Журнал "ТАМЫР", №38, январь-март 2014 г.

Замза Қодар. ТҮРКІ-ҚАЗАҚ ДҮНИЕТАНЫМЫНДАҒЫ ӘЙЕЛ МӘСЕЛЕСІ

Адамзат тарихының эволюциясында аймақ бойынша Батыс пен Шығыс деп ажыратылған шартты дихотомияның өзара қайшылықтар мен бәсекелестіктер құрауының әлеуметтік психоанализдік астарларының бірі – Шығыстың озық идеялары мен руханиятын, ғылымы мен білімін Батыстың меншіктеуінен және оны өздерінің төлтума идеялары ретінде әйгілеуінен туындайды. Мысалы, б.э.б. 4-3 ғасырлардағы Демокрит ашты деп танылған атомдық теорияның негізі б.э.б.6-5 ғасырларда өмір сүрген көне Үнді ойшылы Канаданың Вайшешика ілімінде қаланғандығы[1], оны Үнді жеріне барған Демокрит игеріп алып, еліне оралғаннан кейін өзінің төлтумасы идеясы ретінде жариялағандығы, Тұран жерінде осыдан 3000 жылдай бұрын пайда болған Зорастризм ілімінің кейіннен иудайзмнің, христиандықтың қалануына негіз болғандығы, көне түркілік мәдениет белгілерінің қазіргі батыс өркениетіне айтарлық ықпал еткендігі, гелиоцентрилік ілімнің араб-мұсылмандық шығыста батыс еуропа ғалымдарынан 4-5 ғасырдай бұрын айтылғандығы, тіпті, берісі Т. Мор мен Т. Кампанелланың утопиялық социализмінен Асан Қайғының «Жерұйық» идеясы әлдеқайда бұрын ұсынылғандығы т.б. көп жағдайда ескерусіз қала береді. Бұндай құндылықтар тіпті кей кездерде, батысқа барып, өзінің өңін айналдырып барып, шығысқа тосын жаңалық пен инновация түрінде оралып та жатады. Мысалы, жуық арады Шыршаның, оның рәсімделуінің Алтай жеріндегі Ғұндардан тарағандығы туралы пікірлер де айтылды. Бұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Бірақ бұл тұстағы біздің бүгінгі симпозиумда көтеріліп отырған мәселеге қатысты айтарымыз, батыста пайда болған гендерологияның да түп идеяларының әу-баста көне түркілерде сақталғандығы туралы. Бұл жерде біз, көне руханияттың барынша анықталған және бүгінгі күнге сабақтасқан түрі – мифологиялары араласқан діни сенімдердің мазмұндарын басшылықа аламыз және ондағы әйел мәртебесі туралы пікірлерімізді ұсынамыз.

Арғы түркілер ғұндардың, кейіннен, түркілердің тотемі көк бөрі туралы аңыздың негізгі мазмұны, жаугершілік заманда жалғыз қалған түркітектес баланы қасқырдың асырап алып, одан тараған ұрпақтардың кейіннен іргелі ел болып, бөріні тотемге айналдырғаны туралы болып келеді. Осы аңыз мазмұнындағы нәзік тұстардың бірі – баланы асырап алған қаншық қасқыр болуында, оны емізіп ер жеткізуінде болып отыр.

