Ең жақсысы, менің тып-тыныш барып ұйықтағаным еді,бірақ мен өйте алмаймын.
Қолым да біртүрлі, дірілдейтін сияқты .
Себебі, түсініктеме жазып апаруым керек.
Әшейінде маған қандай қағаз болcа да жазу деген түк емес.Бұл өзі мен үшін үйреншікті нәрсе.Аптасына бір рет, дәлірек айтсам, әр жұма сайын, түстен кейін бастығым Гильменге оның берген тапсырмаларын жаза-жаза әбден төселіп алғам.
Бұл жолы қағазды өзімнің атымнан жазуым керек.Міне мәселе қайда.
Мен өзім-өзім іштей: «Алдымен сен бәрін тәптіштеп тұрып, ештеңені қалдырмай, бар оқиғаны
қаз қалпында жазып шық. Сонан соң басқа біреудің көзімен әлгі жазғаныңды жақсылап тұрып тағы бір оқы. Сонда ғана сол қағазды жазған қорқақтың шимайын әділ бағалай аласың.Оның өзінде обьективті бола алар ма екенсің» — деймін.
Сонымен, мен жазуға отырдым. Көбінде менің жұмыс орнымды жоқтатпайтын кішкентай компьютерімді қостым. Маған үйімнің астыңғы қабатынан ыдыс жуатын машинаның дыбысы ғана естіледі.
Әйелім мен бала шағам баяғыда жатып қалды.Балалардың ендігі ұйықтап қалғандарын да жақсы білем, ал,әйелім әй ұйықтай қойған жоқ.Ол мені күтіп жатыр.Бар шындықты өз аузымнан түгел естімейінше тынышталатын емес.Менің енді істі болатынымды, менен айрылып қалатынын білсе де, мойындағысы келмей, қорқып жатыр–ау. Әйелдер мұндай нәрсені бірден сезеді емес пе.Қалайда, мен де оның қасына барып, жайбарақат жата қалатын түрім жоқ. Ол оны жақсы біліп тұр. Ал, дәл қазір менің бар ойым мына түсініктемені тезірек жазып шығып, құтылсам қандай жақсы болар еді.
Бұл жағдайдың егжей тегжейін басынан айтайыншы.
Мені Поль Придо 1995 жылдың бірінші қыркүйегінен бастап жұмысқа алған болатын.Оның алдында мен осылармен бәсекелес бір фирмада жұмыс істегем.Ұсақ -түйек бір нәрселер үшін,атап айтқанда төлейтін ақшаның қағаздары алты ай бойы жиналып, клиенттерге қарыздарын уақытында төлеттіре алмағандығымнан , жұмыста кикілжің болды да, мен шығып кеттім.
Содан бір жылдай үйде жұмыссыз отырдым.
Мені танитын елдің бәрі мені телефоннан жұмыстың хабарын күте-күте жынды болып кететін шығар деп ойлаған көрінеді.Жұмыс іздеушілердің тізіміне жазылып қойғаным рас.
Дегенмен,жұмыссыз қалған кездің де бір пайдасы тиеді екен.Қазір ойласам, сол аралықта бірталай іс тындырып тастаппын.Мысалы,бітпей жатқан үйімді салып бітірдім. Флоранстың көптен бері айтып,істете алмай жүрген шаруасының бәрін жасап бердім.Перделердің карнизін қақтым,түкпірдегі бөлмедегі душты жөндедім. Кішкентай трактор жалдап алып,бақтағы арам шөптің бәрін тазарттым.Үстіне жап- жаңа газон төседім.
Күнде кешке қарай ұлым Лукасты алып қайту үшін оның тәрбиешісіне барам.Жолдан үлкен қызымды да мектептен шығар жерде тосып алам.Үйге келген соң ,мен балаларыма жақсылап тұрып ыстық шоколад жасап берем.Nesquik емес,мұрты бар ағаның суреті бар нағыз шоколад менің дайындайтыным.Сосын олар беті қолын жууға ваннаға барғанда,өздерінің шоколадтан жағалданған беттерін айнадан көріп, мәз болып күлетін.
Маусым айы келіп,кішкентай ұлым әбден шираған соң, енді мадам Ледуға апармай -ақ,бала бақшаға берейік деп шештім. Жұмысқа қалай да шығуым керек болғасын,күндіз -түні тынбай жұмыс іздеуге кірістім.Тамыз айында жұмыс табылып,жолым болды.
