Журнал «ТАМЫР» №31 апрель-июнь 2012 г.

Анна Гавальда. Жұбайлар

Күйеуі мен әйелінің мініп келе жатқаны шетелдік машина.Бағасы үш жүз жиырма мың франк тұрады.Әйтеуір, этикеткада көрсетілген машинаның құны ортада жүрген делдалдың қызметіне күдік ұялатып, ерінің мазасын алды.

Оң жақтағы терезенің су шашқышы жөндеп істемей келеді.Бұл оның титығына одан әрі жетті.

Дүйсенбі күнге жетсе, хатшы қыз арқылы Соломонды шақыртып, машинаны жақсылап көрсетпекші. Оның көз алдына аяқ астынан хатшысының кіп-кішкентай кеудесі келді. Дәл осы кезге дейін өзі жұмысқа алған хатшы қыздардың бір де біреуімен жақындасып та, жатып та көрмепті. Ол мұны бір жағынан ыңғайсыз санайды, ал, екінші жағынан қазіргі кезде қыз-келіншекке бұрылу деген қымбатқа түсіп тұр. Босқа ақша кетеді. Не болғанда да, ол Антуан Сэй екеуі гольф ойнап жүрген кездерінде күнделікті ішіп-жемге, ұсақ-түйекке кететін ақшаларын санап, енді шығын шығармаймын дегенге тоқтаған еді. Содан бері әйелінің көзіне шөп салуды, оған өтірік айтуды қойған болатын.

Олар қала сыртындағы үйлеріне қарай бет алып келеді. Жазғы демалысқа арнап, Анжэрдің жақын маңына келістіріп салынған өте әдемі ғимарат. Көрсе көз тоятындай.

Олар жол-жөнекей бір бөлке нан сатып алды. Жұмыс істеп, қарын ашқандай болса …

Үйдің қабырғалары іш жағынан түгелімен ағашпен әдемілеп көмкерілген. Каминді бұзып, оның әрбір кірпішін мұқият шығарып алып,антиквариат сататын ағылшындыкіндей етіп, қайтадан салғызды (ағылшын кісінің каминін алғаш көргенде екеуі есінен тана қызығып еді). Терезелерге қалың матадан перде ілінген. Оларды ортасынан әдемілеп тұрып байлап қойған.Ас үй болса, қазіргі уақытқа сай модерн үлгісінде жабдықталғандығы көрініп тұр.Ілулі тұрған сүлгілер жай матадан емес, ою — өрнегі бар қымбат матадан арнайы тігілген. Тамақ дайындайтын столдың өзі сұр түсті мәрмәрдан жасалған. Әрбір бөлменің жеке-жеке жуынатын ваннасы бар. Жиһаз соншалықты көзге түсетіндей көп емес, бірақ үйде тұрған дүние- мүліктің бәрі заманауи. Жайнап тұр. Қабырғада ілулі тұрған суреттердің рамалары алтындалып, кең-молынан жайғасқан. Олардың үлкендігі соншалықты, тіпті ХIХ ғ. гравюрасына келіңкіремейді. Әсіресе, аңшылықты бейнелеген картина ол кезеңге мүлде жанаспайды.

Мұның бәрі жаңа байыған адамдардың әдеті, әрине. Бірақ, олар өз қылықтарына түк мән беріп жатқан жоқ.

Ері жексембі күнге лайық киініп алыпты.Үстінде ескі твид шалбар мен көкшіл түсті кащемир свитер (елуге толғанда әйелінің жасаған сыйлығы). Аяғында дүниеге әйгілі Джон Лоббтың бәтеңкесі. Ол осы фирманың жайлы да қымбат аяқ киімін ешқашан басқа маркаға айырбастамайды. Киген носкиі де қымбат жіптен тоқылған, тобығына дейін жетіп, жылытып тұр. Бәрі бір-біріне сай, үйлесіп тұр.

Ол машинасын әшейіндегіден тез айдап келе жатыр. Өзі қалың ой үстінде.Үйге бара салысымен, күзетшілерге жолығады. Меншігіндегі дүние мүлкінің жағдайы қандай болып жатқанын сұрайды. Шаруа қалай жүріп жатыр, одан да хабардар болуы керек. Ағаштардың бұтағын дер кезінде кесті ме, жоқ па, қадағаламаса тағы болмайды. Өзінің бау-бақшасы, бау- шарбағы браконьерлерден аман ба, оны да тексеруі керек… Осының бәрін ойлаған кезде, ол айналасындағылардың бір де біреуін көргісі келмей, жек көріп кетті.

Ол қол астындағы жұмыскерлерінің мұны бір сыбап алып, қожайын келе жатыр деп, жұма күні таңертеңнен іске қызу кірісіп кеткендері есіне түссе болды, өзінен-өзі қиналады. Кешке келеміз дегенді естігеннен, жандары қалмай, қайтсем жағам деген пиғылмен, бұларға бар шаруаны тындырған сияқты әсер қалдыру үшін жүгіріп жүргендері мұның жынына тиеді.

Осыларды есіктен бірақ шығарып тастаса да қолында тұр, бірақ, дәл қазір оған бұрылатын түк уақыты жоқ.

Ол әбден шаршапты. Бірге жұмыс істейтін компаньондары да мұны діңкелетіп бітті. Ал, әйелінің қасында бірге жатқанымен, ешбір жақын тартпайды. Суысып кеткендеріне де бірталай болды.Машинасының алдыңғы терезесіне шыбын-шіркей әбден жабысыпты. Оң жақтағы су шашқыш әлі де жөндеп істемей тұр.