Бұл этногенездік мифологиядағы қасқыр бейнесінің рәміздік, әлде тарихи шындық екендігінің осы контекст үшін маңызы төмендеу, негізгі мән: «түркілердің түпанасының ер жыныстыға емес, әйел жыныстыға телінуінде» болып отыр. Бұның анық айғағы мен тарихи дерекнамасы – Капитолиидегі бала емізген қаншық қасқыр мүсіні. Бүткіл бір ұлттың этногенезіндегі хайуан болса да әйелдік бастауға келіп тірелген мифологиясы артетиптік сабақтастық арқылы кейіннен осы бастауды құрмет тұтуға алып келді және бұл сарынның ізі кейіннен мыңдаған жылдарға сабақтасты. Осыдан қарапайым конструкция жасасақ, егер еркек қасқыр кездессе,  баланы аман алып қалмас еді, демек, түркі ұлысы, нақтырақ айтқанда, бүгінгі біз де болмас едік. Ал егер басқа хайуанның ұрғашысы асырап алса, түркілік бөрі рухты қайсарлық қалыптаспаған соң, жер бетінде ұлыс ретінде, мемлекет ретінде сақталып қалуымыз да екіталай болатын. «Өзінен бөріні, бөріден өзін» көре біліп, өзара проекция жасаған түркілік мифология, қоғамдық өмірде нақты шындыққа ұласты, өр мінезділік пен намыс, төзімділік пен қайсарлық, өміршеңдік пен аса сақтық түркі халқының мінез бейнесі мен діліне айналды. Осыдан, тарихымызда түркі-қазақ қыздары мен әйелдеріндегі физиологиялық жетілген баһадүр тұлғалардың дүниеге келіп, сол бөрі рухын сабақтастыруы да осы ғұндардың қасқыр тотеміне байланысты туындаған архетиптер деп болжамдауымызға болады. Сондықтан, ешқандай кемсітушілік болмағандықтан, әйелдер билік басына келіп, Тұмар патша сынды ханымдарын тағайындаған. Бұл билеу форманы — гинекократия деп атайды, немесе әйелдер билігі. Бұл туралы шетелдік этнограф Бахофен «Ана құқығы» кітабында, қазақстандық тарихшы Ю.Зуев жазған.

Тәңіршілдік сенімін бір жағынан монотейстік, екінші бір қырынан алғанда «дуамонотейстік» деп те атауымызға болады, яғни, жұптардың бірлігін білдіретін терең философияны қамтиды. Бұл тұтастықты Қытайдың Инь-Ян шеңберімен салыстырып, оңайырақ түсінуімізге де болады. «Көк Тәңрі-Ұмай Ана» жұбы кейіннен, «Көк Аспан-Қара Жер» бірлігіне ұласты. Ендеше, қарапайым түрде талдасақ, Аспан мен Жер екі бөлек ажыратылған кеңістік емес, тұтас Әлемді құрайтындығына қайтадан назар салып, олардың бөлінуі шартты екендігін ұғына аламыз. Бұл – «Ер мен Әйел – «Адамзат» деп аталатын қауым деген тұжырымның ниетін білдіреді.

«Ұмай Жердің тәңірі» болып, ол әйел жынысты Ана билігіне берілсе, «Жер-Ана» түзілімінің туындауы да заңды логикалық құбылыс. Сондықтан, Жер тек түркі халықтарының ғана емес, рәміздік түрде «Адамзаттың анасы» болып қағидаланған.

Түркі халықтарындағы отансүйгіштіктің маңызды бір элементі – Жерін қорғау шартты түрде Анасын қорғаудың моделінен алынған. Нақтырақ айтқанда, туған жер мен оның топырағы «МегаАна» ретінде қастерленген, демек, Ұмай Ана культі кезінде, исламға дейін, Ел мен жерді қорғайтын патриоттық сананың басты құрылымы ретінда өзінің оңды қызметін атқарып келген. Демек, Әйел жыныстылық Отан қорғаудың қозғаушы рәміздік бейнесі ретінде мыңдаған жылдар бойы сақталып келді. Ал Отан қорғау – Ел болудың негізі. Осыдан, Бар Болу мен мүлде Болмау туралы экзистенциалдық мәселенің түп бастауындағы «Ана-Орталығын» анықтап ала аламыз. Бұл ұстаным АрғыТүпМән ретінде «Ана асқақтығын» әйгіледі. Бұл құрметтеу патриархатқа алып келген жоқ, керісінше, оған қолайлы, ыңғайлы, жайбарақат өмір сыйлау керектігін ұғынуға жетеледі де, әскерлер тек ер адамнан құралуы туралы қоғамдық пікір қалыптасқан сыңайлы. Демек, оның үйде отыруы кемсітушілктен емес, керісінше, ұрыстарда қаза болудың алдын-алу, жауға аттанытан ұл тауып, оны дайындаудың «биоәлеуметтік өндірісіне» айналдырды.

Шаманистік сенімде әйел бейнесі туралы анығырақ айтылмайды, бірақ, шаман-әйелдердің де болғандығын ескерсек, онда да әйелді кемсітушілк жоқ екендігін түйсіне аламыз. Шамандық-тәңіршілдік мифологияларға назар аударсақ, шайтан типтес немесе шайтанға айналатын, түнде жылан кейпіне енетін әйел бейнелерінің бір ерекшелігі оларға жағымсыз көзқарас орнатпайды, керісінше, өміршеңдік пен өмірге бейімділіктің, ақылдылық пен тапқырлықтың образын сомдауға арналады.

