Журнал "ТАМЫР", №38, январь-март 2014 г.

Асылзат Арыстанбек. КЕШІР МЕНІ, УКРАИНА!

Бүкіл қазақтың жүрегіндегі
Өліп қалған сезімді тірілткенің үшін,
Санамызға сіңірген жалған ұғымнан жеріткенің үшін,
Семіп қалған намысты еріткенің үшін,
Орысқа қарсы тұратын берік демің үшін
Рахмет саған, Украина!

Тәуелсіздіктің жалған екенін,
Биліктің әлі алдап өтерін,
Орыстың жеріме ортақ екенін,
Талауға түссе де арда мекенің,
Намыссыз елдің сорлап өтерін,
Бірінші болып айтқаның үшін,
Рахмет саған, Украина!

Менің болашағымды айқын көрсеткенің үшін,
Империяның игі ертектеріне қарсы
күрескенің үшін,
Қан жоса болып жатсаң да қайыспағаның үшін,
Намысыңды иіп жатса да майыспағаның үшін,
Бәрімізден беделің қарыштағаның үшін,
Рахмет саған, Украина!

Ұлы халықтың ұрпағы бола тұрып,
Бетперде киген билікке жағынатыным үшін,
Жағынбасам нанымнан қағылатыным үшін,
Орысқа ләппай қағатыным үшін,
Өтірік ұран салатыным үшін,
Жанымды ғана бағатыным үшін,
Орыстың тілінде сөйлейтінім үшін,
Өзімнің тонымды кимейтінім үшін,
Өзгенің әніне билейтінім үшін,
Кешір мені, Украина!

Жарқ етіп жасындай маздаған сәтте,
Маңызды мәселе қозғаған сәтте,
Қауқарың менен қайратың қайтып,
Қасықтай қаның қалмаған сәтте,
Ішіңнен шыққан жарамсақ жаулар,
Іріткі салып алдаған сәтте,
Қолымды созбағаным үшін,
Кешір мені, Украина!