Поль Придоға келгенімде бүкіл Шығыс аймақты қамтитын коммерциялық агент етіп алды.Бұл — шошқаның шұжығын жасайтын үлкен кәсіпорын екен.Шұжық жасағанда да,кішігірім емес,кәдімгі масштабы үлкен индустрия.
Придолардың ісінің алға басуына , ерекше адымдап дамуына әсер еткен тағы бір нәрсе- олардың әкесінің jambon*-ды ақ және қызыл түсі әсем үйлесетін ,шақпақ матаға орап қоюуында еді.Сатуға қойған шұжық көз тартып,жайнап тұрады.Әрине,бұл шұжықты арнайы заводта,шошқаның етінен дайындайды.Оны орайтын атақты матасы Қытайдың шаруасының қолынан шығуы да мүмкін.Енді бұған қоса базардың бас- аяғын түгел зерттеп,біліп отырғандардың пікіріне сүйенсек,бұл өнімнің халыққа өте танымал екеніне көз жеткізесіз. Оның үстіне ,кез- келген үй шаруасындағы әйелден ’’ Поль Придо’’ деген сөз сізге таныс па деп сұрасаңыз: «матадағы жамбон» деп ойланбастан сақ еткізеді.Олай емес деп, бірнәрсе айта бастасаңыз, матамен оралған жамбонның шынымен басқа шұжықта болмайтын бір ерекше иісі бар деп,сізбен еш келіспейтін қарсылыққа жолығасыз.
Ендеше,шляпаңызды шешіп ,мойындауыңыз ғана қалады.
Ал, Придоның заводы бар шығындарын алып тастағанның өзінде, отыз бес миллион таза өнім әкеледі екен.
Әдетте, мен аптаның аз дегенде бес күнін қызметтен берген машинаның рулінде өткізем.
Былайғы адамдар жолда көп жүретін жігіттердің басынан небір жағдайлар өтетінін,жүк таситын ауыр машиналарды жүргізетіндердің жолдың қандай қиыншылығын басынан кешіретіндерінен де мүлде хабарсыз.
Тас жолдың бойын бір- біріне ұқсамайтын сапырылысып жатқан екі дүние деуге болады: машинасына мініп қызықтап қыдырып жүргендер және біз сияқты жүргізушілер.
Біздің машинамызбен үйлесіп кеткеніміз соншалықты,баяғыда бас аяғымыз көк темірмен бірігіп ,түсінісіп кеткеміз.
Шап- шағын Clio 1L2- ден бастап, абажадай немістің фураларына дейін бізге өз үйіміздей болып кеткен.Қайсысының ішіне кірсең де біздің иісіміз,біздің шашылып жатқан заттарымыз .Тіпті, отыратын орнымыз да біздің бөксеміздің формасына келіп алғанын көресің.Және бұл бізді еш таңқалдырмайды.Біз,машинадан түспей,үнемі жолда жүріп үйренген адамар, өзімізге ғана түсінікті ережелермен өмір сүреміз.Оны көп адамдар біле де бермейді.
Ал,біздің жол бойында тамақтануымыз да, жейтін тамағымыз да ерекше әңгіме етуге тұрарлық дүние.Мысалы, Шеваль Бланның түнделетіп қона жатып, әрі тамақтанып алуға болатын үйі, жол бойындағы рестолар, Арштың арзан бағамен ас ішуге болатын асханасы алыс жолда жүретіндерге жақсы таныс.Әр асхананың дайындайтын өзіне ғана тән тамақтың түрлері,шарапқа арналған кішкентай кувшиндері,қағаз дастархандары… бәрі таныс.Оған өміріңде енді қайта кездестірмейтін ,жол үстіндегі кездейсоқ таныстарды қосыңыз.
Жүргізушілер өзара жеке қалғанда , жол бойындағы дәмханаларда жұмыс істейтін даяшы қыздардың бөкселерін жол көрсетуші Мишелиннің бөксесінен әлдеқайда артық деп, даяшы қыздарды көбірек жағалайтын.
Жолдың азабы,ұшы- қиыры жоқ трасса, жалғыздық пен жеке қалғанда таусылмайтын ойлар да біздің серігіміз.Және үнемі осы күйіміз қайталанып отыратындықтан, орнын ештеңе толтыра алмайтын бір алаңдаушылықты сезесің де тұрасың.
Осы дүние кейде маған бір- біріне алғызбайтын, бір- біріне көнбейтін барьерден тұратын жол үстіндегі жүргізушілер мен алыс жолға шығудың не екенін білмейтін бейғам жандардан ғана түратын сияқты көрінеді де тұрады.
