Мен саған сүйемін
Бляха
Күзетшілер көз қиығымен теледидар қарап отырды. Мен қаладағы қылмыстық жағдаймен жақсы таныс адамдармен арақ іштім. Түр-түсім дегдарлау көрінгенімен, мен ішкенде, ең мықты еркектердің ауызын қисайтамын, бір кеште үш-төрт шөлмек қотара салу — мен үшін онша қиын емес, тек ертеңіне қарын жақта бір қышу пайда болады. Осы ерекшелігім мені ылғи да құтқаратын, бірақ кейде адам танып білмейтін нәрселерге де соқтыратын, міне, сол түні солай болды.
Биліктегі кісі елде жоқ нұрға толы. Оның келбетті дидары таусылмайтын лепірме құмардан шағылысқандай. Бастық біткеннің бәрі осы залда, көз қарықтырардай. Арақ іше әбден сілеген тегеурінді құрылымдардың басшылығы, вице-премьерлер, көсемдер мен демократияны қуғындаушылар, мемлекетшілдер, бас ақымақтар, билікті қайтаруды армандаушылар және өзге де Кремль жайсаңдары у-шу боп жатты.
— Менің бляхам сенікінен жақсы! – деген дауыстар естіліп жатты. Әркім бляха жөнінде армандады.
— Сенің бляхаң мүлде бляха емес.
— Мен айына төрт бляхадан алатынмын!
— Е, ол болғалы қашан!
— Ал менікі платинадан жасалған бляха, — деді біреу.
Бәрі үнсіз қалды. Ал мен ешнәрсе түсінбеген едім.
— Ол бляха дегендерің не деп? — сұрадым. Бәрі қыран-топан күлді.
— Сенде, немене, мүлде бляха жоқ па?
— Қайдағы, менде ешқандай бляха жоқ! — дедім мен, жыным келіп.
Таң ата олардың бәрі космосқа ұшқысы келді. «Ұшыңдар, есалаңдар!» — деп, ойладым жымия. Олар маған да хиқаяшы ретінде ұшуды ұсынды, тіпті, одан да күштілеу ұсыныстар болды. Ең ақырында, солардың бірі, ең алғыры, және, тіпті, мұрнына әдебиет иісі баратыны, менімен өз өміріміздің құпиясы жөнінде әңгіме бастады.
— Мен сені оқыдым және-дағы сен маған ұнамайсың, — деді ол сүп-сүйкімді таңсәрілік көңіл хошымен, тек әппақ ұлық көйлегіндегі галстугі қисайыңқыраған екен.
– Бірақ, мен саған былай дер едім: бұл дұғаланған ел.
Мен түсінген кейпімде мырс еттім.
— Бермуд үшбұрышы дегенің оның алдында түк емес. Біздердікі әлдеқайда басым. Бізде ешбір реформа жүзеге аспайды, — сендіруге тырысты мені бас реформатор.
Мен үнсіз оған сеніп отырдым.
— Біріктіруші идея іздеу керек деген ой болған. Бірақ, тек араздастырушы идеялар ғана табылды.
Бір кезде ол жан-жаққа мұқият қарап алып, күбір ете қалды.
— Шал кедергі етеді.
— Одан жақсысын табыңдар, — дедім мен.
— Мен ол жөнінде емес, — реформатор мұрнын шүйіріп, ұғынылмаған күйі кетіп қалғысы келді де, оның орнына біреулерге қарап айқайға басты.
— Пал Палыч!
Шала мас Пал Палыч келді. Түріне қарасаң, үш әріптің адамы. Ащы ойлардан тұмсығы қозғалып тұр. Киімі бейресми.
— Айтшы мынаған шал туралы. Бұл сенбей тұр.
Үшәріптік басшысына қорқа қарады.
— Ал, айт, бастаған екенсің, — нық өкім етті реформатор.
— Біз оны қозғалмалы қара тесік дейміз, — именкіреп айтты «үш әріп». – Немесе, құйма құлақ. Қысқасы, қотақбас.
— Энергияның жоғалу заңы, — түсіндірді реформатор.
Түрлі шайтан-шәбіра туралы әңгімелерді мен қуана қолдаймын, бірақ масаңдау биліктен емес.
— Ымдайсыз, ә, — деп мен күлген болдым.
— Сен онымен кездес, — ұсыныс жасады реформатор.
— Кіммен?
— Шалмен. Пал Палыч ұйымдастырады.
