Журнал «ТАМЫР» №30 январь-март 2012 г.

Айгүл Кемелбаева. Көкенай мен Қалқаман

Бір қыз үшін Қалқаман елден кеткен.
Шәкерім
Исаханұлы Әнуарбек ағаның рухына.
Автор

Көкте жарқырауық туды. Қалқаман жеті атадан арғы бағзы бабасын түсінде көрді. Ол бұғаз мойнақ су соқпақпен көкжиекке бұлдырай асып барады. Ат басын жабумен тұтас орап тастаған. Саяқ салтатты соңынан қос атпен өзі ілесті.
Сыр бойын жағалай Қалқаман тең құрбы Итбақамен сейілдеген. Ол үркіншілікте анадан тірі, әкеден өлі айрылған шерлі ұл – алғадай, елі жаназасын тірісінде шығарып қойған. Өлім барда қорлық жоқ деп именбей өле беруге бақұл. Ер Көкенайға ат сүйек берген Итбақа.
Жоңғар әскері сең бұзылғандай бері қозғалуға даяр отыр деген суыт хабарды жол-жөнекей өр арғын мен өр найманға жаушы жеткізген. Жер мұзда қалың қазақ арқасы кең еді, шоқ-шоқ тоғай маңында көкек шақырысымен жау көбейер ұсқыны жаман. «Жеті өгіз»* суын ішкен қырғыздың қисапсыз жылқысы манар тауына сыймай, қару-жарақ, азық қосып, бедеу аттарды әбзелімен жабдықтап, үйірлеп жоңғар қоңтайшысына бергенін ұлы жүз үйсін ішіне қорықшы астыртын жеткізген. Қырғыз жоңғар-қалмақты аталы жұрт, ару ел атап, қазаққа қарсы қанды жорықта болысуға серттескен екен. Жетісу мен Қаратау елі үрке көшуден өлердей мезі.
Аламан қазақ баласы Қалқаман мен Итбақа қынлық, кесерлерін белінен шешпей ұйықтауға бейіл. Екеуі көбінесе құладүз қаңғып қазақ шыға барады. Сырдария бойы құмырысқаша өрген дуадақтарды үркітіп, аламан ба, дәруіш пе, біреу қара жаяу безіп келеді. Аттарын тұсап, көгалда аунаған жастар елеңдесе бас көтерді.

– Армысың, ару ұлдар! – деді диуана. – Жалғанның жазымынан сақта! Шірікке шыбын айналар қор дүние-ай.
Ол келе көк шөпке арқасымен сұлай кетті. Диуана қоржынын басына төсеп, ілезде қорылдап ұйқыға кетті. Құс ұйқылы жан екен, оянған соң жазы далаға телмірді.
– Қарахан тауда бабамыз куә, мынау бағзыда Итбақа бек салтанат құрған ару жерлер!
Итбақа селк етті. Өз есімін ел кезген қаймана қазақ дөп атағанына қайран.
– Басымда қосым, бауырымда қазаным жоқ, – деді диуана. – Жапырақ жамылсам, топырақ төсендім, жусаннан аласа, бетегеден биікпін. Дәруіш көшсе жариды. Жаназаң даяр оғланым, қалмаққа қырғидай тиетін көзсіз ер. «Алашы қазаққа ит өлім» деп жауың жаналғыш санап, сені талай қарғайды әлі. Көрер жарығың таусылмас.
– Қайда барсаң Қорқыттың көрі дей алман, елшіге өлім жоқ, болса ажалдың жүзі жасыл түскендей шығар, – деді алғадай.
– Су аяғы Қорқыт бабам моласына барамын, – деді диуана, – Ұлы көш жолы Сырдан басталмақ. Нысаналы ұлсыңдар. Жігіттің сырттаны болған соң ажаға бағынғың жоқ, содан тартасыңдар. Бөстек бұйырмай, томар жастана, үйірінен айрылған саяқ құландай кісінеп күн кешерсіңдер.
Ол Қалқаманға жел қаққан жүзін бұрды, көзі өткір:
– Ғизатлым, бір рудың ішінде аталы ұлсың. Бозшола көзін сүзбесе, буыршын бұйдасын үзбейді. Қорқыт жаққан шырақтай кейінгіге атың ұмытылмас. Іш күйінбекке шыдас бер.
Диуана қурайын тартты, жоқтау күй ботадай боздап төгілді. Ол есіле сөйледі:
– Су анасы Сыр ертеде Қызыл-Дария болғанда, Қызылқұмды Әмударияға шейін қиып өткенде арнасы бір Тәңірінің рақымымен құрғамай, шөлден буыны құри, сыздықтай, жылай ақты. Қарахан тауда бабамыз жайлағалы Сыр құятын Кердері суын Өгіз теңізі атағанын ұмытты мына есіл жұрт. Ол Кетбұқа түркі жұртына билік айтқан қағаным аман, Қорқыт әлі тумаған уыздай кез еді. Қара Сырдың бойында әзиз жаны азаттық аңсаған бір құл түсінде Тәңіріден аян алған деседі шіркін. Шебер Тәңірі бояулы кемпірқосақты сүйген құлына нышан қылды. Көктегі әр жұлдыздан бөлек жұққан гүл түсті доғадай иіп, бір арнаға тоғыстырған не құдірет? Жасыл, сары, қызыл, көк рең қатар құбылғанда қос өзен суы көк жойқын теңізге неге құймасын! Аспан мен жер тұтасқан сәтте қарға бойлы көкірек тасиды. Хазар теңізіне құйған екі су – Сырдария мен Әмудария ағысын бұрып, Кердері теңізіне құйғызған сол бабамның сәуегейлігі арқасында, бұл өңір ұялы батыры мол тоқсан баулы ноғайлының бұлғақ пен үркіншілікте бас сауғаласа жан сақтар асыл мекеніне айналған. Тұраның осы, тұрарың осы. Тілімді алсаңдар, осы жерде қоналқа жасайық.
Дуадақ ауланды, жерошақ үшкіл қазылып, от жағылды. Батқан күн шапағы шоғы жұлдыздай от басын алқызыл түске бөлеген.
