Журнал "ТАМЫР", №37, октябрь-декабрь 2013 г.

Гүлжамал Қортабаева. Славян тілдері кеңістігіндегі түркизмдер

Еліміз егемендік алғаннан кейін геополитикалық жағдайларға және өркениет пен мәдениеттің дамуына байланысты түркі тілдеріне деген қызығушылық пен ықылас танытушылық біршама күшейді. Оның ішінде түркітілдес халықтардың славяндармен ара-қатынасы, жалпы еуропа халықтарыменен байланысы күшеюде. Бұл сияқты құбылыс дүниедегі тілдердің кез-келгенінде бар, ол заңды да. Тілдердің мұндай тоғысуы халықтар арасындағы қарым-қатынас барысында туады. Ел мен елдің арасында болып жатқан саяси-экономикалық, мәдени байланыстардың арқасында тілдер арасында алмасу, араласу басталады.
Міне, осындай қарым-қатынастың нәтижесі – орыс тілінде де түркі сөздерінің көптеп кездесетіндігі. Соның арқасында этимологияның нақтылы сөздері мен сөз тіркестері, сөздердің тарихына деген ықылас біршама едәуір күшейе түсті. Түркизмдер ағылшын тілінде де кездеседі, қазіргі уақытта 400-ден астам түркизмдер бары анықталды. Тіпті, түркизм сөздерді көп қолданған ғұлама жазушылар бар: Кристофер Марло, Шекспир, Байрон, Скотт.
Қазіргі уақытта біз білетін классик ғалымдардың еңбектері Шығыс Еуропа тілдерінің сөздіктеріндегі түркизмдердің зерттелуіне арналған. Мұндай еңбектерді жазған ғалымдар қатарында: В.Д. Аракин, Н.А. Баскаков, Ж.А. Әбуов, Н.Ж. Шаймерденов, О.О. Сүлейменов, К.Г. Менгеса, А.Н. Кононов т.б. бар.

Орыс ғалымдары славян тілдеріндегі түркизмдер мәселесіне тарихи-этимологиялық тұрғыдан қарауға ХІХ-ХХ ғ.ғ. ден қоя бастады: академик Ф.Е.Корш «Этимологический словарь восточных слов в европейских языках» (1927) деп аталатын еңбегін жарияласа, «Слово о полку Игореве» (1929) деп аталатын жылнама-жырға рецензия жазады.
Бұл қадам түркі тілдеріне деген алғашқы қызығушылықты байқатады. Ғалымның бұл рецензиясы ғылым кеңістігінде славян тілдерінде түркизмдердің бар екенін көрсетіп берді. Кейін поляк ғалымы А.Зайончковскийдің де бұл іске ерекше назар қойып, балабан-балван сөзінің этимологиясын ашуға тырысты, бірақ «болван» сөзінің сырын көне түркі руна ескерткіштері тілімен таныс болмағандықтан, ашып бере алмады.
Түркизм – кез-келген тілдегі түркі тілдерінен енген кірме сөз. Кірме сөздер – қай тілді алсақ та тіл дамуының ең маңызды факторларының бірі болып табылады. Әрбір тарихи жағдай тілге өзіндік бір ізін қалдыратыны анық.
Түркі тілдері – бір-бірімен туыстас халық тілдері, бұларға әзірбайжан, балкар, башқұрт, гагауз, казақ, қараим, қарақалпақ, қарашай, құмық, ноғай, шұлым, татар, түрік, түрікмен, өзбек, чуваш, сахал, хакас, шор, салар т.б. жалпы саны 40-тан астам тілдер енеді.
Cлавян тілдері тобына ескі славян, полаб, жоғарғы лужа, төменгі лужа (өлі тілдер), болгар, македон, серб, хорват, словен (словин), чех, словак, поляк, кашуб, орыс, украин, беларусь тілдері жатады. Осы тілдердің ішінен поляк тілінің сөздік құрамын анықтасақ, түрлі элементтерден құралған. Әртүрлі тарихи жағдайларға байланысты поляк тілінің сөздік қоры әртүрлі уақытта біршама кірме сөздермен толығып отырған.