Әйел адамның аты Матильда. Келбеті келіскен, бірақ, бетіне үңіліп қарасаңыз бір шарасыздықты көресіз. Өміріне еш көңілі толмайтыны бетінде жазулы тұр.

Ол сонау кездерде күйеуінің мұның көзіне шөп салатынын ылғи да біліп жүретін.Қазір оның ешқайда бұрылмайтынын да біледі. Мұны сүйгендіктен, көңіліне қарағандықтан емес, ақшасын қимағандықтан ешқайда бармайды.

Ол машинаның ішінде күйеуінің жанындағы орында отырғанымен, өз ойымен өзі болып, мұңайып келеді. Сенбі-жексенбі сайын жүріп өтетін осы бір жол да бітпейтіндей көрініп тұрады.

Оның есіне мұны ешкім де, ешқашан да сүймегені, өзі ешкімнің сүйіктісі болмағаны, бала сүймегені, күзетші әйелдің Кэвин деген кішкентай ұлы, ол ұлдың осы қаңтарда үш жасқа толатыны түсті… Кэвин деген де ат болады екен. Егер мұның өз ұлы болғанда, Пьер деп әкесінің атын қояр еді. Бала бағып алғысы келетіні туралы ойын күйеуіне айтқаны, оны естігенде күйеуі жеп қоя жаздағаны да есіне түсті. Сол жағдай қазір есіне түссе тіпті қамығады… Көз алдына Черруттидің витринасының жанынан өтіп бара жатып көзі түскен жасыл түсті ып — ықшам әйелдер костюмі келді.

Міне, екеуі машинада Париж радиосын тыңдап келеді.Қандай тамаша радио: жанға жайлы классикалық музыка, ал, дүниежүзі халықтарының әртүрлі музыкасын тыңдап отырып, солармен жақындаса түскендей әсер аласың. Ара-арасында берілетін қып-қысқа жаңалықтарды машина салонындағы ерлі зайыптылар ерекше ыждаһаттылықпен тыңдап келеді.

Сонымен, олар жол ақысын төлейтін пункттен де өтті. Бірақ, жол бойы бір- бірімен бір ауыз сөйлеспеді. Екеуінің арасы көпе- көрнеу алшақтап барады..

 

  Әйел бақыты

 

Бала көтеруді аңсаған әйелдерді адам түсініп болмайды. Қызық өздері.

Жүкті екенін білген сәттен бастап, олар бір керемет кеңпейілділіктің тығынын ашқандай болады. Жан-жақтарына тек қана шуақ шашып, өзін де өзгені де нұрландырып жібереді. Байқайсыздар ма, олардың қайсысы болмасын айналасына мейірім төгіп, дүние тек махаббаттан жаралғандай ажарланып кетеді.

Ендігі жерде құрсағына бала біткен әйел осы қалпынан бір өзгермейді.

Қызық өздері.

Бұл келіншек те тура солардан айнымайды. Екіқабат екеніне өзінің көзі жетіп тұрған сиқты. Бірақ нақ сенімді емес. Бір күдік иектеп тұрады неге екенін. Дегенмен,күдіктен гөрі сенімі басымырақ.

Тағы бірнеше күн өтсінші. Көзі жете түссін.

Ол аптекаға барып, жүкті ма, емес па анықтап беретін Predictor*деген тесті өтуіне болады. Тестен өту бағасы 59 франк. Бірінші баласына екіқабат болған кезінен біледі.

Енді екі күн шыдаймын да, барып тестен өтем деген шешімге келді.

Әрине,шыдаған жоқ екі күнге. 59 франк деген не тәйірі,осынша ойланғанша, барып өте салмаймын ба,тыныш болам деп тоқтады. 59 франк деген дүниенің құны емес, қайта екі-ақ минутта бәрін біліп алмаймын ба?

59 франкты береді де, жанын жегідей жеп, қинап тұрған сұрақтың жауабын алады. Әйтпесе,ауырмайтын жері қалмаған сияқты.Басы да айналады, жүрегі де айниды. Қойшы әйтеуір, іші де бұрап кететін сияқты, біртүрлі қиналады.

Ол енді аптека іздеп зыр қақты. Күндегі көріп жүрген аптекаға басын да сұқпайды. Мұны танымайтын, шеткерілеу тұрғанына барады. Тест өткізетін елеусіздеу жерді тапты. Бірақ, жүрегі тулап, өзінен-өзі қиналғаны несі. Әрине, жауабы бірден белгілі бола салмайды.Үйіне келіп, тестің шарттарын орындауы қажет.

Міне, ол үйіне де жетті-ау. Бірақ, есіктен кіре салып, тесті толтыруға асықпады. Неге екенін осы бір мазасын кетіріп тұрған жағдайдан тезірек құтылудың орнына, соза түсті.Жүрегі алып ұшып тұрса да, беттегісі келмейді. Тест кіре берістегі мебельдің үстіне қойған сумканың ішінде жатыр. Жүрегі алқына ма, қалай? Не болса да жүкті емеспін деген ой жоқ. Олай болуы мүмкін емес. Сосын ол киім-кешектерд жинады. Бақшадан баласын алып келді.Жолда кездескен басқа мамалардың аман-есендігін сұрап, біраз әңгімелесті. Өзінен өзі күліп жүр. Көңіл күйі көтеріңкі.

