Журнал "ТАМЫР", №38, январь-март 2014 г.

Шейх Амиду Кан. Өмір өткелдері (роман)

БІРІНШІ ТАРАУ
Бүгін оны Тиерно тағы да дүреге жықты. Берген сүрелерді жаттап-ақ келген болатын. Неге екенін тілі икемге келмей қойды.Тиерно болса дінсіздерді о дүниеге барғанда өртейтін оттың үстінде құдды бір жалаң аяқ жүргендей секіріп- секіріп барып тоқтайды. Өзі бар пәрменімен Самба Диаллоның жамбасынан жармасып ұстап алған да, бас бармағы мен сұқ саусағы баланың жанын алып , ұзақ шымшып тұрып қалды. Бейшара баланың жаны қиналғаны соншалықты, солығын баса алмай, әзер дем алып, бар денесімен қалшылдап тұр. Кеудесі мен тамағына кептеліп келіп тұрған жасты әзер жұтып, жаттап келген қасиетті сүрені естілер- естілмес әлсіз дауыспен айтып еді, сәл бұзылыңқырап шықты.Мұны естіген молданың ашуы басына шапшып :
— Ал!…Мен сенің қате айтып тұрғаныңды білмей қалады деп тұрсың ғой,ә? Неге жөндеп жаттамайсың?…Неге деп сұрап тұрмын ғой мен?
Молда енді Самба Диаллоның жамбасын қойып, құлағын созуға кірісті.Созғанда да құлағының түбінен жоғары қарай бар күшімен тартқанда, бұрынғы жарасына тырнағы батып, баланың жаны көзіне көрінді.Кішкентай бала осы қорлықты көре -көре еті өліп кетсе де, кеудесінен уҺлеп жалын шықты байғұстың.
— Кәне қайтала!… Тағы да!…Кімге айтып тұрмын!…
Молда енді баланың екінші құлағын созуға кірісті. Бұрыннан жараға айналып, енді жазылып келе жатқан құлақ еті қайтадан қансырап қоя берді.Тамағы булығып , ерні кезеріп кеткен Самба Диалло бар денесімен қалшылдап — дірілдеп,қанша жаны қиналып тұрса да, жаттап келген аяттың сүресін дұрыс айтуға барынша икемделіп ,қайталай бастады. Сонда да көмейіне тығылып тұрған жасты жұтуға әзер шамасы келіп тұр.
— Алланың сөзін айтқанда өте абай бол, білдің бе…Құдыреті күшті құдай ол сөздерді сен үшін түсірді. Бұл қасиетті сөздердің бәрінің иесі бір ғана Жаратқан екенін есіңнен шығарма. Сен болсаң Жаратқанның алдында бар жоғы жолдағы шаңның тозаңындайсың.Сондықтан, бұл көктен түскен сөздерді қайталау бақытына ие болған құдайдың құлы екеніңді есіңнен бір сәт те шығарма және оның бір әрпін де бұзбай айтатын бол! Ауытқығаның үшін тіліңді жұлып алу керек сенің…

— Иә, иә…Молдеке…Аяңызшы…Мен енді қате жібермеймін.Тыңдап көріңізші…
Бала қорыққанынан әрі дірілдеп , әрі ауық- ауық дем алып барып, бағанағы жаттаған сөйлемін қайталап айта бастады. Екі көзі жәудіреп молдадан аяушылық тілеп, көз алмайды. Кішкентай денесі қара терге түсіп, дауысы да әзер естіледі.Жүрегі тарсылдағанда тура аузынан шығып кететіндей көрініп тұр . Өзі мағынасын түсінбейтін ,бірақ оған осыншама азап әкелген , құрғақ жаттап алған аятты бала жүрегі сол тылсым күшіне және белгісіз бір әсерлі айтылатын әсемдігі үшін ғана жақсы көретін еді. Бұл аят жай айтыла салатын сөз емес, қарапайым сөзге еш ұқсамайтын болса керек. Өйткені, бұл Алланың өзі көктен арнайы түсірген ғажайып сөз, Алланың өзі айтқан сөз. Молданыкі де дұрыс сияқты. Көктен түскен сөзді ,әрине, бұлжытпай айту керек. Ол сөздің пендеге , оның мұқтажына арналғандығы күмәнсіз ғой.Кімде- кім осы қасиетті сөздерді түзетем десе, немесе қалай болса, солай айтам деп ойласа, ол адам тірі жүрмеуі керек…
Әбден қалжыраған бала өзіне- өзі келе бастады.Ол сонша уақыттан бері әбден әбігерге түсіріп, жанын көзіне көрсеткен сүрені оп- оңай , еш жаңылыспастан, нақышына келтіріп айтып шықты.Тіпті, жеген таяқтан үсті басының сау тамтығы қалмағаны да есінен шығып кеткендей ме қалай
Бұл кезде молда да бір қолымен әлі ұстап тұрған баланың құлағын жіберді- ау. Құлақ байғұс қып -қызыл болып қанталап, ісіп кеткен. Енді баланың жүдеу бетінен бір тамшы жас та көрінбейді. Дауысы да сенімді шыға бастады.Сонда да , жан жағына жалтақтап , барлап қояды .Алқызыл болып өртеніп тұрған еріндері қазір Алланың сөзін анық та айқын жеткізіп тұр. Тек басы ғана қатты шыңылдап тұрғаны.Ол өзі қайталап айтып тұрған қасиетті сөздерге дүниенің бар мәнін, оның көзге көрінетін де, көрінбейтін де қуатын сыйғызып, әлемнің өткені мен болашағын да қамтып айтты. Қазір баланың аузынан шыққан сөздер, өзінің бүкіл денесінің таяқтан ауырсынғанына қарамастан , осы дүниенің иесінің аузымен айтылған сөздердей жүректен шықты.Жоқ, бұл сөздер Жаратушының сөздері ғана емес, Жаратушының тура өзі!
Бір қолымен солқылдаған шыбықты ұстап отырған молда балаға жақындаңқырап келіп, одан көзін алмастан ,тыңдай бастады. Ол, бала қылдан тайып кетсе, салып қалатындай етіп ұстап отырған таяғын бір қолынан шығармаған күйі оның әрбір сөзін жаңа естігендей әрі таңқалып, әрі сүйсініп отырғанын өзі де байқамай қалды. Ойпырай, не деген меруерттей таза сөз, не деген ғажап сөз!
Мына отырған бала, шынымен де, Құдайдың өзі жіберген сыйы емес пе, өзі? Осы қызметіндегі қырық жыл ішінде көп жағдайды басынан өткеріп келеді. Құлшылығын бар ынтасымен атқаратындарды да, аузымен ғана жай айта салатындарды да көрді. Бірақ, дәл мына баладай Құдайдың алдында ағынан жарылып, қандай таяқ жеп, азап шексе де мойымай, жанын шүберекке түйіп, жалбарынып тұрғанды бірінші рет көріп тұр.Амалсыз қызығып , мойындауға мәжбүр екенін білді. Егер мұғалімінің алдында қалтылдап, қорқып тұрған бала дәл осы қалпымен, Құдайдың хақ екенін білген қалпымен есейсе, керемет адам болайын деп тұр. Оған талай шәкірттің сауатын ашқан молданың көзі сөзсіз жетеді. Ал, егер, олай болмай, осы дұрыс жолдан сәл ауытқитын болса…Тіпті, осы бала әлдеқалай жақпайтын қылық істесе де , оған Құдайдың көзі түзу болу үшін молда бар жан- тәнімен жалбарынар еді. Ол өзінің кішкентай бала шәкіртінен көз алмай отырып ,ойша мынадай тілек айта бастады: «Жаратқан, мына баланың жақсы адам болам деген ойын қолдай гөр, өзіңнің мол шапағатыңның ешқашан да құр қалдыра көрме, ескерусіз қалдырма тілегін… »
« О, Жаратқан , деп күбірледі бала, бар ниетімен жалбарына отырып, жаттағанын қайталай отырып, Сенің Сөздерің дәл Өзің айтқан қалпында айтылуы тиіс, әрине… »
Солқылдақ шыбық баланың арқасын тағы да осып өтті.Қып- қызыл болып дуылдап кеткен арқасын не істерін білмей ,орнынан ыршып- ыршып түседі.Жан ұшырып, үстіндегі жұп- жұқа көйлегін сілкілеумен әуре.Сосын барып екі аяғын айқастырып, көзін төмен салып, мұғалімінің қасында қалшиып қатып қалды.Бағанағы сүрені қайтадан айтам деп, құдай атқанда. тағы сүрінді.
