Журнал «ТАМЫР» №30 январь-март 2012 г.

Айгүл Кемелбаева. Ереймей мен Ақынай

Жар басына қамалып,
Жарты лашық тігерсің.
Бұқар жырау

Құс қанатымен жазыда жылымық тартты. Үстірттің жеті жұрт көшкен құладүзінен жарып өтетін құс жолы күдірейген бұлан жон Арқаның жер-суына көлбейді. Жер-жиһанда бұл қиянды құдай көшке жаратқан. Көкте ұшар құстың ізімен, төменде ордалы құланның соңынан көшкен бабасы. Содан бермен көгалды белдерді иен жайлап, мал өсіріп, Құтымның қу шоқысынан Балқантауға дейін ай туса Темірқазыққа сүйеніп, адаспай жүре беретін еді.
Бөрінің айы долыра қысқанда Торғай ойпатынан үдей соққан жел құзға ық болмай, Арқадан Сыр бойына қалың арқар ауып жөнеледі. Алтай Қарпықтың иен жайлауы құлазиды. Ілгеріде көшіп-қону үзілмей тұрғанда бұл даланы бұрынғылар «Іш жақ» деп атаған екен. Орта жүз арғын, бағаналы найман, қыпшақ, керей, уақ пен Кіші жүз алшын, тама, жағалбайлы рулары ежелден қоныстанған.


Сонау ақ патша алтын тақтан құлаған межелі кезеңнен бермен қырық жыл өтіп, қазан жаңарды. Ел ішінде жылқышы мен қойшыдан өзгесі отырықшыға көндікті.
Көкек айында Ұлытау сыр жалаңаш қалудың аз-ақ алдында селге бауырын төсейді. Сай-саладан сарқырай тасыған, еріген қар суы таудағы аюдың үңгіріне толады. Боранды қыстың жартысы өтіп, бөрінің айында бір жамбасына аунап ұйықтаған аюдың сол жамбасы енді мұз ызғары айықпаған селге, құрсаулы сызға шыдас бермейді. Алты ай қыс ұйқыдан аю өстіп оянады.
Жеті Кеңгірдің суынан ұшқан жыл құстары лег-легімен Қорғалжын көлін паналайды. Көктал, Сарысу мен Атасудың ну қамысының іші толған ұяда жұмыртқасын шайқалтып қаз-үйрек, қу, ақбас тырна ұшып-қонады.
Балқашқа жер астымен құятын Тоқырауын өзені бойындағы ауылдан келген дадан тобықты нағашысы құтты қонақ болып шықты. Жап-жазық жазиралы алқаптағы туған ауылына Ереймен оралды. Арап қырдың етегіндегі шағын ауыл жасыл еңісте, Сарысу өзенінің жағасында орналасқан. Бір шеті қалың қорым. Ар жағы Бетпақтың баялышты шөлімен шектеседі.
Ереймен 1939 жылдың күзінде әскерге алынып, ғайыптың құсындай із-түзсіз жоғалған еді. Соғыста ел оны өлдіге санаған, ақыры жаназасы сыртынан шығарылып, он шақты жыл ішінде жесірі Ақынай жұма сайын дұға тие берсін деп ырымын жасайтын. Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді деп отырушы еді кимешекті аналары жарықтық. Сол сөз расқа айналды. Өлген ер жер таңдамайды, есіл жары көмусіз қалды-ау қайғыланып жүргенде 1948 жылы жазғытұрым Ереймен отбасына қайтып оралды. Он шақты жыл қайда қаңғып жүргенін бір құдай біледі. Орыстың өрт шалған орманында фашиспен соғысып, сол неміске тұтқын болған екен.
Ақынай соғыстан беті қаралы жас келіншек еді, өзі жоқтың көзі жоқ деп солқылдақ күй кешпеген. Мінезі адуын, атасы текті. Бір күнде басынан ұшқан бағы қайта қонды, қырық шырақты екен. Ақынайдың Ерейменмен жылап көріскені елдің көкірек шерін ағытып, мүлгіген моладағы аруақтарды бір аунатып жатқызғандай болды. Арғында тегіне ақындық кие қонған Тоқаның қызы ғой, қайтқан қазбен қоса оралған күйеуіне жоқтау емес, қауышу жырын арнап, сұңқылдап бір басылды. Мұстафаның қызы Ақынай. Дауысы аталас ағайыны Сейфулланың Қарашіліктегі сәні қашқан тозыңқы қыстауына шейін жаңғырды. Үйірлі киік жосылғандай ащы зар азадан тәубе сарынға ауысқан.