— Ой сорға батырады. НЛО-одай шешімсіз.
Пал Палыч езу тартқанда оның алтын тістері мен қатар шірік тістері де көрінді.
— Мен үкіметке жұмыс істемеймін, — дедім мен жайбарақат қана.
— Бұл менің Сізге өтінішім болсын, — деді реформатор маңғаздана.
Орыс шошқасының елесі
Кейде балконда достарыңмен сөйлесе, қаннен қаперсіз отырып шәй ішесің, сабырлысың, көңілдісің, бәрі бей-жәй сияқты, ешбір қатер болмайтындай… Бірақ, бір кезде қара басқандай, көзің тас қараңғы болып, табиғат та күңгірттеніп, қасақана қара борандатып, елірген тобыр тасыры естіліп, бір мезетте бәрі қанға оранып, жоқ болады. Енді саған шәй да, мамыражай көңіл де, достар да жоқ. Шәй ішу үшін километрлық кезекте тұрасың, балкон құлаған, достардың өмірден шошынғаны сонша, тышып қойған.
Және сен бұл таңғажайыптың ортасында тұрып ойлайсың:
— Рақмет саған, Тәңірі, берген тәрбиең үшін, жіберген сындарың үшін.
Халық жауы
Ертеңіне Мен халық жауымын деген айқын сезіммен, біреу итеріп жібергендей ұшып түрдым. Төбеде лампа күдіктене қозғалып тұрды. Дегенмен, артығырақ ұрттап қойған екенмін деп ойладым. Билікпен кездесу оңай дейсіз бе, ол бір түрлі толқу тудырады, қоздырады. Біздің билікке немқұрайлылығымыз — жасанды нәрсе. Сезіктеніп, керуеттен секірдім де, айналы шкафка келіп, сарт-сұрт ұйқылы-ояу бетімді соқтым. Айнадан маған халық жауының жуылмаған тұмсығы көңілсіз қарады.
«Ал. Бәрі бітті! – дедім мен. – Ісігілген деген осы, енді тек алға басу керек!».
Шынымды айтсам, менің бұрында да халықпен әмпай-жампайлығым шамалы еді, онымен тегім бір деп бауырым елжіреген емес. Менің кейде халықты күдіктене иіскейтінім бар, кейде құсқым келеді. Бірақ мен мұны жеңіп шығатынмын, сөйтіп, тас қараңғы үмітпен әлде де өмір сүре беретінмін.
Енді бәрі басқаша болды. Мен тағы да жаттым, ойдан сарсылып, ұйықтап кетіппін, түс көрмей ұзақ ұйықтадым, талтүсте тұрсам — тағы да халық жауы екенмін. Бірақ баяғы лениншіл атамның мағынасындағы контра емеспін. Немесе, жалақордың құрбаны емеспін. Мен құрбанның күнәсіздігіне ешқашан сенген емеспін: адам әрқашанда бірнәрсеге ренжулі және реніші түбі бір кезде шығады. Бірақ, мен бар жан-тәніммен өзімді біреу жариялаған емес, өз-өзі жариялаған халық жауы екенімді сезіндім; енді маған кері шегініс жоқ.
Бұл не хал сонда? Мен оны бүге-шігесіне дейін суреттей алмас едім. Ол маған енді ғана кірді де, мені толтырды. Ол сені айқайға итермелейтін және бәрін сызып тастауға шақыратын жек көру сезімі емес. Жындану, сүйсінудің қарабайыр түрі. Жазаға тарту, ол да махаббаттан туады. Күзгі жел пердені мейірлене сипалады. Самал жел өпкен кеудемде жиіркеніш сезімі күшейді. Асығыс-ақтықпалы емес, алауы жоқ сезім.
Мен оны спорт және немқұрайлылықпен басқым келді. Торғайлар тауларында (Воробьевы горы) тиісті қырық минутымды жүгіріп өту үшін мен машинаға отырдым. Баяу жүгіріп келе, мен былай ойладым: «Көн.» Көн: әні шетен ағашының (рябина) қызыл жемістері. Өзен, кеме, трибуналар, шіркеу – көн. Менің жанымнан төзімділікке қарабайыр зачет тапсырып жүрген жасамыс офицерлер жүгіріп өткенді, тер иісі мүңкіді, танауыңды бас та, оған да көн. Олар финишке жақындағанда, маған бір штаб офицері атылды:
— Сен тағы да соңғы боп келдің!