Тарихи тұрғыдан түркі-славян тілдерінің қарым қатынас процесінде, әсіресе, лингвист ғалымдардың назарына іліккен зерттеулері түркизмдердің славян тілдеріне ықпалы, оның ішінде поляк тілдеріне ерекше ықылас таныту болып отыр. Бұл зерттеу түркизмдердің көптеген славян тілдерінде ықпалы болуы, оның зерттелуі өте орынды және де қажеттілік туындататын мәселе, лингвистикалық тұрғыдан түркі лексикасы негізінен басқа тілдерді меңгеру қарастырылады.
Поляк тілі мен түркі тілдері бір-бірімен типологиялық жағынан туыстас тілдер қатарына жатпайды. Алайда, бұл факт түркі тілдерінің поляк тіліне лексикалық тұрғыда ықпалы тиген деп түсіндіріледі. Поляк тіліне түркі тілдерінен тек сөздер мен сөздер түбірлері ғана енген.
Әрине тарих сахнасында поляктардың ХХ ғ-дың 30-40 жылдары көптеп жер аударуы қазақ-поляк тіл қарым-қатынасына елеулі әсерін тигізді. Жалпы түркизмдер поляк тіліне әртүрлі кезеңдерде енген: көне заман саяхатшыларының жазба очерктері және күнделіктерінен, немесе еуропа елшілерінің еңбектерінен кірме түркизм сөздер; ХVІ-XIX ғғ. орыс-қазақ байланыстары арқасында (көп елшілердің, тілмаштардың, аудармашылардың өздері әртүрлі ұлттан болған); репрессияға ұщыраған поляктардың ата-жұртына оралуына байланысты тілдеріндегі түркизмдердің жергілікті қолданылуы.
Қазіргі Қазақстандағы поляк ұлтының күнделікті өмірде немесе тұрмыста түркизм сөздердің қолдануы себептерінің бірі болып табылады [1,10].

Келесі бір түркизмдердің көп кездесетін ортасы – шығыс славян тілдері. Осыған дейінгі ғалымдардың зерттелген еңбектерде түркизмдерді, яғни түркілерден енген кірме сөздерді кездестіреміз. Лингвистика ғылымында бізге белгілі таралған дәуір түркі және славян тілдерінің ықпалдасуы болып табылады. Ғалымдар Н.А. Баскаков пен В.И. Абаев түркі-славян тілдерінің ықпалдасуын келесі кезеңдерге бөліп қарастырады: 1 кезең – І-VIII ғғ. (Көне Русь мемлекеті Киев Русінің құрылуына дейін); 2 кезең – IX-XII ғғ. (Көне Русь мемлекеті Киев Русінің құрылуы); 3 кезең – XIII-XV ғғ. (моңғол шапқыншылығынан кеінгі уақыт); 4 және 5 кезеңдер – социалистік Қазан көтерілісі [2,280].
Алайда бұл кезеңдерде жаңа кезең дәуірі көрсетілмеген. Зерттеушілер көбіне түркі тілдерінің шығыс славян тілдерініне ықпалына көп назар аударады. Себебі Көне Русь мемлекетінің құрылуы мен өмір сүрген кезеңдерін терең қарастырған. Бұл мезетте түркі тілдері сөздерінің поляк тіліне қандай жолдармен енуі, түркизм сөздерінің поляк тіліне енуі мен қаншалықты өміршеңдігі мен өзгеруін қарастыруымыз қажет.
Бұл орайда әрине қазақ ғалым-лингвистерінің сіңірген еңбектерін де айта кеткен де орынды: О.О. Сүлейменов, Н.Ж. Шаймерденова, М.Ш. Мусатаева т.б.
«Аз и Я» кітабының жазылуы туралы О.Сүлейменовтің естелігінен үзінді келтірейік: «Мен орыс жылнамалары мен жауынгерлік шежірелерінің қойнауына сүңгідім және «Жырдан…» түркі сөздерін бар деп жүргеннен әлдеқайда көп ұшыраттым. Сөз мәдениетіндегі түркі-славяндық, славян-түркілік этникалық байланыстардың осы ескерткіште көненің рухы, Евразия атмосферасы қалай айшықталғанын анық сездім мен. «Жырдың…» бір ғана тіл білетін ғалымдардың назарына ілікпей кеткен қырлары қос тілді меңгерген жазушы ретінде маған айқындала түсті».