– Содан елім Сырдарияға «Ұлық ене» десіп, андыздаған долы дұшпаннан қорғалаған сайын қайрыла береді. Бетпақдала киігін һәм қазағын қорғайды. Мимырт мылқау шөл пана, мұны қаңғыған дәруіш пен қаңбақ біледі! Ауған елдің басы айналар. Өліспеген көрісер. Тай жүзген сабаларың қайда? Қара кістен туырлығың қайда? Қара Ертіс, Есіл-Нұрада қалды ма, қопарыла көшкен соң? Жортуыл басы жолда қалар, соғысты мұрат көрген соң жалғаншы жоңғардың шегін ит тартар. Жер бетіне әлі алғашқы із түспей тұрып, көкте айғыз жол шоқжұлдыздың жарығынан Тәңірімді жад еттім. Анау пірлерім жатқан Түркістанда қорым барын ұмытпа. Адам ғапіл. Бекзатың түбі сонда болар. Тізіле ұшқанда жасын тиіп, көк аспаннан қара жерге саулап өлген жүз қаралы қаздың жетпісін көріп, алтын жебеге сұқтандым! Қазақты қалмақ әлі қынадай қырады. Қырық жылда момынға да бір зауал.
Ас үстінде ол ләм-мим демеді. Жер төсекке мамықтай аунады. Таңертең оянса диуана зым-зия жоғалыпты. Екі бозбаланың есінде соңғы сөзі шорланып қалды.
Көз таңбалы ел ішінде тобықты ат жалы, түйе қомында өсті. Арғын, ноғай ел міне десіп ырғала жүргенде жаугершілікте көшкен елдің жаңа туған нәрестесі құлан қағына, көк шөпке қоса жөргектеліп, ат белінде бесігі шешілмейтін. Алтай мен Есілден найман, керейді қуып тастаған соң жоңғар-қалмақ Арқа сауырына өрттей тиіп, жеті момын найман-кереймен қоса ауғанда тобықтының абыз қариясы Әнет баба түйенің кезіне мініп кеткен жеті жасар шынашақтай ұл болса, содан бері артық-кемі жоқ жетпіс жеті жыл өткен. Шығыс жақ жоңғар күшейген. Қазақ ауылы шетінен үйірлі жылқыны суға жапса үркердей өзендер үзіліп-үзіліп қалатын бал дәурен бастан озған. Арғын-қыпшақ, найман-қоңырат, керей-уақ Есіл-Нұралы, нулы-сулы Сарыарқада байыз таба алмай, ұлы жүз үйсін мен кіші жүз алшынға тақау Түлкібасы, Қазығұрт, Жиделібайсын, Қозыбасы, Шу, Жетісу, Үш қиянға ауа қашқан.
Тырнауыздың үстінен ұшқан жыл құсы Қап тауынан асып, шалғайдағы Сыр бойына бауырын жазып қонғалы Байғазының Мамыры алабөтен өзгерді. Қопалы көлде аққу-қаз балапаны тегіс суық түскенше ене бауырынан бөлінбейді. Енеден екі елі ажырамай, жылы жаққа қоса ұшып кететін аққудың көгілдірі сияқты Мамыр қыз әлі оң жақта отырған. Тұрмысқа ұзатылар кезі асып бара жатса да, ел жалғыз қызын ұлдай өсірген байдың көңілі үшін айттырмаған, құда түсуге батпаған. Алаша хан заманынан иен далада жылқы баққан бұл халық. Мамыр қысы жоқ, мамықтай бұйрат далада садақ асынып, жылқы бағады. Байғазыны ағайыны құйрық-жалы жоқ, ат байлары жоқ ер ғаріп деп іштей мүсіркесе де, батып ештеңе дей алмайды.
Мамыр жылқыны шоқтап, құйрық-жалы күдіре сақа айғырға тастап ауылына желе тартты. Жолай қос бозбала кезікті. Мынау Әйтектің сүт кенжесі, Олжай батырдың інісі Қалқаман ғой. Атқа жас шорадай тік отыратын шабандоз қыз тұсына тақай бере атының жүйріктігіне мақтанғысы кеп делебесі қозған Итбақа суырыла алға озды. Ат тұяғының тасыры екі жылқыны ілестіре жөнелген. Үш жас ен жазықта бауыры жазыла құстай ұшқан.
Үлкендер көрші ауылға асқа кеткенде кілең жас бастаңғыға жиылды. Мамыр еркекшора қалпын бұзып, он төртінде туған айдай толықси бұрала қыз киімін киіп, ителгідей таранып-сыланғаны көрер көзге оттай басылды. Саусағында құс тұмсық жүзік, ұзын бұрымында айдай шолпысы сыңғырлайды, құлағына күміс зер үзбе сырға таққанын қыз-бозбала алғаш көріп, шөп басын сындырды. Мамыр ат жалын ұстап мінгелі әшекей-өрнекті тал бойына жолатпайтын. Апасы үкі жүндеген сыр найман ауылы, төркінінен олжаға әкелген үкінің балақ жүнін қыз оюлы тақиясына қадатып алған. Қалқаманның бөркіндегі үкінің бауыр жүніне қыздың тақиясы қосарланды.
Түн ауа ақсүйек ойнаған сәтте Қалқаман:
– Үкілі қыз, ақ үрпек бала қаздай томпақсың! –деді көзі шоқтанып. – Әттең, дүние-ай, жақын қарындасымсың, Мамыржан, Бәкеңнің Мамыры!
Мамыр паң жымиып: – Таңдап алар тектің де, көріп алар көріктің де мен емеспін, Қалқаман, – дегенде бозбаланың ішіне кенет өрт түскеннен бетер болды. Оның қайғының қарасуына батып кетердей мәжнүн кейпін анық көрген Мамырдың ойына бір адам сенбес қиял келді. Қиссадағы Жүсіптей Қалқаман. Есіл-дерті ауған қыз Қалқаманды өзі көндірді:
– Алғаным сен болсаң екі дүниеде Жаратқан құдайыма разымын. Жеті атаға толмай қыз алыспайтын қасиетті дала заңын бұзған бір біз емес! Ертең өлесің десе-дағы сенен бас тарта алман. Бұған не дерсің, қалқам?
Қалқаман жарық дүние Мамырсыз қараң екенін ұққанда оңбай адасқанын ілкім сәт сезініп, селк ете түсті.
Қос ғашық ауыл сыртында ымырт түсе күн құбылғанда дидарласты. Қалқаман пейілінен тайынар түрі жоқ болса да, күдігін іркілмей айтты:
– Балақаз, Мамыржан, Бәкеңнің еркетайы, – деді ол ат үстінде, қыз көзіне тік қарап. – Айғыр малы өз үйіріндегі жас байталдарды қуып жіберетінін бек анық білесің. Жаман айғыр жатырына шабады десе атам қазақ асылсыздан қорынған. Жылқы мінез тарпаң жұртта сен екеуміз сүйегіміз бір екенін елден қалай жасырамыз?
