ал мені өзімнен,
Мен енді өзім емеспін.
Мен қора – мұң һәм төзімнен
Іші бос және көмескі.

Қорадан әлгі қуылған
Сырларым, ойым, қиялым.
Осы ма маған бұйырған
Тағдырым әйбәт, миялы?

Жоқ бақыт қуып жүргенде,
Болыппын ада барымнан.
Жалғыздық қана тұр менде
Үміттен барлық арылған.

***

Қызым менің жалғыз талшық мені өмірге байлаған,
Жансыз тастай қылп етпейді ешнәрседен айналам.
Амалымды тауысқан соң күресуді қойдым мен,
Жұлдыздармен тілдесемін, жазу жазам, Ай бағам.

Өз-өзіме сүңгіп кеттім тұңғиыққа түскендей,
Сіріңкеден арзан бағам, көп болғанда үш теңге.
Табыңдаршы қайда менің болмыс-бедер, суретім?
Кім береді жылу маған жаз өзінде үскенде?

Кім айтады ойымдағы сан қиялды, сан жырды?
Ойым менің ешбір заттан медеу таппай қаңғырды.
Адам да бір зат емес пе аяқ-қолы, басы бар?
Бірақ сол зат бола алама түр-түсі жоқ жан құрлы?

Жан бір жұмбақ бойы да жоқ, салмағы да жоқ қасы,
Ирек-ирек қисық әріп бар ұсынар ботқасы.
Ой денеден туындамас, ойға тек ой себепкер,
Дене деген шексіз ойдың созылмалы ноқтасы.

Жан қиналар ноқта батса, сабаласа үзеңгі,
Үзеңгіден жиіркенумен саяжайға күз енді.
Саржапырақ – бопыр ақша таба алмаған нарығын,
Сен де, жаным, бақыт-бақтан күдеріңді үз енді.

Сен де, жаным, күтпе енді құдыретті өзгеден,
Саған өлең бола алмайды сенікі емес, өзге өлең.
Саған болмыс бола алмайды өзге жанның болмысы,
Өзің бәрін тудырасын тек өзіндік сөзбенен.

Бұл өмірге қызың емес, жарың емес байлаған,
Ол жәй сылтау туындаған жарыместеу айладан.
Сен болмыссың өшпес мәңгі, тіпті, өзің өшсең де,
Сол болмысың саған көшсін, қалып қоймай айнада.

Айна – айдын, сен де – айдын, жаны бар сен айдынсын,
Күлкің түгіл айналаңа білдірмейтін қайғың – сын.
От жанбас ед жаралмаса жану үшін о бастан,
Жанып біт те, жоқ бол енді, сырыңды тек Ай білсін!