Журнал "ТАМЫР", №37, октябрь-декабрь 2013 г.

Асылбек Ықсан. Ескі нәски (новелла)

(Провинциялық режиссердің жазбалары сериясынан)

Қадірменді оқырман, бұл оқиғаны маған таныс режиссер жігіт айтып беріп еді. Біздің қалаға келіп, басынан кешкен хикаятты пьесаға өзек етіп, сахналамақ та ойы бар екен. Екеуіміз өзен жағасында, осыдан екі жыл бұрын күз айларының бірінде таныстық. Өзі балық аулауды кәсіп еткен адамға ұқсамайды, қармағымен әуре боп, құнжыңдап жүретіндерден бөлектеу болып көрінді. Үлкендерге көп үйір емес, қайта, әкелеріне еріп келген ірілі-ұсақты балалармен әңгімесі жарасып жүреді. Қармағын сары сазан қауып, тулап жатса да, іліккен олжасы жырылып түсіп, құйрықты шылп еткізіп бір соғып, терең суға сүңгіп ғайып болса да өзгермейді – өзінің ішкі әлеміндегі әлдебір құпия сандықтың кілтін қайда қойғанын есіне түсіре алмағандай … өзгешелеу күй кешеді. Толқынданып жатқан Жайыққа қарап кей кезде

ұзақ үнсіз тұрады. Сол кезде ол кісі маған терең судың түбінде не жатқанын көріп тұрғандай әсер береді. Кейде жұма намазында бас шұлғып, сәлемдесіп қаламыз. Жұмбақтау көрінетін жанмен тілдесудің ретін таппай жүрдім. Әрине, жоқты-барды сылтау етіп, күн райын сөз қылып, әр балықтың мінез-құлқын тілге тиек етіп сөзге шақыруға болар еді, оным бұл кісі үшін баланы алдарқатқандай болып шығар деп тартындым. Бір күні жаныма өзі келді. Жылыұшырап қарағанда көкейімдегі барымды оқып қойғандай болды. Қысқа амандық-саулықтан соң, баяғыдан сыралғы жанша ақтарыла әңгіме айтып, араласып кетті. Өзімді кәдімгідей адам танимын деп жүрген мен тосылып қалдым. Тұйық па деп жүрген адамым ғажап әңгімешіл болып шықты. Бір күні, қармағына құрт шаншып, суға лақтырды да осы әңгімені бастады.

Музыка үні кенеттен шықты. Тастай қараңғыда бір үйір перілер сақ-сақ күліп, қанаттары сусылдап, бір-біріне соғылардай болып ойқастай ұшып келе жатқандай жайсыз әуен көңілді қырнап, түйсікті тітіркендіріп кетті. «Полет Валькирии» әуені ұйқы ашуға жақсы. А. дегенмен әуенді ауыстыру керек екен деп ойлады. А. көзін ашып, кереуеттің бас жағындағы тумбаға қолын созды. Телефонның шырылын баса бергенде, жылтыр телефон қолынан сусып кетті. Күні бойы сабылтатын қыруар жұмысты ойлап, сәл жатты да, басын көтерді. Еденде шашылып қалған телефонын жинады. Тәпішкесін аяғына іліп ваннаға беттеді. Жуынып келіп төсектің шетіне отырды да нәскиін қолына алды. Нәски әбден ескіріпті – өкшесі жұқарып селдіреп тұр, енді бір-екі кисе үлкен башпайы да тесіп шықпақ. А. ескі нәскиін қоқыс шелекке тастады да комодтан жаңасын алды. Фабриканың жапсырған қағазын жыртып, аяғына кие бергені сол еді «Киме оны!» деген ащы дауыс шаңқ етті. А. аң-таң болып жан-жағына қарады. Үйде жалғыз тұрады. Қағыс естіген шығармын деп ойлады да оң аяғын нәскиге сұқты. «Киме деймін, оны!» деген дауыс тағы да шаңқ ете түсті. А. үйге бөтен біреу кіріп кеткен болды-ау деп дәлізге шықты. Ұзын дәліз бос. Ешкім жоқ. Үлкен жақтың есігін ашты – онда да ешкім жоқ. Иә, болуы мүмкін емес. Креслоға отырып қолына ұстап жүрген нәскиін кие бастады. «Киме деймін! Киме деген соң киме!». А. дауыс шыққан жаққа қарап қоғалмай қалды. Булығып әлдене деп сөйлеп жатқан ызалы дауысты анық естіді. Дәретханадан шығып жатыр. Ақырындап дәретхананың есігін ашты. Жаңағы өзі тастаған ескі нәскиі қоқыс шелегінен түсе