– Қалқаман, жұрттың еркін неғылайын, өз қалауымды таңдадым, жан сәулем! Құдай жазып, бұл жалғаннан бекзада бейнеңді көріп, еліттім. Қыз болсам да әкеме ұлдай едім, асыранды қазымын демедім. Байғазының мұзбалағындай жарқылдаған наз дәуренім баста ұзақ тұрар ма! Он беске келген жасым бар. Сен де қыз айттырмай жүрсің. Ақ неке заңынан қашып құтылу бізге жоқ. Іс тағдырға сызылса, басқа салғанға көнерміз.
Қара аспанды бұлт керуен тұтас торлап, жарқ-жұрқ жай отымен жер жаһанды жасқайды. Бұршақ аралас жаңбыр құйды. Кенет бұлт ішіндегі бұлқынған аждаһадай найзағай ұшқыны тиіп, өліп кетсе-дағы қыз асық сезімге шала мас.
Қаратаудың Шуға құлар бөктерінде көшіп-қонып жүрген орта жүз рулары жаздың албырт шағына ілікті. Көкек үні түн ауа күшейеді. Сыңарын үздіге шақыратыны расы аталық құс. Қоғалы көлдерде қоқырайған ұялар көп, тырна, көкқұтан, қарабай, әупілдек. Құстар түнімен маза бермей шығады.
Бөріойнақ деген жердегі қалың қамыста екеуі қайта жолықты. Жұмсақтығы ұлпадай жекен арасы. Жаз үйірлі жылқыны тебеген айғырға тастап, Мамыр жетті.
– Көкейіңді білдім. Рас, тобықты жақынынан қыз алды дегенді ел құлағы естімеген, – деп сөз бастады Мамыр тана көзі нұрланып. – Тобықтының төртінші ұрпағы Сары атамнан төрт ұл: Мәмбетей, Үмбетей, Мәмбетсопы мен Кішік туады. Мәмбетейден менің әкем Байғазы, Кішіктен сенің әкең Әйтек, екеуі ағалы-інілі адамнан туған немере болса, сонда біз екеуміз шөбере. Қыз басымен шежіре термелеп кетті деме. Кіндігі бір атаның балалары болып шыққанымызға өлердей күйінемін. Саған айтсам, Қалқаман, бүгін қыр найманнан жаушы екі бүктей ұстаған күміс мойнақ қамшысын төрге іліп кетті. Әкем қамшыны кері қайтармады. Мен үкі тағылған қызбын. Айттырылған қызға сөз салмайды. Бұған көнесің бе?
– Айналайын, Балақаз, жолыңа садаға кетейін! – деді Қалқаман тұншыққан үнмен. – Мен сенікімін десең өзгесі жалған. Ғайыпты пайғамбар да болжамаған.
Әнет баба бір ер қорқарлық жаман түс көрді. Ұзамай шабарман есікті керіп, ақ отауға бас сұқпай, тізе бүкпестен Әнет бабаға жаманат хабар жеткізген:
– Тәте, Көкенай батыр әз Жәнібектің жеті атаға шейін қазақ ішінде қыз алғызбаған жарғылы ұлық заңын қос тентегің бұзды, ел-жұртқа қас масқара қылды деген сойқан хабар айтуға жіберді. Жеті момынды жерге қаратып, мәжнүндік қылған екеуін өлтіремін дейді. Олжай мен Байбөрі ағам ішқұса уайымда, Қалқаман қызды алып, елден аулақ қашып кетсін бе деп сұрайды?!
– Балам, аптықпа, болған істі түстеп айтшы.
– Қалқаман мен Мамыр елден жасырын қосылып қойыпты! Көкенай батыр мәмбетей мен үмбетей өз тентегін тияды, кішік жағы ел намысын ойласа дереу солай қылсын деп бұйырды. Айтпағым осы, тәте, тілім жазалы, айыпқа бұйырма!
Ертеде Әз-Тәукенің атасы Еңсегей бойлы Ер Есім хан Ташкент бегі, қатаған Тұрсынды шауып алған соң, оның бір қызы Қоңырбикені кішілікке Сарыға берген. Сол ханшадан Кішік пен Мәмбетсопы туды. Мәмбетей мен Үмбетей Сарының бәйбішесінен тарайды.
Жасы сексенге іліккен Әнет баба жүрегін қарасу қайғы алып, көзін тарс жұмып, текемет үстінде теңселіп отыр. Іс насырға шауыпты. Қалқаман мен Мамыр қол ұстасып кетуі соққының ең ауыры. Өзінің бірге туған інісі Әйтектің ұлы Қалқаман он алтыда. Әйтектің бәйбішесінен Олжай, тоқалынан Байбөрі, Қалқаман туған. Үмбетейдің Көкенайы жасы алпысты иектеген, сырт қалмақты ата кегім біткен жоқ деп түн ішінде қырық шабатын бөрілігін қоймаған, тобықты түгілі исі арғынның бас батыры. Оның өмірі кілең жаумен жағаласып, ат жалында ас ішіп, найзаға сүйеніп ұйықтайтын қанды жорықта өтті. Боз қылаң жылқыны таңдап мінетін кескекті Көкенай. Есер болмай, ер болмас, Көкенай бір қисайса райынан өлсе қайтпаушы еді. Үш жүзге ақыл айтып, үйсін ордасынан іздеп келген Төле, жас биге бата берген Әнет баба орта жүздің көсемі. Ташкенттің діни оқуын тауысқан, табиғат сырлары мен жер бедеріне жетік. Ақ жүзі боз биенің сүтіне шомылғандай нұрланып тұратын дана шалдың сөзден һәм ойдан күйреп, шын тосылған тұсы осы. «Япырай, жапалақтың ұшқаны, ару ұлдардың күнәсі білінбейді деуші еді. Қалқаманыма, қарғама енді томның таңы да, аңы да жау болатын болды ғой! Енді қайттім?! Құлан құдыққа түссе, құрбақа айғыр болар» деп күңіренді баба.
Ол немере інісі Көкенаймен оңаша кездескенде ымыраға келуді аңсаған ойы бекерге шықты. Көкенай бабаның мәмбетей қалың малға қоса екі кісінің құнын алсын деп билік айтқанына көнбеді.
