Журнал "ТАМЫР", №39, апрель-июнь 2014 г.

Шейх Амиду КАН. Өмір өткелдері (Француз тілінен аударған Мария Арынова)

ҮШІНШІ ТАРАУ
Жым-жырт тыныштық орнаған бөлмеде молда — ұстаз жалғыз отыр. Шәкірттерінің бәрі ымырт жабыла кешкі тамақтарын тауып келу үшін тағы да қайыр-садақа жинауға кетті. Төбесі кәшек -құшақпен жабылып, әбден түтіннің иісі сіңіп, сарғайып кеткен көлденең тақтайдан, тек қана қарлығаштың пырылдап ұшқан дыбысы естіледі. Молда орнынан жайлап тұра бастады. Ревматизмнен көрерін көрді-ау! Сүйектері сықырлап, буын-буыны қалтырайтынды шығарды. Ол аз болса, бұл орнынан тұрам деп көтерілген кезінде, өзінің қалайша аһлап-уһлеп кеткенін білмей қалады. Осы түріне қарамастан, ол намаз оқуға ыңғайлана бастады. Белгісіз біреу мұның бейшара қалпына іштей күліп тұрғандай көрінгенімен, еш шарасы жоқ. Мазасы болмай тұрған ауыр денесі намаз оқуға шамасын келтіртпей, қарсыласа ма, қалай… «Жоқ, сен ештеңеге қарамастан орныңнан тұрасың да, намаз оқисың. Сенің жаныңа батқан ауыруың да, тартқан азабың да құлшылық етуден сені босата алмайды. Соңғы кездері мұндай көрініс үйреншікті болып, сіңісіп келеді. Молда әл-дәрменінің құри бастағанын сезіп те тұр. Күн өткен сайын денесі ауырлап, жер тартатын болып алды.Тіпті, екі аяғы жүрмек түгілі өзіне бағынудан қалды. Кәрілік деген осылай мойындатады екен-ау…
Ол қайтсе де, өзін-өзі зорлап жүріп көрмекші болып еді, аяғы икемге келмеді. Аяғы аяқ емес, шәкірттері отқа жағатын қу таяқ дерсің; сондай қатты әрі кеуіп кеткен қу ағаштан айнымайды. Сонда да, аяғын ақырын аттап басып еді, суда жүзген үйректей екі жағына теңселді де қалды. Аяғын басқан сайын жанын көзіне көрсетіп, белі сырқырап қоя береді. Бір адым жер басуы мұң болды; белі не жазылмайды, не бүгілмейді. Екі тізесі мен екі білегі сықырласа да, қазірше, әйтеуір, бірдеңеге жарап тұр. Неге екенін, денсаулығы оны осы азапқа салып, қинаса да, көңіл күйіне онша әсер етпеді. Қайта, осы түріне күлкісі келетін сияқты. Мойындағысы келмейді басына түскен кәріліктің қырсығын.

Кейде ауруы екі бүктеп, шыдатпағанда ғана ол өзін өзі ұстай алмай қалады. Осы жағдайдың бірде бірі мұның басына түспегендей, басқа біреуді бақылап тұрғандай әсер алатын. Белгісіз бір күш болмаса, қысып тұрған күлкі сыртқа шығатыны анық. Әлсірегендігі болар. Дәл осы кезде молда екі қолын жоғары көтеріп, бетін Күншығысқа бұрып ,намазын оқи бастамақшы болғанда аяқ астынан жаңылысқаны.Көңіліне біртүрлі жаман ой келді. Жаңағы мені қысып тұрған күлкі құдайсыздықтан емес пе? «Мені пендешілік жеңіп, күпірлік жасап тұрған жоқпын ба осы?» Ол бір сәт ойланып қалды. «Жоқ, мен шын ниетіммен өзімнің түріме күліп тұрмын емес пе. Мына жабысқан кәрілік менің сүйек-сүйегімді сықырлатып, буынымды түк қалдырмады емес пе. Амалсыздың күлкісі менікі. Басыма түскенге көнемін де. Бәрі бір Алланың қолында. Мені көлденеңімнен түсіріп, жерге таңып қоям десе де еркі. Қашан шақырам десе де еркі. Мен бәріне де дайынмын». Бір сабырлы қалыпқа түскен ол рухани ләззат алып, жан жағына бұрылмастан, ұзақ ойланып отырып қалды. Бірталайдан кейін ол құлшылығын қайта жалғастырып, күбірлеп сыйына бастады.