Ары қарай Олжас «Жырда» “Се уримъ кричатъ подъ саблями по­ловецкыми” деген жол бар. Монолингвист аудармашылар оны “се у Римъ” деп оқыған. Сонда немене, Кончак қыпшақтары Римге дейін барған ба? Енді Русь жерінен Рим деген қала іздей бастаған. Одан кейін Мәскеуді кезінде “третий Рим” деп атағанын еске түсірген. Одан да болмаған соң Переяслав княздігіндегі Римов деген қаланы еске түсірген. Ал енді қос тілді оқырманның көзімен қарасаңыз бәрі оп-оңай орнына келе қалады. “Уримъ” – кәдімгі түркі сөзі.
Әйелдің өрім шашы. Қыпшақтар Игорь жорығынан кейін Руське қайта шапқанда әйелдердің шашын кескен, сөйтіп қорлаған» деп нақты топшылауларын дәлелдермен түсіндіріп берді[3,147].
Бұл туралы А. Мещерский «Слова, пришедшие из тюркских языков, попадали в древнерусский язык преимущественно изустным путем, но иногда отражались и в письменных памятниках собственно литературного жанра. Так, например, особенно заметен этот лексический пласт заимствований в «Слове о полку Игореве», встречаются слова тюрского происхождения и в летописях. Слова тюркского происхождения в древнейший период заимствовались русскими из языков многочисленных народностей, последовательно сменявших друг друга в качестве ближайших соседей восточного славянства с юго-востока» деп толықтыра түседі [3,82].
Шығыс халықтарының рухын көтерген «Аз и я» кітабын қазір бүкіл ғылым әлемі мойындап отыр, тіпті, кейбір көне тарихи сөздеріне берген түсініктемелерін ғылыми айналымға енгізгенін мақтанышпен айтуға болады.
Тарихта белгілі бұлғар-скифтардың Шығыс Еуропа аумағына қоныс аударғандығы, Еуропа славяндарымен бұрыннан қарым-қатынасы, бұл зерттеуге түрткі болатындығы дәлел. Түркі тілдерінің славян тілдеріне ықпалы үлкен масштабтағы кезеңді қамтиды.
Түркизмдердің көп кездесетін аумағы – оңтүстік және шығыс славян тілдері. Сонымен қатар поляк тіліне түркизмдер украин тілі, словак тілі және чех тілдері арқылы да енген. Мысалы: словак сөзі «čakan“ „кетпен“, «шот», «тіс ағаш» түркі тілінен енген кірме сөз (шағатай «čakan“ – «ұрыс балтасы»), венгерше «csakany».
Зерттеушілердің этимологиялық сөздіктерінде түркизмдер кең аумақта қаралған. Оның ішінде лексикалық сәйкестіктер басымырақ.
Шығыс Еуропа елдері тілдерінде «арнайы дыбыстар» яғни ызың дыбыстары (rz /rs) әр тілде (r) дыбысына немесе (s/š) дыбыстарына ауысып отырған. Поляк тілі грамматикасында ызың дыбыстардың болуы rz және r´ фонемаларын жіңішке r´ дыбысын ауыстырған. Мысалы: rz дыбысы ž және š дыбыстарына үйлеседі. Праславян тіліндегі жіңішке r´ дыбысы rz дыбысына айналуына байланысты өзгеріске ұшыраған. Бұлғар түркілерінің сол аумақта көптеп қоныстануы поляк тіліне осындай өзгеріс чех тілі арқылы әсер еткен. Ғылым әлемінде мұндай «алдамшы ауысу» көрінісі z-тің r-ге ауысуы ротацизм немесе зетацизм деп аталады.
Төменде көне түркі-славян лексикалық үйлесім байланысы көрсетілген. Әрине, үйлесімдік байланыстар әрдайым зерттеліп отырған еңбекті толықтырып, жаңартып отырады. Мысалға келтіріп отырған фонологиялық ерекшеліктерінде rz /rs дыбыстарының r´ дыбысына айналуынан басқа жиірек b  m айналымын кездестіруге болады. Мысалы; поляк. «baczyč» ( қарау, назар аудару) – түркі bak (қарау), чуваш па´х (қарау); пол. «rdza» (тот, темір), бұлғарша «ržda», укр. «іржа», чех «rez», «žerz » (тот басу), көне түркіде «jez», «zez», «čes» мыс немесе қола атауларын байланысты қолданған. Көне сөз тұрқы jerz/zerz, яғни металл атауы дегенді білдіреді[5].
