Бұл ертеректе жарияланған дүние еді. Ол кезде Әмірханмен дариға-фәниде қатар жүрген өмір серік дос болатынбыз. Елдің бәрі маған досымның қазасына байланысты көңіл айтады, ол туралы сұрайды…
Мен не айта алам? Әмірхан түнде түсіме кіреді, күні бойы санамның бір түкпірінде өмір сүреді. Бүгін Әмірханның қара жердің қойнына түскеніне қырық күн…
СОҢҒЫ ЖЫР, НЕМЕСЕ ТӘҢІР БИІ
Мыңжылдықтар тоғысы. Әдебиет тәрк етілді. Рухани құндылықтар кейінгі орынға шегерілді. Жер бетін үмітсіздік жайлады. Басынан бақ ұшарын сезінген ақын Тәңірден соңғы медет сұрап тұр:
Уа, Аруақ!
Қалмасам да тұралап,
Біздің бастан ұшады енді, сірә бақ.
Ақының боп аңырайын соңғы рет,
Соңғы сөзді Тәңірімнен сұрап ап.
Жатыр жайлап өмір көрдім,
Өкінбен.
Басым байлап өлім көрдім,
Өкінбен!
Түз жұртында ақын болдым,
Өкінбен!
Қыз-қырқынға жақын болдым,
Өкінбен!
Сөзсіз мыңға татыр болдым,
Өкінбен.
Көзсіз және батыр болдым,
Өкінбен!
Бағзыдағы Доспамбеттің тәкаппарлығы ту көтеріп, Қазтуғанның дауылпазы дауылдатқан кезең еміс-еміс құлаққа келеді. Жұматайдың Олжасқа жазғаны бар еді:
Ағам да сондай алысты
жақынға балап,
Қақтырған біздің намыс
пен ақылға қанат.
Дешті Қыпшақтан кеп
Игорьге орысша сөйлеген,
Тұрғандай болам сауытсыз
Батырға қарап.
Біздің кейіпкер де дәл сол сауытсыз әрі сауатты батыр сияқты, тек Едігеше:
…Дүррі гауһар түймелі,
Он екі баулы таратпалы,
Тон берсең де, кимен-ді…
Қиған қамыс құлақты,
Қолтырауын танаулы,
Ат берсең де, мінбен-ді.
Ауымнан құтым кеткен-ді, —
деп шалқаяды. Себебі эпос ерлерінің дәуірі алыста қалғанымен, жыраулар қаны тамырында тулаған ақыннан басқаша мінез күтуіміз де бекер. Қазір дулыға мен қоңыраулы найза мұражайдың төрінде. Өркениеттің доңғалағы артын айра-жайра қылып дөңгелеп барады.
Еркін жел ем жаз шалқитын жайлауда,
Күй дегенің күйші қолын байлау ма?
Тағдыр мені нән шаһарға ап келді,
Құрекеңді жіберткендей айдауға.
Бір кездері «Жаушықұмнан» әлемді найзамен емес, қаламмен жаулауға аттанған даланың албырт ұланы мына тас қалада тордағы арландай аһ ұрулы.
Алып тауға байлап қойған шынжырлап,
Бұл қаланы қарғыс атқан мың жылға.
Жер жылжуда, жермен бірге қала да
Қара жылым жаққа баяу жылжуда.
Арман мұнда қалталарға батады,
Сонда өледі, ешкімнің жоқ шатағы.
Мұнда Муза қайыр сұрап көшеде,
Ал, ақындар мас боп бара жатады.
Адам құны көк қағазбен өлшенетін ортадағы былықтан жиіркенген ақын тарихты кері парақтайды. Ата-бабалар рухындағы тектілікке үңіледі. Сіз, міне, Балбал тастар қаласында қонақтасыз:
Аптапты күн
Ақыл-естен тандырған,
Дұрыс болар кең далада қаңғырған,
Қонатұғын жер жоқ деме,
Қыр асты
Балбал қала қарсы алады алдыңнан.
Бәрі осында, қас батыр да, қаған да,
Бәрі осында –
Арғы атаң да, анаң да.