— Бері қарай, жақынырақ кел! Басыңды қай қайдағы нәрселер жаулап алған, Алланың сөзінде ісің жоқ, мен сені тұрмайтындай етемін, жаныңды көзіңе көрсетем…Бар ықыласыңды салып айт, сенің қолыңнан келеді.Қанеки, менімен бірге қайтала: «Жаратқан ием, маған шапағатыңды түсіре гөр »
— Жаратқан ием, маған шапағатыңды түсіре гөр…
— Тағы бір рет …
— Жаратқан ием, маған шапағатыңды түсіре гөр…
— Енді жаттаған аятыңды айт.
Дір- дір етіп, бейшара қалыпқа түскен байғұс бала жалындап жанып тұрған аят сөздерін қайтадан айта бастады. Аят сөздеріне ұйығандығы соншалықты, өзі есінен танудың аз -ақ алдынды тұр еді.
Молда болса сыйынып отырған қалпы, жаны жай тауып, өзімен -өзі отыр. Сонымен, бала да таңертеңгі берілген тапсырманы орындап шықты- ау.
Молданың ымдауымен ол өзінің отырған орнын жинап, реттей бастады. Бірақ,қырынан қарап отырған мұғалімінің көзқарасынан қорқып, қозғалуға мұршасы жоқ. Молда — жасы бірталайға келген, өзі жонып алардай арық әрі жаттанды сүрелерді мың- сан рет қайталай бергеннен де құр сүлдесі қалған кісі. Өзі ешқашан адам баласы болып бір күлмейді. Оның сыр бермейтін беті тек қана Құдайға жалбарынып , Жаратқанның астарлы да әуезді сөздерін айтып, ерекше бір күйге түскен сәттерінде ғана сәл қан жүгіріп, өңі жылиды. Мұндай кезде ол екі қолын жайған күйі көктен рахым тілеп ,белгісіз бір күш жоғары көтеріп әкеткендей болатын. Ал,қол астындағы оқушысы әлдеқандай бір қате жіберіп алса немесе сабағына қатысты сәл жалқаулығын байқап қалса болғаны, бар қаһарын төгіп ,ашуға мінетін.Бір қызығы, молданың ашу ызасы оқушысына деген көзқарасына байланысты болатын; ол алдындағы шәкіртін қаншалықты жақсы көрсе, соншалықты қатал ұстайтын. Сондықтан, жанында жазалауға дайын тұратын шыбықпен де, арқаңа тигенде өртеп жіберетіндей болатын жуан таяқпен де бас көзге қаратпай, сабай жөнелетін.Самбо Диаллоның әлі есінде:бірде ашуға түтіккен молда мұны жерге алып ұрды да, әбден тепкіледі. Жыртқыш аңдар ғана қолдарына түсірген олжасын осылай талайтын шығар.
Оқытушы айналадағы болып жатқан жағдаймен санаса бермейтін де, қабылдамайтын да. Ол үшін бұл дүниеде маңызды екі ақ нәрсе бар болатын: бірі — адам рухын қалыптастыратын жаттығулар(аяттар), екіншісі — егіс жұмыстары.Егіс жұмыстарының өзіне белгілі бір уақытын ғана бөлетін. Сондықтан ,күн көрісіне лайық аз дәмге қанағат тұтатын.Өз отбасына да осы тәртіпті орнатқан еді. Ал, қалған уақытының бәрін Жаратқанды тануға, сағаттар бойы қоғалмай отырып, ойланып — толғануға,(медитация) намаз оқуға және өзіне сеніп тапсырған шәкірттерді осы іске баулуға арнайтын. Ол Диаболле аймағында атағы жер жаратын молдаға айналғаны рас .Алыс аймақтарда тұратын адамдардың өзі арнайы іздеп келіп, дәріс тыңдап кететін. Ең сыйлы, ең ауқатты отбасылары балаларын осы кісіге оқуға жіберуді мәртебе санайтын. Молда оқимын деген баланы көзімен көрмейінше ешкімге алдын- ала келісім бермейтін әдеті бар. Ал, енді ол қандай да бір себеппен келген баланы шәкірттіке алмаймын десе,сөзінен еш уақытта қайтпайтын. Және оның шешімін ешкім де, ештеңе де өзгерте алмайтын.Өзі баланы баулуға аламын десе — болды, тәлім үйретуге бірден кірісетін. Самба Диалло молданың дәл осы бұлжымас ережесі бойынша шәкірттікке алынған еді.
Әлі есінде, осыдан екі жыл бұрын туған жері Диаболленің басты қалаларын басып өтетін үлкен өзенді бойлай әкесі екеуінің ұзақ жол жүріп, осы жерге жеткені; бұлар мінген қайық жағалауға келіп тоқтағанда, айналадағы анталап тұрған адамдар мұның әкесі отырған кабинаны түгел қоршап алғаны да көз алдында тұр.Бірінен соң бірі тізбектеліп,қарсы алуға келген кісілер әкесімен өте жылы амандасып, ақ жол тілеген болатын. Олар Самба Диаллоның туған жерден алысқа сапар шегуін құдды бір әкімшілік қызметпен көтеріліп келгендей құрметтеуден танбады.
Бұлар күткен мұғалім ең соңғы келгендердің арасында болып шықты. Ол кабинаға кіргенде Самба Диалло креслода отырған әкесінің тізесіне мініп алған еді. Кабинаның ішінде әкесінен басқа тағы екі кісі бар ; бірі -аймақтағы мектептің директоры, екіншісі — өз провинциясында үлкен қызмет атқаратын әкесінің інісі . Мұғалім есіктен кіріп келгенде, үшеуі бірдей орнынан өре тұрды. Аса бір ілтипатпен қарсы алды. Самба Диаллоның әкесі ол кісіні қолтығынан демеп , өзі отырған креслоға жайғасуын өтінді.
Әртүрлі жайттарды айтып, ұзақ сонар әңгімелесіп отырған үш кісі негізгі тақырыпқа қайтып айналып келе берді. Ол тақырып — құдайға деген риясыз сенім және Жаратқанның жалғыз екенін мойындау.
— Құрметті мектеп директоры,- деді оқытушы ,- келген кісілердің ұлдары ұяларын тастап, медресеге емес, мектепке қарай бет алса, қандай ақыл айтқан болар едіңіз? — Ештеңе де дей алмас едім, құрметті ұстаз…Мектеп адамды тек қана бір ағаш пен екінші ағаштың басын біріктіруге…сол ағаштан қалай үй тұрғызу керектігін ғана үйретеді…
Осы аймақта тұратындар « мектеп» дегенді « ағаш» деп атайтын.Үшеуі бірінің сөзін бірі айтпай- ақ түсінді.Шетелдіктердің салған классикалық мектеп үлгісін бұлар кемсітіп осылайша жаңа сөз жасап алғандарды қостайтынын білдірді.