Бұл ауылдың ескі аты – Түгіскен. Мұнда бір-біріне бөтен адамдар жоқ, ынтымағы жарасқан, жағдайлары біркелкі жұрт. Ауылдағы қараша үйлердің тұрмысы бірдей, тақтай төселмеген тақырға киіз, сырмақ, текеметті жайып тастап, әрнені сылтаулатып той қылуға әуес. Соғыс аяқталғалы елдің еңсесі көтерілген. Қаралы қағаз талай ошақтың түтінін өшіргелі бұлар тамшыдай қуанышқа ылайым мұқтаж. Елдің бақ аңсаған мейірі мен пейілі соғыстан соңғы жоқшылықты сездірмей жіберуге татиды. Бұлар шетінен қонақшыл, ырду-дырдуды жандары сүйеді. Бірдің қуанышы көпке ортақ, жалқының қайғысын ел бір кісідей көтереді. Бұл ауылда жасырын дәнеңе жоқ.
Тоқаның бір жасөспірім баласының кеудесінде Ақынай апасының сарыны сақталып қалды. Сарысудың құба жонында ауылдың тап іргесінен киік жиі жосылады. Сол замат әлгі ұлдың көзіне алтын киік елестеп кетті. Сарыны ғажайып жырға сұқтанған болар. Анасы Ақторсық үйіне Ақынай апасы келсе отағасының апа-қарындасы емес, тап бір еркек кіндікті аға-інісіндей көріп, айрықша мәртебемен қонақ қылады. Ол асықпай екі-үш күн қона жатып кетеді, сонда анасы қатты қуанатын. Ақынайдың астына Ақторсық әуелі көгеріс өрнек жүргізген жаңа сырмақты жүкаяқтан алып төсеп, оның үстіне құрақ көрпені қалыңдап салғызып, бәйек болады. Екеуі аққұманды шоқтан түсірмей қанып ішіп, жылы-жұмсақты кертіп жеп, ұзақ әңгіме-дүкен құрудан жалықпайды. Ақынай тәтесі қолындағы жүзік, сақинасын үйде жүрген келіндеріне таратып береді. Томарлы сулардың басында ең алғаш қалыңдық болып, күйеу жігітімен оңаша жолыққанда салған күміс жүзікті өзі тағады.
Алпысыншы жылдардың аяғына дейін бұл елде арақ ішетін адам сирек еді. Соғыстан оралғандар, майдан көрген бірен-саран қазақ арақ ішсе, ауылдың аңқау балаларына дүкен ішінде орыстың арағын сатып алып, әңгіме үстінде қырлы стаканмен қағып салып тұратын үлкендер мәдениетті тәрізденіп көрінетін. Себебі, олар география пәнінен оқитын картадағы қиян жерлерді, Еуропаның ірі қалаларын көзімен көріп, біліп келді. Соғыстан келгендер қаны бұзылып, тілерсектен қан кешіп келді, оларға арақ ішу айып-шам емес деп ұғады ел. Контузия алмаса бұрын аузына татып алмайтын есіл ерлердің ащы суды ішіп не жыны бар. Уды у қайтарады. Көзге көрінбейтін жарақаттары күн райы бұзылғанда сыздаса, арақтың уытымен жеңбекке жақсы деседі жөн білетіндер.
Ереймен анда-санда арақ ішіп қояды. Ол совхозда қойшының көмекшісі, кейде қарауыл болып, жеңіл-желпі жұмыстарды істейді. Өзі әңгімені көп айтпайды, сөзге сараң.
Ереймен туған даласына табаны тиісімен қара жерге жата қалып аунаған. Иманақтың көкмұнар тауына жетіп, құлшылығын, ризашылығын құдайға күбірлеп айтуға асықты. Жебеуші Ие адам күбірін тау арқылы естиді деп әкесі айтқан өсиет сөз жадынан өшкен жоқ. Адам тауға, тау Тәңіріге айтады. Ол бір күні бұл тілегіне жетті. Жақпар тастың жиегінде отырып, тәубесіне түсіп, риза жүрегін ақтарды. Кеудесін қысқан ат басындай шер толқып шықты, соңы аппақ нұрдай алғысқа ұласты.

