Журнал "ТАМЫР", №40, июль-декабрь 2014 г.

Берік Аташ. Биофутурологиялық нұсқалар: «Геолидерлердің» ауысуы және неоевгеника(динозаврлар, адамдар, вирустар мысалында)

Онтологиялық тұрғыдан алғанда, жалпы мен жеке қатынасы бойынша, көлемі әр түрлі жүйелер ұйымдасады. Кейбір жүйелер шағын, кейбірі көлемді, ал кейбірі тым ірі болып құрылады. Бірақ олардың ішкі немесе сыртқы болып бөлінуі диалектикалық ұстаным бойынша шартты болып келеді. Егер де жүйе неғұрлым күрделі және ұйымдасқан болған сайын, оның белгілі бір нұсқаларында, «лидері» немесе «субстанциясы» деп те атауға болатын бір орталыққа бағынған, қалғаны иерархиялық қатынас бойынша құрылған тұтастық құрылады. Бірақ, лидер тым жоғарғы кейіпте өзгелерден барынша асқақ тұрады. Мысалы, метагалактикадағы «бір орталық галактика», күн жүйесіндегі геоцентрлік т.б. бастап, атомдардағы ядроға дейінгінің барлығы осы «лидерлік» деп жалпылама атауға болатындай бір субстанцияға келіп тіркелгендей болады. Әрине, бұл жердегі «лидерлік» ұғымымыз саясаттануда қолданылатын «лидерліктен» басқашалау, бірақ біз үшін оның басты сапалары: өз жүйесіндегі элементтерді қатарынан бір уақытта өзіне бағындыруы, сол жүйенің субстанциясын құрауы т.б. негізге алынады. Сондықтан, біз, оның жалпыланған түрі «биоэволюция лидері» немесе «геолидер» деген сияқты мағынада қолданып отырған ұғымды пайдаланғанымызбен, арнайы термин ретінде, әзірге бекітпейміз.
Осындай жеке мен жалпы қатынасынан біз, жер бетіндегі биологиялық-организмдік тіршілік иелерін жеке бір жүйе ретінде бөліп алып қарастыратын боламыз. Нақтырақ айтқанда, жер бетіндегі барлық тіршілік иелерінің қожасы немесе қуаты, мүмкіндігі жағынан бәрінен басым түсетін лидерліктің ауысуына биоэволюция тұрғысынан сараптаулар жүргіземіз және бұл тұста, бихевиоризмдегі «байқап көру-қателесу» қағидасын, Т. Шарденнің «аңдап байқап қарау техникасын» т.б. жалпылап, қарастырып отырған мәселемізге әдіснамалардың бірі ретінде қолданамыз.
Жер бетіндегі миллиондаған жылдарға созылған физикалық күштің қуаттылығы мен оның лидерлікке алып баратын құндылығын, адамзат пайда болғаннан кейін, бірте-бірте Сана алмастырды. Адам өзінің Санасы арқылы тек Жер планетасының ғана емес, барлық тіршіліктің қожасына айнала бастады да, «Планетамыздағының бәрі адам игілігі үшін» деген антропоцентристік көзқарасқа жол ашты. Бұның анық мысалдарының бірі – көне Рухтарға бас ию мен Гректік политеистік сенімнен бастап, авраамдық діндердегі орын алған хайуанаттарды құрбандыққа шалу.

Яғни, Сана адамнан да гөрі биофизиологиялық жағынан қуатты және көлемі жөнінен әлдеқайда ірі – түйе, піл, кит, акула т.б. хайуанаттарды бағындырды, қолға үйретті, қорек ретінде пайдаланды. Бірақ тұтас тіршілік эволюциясындағы физикалық күш пен ақылдың (сана) бәсекелестігі мен ішкі күресі ұзақ жылдарға созылды. Алғашқы қауымдық құрылыс кезінде, адамдар Сана арқылы терімшілдіктен бірте-бірте ірі мамонттарды да аулауға қол жеткізді.