— Әлбетте, адам әркез өзіне қорған бола алатын үй сала білуі керек. Және ол жай баспана емес, дауылға да, жаңбырға да төтеп бере алатындай болуы тиіс деді ұстаз.
— Дұрыс айтасыз. Осы шетелдіктер келмейінше үй салуды білмей келгеніміз де рас.
— Сіз өзіңіз бүкіл Диалобенің басшысы бола тұра ,балаларыңызды шетел мектебіне жіберуге қарсы болмадыңыз ба?
— Қарсы болуға мәжбүр болдым, және Құдайдың алдында күнәкар болмау үшін өз сөзімде тұрдым, ұстаз.
— Мен де сіздің пікіріңізге қосыламын, басшы мырза, -деді мектеп директоры- мен де баламды шетелдік мектепке бермедім, дәтім бармады.Біз ол жаққа қорыққанымыздан ғана бала жібереміз.Кейде біздің ол мектепке мүлде қарсы болғанымыз өзімізге небір кесірін тигізіп жатады.Дегенмен, бұл бір түйінді мәселеге айналып т ұр. Біз баламызды олардың мектебіне оқытпаймыз дегенде, өзімізбен өзіміз болғымыз келетінін, жүрегімізде Жаратқанға деген орын қалдырғымыз келетінін айтқымыз келеді.Бірақ ,біздің осы жаңа мектепке қарсы тұра алатын қандай пәрменіміз бар?Өз дегенімізге оларды көндіре аламыз ба?
Бас қосып,әңгімілесіп тұрған үш адамның ортасына бір ауыр тыныштық орнап қалды.Ойланып қалған Самба Диаллоның әкесі ,әдеті бойынша жерден көзін алмай, өзімен- өзі сөйлескендей қалыппен ақырындап сөз бастады.
— Әрине, бізге келген жаңа мектепте оқығаннан балалар көп нәрсе үйрене алатынын жоққа шығара алмаймыз. Біздің қолымызда қазір ештеңе қалатын түрі жоқ…қайта олар бізге қолдау білдірсе дұрыс болар еді.Ал,кімде- кім өзіммен өзім болам десе, басын қатерге тіге білуі тиіс.Темір ұсталары мен орман шабатын балташылардың барлық жерде дәурені жүріп тұр. Солардың заңымен кетіп бара жатқанымыз да рас.Егер мәселе бізге ғана тірелсе бір жөн еді, мәселе біздің дініміздің, діліміздің сақталуы жайлы болып тұрғандықтан жағдай шиелінісіп тұр: егер оларды жеңе алмасақ, олардың қолына бар билікті бергенше жер бетінен біржола жоғалып кеткеніміз артық.Дүниеде Жаратқанның жалғыз екенін мойындап, құдайға құлшылық ететіндердің қатарындамыз әрі соңғы ізбасарларымыз…Оның Құдыретін қалай аман сақтап қалуға болар екен? Қолың қысқа болған соң, санаң тәуекелге бара алмайды …
— Иә,- деді мектеп өкілі,- меніңше, бізді уысында ұстап тұрған қол мықты болған соң, санамыз тәуекелге бара алмайды.
Молда-ұстаз болса, ойланған қалпы, басын жоғары көтеріп, қасындағы адамдарға барлай қарады.
— Егер осы жол дұрыс болса ше? Егер Құдайдың өзі бізге солардың үстемдігін орнатқан болса, оны біз мойындасақ, Құдайдың алдында қалайша кінәлі болып шығамыз? Көп заманнан бері Құдайға құлшылық ететіндер осы дүниені басқарып келді. Олар өз дегендерін Құдайдың ақ жолымен ғана орнатты ма? Анық білмеймін…Менің анық білгенім – ақ нәсілділер тұратын елдерде жоқшылыққа қарсы шығып, бас көтергендерді Құдайға қарсы шықты деп қарамайды екен. Олардың сөзіне сенсек, бұл қозғалыс жан- жақтың бәрін қамтиды. Жақын арада қозғалыс үлкен күшке айналып, олардың дауысы намазға шақырған азаншылардың дауысын басып кетпекші.Құдайға беріле сенгендер нендей қателікке ұшырады екен деген ой келеді.Себебі ,Құдай атынан билік орнатқанның өзінде аш-жалаңаштардың ашу- ызасына тап келіп тұрған жоқ па?
— Ұстаз,-деді Самбо Диаллоның әкесі, біраз үнсіздіктен кейін. Сіздің сөзіңіз үрей туғызып тұр.Құдайдың бізге деген мейірінен айырмасын…Сонда біз балаларымызды солардың мектебіне жетектеп апаруымыз керек пе?
— Иә, олардың мектебі өте көп нәрсе үйрете алады.Әсіресе, табиғаттың алапат дауылы мен нөсер жаңбырына қарсы тұра алатын берік қамалдай үй салуды жақсы үйретеді.
— Құдайдың құдыреті ше, оны мойындамаймыз деп күнәкар болмаймыз ба?
— Әрине , Құдыретті мойындауымыз керек. Ол үшін адамдарға жайлы баспана салуымызға тура келеді. Тек сол баспананың ішіне Құдайдың құдыретін орнатуымыз керек.Осыны анық білем. Бірақ, менен ертең таңертең не болады деп сұрамаңыздаршы, оған жауап бере алмаймын.
Әңгіме осылайша қисыны кетіп, арасында ауыр бір тыныштық орнап, үзіле берді. Диаллобе аймағы өрттің ішінде қалған асаудай бұлқынып, тынши алмай жатты.
Өзімен — өзі болып отырған Самба Диаллоға көзі түскен молда баланың үлкендердің әңгімесін ықылас қойып тыңдап отырғанын, ешкімнің мазасын алмағанын байқап отыр. Ол саусағымен баланы көрсетіп әкесінен:
— Жасы нешеде? – деп сұрады.
— Биыл алтыға толды.
— Енді бір жылдан кейін Жаратқанның ақ жолына түсіп, тілін сындыруға жарайды екен.Сол жолда мен де аянбай бас-көз болуға дайын екенімді айтқым келеді.Өзіңіз қалай ойлайсыз? Сіздің ұлыңыз Диаллобе аймағының түгел тұрғындары үміт күтіп, солар еккен дән сияқты емес пе.
Біраз үнсіздіктен кейін ,ол сөзін қайта жалғады:
— Диаллобенің тізгінін ұстап отырған мырзалар да Құдайдың ақ жолын ұстанғандардың қатарынан табылып отырғаны мәлім.Уақытша жаратылған пенделердің таубаға келетін іс атқаратындарына , сол жолға түсуге ықпал етіп отырғандарына көзім жетіп тұр.
Міне, енді мәмлеге келген үшеуі жинала бастады.
— Құдайдың қалауы солай болса,мен баламды сізге тапсырдым,ұстаз. Баламды дайындайын,жасы жетсін. Бір жылдан соң, амандық болса, ертіп келем өзіңізге,- деді баланың әкесі.
Келесі жылы, айтқан мезгілде Самба Диаллоны анасы өз қолымен баласын молдаға өткізіп берді. Уәде бойынша,ендігі жерде молда баланың жанына да, тәніне де ие болды. Дәл осы күннен бастап, діни оқуын аяқтап болмайынша бала отбасынан мүлде қол үзіп еді.