Жеңіл-желпі тамақ әзірледі. Нанға май жағып, баласына да, өзіне де бутерброд жасады. Варенье жұққан қасықты тілімен жалап та қояды .Ұлын аймалап сүйіп, бауырына қысып, жіберетін емес. Бетінен де сүйіп жатыр, мойнынан да сүйіп жатыр жаңа көргендей. Басынан да сүйгіштей бастап еді баласы:

— Мама болды, сүймеші. Не болды,мені өлтіресің бе ,- деп әзер тоқтатты.

Ол енді баласының Legos*ын ойнауға кірісті. Не болса да уақытты созып, тестті шегіндірудің амалы.

Міне, ол баспалдақпен төменгі қабатқа түсіп келеді.Сумкасына көзі түссе де, байқамағансып өтіп кетейін деп еді, онысынан түк шықпады. Тоқтап,сумканы ашты. Ішінен тесті суырып алды.

Тест жай әшейін емес, кәдімгідей салмақты. Сырты қалың. Мұның тынышы кете бастады. Коробканы апыл-ғұпыл тісімен жұлмалап ашуға кірісті. Инструкциясы да бар екен, оны кейін оқиды. Ал, қазір мына бір шыны ыдысты уринаға* толтырды. Оны қайтадан шаригі бар қаламсапқа ұқсайтын капюшонға салып қояды. Қолымен ұстап көріп еді, жып жылы екен.

Тағы да біраз уақыт тұруы керек.

Ал, инструкцияға келейік. Мына бір әйнектердің түсі төрт минуттың ішінде өзгеруі тиіс екен. Мадам,егер екі кішкентай әйнек қызғылт түске боялса,онда сіздің уринаңызда HCG* (хорионикті гонадотроп гормондар) толып тұр деген сөз. Қызғылт түс деген сөз, сіз жүктісіз деген сөз.

Ойпыр-ай, күткен кезде бар жоғы төрт минуттың өтпеуін-ай. Барып , бір кесе шай ішеді,уақыт өтуі керек емес пе?

Ас үйдегі сағаттың жұмыртқа пісірген кезде пайдалантын таймерін қойып келді. Міне… төрт минут керек болса, көрейік.

Ол тест қалай болып жатыр екен деп, жаңағы ыдысқа жақындамады. Ыстық шайды ұрттаймын деп ернін де күйдіріп алды.

Ол енді төрт минутты да күтетін тағат таппады. Нәтижесін көргенше асығып, қарай бастады. Екіқабат екен!

Бәсе, өзі де білген болатын.

Тесті қағаз-тұғаз салатын шелектің ең астына тығып тастады.Үстінен қоқысқа лақтырған басқа коробкалармен бастырып қойды. Өзінше құпиясын жасырған түрі.

Ең жақсысы осылай болғаны деп ойлап қояды.

Ол бар демін ішіне тартып, сосын рахаттанып бар кеудесімен кең тыныстады. Білген болатын екіқабат екенін.

Өзіне өзі сенімді болу үшін өтті тестен. Әбден көзін жеткізіп, тынышталғысы келген еді.Сонымен,күдіктің бәрі сейілді.Енді басқа тіршілікке де көңіл бөлуге болады.

Алайда, ол өзінің екіқабат күйінен басқа ештеңе ойламайтынын, ойлай алмайтынына көзі жеткен еді.

Көшеден өтіп бара жатқан екіқабат әйелді көз алдыңызға елестетіңізші: жолдан өткен кезінде де, бірдемемен айналысса да, біреумен сөйлессе де ол өзінің жүкті екенін әсте есінен шығармайды. Ойында ішіндегі кішкентай сәбиі ғана тұрады. Күндіз-түні бар ойы сонда, оған шүбә келтірмесеңіз де болады.

Осы айтқан сөзге сенсеңіз де сенбесеңіз де, қайтсем де көзіңізді жеткізем деп екіқабат әйелдің бір де бірі сізге ерекше дәлелдеп жатпайды. Тоғыз ай бойы құрсағында жүрген баланы бір минут есінен шығармайды. Жатса да, тұрса да көкейінде тек сәбиі жүреді.

Екіқабат әйел біреумен сөйлескенде алғашында сізді бар ынтасымен тыңдап тұрғандай көрінеді.Шындығында, ол сіздің сөзіңізге дұрыстап көңіл де бөлмейді. Басын шұлғып, қоштап тұруы мүмкін,бірақ оның бар ойы балада ғана болатынын ұмытпаңыз.

Ол көз алдына құртымдай баланы елестеткісі келді. Бес миллиметр болса бидайдың дәніндей ғана болғаны. Бір сантиметр болса ракушка сияқты болғаны. Бес сантиметр десек, баланың үлкендігі мұның жұмыс столының үстінде жатқан өшіргіштей ғана. Ал, төрт жарым айда жиырма сантиметр болды дейік, ол кезде кәдімгідей кішкентай алақанын ашып жататын шығар.

Қиялдап кетті ғой өзі. Әлі ойындағы ештеңе бола қоймаса да, ол қайта қайта ішін сипай береді.

Жоқ, ол жәй әшейін қарнын сипап тұр дейсіз ба, ол балапанын сипап тұр.Үлкен ұлының басын сипағанда, қолы оның үлпілдеген шашына тиеді ғой. Дәл сол сияқты, ішіндегі бөпесінің басын сипап тұр.

Ол күйеуіне айту керек жаңалығын. Мәселе осы қуанышын жай айта салмай, қалай да ерекше әдемі етіп жеткізе білуінде.