Айтшы досым,
Өзіңді емес,
Өзіңнің өзегіңді көре білсең жаман ба?
О дүниеден тілегіңді ап шығар
Мұнда да ел
Игісі бар, жақсы бар.
Құтты қонақ болғаным де,
бауырым
Шора биін билеп берсе бақсылар.
Өзіңдікі емес сынды өз есің.
Енді ішпеуге шараң жоғын сезесің.
Балбал тастар –
бір кездегі бабалар
Берік бол деп көтергенде көзесін.
Шын таң қалсаң, жан бітеді
тасқа да,
Думан мұнда, мойын бұрма басқаға.
Аяулыңыз,
Бояулы қыз,
Бәрі қап,
Балбал қызға көзің түссе масқара!
Қала жақта жанжал болса жан-жағың,
Балбал жігіт сыйлар саған қанжарын.
Шілде айында,
Күн өткен шақ шекеден,
Шын достықтың сезінесің салмағын.
Ел мұратын қолдағандай дауыс көп,
Тостағанда түк қалдырмай тауыс тек.
Бала болып аттанасың далаға…
Дана болып ораласың қалаға…
Сосын сені ойлайды жұрт ауыш деп.
Қала өмірі.
Ит тіршілік тағы да.
Асау мезгіл маза бермей қаныңа.
Шөлдегенде…
Тостағанын ұсынған
Балбал тастар оралады жадыңа.
Түп атасы Алтайдан түрегелген көшпелі түркінің кешегі тарихын қошқар тұмсық тастардан оқитын ақынымыз талай мәрте шылым түтіні қолқаны қапқан сыраханаларда шежірешідей сыр шерткеніне куәдүрміз:
«Жебірей шалы «Тарих Шумерден басталады» дейді. Нұх пайғамбардың прототипі Зиусудраны сомдап, дала мен қала перзенттерінің достығын эпостық сарында баян еткен шумер дегендеріміз кім сонда? Деректер «Алтай жақтан келген көшпелі халық еді» дейді. Тіл ұшында жаңа тұжырым: «Тарих Алтайдан бастау алады».
«Түркі тұлпарының тұяғы қай тарапқа тартпады. Ауыздықпен алысып тұрып Қосөзеннен су ішті. Палестинаның тасты көшелерінде түнгі аспандағы айға қарап кісінеді. Сән-салтанатпен Римге кірді. Кенет түйсікке сәуле түседі. Сен көне гректердің дала перзентін неге кентавр деп атағанын енді түсінгендей боласың. Адам бейнелі, жылқы кеуделі жан. Бәлкім, жылқы жүректі. Дала тарихында нағыз ақын жылқы жүректі болған».
Есенин кейпіндегі ақынның әңгімесін тыңдап отырып, есіңізге еріксіз Сүлейменовтер оралады… «Басқалар маймылдан тараса тараған шығар, қазақ халқы жылқыдан жаратылған».
Сол адамнан зият жануармен тағдырлас ұрпақтың бүгінгі көрер түсі күлдір-күлдір кісінеген арғымақтың үзеңгісіне табанын шірей тіреп, қорамсаққа қол салған бабалар бейнесі ғана ма?! Жасанды шамның жарығымен алдаған өркениетке деген ішкі қыжыл, тәуелсіз ел деп аталатын мемлекетіміздің төл перзенттеріне исінбеуі, әдебиеттегі тұтас бір буынның көше кезіп кетуі қолға қобыз ұстатпай қайтсін. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. «Менен кейін ақындар келеді», — депті. Олар келіп жатыр. Біз нағыз ақындар туралы айтып отырмыз. Ол тағы бүй дейді:
Ақ жаулық пен қара бала қамы үшін,
Найза ұшына тігіп едім жанымды.
Өлді ұяттан жүрегі ояу намысым,
Намысты да жерлейтін жер табылды.
Дүние ауса да, ділі, тілі тазаның
Көтере ұстап көк бөрілі байрағын.
Сені сүйгім келіп еді, қазағым,
Сайтан алғыр, қара енді, қайдамын?