Ал,менің жұмыстағы міндетім — бастығымның орнына жұмыстың қалай жүріп жатқанын көзіммен көріп, бәрін тексеріп шығу.
Мен өзіме тиесілі аймақты азық -түлікпен қамтамасыз ететін үлкенді -кішілі кәсіпорынның жауапты қызметкерлерімен үнемі бірігіп жұмыс істеймін. Сондықтан,олардың жұмысынан әбден хабардармын.Белгілі бір өнім шығарудың стратегиясын,оны сатудың перспективаларын, сондай ақ ,біздің өнім туралы информация жинауды да бәріміз бірігіп жүзеге асырамыз.
Кейде менің көз алдыма жұмысым бір әдемі қыз сияқты көрінеді,ал, мен ,мен оны қолтықтап алып бара жатқан жігіт сияқтымын.Елдің бәріне оның қандай әдемі екенін,қандай жақсы екенін,қандай адам қызығарлық қылығы бар екенін әдейі көрсін деп алып жүргендей көрінем.Сол қызға лайықты жігіт тауып беруге өзімді міндетті санайтынмын.
«Қызымның» жұмысы елге таныстырумен шектелмейді, енді оны жақсылап орналастыруым керек.Сондықтан, мен сатушыларды сұраққа алып, өз міндеттерін қаншалықты жақсы білетіндерін тексере бастаймын.Сатылатын тауарды жақсы көрінетін жерге қойды ма,біздің өнімнің орнына басқа бір нәрсені сатып жатқан жоқ па,шұжық орайтын мата телевизорда көрсеткендегідей желбіреп тұр ма,паштеттер байырғы фасонмен жасалған қыш ыдыстарға салынды ма, ішек қарыннан жасалған сосискалар өзінің желесінде *тұр ма,шұжықтарды ілгенде, олар ысталып жатқан сияқты әсер беруі керек,сол талап орындалды ма …тағысын тағылар.
Әдетте осындай нәрселерге ешкім мән бермейді, мұны ұсақ- түйек деп есептейді.Шындығына келгенде, Поль Придоны айрықша табысқа жеткізген осы мән бермейтін нәрселердің мұқият орындалуы еді.
Мен табылған жұмысым шошқа өнімдерімен байланысты болған соң,шұжықтармен біржола айналысып кеттім.Әйтпесе,әйелдердің ерін бояғышын немесе бәтеңкенің бауын сатуым да мүмкін еді.Маған ең ұнайтыны — осы жұмыстың арқасында көп адамдармен таныстым, араластым,айтысып тартыстым да.Жақсыны ды, жаманды да, елді де ,жерді де көрдім.Не болса да ,есікті жауып алып, күні бойы офиста бастығым желкемнен қарап отырмайды. Ондай жұмыстан құдай сақтасын, ойласам шошимын.
…Сол күн әлі есімде. 1997 ші жылдың 29- қыркүйегі, дүйсенбі болатын.Әдеттегідей таңертеңгі сағат алтыға он бес минут қалғанда тұрдым.Керек заттарымды әйелім оянып кетіп,сөйлемесін деп ақырын ғана жинап алдым.Тездетіп душқа түстім .Машинама әлі бензин құйылмаған болатын,соны пайдаланып дөңгелегімнің қысымын тексеріп алмақшы болдым.
Жолда тоқтайтын Шеллге келіп, әдеттегідей кофе іштім.Осы бір жерді бар ғой суқаным сүймейді.Жанармайдың иісі мен қант салған кофенің иісі қосылып,ылғи жүрегім айнып, құсқым келеді.
Менің ендігі тоқтайтын жерім Понт Одемерде сағат сегіз жарымда болуым керек еді, ол жерге уақытында келдім. Сосын ,Каррефурдағы қоймада жұмыс істейтіндерге өзім жеткізген жаңа витриналарды жоғары тасуға көмектестім.Әкелгенім — біздің ең үлкен бастықтың келісімімен компанияның жасап шығарған жаңа дүниесі.Сатылатын тағамдардың қай түрін болмасын , көзге түсетіндей көрнекті етіп орналастыратын арнайы мүлік.Қазір қолданысқа ене қоймаған жаңалық .
Ал,екінші рет жұмыс бабымен тоқтайтын жерім — Бур Ашар.Ол жерде сағат онда болуым керек.
Айналаны тұман басып келе жатқан соң,менің көңілім де біртүрлі болып,қобалжығаным есімде. Машинамның жүрісін аздап жылдамдата бастадым.