Егер, шамандық дүниетанымға сәйкес құрылған миф мазмұндарының біріне тоқталатын болсақ:  “жігіт – пері ауылына келеді, перінің қызымен жақындасады, оған түнімен ұйықтамау шарты беріледі, оқиға түнде өтеді, таң атқан соң бәрі жоғалады” немесе скифтік мифологиядағы Тарғытайдың жылан-қызбен қатынасуы [2, 516] сияқты оқиғаларға куа боламыз.

Шаманизмдегі шайтан демонологиясы туралы пікірлерді талдаған Г. Тоқсанбаева: «Осы мазмұндас кейбір мифтер мен ертегілерде: батыр немесе патша перінің қызына үйленеді, қалыпты ғұмыр кешеді. Бұнда перінің қызы зұлымдық иесі немесе жағымсыз бейне емес,  бейтараптылық құбылыс. Қорыта айтсақ, осы құндылықтардың ауысуына сәйкес “перінің қызы” – тым көне дүниетанымда жағымды-әсем, одан кейін бейтарап, кейіннен жағымсыз және зұлым-азғырушы сатыларынан өткен тәрізді» [3, 28] деген қорытынды жасайды. Демек, шайтан шамандық дүниетанымда жағымсыз бейне емес, кейіннен ислам дінінің ықпалымен жағымсыз образға айналған.

Әлеуметтік мәртебелі тұлғалар, батыр немесе патшалардың перінің қызына үйленуі, бұл жұптың биік мәртебелі екендігін айғақтап береді. Демек, қыз періге теңелсе, жыланға немесе шайтанға анала алатын болса, құрметті тұлға ретірде саналған. Бірақ әрине, оның неліктен екендігінің мағынасы мифология тым көне болғандықтан, шындығында, күңгірттеу болып келеді. Біздіңше, «шайтан-қыз» түзілімінің ішкі мағынасын былайша топшылауымызға болады.

Біріншіден, шаманда шайтан-перілер абсолютті жағымсыз мәнде емес, игілікті істерді атқару үшін бақсыға қол ұшын береді, бірақ оның түпкілкті құлдары болып та табылмайды, кейде оған бағынбай да кетіп жатады, тіпті, бақсы әлсіздік көрсетсе, оның өзін құрбан етуге дейін барады. Бұл мифологиялық бейне, түптеп келгенде, сол шайтан мен бақсының теңдігін көрсетеді. Бұл нұсқаны: «әйел (пері) ердің айтқанына көніп, оған қызмет етуі керек, бірақ кемсітушілік пен зорлық-зомбылыққа төзбейді» деп қоғамдық өмірге тым қарабайырлау аналогия жасай салуға да болады. Бірақ шамандық дүниетаным мен философиядағы шайтандар мен перілер әйел кейіпті емес, тіпті жынысқа мүлде қатынасы жоқ екендігін ұмытпағандығымыз да жөн. Ендеше, ең дұрысы, перілер мен шайтандар мүлде жағымсыз бейнелер емес, бірақ ерекше жаратылыстың қуалары деп айта аламыз.

Екіншіден, қыз-перілер мен қыз-шайтандар шамандық дүниетанымдан туындаған мифология болғанмен, нағыз бақсылықтың мәнін бере алмайды.Сондықтан, пері мен шайтан белгілі бір қырыран алғанда, қыздарға берілген «мәртебе» болып саналған: икемділік пен аса шапшаңдық, бәріне де үлгеруі тиіс мінез-құлық, асқан сұлулылық т.б.

Үшіншіден, мифологияның астарында шындық, яғни, өмірмен тура сәйкестік жатқан болса, бұл жердегі әйел мәртебесі мәселесі қозғалмайтындығы түсіінкті жайт.

Қорқыт ата кітабындағы да назар салсақ та Әйел мәртебесінің жоғарылығын байқай аламыз. Түрік ғалымы Салық Тұрал бұл жөнінде былайша пайымдаған болатын: «Менің ойымша Қорқыт ата дастанының өзіне тән және дүние дастандары ішінде байқала бермейтін бір өзгешелік еркек-әйел арасындағы қарым-қатынас бойынша сана-сезімді қадағалады. Қорқыт ата дастандары бір әйел алушылықты басшылықа алған, отбасын қорғаған және әйелді құмарлық құралы ретінде көрмеген қалпымен дүниені таныған. Қайран қаларлық жоғары дәрежедегі сана сезім мысалы»[4].

