Журнал "ТАМЫР", №40, июль-декабрь 2014 г.

Асылзат Арыстанбек. Баршылық

Ертегіге бергісіз еліміз бар,
Ертегі айтып беретін еріміз бар.
Төркініне келгендей тайраңдайтын,
Талайларға ұсынар төріміз бар.
Кесек-кесек асатын етіміз бар,
Кессең қан да шықпайтын бетіміз бар.
Шетел асып кетсең де шұрқ етпейтін,
Шелектей боп кететін к…міз бар.
Қайда құям демеңіз мұнай да бар,
Қайта туам десеңіз құдай да бар.
Таңға шыдам берсеңіз ару да бар,
Аңға шығам десеңіз құмай да бар.
Ас қыламын десеңіз дəніміз бар,
Мас боламын десеңіз əніміз бар.
Құдайыңнан басқаны менсінбейтін,
Құмырсқаға бергісіз əліміз бар.
Жөн сілтеуді білмейтін биіміз бар,
Жөргекпұлға қараған күйіміз бар.
Қотанға жарытпаған отанымнан,
Жалдап алған жадағай үйіміз бар.
Сатып алам десеңіз баламыз бар,
Жатып алам десеңіз даламыз бар.
Қырық жыл қырғын болса құламайтын,
Қиялдан соғып алған қаламыз бар.
***
Бір минут үнсіздік,
Бір-ақ күн қаралы,
Ал жүрек бəрібір жазықсыз жаралы.
Өтірік- күледі,
Өтірік– билейді,
Ал шындық шашылып, күл болып барады.
Бір минут үнсіздік– мəңгілік үнсіздік,
Билікті жаратқан əу бастан «мінсіз» ғып.
Бос табыт жерледік бордай боп үгіліп,
Моланың басында қаралы гүл сыздық.
Молада ми бар ма миықтан күледі,
Бейітке жерленген боданның күлі еді.
Иланған боламыз имансыз «шындыққа»,
Бір минут үнсіз жұрт бəрін де біледі.
Сұрқия саясат сағымды сындырған,
Жазықсыз халықтың жұлынын жұлдырған.
Моланың басында мəңгілік үнсіздік,
Бос табыт ішінде шындық бар шыңғырған.
Қып-қызыл шындықты бояймыз қараға,
Тұз сеуіп əдейі аузы ашық жараға.
Бір минут үнсіздік ғасырға жалғасқан,
Əлі де үнсізбіз.
Сөйлеуге бола ма?!

***
Жасасын жаңғырық,
Өлетін қаңғырып.
Жасасын дауыстар,
Өлетін қарлығып.
Жасасын күлкілер,
Күл болған ауада.
Жасасын «түлкілер»,
Піл болған қалада.
Жасасын сойқандық,
Саржағал өсектер.
Жасасын сайқалдық,
Салулы төсектер.
Жасасын өтірік,
Сөйлейтін көпіріп.
Жасасын кекірік,
Шығатын өкіріп.
Жасасын пасықтық,
Палаудай бұқтырған.
Жасасын жасықтық,
Жасампаз ықтырған.
Жасасын соқырлар,
Көрсе де көрмейтін.
Жасасын пақырлар,
Ділмарсып сөйлейтін.
Жасасын мылқаулар,
Мыңқ етпес мекерлік.
Жасасын сылтаулар,
Уəделер «шетелдік».
Жасасын өгейлік,
Өзектен тебетін.
Жасасын кедейлік,
Еңсемді езетін.

ҚУЫРШАҚ
Біз бəріміз қуыршақпыз түбінде,
Басқаруға, бағынуға көндіккен.
Қуыршақтар сөйлейді адам тілінде,
Бірақ олар сөйлей алмас өрлікпен.
Қуыршақтар, құлыншақтар қылығы,
Сізге мүмкін көрінеді əдемі.
Ол– кəдімгі саясаттар былығы,
Сайлау алды сабылысқан əлегі.
Сізге, сірə, оны ұғу қиын-ақ,
Нəзік жіппен басқарады нəн күштер.
Бес саусаққа бес қуыршақ киіп ап,
Өз тілінде сөйлетеді əртістер.
Иесі емес ой, қиялдың, сананың,
Түр-тұрпаты аумай қалған өзіңнен,
Жанған оттай жылтылдайды жанарың,
Бірақ ұшқын көрінбейді көзіңнен.
Ауыз да бар, сүп-сүйкімді оймақтай,
Тілге бірақ танытыпты сараңдық.
Саясаттың тереңіне бойлатпай,
Сахнада ойнатады алаң қып.
Шыға алмайсың белгілі бір қалыптан,
Сценарийге бағынасың əуелгі.
Сахнаны биік қойып халықтан,
Тек əртістер басқарады əлемді.
Ұйқыдамыз, сияқтымыз айкезбе,
Ə, айтпақшы, жанымыз бар рухсыз.
Саясаттың сахнасы кей кезде,
Бізбен тіпті ойнауға да құлықсыз.
Көшірмесі ғана сынды тəніміз,
Айтшы өзің «Адаммын!» деп жар сап пе ең?
Олай болса, қуыршақпыз бəріміз,
Бізді біреу басқарады саусақпен.
Қане досым, кіріс енді ісіңе,
Жаратпайды ол жатып ішер жалқауды.
Білек емес, саусағының күші де,
Сені мыжып жіберуге қауқарлы.
Ұнатпаса, ойна, жыла басқаша,
Көрінуі керек мұнда сан қырың.
Сахнадан кете алмайсың ешқашан,
Ол драма – сенің мəңгі тағдырың.

СЕНБЕЙМІН…
Мен енді сенбеймін ешкімге,
Президент періште болса да.
Сыймасам сыймайын бес күнге,
Сол үшін басымды алса да.
Мен енді сенбеймін еліме,
Егіліп тұрса да күлетін.
Сенбеймін жерұйық жеріме,
Жемқорлар тайраңдап жүретін.
Сотқа да сенбеймін сұраншақ,
Пəрмені парамен баттасқан.
Өтірік жүремін ұран сап,
Сыңаймен еліме жақтасқан.
Саған да сенбеймін Отаным,
Отқа да түспеймін сен үшін.
Байысам бəрібір сатамын,
Батыстың киіп ап кебісін.
Ешкімде реніш болмасын,
Мен енді сүймеймін бұл елді.
Халыққа атылған қорғасын,
Сенімнен айырып жіберді.

***
Ей, адамдар!
Сұрамаңдар көйлегімнің бағасын,
Сұрамаңдар көңілімнің наласын,
Жүрегімнің жарасын.
Сұрамаңдар мен тұратын көшені,
Құрылысын үйімнің,
Сұрамаңдар парқын көңіл-күйімнің.
Қызықтырмасын менің күйкі өмірім,
Көшелерден іздемеңдер көлігімнің нөмірін.
Сұрамаңдар тегім менен бегімді,
Тұрмысымды, туысымды, руымды,
Ішетін шай, сусынымды, суымды.
Қызық емес қай ауылдан шыққаным,
Бала кезде кімді үлгі тұтқаным.
Сұрамаңдар бақытымды, бағымды,
Балаларды… бақытсыздау жарымды…
Баға алмаған малымды,
Отырмаған тағымды.
Сұрамаңдар жалақымның көлемін,
Жалақысыз да өмір сүріп келемін.
…Ей, адамдар, сұрамаңдар ештеңе,
Сұрасаңдар, міне, мынау өлеңім!
Өлеңімде менің барлық дерегім.