– Қалқаманның ләйліген жат қылығын қазыға саламын. Байғазының бетінен қақпай өсірген жалғыз қызын өзім жазалаймын, өлсе обалы жоқ. Туысым деп құлдық ұрман, ата салтты бұзу тайпалы елге жұт, кер кеткен кеселдің басы. Қайырусыз жылқыны құлан, домбай еліктіріп әкетер. Ер үшін есілген илан қатер. Сүйекке таңба салған қос есірікті тыю сенен емес пе, баба! Құба қалмақ ойсыратып, ауық-ауық шабылып жатқан бейкүнә халқың бар, өз ішің одан әрмен ала тайдай бүлінгені жарамас, – деді батыр серт қылған тәрізді қынлығын уысында ұстап.
– Көкенай, сабыр қыл, Құранда шариғат немерені қосады делінген. Адамзат әуелгіде бір жұп, бір тамшыдан жаралған. Адам ата мен Хауа ана нәсілінде сол бір ауытқу болып тұруы әбестік, әттең. Қан араластыруды қазақтан басқа халық жатсынбайды. Бірақ біз қазақ… Ердің мәртебесімен неке тазарды, оны құп білемін, – деп Әнет баба жүзі күйіп, төмен қараған.
– Тәте! Терісі тар айнала күншіл ағайынға құдай ақы, қанды шелек сұйық тобықты, дүлей дегіздіріп, күйінді қылғалы тұрсың. Жеті атаға толмай некеге рұқсат жоғын олар білді! Әз-Тәуке ханның ақ заңынан аттаған бұзықтарды тыймасам Көкенай атанбай-ақ қойдым!
– Ақ та болса ант ішпе, сөз сиқыры ұрады! Жалды жылқы емес қиятын, екеуі де өз қаның.
– Бекер айтасың, тәте! Өз қарындасын алу, жиенқұрық алып, еркелеп кету емес, зор қылмыс. Осы елде алайын десе қыз құрып қалған жоқ, Қалқаман ата дәстүрді қорлады!
Әнет баба Көкенай үшін екі жас шіріген жұмыртқа екенін ұғынды. Ұядан шоқып, лақтырып тастауға бейіл. Ол дүние күйіп кетсе де қызды да, Қалқаманды аман сақтап қалмаққа бекінді. Ақ жаулықты жеті қазынаның бірі санайтын.
– Аз тобықты азған жоқ. Тәте, шариғатты сенен артық кім біледі? Құранда аналарыңа, қыздарыңа, қарындастарыңа үйленуге болмайды деп тыйым салынған. Кәпірлік қылса жүзіқара жақыннан без.
Көкенайдың зіл сөзінен ел көсемі Әнет би күңіренді, кәрі сүйегіне батты. Батырдың анасы қалмақ қызы, тік мінезін жақтыртпаса туыстары қаталдығы қаннан дескен. 1647 жылы орта жүз қолбасшысы Қожабергеннің басын жекпе-жекте қалмақ бегі Ұлалы алған, сонда әйелі Таңсұлу іштегі баласымен күңдікке түсіп кеткен. Қожабергеннің жеткіншек қос інісі, Сүйірбастың кіші ұлдары Әлі мен Сары жас. Араға 13 жыл салып, арғын Олжас батырды серік қылып, Сары Ұлалы ерді жекпе-жекте жеңіп, аға кегін алды. Ұлалының олжа қазақ әйелінен туған жалғыз сұлу қызын Сары бәйбішесінен туған екінші ұлы Үмбетейге қосты. Үмбетейден Көкенай туған, есімін анасы қалмақша Кукнай қойды, жасыл апиын дегені. Әз-Тәукенің ту ұстаған қолбасшысы, жасында Салқам Жәңгір хан жорықтарында ерлеген Көкенай қамшы бойлы кезінен тақымы атқа мықты, өскенде қыл жалауын бұлғаған ата жау қалмақты аяп қалмаған. Ол ел шетінде айлап, жылдап ұрыс салған, ту қандаған талай қыл көпірден өткен.

Арада ай өткенде ер Көкенай теріс батасы оқ болып, Мамырды дәл жүректен садақпен атып өлтірді деген қайғылы хабар жеті момын, бес мейрам, қоңсы найман, керейге демде тарады. Ашулы аға қолынан мерт болған ақтық сәтінде Мамыр түп қанатынан қайрылған балапандай діріл қағып, «апа» деуге тілі келмей, таңғы шықтай жүзі мөлдірей сөнді.
Он екі ру арғын ішінде бір кесек ел: қаракесек, қанжығалы, бәсентиін, атығай, қарауыл, тобықты мәжіліс құрды. Сары бидің қос жарылған әулетінің күйінішін жұрт үнсіз бағуға мәжбүр. Ара ағайынға шешендігімен топ жарған қанжығалы Ішпек би түскен.
– Уа, абызым, Әнет бабам, армысың! Беглерім, сен тыңда! – деді қудай сұңқылдаған би. – Асылзада бабам ең. Қалқаман уыз жас, айбынды туған Көкенайдай есіл ағасын тірі өлтірді ғой. Жеті момын қаймана қазақ «Көгің ұстап отыр ма?» деп тегін бетіне басатын шаңыраққа мініп келген құлдан тумап еді. Біз Көкенай, бес таңбалы қыпшақ, найман, қоңырат, керей, барлас, ноғай, үйсін ордасындағы албанда дулат, қаңлы, ысты, шанышқылы, іргеңдегі әлімнің кете-шөмекейі, жетірудың табын-тамасы, он екі ата байұлы – исі алшын баласы ойдалы қазаққа түгел, ең арысы құмдағы адаймен жағаласқан сейілханға, түз қарақалпақ, башқұртқа осы дау түбі жетпейді дей алман. Оғыздан қалған ару ел деген атымыз бар. Қыз жат жұрттық еді ғой?! Қара басып бүлдіргенді, қарындасын қатын еткенді көрмес көзіміз көрді. Жеті атаға толмай қыз алма, әлжуаз, қораш үммет туады, нәсіл тазалығын сақта деп өсиет қылған ұлық бабалар. Тарлық басқа түссе, қапа жасытқан кәрілігіңе мынау сұмдық лағынет соққы емес пе? Ағайын арасына от жағып, табашы болып суысып кетпекке айтпан. Озарлымен оттас бір рудың ішінде тел емген туған бауыр қанжығалы-тобықты едік. Әз баба, өлі пірдің ұрығы – тірі пір өзіңсің. Мына алаң жұртыңды талық қылмай, ғаділ жауабын өзің бер! Ел күші ерінде, ер жаны елінде. Бір қарын майды әманда бір құмалақ шіріткен. Ата алдында ұятты ұл мен қыз кесікті жазаға лайық. Аз тобықты екіге жарылып, іргесін бөліп, бірі ауып кетсе неғыласың? Өкпелесе көшіп кететін қазақтан тудың. Іні қанжуар іс қылды, сондықтан ер Көкенай малдай, заттай төленетін жазаңды кеспе деп қасарып отыр. Елдік әдет-ғұрыпты сақтаса бабаң көнсін, теріс үлгіге қарғыс үкімін айтсын дейді. Томар бас құлдан азар томырық мінез таныту, ақ бата аттаған жарымас. Бұл әсте жесір дауы емес, кесірді аластау! Жеті атаңнан қаракөк үзілмеген. Қан сұйылса көкше бөрілігіңнен дым қалмас, қортық тумай қайтеді? Қарыстан сүйем жақын болса да сөйт, әз баба! Сынықтан басқаның бәрі жұғады, иманды би болсаң ел қамын ойла, кәне!