Бұл құбылыстың тұтас, жинақталған, рәмізделген бейнесін Қорқыт ата кітабындағы «Дерсе хан ұлы Бұқаш хан әңгімесінің баяны» жырындағы Бұқаш пен бұқаның күресінен анық байқауға болады: екеуінің текетірес сәтінде Бұқаш ханға бір ой келеді: «Мен оған неге тіреу болып тұрмын, тіреу бағананы алса, там құлайды, олай болса, мен тайқып кетсем ол жығылады»[1,21б.] деген сияқты қарапайым логика арқылы Адам жеңіске жетеді.
Кейіннен органикалық биоэволюциядағы күш пен ақылдың күресі адамзат эволюциясының өз ішіне қарай ауыса бастады. Бұл шындығында, Сана (тек таза өзі) мен Сананы иеленген күш (адам) арасындағы күрес еді. Нақтырақ айтқанда, Баһадүрлер, Алып адамдар мен даналар, мемлекетті басқарушылар т.б. арасындағы күш пен ақылдың бәсекелестігі де ұзақ жылдарға созылды. Осыған байланысты Сана эволюцияда «Ақылмен», «Айламен» «Қулықпен» т.б. толықтырылды да, күштің культі бірте-бірте бәсеңдей берді: «Санасы бар Күшті» «Қулығы бар Сана» өзіне бағындырды.
Осы тұста, эволюцияның бұндай трансформациялары туралы пайымдауларымызды бір ғана мысалмен, «Ер төстік» ертегісін демифологизациялаумен дәйектеп өтуді жөн көрдік. Егер де, «Таусоғар» – күш үстемдік еткен дәуірдің жиынтық бейнесі, «Желаяқ» – индустриалды қоғам, ондағы автокөліктің, поездтың, ұшақтың т.б. тұтастандырылған рәмізі болса, «Саққұлақ» – постиндустиралды қоғамдағы: ақпараттық желілер, ұялы байланыс, микрофон т.б. құрылғылардың тұспалды сипаты, ал «Көлтаусар» – көне дәуірлердегі тым ірі хайуанаттардың образдық келбеті болып табылады деп болжамдай аламыз. Сондықтан, біз, келесі кезекте, геолидерлік мәселесіне қатысты осындай ірі хайуанаттар болмысына-болмыссыздығына қысқаша тоқталып өтеміз.
Биоэволюциядағы қазіргі көкейкесті сұрақтардың бірі – Жер бетін қаптаған, өміршең, қуатты басқа барлық тіршілік иелерінің миллиондаған жылдар бойы лидері болған «Динозаврлар қалай жойылып кетті?». Динозаврлар бірнеше миллиондаған жылдар бойы алып денелері мен қуаттылығы арқылы Планетаның лидері болып, кейіннен Жер бетінен түр ретінде құрып кеткендігі баршаға белгілі. Ол – өзінің лидерлік дәуірінде, саны жағынан көп болғандықтан, тек қана басқа биологиялық тіршілік иелерін ғана емес, арасында шөп қоректілер болғандықтан да, орман, тоғай мен су ресурстарын да тым көп мөлшерде пайдаланған деп болжамдай аламыз. Бұндағы көп мөлшер – қазіргі адамзаттың ресурстарды шектен тыс көп мөлшерде пайдалануы сияқты, «қайта қалпына келу қарқынынан да тезірек» болғандығымен өлшенеді.
Мысалы, ең ірі деп саналатын Сейсмозаврдың (ұзындығы 40 метр, салмағы, 40-80, тіпті 100 тоннаға дейін) жеке біреуіне ғана өмір сүру үшін қаншама азық пен су (Көлтаусар рәмізі) керек екендігін бағамдай беріңіз. Олар тек құрлықта ғана емес, су астында тіршілік етіп, ондағы балықтардың түгелдей жойылып кетуіне де алып келуі ықтимал еді. Мысалы теңіздер мен мұхитта тіршілік еткен, бірнеше миллиондаған жылдар бұрын жойылып кеткен, ұзындығы – 15 метрлік, салмағы – 25 тонналық Лиоплевродонды да атап өтуімізге болады.