Қасында біреудің тұрғанын байқамады, оның қашан келгенін де білмей қалды. Арт жағынан біреу дауыстап сөйлеген кезде ғана бұрылып қараған еді. Осы Диаллобенің бастығы өзінің адамын арнайы сәлем айтып жіберіпті.
— Мәртебелі ұстаз, Сізге бастығымның жолыққысы келетінін айтқалы келдім. Ол кісінің үйіне барып шықсаңыз сізге шексіз ризашылығын білдіретінін айтты. Және мазаңызды алғанына кешірім сұрайды. Сіздің бос уақытыңызда өзіңізбен әңгіме-дүкен құру мәртебе екенін де жеткіз деді маған.
Ұстаз болса көзін алыстағы бір қияға салып, өз ойынан өзі әлі арыла алмай, өкінген кейіппен ақырын қимылдап, әлі де не болып жатқанын пайымдай алмай қалды. Ол кісі, шынында да, көзін бір нүктеден айырмай, алыста тұрғандай көрінді.
— Егер менің мына қауқиған сүйегім икемге келсе, ол кісімен жүздесуге әрқашан да дайынмын. Сізбен бірге барып, амандасуға Құдай қуат берсін.
Ұстаз үйдің табалдырығын аттаған кезде, үй иесі намаз оқып жатқанын көрді. Ол жаюлы төсеніштің үстіне жайғасып отырды да, тасбиғын алып, санай бастайды.
Хош иісті перде аппақ төсектің үстіне желбірей төгіліп, төменде ілулі тұрған шамның жарығын көлегейлеп тұрғаны қандай жарасымды. Бөлменің ішінен ерекше бір тазалық пен бекзаттық сезіледі. Намаз оқу үшін арнайы кең пішілген аппақ бубуды* үстіне киіп алған ел ағасы бетін Күншығысқа қаратып, қозғалмай отыр. Намаздың соңғы қайырымына келіп қалған екен. Енді ұстаз да ден қойып, қасында отырған кісінің айтып отырған аяттарына ойша қосылып, бірге қайталады. Ең аз дегенде осымен миллионыншы рет шығар мұның өзін-өзі білгелі аспаннан түскен қасиетті сөздерді қайталауы: «Алла Жалғыз Жаратушы екені хақ, Мұхамет оның елшісі…»
Бастық та намазын бітіріп, бетін сипады. Енді міне жолығуға арнайы шақыртумен келген қонағына екі қолын созып, асықпай амандасты.
— Мен сізге жолығуды өзіме әрі міндет, әрі абырой деп білемін. Өзіңіз маған тосқауыл қоймасаңыз болғаны. Әлі есімде, сіздің маған : «Таңдап алған жолдан таймау деген дін жолында жүрген сіздер үшін әрі үлкен жауапкершілік әрі ешкім таласа алмайтын сіздерге қонған бақ» дегеніңіз.
— Шынында да, сіз осы елдің ерекше үлгі тұтатын адамысыз әрі бәрінің үмітісіз. Бір сәт осының салмағын Диаболленің басшысы ретінде пайымдап көріңізші. Жалғыз адам жұрттың бәріне ортақ нәрсені бір өзі иемдене ала ма? Мен жоқ деп жауап берер едім. Ал, егер бәрінің көсемі болып, үлгі тұтқан адам жолынан жаңылысып қалса, оның соңынан ергендер қайда барады?
— Ондай жағдайда олар қайда барарын білмей, тұйыққа тіреліп қалары анық.
— Демек, бәрінің ұйытқысы болып, алдарында біреу тұрса ғана олар сенімді болады.
Әңгімелесіп отырған екі кісінің мына дүниеге көзқарасы да, пікірлері де бір жерден шығып отырды. Оған екеуі де дән риза еді. Өздерін арнаған істеріне адалдығы мен табандылығы да екеуін жақындастыра түсті. Бір-біріне шынайы көңілмен ықылас танытып отыр.
— Ұстаз, айтыңызшы, мен шынымен де осы елдің үлгі тұтар басшысымын ба? Менің соңымнан ерген ел шынымен маған үміт арта ма?
— Әрине, үлгі тұтады әрі үміт артады, оған күмәнданбаңыз.