Міне осындай көне түркілік дәстүрлер кейіннен қазақ қоғамынан жалғасын тауып жатты.

 

Бірақ біздің қоғамдағы әйел мәртебесінің көтеріліп келе жатқандығының алғышарттары дәстүршілдік пен жаңашылдықтың бірлігі аясында қалыптасуға қарай бет түзейді. Яғни, қазақ қоғамы тек батыстық үлгіні тұтасымен өзіне көшіре салмайды, оның тиімді, қажетті, оңды жақтарын пайдалана отырып, еліміздің тарихындағы озық үлгілерді де назардан тыс қалдырмайды. Оған жергілікті дәстүрдің дүниетанымдық шарттарының сабақтас негіздері мен ұстындары, ғасырлар бойында қоғамдық санада қалыптасқан мәдени ерекшеліктері айқын дәлел. Мұндай көзқарас, кешенді ыңғай заманауи қазақ қоғамындағы әйел болмысының мәні мен ерекшеліктерін, әлеуметтік орнын нық анықтауға серпін де, бағдар да береді. Сондықтан тарихи және әлеуметтік тұрғыдан алғанда, қазіргі Қазақстандағы әйел бейнесінің жаңа деңгейге көтерілуінің мынадай негізгі алғышарттарын көрсете кетуімізге болады.

  1. А) Еуразия кеңістігін мекен еткен көшпенді халықтардың наным-сенімдері мен мәдениеті, жалпы дүниетанымындағы әйел болмысы. Көптеген зерттеушілер көшпенділер мәдениетіндегі әйелдің ролін зерделегенде, ол өзіндік сипатқа ие болып, көптеген әлеуметтік жағдайларда тәуелсіз болғанын айтады. Мәселен тарихтың атасы саналған Геродот Кир патшаның басын алған сақ патшайымы Тұмар ханым жайлы керемет бейне қалдырып кеткен. Әйткенмен, көшпенділер өркениетіндегі бұл жалғыз ғана әйелдің бейнесі емес, өйткені Ф. Шафиев атап өткендей: «көшпенділер өмірінде әйелдер үлкен еркіндікке және ерлермен теңдей дәрежеге ие болды. Бұл һақында әйел-бабаға деген олардың ғибадатхана салу дәстүрі айтып отырса керек. Тіпті кейбір руларда ана тегімен жүру қабылданған», – дейді; Ә) VIII-ІХ ғғ. аталмыш кеңістікке Ислам діні аясындағы мұсылмандық мәдениет келгені тарихтан белгілі. Ислам діні мен жергілікті түркілік дүниетаным синтезі бірнеше ғасырлар торабында өрбітілді, өзіндік әлеуметтік-мәдени нышанға ие болды, сәйкесінше ондағы әйелдің әлеуметтегі орны мен қызметі де өзгерді деп айтуға негіздер баршылық.
  2. XVIII-XIX ғғ. бастау алып, ХХ ғ. аяғына дейін ықпал етіп келген орыс мәдениеті мен жергілікті мәдениеттің тіке-тіресі аясындағы әйел болмысы. Осы тіке-тірестің алғашқы белгілері ХХ ғ. басындағы ұлттық интеллигенцияның қалыптасуымен байланысты болды. Қазақ зиялылары әйелдің білім алуы, жесір дауы, өзінің таңдамаған адамына барып еріксіз үйлендіру деген сияқты мәселелерді ақпарат беттерінде еркін қозғай бастады. Бірақ бұл бағыт кейіннен тұтасымен құлдырады, себебі, қазақ зиялысына жасалған репрессиялар тек әйел мүддесі туралы ғана емес, алға қойған мақсаттары мен ұстанымдарын да жоғалтуға алып келді, нақтырақ айтқанда, осындай игі бағдар ұстанған халық өкілдері тарих сахнасынан жойылды немесе аластатылды. Ендеше, ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары қозғаған қоғамдағы әйел бейнесі туралы озық ойлар, орындалмай қалған армандар ХХІ ғасыр басында толықтай жүзеге асып келеді десе де болады.
  3. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі рухани қайта жаңару мен қайта өркендеу дәстүрлі рухани құндылықтарамызды бүгінгі тарих сахнасына алып келуге мүмкіндіктер ашқан болатын. Атап айтқанда, көне түркілік наным-сенімдер мен ислам дінінінің руханияты және ондағы әйел туралы философиялық толғаныстар қайтадан сарпталып, арнайы зерттелгеннен кейін, оның ұтымды және тиімді қағидаларын іс жүзінде әлеуметтік институтарға енгізу қажеттігі сезілді. Себебі, ол біздің діліміз бен сана-сезіміміздің түпбастаулары екендігі сөзсіз. Мысалы, Тәңіршілдіктегі Ұмай-ана культі, Исламдағы әйел мәртебесі сияқты игілікті қағидаларды қайта өркендетуге мүмкіндіктер молынан ашылды десе де болады. Әйткенмен жаһандану үдерісінде мұндай мәселелерді оңтайлы шешудің ұстындары мен бағдарларын қалыптастыру қиынның қиыны екені анық.