Индоеуропалықтарға көне түркі сөзі ерте дәуірде темір өндіру технологиясын ойлап табылмаған уақытта енген сөздердің бірі. Бұл атауды о бастан мыс пен қола атауы ретінде қолданған. Тек кейінгі уақытта ғана темір атауына ауыса бастаған. Мыстың бастапқы түркі атауы лужичаниндер тілінде «zerz »яғни «тот басу» формасы сақталған. Бұл форма славян тілінде темір атауына қарай ауысқан.
Сонымен қатар, келтірілетін мысалдар: көне славянша – klobúk, koblúk, орысша – колпак, укр. – «ковпак», түркіше – qalpak, яғни «тік төбелі қалпақ» деген мағынада қолданылып тұр.
Славянша – «koberec», поляк. «kobierz ec» – мағынасы «кілем» яғни «жабу», көне түркіше «kavér» «kebir»немесе «kiviz, kigiz», яғни көне түркіше «kap» – «жабу» деген мағынада [3].
Орыс тілінде «пирог», поляк. «pirog», словак. «piroh», «пирог, мясной пирог», көне түркіше – «bôrek», чуваш. «пýрéк» мағынасында.
Чех тілінде «tlumač», поляк «tl´umač» яғни «аудармашы», «тілмәш» мағынасында.
Шығыс Еуропа елдері тілдерінің ішінде көнеден қалыптасып, енген сөздерді көптеп кездестіреміз. Ең бірінші түркі тілдері мен славян тілдерінің зерттелуіне салмақты назар аударған чех зерттеушісі Й.Пайскер болды.
«Қазақ тілінің лексикологиясында» жәшік сөзі орыс тілі арқылы енген сөздер қатарында келтіріледі [6,30]. Негізінде, бұл – бізге қайта оралған сөз.
Дегенмен, Фасмер ящикті орыстың төл сөзі санайды. Көне орыс тіліндегі аскь, яскь – корзина сөзінен шығарады. Түркизмдер сөздігіндегі былай делінген: “Однако этимология, предложенная Фас¬мером, не кажется достаточно убедительной. Ящик – это прежде всего – предмет, служащий для укладки, хранения и переноски чего-либо. Радлов – иәшрік /казан./ – иашрык таинственность, укромное место; иәшрін /казан./ тайный, скрытый; иәшір /казан./ – иашыр – скрывать, таить, прятать. Радлов определяет, однако, как заимствование из русского в татарский в значении 1. ящик; 2. выездная телега и иәшчік в значении ящик. Сравним казахское жасыру – прятать, укрывать, скрывать”[6]. Сонымен, бұл о баста түрік тілдерінен иашрык – укромное место түрінде орыс тіліне ауысып, көп уақыт өте келе ол зат күйіне – ящикке айналған кезде қайта айналып келген сөз деп ойлаймыз. Этимологияда ондай мысалдар жүздеп саналады.
Тағы бір мысал ретінде орыс тіліндегі стакан сөзін алайық.
Х.Махмудов “К вопросу о сравнительно историческом методе и критика четырехэлементного анализа Н.Я.Марра” деген мақаласында: “Көне орыс тіліне “достакан” деген сөз XІ-XІІ ғасырда ауысты, бұл түркі тілдерінде айтылатын “достаған – тостуған – достакан – тустаған” сияқты сөздерден алынған еді. Бері келе әлгі “достакан” қысқара-қысқара “стакан” болып кетті. Қазіргі қазақ-татар тілдеріндегі “стакан” орыс тілінен келуі даусыз, бірақ оның түбірі біздің “достағаннан” шығуы анық” дейді. Бұған қосарымыз: арғы түбіндегі тостағанның мәні тосу болса керек, асты алдыңа тостым деген сияқты”[8]
Радлов кәдімгі өтектің өзі әу баста от-кі /опаленный, общипанный/ дегеннен шыққанын айтады. Ортасына көмірдің шоғын, яғни, от салатын темір өтек өткен ғасырдың жәдігері.