— Неге, мен одан да әрімін! – дедім мен полковникке, дистанциядан шығып.
Мен халық жауымын. Онша ұнамды сезім емес, мақтанатын түгі жоқ. Жиіркеніш құрамында көзгеілмеушіліктен гөрі, үмітсіздік басым. Ойланып қарасам, менде тіпті ақпараттық желеу де жоқ екен. Кеше, немесе өткен аптада орыстар шектен тыс ешнәрсе жасаған жоқ. Өзен ортасында (қанша қолы қышыса да) «Аврорамен» ойқастаған жоқ, сәбилерді (қолынан келсе де) бауыздаған емес. Бар болғаны тіршілік етті, сыра ішті, бірақ мен енді бұған төзе алмадым.
Бірақ, менің жиіркенішім нақты адамдарға арналмаған еді. Оның, мысалы, мен өзім көптен бері көрмеген және көрсе де, түрін зорға шырамытатын өте салмақты Питерлік Сережа ағайға, немесе өмір бойы Маяковскийдің өлеңдерін ұнатқан Зоя Ефимовнаға, немесе екі басқа қалада тұратын және мен білмейтін балдарын дүниеге келтірген менің жиен қарындастарым Белка мен Стрелкаға, немесе ауық-ауық маған телефон шалып, темекіден қарлығыңқы даусымен мені өз есебіңе жерлеші дейтін кедейленген бухгалтер, бойы сорайған Слава апайға еш қатысы жоқ еді.
Толстой бұрынғыша «Соғыс және бейбітшіліктің» авторы боп қала берді. Жалпы айтқанда, алғашқы мезетте ешбір Ресей майталманы орнынан қозғалған жоқ, өзгеріске тек бір-ақ есімше (местоимение), жауыр болған сөз түсті, әйтсе де, «Біз» — орыс сөз қорының Николай Екіншісі. Біздің «бізіміз» өз өздеріне тең «мендерден» тұрады деп ойлау бекер болар еді. Орыстың «мені» бөлек нәрсе ретінде өміршең емес, ол тек жанұялық молекуласының құрамында ғана тірлік етеді. Демек, «біз» идеясын «мендер» құрамайды, керісінше, бізде бәрі «бізден» туады. «Біз» шалажансар «менді» ұсақ картоптай тудыра береді. Орыс сөз қолданысының барлық күші «біз» жағында және «менді» дамытуға қанша әдеби азаптауды қоссаңыз да, онда грамматикалық мүмкіндік болмағасын, ол еш пайда әкелмейді. Мүмкіндік ауқымының шегін көру үшін Платоновтың санадан бұрынғы «бізін» және Набоковтың қасқая қарсы тұрған «менін» алайық. «Бізге» Замятин сияқты үруге, немесе Олеша сияқты әжуалы күлкіге басуға болады, бірақ «біздің» «халық» атты ныспысымен бәрімізге әйгілі императорлық сән-салтанатқа толы сапасы бар.
«Халық» — орыс тілінің ең дәл ұғымы. Ол меннен бізге және бізден оларға: біз – олар дегендей жауапкершілікті екі есе көшіретін мағынаға мегзейді. Мұнда ішкі сипат сыртқы сипатпен жұтылады, яғни, ол өз-өзіңді тану емес, өз-өзіңді ақтау. «Халық» сөзі халықты ғасырларға цементтеп тастаған. Түрлі тап, ұрпақ, жыныс, аймақтарға қарамастан, орыстар — қамшы және дойырмен сабалаған ұрпақтар одағы. Орыстар қинаудан өсіп-өнгендер. Егер жеке тұлғаның өмірі қоғамдық нәрсе арқылы гүлденсе, халық метафора, немесе тірлікте жоқ сөз. Бұл елде ол абыройсыз істің мәнін береді. О баста мен ұялыңқырайтынмын және молынан күнәлілік сезімін сезінген едім. Әлгі халық алдында. Бірақ, өз-өзін басқаруды, өзін өзі қалай болса солай билеумен шатастырған орыстар қарғыс, лозунгтар, жырлар, частушкалар, шиқылдаған күлкі және өзге де ұлттық пафосқа толы бірнәрселерді айқайлап, төмен қарай домалаған тоқтауға мұршасы жоқ тоңқалаған ұйысқан балшыққа айналған еді.