Төменгі ел жағалбайлының жайлауынан ішетін бал қымыз дәмін сағынатын. Ата-бабасының басқан ізі сонда сайрап жатыр. Бұл елдің малының сүті қою, күші шөптен, көкорай шалғын көгендегі қозы-лақтың арқасын жауып тұрады. Жас баланы көк құрақ жүргізбей қояды. Нұраға жетпей ағатын Құланөтпес пен Үшкөңнің суы бетегелі жасыл белдердің күміс белбеуіндей созылады. Арасы шоқ-шоқ тоғай өскен. Қызылтаудың қыналы тасынан бала құс бір құдай нәсіп еткен соң қарақатты, мойылды, бүлдіргенді өзекке құлдыраңдап ұшып шығатын. Бұлақ көп, бауыры жасыл.
Ереймен арақ ішсе арқасы қозып, ерлік жасауға ұмтылғандай алға кимелеп, «За Сталина!» деп айқайлайды. Түсініксіздеу сөзінің кейі орысша, кейі немісше, уралаған дауысын ауыл түгел естиді. Әсіресе, мектептен қайтқан боқша арқалаған балалар үшін оның бұл тосын мінезі ерекше қызық көрінеді. Өзі мас, әншейінде бұйығылау, момын адамның құбылып шыға келгенін көргенде, бала біткен Ерейменнің қасында топырлап қарап тұрады. Көздеріне автомат асынып, қаптап, айнала қоршап келе жатқан фашистер елестеп кетеді. Жетімек балалар әке кегін аларман күй кешеді. Ұзамай Ереймен көкелері аузынан ақ көбік атып, жер сүзе құлайды. Сол жатқаннан мол жатады. Ағайын Ерейменнің ұстамасы бар екенін біледі, сұм соғыстан тапқаны.
Ауылда жазда құм көшеді, ыстық жел аңызақ үрлейді. Күйеуінің мас болып сұлап жатқанын Ақынай дереу естиді. Ауызша хабар жасындай жарқылдап жылдам жеткіш. Арада анық бес минут өтер-өтпесте Ақынай адымдап үйінен шықты. Қолында үлкен бақан. Бір жақ қолтығында киіз. Ана қаздай мамырлай, Ереймен құлаған тұсқа таянды. Соңында қаз балапанындай шұбырып, жеті баласы ілеседі. Ереймен жер ошағына аман оралысымен, Ақынай баланы едел-жедел туып тастаған. Балалары қолына бір-бір зат ұстайды, ересегі ауырына, кенжесі жеңіліне ие. Ұлдары самауыр, шелек, шот, қыздары көрпе, леген, дастарқан, аққұман, шынашақтайы болса қасық пен кесе әкеле жатады. Тамызыққа бұтарланған ағашты біреуі арқалаған.
Ақынай денесі аса бір қапсағай, сүйегі ірі, еркек тұлғалы әйел. Ереймен сүйіп алған қосағының жарты денесіндей қағілез. Маңайда топырлап үймелей қалатын аңдуыл бала атаулы аға қуыршақтай, апа еңгезердей қалпына таңырқай қараудан жалықпайды.
Күн астында өлі ұйқыға батқан ерінің басына Ақынай жалғыз бақанмен қос тікті. Бір жақ басы аша, ұзын ағашты киізбен екі-үш айналдыра ораса баспана дайын. Қастерлі қара қосқа түлкі тымағына мұз қатқан жылқышы жігіттер Арқаның ақтүтек, бөрілі аяздарында қыстап шыға беретін. Ерейменнің астына сырмақ, оның үстіне көрпе төсеп, қосағы ерін жас балаша көтеріп жұмсаққа жатқызады. Ереймен дым сезбей тастай қатып, ұзақ ұйықтайды. Бұл мезгілде оның балалары үнсіз қимылдап, шаруаны тап-тұйнақтай жайғап жіберер еді. Әрқайсысы өз ісін біледі. Бір ұл отын жақса, екінші ұл су дайындайды. Сырт көзге бұлар отбасымен ерігіп, қыдырып шыққан тәрізді әсер етеді. Самауыр сарқылдап қайнайды. Сол кезде Ереймен оянады, ыңырсып, беті-басы құм жабысып, албасты басқандай мыжырайып, біртүрлі шөгіп оянады. Ернінде, сақал-мұртында ақ көбіктің айғыз ізі қалған.