– Қалқаманым қарағым, көзімнің ағы мен қарасы, қайтіп жамандыққа қидым! – деді Әнет баба кеудесінде шықпаған жаны. – Не десеңдер де ұрпағымды тірідей көрге сала алмаспын.
– Ол тобықты кіндіктіден жалғыз ұл емес, еркек тоқты құрбандық, елі үшін шаһит болар. Құздағы бүркіт бір жұмыртқасын ұядан өзі құлатады деп қаршығашы айтады. Көкенай лажсыздан қарындасы Мамырды мерт қылды, кіндігі бір мәмбетей мен үмбетей өз кесімін қылды. Әйтпесе кішікпен ел болмаймын деп сес көрсетпек. Сары бидің ұрпағы өзара дүрдараз болғанын қалаймысың, сен баба? Шығынға шыққан ерің болсын, қанша бауыр болғанмен Қалқаманды жазасыз жіберсең, құдай алдында, ұрпақ алдында қарабет болармыз. Басқа келген бәледен, бастан құлақ садақа.
Әнет баба бітпес даудан қажыған, бірақ бауырын қызғыштай қорыған:
– Елім жүрегі нұрдан, пейілі көктен, жазымы көп жалғанда беймезгіл мерт қылғанды хош көрме. Жақыныңа жомарт бол. Рақым мен мейір бір құдайдың шын сүйгені. Нақақтың наласы ащы. Тас атып өлтір демекпісің? Бал құрақтай жігітіңде қайсың ұзын бұрымдыдан еліте мас болмадың? Жарық дүниені асыл жар жолына қиюға әзір ессіз сәттеріңді ұмыттыңдар ма? Қанат-құйрығымды қоса жұлмақпысыңдар? Адам табиғатқа телі. Қыс құс екеш құстың қауырсын мамығы қалың, жаз жүні сұйық. Жаратылыстың ғаділдігі сонда, қиянаттан ада. Құс ұясын ұрпақ өрбітерде салады. Шоқ тоғайды құстар өсіреді, нәсіліңді ару ұлдар көбейтеді. Кейде жастар албырттық іс қылса, естен жаңылса, балғын күнәнің айыбы жоқ… рақымы күшті бір Ием кешірсін! Күнә тәубенің қағбасы деймін.
Жас Қалқаманды зорлық өлімге қиғысы жоқ жүрегі күпті жұрт ғұлама Әнет бабадан үмітті. Екі жақ бітімге келісе алмай, жұрт сенделме күй кешті. Ақыры бабаң Қалқаманды оқ байлау жазасына кесті: құныкер жүйрік атпен шауып өтсін, Көкенай көздеп атсын. Қалқаман тірі кетсе қайта жаза жоқ. Көкенайдың құралайды көзге атқан атқышшыл ер екенін ел анық біледі. Жекпе-жекте қалмақ Хореннің өзіне тіке атқан улы жебесін батыр қағып алып, ызалы қарсыласын табанда атып өлтіргенін әскер көзбен көрген.
– Көкенайдың оғы оғланға тисе де, тимесе де сұрауы жоқ, бір тәңірі бұйрығы. Қалқаман басқаның қалыңы төленген некелі жарын тартып яки айнытып алған жоқ, жас жүрекке дауа жоқ. Я Аллам, я Жасаған, ақ-қараға өзің таразы, менің емес, сенің дегенің болсын! – деп елі билердің биі атаған Әнет баба егіле үкім айтты.
Бөріойнаққа таяу жусанды төбе маңы «Оқ байлау» жазасын көрмекке жиналған қосын-қосын ерлерге толды. Шарай топ алдынан Қалқаман қас жүйрігімен шауып өтуі керек. Ол Әнет баба өсиетін ұққан: «Жігіт күніңде жаннан кеш те іс қыл, өлсең өлесің, өлмесең кісі болып шығасың! Ер көресін көрмей көрге кірмейді». Қалқаман «Шыбын жаныма сауға сұрамаймын!» деп тік айтты. Абыз атасы Қалқаманға алақан жайып, ақ батасын берді. Көкірегі пәк жан мойнына бұршақ салып, бір Аллаға сыйынып, іні тілеуін тілеп жылағанда аулақта жарты лашықта қобызын сарнатқан бақсы ойнап, зікір салды. Қалқаман сусыны қанбай, шөліркеп, ат үстінде бал сімірген бейқам күндерін ойлады. Бозбала кеудесіне сауыт киіп, алатұғын ажалды сағынғандай қасқая шауып, нысана болмаққа көнді.
Көкенай батыр астында Бозшеңгелі, оқ атуға белгіленген межеге желе тартқанда топтан біреу суырылып шығып, алдын кес-кестей берген. Көкенай оның өзіне бір алапат ұрыста ат сүйек беріп ажалдан құтқарған қарғадай жас екенін таныды. Ол өзі Мамырдың анасына туыс.
– Көкенай аға, дат! – деді әлгі. – Бөрі күшігін жемес! Мен асылым өкіреш найман, бір өзіңе екі өлім, қос бауыр ауыр болар, батыр! Ғазиз жұртың жас өлімге наразы. Ұлы бабам ер Кішілік қаһарлы хан Шыңғыспен шайқасқан, қас жауынан именіп, құтын қашырмаған. Ара ағайын маған жолыңды қи? Жұртқа көз қылып, жебемді қиғаш атсам. Аға, ер азаматты бір қыз үшін ажалға қиюға болмайды! Ол сенің өлтірсек – қазымыз, өлсек – шейітпіз дейтін ата жауың емес.
