Айгүлді білмейтін қазақ жоқ, бәріміз білеміз. Жазған дүниелерін қызыға, құныға оқимыз. Әйтсе де, меніңше, Айгүл Кемелбаева өз дәрежесінде мойындалмай келе жатқан жазушы. Рас, кезінде «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты болды. Бірақ одан бері қанша жыл өтті? Және осы жылдары ол түк жұмыс істемесе екен? Керісінше, жарқын, тың, бітімі бөлек шығармалар тудырудан жалыққан емес. Мына біздің журналға ұсынып отырған екі әңгімесі де, осындай талмай ізденудің, ұлттық болмысымызға, далалық дархандығымызға өте терең бойлаудың жемісі.
«Көкенай» әңгімесінде Айгүл үлкен батырлық жасап, ұлы Шәкәрім әйгілі дастанында жырлап берген Қалқаман – Мамыр сюжетін қайтадан пайымдап береді. Кейбір ақсақалдарымызға мұның өзі түсініксіз боп көрінуі мүмкін. «Абайдан кейінгі бас ақынымыздың мұрасында не жұмысы бар? Шәкәрімнен асып түскісі келгені ме?», — деп бәрімізге тым таныс екіұшты болжауларға баруы ғажап емес. Ал меніңше, Айгүл біздің Шәкәрімге деген, шынын айту керек, өшіп бара жатқан ықыласымызды қайта жандандырып отыр. Негізі, классиканың классика болатыны, оның ылғи да айналымда болып, өзіне үнемі сұраныс тудырып, жаңа танымға, жаңа мұратқа жетелеуінде емес пе?
Міне, осы тұрғыдан келсек, егер Шәкәрімнің дастанында романтикалық сарын, жаңа мен көненің күресі басым болса, Айгүл бұл сюжетке мүлде басқа жағынан келіп отыр. Ол мұнда дәстүрге мығымдықты, дәстүршілдікті дәріптейді. Және осы қасиеттердің бәрін ол Көкенай бейнесіне шоғырландырған. Көкенай, ұрымдық Муций Сцевола сияқты, қазақы дүниетанымның бір мысқалын сата алмайтын адам. Сонымен қатар, Әнет баба бейнесін де Айгүл күрделі көрсетеді. Ол Қалқаманды өзінің ұрпағы ретінде өлімге еш қия алмайды, бірақ қан тазалығынан аттауға болмайды деген қазақылықтың заңы бұзылуға тиісті емес. Содан Әнет баба ғажап амал табады. Қалқаман қалайда өлуге тиіс, бірақ оны атымен шауып бара жатқанда атқан жөн… Бұл, кішкене болса да, Қалқаманның тірі қалуына сеп, сонымен бірге, заң да бұзылмайды. Бұл арада біз өзгеше бір қазақы гуманизмнің, бәрін тек Тәңірінің хұзырына қалдырған адамгершіліктің куәгеріне айналамыз.
Екінші әңгіме, «Ереймен мен Ақынай», ұлтты ұлт қылатын ана мен жардың қасиетті ықпалы деген идеяға негізделген. Бұл өзі өмірде болған сюжет екен. Авторға бұл әңгімені айтып берген ақын Ғалым Жайлыбай екен. Ол әңгіме кейіпкерлерімен етене жақын таныс екен. Былай қарасаңыз, әңгімедегі кейіпкерлер ең қорғансыз жандар. Басты кейіпкер, Ереймен, Сталин заманында зымзия жоғалып кеткен жан, бір күні ауылына оралады. Ондай сорлыны, контузия арқылы жарымжанға айналған мешеуді, кез келген қазақтың қатыны жанына жолатпас еді. Бірақ оның жары Ақынай ерекше әйел боп шығады. Арақ ішіп, кез келген жерде құлаған жұбайына ол бар дүниесін апарып, күрке тігіп, өз-өзіне келтіріп, үйіне алып барады екен. Мінеки, Айгүл осы өмірде болған әңгімені ғажап философиялық деңгейге көтеріп, рухани байлықтың алдында ешбір кедейлік кедейлік емес екенін көрсетеді. Және ұлт анасы болуға әрбір қарапайым қазақ әйелінің құдыреті жететініне оқырманды сенгізеді.
Сіздерге осы әңігіменің екеуін де ұсынып отырмыз.