Ақынай легендегі жылы сумен ерінің беті-қолын жуып, үстінің шаңын қағады. Енді ол күбірлеп, ішінен дұға оқып, ерін ұшықтайды, жер ұшық берген мезетті ерлі-зайыпты екеудің өз балаларымен қоса өзге балалар қалт жібермей бағып тұрады.
– Қарағым, Ереймен, сен мына шаңырақтың тірегісің ғой, балалар қорқып қалды ғой, – тіл қатты Ақынай.
Ереймен ұяң жүзі төменшіктеп, ұялы көзін жерге салып, иіні түсіп отырады. Бала-шағасы мен жарының бетіне қарауға жүзі жоқ, жарытып ләм-мим демейді.
Дастархан жайылды. Үстіне құрт, май, ірімшікпен қоса, окта-текте қоржын арқалап кеп өзбек саудагер сататын науат деген тәтті қант қоса қойылады. Алыстан аңдыған кей баланың сілекейі шұбыратын тәтті. Себебі, өз аналары мұны таңсық ас ретінде сый қонаққа сақтап, әбдіренің түбіне тығып қояды. Науатты Ақынай етегіне түйіп әкеледі. Жанқалтасынан қант шаққышын суырып алып, кесек қантты ұсақтайды. Ерейменге Ақынай үш-төрт кесе шайды зорлағандай қылып, шөлі қанғанша ішкізеді. Ереймен кесесін төңкергенде самайынан тер саулайды. Ақынай жібек бет орамалымен оның терін сүртеді.
Шай ішілген соң кестелі ақ дастархан бүктеледі. Қостың бақанын жығады. Енді Ерейменнің үрім-бұтағы қайтқан қаздай тізіліп, келген іздерімен қараша үйіне қайта оралады.
Ереймен үш-төрт ай жаңғырғанша арақ қырсыққа жоламайды. Бірақ ұстамалы дерті ішпесіне тағы қоймайды. Жылдың төрт маусымы тәрізді кезек айналып соғады.
Ол бұл жолы ойпаң жерге тұнған қақтың үстіне құлады. Жер дымқыл, ауа сыз, тұманды күннің тұнжыры жер-көкті орап алды. Ақынай сырық бақанды бір қолына, киізді бір қолына іліп, лезде жеткен. Ері қояншық ұстағандай, аузынан ақ көбік атып, тілін шайнай құлады. Кез келген жер Ерейменнің өлең төсегіндей, қара тас мамықтай көрінеді. Жасыл ойнаған кез болсын, күздің қара суығы болсын мейлі, көк күмбез Ерейменге алтын шатыр. Төпеп жауған нөсерді елең қылмай құлайды. Жер бауырына басын салып, бұзылған күн райына бағынбай жата беруге ол дағды алған. Жанын аямайды. Қыстың үскірік дауылы Ерейменге түк емес сияқты, жаздың күні болса көк майса көгалға аунауды жаны сүйеді. Бұта түбін жұмақтай көреді.
Ереймен жығылса қас қаққанша күркесі тігіледі. Ақынай тап бір қауіп-қатер дабылын күтіп, қарауыл қараған аңдуылдай шалт қимылдайды, әманда сақадай сай отырады. Әйелдің өңінде наразы ашудың табы түгіл, ырымға абыржып қиналып, үрей билеудің ізі білінбейді. Ақынай баласын қит етсе жаман сөзбен қарғайтын көк долы қатын емес. Ереймен не бүлдірсе де теріс қарамайды, күтім-бабын тауып, жарасып отырғаны. Ұл-қызы қаршадайынан елгезек, еңбекқор, мейірімді, бауырмал-ақ. Мектептегі кілең оқу озаттары һәм үлгілі, зерек, тәртіпті балалар Ерейменнің үмбеті.