— Солай деңіз. Әрине, менің ықпалым бар екені рас. Билігім де бар қолымда. Менің отырған жерім салмағымнан ойылып кете жаздайды. Қайда барсам да, ел тік тұрып қарсы алады.Қайтсем де діттеген нәрсемді орындамай қомайтынымды білетін халық соңымнан өзі-ақ ереді. Ұстаз, осы ел мені сондай қайсар деп есептейтін сияқты…
— Сіз шынымен де өте қайсар адамсыз .
— Мен бар болғаны қалтыраған бір кішкентай пендемін, бірақ оны ешкім де білмейді.
— Бұл сөзіңіз де рас.Сіз ойыңызды жасырмай айтып тұрсыз.
— Білесіз ба, маған соңғы кезде өздерін қинаған сұрақтармен айналамдағылар жиі келетін болды.Соларға кейде не деп жауап берерімді білмей қалам.
Молда-ұстаз ол кісінің нені меңзеп тұрғанын жақсы біледі.Осы бір түйткілді мәселе туралы ел ағасы соңғы кездері жолыққан сайын айтып жүрген еді. Диаллобе тұрғындары соңғы кездері «екі таяқтың басын қосып оқуды» үйренгісі келетіндерін, жаңа мектепті жақтайтындарын ашық айта бастаған болатын. Мұндағы тұратын елдің басым көпшілігі молданың пікіріне мүлде қайшы келетін нәрсені таңдап отыр. Ол өзінің бүкіл денесі қоқайып қалғанына, буын буыны әлсіреп, қанша ойламайын десе де екі бүйрегі де мазасын алғанына қарамастан бар санасы аса бір ыждаһаттылықпен Қасиетті Құран сөзінде ғана болатын. Дүниенің бар қызығынан шеткерілеу қалып, жұпыны ғана үйде тұратынына да мән бермейтін. Ал, Диаллобе тұрғындары болса жаңалыққа бет бұрып, тұратын үйі де, күйі де көңілдеріне жақпай, күнен күнге мазалары кете бастап еді. Қысқасы, Диаллобе аймағын бағындыратын күш қажет болып тұр.
Күш туралы ойлағаны сол еді, молда біртүрлі қалтырап қоя берді. Тегеурінді күш! Ол байқап отырса, айналасында қандай әрекет болмасын бір күшке, қарсылыққа кездеспейтіні болмайды екен. Тіпті, бұл Аллаға құлшылық етіп, намаз оқыған кезінде де, бар ойын Құдайға ғана бағыштағанның өзінде денесі бір белгісіз күштің тегеурінін жеңуге ұмтылады. Отырып-тұруға, басын сәждеге қойып еңкеюге де бір қарсы күштің ықпалын жеңуі тиіс екеніне көзі жетті. Қайтсе де, сіресіп қалған денесін икемге келтіріп, ерік-жігерін қарсылықты жеңуге жұмсайды ендігі қалған өміріндеде. Қарсылық-кедергі деген адамды ақ жолдан тайдыру үшін дайын тұратыны белгілі емес пе. Және ол қырсықтың түрі мынадай болады деп кесіп ешкім айта алмайды. Мысалы, тәлімгерлердің қызықтың соңына түсіп кетуі, жас адамдарға тән қиялмен қайдағы жоқ нәрселерге ұрынуы да жаман қылық. Ақиқаттан алыстап, қате жолға түсіп кеткен жағдайда қаншама қарсылыққа бетпе-бет келеді олар. Жерге жабысып, иманнан ауытқымайтын адам қалпын сақтау үшін қаншама кедергіні жеңуі керек десеңізші!
«Олар шынында да тура асқабақ сияқты екен ғой».
Ұстаз күлкісін әзер тоқтатты. Өз ойының соншалықты аяусыз, айналадағыларға шаншудай тиетініне күлкісі де келеді бір жағынан. Алайда, ел ағасы әдетінше аспай-саспай жауап беруге дайындалып отырған сияқты. Молда сияқты елге құрметті адамға бірден бас салуға болмайтынын да жақсы біледі. Сондықтан, әңгімені басқа арнаға бұрмай тұрып,алдын әбден болжап алатын әдетіне басып, асықпады.