ЕКІНШІ ТАРАУ
« Алла осы үйдің иесіне мол береке берсін. Талпынған тәлімгер бүгінгі несібесін сізден дәм етеді. »
Самба Диалло жалынышты дауыспен айтқан осы бір жарапазанды қасындағы үш досы қоштап ала жөнелді.Таңертеңгі қара суық өңмендерінен өтіп барады. Үстінде алба- жұлба киімі бар төрт шәкірт Диаллобе аймағы бастығының кең ауласының кіре берісінде үйме- жүйме болып тұрған болатын.
— «О,Құдайдың құлдары,құлақ салыңыздар.Ояныңыздар, қалғып кетпеңіздер! Жан алғыш Әзірейіл өлім сеуіп,жерді тесіп, сіздерге жақындап келеді.Ол аяқ астынан қалай пайда болғанын білмей қаласыңдар.Құдайдың құлдары, өлім деген айтып келмейді.Және ол жолымда ешкім кездеспеді деп қайта бұрылып кетпейді де. »
Самбаның қасындағы бірге дәріс алатын үш досы бірдей дауыстап:
— « Біз сияқты бейшара шәкіртке бүгін кімнің мейірі түсіп, ас берер екен? Әкелеріміздің көзі тірі болса да, біз шын жетімдей қайыр сұрап тұрмыз. Себебі, Жаратқанның құдыретін елге жария ету — біздің міндетіміз. Құдай атынан бізге қайыр- садақа берулеріңізді сұраймыз. Ұйқыда жатқандар, ояныңдар! Есіктің көзінде тұрған шәкірттерді де ойлаңыздар».
Бір сәт бәрі үнсіз қалды да, Самба Диалло жалғыз өзі қайта жалғастырды:
«Құдайдың құлдары, ажал деген тек бүгінгі түні , қараңғыны қақ жарып келе қалатын нәрсе емес. Жаздың аптабында , күннің ыстығында да мені күтіп тұр екен деп келе қалмайды. Ол алдымен өзінің жер бетінде бар екенін мойындатады, сосын ойда жоқта бас салады.»
Енді қалған үшеуі қосылып, әндете бастады:
— « Ей,ұйқыдағы ерлер мен әйелдер, о дүниеге барғанда қиналмас үшін,көр азабын тартпас үшін осы дүниеде жақсылық жасаңдар! Бізге де ырызғы -несібімізді беріңдер! »
— «Құдайдың құлдары, сендерді не күтіп тұрғаны туралы алдын ала хабардар болып отырсыңдар – деп бастады Самба Диалло. Бір ажалдың бар екені анық және ол келмей қоймайды.Сондықтан , өлімді мойындамаған ешкім жоқ. Сендерге жеңілдігін берсін…»
Таңертеңгі желдің ырғағымен бірге Самба Диалло бүкіл Диаллобенің басшысы, өзінің немере ағасының табалдырығында пенделердің көңіл көзін оятатын ұзақ уағыздарды айтудан жалықпады.Ол тоқтағанда жанындағы жолдастары іліп әкетіп,жалғастырып тұрды.Тәлімгерлер осылай есіктен есікке барып, бір күндік нәпақаларын ел үстінен жинап алатын. Олар ертең де таң атпастан дәл осылай әрбір аулаға барып ,жейтін азығын сұрап алу үшін уағыздарын қайта айта бастайды.Себебі, Құдай жолына түскен тәлімгердің туған туыстарынан ,тамыр таныстарынан қайыр сұрап күн көруі міндетті деп есептеледі.Ол міндетті бұлжытпай орындаулары керек.
Бірталайдан кейін бастықтың есігі де ашылды-ау. Ағасының қыздарының бірі шығып,Самба Диаллоға күлімсірей қарады. Бірақ Самба ешбір сыр бермеді.Жас қыз кешегіден қалған тамақтың қалдығы салынған үлкен табақты жерге қойды.Тәлімгерлер шаң- топыраққа қарамастан, жүрелеп отыра қалып, алдарындағы асты бас салып жей бастады. Бүгін күні бойы нәр татпағандықтан, олардың оразасын ашқаны осы болатын. Әбден қарындары тойған кезде, қалған тамақты жан- жақтарына қарағыштап ,өздерінің ағаш ыдысына аударып салып алды.Самба Диалло болса, босаған табақты сұқ саусағымен түк қалдырмай сиырып,аузына салып, жалап -жұқтап отыр. Сөйтті де, орнынан тұрып ,босаған ыдысты қарындасына қайтарып берді.
— Рахмет,Самба Диалло. Күндерің сәтті өтсін , — деді қыз.
Самба Диалло оған үн қатпады. Бірақ Мариям да өзінің байсалды қалпынан айнымады.Байсалдылықпен бірге оның жүзінде бір уайымның ізі білініп тұратын.Ол бұрылып кете барғанын көріп тұрған Самба Диаллоның достарының ішіндегі ең ересектеуі Демба таңдайын қағып, басын шайқап,өзінше бір ойындағысын шығарғысы келіп:
— Шіркін, жымиған кезінде бетіне ойығы ерекше сән беретін осы қыздай немере қарындасым болса ғой…
Демба сөзін жалғастыра алмай ,шығар есікке жақындап қалған Самба Диаллоның тоқтап, артына бұрылып қараған көзқарасынан үндемей қалды.
— Самба Диалло,маған құлақ салшы. Егер сен болмасаң мен шынымен де бүгін тойып тамақ ішпеген болар едім.Осы елдегі дін танып жүрген барлық тәлімгерлерді қосқанның өзінде бір сенің орныңды баса алмайды. Олардың ешқайсысы пенделерге дәл сен сияқты көзін жеткізіп жарапазан айта алмайды.Әзірейілдің адамдардың аялаған жанын алмай қоймайтынын, олардың менмен көңіліне аяушылық ұрығын себу сенің міндетің екенін де сен бәрінен артық білесің.Бүгін таңертеңгі сенің айтқан уағызың бәрінен асып түсті.Сенің сөздеріңді тыңдап отырған менің өзім үстімдегі бар шоқпытымды саған садақа деп шешіп бергім келді.
Тыңдап тұрған жолдастары мәз болып күлді.
— Ал, сонымен? деді Самба Диалло өзін -өзі ұстауға тырысып.
— Сонымен менің айтпағым мынау: сен біздің ішіміздегі ең мықты шәкіртсің, бірақ ,сен біздің ішіміздегі ең қабағы ашылмайтын, уайымшылсың.Қарнымыз тойған соң , саған қарап күлімсіресек те, бір мызғымайсың. Бетіңде түк өзгеріс байқалмайды…Оның үстіне, әзіл- қалжың дегенді мүлде түсінбейсің…
— Демба, менің қасымда болғың келмесе өз жөніңмен кете бер деп айтып едім ғой. Басқа біреудің жанында жүрем десең… Маған бәрібір.
— Достар, бұл не деген кеңшілік, шіркін!- деді ол қасындағы бірге жүрген жолдастарына қылжақтаған қалпы бұрылып.Не деген кеңшілік!Мені кеудемнен итерсе де,аса бір парасаттылығын көрсеткісі келеді…Сөйте тұра өзі маған: — бара бер,қасымнан әрі кет, жолама, аш қалсаң да, аштан өлсең де білгім келмейді – дейді.
Мұның сөзіне жанындағы достары мәз болып күлісіп алды.
— Жарайды, жақсы олай болса , деді Демба сөзін жалғастырып. Басеке, сенікі дұрыс, айтқаныңды орындаймыз, келістік.