Сырдың құяр сағасы, Қосаралда Орманбет би өлген, он сан ноғай бүлген, мелшиіп оба қалған жерлер анау сағым шалған көкжиекте. Көкенайдың шегір көзі өңменнен өтеді, бурыл сақал-мұртына шейін ызғарлы сес бар. Ат арқасынан өскендей мығым, кесек тұлғалы Көкенай керіле садақ тартты. Қалқаман бауыры солықтаған, ұшқыр жебе зулай тигенде теңселіп, атынан құламай, арқасына жабысып шауып кетті.
Қалқаманның жақын әпкесі ерлерше киініп, топ ішінде жасырын бағып тұрды. Ол жайсыз түсінен шошынып, басқа салғанға алдын-ала қам қылған.
– Жарты жаһанды жаулаған Шыңғыс ханмен өлгенше соғысқан, ордаға кірсе қылышын сүйреткен өр найман ұрпағының оң сөзін құп алмады? Көкенайдың көкейінде не бар? – деп сыбырлады топта тұрған жас жігіт жолдасына. – Өзіндей жас өмірге әлгі бала именбей сауға сұрағанын қара. Рұқсат берсе, ол садағының оғын далаға қаңғытпағын айтпаса да сездім. Тусаң ту!
Тобықты жағы «Ақ жол!», «Маябоз!» десіп шуласып, Қалқаманның соңынан лап берді. Жебе ердің күміс қасын жарып өтіп, қара санына тигенде сүйегі сынған. Ол түз тағысындай ышқынды. Қалқаман сол беті андыздай қуғандарға оқ бойы жеткізбей кетті. Оның аулағырақ барып, атының құйрығын түбінен шорт кесіп алған назасы көп тобықтыны қамшымен бастан тартқандай қылып тежеп тастаған. Бұл ишара кетісу, араздасу белгісі. Құлын-тайдай тебісіп өскен найман мен қанжығалы жігіті оның қыр соңынан қалмай қуа жетіп, ат құлағын теңесті.
Қазақтың ер азаматы ежелден бір атты жорықта мініп, бірін жетекке алған. Ер-тоқымсыз ереуіл атқа қоржынның қос басын теңдеп, тәуекелшіл әпкесі бір баладан дереу беріп жіберді. Азық, құрт-ірімшік, жылқының кепкен төсі, қос торсыққа құйылған су, тобылғы мен шақпақты қоса салған. Бармақтай бала мінген жирен аты шоқытып келе бере тұмсығын созып, иен белде дәрмені жоқ меңіреу, жарасына киімінің бір жеңін жыртып, таңып отырған Қалқаманның мойнынан иіскеді. Жирен жылқының көзінен қос айырық жас ағып тұр.
– Елден кеткеннің есі кетеді, қайт, райыңнан қайт! – деп зорлана сөйледі Итбақа, тегеуріні күшті Көкенай батырға мана сес көрсеткен сол. – Қайрылмай кетсең өзгелер тобықтыны рақымсыз, тасбауыр ел деп дақпырттап жүрмесін. Егеске түскен ер болсаң да! Алаштың азаматы емес пе едік!
– Мен тобықты үшін өлдім, мынау тұлданған жылқым. Итбақа, саған қылғандай олар жаназамды сыртымнан тірідей шығара берсін, ауылда найза шаншып, қара ту іліп қойсын! – дегенді Қалқаман тілі байланып әрең айтты. – Елім деп еміреніп тұра алман. Қолымды төбеме қоймадым, бірақ ішім жанған от! Тірідей оққа байланған зарым өлсем есімнен кетер ме? Бұдан былай олар мені іздемесін. Айт!
Ол белін күміс белбеуімен құрсап, ереуіл атын жетекке алып, бағзыда жортқан башқұрт пен ойқұрт туысындай мұнарға малынған көкжиекке сіңді. Бел асқан сайын адыршақтар ұлғая келе өкпесін қарайтты. Дала түгі көк бітік. Жауқазын құлан ойнақ. Жаз жамалы гүл аңқиды.
Ауылда көзі судай толқыған жақын бір жеңгесі Қалқаманды тірідей жоқтаған даусы төңірекке селдей тарады: «Жылқы үйірін сағынса, Құлақ басын қағынар. Ер үйірін сағынса, Айыл-тұрман тағынар! Сыр бойындай жер бар ма? Тобықтыдай ел бар ма! Артық туған Қалқаман. Басынан құсын ұшырмас, Қасынан қосын қондырмас, Жанын үзіп алса да, ағайынға кері оралмас! Құс жолына түсіп кетсе-дағы, Асылзатым тобықтыға таптырмас. Жесір қалған мен бейбақ. Қайнымнан да айрылдым, Қанатымнан қайрылдым! Наурыздың суында, Көкектің нуында. Құс қанатын сабылтып, Жер түбінен келгенде. Өмір шіркін гүл атар. Кебін киген келмейді, Кебенек киген келер ме?!».
Қалқаман батыс темірқазық кіші жақтан – шығыс құла бет ұлы күнгей жаққа, туған нағашы жұртына кетті. Қалқаманның анасы Қалдықыз ежелгі қазақ салтымен жеті судың ар жағынан толықсып түскен, ұлы жүз үйсін шапыраштының қызы. Анасының бір туған ағасы Айқым теріскей Алатаудың солтүстік баурайын жайлайды. Көк көкірегі қарс айрылып, жасыл ойнап, нөсер жиі құйды. Қарақұйрықтар жазықта өріп жүр.
Санынан қансыраған жаралы бозбала құла түзде есеңгіреп, қызуы меңдеп, күйіп-жанып, жер жастанып өлі ұйқыдан оянғанда бетіне біреу еңкейгендей болды. Өңі ме, түсі ме? Басына бөріктей қылып ақ сәлде ораған. Тұсаулы қос атын уайымдап ол басын жерден жұлып алды. Уһ! Тағы дәруіш кезікті?! Егде кісі өзен жағалай қымыздық жұлып әкеліп, жараға салды. Тізерлей басындағы сәлдесін тарқатты, шұбалыңқы ақ мата Қалқаманның мұңды көзіне кебіндей көрініп кетті.
– Мұхаммед пайғамбарыммен жад етейін, ақиреттік шүберегім еді. Алла разы болсын, қырықтың бірі Қыдыр, тегін жолықпадың. Әулиелер Аллатағаланың сүйікті құлдары. Баба түкті Шашты әзиз пірім аян берді, аруақ жебеді. Шипалы шөп қанды тияды. Жапан түзге жалғыз қаңғып кеткенің неткенің?
– Өлген ер жер таңдамайды. Өлсем көрім руымнан бөлек болсын! Бір өлгенмін, енді оңайшылықпен өлер ме екемін.