Қалай да күйеуін таң қалдырғысы келіп, ойша небір сценарийлер жасады. Дауысынан да, бет әлпетінен де сән-салтанат сезіліп тұруы керек. Шындығына келгенде…мұның бірін де жасамады.

Екеуі түнде аяқтарын айқастырып, енді ұйқыға кете берем дегенде ол күйеуіне жай ғана: мен екіқабатпын деді. Күйеуі мұның құлағынан сүйді де «қандай жақсы болды » деп сыбырлады.

Ол екіқабат екенін ұлына да айтты мақтанып. Мамаңның ішінде кішкентай бөпе бар. Мен де саған Пьердің мамасы сияқты кішкентай бөпе әкеп берем. Сенің не інің, не қарындасың болады. Сен де Пьер сияқты кішкентайдың коляскасын сүйрететін боласың.

Қызық жаңалық екен. Пьер мамасының пуловерін жоғары көтеріп қарады да: қайда жатыр, көрінбейді ғой. Бөпе қайда, ішіңде жоқ, ал сонда қайда? деді.

Ол енді кітаптарының арасынан Лоранс Пэрнудың* Мен жүктімін деген кітабын тауып алып, парақтай бастады. Талай қолдан өткен бұл кітап. Қайын әпкесі де, таныс келіншектер де осы кітапты жастанып жататын екіқабат кездерінде.

Кітаптың ортасындағы суреттерді тауып алып,анықтап көре бастады.

Мына бір тарау Іштегі баланың босанар алдындағы көрінісі екен, онан кейінгіні « сперматозоидтың ішіндегі зародыш* » деп қойыпты да,«алты айлық кезі:саусағын сорып жатқан бала»мен аяқтапты.

Ол жарқырап тұрған көп фотосуреттердің арасынан баланың кіп -кішкентай саусақтарын көрді. Тіпті ,қабағы мен қасына дейін ап-анық анық айырасың, зейін салып қарасаң.

Ал, «Мен қашан босанамын?» деген тарауға келейік. Екіқабат әйелдің қашан босанатынын мөлшерлеп жазған таблица да бар екен ішінде. («Қара сиямен жазылған цифрлар менструацияның алғашқы күндерін білдіреді. Түрлі түсті сиямен жазылған цифрлар босануы мүмкін деген күндерді білдіреді.»)

Сонда бізге қашан бөпелі боласыңдар дейді, қарап көрейік. 29 қараша дейді,ә? 29-қараша қандай күн өзі, атап өтетіндей елеулі оқиға бар ма, жоқ па? Ол енді микроволновканың жоғары жағында ілулі тұрған үлкен календарьға қарады. 29-ноябрь…әулие Сатурнэн* күні екен.

Е,бәсе, жай күн болмау керек еді, тура әулие Стурнэн күні болғаны қандай жақсы! — деді қуанып кеткен ол ішінен.

Ол қолындағы кітапты қоя салды. Енді қайтадан қолына ала қоймайтын шығар. Алса да, ар жағы белгілі: екіқабат кезде қалай тамақтану керек, арқаң неге ашып ауырады, екіқабат кезде неге маска киіп жүру керек, ішіңнің терісі неге кеңейеді, жыныстық қатынас қандай болу керек, дүниеге келетін сәбидің денсаулығы қандай болады ? — деген сұрақтарға жауап береді. Әрі қарай босану жеңіл болу үшін екіқабат әйел қалай дайындалу керек екенін, толғақ деген не, ол қандай болады және басқа да толып жатқан сұрақтарға жауап табасың. Осының бәрі бір жағынан оған күлкілі болып көрінеді. Тіпті, бұған қатысы жоқ сияқты. Қалай болғанда да, ойдағыдай босанатынына, бәрі дұрыс болатынына сенімді.

Күн өткен сайын, әсіресе, түстен кейін қалжырап шаршайтын болып жүр.Дәрігердің айтқаны бойынша,тамақ жеген сайын орыстардың үлкен корнишонын* қосып жейді.

Жүкті әйел үшінші айдың соңында міндетті түрде гинекологқа баруы тиіс.Ондағы мақсат — дәрігерге көрініп қана қою емес, ең бірінші рет қан өткізеді, қамсыздандыру қағаздарын толтырады, жұмыс істейтін жеріне екіқабат екенін растайтын құжаттарды ресми түрде жеткізеді.

Ол гинекологқа түс кезінде барған болатын. Осыншама елегізіп, мазам кетеді деп ойламап еді. Өзінен-өзі әбігерге түскені.

Сол жерде тұңғыш баласын босандырған дәрігерді кездестіріп қалды.

Екеуі бірталай әңгімелесіп, дәрігер «күйеуіңіз қалай, жағдайыңыз қалай, балаңыз жігіт болды ма, қай мектепке бардыңыздар, мектептеріңіз ұнай ма?» деген сұрақтарды жаудырып, ілтипат білдіріп жатыр.

Эхография* консультация беретін столдың қасында екен. Бұл алдына барып отырып, әлі өшірулі, қосылмай тұрған экранға қарай берді.

Ең біріншіден, басқа іс әрекетке кіріспестен бұрын, дәрігер іштегі баланың жүрек соғысын тыңдатты.

Көзіне көрінбей тұрған кіп — кішкентай жүрек кәдімгідей тарсылдап ала жөнелді де, дүрс-дүрс соғып, бүкіл бөлмеге естіліп тұрды.

Қуанғанынан көзіне жас келді, біртүрлі есі ауып қалған сияқты.