алмай әуре боп жатыр екен. Төбесінен қарап тұрған А-ны көріп айғайға басты: «Мені қоқысқа неге тастайсың? Қандай қақың бар? А?! Шығар ені мына шелектен, шығар!». Әбіржіп қалған А. еңкейді де саусағының ұшымен алып, ескі нәскиін шелектен алып, еденге қойды. Ескі нәски ашық тұрған есіктен дәлізге зып берді. Өзі бұрқылдап сөйлеп жүр: «Қара бұны! Сен мені кім деп жүрсің!? Сотқа берем! Тұтынушылар қоғамына үстіңнен арыз жазам! Пайдаланып-пайдаланып алып, енді қоқысқа лақтырып тастамақшы! Көрсетейін мен саған!». Аң-таң болған А. бірдеңе айтпақшы болып ауызын аша беріп еді – ескі нәски шаңқ ете қалды: «Жап ауызыңды! Оңбаған! Кілең жаңа нәски кимекші ғой сонда! Көрсетермін мен саған!». Ісініп-кебініп қатты долданғаннан селдіреп тұрған өкшесінің бір-екі тіні үзіліп те кетті. Оны көріп жынданардай болған ескі нәски өз-айқайына өзі тұтығып, жөтеле бастады. Осы сәтті пайдаланған А. ақырын ғана тіл қатты: «Кешіріңіз, мен енді… ескі, жыртық нәскимен жүре алмаймын ғой. Ол… ол ұят емес пе? Жұрт не дейді?». Қиқылдап-шиқылдап жөтеліп тұрған ескі нәски дүрсе қоя берді: «Жамап ал! Не, жамау нәски кисең тағыңнан түсіп қаласың ба?!». Мынандай сұмдықты көрмеген А. тездетіп ұйықтайтын бөлмеге барды да, есікті жауып алды. Ескі нәски артынан қуып келіп есікті тоқпақтай бастады. Ауызынан ақ ит кіріп, көк ит шығып айғайлап тұр. А. жаңа нәскиін киді де, есікті ашып ескі нәскиді қоқыс шелекке тастап, дәретхананың есігін жауып қойды. Ескі нәски айғайлай бастады: «Мен қазір суға батып өлем! Унитазға түсем де үстімнен суды жібере салам. Жай кетпеймін! Сен сотталасың!». Шаңқылдаған ащы айғайдан екі шекесі солқылдаған А. асығып-үсігіп төплиін кие бастады. Сыртқы есікті кілттеді де жүгіріп, лифтке кірді. Ескі нәски бүкіл үйді жаңғыртып ойбайлап жатты. А. жұмысқа келіп кабинетіне кірді де, жұмсақ креслоға отыра кетті. Басын шалқайтып, көзін жұмып ұзақ отырды. Біреу есік қақты. Көмекшісі екен. Ұжым жиналып, күтіп отырғандарын айтты. А. төменге түсіп, әр айдың сейсенбісі өтетін өндірістік жиналысты ашып, жарты жылдықты қорытындылап, еңбек озаттарына сый-сияпат көрсете бастады. Бір кезде есік тарс етіп ашылды да, ішке ескі нәски кіріп келді. Әй-шәй жоқ жұрттың алдына шықты да айғайға басты (ескі нәски сақау болатын): Өздеріңіз білешіждер, мен мынаған, (қызылға бояған тырнағы сояудай сұқ саусағын безеп, А.-ның көзін шұқып алардай төніп-төніп қояды.) қыйық жыл қыжмет еттім. Ал, бұл мені бүгін тәңертең қоқышқа лақтырып таштады. Мен әлі де қыйық жыл қыжмет ете алам! Бұл не шұмдық?! Айтыңыждаршы?!
Жаңа ғана сыйлық алып, бір-бірін құттықтап, көңілдері көтерілген адамдар не айтарларын білмей, қуаныштары су сепкендей басылып, жабырқасып қалды. Олардың үндемегенін өзін қолдағандары деп ойлаған ескі нәски осы сәтті пайдаланып қалуға тырысты. Мен, мен… актриша болуды аймандап жүйуші едім! Өжіме шахналық лақап ешім де тауып қойып едім – Анюта. Қандай әдемі ешім! Анюта! Шахнаға шығып былай, былай билешем, монологтай оқышам! Алпамыс жыйындағы Бадамша, Мапия деген шақау қатындайдың шөздерін жаттап алғам, мен өте қумын ғой, (жұртқа қарап бір көзін қысып қойды) шақау қатындайдың монологын оқышам өжімнің шақаулығым білінбей кетеді емес пе. Міне тыңдаңдар:
Шен де шаптың бәйгеге,
Мен де шаптым, жай-жай,
Келішпедің бетіңнен
Иттей қаптым, жай-жай.