Орыс тілінде разгильдяй – “небрежный в делах, несобранный, неряшливый человек; неповоротливый, неряха” деген мағынадағы сөз, “Они ворчат: уймется ли негодяй, / Что за повеса! экой разгильдяй! ”.
Фасмер: “Образовано аналогично разгуляй “увеселительное место”, растрепай “растрепа, оборванец”, т.е. от повелительной формы” деп, А.Преображенскийдің 14 кітаптан тұратын, 1910-1918 жылдарда шыққан “Этимологический словарь русского языка” еңбегіне сілтеме жасайды. Артынша “Возможно, связано с гиль “путаница”, первоначально, возможно, “расшевели-ка”?”. Иначе, от татарского собственного имени Уразгильды, Уразгильдяй, а также Разгильдей, Разгильдяй объясняет это слово Попов ” деп жазады А.И.Попов [9,35].
Зерттеуші О.Н.Трубачев “История славянских терминов родства и некоторых древнейших терминов общественного строя” деген кітабында А.И.Поповтың көзқарасын жақтайды.
Біздіңше, бұл сөз о баста татар ағайындардың арасында ораза келді деген сөзден шығуы мүмкін, өйткені ораза кезінде адамдар «ауызашар» жасап, көрші аралап жүрген, оразадан кейінгі «айттауда» адамдар жұмыс жасамай, бір-біріне қыдырып жүретін салт-дәстүрмен байланысты ма деген де ой келеді. Өйткені орыс тілінде разгильдей сөзінің семантикасы жұмыс істемей, бос жүрген адамдар туралы айтылады.
Кезінде Пушкин де орыс тіліндегі түркизмдердің бар екенін айтқан, бірақ ауқымын өте үлкен деп санамаған. Оған: “Как бы то ни было, едва ли полсотни татарских слов перешло в русский язык”, – деген сөзі дәлел. Бұл арадағы “татар сөздерін” жалпы түркизмдер деп қабылдау қажеттігі түсінікті.
Академик Смет Кеңесбаев “О тюркских элементах русского словаря” атты мақаланың авторы Н.К.Дмитриевтің еңбегі туралы айтқанда: “Н.К.Дмитриев все слова, заимствованные русским языком из тюркских, считает тюркизмами, независимо от их происхождения в тюркских языках” деп жазған болатын [10].
Келтірілген мысалдар арасында ара-тұра ұшырасатын фарсизмдер де, арабизмдер де, монголизмдер де түркизмдер қатарында аталады, өйткені олардың бәрі дерлік орысшаға түркі тілдері арқылы ауысқан. Қорыта келгенде, түркі тілдерінің славян тілдерінде көп болуы көп аспектілі, себебі лексика, грамматика, фонетика және фразеология қатысынан әлі де көп зерттеуді талап етеді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Ибраева А.Б. Поляк жазушыларының еңбектеріндегі түркі лексикасы қолданылуының лингвомәдени ерекшеліктері. –Алматы, 2009
2. Баскаков Н.А. Русские фамилии тюркского происхождения. – М. Наука,1979.
3. Сүлейменов О. Аз и Я. – Алматы: «Жазушы», 1992
4. Мещерский Н.А. История русского литературного языка. – Ленинград: издательство Ленинградского университета, 1981. – с. 82-83
5. http://www.v-stetsyuk.name/ru/Iron/Culture/TurSl.html
6. Қазақ тілінің лексикологиясы. – Алматы, 2004
7. Шипова Е.Н. Словарь тюркизмов в русском языке. – Алматы, 2004
8. Махмудов Х. «К вопросу о сравнительно-историческом методе и критика четырехэлементного анализа Н.Я.Марра» //Вестник АН Каз. ССР, № 4, 1951
9. Попов А.И. “Мелиоранский и изучение тюркизмов в русском языке” // “Тюркологический сборник”. – М., 1972
10. Кеңесбаев С. «О тюркских элементах русского словаря» // Лексикографический сборник, вып. 3. – М.,1958