Демек, «Жер планетасы бұндай тым ірі тіршілік иелерін бірнеше жылдар бойы асырауға қабілетсіз болған» деген қортынды шығара аламыз. Сондықтан да, динозаврлар эволюцияның заңдылығы («эволюциялық императив» деп те атауымызға болады) бойынша Жер бетінен жойылуы тиіс еді. Бұл – «Жер планетасына бұндай тым ірі лидерлердің қажеті болмады» дегенге келіп саяды, яғни, тиімсіз еді немесе «лидерлікті таңдаудағы қателік» (байқап көру-қателесу бойынша) болған сыңайлы.
Келесі кезекте, эволюциядағы лидерді құру, көлемі одан гөрі шағындау тіршілік иелерін қажет етті. Бұл – адам еді. Әрине, адаммен көлемі жөнінен шамалас, физикалық қуаты мен күші одан да асып түсетін тіршілік иелері болған, қазір де бар. Бірақ, адамға берілген Сана Жердегі лидерлікті алып жүруі үшін тағайындалған тәрізді. Олай болса, «Қазіргі» бірнеше миллионыншы дәуір, кайназой эрасының кейінгі кезеңдері, адамның жердегі лидерлік кезеңі немесе лидерлікке адамның тағайындалуы болып табылады: «Күш-Лидердің» орнына «Сана-Лидер» келді.
Эволюцияның заңдылығы динозавр «болмысын» тұтастай жойып жіберген жоқ. Жалпы болмысы жойылғанмен, біздіңше, олар екі түрлі тәсіл арқылы сақталып қалды: шағындану және тәжірибе ретінде қайта жасақталу. Шағындану – эволюция мен жер планетасындағы ресурстарды үнемдеу үшін пайдалы, әрі тиімді еді. «Во всех областях, когда какая-либо величина достаточно выросла, она резко меняет свой вид, состояние или природу. Кривая меняет направление движения, плоскость переходит в точку, устойчивое рушится, жидкость кипит, яйцо делится на сегменты..»,-деп көлемге байланыстылықты анықтай білген Т.Шарден[2,225б.] оларды лидерлікпен байланыстырмаған болатын
Ғалымдардың зерттеулері бойынша, қазіргі акулалар миллиондаған жылдар бойы бүгінгі көлемінен бірнеше есе үлкен болған екен. Немесе, «Мегалодон» деп атаған өте ірі (16 метрлік, 45 тонналық) акуланың түрі де 2 млн. жыл бұрын жойылып кеткен[3]. Демек, шағындану эволюциясы тек акулаға ғана қатысты емес, басқа да ірі көлемді тіршілік иелерінен тыс емес.
Сонымен қатар, тым ірі болмаса да, адамнан бірнеше есе үлкен және аса қуатты тіршілік иелері қазір де бар: пілдер, киттер, қолтырауындар т.б. Бұларды «динозавр мәнеріндегі тәжірибелік тіршілік иелері» деп атай аламыз. Бұл әсіресе, қолтырауындардан анығырақ байқалады. Бұлардың эволюция тәжірибелері екендігін бұрынғы динозаврлармен пішіні жөнінен ұқсастықтары арқылы ұсына аламыз. Мысалы, бұл тұста, қолтырауын мен Эдафозаврды салыстыруға болады.
«Обитали там большие морские пресмыкающиеся, а среди них самый крупный и тяжелый короткошеий плиозавр — кронозавр из Австралии, который среди ящеров был аналогом современного кашалота»,-деп айтылған[4] пікірлер де осы шағынданудың айғағы іспетті. Демек, динозаврдың лидерлігінің сарқыншақтары сол «лидерлік үлгілер» ретінде «сақталған» сыңайлы.