Шашбау түгіл дамбайым
Бауы жібек, диуана,
Неғылады тішіңмен,
Тіштеп шешші, жай-жай…
Өзіне Анюта деген лақап есім таңдаған ескі нәски А.-ны айнала ән салып, билей бастады: – «Мен шен шияқты он беш башшының көжін құйтқанмын.
Үштіңнен айыж жашып жібейем, бітті, шошын!»
Залдағы адамдар өте мәдениетті жандар болатын. Орындарынан тұрып шығып кеткілері келсе де, өздерінен үлкенге қарсы келуге тәрбиелері жібермеді. Бір кезде үш жерден шапалақ естілді. Ескі нәскиге шапалақ соққандар да әбден ескірген, иелері аяғаннан ғана тастамай киіп жүрген қырық жамау ескі нәскилер болатын. Солардың біреуі жұрттың алдына шықты. Ол ескі нәскидің алдына келіп басын иді. – Неткен ғажап! Неткен талант! Сахналық лақап есімің қандай тамаша! Анюта! Кенет мырсылдап жылай бастады. Мені де мынау, буындарын тұз алып, шор-шор болып қисайып қалған саусағын шошайтып А.-ны нұсқады: қоқысқа лақтырып тастады. Фабрикадан шыққалы түк бітірген жоқсың дейді. Неге түк бітірген жоқпын?! Кеңес заманында бірнеше мәрте ескі нәскилердің көрмесіне қатыстым. Алған мадақ қағаздарым бір сандық. Менің де арманым таусылған жоқ. Мен… мен суретші болуды армандап едім. Сурет студиясын ашып, қыздарды сәнге үйретсем дейтінмін. Оған әлі де кеш емес, мен қартайғанмен өнер қартаймайды емес пе? Қызық емес пе, қазақтың қыздары шетелдерге шығып, небір капиталистердің алдында подиумда ойқастап олай да жүреді, былай да жүреді. Шетелдік бір қалталы алпауыт ұнатып қалса тіпті керемет! Бұл жағынан арабтар ғажап қой, төрт-бес әйелден ала береді. Мен де мына Анюта сияқты өзіме өнердегі лақап есімімді ойлап қойдым – Гүл-інжу! Қараңыздаршы, үстімдегі мына ою, өрнектерді өзім сызып, өзім кестеледім. Қазір, әрине, бояулары оңып кеткен, әр жері тесіліп қалыпты, ештеңе етпес, ештеңе етпес… Өзіне Гүл-інжу деген лақап ат ұнайтын ескі нәски жыртықтарын көріп қорсылдап жылай бастады. Кенет, «Сен жауыз, ескі нәскилерді қорқылдың, мен сенің түбіңе жетем, жеті күнде жоқ қылам! Көр де тұр, жеті күнде жоқ боласың!» – деп ант-су ішіп тағы бір ескі нәски жұлқынып ортаға шыға келді. Бұл өзі, бір замандарда резеңке аралас тоқылған, өте арзан әрі шұрқ тесік нәски болатын. Осы тұста танысым су бетінде шошаңдай бастаған қалтқысына тез-тез көз тастады да «осы арада ол ескі нәски өзінің сөздік қоры айтуға адамның ауызы бармайтын сөздерге мол екен көрсетті… кешіріңіз…» деп жымиды да, қармағын тарта бастады. Қалтқыны шым батырып жібергеніне қарағанда ірі балық болды-ау деп ойладым. Танысым тулаған гәу бас сары сазанды жағаға лақтырлы да, қармағына жем шаншып, кері тастап, әңгімесін жалғастырды.
Ескі нәскилер А.-ға жан-жақтан тап берді. Көптің ортасынан қадірмеді бір ақсақал шығып басу айтып көріп еді. Ескі нәскилер оның бетіне түкірді. А. креслода отырған күйі аяқтарын көтеріп алды да, жұмысын жалғастыра берді. Биікте отырған адамға жете алмай, еденнен бір елі ғана жоғары секіріп, тыштаңдасқан ескі нәскилер А.-ның төплиінің табанына соғылып құлап түсіп жатты. Құлап жатып та айғайларын үдете түсті: «Біздің жоғарыда таныс нәскилеріміз бар! Олар өте мықты синтетикалық жіптерден тоқылған. Олардың одан да жоғарда таныстары отыр. Ал, олардың таныстарының таныстарының өте жоғарыда таныстары бар. Сені құртпай тынбаймыз!». Бір кезде есік ашылып, қолына шелек, сыпырғыш ұстаған еден жуушы көрінді. Ол кісі жұмысқа үнемі кешігіп келетін, алайда өз ісіне аса мұқият еді. Бір жағынан, жалғызілікті әрі тас керең адам болғандықтан болғандықтан А. ол әйелге ештеңе демейтін. Еден жуушы әйел орындықта отырған А.-ға бас иіп амандасты да ескі нәскиледі сыпырып, шелекке салды. Олардың бажылдаған тарғыл үндерін естіген де жоқ. Тек, әрқайсына таңдана қарап, басын шайқап қана қойды. Шелекті ғимараттың жанындағы қоқыс жәшікке төкті де жәшіктің қақпағын жаба салды. Қоқыс жәшігінің түбінде отырып ұзақ ақылдасқан ескі нәскилер (олар, бұралқы иттер тіміскіленіп жүріп, ашық қалған қоқыс жәшігінен сыртқа сүйреп тастаған қапшыққа жабысып сыртқа шығып алған болатын) қулық ойлап тапты: өзіне Анюта деген сахналық лақап есім ұнайтын ескі нәски жоғалып кетеді. Я, үш-төрт күн жоғалып кетеді. Бір дорба ішімдік алып, үйдің жертөлесін паналай тұрады. Бұл кезде, басқа ескі нәскилер құқық қорғау органдарындағы таныстарын салып айғай-ұйғай, дүрбелең туғызады. Бүкіл қаланы шулатады! Тіпті, А.-ны қылмыстық жауапқа тартуға әрекет жасау керек!