— Асқабақ дейсіз ба, ол өзі бір қызық өсімдік. Жаңадан түйін салған кезінде күн сайын күш алып, үлкейе береді. Бар болмысымен жерге жабысып, біте қайнасып кетеді. Ендігі жерде асқабақ бар өнерін салмақ жинауға, барынша ауыр да көрер көзге үлкен болуға жұмсайды. Ал, бір күні ол өзгеріп шыға келеді. Енді жерге жабысып жата бермей, жоғарыға өрлегісі келеді, асылып тұратын тіреу іздейді. Қайтсе де жан жаққа сабағын кең жайып, өзі ілінетін жер іздейді. Оның ойдағыдай өсіп жетілуіне асқабақтың ішінің қуыстығы мен сабағына жеп-жеңіл ілініп тұратын қасиеті әсер етеді. Сондықтан, асқабақ өзі жақсы жетілу үшін екі түрлі қарсылықты жеңеді.
— Ұстаз, Диаллобенің асқабақтарын қайдан табамыз сонда?
— Бұл сұрағыңызға мен емес, бағбан жауап беруі тиіс деп ойлаймын.
Диаллобенің басшысы бір сәт үндемей қалды.
— Мен жаңағы айтқан адамдарға жаңа мектепке барыңдар десем, олар түгелімен сол жаққа қарай ауып кетейін деп тұр. Әрине, бір таяқты бір таяққа қосып, оқуды үйренетіні сөзсіз. Біз болсақ, ол оқудың сырын білмейміз. Бірақ, жаңа оқуды игереміз дегенде басқа нәрсенің бәрін мүлде естен шығарып, ұмытып кететіндері айтпаса да белгілі болып отыр. Сонда, олардың жаңа оқуы ұмытқан дұниенің орнын баса ала ма? Менің сізге қоятын мынандай сұрағым бар: бұрынғы бар білетіндерін естен шығармай, жаңа оқу үйрену мүмкін ба? Және жаңадан үйренген оқулары бұрынғы білгендерін ысырып тастауға лайық па?
— Біздің жатақта жатып, тәлімгерлерге үйрететін оқуымыз — Құдай жолы.Мұнда оқуға түскен күннен бастап олар өздерін өздері ұмытады. Демек, тәні де, жаны да бір нәрсеге ғана бағынышты болады. Баланың жасына жас қосылған сайын санасын улайтын ойдан да аулақ ұстаймыз оларды. Мінез-құлқы да қатаң бақылауда болады. Осыдан кейін, олардың бізден алған тәрбиесі мен білімі өзін ұмытып кеткеніне татымайды деп айтуға бола ма? Әрине, болмайды.
— Мен осы Диаллобеде тұратын жерлестеріме жаңа мектепке бармайсыңдар деп үзілді-кесілді қарсы болсам, олар балаларын ол мектепке жақындатпайды. Бірақ, ол жағдайда әзер тұрған үйлері қирайды, балалары құлға айналады немесе аштан өледі. Жаппай жоқшылыққа ұшырайды, сосын кеуделері кекке толып, өшіге бастайды…
— Жоқшылық дегеніміз осы дүниенің еншісі, сайтанның Құдайға қарсы қоятын ең бірінші ісі.
— Мен сізді жақсы түсініп отырмын, ұстаз. Дегенмен, құлақ салыңызшы, жоқшылық дегеніміз қолда күштің жоқтығы емес пе? Сонда бұл елді өнерге қалай баулимыз, қару-жарақ ұстауды, оны қолдана білу тәсілдерін қалай үйретеміз? Байлық жинауды, оған ие болуды кімнен үйренеді?Тән сұлулығына, денсаулығын сақтай білуге кім үйретеді?
— Бауырым, сізге айтарым — Диаллобедегі елдің жігеріне жігер қосайық. Олай болмаған жағдайда мына қаптаған халықтан жақын арада ешкімді де таппай қаламыз. Қазірдің өзінде туыттан өлім көп болып отыр. Осылай жалғаса берсе, сіздің жатақта жатқан шәкірттер де, өзіңіз де аштыққа ұшырап, жабылып қаласыздар.
Кербез Ханым өзінің әдетімен ақырын ғана, дыбыссыз кіріп келді. Аяғындағы сүйреткен жеңіл бабушын (ұлттық нақышпен тігілген аяқ киім) есіктің артына шешті. Күнде осы мезгілде інісінің қасында болып, әңгімелесуді баяғыдан әдетке айналдырған еді. Ол төсенішке жайлап жайғасып, сөйлесіп отырған екі кісіге қарсы отырды.