Келесі кезектегі адам лидерлігі шындығында, бүгінгі таңда адам-табиғат жүйесіндегі қайшылықтарға қарай жетелеп келеді. Бұл жай ғана экологиялық мәселе емес, Планетадағы лидерліктен айрылуға қарай бет түзейтін космогеоэволюциялық үдеріс. Себебі, адам физиологиялық жағынан динозаврдан шағындау болғанмен, жер бетіндегі лидерлік үшін табиғи эволюция алдында қажетсіз болып барады. Басқа да тіршілік иелері мен Жердің ресурстарының табиғи түрде сақталуы мен пайдаланылуына айтарлықтай кедергілер келтіріп, табиғи эволюцияға қайшы келіп отыр. «Адам – Жердің жаңа вирусы» ретінде эволюцияға қайшы болса, екінші бір қырынан оның жауабы ретінде, космологиялық-онтологиялық тұрғыдан келгенде, психоанализге сүйенсек, «әлеуметтік танатос» деп атауға болатындай көңіл-күйді бастан өткізуде. Адамзат өзіне қажетті табиғи ресурстарды белгіленген мөлшерден тыс пайдаланып, онсыз адамзат тіршілік ете алмайтындығын біле тұра, әзірге, тұтыну қарқынын тежейтін түрі жоқ. Бұл – «бейсаналы түрде өзін-өзі жоюдың ұмтылысы ма?» деген өткір сауал туындайды. Әлде, «табиғи эволюцияның өзі адамдарға танатосты бағдарлаған ба?» (запрограммирование) деген де пікір қалыптасады.
Бұдан «Лидерлікке тиімсіз болған Адам келесі кезекте лидерлікті кімге немесе Не-ге тапсырады, сәйкесінше, геоэволюция, келесі кезекте лидерлікке кімді таңдайды» деген сауалды туындата аламыз. Алдымен, «Адам лидерлікті өз еркімен бере ме, әлде, геоэволюция өзі реттей ме?» деген сауалдар қоюымыз қажет. Адамға бүгінгі таңда физиологиялық жағынан жетілген кез-келген хайуанат қауіпті емес, ең қауіптісі – Вирустар (әсіресе зиянды түрлері) болып отыр. Себебі, ол физиологиялық жағынан күресіп жеңетін, әр түрлі атом, ядролық, тіпті, психологиялық қарулармен жаншитын тіршілік иесі емес. Бүгінгі таңда емі табылмайтын аурулар әр түрлі зиянкес вирустар арқылы пайда болуда.
Адам қазіргі медицинаның көмегімен олардың біразын меңгерген, күресе алады. Бірақ, олар сан алуан кейіпте, оңай және тез түрленуге қабілетті екендігі жасырын емес. Тіпті, адамзаттың ақыл-ой санасы жетпейтін, күресе алмайтындай өміршеңдікке ие болуы ықтимал (бұндай беталыс қазірдің өзінде еміс-еміс қылаң беруде). Әрі ықшам, әрі өміршең және табиғи ортаға айтарлықтай зиянын тигізбейтін, оларды құрып кетуден аман алып қала алатын, тез көбеюге бейім вирустардың әлемде әзірге таза аналогы жоқ, дегенмен, оларға улы жәндіктерді де ұқсатуға болады. Бірақ жәндіктер адамның қарапайым физикалық мүмкіндіктері арқылы жеңіске жетуіне барынша қолжетімді болып келеді (әйтеуір қарапайым көзге көрінеді). Бұл беталыстың басқа да тірішілік иелері ғана емес, адамзатты жер бетінен бір сәтте жойып жіберуге қабілеттілігінің моделі – «Вирус-Лидердің» заманын елестетеді. Лидерлікке деген бәсекедегі вирустардың жеңіске жетуі – олардың бүлініп бара жатқан табиғатты реставрациялауға жол ашуымен, түрлене алатын өміршеңдігімен, Күш пен Санадан да үстем бола алатындығымен т.б. келіп шартталады.