Жақсылап ойланып барып шешетін шаруаларым бар болған соң,машинаның радиосын өшіріп қойдым.
Мен кездесуге тиіс адаммен болатын әңгімеге іштей әбден дайындалдым.Себебі бізбен бәсекелес компанияның маңызды адамымен сауда операциялары туралы мәселелерді шешуім керек.Әрине,мен үшін бұл өте жауапты жұмыс. Ойланып отырып, Бур Ашарға бұрылатын жерден өтіп кете жаздаппын.Қап деп жалма жан машинамды артқа беріп,қайта бұрылдым да ,жол айырығына түстім.
Түскі сағат бірде телефон соққан әйелімнің дауысы адам танығысыз өзгеріп кеткен:
— Жан Пьер, бұл сенсің ғой,ә?! деді үрейленіп.
— Ол не деген сөзің?
— Құдайым- ай…амансың ба ?
— Неге менің амандығымды сұрап тұрсың?
— Жолда машина апаты болып, көптеген адам қаза тауыпты! Мен болсам сенің қалта телефоныңа екі сағаттан бері звандап, ала алмай жынды болып кете жаздадым.Желісі бос емес деп безілдеп тұр!Екі сағаттан бері мен мұнда стресстен не болғанымды білмей отырмын! Сенің офисіңе кем дегенде он рет телефон соққан шығармын! Құрысын бәрі! Маған бір рет телефон соқсаң қайтер еді,әйтеуір сен де…
— Тұра тұршы не айтып кеттің…қайдағы бірдеңені…не айтқың келіп еді өзі?
— А13- ші жолдағы болған машина апатын айтам. Сен А13 -жолмен өтем деп едің ғой бүгін ,сол жолды басып өткен шығарсың?
— Ал,өттім,қайдағы соқтығыс,қайдағы апат?
— Әй,мен түс көріп тұрған шығармын осы!!! Сен әшейінде күні бойы Франс Инфоны тыңдаушы едің ғой!!! Осы оқиға қазір елдің бәрінің аузында.Телевизорға дейін осыдан басқа ештеңе көрсетпейді! Руанға таяу жерде,бүгін таңертең болған сұмдық аварияны айтам.
…
— Жарайды,мен телефонды қоям,толып жатқан тіршілігім бар…Таңертеңнен бері қолым ештеңкеге бармай,не болғанымды білмей отырмын.Әуелі сенен айрылып,жесір қалдым ба деп ойлап едім.Сені көміп, топырақ салып жатқаным да келді көз алдыма.Маған сенің мамаң да телефон соқты,менің мамам да …Сен таңертеңгісін бір маңызды кездесуім бар деп едің ғой…
— Жоға! Бұл жолы жесір қалмайсың! Сен менің шешемнен құтылуың үшін әлі бірталай жыл шыдауың керек.
— Өзіңнің денің сау емес шығар.
…
…
— Ей Фло…
— Не болды?
— Мен сені сүйемін.
— Өмірі өйтіп айтпаушы едің…
— Неге? Қазір айтып тұрған жоқпын ба?
— Кешке…кездескенше сау бол.Мамаңа телефон соғып хабарлас,әйтпесе уайымдайды.
Үйге келген соң,кешкі жетіде телевизордан соңғы жаңалықтарды көрдім.Шынында да сұмдық!
Сегіз адам қайтыс болған,алпысы жарақат алған.
Адам танығысыз мыжылып кеткен машиналар.
Қанша дейсіз бе?
Елу ма? Жүз ба? Әйтеуір көп.
Аударылып жатқан ауыр машиналар түтіндері будақтап, түгі қалмай өртеніп жатыр.Ондаған, тіпті жүздеген жедел жәрдем көрсететін SAMU*.Ашуланғанынан аузына сөз түспей, айғалап сөйлеп тұрған полиция қызметкері жолдағы машиналардың тым жылдам жүретінін,жолды тұман басатындығы туралы хабар алдын- ала айтылғандығын,әлі де бірталай адамның мүрдесі идентификацияланбай жатқанын жеткізді. Үндемей,тұнжырап жылап тұрған адамдар .
Сағат кешкі сегізде TF1 ден беретін кешкі жаңалықтардың айтқаны да осы жол апаты.Бұл жолы қайтыс болғандардың саны тоғызға жетіпті.
Флоранс маған ас үй жақтан:
— Өшірші болды! Өшір! Одан да менің қасыма кел,- деп дауыстады.