Самба Диалло терісіне сыймай-ақ тұр. Дембаның қайтсе де бір амалын тауып, онымен керісуге дайын екеніне көзі әбден жетті.Әсіресе, Самбаға әке жағынан туыс болып келетін лауазымды ағасын және оның үй –ішін әңгіме қылғанды ұнатпайтын. Ал,Демба болса қасақана оның жанды жеріне тиіп,мазақтауға дайын тұрады. Самба Диалло осы бір қытығына тиетін сөздер оған мүлде үнамайтынын, одан басын аулақ ұстағысы келетінін жанындағы достары да жақсы білетін.Әрине, бүкіл Диаболле аймағында, өзінің әулетінде ол ерекше көзге түсіп, ауызға ілініп жүргенін ешкім жоққа шығара алмайды.Дін жолына түскен шәкірттің міндетіне сай ол қазіргі күні әр есіктен қайыр- садақа сұрап, тамағын асырап жүр. Ең бір ауқатты үйлерден бастап , ең кембағал үйлерге дейін әр біреуінің есігін қағады. Және сол үйлерден ішкен жегенінен артылған қалдық тамақты алып шығып, садақа бергендер алдындағы бала тегін адам емес екенін біледі. Оның болашақта Диаболленің ең мәртебелі басшысы болып, ел сыйлайтын азамат болатынына күман келтірмейді. Сондықтан, қақпасының алдында қайыр сұрап тұрған балаға кім де болса ізетпен иіліп тұратын. Оның алдындағы табағына астарының қалдығын берген кезде де аса бір ыждаһаттылық көрсететін Баланың үстіндегі жалба -жұлба ескі киіміне қарамастан ,оның ертең –ақ сыйлы адам болатына шүбәсыз сенетін. Арғы тегі ақсүйектен шыққандығы Самбаға жүк болып тұратын еді.Жүк болғанда арқасына арқалаған ауыр зат сияқты екен деп ойламаңыз, олай емес. Көзге ұрып ,жарқырап тұрған әдемі, әрі өзі сондай салмақты тәжді басына киіп алып,тастамай жүргендей әсер ететін.Мұндай атақты алып жүруді өзі әділетсіз санайтын. Ақсүйектің тұқымы болғанға не жетсін, өзінің текті әулеттен шыққанын мақтаныш етеді, әрине. Бірақ, басқалардың айрықша көңіл бөлгеніне қысылады.Мұның ойынша, ешбір дабырсыз, қарапайым қалпында өз еңбегімен жаулап алса дұрыс болар еді тектілікті.Ал, қазіргі қалпында ол дайын атақ-даңққа ие болып отыр.Пендешілікке бой алдырғаннан гөрі рухани байлыққа жетудің жолын көп ойлайды.Сондықтан, өзін бірге сабақ оқитын тәлімгерлерден ешқашан артық қойғысы келмейді. Тіпті, өзінің атақты әулеттен шыққандығына кейде намыстанатын, кейде ызасы келетін еді. Бірақ, ештеңе өзгерте алмайтынына көзі жетті. Керісінше,мұның қасындағы жолдастары оның текті тұқымнан шыққанын мақтануға лайық деп табатын сияқты. Себебі, олардың күніне ең болмаса бір рет оның шыққан тегін, ақсүйектігін атап өтпесе астары батпайтын. Жүрген жүрісінен, отырған -тұрғанынан олар Самбаның тектілігі білініп тұратынын бір атамай көңілдері көншімейтін. Өздерімен бірдей үстіне шоқпыт киіп алса да, оны ерекше қастерлейтін. Олар тіпті сондай асыл достарының тым қарапайымдығына, оның жанының тым жайдарылығына қарсылығын білдіретін.Самба өзін -өзі төмен ұстаған сайын, жолдастары оны көтере түсетін. Мұндай қошаметке ол мүлде қарсы екенін білдіріп, қатты ашуланатын.
Дегенмен, оның достары дәл осылай бірге қайыр – садақа сұраған күнге дейін бұл ұнатпайтын нәрселерді айтпай келген еді.Ол да достарының қыр- сырын үндемей жүрсе де жақсы білетін.Әсіресе, Дембаның қалай да оның қатарынан табылғысы келіп тұратынын да іші сезетін. Осы бір қажырлы да сабырлы диханның баласы жастыққа тән албырттық пен көзсіз ерліктің жиынтығындай көрінетін. Әсіресе, бірбеткейлігі мен өжеттігі ерекше .
«Дәл бүгінгі күнге дейін Демба үндемей келіп еді, деп ойлады Самба Диалло. Бүгін таңертең бұл неге менімен ілігісті? »
— Балалар, айтыңдаршы өз ойларыңды, енді мен кімнің артынан ергенім дұрыс болады? Осы маңда маған лайықты жол көрсететін адам бар ма? Самба Диалло ендігәрі қасыма ерме деп тұр. Ендеше мен осы биіктен түспей, жақсы жол таңдауым керек қой. Көрерміз…
— Демба , қойсаңшы болды. Өтінем сенен, жапшы аузыңды деді Самба Диалло шыдай алмай.
— Көрерміз, деп сөзін жалғастырды түк естімегендей қалыппен Демба, әрине, енді мені бастайтын адам Самба Диаллоның қасында түк болмай қалады деуге болатын шығар.Өйткені,- деді ол сөзін үнемі жолдастарына бағыштап, сендердің бекзадаларыңа ешкім тең келмейді емес пе! Ол барлық жағынан озып тұр! Шыққан тегі жағынан ғана емес, рухани жағынан да нағыз бекзадаға лайық екенін білеміз! Тіпті, біздің ұстазымыздың өзі осыны мойындайды. Байқаған боларсыңдар өздерің де. Ол Самба Диаллоны ерекше жақсы көреді.
— Өтірік айтпашы! Айтып тұрғаның қып -қызыл өтірік екенін өзің де біліп тұрсың ғой, жапшы аузыңды! Ұстазымыз мені ерекше құрметтеуі мүмкін емес және де…
Самба Диалло сөзінен жаңылысып, екі иығын көтерген қалпы тұрып қалды.
Ол Дембаның дәл қасында, бірнеше қадамдай жерде тұрған болатын. Екі бозбала бой жағынан да бірдей деуге болады. Тек Самба Диалло мазасы кетіп, біресе бір аяғына, біресе екінші аяғына салмағын салып, тыныш таба алмай тұр. Сондықтан , ол әрі бойшаңдау әрі күйгелектеу болып көрінеді. Демба болса дембелше келген тығыршықтай денесін еркін билеп, қозғалмаған қалпы қасқайып қарайды.Мазасызданып тұрған ол жоқ .
Самба Диалло ақырын ғана бұрылып, қақпаға қарай бет алды. Бұрылыста ол жолдастарының бұл туралы өзара бірнәрсе айтып,артынан еріп келе жатқандарын сезіп келеді .
— Шіркін, ол барлық жағынан жақсы. Тек жүректілік жетіспейді.
Самба Диалло кетіп бара жатқан жерінен тоқтап, қайыр садақа салатын ағаш ыдысын жерге қойды да, Дембаның қасына қайта келді.
— Дембел, білесің ба, мен сенімен айтысқым келмейді, — деді.
— Ештеңе айтпа маған, жоқ дедім мен саған. Мені жақын тартып, Дембел демей-ақ қой.
— Жарайды, ендеше, Демба болсын. Мен сенімен ешқандай ұрыс- керіске барғым келмейді.Кетесің ба, қаласың ба, ендігәрі ол туралы айтпай-ақ қояйықшы.