Егер де табиғи апаттарды жер бетіндегі адам санын реттеп отыратын эволюциялық қажетті құбылыс деп бағаласақ, соңғы жылдардағы адамның репродуктивтілік мүмкіндіктерінің жойыла бастауы және өркениетті елдердегі бала туу санының кему беталысы да, тіпті классикалық отбасылық өмірдің құлдырауына т.б. дейінгінің барлығы адамның жер бетінен түр ретінде жойылуының табиғи «шаралары» ма деген ой туындайды.
Артта қалған мемлекеттерде бұндай «шаралар» кездеспейді, бірақ оларда вирустардың билік алуына қолайлы мүмкіндіктер орнаған. Олай болса, адам санының өсімі бар елдерде зиянкес вирустар, ал вирустармен күресе алу мүмкіндігі бар мемлекеттерде өсімнің шектелуі қарқынды орын алып келеді. Бұл – адамзат арасындағы экологиялық баланс (теңдік) сияқты болып көрінеді. Осы тұста, жоғарыдағы «Адам лидерлікті өз еркімен бере ме», «Әлеуметтік танатосқа беталыс бар ма?» деген сауалдарға орай, адамзат ойлап тапқан – биологиялық қару «Вирус-Лидерлікке» Адамның Өзі ашып берген жол емес пе екен деген күманды ойларды да туындата аламыз. Себебі, Вирустарды саналы түрде қару ретінде қолдану (егер де оны әлдекімдер құпия түрде әдейі ұйымдастырған болса да) – адамзатқа ерік бермей кететін аса қауіпті құбылысқа алып келетіндігі белгілі жайт.
Біздіңше, әлем халықтарының көпшілігіне ортақ дәу мифологиясы жалпыадамзаттық қауіпсіздік пен үрейден туған. Демифологизацияласақ, дәу – биологиялық жағынан динозавр, мамонттар т.б. рәмізі болса, кейде табиғи апаттар, дүлей дауыл, топан су қаптату арқылы табиғи стихиялардың таза кейпіне ауысады, вирустар көп жағдғайда мифологияда жын-перілер, зиянды рухтар түрінде кейіптеледі. Бірақ, бұның дәу қауіпсіздігінен айырмашылығы тек мифологиялық, фантастикалығынан гөрі, сакральді-мистикалық сипаттан бастап, барынша реалды болуында. Бұндай дүниетаным, әсіресе, рационалдыққа дейінгі шамандық және одан тамыр тартқан басқа да магиялық немесе діни салттарда анық орын алады.
Біз өзіміз ұстанатын болжамдаудың оптимистік және пессимистік бағыттарын көп жағдайда қатар алып жүру қажеттігін ғылым этикасына жатқыздық немесе оны, маңызды құбылыстардың бірі болғандықтан, «футурологтың ғылым этикасы» деп арнайы терминмен атадық. Өйткені құр алармизмге де берілуге болмайды. Сондықтан да, бұндай пессимистік үлгіні біз осы тұста, қайтадан оптимистендіреміз.
Осы тұста, «Перспектива орталығы – адам, сол сәтте ол әлемді құрылымдаушы. Адам ұзақ уақыт бойы ұсынғандай, статикалық орталық емес, эволюцияның шыңы мен осьі» деген сияқты оптимистік ұстанымдарды негізге ала отырып, адам әлемді қалай құрылымдайды деген сияқты сауалдар мен тұжырымдарды[2, 8б.] алғышарттар ретінде қоя аламыз.