Ас үйде отырып шай іштік.Мен Флоның көңілі үшін қасына келдім, әйтпеспе жүрегім аузыма тығылып тұр.Ішім бір бәлені сезеді.
Енді мен қорқа бастадым.Ештеңе жеуге зауқым да болмады.Қатты соққы алған боксердай теңселдім де қалдым.
Төсекке жатқаныммен ұйықтай алмадым,қасымдағы әйелім мені құшақтап, жайлап жақындай берді.
Түнгі он екіден кейін мен қайтадан залға бардым.Телевизордың дауысын шығармай қостым да,сипалап сигаретімді іздей бастадым.
Ал,түнгі он екі жарымдағы соңғы жаңалықтарды тыңдау үшін,телевизордың дауысын аздап қостым.Жолдың екі жағында бірдей тау болып үйіліп жатқан машиналардың қаңқасынан көзімді ала алмай қалдым.Күл талқаны шығып , әр жерде шашылып жатыр.
Ойпырай,ә…
Мен өзіме- өзім: осы адамдар не деген бассыз еді,сонша асығатын , деп қоям.
Сонан соң экранға бір ауыр машинаның шофері шықты.Оның кигені Le Castellet*- нің футболкасы екені көрініп тұр.Түрі өмірі ұмытылмастай болып есімде қалыпты.
Бұл жігіттің мен залда отырғанымда айтқаны мынау:
— Жарайды,тұман түсіп, жол көрінбей қалды , оны бәріміз білеміз.Соған қарамастан алды- артына қарамай жүйткіп беретіндер бар ғой.Бұл сұмдықтың бәрі болмас еді, егер әлгі бір иттің баласы Бур Ашар жаққа тезірек шығып кету үшін машинасын аяқ астынан тоқтатып, артына жүріп барып, бұрылмағанында.Қараптан- қарап тұрып ,апатқа әкелетін ситуация жасады Мен кабинамнан не болғанын анық көріп отырдым.Менің қасыма ақырындап жылжып келіп, екі машина тоқтады.Онан кейінгілерінің бәрі бір- біріне соқтығысып,екі бүктеліп,мыж мыждары шығып, дымдары қалмады.Маған сенсеңіздер ,сол кезде мен машинамның артқы айнасынан осы сұмдықтан басқа ештеңе көрмедім. Ештеңе.Тек қана үйінділер.Енді үйіңде тып -тыныш ұйықтап жатқан шығарсың,оңбаған!
Ол бұл сөздерді маған қаратып айтты.Маған.
Маған,Жан Пьер Фареге,өзімнің залымдағы жылы мамықтың үстінде жайбарақат отырғанымда айтты.
Бұл кешегі күнгі жаңалықтар.
Ал,бүгін мен барлық газеттерді түк қоймай, түгел сатып алдым.30 қыркүйектегі шыққан Figaro*ның 3- бетіндегі осы хабар мына тақырыппен беріліпті:
АCЫҒЫСТЫҢ АҚЫРЫ АПАТҚА ӘКЕЛДІ
«Бүгін,Бур Ашар жол айырығына қалайда жылдамырақ түсем деп, асығыс келе жатқан жүргізуші, машинасын аяқ астынан тоқтатып,бұрылам деп артына бергендіктен, осы оқиға орын алып отыр. Ол өзінің соңындағы ізін ала келе жатқан машиналардың бір- бірінің үстіне кимелеп келіп,үлкен қақтығысқа ұшырауына әкеліп соқты.Осы А13 жолдағы болған апаттан кеше таңертеңгісін тоғыз адам қайтыс болған.Бұл асығыстық, ең алдымен, Парижге қарай бет алған машиналардың соқтығысуына әкелген.Автоцистернаның аударылуы,айтпаса да,қып қызыл өртке айналғаны түсінікті…»
Parisien*нің 3 — беті былай деп жазыпты:
АСЫҒЫСТЫҚТАН БОЛҒАН АПАТТЫҢ ЖАН ТҮРШІГЕРЛІК АҚЫРЫ
«Алды — артына қарамай,асығыс келе жатқан жүргізушінің ешбір ойланбастан ,соңынан келе жатқан машинаның легіне қарайламастан,қалай болса солай тоқтай қалып,бұрылуы адам сенгісіз ауыр апатқа әкелді.Кеше таңертең, А13 жолда тоғыз адамның денесі ойыншықтай иленіп қалған машиналардың астынан аршып алынған .Полиция қызметкерлерінің айтуынша,олар осы оқиғаға кім, қалай себеп болғанын көрген адамды тапқан.Куә беруші Руанға жиырма километрдей жерде,Бур Ашар жол айырығына тездетіп шығып кетем деп,аяқ астынан кілт тоқтаған машинаның қалай асығыс бұрылып кеткенін, оның соңы үлкен соқтығысқа әкелгенін айтады.Осы машинаны айналып өтем деп, қалған… »
Бұл аз дегендей…:
« Жолда жарақат алып жатқандарға көмекке келем деген екі адам сол жерде, басқа машина қағып қайтыс болған. Екі минутқа жетпейтін уақыттың ішінде жүздеген автомобиль,үш ауыр машина…»
(сол күнгі Llberation*)
Ұзындығы жиырма метрдей болатын шығар,ақ матаға оралған адамдардың денесі жатыр тізіліп.