Оянғасын мен оның өз-өзінде қайнатқан жалпы күйіне қарап, халықты алуан түрлі құрама көже ретінде сезіндім. Кедей міскіндер, зиялылар, фаталистік сезімдер — бәрі бір-бірімен теңестірілген. Мен теледидарды өшірдім. Мен енді командаға жанкүйер болудан қалдым.
Гитлердің моралдық көмегі
Егер Парижде Сталинград алаңы болса, ол бекер емес. Үлкен есеппен қарағанда, Гитлер Ресейге көмектесті. Егер оның еврейлерді қудалағаны оларға ар-ұждан арулығы жөнінде темірбетондық статус алып берсе, орыстарға да ол дәл сондай болмағанмен, бәрібір қызмет жасады. Отызыншы жылдары кеңестік Ресей жағына ол ойдың кеңестік шпионы бола бастаған барлық прогрессивті батыс интеллигенциясын, ал, елуінші жылдары — барлық батыс әлемін тартты.
Арулықтан айырылған Ресей өзіне құрмет тудырмайды. Ол әдетінше өзіне жақындаған адамдарды бүлдіреді. Оған келген адамдардың бәріне өзінің өшпес ізін қалдырады.
Қинаудан туған халық бекер дүниеге келеді дейсіз бе? – Өй, қойыңдаршы! Біз түгіл, галактикалар да жарылады. Мені ақыл айту мезі қылды.
Ал енді саспағанда не істейсің?
Жиіркенішке эстетикалық эквивалент іздеу талпынысы мені ақыр аяғында бас сақинасына әкелді. Оның төлі таңғажайып болды, және де бәрін ығыстырып мені бәрін өзгертіп Һәм ешнәрсені қиратпай, өз орыс әлемімнен өз әлеміне шығарған тарлан пайда болды. Алдын ала ескерткім келеді: орыс әлемінде қозғалу этнографиялық та, паталого-анатомиялық та болған жоқ. Ол жалпы маршруттарға да, тыйым салынған соқпақтарға да қатысты емес еді. Тарланға бұл ерекшеліктер маңызсыз еді. Қозғалыс ішкі кеңістікпен жүрді және сөзге айналып маңдытпады.
Мен өзіме Ресейді көркем шығарма ретінде жиыстырдым.
Мекен әруағы
Бір аптадан соң азанда Пал Палыч звондады. Ұйқылы-ояу мен түк түсінбедім. Ол менің үйіме кіріп, жүре пәтерімді мақтап, өз қалауынша бауын ағытпай ботинкісін шешіп, тез кабинетке өтті. Ол кезек күттірмейтін жүз қырық мың ісі бар пысықай шенеуініктің рөлін ойнады. Оның қасында төрт түймесі түгел салынған, қызтеке ме, әлде жәй жас сәнқой жас жігіт пе, референт көрінді.
— Қалай сізге көмектесерімді білмей тұрмын, — қамқорлана айтты Пал Палыч. Қаласаңыз, жүз, немесе екі жүз омон берейін. Ол ойлана түсті. Танк керек емес пе?
— Сіздер менен не талап етесіздер? — құр сұрадым мен, өзімді ойша танкке жайғастырып жатып.
— Елді, — жұдырығына жөтелді референт, — президент те, үкімет те емес, және пенсионерлер айтқандай ЦРУда емес, мына бір, былайынша айтқанда, әмбебап дене басқарады. Бұл ертегі емес, — асығыңқырады ол менің таңданғанымды байқап.
— Жоға, неге? – мен барынша немқұрайлы сөйлеуге тырыстым.- Ресейдің өзі сол ертегі емес пе?
— Мүмкін, — салқынқандылық танытты референт. – Кейде ол сіздің әжеңіз жерленген Ваганька қорығында тұрады.
— Молаға өзің бар, — дедім мен, әңгімеміздің аяқталғанын ишаралап.
Пал Палыч үлкен жирен портфельден асығыстау конверт шығарды да, маған берді. Мен ашып ішіне қарадым:
— Мәссаған! Сонда да тек тұрмай, мемлекеттеріңізде ақша жоқ дейсіздер.
Пал Палыч маңғаздана жерге қарады және сол мезетте өзінің бойынан тәртіп жағынан бір мін тапты.
— Қап, байқамай қапты ғой! — Пал Палыч сол аяғының шынашағын хаки түсті носогіне ұяла тартып алды. — Әйелім носкилерімді жамап қояды. Хоббиі сондай, бәйбішеміздің.