Мас күйеуінің басына қорған болсын деп Ақынай жаппа қос тікті. Қос түбінде әлсін-әлсін тапжылмай өткізетін уақыт балалары үшін өтпестей көрінгенімен, олардың моп-момақан сүйкімді өңдерінен не үрку, не үрпиісе тосырқау сезілмес еді. Шетінен ойын жасындағы бала, бірақ қос басында алаңғасар еркелік сап тиылады. Тіпті өзара артық сөз айтуға рұқсат жоқ тәрізді үндемейді. Балаларының көкейінде осы бір өлара мезет масқара күй болып орнықпағаны құдайға аян, өйткені осы бейнеттің түбі зейнет. Алабөтен мезеттің әулет үшін әлдебір дегдар, қастерлі астары бар, сірә. Рас сенің әкең мас болып шалшыққа, жас жапаға, күлге, құмға, тікенекке жығылып, есі ауысқан ми айналма жаман халде беталбаты лағып жатқанын қара деп ешкім иттүрткі қылып, бұлардың бетіне басып мазақтағаннан аулақ. Контузия алса бәрінің әкесінің көрген күні осы болар еді.
Әуелгіде үлкендеуі айдалаға безе жөнелгісі келген. Тетелестері өз қатарының алдында қорынып, жасып қалып жүрді. Құдай басқа салды, көну керек. Әкесі оянғанша қара қос пана боларын, қос ішінде дастархан жайыларын қыл аяғы осы ауылдың күшігі біледі, бала атаулыға ілесіп, айналшықтап шықпайды.
Жез самауырын ақ патша заманынан бермен, конфескеде жер ошақта көміліп тасталғандықтан сақталып қалды. Кезінде Мұстафа ақберен мылтықпен қосып, орыстың қаласынан ат-арбамен алдыртқан құнды дүниенің бірі, Ақынайдың жасауына берілген.
Ереймен мастығы тарап, өңі қашып, арақтың уытынан қиналыңқы пішінмен оянады. Жастық дәурен өтсе де, ұялы көзі сол қалпы, томарлы судың басындағы бейнесін Ақынайдың жадынан өшіртпейді.
Ереймен өң мен түстің арасында сенделіп, соғыста бастан кешкен азабын арқалап, күйзеле бас шайқайды. Құдай қосқан қосағын Ақынай шешекке аунаған бұландай қылмақ, мәртебесін ханға теңгеріп, асырып-ақ жібереді.
Самауыр қайнайды, Ерейменнің басы салбырап, енжар қалыптан арыла алмай, мәңгіріп отырады.
– Ас батпайды, – дейді ол құмыға ақталған дауыспен, бірақ әйелі еріне қаймақ жағылған таба нанның үзбе кесегін тықпалап отырып жегізеді.
– Ереймен, сен асыраушысың, бала-шағаның күні саған қарап отыр ғой, әлденіп алмасаң болмайды. Көкеміз ауру-сырқаудан, пәле-жаладан, жалғанның жазымынан аман жүрсе деп тілек тілеуші бұлар, – деп бір маңғаз сөз айтады Ақынай.
Ерінің сенбеске амалы жоқ, кей сәт өзіне әйелі не үшін соншалық сенім артып отырғанына түсінбей қалады…Мең-зең күйден құтылғанша асығады.
Түгіскенде жал-жал құм көшеді, Бетпақдаладан сексеуілдің түбінен қашқан қаңбақ домалайды. Ол изенді, мық жусанды, бетегелі белдерді аңсағандай бөгелмейді. Киік құралай өргізген салқынынан соң құм арасынан нағыз көкорай шалғын, отты жерлерді байырғы із кесушілер оңай тауып алып, мал тоғайғанша айдап кететіні бар. Киік көкмайса шөптің ең шұрайлысын таңдап жейтін жануар.
Ер жігіттің ұрымтал шағы айналып келді. Жер дүние қоса айналып, ол талып құлады. Ері шалдығып сұлап жатқан тұс Ақынайға ханның ақ ордасынан кемшіні жоқ. Жалғыз бақанмен тігілген қос Ерейменнің сығанағы, желдің өті, күннің көзі, судың тамшысынан қорғайды. Соғыстан оралмаған өңшең көкке шыққан өрімдей қазақ жігіттері, моласы қайда? Ақынай мұны ешқашан ұмытпайды. Ереймен ғайыптан құдіреттің күшімен оралған.