Біраз уақыт не болғанымды білмедім.Айналамда не болып жатқанын ұмытып қалғандаймын.
Құдайым ай…
Жылай да алмадым.
Флоранс менің қасыма таңертеңгі бесте,залдағы жатқан жеріме келді.
Мен оған бәрін түгел айттым.Бастан- аяқ қалай болғанын түк қалдырмай айттым.
Ол бірталай уақыт екі бетін қолымен жауып,отырған күйі қозғала алмай қалды.
Ауа жетпей,алқынған адамдай ол біресе оң жаққа, біресе сол жаққа бұрылып қармалып қалды да,біраздан соң:
— Ал,мені жақсылап тыңдашы өзің.Ешкімге ештеңе айтпайсың.Егер аузыңды ашсаң,сені адам өлтірді деп айыптап,түрмеден бірақ шығарады.
— Иә,солай болатыны рас.
— Ал,сонда не болады? Не болады деймін? Сен барып мойындағанда не өзгертесің? Болатын іс болды,өлетіні өлд,қаза тапқандар тіпті көп , енді не бітіре аласың?!
Флоранс еңіреп жылап отыр.
— Өзім барып айтуым керек.Мен біттім. Өмірім осымен құритыны рас.
— Сенікі құрыды дейік,ал, балалар не болады! Ешкімге ештеңе айтпайсың! — деп әйелім айқай салды.
Менің айқайлауға да шамам жоқ .
— Балалар дейсің бе? Онда мынаған қара. Жақсылап қара ,- деп мен оның қолына А13- жолдың бойында жылап тұрған баланың суреті бар газетті қолына ұстаттым.
Бір кішкентай ұл бала адам танымастай аударылып жатқан машинаның қасынан өтіп барады.
Бұл сол күнгі газеттегі сурет болатын.
«Соңғы жаңалықтар» деген рубрикамен берілген.
— …Жасы біздің Камиль шамалас сияқты екен,- дедім мен
— Айтпа дедім ғой мен саған,тоқтат енді!!! Осыны айтқан әйелім менің кеудеме жабысып,буындырып тастайтындай менімен алысып әлек болып жүр…
Бұл сұмдықты енді аузыңа алма! Қоясың ба өзің,барып айтам дегенді ,жоқ па?!Мен сенен бір нәрсе сұрайын, жауап берші.Бір- ақ нәрсе.Сенің қарап отырып түрмеге кеткенің кімге керек? Айтшы, не үшін керек?
— Қазаға ұшырағандарды жұбату үшін керек.
Флоранс екі иығын көтере алмай, шығып бара жатты.
Мен оның ваннаға кіріп, есігін ішінен кілттеп алып жатқанын естіп тұрдым.
Міне ,бүгін таңертеңгісін мен оның алдында басым салбырап отырған болатынмын. Ал,кешкісін,үйдің ішіне жым- жырт тыныштық орнағанда ,астыңғы қабаттан ыдыс жуатын машинаның дауысы ғана құлағыма келді…
Өзіме -өзім келе алмай қойдым.
Қазір астына түсем,бір стакан су ішем,сосын баққа барам,темекімді тартам.Онан соң қайтадан жоғарыға шығып, жазғанымның бәрін қайтадан бір рет түгел оқып шығам,егер содан жүгім жеңілдейтін болса.
Қайдам,өзім соған сенбеймін.
Ескертулер: jambon – ерекше технологиямен шошқаның етінен дайындалатын шұжық; желе – мұнда: ішек-қарынның сорпасы; «Figaro», «Parisien»,«Liberation» — Францияда шығатын газеттер.
Француз тілінен аударған Арынова Мария