Ескі нәскилер жоспарларын шебер жүзеге асырды. (Олар бұл жөнінен талант болатын! Оны мойындау керек.) Өзіне Анюта деген сахналық лақап есім ұнайтын ескі нәски жоғалып кетті. Оның әдейі жоғалғанын білмегендер жандары ашып іздестіру жолдарын ойлай бастады. Жұртты дүрбелең қылғандарына мәз болған ескі нәкилер артық қылам деп жүріп тыртық қылып та алды – жоғалған ескі нәскидің түрлі-түсті фотоларын қаланың көрнекті жерлеріне, автобус аялдамаларына жыпырлатып жапсырып тастады. Ол суреттерге қарап саусақтарын шошайтқан бүкіл қала халқы бұл арзан комедияға сілелері қатқанша күліп, ескі нәскидің әбден масқарасын шығарды. Бұл кезде өзін көріпкел санайтын резеңке аралас тоқылған өте ескі нәски базар-базарды аралап: «Менің көріпкелдігім бар, бәрін көріп тұрмын, түнімен шырақ жағып қарадым! Анюта тірі, ол тірі!» деп даурығып жүрді. Бұл ескі нәскилер оқиғасы қалай аяқталғанын сұрағанымда А. иығын бір көтерді де қойды. Оның ескі нәскилер оқиғасына онша мән бермейтінін, күміс толқындары жалт-жұлт еткен Жайыққа қарап мүлде басқа күй кешкен түрінен ұқтым. Ал менің естуімше, төрт ескі нәски қол ұстасып, үлкен өзеннен өтіп арыздануға кетті деседі. Үлкен ақ ғимаратқа кіріп бара жатқандарын көргендер де бар болып шықты. Енді біреулер, олар, құлақтары естімейтін ескі нәскилер, сақау Анютаның айтқанын өздерінше түсініп үлкен өзенге секіріп кетті деседі. Тағы бір білгіш, жоқ, олар өзенге өздері секірген жоқ, көне арқанға ілінген ағаш көпірдің шіріп тұрған тақтайлары сынып түсіп, бәрі мұздай суық өзенге батып кетті деп таласады. Қалай болғанда да, бүкіл қаланы бастарына көтеріп айғайлап бара жатқан ескі нәскилерге аңтарыла қараған қала тұрғындары тегін цирк көргендей таң-тамаша болысты. Шындығында, ескі нәскилердің бұдан арғы тағдыры ешкімді толғандырмайтын. Ол оқиғаны аз ғана күн ермек қылған провинциялық қала халқы тез ұмытып та кетті. Менің білетінім, А. ол қаладан үн-түнсіз көшіп кетті. Осы оқиғадан соң аяқ киімін қоңылтаяқ киюді әдетке айналдырыпты. Қасында жақын жүргендер «ескі нәскилердің иісінен жиіркеніп кетіп қалды» деседі. Бұл сөз шын да болуы мүмкін, өйткені А.-ның көргенсіздікке аллергиясы барын жақсы білетін едім. Ескі нәскилер әңгімесі осымен тәмәм болды, құрметті оқырман. Режиссер жігіт әңгімесінде мен үшін үлкен ғибрат бар сияқты көрінеді. А-а, айтпақшы, А.- маған басқа қаладан хабарласты. Бұл жолы, ескі нәскилер табынып жүрген жоғардағы нәскилердің хикаятын әңгімелеп берді. Оны жуық арада еститін боласыздар. Ол әңгіменің ерекшелігі – жоғарыдағы нәскилердің ескі, жаңа болып бөлінбейтіндігінде болмақшы. Қош, сау болыңыздар. Уақыттарыңызды алғаныма кешірім өтінем.