Сонан кейін экраннан іштегі жатқан баланы түгел көрсетті.

Құдай-ау, кіп-кішкентай адам жатыр.Аяқ-қолын қозғалтқаны анық көрініп тұр.Бойы — он сантиметр,салмағы — қырық бес грамм. Омыртқаларын да көріп отыр. Тіпті, омыртқасы санауға келеді екен.

Ол аузы ашылып қарады да қалды қадалып, бірақ, ләм деуге шамасы жоқ .

— Білген болатынмын, баланы көргенде сөйлеуге шамаңыз келмей қалатынын! Аузын жаппайтын келіншектердің өзі осындай сәтте демін ішіне тартып, тынып қалады, — деп қалжыңдап жатыр дәрігер.

Ол шешкен киімін қайта киіп жатқан кезде дәрігер аппараттан баланың қағаздарын шығарып жатты. Фотосуреттерін де қосып еді, кіп-кішкентай досье болды да қалды. Қазір машинасына мінеді, жоқ, ол бірден от алдырып жүріп кетпейді. Алдымен қолындағы мына фотографияларды оңашада асықпай қарайды. Әрқайсысын жаттап алмайынша, орнынан қозғалмайды. Осы кезде ол басқа емес, өзінің қатты тарсылдап соғып тұрған жүрегінің дыбысын естімеді.

Күн өткен сайын іші де үлкейе бастады. Бірнеше аптадан соң кеудесі де көрер көзге өзгеріп, үп-үлкен болып кетті. 95С* киетін дәрежеге жетіпті. Адамның миына кірмейді.

Ол болашақ аналарға арналған киім сатататын бутикке барып, өзінің размерін іздеді. Өзінен-өзі толқып, есі шығып жүр. Тамыздың аяғында бөле сіңлісінің тойы болады. Әрі тойға киіп бару үшін, әрі күн сайын өсіп келе жатқан ішіне жайлы болу үшін өзі сондай әдемі, соған сай бағасы да қымбат көйлекке көзі түсті. Таза матадан тігіліп, кеудесінен бастап етегіне дейін кішкентай жарқыраған перламутр түймелер тағылған.Ол енді бұл көйлекті алсам ба, алмасам ба деп ұзақ ойланып қалды. Себебі, ішіндегісін аман-есен босанып алса болды, басқа бала таппаймын деп шешкен еді.Ал, мына қымбат көйлек босанғаннан кейін босқа қалады…

Киім өлшейтін кабинаның ішінде тұрып алып, әбден басы қатты. Өзінше есептеп көріп еді, әрі-беріден соң есебінен де жаңылып қалды. Ол қолына көйлекті ұстап, кабинадан шықты.Сол кезде бетінде қайтсем екен деген әбіржу жазулы тұрған болу керек, сатушы қыз: алсаңызшы, қандай жарасады! — деді. Әрине,бұл көйлекті сіз босанғанша ғана киесіз, бірақ мына көйлекпен өңіңіз тіпті жайнап кетті… Екіқабат кезінде әйелдің тілегі орындалуы керек емес пе? Сатушы қыз бір жақсы адам екен, қалжыңдап айтса да, шындап айтса да өте жылы сөйлеп тұр.

Ол сатып алған көйлегін абажадай сумкаға салып алды. Құлағынан жаңағы сатушы қыздың дауысы кетпей тұр. Кіш еткісі келіп бара жатқаны- ай аяқ астынан. Қайта-қайта кіші дәретке бару екіқабат әйелдерге тән нәрсе екен. Ендеше, бәрі дұрыс деген сөз.

Ал, сіңлісінің алдағы болатын тойы есіне түссе, мұның көңіл күйі тіпті көтеріліп кетеді.Себебі,ол тойда тұңғыш ұлы кіп-кішкентай болып алып, шафер* болады. Өзі әрі күлкісін, әрі қуанышын жасыра алмай мәз.

Ал, мұның мазасын алып, тынышын кетіріп тұрған тағы бір жағдай бар:ол — құрсақтағы баланың жынысы.

Ұл ма, қыз ба өзі? Тағы да дәрігерге барса, біліп берсе кім екенін.

Іштегі бала бес айға қарағанда жасалатын эхография жынысын толық анықтап береді, сонда біледі ендігі сұрағының жауабын.

Тура қазір…баланың ұл екенін, қыз екенін ол әлі білмейді.

Жарайды, жан таппай соны біліп алғысы келіп, тынышы кетіп барады. Бір жағынан, ол ішіндегі баланың жынысына тіпті мән бергісі келмейді.Шынымен де, бәрібір емес пе? Осынша жанын жейтін не болды, өзі де түсінбейді.

Жоқ, енді баласы ұл бола ма, қыз бола ма,дәрігерінен қадалып сұрамайды.

Міне, тағы да эхографияға түсетін уақыт келді. «Сіз шынымен баланың жынысын білгіңіз келмей ме?» деп сұрады дәрігер. Не деп жауап берсе екен. «Олай болса, мен сізге ешнәрсе айтпай-ақ қояйын, сіз өзіңіз экранға қарап, айырып аларсыз кім екенін» деді дәрігер, сөзін қайта жалғастырып.

Осыны айтқан соң, ол гель жағылған зондпен ішінің үстін ақырындап сипай бастады. Дәрігердің қолы біресе қалт етіп тоқтай қалады, біресе бірдеңелерді шұқшиып жазып алады, енді бірде бәрін түсіндіре бастайды. Аяқ жағына келгенде ол тез — тез бітірді де, «ал,енді тұруыңызға болады» деді.