— Ұстаз, аман есенсіз ба. Сізбен жолыққаныма көптен-көп қуаныштымын. Бүгін ойда жүрген мәселелерді біржақты шешіп алсақ дұрыс болар еді.
— Мадам, мен соның шешуін таппай тұрмын. Біздің жолымыз түйіспей ма деп қорқам. Бір-біріне қиыспайтын екі жолмен келе жатқандаймыз.
— Дұрыс айтасыз, ұстаз. Менің бауырым осы елдің жанашыры болса, сіз олардың көңіліне Құдайға деген сенім ұялататын адамсыз. Егер осыншама таза пейілмен атқарып отырған міндетіңізді босаңсытып, қызметіңізге немқұрайды қарасаңыз Диаллобені жайлап отырған мына ел не істерін білмей, теңселіп қалар еді. Менің оған көзім жетеді. Сіз тұратын үй осы маңдағы ең жұпыны үйдің бірі. Ал, сіздің өзіңіздің құр сүлдеріңіз тұр. Сыртынан қараса, түріңіз де сондай әлжуаз екені көзге бірден түседі. Соған қарамастан, осы елде сізден сыйлы, сізден ықпалды ешкім жоқ.
Ұстаз мына әйел сөйлеген сайын бойын бір үрей билеп бара жатқанын сезіп, қобалжи бастады. Әйелдің айтып отырғанының бәрін біле тұра, ешқашан мойындамаушы еді. Шындықты бетіне айтып отыр, қалайша олай емес деп айтасың. Амал не, көнесің .
Пенделер өз күнәларын жуып-шаю үшін ғана пайғамбарларға мұқтаж болатыны несі екен.Бұл өзі пайғамбарға жүгінгенде, іштей құлай сенді ма, қандай күш мұны осы күнге дейін сүйреп келген? Тура қазір есіне анау бір күні намаз оқып тұрып іштей бір күлкісі келгені есіне түсті. Сондай бір салтанатпен құлшылық жасап тұрып, іштей бір нәрсеге күлгені. «Неменеге күлдім өзі, қазір есімде жоқ. Икемге келмей тұрған денеме күлдім бе, бір Аллаға жазбайын деп қалайда сәждеден бас алмаймын деген ойыма күлдім ба? Жоқ әлде осының бәрі құр әурешілік, жалған тіршілік деп күлдім ба? Білмеймін. Өзімді-өзім әлі танымай жүрген сияқтымын… Мен әлі өзімнің кім екенімді түгел біле алмай жүрсем, мына ел менің соңымнан ереді! Қалай көзсіз ереді десеңізші! Мен не істесем де орындауға дайын, менің әрбір қимылымды ойланбастан қайталайды. Тура хамелеон сияқты, маған бейімделе кетеді. Олардың осы әрекетіне мүлде қарсымын! Қаламаймын көзсіздіктерін! Менің кім екенімді әшкере болсын десеңдер, дайынмын. Құдай кешірсін, нағыз бейнемді білгілерің келсе, бет пердемді ашайын сендерге. Иә…».
— Айналайын, інішегім, ақ жолға салатын осы дін оқуы болмаса, оның нұр шашқан ілімі болмаса, Диаллобені түн басқандай болар еді. Және сізді, мәртебелі ұстаз, ешкім де міндетіңізден босата алмайды.
— Мадам, Құдай бізге өз елшісі Мұхамет пайғамбарды, оған Алланың нұры жаусын, жібергелі бері өз пенделерін кеуде керіп, менсінбей қараудан сақтап келеді. Алланың соңғы елшісі бізге ең соңғы түскен Қасиетті кітапты жеткізіп отыр. Онда бәрі тегіс айтылған. Ендігі жерде ақылынан адасқандар ғана тағы бірдеңе бола ма деп босқа дәмеленеді.
— Мысалы айтқанда, аш жалаңаш қалғандар, ауру адамдар немесе құлдықта жүргендерді солардың қатарына жатқызамыз ба? Інішегім, мына кісіге айтсаңшы, келісімін берсін, ел осы ұстаздың бір ауыз сөзін тосып отыр ғой.