Еліміз ұстанған саясат, Президент Н. Назарбаевтың әйел мәртебесі туралы бағдары да оны тек теориялық қалыпта ғана емес, іс жүзінде жүзеге асыруды қолдайды. Сондықтан, әлеуметтік-мәдени саясат арнасындағы мұндай тың ізденістер мен гуманизм түптеп келгенде, әйелге деген кемсітушілікті болдырмай, керісінше оның қоғамдағы орны мен ролін көтермелеуді басшылыққа алады және ол қоғамдық санада қолдауға ие болып отырғаны белгілі. Оның бір саласы гендерлік саясат, яғни, билік басындағы әйелдер мен ерлердің прапорциясы туралы ұстанған бағыт дәл қазіргі таңда қазақстандық үлгілердің бірі десе болады.

Әйел мәртебесі хақында рухани мәдениетімізде оған нұқсан келтіретін немесе кемстітушілікті қолдайтын туындылар жоқ десе де болады. Өнеріміз бен мәдениетеміз, әдебиетіміз бен философиямыз – тұтас руханият бүгінгі таңда нәзік жандылардың рухын биіктететін өнімдерін тудыруда. Соның ішінде әдебиет саласы бұл көзқарасты қолдай отырып, өзінің батыл ұстанымдарын шынайы қоғамдық өмірмен байланыстыра отырып паш етуде. Ғ. Мүсіреповтың аналар образы туралы туындыларынан бастап, Н. Келімбетовтың әйел бейнесі жөніндегі шығармалары бұған дәлел бола алады.

Егер Ғ. Мүсірепов тарихтағы және ХХ ғасырдағы әйел мен аналар образының қоғамдық өмірдегі шынайы келбетін көрсете келіп, олардың шындықпен бетпе-бет келетін сәттерін ашып беріп, бойынан өмірдің қиыншылығына деген төзімділік, өз ұрпағына деген жанберушілік сезім сияқты сапаларды сипаттай келе, белгілі бір деңгейде олардың рухани-әлеуметтік мәртебесін көтерсе, Н. Келімбетов те өмірдегі ауыртпалықтың қиыншылығын жеңе білген әйел, оның ерімен өмірге бірге аттанудың нағыз келбетінің қандай болатындығы туралы ойларын түйіндеген болатын.

Бұл жазушылардың идеялары кейінгі қоғамдық өмірге ықпал ете отырып, әйел бейнесінің ер адамдармен құқықтық-мәдени қырынан алғанда, саяси-әлеуметтік бейнесі негізінен алғанда тең бола алатындығын көркемдік тілмен нақыштап жеткізген болатын, түптеп келгенде, ер рухының асқақтауына жасалатын маңызды ықпалдардың бірі – оның сүйікті жары деген тұжырым ұсынылған.