Референт жұлып алғандай әндетіп кетті:
— Польшада өндірілген, жартылай жүнді, Люблин фабрикасыныкі. Енді сатып алмаңыз. Боққа батасыз.
— Түсіндім, — деді генерал. – Іске сәт.
— Егер байланысқа шықсаңыз, — референт маған қарады, — оның миына мынаны құйыңыз… – Подъезд жақта есік сарт ете қалды, — бізге тиіспесін, — күбір ете қалды ол.
— Жел өтінде тұрғандаймыз, — дедім мен.
— Бізде, Ресейде, жел өтінен бәрі басталып кетуі мүмкін, тіпті, Азамат соғысына дейін, — деді референт өз қаупін білдіре.
— Неге мен? – сұрадым мен генералдан.
— Сіз жаңа аян түсу таңсәрісі жөнінде бірнәрсе жазып едіңіз ғой, — деді ол қызарыңқырап.
— Содан жаңғырық шыққандай, — деді референт.
— Ал, біз жүрдік, — Пал Палыч диваннан тұрды. — Саша,- ол басымен референтті нұқыды, — сіздің қол астыңызда.
— Тұра тұрыңдар! Сендер осы идиот емессіңдер ме? – дедім мен сұраулы пішінмен.
Қайран тоқсаныншы жылдар
Алайда, Саша идиот емес боп шықты. Ол орыстың аласапыран тоқсаныншы жылдары өмірдің жүздеген формасын басынан өткерген пысық жігіт боп шықты. Ол ешқашан бұрын да болмаған, сірә, кейін де болмайтын орыс уақытының сағаты жылға тұратын, жылдамдығы құлағыңды осатын ысқырығы мен үскірігін сезінді. Ол қуат мағынасын түсінгендердің, мешел ой дағдысына қарсы шыққандардың қатарынан боп шықты.
90-шы жылдары Ресейде өмір сүргендер аз еді, жұрттың көбісі жылады. Түрлі нәрсеге байланысты. Қуаныштан жылады, еркіндікке жетіп. Тоналып жылады. Атылып жылады. Жұрттың көбі қалтасына жармасып, жан-жаққа қарады, ойынға қосылмай, жол шетінде тырбанып. Ақшаға толы Мәскеу бұл жұрттың көбіне әлемнің ең кедей, құрыған қаласы боп елестеді. Ақша бульварлар мен алаңдарда жатты. Жел өтімен подъездерге ұшып кірді, пәтерлер арасындағы тар кеңістікте қалқып жүрді. Оны сыпырғымен сыпыруға болар еді, әттең, шіркін, дворниктер болмады, олардың орнында шала шарпы ғана бастаған әуесқойлар болды және олар о баста қауқарсыз, репетсіз сыпырды, бұл істің шаршататыны сонша, кешке қарай тапқан табысты санауға уақыт жетпейтін, ұйқы қысқандықтан. Ақшаны шелекте, таздарда, үлкен кастрюльдерде сақтайтын, олар миллиондаған еді және миллионды беріп таусылмайтын, кейін ол көк қағазға ауыстырылатын және көк қағазды бір аптада миллионға жеткізуге болатын. Ақша ауыстыру нүктесі Гетенің «Фаустынан» мықты болатын. Ол демалыссыз жұмыс істейтін. Бірақ «жұрттың көбіне» ақша су сияқты еді, олар оны жимақ түгіл, пішенше ормақ түгіл, тек шашумен болды. «Жұрттың көбі» бұрын өздерінің помидор жегенін, ал кейде тіпті «Русланнан» бельгиялық шатыраш клеткалы костюм алғандарын жақсы білетін! Енді тіпті картөшкеге жетпейтін болды. «Жұрттың көбі» теледидарға анталап, сабырмен түсініктемелер күтті. Олар көше мен алаңдарда төбе-төбе ақша жатқанда, ешкім ешкімге ешнәрсені түсіндірмейтінін білмеген еді. Сосын «Жұрттың көбінің» теледидардың алдында шырт түкірумен отырғандары сонша, кейбіреулері тіпті бомжыға айналып үлгірді. «Жұрттың көбі» қайдағы жоқ шындықты іздеп, салбырап жүрді. Бір кезде дүкендерде зат толып кетті. Бұл тіпті жынға тиетін нәрсе еді. Содан «Жұрттың көбі» үйреншікті тауары жоқ бос дүкендерді армандады, олар бұрынғы шіреті бітпейтін жақсы әлемге кеткісі келді.