— Сіздің алдыңызда ғана мен қасымдағы ұстазға : «Мен бар болғаны қалтыраған бір кішкентай пендемін, бірақ оны ешкім де білмейді» деп айтып отыр едім. Ақырындап бәріміздің миымызды улап жатқан осы бір жағдай бүкіл елге жайылып бара жатқан сияқты ма, қалай өзі? Кербез Ханым, сіз қандай шешімге тоқтадыңыз? Сіздің шешіміңіз мына біздің қобалжыған көңлімізге дауа бола ма, жоқ па? Абдырап отырғанда бізге ем болатындай, ешқандай шығынға ұшыратпайтындай жол тапты деп ойлаймын сізді. Сіз өте қажырлы адамсыз. Мына халық түгелімен сіздің көлеңкеңізді саяласам дейді.Маған осы елдің үлкен-кішісі түгел разы болатын шешім қабылдаймын деп уәде беріңіз.
— Мені тым көтермелеп отырсың. Мен сен айтқандай ерекше адам емеспін.Тек байқағаным, мына басымызға түскен жағдайдың себебінен туындап отырған жайттар менің жаныма жақпайды.Осыдан жүз жыл бұрын тура осы жерде өмір сүрген арғы атамыз, бір күні таңертең өзеннің жағасынан біреудің жан дауысын естіп, шошып оянады. Қолына мылтығын алады да, ең өжет жігіттерді ертіп, басып кіргендердің артынан түседі. Өте батыл, жаудан тайсалмайтын өжет бабаларымыз жерін азат ету үшін жандарын шүберекке түйеді.Өз өмірін қиса да, жерді жауға қимайды. Бірақ, олар сол жолы жеңіліске ұшырайды. Неге? Қалайша? Бұл сұрақты осы өлкені басып алғандарға қою керек. Себебін солар айта алады. Басқыншылардан тыныш жатқан елді қалай бағындырып алатын өнерін үйреніп, біліп алу керек. Шынына келсек, сол күрес әлі жалғасып келеді. Бізге келген шетел мектебі сол баяғы бізді жаулап алған басқыншылардың жаңа формасы деп түсінуіміз керек. Ерекше бір түрі. Сондықтан, олардың мектебіне біз ең таңдаулы балаларымызды жіберуіміз керек, олардың өнерін үйрену үшін.Сонда, олар қалғандарын ілестіріп кетеді.Бұл жолы да біз ең алғыр балаларды алға жіберуіміз керек.Егер тәуекелге бару керек болса, ең жақсы дайындықтан өткен олар ешнәрседен тайсалмайтын болады. Демек, бәрінің алдын алады.Егер елдің өз дәулетін төкпей-шашпай молайтып, сақтау керек болса да, ең бірінші осы балалар арқа сүйеуге жарайды. Міне, менің айтпағым осы болатын, інішегім. Ал, енді қасымызда ұстаздың өзі қатысып отырғандықтан, мынаны да қосып айтқым келеді. Біздің шетел мектебіне оқытуға бала жібереміз деген шешімімізге сай оларды ең бірінші ауқатты, атақты отбасынан таңдауымыз керек. Әйтпесе, сөзіміз далаға кетеді. Демек, алдымен өз балаларымыздан бастауымыз керек бұл шаруаны. Дәлірек айтсам, осы елдің баласы, екеумізге ортақ бауыр Самба Диалло алғашқы қарлығаш болып жол бастауы тиіс менің ойымша.
Бұл сөзді тыңдап отырған ұстаздың жүрегі біртүрлі қысылып кеткендей болды.
«Ей, жарылқаушы Алла, мен мына шәкірт балаға неге осыншама бауыр бастым? Сонда жатақта жатып, дін жолына түскен бүкіл баланың ішінен ала-бөтен осыны жақсы көргенім қалай… Солай болып тұр. О, Құдайым, кешіре гөр мені. Мына жұрт маған қарап отыр, менің сөзімді естігілері келеді екен».
— Самба Диалло сіздердің балаларыңыз. Сіз қашан қаласаңыздар, сол кезде мен оны қолдарыңызға тапсырамын.
Ұстаздың дауысы біртүрлі қарлығыңқырап шықты. Дегенмен, баланы қайтаратынын мойындап отыр.
— Қалай болғанда да, ол басқа әңгіме – деп жауап берді Диаллобе басшысы.

Қазақ тіліне аударған Мария Арынова