— Бұл кім?
— Адасқан сәлеммін, бейуақ…
— Бұл кім?
— Жоғалған соқпақпын, кенет…
— Бұл кім?
— Босаған көңілмін, кейуақ…
— Бұл кім?
— Азанғы азына жел-ек.
— Бұл кім?
— Ғайыптан оралған жолшы!
— Бұл кім?
— Сен ести қоймаған есім!
— Бұл кім?
— Бұл сенің ертеңгі көршің…
— Бұл кім?
— О,бәлкім, ертеңгі досың.
— Бұл кім?
— Қашқынмын — өзінен қашқан…
— Бұл кім?
— Бұл дала көп күткен ұлмын!
— Бұл кім?
— Жазыла қоймаған дастан.
— Бұл кім?
— Жаттала қоймаған Жырмын.
— Бұл кім?
— Ентіккен жігіттің демі.
— Бұл кім?
|
— Теңіздің астындағы ағыс.
— Бұл кім?
— Тұтқынмын, еркіндіктегі…
— Бұл кім?
— Есігін таппаған қағыс!
— Бұл кім?
— Бұл кім?!
— Мені ертең оятпа, досым.
— Ұйықтасын дейсің бе, әлем?
— Тағы да сол үшін кешір…
— Кешпейді Өлең!
— Бізсіз де орнында бәрі…
— Ағартпа жүректің шашын!
|
— Ұйқыда Әлемнің Жаны!
— Оята алмай ма Ғасыр?!
— Ол үшін Мыңжылдық қажет.
— Пайғамбар күтерсің, бәлкім?..
— Бір Ғұмыр – бір ғана мезет.
— Қорлама Мезеттер Даңқын!
— Бір ғана мезетте не тұр?
— Мезеттер – мыңжылдық Жаны!
— Бір емес сақал мен кекіл.
— Сол Кекіл – сақалдың Мәні!
— Бір ояу қалқыды Ой көкте…
— Жанған ой! Жанған ой, сөнбе!
— Өзгеріс рухы – бір Сәтте!
— Сол сәттің белгісі – Сенде!
— Сүйемін түнгі ақ Мұңды!
— Аппақ мұң – жүректің Гүлі.
— Сүйемін Ұйқысыз Түнді!
— Ұйқысыз түндердің ұлы!
3
— Суығын қарашы кештің.
— Тоңдырған кеш емес… Ғасыр!
— Адамға сенбейді ешкім…
— Қағазға сенеді жасыл!
— Өзіне сенбейді тағы әм.
— Өзгеге сүйейді арқа.
— Ортаны жасайды Адам.
— Жоқ, адамды жасайды Орта!
— Балшықтан жасай ма бала?
— Бұл ойын – Қуыршақ Ойнау.
— Мидағы жара!
— Тамырды байлау!
— Бір парыз — досты іздеп келмек…
— Бізді енді іздейді… Шүкір!
— Армандау – кедейге ермек!
— Көнбестік – қоғамдық пікір!
— Сұп-суық дірдек бар ойда…
— Жүректі аяймын, байқұс.
— Текке әуре болдың ғой шәйға.
— Көруші ме едің сен айтыс?
— Шәй жақсы, ащысы болса…
— Тұрмыс бар! Кешеден қалған…
— Бөлмені желдетіп алса…
— Сөз естіп жүрерміз шалдан.
— Газетті көрдің бе бүгін?
— Құттықтай салайық…көңіл…
— Сонда да ашпайды-ей сырын.
— Өмір!..
— Балыққа шықса ғой,шіркін!
— Ауылда тамаша қазір.
— Осылай өлеміз бір күн.
— Иә,өмір – сәтсіздеу әзіл!
— Ә,сол бір жақсы дос қайда?
— Базарда.Он бес жыл… шәй…тұз…
— Сұп-суық дірдек бар ойда.
— Жүректі аяймын байқұс.
— Адамдар байыған сайын…
— Е,қазір қарайсың кімге?!
— Сорпадай сіңді ғой шәйің…
— Бір демдеп әкелейін бе?
— Жә,болар,болармыз күпті.
— Бұйымтай… Жүрістің жөні?
— Әуресі қажеттіліктің…
— Е,қайсың іздедің мені?!
4
— Сен мені көрмедім деші…
— Түн бізді сатады бірде.
— Өзінде бар ма оның өші?
— Гүлдер!
— Қуыршақ ойнайды өмір.
— Құстардан хат келмей жүр ғой..!
— Мұң деген — балқыған темір!
— Шыңғырып жіберер бірде Ой.
— Қабырға көрсетті тілін!
— Айнадан біреу тұр қарап!
— Тойлап жүр ол өлген күнін…
— Өзі өзін тонап!
— О,неге ашылды есік?
— Бәрібір бер жағы да түз…
— Қыздардың көз жасын кешіп…
— Бөлмеде жат із!
— Берірек итерші тауды.
— Тсс… Жұлдыздар шоқынып отыр.
— Мм… Сағат жиырма беске ауды.
— Ол әлі ұйқысыз жатыр.
— Бір уыс сәуле әкеп шашшы…
— Жымиып кім отыр мұнда?
— Үнсіздік дауысы – ащы!
— Қар жауа бере ме жылда?
|
— Мені өзім шақырып алдым.
— Мені де шақырған өзім.
— Өзімді сен бе деп қалдым…
— Ұқсайды көзің.
— Ей,қайда кеттің? Қашпа!
— Бұл әлем Адамға сараң!
— Өзіңді апарып таста,
Өзімді шығарып салам!
5
— Есікті кім теуіп кеткен?