Саша жер асты переходта носки сатудан бастады. Носки және Ақ Үй алдындағы еркіндікті қорғау тірі қоршауынан ол сигарет, антиквариат, иномаркалар сатты, складтар мен дүкендерге иелік етті, заңсыз қару ұстады, банктар ұйымдастырды, «Аэрофлотты» сатып алғысы келді, бірақ оның орнына кірпіш зауыты мен тоқыма орамал фабрикасын салды. Үлкен өртке шалдығып, банкрот болып, ваннада өз-өзін атып, өз-өзінің қанын ішуден ішімдікке салынды. Сонда да тірі қалып, карта ойнап, ойын бизнесіне кірді, қызыл пиджак киді, еркектер журналын ашты, ақшасы бітіп, жұрттың бәріне қарыз болды. Мәскеу қасындағы орманда шешендер оны жерге көмген. Дәлірек айтқанда, оған кішкене күрекше беріп, «өз-өзіңді көм!» деген.
Тоқсаныншы жылдардың философиясы — компьютерлік ойын болды. Виртуалдылық әуеде көктемгі тұмандай қалқыды. Әркімге бірнеше өмір тиісті еді, киім жыл мезгіліне емес, патша көңіліңе байланысты ауыстырылды, құстар ұшып келіп, семсерлер тіресіп, көкірек жауынгерлік атойына толы болды. Сашаны атты, ол да атысты. Скважиналар аспанға атылды, ол ақшалы Батысқа қашты. Лондоннан қозғалмайтын мүлік алды. Басы қоңызға толғандай болды. Ол орыс философиясымен айналысты, православиемен қоштасып, Алтайға енді, жұрттан жырақтап, сопыға айналды, буддизмге сүңгіп, оны индуизмге ауыстырды, би билеп, астралға ұшты, индуизмді иудействоға ауыстырып (өзі еврей болмаса да), бір кездері атеист болып та сарсылды, одан жабайыланып, вегетарианецке айналды. Өз қалауымен епитимья қабылдап, джипті біткен «Жигулиге» ауыстырып, дұшпандарын аямай жазалап, өзіне әйелге тиісуге үш жылға тыйым салды.
Бұл орыс денесінің он жылдығы еді. Материализмді жоғалту материалдылықты ашуға әкелді. Қыздар ұлдарға айналды және керісінше. Құмарланудың бәрі әмбебап сексуалдылық әтіріне суарылды. Саша кенеттен өзінің мұсылман екенін сезді, бес сауна және гарем ашты, вудуға кірді, Кариб теңізіне тартты, одан Нигерияға, Лагоста құдай қолдап тірі қалды, қайтып келіп Данилов монастірінде күнәсін мойындады, референт болды. Ол КГБда істеп, менің көзімше гәбистердің ерлігіне сүйсінуге баспен жетті, ол Американы жақсы көрді, жек көрді, өткенді аңсады, өткенге қайтқысы келмеді. Саша жақында отызға толды. Ол салауатты өмірмен, секспен, киномен, компьютермен, жарнамамен эксперименттерін жалғастырды. Саша жағдайымның жағдайсыз екенін мойындады.
— Оны таппасақ, блядь боп кетейін! – деді ол.
Нысана
Мен нысанамын. Бір уыс болған тірі жан, өз-өзін құшақтап даламен жүгіріп келеді. Мені кім көрінгеннің бәрі атады, менің бетім кір-қожалақ, бетімнен тер сорғалауда, киімім балшық, аяқ киімім жыртық, тырнақ асты – қан. Түрім жындысүрей. Өзім туралы ойлауға уақыт та, күш те жоқ. Мен жүгіріп келемін. Жеңем деген ешбір үміт жоқ. Бір кездегі әдемі ағылшын альбомындағы революциядан бұрынғы фотосуреттерді қарап отырып, осында бейнеленген әрбіреу келесі сәтте-ақ оның күлталқанын шығаратын қасіреттің нысанасына айналады-ау деген қарабайырлау ой сап ете түсті.
