Журнал «ТАМЫР» №30 январь-март 2012 г.

Ғалым Жайлыбай. Көктемді көр де

(Элегия)

Көктемді көр де
көшті көр,
жарқ ете қалып жанары.
Еңкейе біткен ескі жол
еңіске тартып барады.

Жаңбыр мен қары аралас,
Өліара кезді көзге ілмей.
Саздауға біткен сары ағаш
Сағынышын да сездірмей.

Аспан мен жердің арасы,
Көктемнің түсі көгілдір.
көзімнің ақ пен қарасы –
Өзекті жанға өмір бұл!

Уақытқа айтпай төрелік,
Тербеліп жатыр текті өңір.
Көктеммен бірге көгеріп
Көгімен бірге көктегір!

Мойныма тағар тұмар ма ең,
Мойылдай екен бұл әлем.
Сен салмай кеткен бір ән мен –
Мен жазбай кеткен бір өлең…

Сел ме еді,
Әлде, тасқын ба?
Дүрия дәурен!
дүрмегің.
Құс қанатының астында
Қысқарып жатыр күндерім.

Тербеліп терек,
орманы,
термеге басты не түрлі.
Ұялы телефондағы –
Ұйқассыз әуен секілді.

…Көк белді көр де,
кешті көр,
Көгілдір әлем жырласа.
Көнерер бәрі
ескірер –
Көктемің келіп тұрмаса.
…Көктемді көр де,
Көшті көр.

Бесқарағай басынан…

Бесқарағай басынан бесін ауған,
Сені көріп сол кеште есім ауған.
Тағдырыңның дариға-ай, иесі – жалған,
Елес болып қалады есіл арман.
…Бесқарағай басынан бесін ауған.

Жаным, мейлі, жалғанды жалған десін,
Ақ дүниенің аялап арман кешін.
Еркелетіп Ертістің толқындарын –
Бесқарағай басынан ауған бесін.

Ай ауысқан қалқам-ай,
Күн алмасқан,
Мұңайтады жаныңды мұнарлы аспан.
Бұла дүзде бұлдырап бұлан қашқан
Сен де мені қалдың-ау, ұға алмастан…

Бесқарағай!
Көктеген көп өлеңім,
Көнеремін сені ойлап
Көгеремін,
– Сормойылды көлінің соры қалың
Батып кетсек қайтеміз – деген едің.

Толған-Ай қыз!
толқындай толып аққан,
атсын саған арайын төгіп ақ таң.
– Сормойылды көліне неге әкелдің
Әлімсақтан ақын ем соры-батпан.

Ақын едім сор емес бақ іздеген ,
Жағып кеттім жаныңа жаны ізгі өлең.
Жүріп өткен бабалар…
бар ізбенен –
Сәуір келем мен саған
тамыз келем.

Бесқарағай, беу шіркін,
Бесқарағай!
бес-ақ күндік жалғанда кешкем арай.
Ертісіңнің толқынын торықтырмай –
Толып ақсақ қайтеді кешке қарай.
Бесқарағай,..

Бұландының бұлттары

…Жан-жақтан ертелі-кеш
бұлттар келіп,
Жүреді біліп қайтып есен-сауын
Сәкен

Тамылжып тұрған таңда атқан,
Жұртыңды көрдім, Бұланды.
Жамырап жеткен жан-жақтан –
Бұлтыңды көрдім, Бұланды!

Арқада сонау ақ таңда,
Алдымнан өрді көп елік.
Көкшеге бара жатқанда
Көктем боп шықтың көгеріп.

Үміттің оты жана ма,
Кермарал қырдың көзінде.
Сағыныш түнеп санама
Сарғайып жүрген кезімде.

Басыма қонған бақ, шабыт,
Баяны мәңгі құтым ба ең?
Аспанның асты ақша бұлт
Ақ түбіт сынды түтілген.

Айымды жылдар ұрттады,
Тағасы күннің кетілді.
Бұланды жақтың бұлттары
Бұлқынып тұрған секілді.

Уақыттың жағып шырағын,
Серілер өткен кешегі.
бұлаң да бұлаң
бұла күн –
Бұлтыңмен бірге көшеді.

Көктемнің көріп көк түсін,
Бастап та кеттім бір әнді.
Көңілден ұшқан көп құсым –
Көгіңде қалсын, Бұланды!

Бір тал Үкі

Басында Қамажайдың бір тал үкі…
Халық әнінен.

Гүл жайнап әнге басса гүл-гүл өрен,
Кешеден қалып кеткен бұл бір өлең.
Басында сол қалқаның бір тал үкі
Үп етіп жел сыйпаса үлбіреген.

Шемені байланғандай шерге бейне,
Бұл қазақ сезімсізді пенде дей ме?
«Басында Қамажайдың бір тал үкі»
Көкеме қосыламын мен де кейде.

Аумасын бір күнінен бір күн мейлі,
Ән салса қайран көкем іркілмейді.
«Басында Қамажайдың бір тал үкі»
Үрия үміті боп үлпілдейді.

Белдерден ән ұшырған бетегелі,
Бал еді сол бір күндер
шекер еді.
Басқанда «Қамажайға» ара-тұра –
Көкем де көріктей боп кетер еді.

Елігі ен даланың дүздерде өрген,
Жүгірген Сіздер салған іздерменен.
Ойлаушы ем,
– бір тал үкі қандай үкі –
– Қамажай кім болды екен біз көрмеген?

Маңайын шомылдырған нұрлы арайға,
Көкемдей көрік кеуде мырза қайда?
Бөркіне бойжеткеннің Үкі қадап –
Үмітін үкілеген үр жаңа Айда.

Жіберер жанымызды мұңға малып,
Ән еді,
Әуені де бір қаралық.
Көкемсіз көктем келді талай-талай
Үкідей үркіп қашқан жылдар ағып.

Адамның уысында тұрмайды Арман,
Әуелеп өткен солай жырдай жалған.
«Басында Қамажайдың бір тал Үкі»…
Аман-сау алып қайтқан сұм майданнан.

Шырқаса тербелгендей шынар бағы,
Аққудың сұңқылдайды сыңарлары.
Қарғам-ай,
бір тал үкі…
Жарықтықтың –
Жарыққа жағып кеткен шырағданы.

Не деген жақұт жыл ең,
лағыл күн ең,
Базары балалықтың бағым білем.
Ақ көкем,
Қамажай қыз,
Бір тал үкі…
Ар жағы сағыныш пен сағым кілең…
…«Басында Қамажайдың бір тал үкі»