Самба Диалло сөйлеп тұрған кезінде өзін қысқан ашу бар денесін жайлап бара жатқанын сезді. Және өзін- өзі билемесе, бұл ашу өртке айналатынына көзі жетіп тұр.
— Кетесің бе, қаласың ба , деді ол түсінде сөйлеп жатқандай өзінен- өзі күбірлеп.
Ол қайтадан кетпекші болып, Дембаның қасынан бұрылды да, қақпаға қарай жүрді. Дәл осы кезде кездейсоқ бірдемеге шалынып, сүрініп кетті. Сөйтті де, ұзынан түсіп, жерге бірақ құлағаны. Кім екені белгісіз, әйтеуір біреу әдейілеп аяғын тосып, шалындырып жіберіпті. Жолдастарының ішінде мұны аяғынан әдейі шалып құлатқан кім екенін ол ешқашан білмейді, әрине.
Ол орнынан тұрған кезде айналасында тұрған жолдастарының әлі сол күйі қозғалмай қалғандарын көрді. Міне, тапжылмай тұрған Дембаның силуэті. Аяқ астынан ұзынынан түскендіктен, ол не болғанын да байқай да алмады.Төрт аяқтап барып, тура қой сияқты домалап кеткенін біледі.Екі тізесімен жерге жабысты да қалды. Әйтеуір астында қалған бірдеңе мұның жанын алып , тарсылдап барады. Әрбір соққысы шаншудай қадалатынын қайтерсің. Бір кезде денесі қалшылдағанын қойды-ау! Бірақ, өзі икемге келе алмай, бір бүгіліп, бір жазылып әуре болды. Астында қалған бәлені теуіп жіберді. Ақырындап өзіне- өзі келе бастады. Жүрегінің тарсылдағаны да басылып, денесі икемге келе жатқандай сияқты .Көзінің қарауытқаны да азайып, есін жия бастады. Енді оның астында қалған, бағана шалынғанда құшақтай құлаған тосқауыл жанына одан әрі бата түсті. Бірақ, ол мүлде ештеңе сезетін емес еді.Біртіндеп өз денесінің сау екеніне ,енді өзін толық игере алатынына анық көзі жеткендей болды. Күтпеген жерден жаңағы жанын алып тұрған пәле қимылын тоқтатқаны. Көзі шайдай ашылды-ау, әйтеуір.Самба Диалло бір үнсіздік орнағанын, әлде біреудің қарулы екі қолы мұны бар күшімен тартып, тұрғызбақшы болғанын сезді. Жатқан жерінен жаңағы адам жанталасып жәрдем қолын созып тұр.
Ол басын жерден көтерген кезде , басына сусылдаған аппақ жамылғыш (вуалетка) оранып алған кербез әйелдің сұлу жүзін көрді.
Бұл әйелді елдің бәрі Кербез Ханым деп атайтын. Жасы алпысқа келсе де, қырыққа жаңа келген деп ойлайтын көргендер.Және бір айтататын нәрсе – ел оның тек қана бетін көретін.Себебі, үстіне киген көгілдір ұлттық көйлегі (бубу) тура жер сызып жүретін ұзын болатын еді. Жүрген кезінде алтындаған аяқ киімінен өкшесі ғана көрінетін.Жібек жамылғышы басын да, мойнын да жауып тұратын. Сосын иегінің астынан ораған жұқа матаны сол иығынан асырып желбіретіп қоятын еді.Кербез Ханымның бойы бір метр сексенге жететін. Ол жыл өткен сайын, жасы ұлғайғаны болмаса, денесі мінсіз қалпын сақтап тұрғаны таңқаларлық еді.
Әйелдің аппақ әрі жеп-жеңіл жамылғышы оның топ-толық шырайын аша түсетін. Самба Диалло ең алғаш рет осы әйелді көргенде , оның әдемілігіне таң қалғаны соншалықты, құдды бір өзі туыпө өскен Диаллобе аймағының тірі тарихын көргендей керемет әсер алған болатын. Туған жерінің ардақтайтын бар кереметін, жырға қосатын сұлулығын осы әйелдің бойынан табуға болатын. Бет пішіні сопақшалау келген, мұрнының ұшы имектеу біткен. Ерні үлкен болғанымен қайратты адам екенін айтпаса да білдіріп тұр. Ерекше нұр шашып тұрған көздері қараған кезінде бүкіл болмысын сәулелендіріп, тәкаппарлығын аша түсетін. Денесін түгелдей аппақ жамылғышы бүркеп тұратын. Әрине, сәнмен өрген шашы да бүркеменің астында қалып, әдеп сақтайтын әйел екенін әйгілейтін. Үстіндегі жамылғышы дене бітімін сырт көзге көрсетпей жасырып тұрса, мұсылман діні де оның бет пішінін барынша қарапайым ұстауын талап ететін.Жарқырап тұрған сұлулық көзге ұрмауы тиіс. Сонда да көзінің айналасы мен бетінің ұшынан, тіпті , бүкіл ажарынан жастықтың белгісіндей ерекше жігер мен қуат аяқ астынан лап беретін еді.
Кербез Ханым Диаллобені аузына қаратып отырған адамның әпкесі болатын.Білетіндердің айтуына қарағанда, мұндағы ел оның інісінен гөрі әпкесінен қатты қорқады екен.Егер ол атқа мініп ,ұзақ уақыт бойы ел қайырмаса Солтүстікті жайлаған руластары оның сөзіне құлақ асуды қойған болар еді. Себебі ,мұндағы халық біреуге мойынсына қоймайтын өркөкірек әрі намысқой келеді. Ал, Диаллобенің бастығы табиғатынан жұмсақ адам екені осы жұртқа мәлім еді. Ол үнемі түсіністікке шақырып, бар шаруаны келісіммен шешуге тырысатын. Кербез Ханым болса бар мәселені төтесінен қойып, ай –шайға қаратпай, бірден тындыратын еді. Сондықтан, қол астындағы ел оның алдында ығысып тұратын.
«Менің інім бекзада емес, — дегенді қайталап айтқанды жақсы көретін ол. Менің інім — ғұлама . » Немесе : «Ел билейтін адам былайғы жұрттың көзінше ойын ортаға сала беруіне болмайды. Күндіз бәрін ішіне түйіп жүрсе, оның түнде не ойлайтынын халық білмеуі тиіс » — деп қосып қоятын.
Ол осы елдің Солтүстік аймағын өзінің айбынымен басқарып отыратын. Қазіргі атақ даңққа да бағынышты руларды тырп еткізбей бағындырып, уысында ұстап отырған соң ие болды.Ел басқарған бұл әйелге Кербез Ханым деген атты да осы Солтүстік аймақ қойған еді.
Шәкірттердің бәрі тұрған жерінде қалшиып қатып қалыпты.Әйел сөзін Самба Диаллоға бағыштады.
— Мен сенің ақымақ әкеңе сені молданың алдына апарма, ол баланың орны діни оқу емес деп айтқан болатынмын. Даланың жабайы әдетіне басып, қарсыласпайтын бол, мына елді қарғысыңмен шошытпа дегем. Ал, сені оқытатын молда-ұстазың миыңды ашытып, өміріңді қор қылатын жаққа айналды. Бірақ, мен осының бәріне тосқауыл қоям әлі. Мені үйге кіріп күте тұрыңдар…
Осыны айтты да әйел бұрылып жүріп кетті.Сонан соң шәкірттер де тарай бастады.