«Сонымен?» деп сұрады дәрігер.

Ол өзіне — өзі әлі де сенбей тұрғанын, күмәнданып тұрғанын айтты. «Ол қандай күмән?» деді дәрігер. Қызық…ер бала екеніне көзі жету үшін тағы қандай дәлел керек?

«Ә, онда білмедім» деді дәрігер жақтырмағанын әзер жасырып.

Дәрігерді соңынан қуып жетіп, жейдесінен ұстап алып, сілкілеп тұрып сұраса қайтеді анығын. Жоқ, ондайға бармайды. Сюрприз болсыншы, шыдайын.

Жаздың ыстығында мынандай үлкен ішпен тіпті қиналып жүрді. Түні бойы көретін азабы бір басқа. Қалай аударылса да, дұрыстап жата алмайды. Ұйқыдан қалды. Амал жоқ,көнеді.

Той болатын күн де жақындады.Үй ішіндегілердің әбігері енді басталды.Әрине,тойдың болдысынан боладысы қызық. Ол тойға керекті гүл букеттерін дайындауды мойнына алды. Мынандай икемсіз түрімен(өзі қарны домаланып, бір үлкен китке ұқсап тұрған кезінде) той әзірлігіне қосатын үлесі осы болмақ. Ортаға жайғасып отырып алады. Айналасындағы балалар керек дегенінің бәрін жеткізіп берсе болды. Отырған күйі шоқ гүлдердің ең әдемісін іріктеп, көздің жауын алатындай әсемдеп береді.

Ол той алдындағы біраз уақытты пайдаланып, «сырты жабық, ақ түсті сандалий» іздеп, бірталай аяқ киім дүкенін шарлап шықты. Бұл қалыңдықтың тілегі болатын «бәрің менің тойыма осындай сандалий тауып киіңдер» деген. Сүйрете салғанға оңай болар еді. Бірақ, тамыз айының аяғында, жаз біткенде, жеңіл аяқ киім табу қиын екен. «Мадам, оқу жылының басталуына дайындалып жатырмыз. Күздік киім» деген жауап естиді қайда барса да. Не болса да әйтеуір біреуін тапты-ау. Ойдағыдай әдемі де емес, аяғына сәл кеңдеу, дәл размері болмады.

Ол өзімен бірге еріп жүрген тұңғыш ұлының бутиктің айнасының алдында мақтанып тұрғанын көрді. Мақтанатын себебі — аяғында судай жаңа аяқкиім, бұтына киген шортигінің беліне ағаш сабы бар қылышын тағып алған. Әсіресе, аяғына киген жаңа бәтеңкесінің лазерге ұқсаған жарқылдағы тіпті көз тартпай қоймайды. Галактиканы айналып шығуына болатынына да сенімді осы түрінде. Баласының қуанғанын, оның бал-бұл жанған түрін көріп, көңілі жай тапты. Тіпті, өзі түрі келіспеген сандалиймен жүргенін ұмытып та кетті.

Аяқ астынан ішінен бірдеңе солқ ете түсті. Ішіндегі сәби ғой бар екенін білдіріп, теуіп жатқан.

Ол осыған дейін де бір әлсіз қимылды, ішінен біреу тепкендей болған әрекетті байқап жүретін. Бірақ, осы жолғыдай анық және дәл қимылдағанын басынан кешпеп еді. Бүгін бірінші рет құрсақтағы сәбидің қатты бұлқынғаны жан дүниесіне ерекше әсер етті.

— …Мадам? Мадам?…Мына заттарды аласыз ба? Басқа ештеңе алмайсыз ба ?…

— Иә, иә, осыларды алам, әрине. Кешіріңіз,басқа ештеңе керегі жоқ.

— Жақсы, мадам.Балақай, сенің доп алғың келіп тұр ма?

…Алдағы жексембіде күйеуі ұсақ түйек жұмыстармен айналыспақшы. Көрпе-төсекті,орамал-дастарханды жинап қоятын кішкентай бөлмені ретке келтірмекші. Дүниеге келетін кішкентайға дайындық. Әдетте, мұндай шаруа істейтін кезде ол өзінің ағасын көмекке шақырады. Сондықтан, олардың ішетін сырасын алдын-ала сатып алып қойғаны жөн. Ал, кішкентай ұлы олардың аяғына оралғы болмау үшін, өзі бас-көз болады.

Жатар алдында күйеуі кішкентай бөлменің ішін қалай әдемілеу керек екенін тауып айт деп, мұның қолына декорацияға байланысты журналдарды ұстатты. Әлі уақыт бар, асықпай бөлмені оймақтай етіп қоюға болады.

Олар болашақта дүниеге келетін сәбидің атын кім қоямыз деген әңгімеге әлі жеткен жоқ. Себебі, өздері бір есімге тоқтаған жоқ. Екіншіден, бәрібір әйелінің айтқаны болады. Сондықтан…дауласып не керегі бар?

Бүгін тамыздың жиырмасы, бейсембі. Сонымен дәрігерге баратын күн тағы келді. Алты ай өтіп кетіпті. Зулап жатқан күндер-ай.

Тойға қызу дайындық жүріп жатқан кезде бұл жағдай да қапталдасып келіп тұр. Ал, қалыңдық пен күйеу бүгін таңертеңгісін Рюнжиге жүріп кеткен болатын. Тау болып үйіліп жатқан гүлдерді де алып кетті. Керек болып қала ма деп пластмассадан жасалған балалардың екі ванночкасы мен тегешін де тиеп алды.