Әйелдердің өз мүдделері мен беделдерін көтермелуге деген заңды табиғи ұмтылысының қазіргі кездегі көріністерін түрлі қоғамдық мәдени қозғалыстар құрап отыр. Яғни, білім мен біліктілік, белсенділік пен тарих шындығында өздерін көрсете білу, өмір сахнасына аса бейімделгіш екендігін дәлелдеуде әйелдердің қазіргі қазақ қоғамындағы орны мен қызметі айтарлықтай қалыптасып үлгерді. Мысалы, 1990 жылдардағы экономикалық дағдарыстар кезінде әйелдердің біраз бөлігі отбасының асыраушысы қызметі жауапкершілігіне кезікті, дегенмен, оны ойдағыдай орындап шықса, бұл экономикалық мәртебесін көтермелеп, елдің де ілгері дамуына белгілі бір деңгейде ықпал етті және бүгінгі іскер әйелдер институтының қалыптасуына алғышарт болды. Ал ХХ ғасырдың аяғына таман білім алуға деген әйелдердің ұмтылысы, соңғы жылдары олардың ерлермен салыстырғанда сандық жағынан артуы мен интеллектуалды кем еместігі саяси билік пен мәдениет саласында қанат жая бастауына алып келді. Бұл нақ қазіргі кезеңдегі әсіресе, өнер мен ғылым саласындағы әйелдердің үлес салмағынаның артуынан да анық байқалып отыр.

Біздің қоғамдағы демографиялық жағдай, адам санын арттырудың өзекті күйі, түптеп келгенде, әйел денсаулығына, оның әлеуметтік мәртебесіне, тіпті жанұядағы жан тыныштығына тікелей байланысты екендігі түсінікті. Сондықтан, бүгінгі таңда әйел мен баланың денсаулығы мәселесі қолға алынып отырған шақта, нәзік жандылармен нәзік қатынас жасаудың аса қажеттілігі олардың қоғамдық өмірде де беделін көтермелей түсті. Яғни елдік саясат пен қоғамдық пікір, ұлттық мәдениет, қала берді әлемдік қауымдастықтың ұстыны әйелдерге дөрекілік көрсетуді құптамайды.

Қазіргі еліміздегі рухани діни кеңістік – біріңғай руханияттықты қалыптастыру, әлеуметтік қатынастарды реттеу, дүниеге көзқарасты кеңейту сияқты қоғамдағы жағымды қызметтерімен қатар көптеген қайшылықты түйткілдерді тудырып келеді немесе бұл келісімге келе алмай жатқан түрлі топтардың көзқарастарының әрқилы бағдарды ұстануды қалайтындығынан және оны тәжірибеге енгізуді мақсат ететіндігінен туындап отыр. Осыған қатысты аталған мәселенің қойылуы, сайып келгенде, ұлттық бірегейлену, яғни, ұлттың өзін-өзі қайтадан танып, өзінің шынайы болмысына үздіксіз қайта оралу сәтінде: «біз қазір қайда бара жатырмыз, бұрын қандай едік, болашағымыз не болады?» деген сауалдарға жауап іздеуден туындаған табиғи және психологиялық заңды үрдіс.

Сондықтан қазіргі қазақ қоғамындағы әйел мәртебесінің одан әрі өркендей түсуі осындай алғышарттардан бастау алып, өз деңгейін өрістете беруге қарай бағытталып келе жатқан беталыс. Бүгінгі таңда гендерология ілімін одан әрі дамыту біздің қоғам дамуымен біте қайнасқан заңдылық болып отыр. Осыған сәйкес, біздің Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті жанынан ашылған «Әлеуметтік және гендерлік ғылыми-зерттеулер институты» соңғы жылдары қоғамдағы әйел мәртебесі хақында іргелі теориялық және практикалық зерттеулер жүргізіп келеді. Ол қоғамдық пікірді де әлеуметтанулық тұрғыдан зерттей отырып, тәжірибе жүзінде гендерология ілімінің салалары туралы курстарын Қыздар мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде жүргізіп те келеді.

 

Әдебиет:

 

1.Философский словарь / Под ред. И.Т. Фролова. — 4-е изд.-М.: Политиздат, 1981. — 445 с.

  1. Қондыбай Серікбол. Қ 64. Арғықазақ мифологиясы.-Алматы: Дайк-Пресс, 2004.-516-бет. Екінші кітап 43,402-403.

3.Тоқсанбаева Г. Қазақ дүниетанымындағы махаббат феномені. Филос.ғыл.канд.дисс, ҚР, Алматы, 2009.-123 б.

  1. Тұрал С. Қорқыт атаның айналасына бас қостық//Заман-Қазақстан газеті, 20 ақпан 1998 ж.