Біздіңше, адамзат шамамен осы ХХІ ғасырда, мүмкін ортасына, соңына таман, өзінің мәңгілік болуының қамын қайтадан түбегейлі жаңаша түрде ойлай бастайды. Бұл «жаңаша ойлау» философиялық идеялардан бастау алуы тиіс деп топшылаймыз және ол саяси арнадағыдан мүлде кеңірек «космогеоэволюциялық жаңаша ойлау» болуы тиіс. Сонымен қатар, Ч. Дарвин, Ламарк сынды биолог ғалымдар тұжырымдағандай, ағзалардың табиғи ортаға бейімделуімен қатар, табиғи орта мен ғарыш заңдылығының оларды еріксіз түрде бейімдеуі де болатындығын (мысалы, табиғи сұрыпталу) негізге алсақ, адамның саналы түрде табиғаттың бейімдеуін өзінің бейімделуіне ұштастыруға мол мүмкіндіктері бар екендігін де ұмытпағандығымыз жөн.
Бұл тұста, біз, 1883 жылы Френсис Гальтон ұсынған Евгеника түсінігін және оның позитивті бағытын[5,44б.] негізге аламыз. Бірақ бұл ілімді гуманистік тұрғыдан түбегейлі реконструкциялап, жалпыадамзатқа ортақтандырып, ғылым этикасы тұрғысынан ратификациялап, ең бастысы нәсілдік-гендік немесе әлеуметтік-саяси кемсітушіліктерінен арылтып, «неопозитивті евгеника» деген атау бере отырып ұсынамыз. Нақтырақ айтқанда, бұл ілімнің тек қана «жаңа адам жасау» формасын сақтап қаламыз да, оны қалай қалыптастыру қажеттігі бойынша мазмұнын түбегейлі өзгертеміз және «неопозитивті гуманистік неовгеника» деп те атай отырып, қағидаттарын қысқаша былайша туындата аламыз:
— адамның сыртқы ортаны ғылыми-техникалық құралдармен өзгертуі емес, өзін түбегейлі төңкерістік тұрғыдан қайта құруға, тұтас биопсихофизиологиясын өзгертуіне бағытталады;
— буддизмдегідей, аскетизмдегідей бейтараптылық немесе тек психологиялық ықпал ғана емес, табиғат пен ғарышқа бейімделгіш-икемделгіш белсенді интроспекциялық өзгерту болып табылады;
— бір актімен ғана шектелмейді, қажет кезінде дүркін-дүркін шексіз төңкерістік өзгертумен жалғасып отырады; Бұны Т. Шарденнің «Омега» нүктесімен ұқсастырып барып түсінуге болады (бірақ бір ғана конус емес, адамзат эволюциясында осындай бірнеше конустар түзілімі бар тәрізді).
— адамзаттың мәңгі өміршеңдігін қалайтын табиғи эволюцияның қажеттіліктері мен сұраныстарының ыңғайымен экстенсивті немесе еріксізден, амалсыздан емес, ерікті және интенсивті түрде ғарыштың сұраныстары мен талаптарынан да Асып Түсетіндей деңгейде болады;
— егер де «әлеуметтік танатос» бар деп болжамдасақ, онда «әлеуметтік эрос» та бар болғандықтан, ол өз қуатын имманентті жағдайда осы эростан алуы тиіс.
Қазіргі адамзаттың ерікті-еріксіз түрде «Жердің жаңа вирусы» атануының түпкі себептерінің бірі – адамдардың тұтыну қажеттілігінің қанағатсыздығы, мүмкін, табиғи эволюциямен тағайындалған қажеттіліктерінен ауытқуы деп айта аламыз. Олай болса, осы қажеттіліктерді шектеудің тек қана әлеуметтік-саяси, психологиялық-мәдени ғана емес, биофизиологиялық үлгісін ұсынуымызға болады. Атап айтқанда, Адам болашақта өзінің тәндік биологиялық қажеттіліктерін, оның ішінде, табиғатты тұтыну қажеттіліктерін саналы түрде шектеуге келіп тірелетін тәрізді. Бірақ бұндағы ұстанымдар Рим клубының ойшылдары ұсынған «Өсудің шегімен» емес, керісінше, Өсім арқылы Адам қажеттіліктерінің Өсімін шектеумен астасып жататын болады. Оның бірнеше үлгілерін ұсынуымызға болады. Бір ғана мысал, жоғарыда атап өткендей, биоэволюцияға тоқталатын болсақ, киттер алты ай, қолтырауындар бір жыл, ал өрмекшілер (бүйілер) бірнеше жыл бойы қоректенбей жүре алады екен.