Түскі сағат екіге қарай, ол гүл қиятын секаторды жанына қойып, алжапқышын шешті де, қасындағыларға кішкентай ұлының сары бөлмеде ұйықтап қалғанын айтты. Егер баласы бұл дәрігерден қайтып келгенше оянып кетсе, тамағын уақытында берсеңдер дұрыс болар еді деді. Ал, ол қайтарында дүкенге кіріп, пластелин сатып алуды да, пластелин болғанда да оның ең жақсысын алуды, гүл байлайтын жіп сатып алуды да ұмытпайды. Түк уайымдамаңыз.

Душқа түскеннен кейін, ол дәу қарнын маншинасының рулінің алдына әзер сыйғызды да, жүріп кетті.

Ол авторадиосының кнопкасын қосып жатып, ара-арасында осындай паузалар да керек екен деп ойлады. Себебі, қазір дәрігерге барғанында, сондағы отырған өзі сияқты әйелдердің неше түрлі әңгімесін естиді. Айналада болып жатқан өте маңызды нәрселерден бастап, небір күлкілі жағдайларды олар майын тамызып айтады.

Дәрігердің алдындағы кіреберісте екі келіншек отыр екен. Солардың ішіне қарап отырып, қайсысының баласы қанша айлық екенін дәл тауып алғысы келді. Әрине, мүмкіндігінше олардың ішінің үлкен-кішілігіне қарап қарап, айы-күнін есептеп шығармақшы.

Ол сонау Моиздың кезінде шыққан Paris Match* ты оқи бастады. Ол кезде Джонни Холлидей* әлі өзінің Аделинасымен ажыраспаған болатын.

Ол кезегі жеткенде дәрігердің кабинетіне кірді. Әдеттегідей бір бірінің қолын алып амандасты. Жағдайын сұрады. Рахмет айтып, бұл да ол кісінің де амандығын білді. Ізетпен амандасып болған соң, сумкасын қасына қойып, орындыққа отырды. Міне,дәрігер мұның аты-жөнін компьютерге жазып жатыр. Қанша уақыттан бері екіқабат келіншектің анорея* болып жүргенін де біледі, тіпті, білмейтін нәрсесі қалмады десе де болады.

Сонан соң ол шешінді. Таразыға түсіп өлшеніп, қан қысымын анықтаймын дегенше, дәрігер столдың үстінде жатқан қағазбен таныса бастады. Баланың жүрек соғысын көру үшін тез арада эхографияға түсіруі керек. Әйелдің де жағдайының жақсы екеніне әбден көз жеткізбейінше жайбарақат отыра алмайды. Осының бәрін түсіріп болғаннан кейін барып, компьютердің алдына қайта барады да, толықтыратын жерлері болса тағы да қосады.

Гинекологтардың адам түсініп болмайтын, толып жатқан әдістері бар екен. Әйел ұяттан қайда кетерін білмей, екі аяғын үзеңгіге салғандай креслоға шалқасынан жатқанында да қайдағы бір сұрақтарды қояды. Басқа кезде сұраса қайтеді, ойына кіріп шықпайтын нәрселерді сұрайтынын қайтесің.

Сұраққа жауап беруің керек қой. Сондықтан шыдайсың қайтсең де.

Солай шалқалап жатқанында баланың қозғалғанын сезіп жатсың ба деп сұрайды. Ол жауап беруге ыңғайланып, алдын ала иә дегенінше,дәрігердің көзі де, көңілі де басқа жаққа ауып кеткенін байқады. Жатқан әйел жауабын да аяқтаған жоқ. Себебі ол дәрігердің мұның сөзін тыңдап тұрмағанын, тіпті мұның сөзіне мән бермегенін көріп тұр еді. Дәрігер онсыз да бәрін көріп- біліп тұрған болу керек. Ол бірдеңелерді іздеп өзінің аппаратының бүкіл түймелерін басып шықты да, өзі ғана түсінетін бірнәрсеге көзі жетті. Солай екені анық көрініп тұр.

Ол енді монитордан тағы да керек ақпараттар алғысы келген сияқты. Көз ілеспейтін жылдамдықпен тез қимылдап кетті. Осы аралықта мұның көзіне дәрігердің бет-жүзі демнің арасында мүлде өзгеріп, қартайып кеткендей көрінді. Жатқан келіншек екі шынтағына сүйеніп, орнынан тұрды. Ол да түсінді, әрине, бірнәрсе болғанын. Не болды? — деп сұрады дәрігерден.

Дәрігер «Алдымен киіміңізді киіңіз» деді, өзі мұның сөзін мүлде естімеген сияқты. Екіқабат келіншек не дерін білмей, қайтадан не болды, айтыңызшы деп сұрағаннан басқа амалы қалмады. «Мәселе болып тұр, балада қимыл жоқ» деді дәрігер.

Ол шешкен киімін үстіне қайта киді.

Ол қайтадан бағана келгенде отырған жеріне келді. Үн-түнсіз, бетінде бір өзгеріс жоқ. Дәрігер болса, клавиатураны басып, толып жатқан нәрселер шығарды. Бір қолымен біреулерге телефон да соғып жатыр.

Дәрігер: «Екеуміз қазір бір ыңғайсыздау моменттерді бастан кешеміз» деді.

Осыны айтқанда дәрігер не айтқысы келгенін, бұл сөздің аржағында не тұрғанын ол қанша ойласа да түсінбей қойды.