Сол күні кешке Самба Диалло қайтып келгенінде оның бет-аузының төбелестен көгеріп, ісіп кеткен түрін, үстіндегі су жаңа киімін көріп ұстазы тағы да қаһарына мінді. Ашудан түтіккен ол:
— Кел бері менің қасыма! Ал,бекзаданың баласы, Диаллобе тұқымының паңдығын да, керген кеудесін де тура қазір жоқ қылам. Оған күмәнданба – деді.
Молда баланы беліне дейін шешіндіріп, бар күшімен ұзақ уақыт,өзі әлсірегенше әбден таяқтады. Самба Диалло қозғала алмай жатқан қалпы, тапжылмады.Әбден зәресі де ұшып кетті өзінің. Сосын молда шәкірттерінің ішіндегі ең кедей, ең нашар киінген баланы қасына шақырып алды. Сөйтті де, әлгінің үстіндегі шоқпытты шешкізіп, Самба Диаллоның су жаңа киімін берді. Мұндайды күтпеген ол қуаныштан не істерін білмей қалды. Ал, Самба Диалло болса досының шешіп тастаған ескі- құсқысын үн -түнсіз үстіне киіп алды.
Шәкірттердің бәрі дәріс өтетін жерге жиналған еді. Енді әрқайсысы өзінің алдындағы кішкентай столының алдына жайғасты. Мұғалімның орны ортада болғандықтан, олардың бәрі оның айналасына дөңгелектене отыратын. Алланың әрбір сөзін шегелей айтуға тырысқан жас жеткіншектердің күмбірлеген дауысы молданың барған сайын жанын баурап, жүрегін жаулап барады. Ол Самба Диаллоны көзімен бағып ,қимылын қалт жібермей аңдудан жалықпайтын.
Осы бала мұның көңілінен толық шықты. Тек бір ғана нәрсені кемшілігі деуге болады, соған алаңдайды. Бозбалаға сынай қарап отырған ұстазы оның текті тұқымнан екені тек Диаболле аймағына емес, бүкіл елге тарап кеткенін жақсылыққа баламайтын. Себебі, молданың терең пайымдауынша, Құдайға шын құлшылық еткенде адамның шыққан тегі ешқандай мәнге ие болмайды. Демек, сол тектілігіңді қаза берсең, оны артықшылығым десең, Аллаға серік қосқан болып шығасың. Тектілік деген пенделердің өзін- өзі биік дәрежеге қою үшін ойлап тапқандары. Ал, Құдайдың құдыретіне сену деген, ең алдымен оның бар екенін, жалғыз екенін мойындау. Мойындауды мәжбүрлі сыйынумен еш шатастыруға болмайды. Молда пенденің Алла алдында ешқашан кеуде керіп, менменсімеу керек екенін жақсы біледі. Тек қана Жаратқанның құдыретіне құлшылық етуі тиіс.Ол өзі қанша мойындағысы келмесе де, Самба Диаллоны жақсы көргендей ешкімді жақсы көрмейтін.Осы балаға ерекше қаталдығы оны рухани шынықтырып, бар кемшілігінен тазартып, әбден тақуа етсем деген ойдан жасаған әрекеті. Ұзақ жыл шәкірт тәрбиелеп, молдалық еткенінде осы елге лайық ізбасар дайындауды арман ететін іштей. Алдынан қаншама бала тәлім алды! Тіпті бірнеше ұрпақ ауысып отырды көз алдында. Енді ,міне өмірінің көбі кетіп азы қалыпты.Қалай болғанда да, ол теңіздің ар жағынан баса- көктей келген шетелдіктердің кесірінен Диаллоба аймағы түгел құрып кетейін деп тұрғанын жүрегі сезеді.Өзі көз жұмар алдында ол осындағы елге, Диаболлеге тұтқа болатындай дін адамын тағайындап кетуі тиіс.
Молда сонау артта қалған жастық шағын есіне түсіре бастады.Өзі де даңқты әулеттен шыққанына қарамастан, бала кезінен сол ортадан қол үзіп, алыста жүрді. Кедейі де, ауқаттысы да молдаға шәкірт болған кезден бастап бәрі бірдей қалыпқа түсті, еш айырмашылығы болмады.Халықтың ортасынада жүрді, халықтың берген садақасымен күнелтті.
Үйлерінен жырақта, алыс жерде тәлім алам деп, білім іздеген олар оқуларын аяқтаған кезі есінде. Сол уақыт аралығында олар қасиетті Құранды аударды, небір білімді адамдарды жолықтырды. Атағы жер жарған ғұламалармен де, демократтармен де, дін жолындағы шыңдалған күрескерлермен де, болашақты болжай білетін сәуегейлермен де кездесті.
Мұғалім ұзақ уақыт ойға мүлгіп отырды. Сонау жылдары ел іші түгел иманға ұйып, бір Құдайға құлшылық ететін , әдет ғұрыптың мызғымай тұрған кезін әрі сағынып, әрі күрсініп еске алды.
* * *
Бүгін кешке молда- мұғалім лашығының бір бұрышында үнсіз ғана құлшылық жасап отырған болатын. Ол аяқ астынан үстіне біреудің кіріп келгенін байқады. Ол бұрылған кезінде «басына сусылдаған аппақ жамылғыш оранып алған кербез әйелдің сұлу жүзін көрді.»
— Диаллобе аймағының ұстазы, аман есен жүріп жатырсыз ба?
— Құдайға шүкір, Кербез Ханым. Өзіңіз де сау- саламатсыз ба?
— Аллаға тәуба, аман сау жүріп жатырмын.
Келген әйел мұғалімнің қасынан үш метрдей жерге аяғын шешіп,төселген кілемшенің үстіне келіп жайғасты.
— Ұстаз, мен сізге Самба Диалло жөнінде сөйлесейін деп келіп едім. Бүгін таңертең осы баланың біздің есіктің алдында Аллаға жалбарынып айтқан тілектерін өз құлағыммен естідім.
— Иә, ол сөздерді мен де тыңдағам. Сондай керемет, сондай терең мағыналы құлшылық.
— Мен оның сөздерін алғаш естігенімде,тіпті,шошып кеттім.Әлбетте, ажалдың ақиқат екенін кім де болса мойындауы тиіс. О дүниені ұмытпау керек екенін Жаратушының өзі пендесіне жарлық етті емес пе.Жүрегімізге иман ұялату парызын кіп- кішкентай бала болса да, адал атқарып жүр. Мен осы жап- жас туысымның Жаратушыға құлшылығымен жағып, оны Құдайдың қабылеттен құр алақан етпегеніне қандай риза болғанымды білсеңіз етті. Қуанышымды жасыра алмай тұрмын.
— Иә, деді жайбарақат дауыспен ұстаз, өзімен өзі сөйлесіп отырғандай айналаны ұмытып. Иә, ол қайсыбіреулер сияқты өзінің міндетін ауыр жүк деп есептемейді. Алланың сөзін тек қана қорыққанынан ауызбен айта салмайды.Бар ынтасымен беріліп айтады.
— Ұстаз, мен сонда да осы жайтты уайымдап келіп отырмын. Ол өзі бала бола тұрып, ажал туралы үлкендерше ой толғайтыны мені мазалайды. Мен сізге үлкен өтініш айтқым келеді; сіздің шәкіртіңізді ерекше жақсы көретініңізді, одан үлкен үміт күтетініңізді білем. Сонда да, оның жасын ескеріп, аяушылықпен қарасаңыз екен. Әрине, сіздің ерен еңбегіңіздің арқасында ол табысқа жетіп отырғаны даусыз.