Көздері бақырайып, сақалдары сапсиған орыстың жігіттері, ұзын етекті, үлде мен бүлдеге оранған олардың бекзат бәйбатша бәйбішелері, ағаш түбіршегінде отырған император, барлық либералдар сияқты маңдайында таңданыс тұнған Набоковтың әкесі, жұмыртқаға ұқсас ракетка ұстаған өзінің Харьковтағы иелігіндегі төрт теннис ойнаушы қыздар, бос уақытында «Орыс сөзі» газетін әңгімелеуші офицерлер, көзімен объективті атқан ауыл атаймандары — бұлардың бәрі тек алдын ала азапқа жиналған және олардың қаннен қаперсіздігіне қарамастан, азап олардың беттерінен тайға таңба басқандай оқылады. Оны айтасыз, азапқа дап-дайындық, қарсылық емес, пионерше салют беру. Қорлануға дайындық, азаптануға, тіпті, азапты өлімге.
Мен біртүрлі қатты толқыдым. Фотосуреттердің мұндай пайымдалуына келісуге болар еді, егер мен оны алдын ала білген болсам. Бірақ, меніңше, болашақ азап менің отандастарымда, олар кім болғанда да, қастандыққа, сүйіспеншілікке және түрлі көзқарасқа, немесе, маған байланысты емес, объективті бар нәрсе еді. Олардың беттеріне кез келген суретке тән өлім көлеңкесі емес, одан гөрі зор құрбандық көлеңкесі түскен. Мен енді бір нәрсені түсінгендей болдым. Ресейде жәй өлімге арнайы қосымша бар, сондықтан, тіпті, бейкүнә альбомның өзінде орыс жүздері әсем болса, ол өмірден зорлықпен кету әсемдігі. Олардың өлімнен кейінгі масканың жарқылындай мөлдірлігі және әлжуаздығы, әлгі суреттелген пішінмен табытта момақан жатуы таптаурын бет әлпеттердің өз-өзіне сенімділігіне тым кереғар еді. Ал ең үздік орыс мүсіркеу портреттерінде, мысалы, Крамскойды алыңыз, тіпті, қасіретке деген сүйсіну бар, қасіретті тамашалау бар.
Болашақ алдын ала болжалып, жұмбағы шешіліп, әйгіленіп үлгірген еді, тек оның болғаны керек еді. Бірақ оның мүмкіндігі дәл осы орыстарға тән екеніне байланысты еді. Сонымен, бәрі дұрыс боп шықты.
Тал шыбықтағы жел. Орыс болу, демек, — нысана болу. Құрбандардың құрбандығы ол да әлемдегі бір қызмет, осыған байланысты біз өзге міндеттерден босатылғанбыз, немесе, ең әрісі оларды салдыр-салақ, асығыс, қосымша атқарамыз. Кейде орыстар өздерінің азапқа таңылғандығын ұмытып, өзге халықтарға, олардың жасампаз бастауларына еліктеп, бір нәрсеге талпынатын, белгілі бір құбылыстарға кірісетін сирек шақтары болады. Әр кезде бұл өкінішпен тынады. Орыстың өмірі жұртты өмірден адастыру үшін жаралған. Шешеңнің демекші, осының бәрі орыстың қасаң шешесінен туындаған. Экклезиаст Экклезиаст болғандай, Ресей өзі болуға тиіс, яғни, Библияның бір құрамды бөлігі болуға. Бірақ Ресей өзінің сыртқы формасы христиандық таза тәжірибесін өз тағдыры бар өзге елдерге таңғысы келетін, міне, сондықтан, оларды көп және бекер азаптады.
Қазіргі жағдайда Ресей белсенділік көзі табиғи түрде әйгіленген, өзге әлемге қарағанда, жоғалған, ұтымсыз көрінеді. Алайда, Ресей дұға оқу, сарсылу және қасіреттену үшін жаралған. Елдің үзілді-кесілді қасіретті болуына толық жағдай бар. Орыс билігі, ол қандай бағыт ұстанса да, өз тапсырмаларын тамаша орындайды. Ресей ешқашанда жүзеге аспайтын және олардың дамуына көптеген шығын кететін утопиялық конструкцияларды ойластыруға шебер. Тіпті мұндай орасан зор елден өзгені күту — ерсі болар еді.
Және де кез-келген ел сияқты Ресейдің оның ішкі барына және соңғы нәтижесіне байланысты пайымдау керек, мейлі нәтиже Батыс көзқарасы бойынша жағымсыз болсын. Мүмкін, ол Шығыс ұстанымдары бойынша да бір түрлі болар.
Қазақ тіліне аударған — Әуезхан Қодар