— Қайыршылар жүр еді мана…
— Бәрі де бір той ғой көппен…
— …Бейімсіз тұрмысқа жаңа.
— Телефон шалды ма біреу?
|
— Банктен … Шақырды сотқа…
— Әй, бар іс – боғыңды күреу.
— Бәрі бар – тек біздер жоқта.
— Көршілер той қамына әуре.
— Несие аламыз деген…
— Ол да бір дәурен.
— …Керең.
— Аяқтан сыз өтті мүлде.
— Болмайтын іс дедім ол да…
— Кептіре салсаң ғой түнде.
— …жылиды зорға.
— Сағындым бозбала күнді..!
— Қартайып тұрсың ба, түге.
— Жүрегім қартайған сынды…
— Саулығың тіле!
— Әжімді арманның жүзі…
— Бар ауа – бір сенің демің.
— Әй, қайын атамның қызы!
— Ең ұлы ақыным менің!
— Жұмақ қой жаныңдағы әр күн!
— Әр сөзің – әулиедей емші.
— Болашақ не деген жарқын!!!
— Нан алып келші…!
6
— Біреуің шам жақсаңшы енді…
— Артынан көшейік күннің.
— Қанатты бір хабар келді!
— Кезегі кімнің?
— Ойлар – бір адасқан ұлдар.
— Соқпағын іздей ме жоқтың?
— Неге үнсіз қатыгез жылдар?
— Неге оның есігін қақтың?!
— Тұншығып шығады жалын…
— О, өртеп отырсың нені?
— Жанымның жапырақтарын…
— Аяшы мені!
— Сен енді тоңбайсың, күнім!
— Жылайын сол күлді өбе.
— Бұл жүрек – бір жетім құлын…
— Кісіней береді неге?
— Қарашы өртенген сөзді…
— Суына қоймапты әлі.
— Ұмытпа осы бір кезді…
— Жалғыздың алғашқы қары!
— Көз жасың не деген көркем!
— Жылау да бір бақыт екен!
— Сені алып кетеді ертең…
— Қайтара көрмеші, көкем!
7
|
— Жаңа жыл келеді дейді…
— Аяз шал тірі ме еді әлі?
— Е, келсін, мейлі…
— Келмесе әні..!
— Бұл да бір балалық құштар.
— Аяулы сәттердің бірі.
— Аппақ қар – ақ қанат құстар!
— Тек ұшып жүргенде тірі!
— Анау дос біледі мұны…
— …Тек ішіп жүргенде тірі!
— Қазір гүл – бір қыздың құны.
— Қымбат қой қыздардың мұңы.
— Түу, мына көлікті қара…
— Ішінде біз жоқпыз оның.
— Бізге тек – сұқтану ғана.
— Сұқтану – тегін!
— Түнімен шулады жастар.
— Тыпыршып жаттым десеңші…
— Е, қайда кешегі достар?!
— Уақыт – емші!
— Бір-бірінен аумайтын күндер.
— Ол да бір өтпелі кезең.
— Бақыт бар қонғалы жүрген.
— Мен де бір жақсылық сезем!
— Ақынды түбі ақтар жыры!
— Орғандай қылма тек пішен..!
— Не істейсің жаңа жыл күні?
— Әкесін танытып ішем!
8
— Сен шырақ жақпадың неге?
— Оятып алармыз түнді…
— Бір әуен қалқып жүр көне…
— Киелі мұңды!
— Қайтеміз сөздерді өлген?
— Жүрекке көмейік оны.
— Жан – сұлық ғайыптан келген…
— Қасиет меңі!
— Кәрі ұят хал үсті жатыр…
— Даусыңды шығара көрме!
— Ауа да сатылды ақыр.
— Сатылып кетіпті жер де!
— Джоконда мазақ қылады…
— Жымиыс – сол иығында.
— Жоғалды адамның жады!
— Ешкім жоқ мұнда!
— Тезірек таң атса екен.
— Біз күнді көрмейміз енді…
— Біреу бар есімі – Бөтен.
— Бір сұлу бар дейді Меңді.
— Бет-ауызы қисайды Ойдың!
— Медуза сүйкімді неткен!
— Суретін сақтап қал Айдың…
— Жоғалып кеткен!
— Жерде тек жалғыз гүл қалды!
— Сол үшін соғыс болады!
— Көрдің бе кешегі Шалды?
— Басында бәрінің жады!
— Мәңгілік тірі жүр екен…
— Алғашқы адам дейді Оны!
— Осы күй – ендігі мекен…
— …Өлімнің соңы!
9
— Кезеңнің тәкаппар бір ұлы,
Құшақтап құлапты шөлмекті –
Шаршатып бұрыштар сыбыры!
— Е, менің нем кетті?!
— Тасжүрек ғасырдың құрбаны –
Сұлуға ешкім де сенбепті —
Лақтырып кетіпті жылдары!
— Е, менің нем кетті?!
— Дәуірдің ең ұлы шайыры
Хрестоматияға енбепті
Жоқшысы жоқ екен айыбы!
— Е, менің нем кетті?!
— Ауылдан бір жігіт келіпті,
Ала алмай қаналған енбекті —
Қалада қаңғырып өліпті!
— Е, менің нем кетті?!
— Кешегі соғыстан бір жесір,
Айта алмай тағдырын кермекті,
Жарының құшыпты мүрдесін!
— Е, менің нем кетті?!
— Үмітсіз тудың ба, досым-ай,
Көш жүрді, ілгері ел кетті,
Қалдың ба осылай?!
— Е, сенің нең кетті?!