Мүмкін мұның қолынан сан рет қан алғанда иненің жара болып қалған орнын, немесе ертең тағы да өтетін эхографияны, экран бетіндегі неше түрлі жазбаларды, олардың аяқ астынан өзгеріске ұшырап, түсініксіз болып тұрғанын дәрігер «бір ыңғайсыздау моменттер» деп тұрған шығар. Жоқ әлде «бір ыңғайсыздау моменттер» деп жексембі күні кезекші дәрігер қалғып -мүлгіп отырған кезінде, аяқ астынан толғақ қысып, босанып қалуың мүмкін дегенді айтып тұр ма?

«Бір ыңғайсыздау моменттер» деп, толғақ аяқ астынан қысып, түннің бір мезгілінде әкелгендіктен, анестезия да жасалмай, қиналып өзі босанатынын айтып тұр ма? Сол кезде дәрігердің «бар деміңді тартып, күшен» дегеніне қарамастан, жүрегі айнып, құсып тастайтынын айтып тұр-ау шамасы. Саған жаны ашып,есі шығып кеткен күйеуіңді, оның сенің қолыңды ұстап сипағысы келгенін, бір кезде ішіңдегі әлгі өліп қалған баланың сыртқа шыққанын айтып тұр ма?

Мүмкін «бір ыңғайсыздау моменттер » деп, босанған күннің ертесінде мамалар жататын бөлмеде, босап қалған ішіңді сипап, рахаттанып жатқаныңды, ал, жаныңдағы бөлмеден баланың жылағаны мен қимылын естіліп тұратынын айтқан шығар.

Мұның бір түсінбегені дәрігер неге «біз бір ыңғайсыз моменттерді бастан кешеміз» дегені еді.

Осы мезетте дәрігер компьютердің бір жерлерін сырт еткізіп басып қалып, әйелдің қағаздарын толтырып жатты. Ол іштегі баланы тіліп көріп, анализ жасау үшін Париждегі бұл өмірі атын естімеген зерттеу орталығына бару керек екенін айтып жатты. Демек, баланы аборт жасап алып тастау керек. Бірақ, екіқабат келіншек оның сөзіне бағанадан бері мән де берген жоқ, құлақ салып тыңдаған да жоқ болатын.

Дәрігер: «Сіздің сондай жайбарақаттығыңызға қайран қалам» деді. Әйел болса сол қалпы ештеңе деп жауап қатпады.

Ол дәрігердің қабылдау бөлмесін тағы да басып өтпеу үшін, арт жақтағы кішкентай есіктен шығып кетті.

Ол машинасының ішінде еңіреп жылап алатынын біліп тұр. Бірақ бұл алдағы болайын деп тұрған тойдың шырқын бұзуына болмайды.Үйлену тойы қай күнге қойылды, сол күні өтуге тиіс. Мұның басына түскен бақытсыздық дәл қазір ешкімге зиянын тигізбеуі керек. Қайтсе де, той өткенше, екі күнге шыдайды.

Сонымен,той болатын сенбі күні ол жарқылдаған кішкентай түймелері бар көйлегін киіп алды әдемілеп.

Кішкентай ұлын да сәндеп, тойға лайық киіндіріп, суретке түсіріп алды. Кіп-кішкентай Лорд Фонлеруа тура қазіргідей сүйкімді қалпымен тұра бермейді ғой. Кейін керемет естелік болады.

Шіркеуге барардың алдында олар поликлиниканың қасында біраз аялдап тұрды. Себебі, екіқабат келіншек дәрігердің қатаң бақылауымен беретін таблеткалардың біреуін алып, ішуі керек болатын. Ол дәрінің сұмдығы іштегі баланы қалдырам десең де,қалдырмаймын десең де сыртқа бірақ шығарып тастайтын .

Ол жас жұбайларға күріш шашты*, аллеяда келе жатқанында әбден діңкелеп тұрса да, қолына шампанның бокалын алып, қуаныштарын бөлісті.

Ол өзінің Кішкентай Лорд Фонлеруасының кока-коланың бөтелкесін басына көтеріп, аузынан ішіп жатқанын көріп, тағып алған букетін түсіріп алар ма екен деп уайымдады. Ол қазір өзін ең жоғары, ең дәулетті топтың өкілі ретінде сезініп тұрған болатын. Онысының жөні де бар еді. Мезгілі де, орны да соған сай келіп тұрған жоқ па?

Ол аса бір ыждахаттылықпен, үлгере алмай қалатындай тез қимылдап, екі қолын бірдей қарнының үстіне қойып, жайлап сипады. Сосын өзіне өзі: «Маған де жұғысты болатын шығар?.. Екіқабат әйелге қолыңды тигізсең бақытты боласың деп жатады ғой деді.

Оның қолынан ендігі жерде басқа не келеді? Не болғанда да,алдынан бір жақсылық күтіп тұрғандай, ол ақырын ғана езу тартып күлді.

 

Ескертулер: predictor – екіқабат әйелдің тест өтетін жері; legos – балалар конструкциясы; урина – кіші дәрет; HCG –гормондар; Л.Пэрну – екіқабат әйелдер мен жас аналарға арналған шығармалар авторы; зародыш-эмбрион; корнишон – қияр; эхография — УЗИ; Сатурнэн – хр. дін. әулие, азаптап өлтірілген; 95С – бюстгальтер размері; Paris Match (Пари Матч) – әйгілі фр. апталығы; Джонни Холидей — атақты фр. рок жұлдызы.

 

 Француз тілінен аударған Мария Арынова