Күрсініс бар, күйреу жоқ, өтеуі бар өкінішсіз шумақтарды оқи отырып, қазіргі жастар поэзиясы жылауық дейтін пікірдің қыжыртпа сөз екеніне көз жетеді. Жоғарыдағы ішкі рухы биік, бекзат жырлардың барлығын ақын жиырма бестің о жақ – бұ жағында жазған екен. Менің пікірім: «тірі ақын өлең жазбай тұруы мүмкін емес», әйтсе де оған енді қалам ұштамай-ақ қойса да болатындай. Ал оған жаңа өлең жаз дейтін немесе жазғандарына сын айтатын ақылмандар әуелі оның жеткен биігіне көтеріліп алсын демекпіз. Ол айтады:
Он ғасыр бұрын туғанда,
Бабамның жолын қуғанда,
Тоғысқан тоғыз тораптың
Таңдай боп бірі тұрғанда,
Бойыңды, ойым, жасырма,
Кім болар едім
Расында?!
Біз айтамыз: Нағыз ақын қай уақытта туса да, көктен берілген қасиетімен қалады, яғни шын ақында өлген күн емес, тек туған күн ғана болады.
Ол айтады: «Ақынның басын ақымақ алды. Батырдың түбіне аңғырт жетті. Дананы дәлдүріш мазақ қылды. Қазақ халқы саяси инквизацияны бастан кешірді. Табиғи даму жолынан ауытқыды. Эпос ерлері екі жарым ғасырға кешігуде. Болашақ эпопеяның кіріспесі трагедиялық сарынмен жазылатындығы өкінішті».
Түнгі аспандай көне сарынға бой ұрған ақын Тәңірден соңғы медет сұрап, салпыншақты барабанды дауылдата соғады. Аузынан ақ көбігі шашыраған бурадай көк тіреген алауды айнала билеп жүр:
Өз елім ғой,
Тұлпар түгіл есегі
Озсыншы деп елеңдеді ес тегі,
Батқан күннің атар таңы бар ғой деп,
Өкінгем жоқ сатқанда да дос мені.
Төзім шіркін болмаса да темірден,
Еш өкінбей өту үшін өмірден,
Қаны қара жауыма да қасқайып,
Қарап тұрдым тауға құмар көңілмен.
Берген Тәңір теңімді де текті ғып,
Ару сүйдім жанға рахат шектіріп.
Шыбығымды қадап кеттім және мен,
Қос алма тау, жатыр дала деп біліп.
Басты қылыш қаққанымен,
Есімім
Талайға әлі сұратады кешірім,
Бес күн жалған арман болды, амал не?
Ешкімге тек тие көрме кесірім.
Бітті бәрі, баяғыдай болмайды,
Өз ісіне жауапсыз жан оңбайды.
Басым ұшты, өкінгем жоқ,
Тек, әттең,
Жендет қолы қалтырады –
Сол қайғы.
Алақандай кітаптың соңғы бетін жаптық. Бұл кітап «Сынған сәуленің шағылысуы» деп аталады. Авторы – Әмірхан Балқыбек. Раушанов айтқандай, оның жырлары бұл қалада «еркін күліп, еркін сөйлейтін» шақ — алда.
Енді сөз кезегін Әуезхан Қодар ағамызға берсек, ол Әмірханға мынандай өлең арнаған екен:
Рухың енді айналады мәтінге,
Енді ұғамыз нені ойладың, айттың не.
Тірі кезде тоз-тоз болған жырларың,
Енді қымбат бола қалар әркімге.
Сені қуды бұл өмірден жиіркеніш,
Талғамы жоқ тұлғаларға жер – кеніш.
Сегіз қиыр шартараптан бір тесік
Табылмай-ақ, кеттің, құлап желкенің.
Ойлап едің әлі болам, толам деп,
Ойламапсын туған жерді молам деп.
Көмді, кетті, естеліктер жазуда
Бар достарың, жақсы жолдас жорам дер.
Жаңылма енді сапарыңнан киелі,
Жетімсіреп сөз де айтар жүйелі,
Жылдан жылға орта кеміп барады,
«Дүр» еліне айналумен жыр елі.