Ендеше, осындай, азықтануды шектейтін, тіпті өте аз мөлшерде тұтынатын үлгі, жалпы алғанда, табиғатта Бар болғандықтан, ол «Адамға да жат емес» деген модель алынады. Нақтырақ айтқанда, адамзат та өзінің қоректену қорлары мен мөлшерін шектеп, оған өзінің ағзасын бейімдеп, жаңа биофизиологиялық болмысын, тұтас табиғатын жасап шығаруға мүмкіндігі бар деген сөз. Бұның шағын ұқсас мысалдары, Ораза ұстаудан бастап, иога өнерінен анық байқалады. Қоректену мөлшерін шектеу абсолютті тежеу емес, ол – табиғи ресурстардың қайта қалпына келу уақытымен баланс құруы арқылы өлшенуі тиіс: «Табиғи Қорларды Тұтыну мен Қалыптасуы балансы» формуласын ұсынамыз.
Осы тұстағы басты қайшылық және болжамымыздың теріске шығарылуы – аштықтан өліп жатқан адамдарға сүйеніледі. Бірақ біздің болжамымыз: ашығудың мөлшеріне, «ас – адамның арқауы» деген сияқты идеологияларға, «жеу туралы» таптаурындық психологиямызға, бірте-бірте экстенсивті жолмен емес, күрт, күтпеген жерден болған аштыққа т.б. байланысты, екінші бір қырынан, «бүгін мүмкін емес нәрсе, ертең шындыққа айналады» ұстанымымен, үшіншіден, адамның әлі де ашыла түсетін немесе пайдаланылмай келе жатқан шексіз мүмкіндіктерімен, төртіншіден, адамның да эволюцияға бейімделген биологиялық тіршілік иесі екендігімен, бесіншіден, техногендік прогресс арқасында заманауи адамдардың бірте-бірте физикалық аз күш жұмсау беталысымен қайта нығайтылады.
Бұл – біз жасақтап келе жатқан «неопозитивті гуманистік неовгениканың» (НГН) бір ғана бағыты, сондай-ақ, алдағы уақытта басқа да бағдарларын ұсынатын боламыз. Бұндай бағдарлардың ұсынылуы – адамзаттың индустриалдыққа дейінгі қоғамға қайта оралмайтындығына және оралғысы да келмейтіндігіне, геосаясаттың (жер үшін талас) өршіп кетпеуінің алдын алуға, негативті антигуманистік евгениканың белең алып кетпеуіне байланысты «болашақтың өзектілігіне» келіп орайласады.
Қорыта айтқанда, тарихи уақыттың жеделдеуіне байланысты ұсынылған бұндай футурологиялық мәселелер мен қатерлерді толғау, түптеп келгенде, адамзаттың қауіпсіздігі үшін және күні ертең-ақ адамзатты ойландыратын Тым Өзекті мәселе болып шығатындығынан туындайды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Қорқыт ата кітабы.-Алматы: Жазушы, 1994.-160 б.
2.Тейяр де Шарден «Феномен человека», М: Наука, 1987.-287с.
3.Klimley, Peter; Ainley, David. Great White Sharks: The Biology of Carcharodon carcharias. -Academic Press, 1996 у.
4.Меловой период. http://www.dinopedia.ru/mel.php
5.Galton F. Inquines Into the Human Faculty L, 1883, p. 44