– Бағзы Кетедей жортып, Сыр, Саураннан келесің бе? Тарықпай ер тілеуін бермес, – деп қарт мұның көз тамға ру белгісіне зер сала қарады. –Түбі қайыр болғай. Ер азығы мен бөрі азығы жолда. Анау дөңнен бір аунап ассаң ел бар, сынықшы емдейді.
Қалқаманның тоң құрсаған көңілі соқыр тұмандай айықпаған. Бөтен кісі жебеуші емес, жан алғыш болса да мейлі, көнеді. Күн бата екеу от басында қақтаған ет кесегін тұзға бұлғап жеді. Сусынға тері ыдыстан қымыз құйды.
– Терістік ит тұмсығы батпас ну орманды сабан шашты жат тайпа мекендейді. Сол орман адамының көлдей көк көзіне түн баласы Темірқазық басын шығысқа бұрған бұландай болып көрінгенде ұлы жүз нағашыларыңа жетерсің.
Қалқаман жолай аңды арқанмен ұстап, қара кесек етін қақтап алды. Шөл қысса жан торсығын ат үстінде жұтады. Бұлағы саулаған Алатаудың әр тасында егіз лағын ерткен ешкі, арқар, таутеке мен марал ойнайды. Жер, аспан тұтасқан. Тұнық ауада керім жұпар хош иіс аңқи, түн қырғауылдың құйрығындай жұлдыздар жарығымен жер дүниеге тамылжи төгіледі. Бұл фәниде мұншалық бал татыған шырын тәтті иіс барын жас жігіт бұрын соңды сезінбеген. Жер бетінде қайдағы жәннат бағы? Бірақ тылсым жұпары содан аусашы, бұрқыраған ғаламат хош иіс жұлдыздардан бетер қисапсыз жеміс дәмінен екенін түйсігі білген. Ол ит тұмсығы өтпес шытырман алма бақтары тау арасын жөргектей ораған жалпақ жасыл белдеуге таянған. Кезбе аюлар жабайы алманы қоңыр күзге шейін теріп жесе, өз ризығын момын құстар қосыла шоқиды. Жетіқарақшы көкжиекке келгенде Қалқаман түн құс жолында күшейген сол баданадай жұлдыздарды нысана қылып, нағашысы Айқым ауылына адаспай жетті.
Арада он екі жыл өткен. Тобықтылар темірқазық аумаса түбі Қалқаманды іздеп шығу көкейінде еді. Көк жұт бөгеді. Келер жаз елі шын сайланған. Бірақ тұтқиылдан лап қойған жаудан өлгені өліп, тірісі ақтабан шұбырындыға ұшырады. Құба қалмақ ханы Цеван Рабданның үлкен ұлы Халдан Церен әскері жеті басты аждаһадай қоршай төніп, бейбіт жатқан қазақ халқының үштен екісін жойып жіберді. Екіқабат келіншек көрсе семсермен ішін тілген, емшектегі жас нәрестелерін найзаға іліп лақтырған. Бұрынғы бес қарудың заманында найзалы қазақ ерлері дүрбелеңде дұшпанға дес бермеуші еді. Жоңғар әскері кілең мылтық, от қарудан атып, қорғасын оқты жаңбырша жаудырды. Алауласқан ер қазақтың аман қалғаны аты ауыздығымен су ішіп, жүре соғысып, құлай шегінген. Қалың бұқара қайың сөлін жұтып, тоз-тоз жаяу-жалпы бел асып, атсыз, жалаңаяқ шұбырды. Аш бөрі ұлыған айсыз түндерде киік терісін жауып, басына қос тікті. Босқан ел қорекке мама биелердің сүтін, шөп тамырын аршып талшық қылды. «Қайың сауған» ақтабан шұбырындыда қазақтың жас баласы еліктің лағындай жаутаңдап, естияры «елім-ай!» деп егіле жылаған.
Орыс әскері шведпен соғыста қазына түбі тесілгенде әміршісі шығыстан алтын іздеуге бұйырған. Бірінші Петр бұйрығымен орыс қоғамы көшпелі ел шетінен қамал-бекіністер салмас бұрын оқымысты һәм тыңшысын сахараға аттандырды. Күнбатыс ормандай орыстың ұшығы күншығыс монғолдың бір бұтағы ойрат-жоңғарға сөйтіп тиді. Қалың жоңғар өз шегіне сыймай, жерге талас өршіп, батысқа ысырылып, қазақтың жон арқасына таянды. Ертіс пен Есіл, қос дария арасын жүз мың жоңғар қолы басып жаншып, қаптай соққанда ұшқан құс қанаты ыс болды. Қоқан, Хиуа, Бұқарадан құпия керуендер жоңғар қалмаққа қару тасыған. Ордалы орыс от қару берді, тұтқын швед зеңбірек құйды. Сырт жаулар елді жан алқымға алған. Алаш нәсілін жұрнақ қалдырмай, жер бетінен көшіруді мұрат тұтқан тәрізді қаны бөтенді сайтан азғырды. Алғыншы көбейгенде балапан басына, тұрымтай тұсына безді. Цеван Рабданнан соң билік тізгінін ұстаған қоңтайшы Халдан Церен жоңғар мемлекетінің ерен күшейгенін айқын көрсетті. Көкше теңізге құяр жеті өзен, құнарлы алқап мұнары жоңғар тайпасын естен тандырған һәм көз құртын тескен сайын соғыс індетін қанына сіңіріп, әбден еліріп алған. Қайта шапқан жау жаман. Алакөл, Бейне теңіз көлі, Кең қақ пен Сасықкөлді қарақұрттай қалмақ басты. Қара Ертіс, басы теңізден зор шалқи аққан жанды су – екі халықтың табиғи межесі өлікті қанды суға айналды.
«Ей, азамат шоралар, атаңа нәлет айлалы кәпір қалмақ өзі қайта ұрынды! Елің үшін өлгеніңе еш өкінбе!» деп аруақты жырау қиқулай ұран салғанда шоқпар, күрзі, найзалы, селебелі қазақ жасағы жауға қарсы құс легі тырналардай үшкілденіп шабады, жезайырын қорамсадан ат үстінде андыздай суырысады. Бұландай ері мол шоң жоңғар өлерменде жаралысын қоршауда қалдырып, сытылып кете берсе, оны соғыс заңы санайды. Өлгенін көмбейді.