Көктемде жыл құстары Атасу мен Сарысудың қамыстарын ұяға толтырып тастады. Су құстары көк айдында жүзе берсе бауырынан су өтпейді, қауырсындары қорғайды. Сол кездегідей өзеннің ағыны күшті сағасында ана қаз төсінен тұмсығымен жұлып алып мамығын төсеген ұядан томпиған балапандар өсіп шықты.
Ақынай өміріне дән риза. Бақанмен тігілген мына қосына Қыдыр қоса қонардай елегзиді. Көршінің уыздай жас келіні бөпесін емізіп болып, бесік тербетіп отырған. «Бөпешім, бесік отауың, отауыңа кір бөпем…» деп әлдилейді. Жас бала құстың көлеңкесінен тоңады. Ана әлдиі баланы қымтай түседі. Сол маңда Ақынайдың қара қосы бой көтерген. Ереймені қасында, дарияның суына шомылып шыққандай, аршыған жұмыртқадай бекзат қалпында әйелі ұстатқан зерлі кеседен ұрттап ішіп отырды. Мәңгірген, күйзелген күйінен тез арада айығып кетпегенімен, Ереймен тік отыруға тырысады. Әрқашан осы кейіп, әйелінде зіл, күйеуінде үн жоқ.
– Бәріміз бір саған сеніп, шүкір деп отырмыз. Сен болмасаң күніміз қараң, Ереймен. Балаларды ырыс-несібесінен айырма, құдай ұзағынан сүйіндіруге жазсын!
Ақынайдың еш кейісі жоқ маңғаз мінезі, айнала жыпырлаған балалары…Ереймен өзінің иттігіне налып, өзегін өкініш кернеген күйі көзімен жер шұқи береді. Кей сәтте қос жығылып, кері қайтқанда, Ерейменнің аяғы басуға жарамай қалады. Сонда Ақынай бақанды бір қолына, бір қолына киізді күйеуімен қосып көтеріп үйіне әкеледі. Соңдарында томпиған сүйкімді балалары, ел оларды Ораздының ұл-қызындай деп мадақтап жатады.
Сол түні бұл ауылдың шырқы бұзылмады, аулақта көлбұқа әупілдейді, киік маңырайды. Ерейменнің уызынан жарыған ақтомпақ балалары бейбіт ұйқы құшағында балбырайды. Отағасы ендігәрі арақ шіркінді ұзақ уақыт татып алмайды, ұстамасы ұстамай… ішпейді.
Той-домалақ, алқалы жиын болса, ауылдың сыйлы ақсақалдарымен бірге Ереймен төрге шықты. Ерейменнің шаңырағы ел қатарлы қымыз мұрындық береді, соғым сайын ел-жұртты тегіс шақырып омыртқа береді. Өздері де ағайын-туыстың дәмінен құр қалмайды. Жылқышы Жайлыбай жездесі баласымен Ерейменнің қараша үйінен сый-сияпат көрмей шыққан емес. Бұл ауылдағы ең үлкен тойлар осы үйде өтеді, екеуінің ырыздығы ортаймайды, қазаны қаңсымайды.
Атажұртында, іні-бауыр, апа-сіңлі, нағашы-жиен, құда-жекжатпен сыйластығы үзілмеген күйі мерзімі жеткенде Ереймен де, Ақынай да фәниден бақиға озды. Ерейменнің соқтықпалы, аумалы жарымжан кезін адал жардың арқасында айнала көріп отырса да, ел аңдамай, мүлт жіберіп алушы еді.
Екеуінің ұл-қызы керемет болып есейді, шетінен оқыған, көргенді, адал. Ел басқарған байсалды, білімді азаматтарға айналды. Ерейменнің ұрпағы көтерілді.
Отағасы қайтатын жылы Сарысудың көк өзегінде кең алқапта мыңдаған ақбас тырна орылған егіннен қалған масақтарды теріп жеп, талған қанаттарын жазып, түн асырмаққа қонақтаған. Жылы жаққа ұшып бара жатқан тырналар аял қылады, көктемде қайта оралғанша туған жерге риза, қош деп аттанады.
Көктегі жұлдыз сирегенше мүлгіген көркем тыныштық әлемге ауамен таралады. Қазанның жетісі еді. Ақбас құстардың құраулаған үні көкжиекке сіңді.

2008 жыл, қыркүйек.