Осыны айтты да Кербез Ханым үндемей қалды.Баланың ұстазы да біраз уақыт өзімен өзі болып, сөз бастамады. Енді бір сәтте сөзін сұрақ қоюдан бастады.
— Кербез Ханым , әкеңізді есіңізге алып тұратын боларсыз?
— Иә, әрине, ұстаз – деді әйел баяу үнмен. Бірақ, мына кісінің сұрағына таң қалғаны көрініп тұр.
— Дегенмен, ол кісіні менен жиі есіңізге түсірмейтін шығарсыз. Себебі — мен сіздің әкеңізді сіз дүниеге келмей тұрған кезден білетінмін. Және үнемі қасында болдым.Ал, әкеңіздің соңғы демі кеудесінен шығарда қандай күйде болғаны есіңізде ме?
— Ол жағдай да есімде, әрине.
— Сіздің ол жағдайды да менен артық білуіңіз мүмкін емес.Себебі, мен ол кісіні жан -тәсілім етерде тілін кәлимаға келтірдім. Жаназасын да өзім оқып, өз қолыммен жерлеген болатынмын. Сол күнді еске алуыма рұқсат етіңіз, екеуміздің арамыздағы әңгіме болсын.
Ұстаз біраз үнсіздіктен кейін әңгімесін қайта жалғастырды:
— Ол кісі ауру жанына батып,айтарлықтай көп уақыт қиналды, бірақ ешкімге білдірмеді. Өзінің әдеттегі қалпын бұзбай өмір сүріп жатқан соң, мазасын алған да адам болмады. Бір күні ол кісі мені шақыртып алды. Мен келгеннен кейін, екеуміз мәре- сәре болып,әдеттегідей, ұзақ амандастық. Ол менен үй ішімді түгел сұрап шықты.Сонан соң ,орнынан тұрып, сандықтың қасына барды да , ішінен бір бума ақ мата суырып алды. «Міне, мынау менің кебінім, — деді ол. Сіз осы кебінді біздің салт бойынша,маған туралап, пішіп берсеңіз екен.» Мен не дерімді білмей ол кісінің көзіне қарадым. Сасқан адамның кейпін көрмедім. Керісінше, ол кісінің жүзінен таңқаларлық байсалдылық пен сабырды көрдім.Сондықтан, айтайын деген сөздерімнің бекер екенін ұқтым да, үндемей қалдым. Көңілін аулап , дайындап қойған сөздерімді жұтып қойғаным үшін өзіме қандай риза болдым десеңізші.Менің тура осы жерде ләм деп аузымды ашқаным күлкілі болып көрінер еді. Себебі, ол кісі өлімге аса бір құрметпен, ерекше дайындалыпты. Ендігі жерде мен ол кісінің айтқанын орындадым, әрине. Шариғат бойынша кебін қалай пішу керектігін көрсетіп бердім. Сөйтіп, ол кісі өз кебінін өз қолымен дайындады. Ал, кебінді реттеп болған соң , мені жекешелеу бір бөлмеге бастап апарды. Сол жерде өзінің көзінше қасында тұрған күтуші құлы Мбареге денені қалай жуу керек, қалай кебінге орау керек екенін тәптіштеп түсіндіріп беруімді өтінді.Барлық жайға қанығып, көңілі орныққан соң ол кісінің жатқан бөлмесіне қайтып келдік. Біз мұнда ұзақ әңгімелестік.Сол кезде де жанына батқан ауруды елемей, түк болмағандай жайбарақат сөйлескеніне таң қалдым. Мен орнымнан тұрып, қоштасар кезде ,ол маған дәм- тұзы таусылған күні ,міндетті түрде келуімді өтінді.
«Сол кездесуден дәл екі күннен кейін маған ол кісінің қайтыс болғанын хабарлады. Мен келгенде үй толы адам екен. Отбасы мен жақын туыстары қатты қайғырып, қаза ойсыратып кеткені көрініп тұрды. Әкеңізді жерге төсеніш салып, соның үстіне жатқызған екен. Айнала қоршаған адам. Ол кісі өмірінде бірінші рет маған амандасу үшін орнынан тұрмады. Өткен жолы кездескенде маған күле қарағаны, амандасқаны есіме түсті. Менен үйге әдейі жиналғандардың түгел басын қос деп еді. «Мен о дүниеге кетерімнің алдында олар менің қатем болса кешірсін . Көзім тірі кезде бәрімен қоштасайын. Менің қарызым болса айтсын, кінам болса кешірсін ағайын. Егер олардың біреуін ренжіткен болсам, осы жиналған жұрттың алдында кешірім сұрайын. Диаллобені жайлаған елді басқарам деп, тура жолға салам деп жүріп біреу болмаса біреудің көңілін қалдырған болсам, кешсін мені.О дүниеге арқалап кетпейін. Енді асықпасаңыз болмайды, өтінем сізден. Мен сізден хабар күтем ендігі жерде.» — «Мені олар кешті ма? » деп мен есіктен кіре сала мазасы кетті cол кезде. Айналадағы келіп отырған ағайын жұрт та ол кісінің сөзіне құлақ салып отырған болатын.Олар да елеңдеп қалды. Мен бәрі риза, қатеңізді кешті дедім. Ол менен қайталап үш рет сұрады. Сонан соң басын көтеріп, жиналған қауыммен қош айтысты.Ол менің білегімнен қатты қысып ұстады. Мен де оның қолын барынша мықтылап ұстауымды өтінді.Сөйтті де Алланы аузына алып, соңғы демі таусылды. Кербез Ханым,сіздің әкеңіз, нағыз ел басқарған кісі еді ғой. Және ол кісі маған қасиетті Құранды қалай аудару керек екенін, нағыз мұсылман қалай жан тапсыру керек екенін де өз үлгісімен көрсетіп кетті. Сол кісінің осындай асыл қасиетін кішкентай немересінің бойына дарытсам деймін.
— Мен әкемнің асыл бейнесін де, сіз айтып отырған ол кісі туралы естелігіңізді ардақ тұтам өзіме. Бірақ, қазір заман басқа ғой. Өсіп келе жатқан ұлдарымызға да қазіргі заманға сай білім берсек қалай болар еді деп ойлаймын. Болашақ ұрпақ мүлде басқаша өмір сүретін күн жақын екенін сезем.Ендеше, олар үшін адамның өмірі өліммен аяқталатыны соншалықты маңызды бола қояр ма екен? Ажалға ерекше мән беріп те жатпайтын болар.
— Мадам, мен сіздің ойыңызбен мүлде келіспеймін. Өйткені, Алланың алдында жан тапсырып, ақ өліммен кету – қасиетті парыз. Және ол жер бетінде ең соңғы пенде қалғанша мәнін еш жоғалпайды. Мен сіздің кішкентай бауырыңызды өте қатал ұстайтыныма көзіңіз жетті бүгін. Сіз оған жаныңыз ашып, маған наразылық білдіріп келіп отырсыз. Маған да оны үнемі бақылап, тырп еткізбей отыру жақсы деп ойлайсыз ба. Бұл оңай жұмыс емес. Сіз мені енді қинамасаңыз екен. Қайта ол баланы қатал ұстауыма қарсы болмаңыз. Осындай темірдей тәртіппен өскен ол, мен оған әкесіндей қамқор болғаныма кейін разы болады.Алдағы үлкен өмірде таяқ жемейтіндей шынығып шығады. Өлім мен өмірдің бұлжымас заңын ол да игергеніне көзіңіз жетеді әлі.
(жалғасы бар)
Қазақ тіліне аударған Мария Арынова