1723 жылы ұзын аққан Сырдарияның Ақтал, Қаратал, майдан тоғысқан жерде орта жүздің бес мың әскерімен Көкенай шеп құрып, қазақ елі Қаратаудан асып, қатерден бас сауғалай көк Жайық батыс бетке үркіп кеткенше бір ай соғысып, асқынған жауды уысында ұстап тұрды. Қан майданда Көкенайдың алты ұлы, Әнет бабаның бес ұлы өлді.
Ендігісі барымта мал емес, жан алу екенін жоңғар қолы анық танытты. Өліктерді үйіп жасырған жерошақтағы төңкерулі қазан астына аналары тыққан ұл балалар бір әулет тұқымын сақтаған. Кекті жау Әнет пен Көкенайдан тұқым қалдырмаңдар деп әскеріне бұйрық қылды, батырдың немересін тірі алса, лақтай бақыртып, жоңғар атасынан қалған ойыны көкпарға тартпақ еді. Әнет бабадан бір ұл: Шақабай және келін құрсағында шарана қалған. Ер бала туып, абыздың соңғы тұяғы болған соң есімін Бақай қойды. Көкенайдың Жәмеңке атты алты жасар ұлынан немере жалғасып, сол Тұяқтан өрбіген ердің асыл тегі үзілген жоқ. Өлсем жерімді иесіз тастамаймын деп дөңдегі қара таста басы ауған ел соңынан жер бесікте жас баладай жылап қалғанда Әнет баба жасы тоқсан жетіде еді. Жазғытұрым төбесінен со замат қиқулай тырналар легі ұшты. Баба сүйегін бір саябырда Көкенай Қошқаратадан Түркістан шаһарына, Қожа Ахмет Ясауи мазарының жанына апарып жерлеуге мұрсат тапты.
Алапат соғыстан қазақ арқа бергенде Сырдың оң бетіндегі Сауранды айналып көшті. Жатқа ұрпақ көп кетті. Екі жүз жылдай шапқыншылық қазақтың көк өрім талай баласын жауға сіңірді, қалмақ-жоңғардың талай жазықсыз жетім-жесірі қазаққа телінді. Екі жақтан да олжаға түскен қисапсыз қыз, әйел заты сол елдің анасына айналған, бесігін тербеткен. Жоңғар хандығы құлаған 1758 жылға дейін қазақ пен құба қалмақ өзара шабысты. Жазыда ақ сүйек қаңқа тарыдай шашылды, оба болып, мыңдаған өлік үстіне тас үйілді. Абылай заманы туып, михнатта жүрген қазақ күш алды.
Үйсін Ақсиық Елібайда Айқым нағашысы ел тентегі елге құт, қыздан туғанның қиығы жоқ десіп, паналап келген тобықты жиенін бауырына басты. Қалқаманға нағашылары қазақ салтымен үш әйел әперген: әмеңгерін, шабындыдан түскен жесірді және соғыста жанкешті ерлігі асқан соң ақсақалдар қалыңмал төлеп, тұлымын төгілдіріп қыздай тағы әперді. Қалқаман ұрпақтары бес таңбалы шапырашты айқым елін мекендейді. Сүйегің қай ел? деп сұраса көгіміз қалқаман тобықты дейді.
Қанжығалы, тобықты, күрлеуіт Қалқаманды жадтан өшірген жоқ. Заты қыпшақ Күрлеуітті Тобықтының әкесі Кенжесопы бауырына басқан. Бір аста ұлы жүз үйсін қасқараудың бәйге бермейтін қас тұлпары озып келгенде тобықты жағы Қалқаманды сұрастырған. Артқыға «Қалқаман мен Мамырдың дауындай» деген сөз қалды.
Тобықты Сырдан ауғалы көші-қон толастамаған. Әйтектің бәйбішесінен туған Олжайдың үш ұлы: Айдос, Қайдос, Жандос. Айдостың төрт ұлы жаугершілікте туды. Қырық үй тобықты Орал тауының етегі Ор, Елек, Ойыл, Қиыл асып, Мұғаджар тауына жеткен. Ырғыз мен Торғай қос өзен қосылысқан құйылысты жағалай ел қоныс іздеген. Үш Олжайдың кейінгі жас иіс баласы қозы аяғымен көште туды: Ырғызбай, Кеңгірбай, Торғай, Топай; Көтімалды суында Көтібақ туды. Ел азып-тозған жоқшылықта, ауғақта туған нәрестеге Боқты, Битті, Құртты, Қылшық деген таңбалы есім тағу жарық дүниені анық көретін қазаққа бұйым болмаған.
1728 жылы ер Көкенай ақтық шайқаста оқ тиіп өлгенде мойнынан құшақтап, ағатайлап жылаған Мамай он үште еді. Нұралы хан тұсында кіші жүздің бас батырының бірі болған тобықты Мамай батыр Еділ, Жайық екі суды, Алтай, Тарбағатай тауын, Бейне теңіз көлін басқыншыдан тазартуға қатысты. Ол елу жылдан соң елін сегіз өзенді таудағы атақонысқа бастап әкелді. Кіндіктауды ертерек жеткен арғын-найман жайлапты. Кеңгірбай би бес болыс аз тобықтыны күшейтті.

*«Жеті өгіз» – қырғыздағы өзен атауы.
*Кердері, Өгіз теңізі – Арал теңізінің көне атаулары.
*«Ұлық ене», Қызыл дария – Сырдария өзенінің көне атаулары.
*Хазар теңізі – Каспий теңізінің ескілікті атауы.
* Сырдарияның төменгі ағысы – «Су аяғы Қорқыт» деп аталынады.
* Бес мейрам – Арғынның бәйбішесінен туған ұлынан тараған бес ру: қуандық, сүйіндік, бегендік, шегендік, қаракесек.
* Жеті момын – Арғынның кіші әйелі Момын анадан туған ұлдарынан тараған жеті ру: қанжығалы, тобықты, қарауыл, атығай, бәсентиін, бәйтімбет, жанай.
* Көз тамға – орта жүз Арғын руының таңбасы.
* «Бейне теңіз» – Зайсан көлінің ескі атауы.
*Кең қақ – Балхаш көлі.

Р.S. Негізінде «Қалқаман – Мамыр» оқиғасы 1723 жылдан ертерек,
1712 жылы Сыр бойында болған деген дерек бар. Арада 200 жыл
өткенде, 1912 жылы Шәкерім Құдайбердіұлы бұл сюжет бойынша поэма
жазғаны белгілі. 2012 жылы бұл трагедияға 300 жыл толмақ.

2001. – 26.07.2011 – 13.08.2011.