Журнал "ТАМЫР", №40, июль-декабрь 2014 г.

Серік Ақсұңқарұлы. Тәңірді де мерт қылуға болады

АНТИ-ПОЭЗИЯ-ның атасы Дарвин адамзат үмбетінің түп-төркіні маймылдан тараған дейтін теорияны темір қазық етіп ұстанған тұста екінің бірі, егіздің сыңары күдіктенбей көнген осы пәтуаға қаймықпай қарсы шыққан екі ержүрек адам болды. Оның бірі – Дағыстанның ақыны Расул Ғамзатов. Екіншісі – қазақтың ақыны Жұматай Жақыпбаев. «Үндістанда аңыз етіп айтады: «Ең бірінші пайда болған жылан» – деп. Дағыстанда аңыз етіп айтады: «Ең бірінші пайда болған қыран» – деп. Мен ойлаймын: табиғаттың қолынан, ең бірінші туған – Адам, соңынан, – біреу оның кетті айналып – қыранға, біреуі оның кетті айналып – жыланға». (Р.Ғамзатов). Расул (арабтың пайғамбар деген сөзі) анда-санда бір туатын поэзияның асқақ пайғамбары. Оны жетпіс жыл жер шарының зәре-құтын ұшырған ұлы империяның өзі мойындаған-ды. Сол ұлы ақынның өзі диамат пен истматтан именшектеп, Дарвинге деген өкпесін қыран мен жыланға балап жеткізгенде, Түркі қағанатының бір боздағы қазақша айтса алтыбақан алауыз жұрты түсінбей қала ма деген оймен өлеңін өзге тілде жазып, Алашты ұлы империямен өз тілінде сөйлестірген-ді: «Дарвин не прав, у нас другие гены, друг-друга не убивают обезьяны…».
Қателесті-ау, Дарвин,
Қанымыз біздің бөлек-ті:
Маймылды маймыл бауыздай алмаса керек-ті
Етімді қуырып, жемеші, ей, құртша кеміріп,
Керемет дәм бе ол?
Кетпессің одан семіріп?!
«Крокодил» еді сүйікті менің журналым,
Бетінде оның мысқылдап күліп тұр – жаным.
Дегенмен…
Күнде өзегімді өртеп жырларым, –
Бабамның маймыл болмағанына ырзамын!!!
Күні кеше ғана қасымызда, қатарымызда жүргенде келмеске кеткен көне түркі дүниесінің уытты рухы бойына дарыған Жұматай ақынды танымай, түсінбей қалуымыздың басты себебі – біздің қазақшылдығымыз емес, нағыз шынайы қазақ бола алмағандығымыз еді. Ататегі де, анатегі де – асыл, аталы сөзге тоқтайтын жұрт та осы еді. Аузымен құс тістеген Жұматай сынды ақындары қырықтың қырқасынан аспай, қыршынынан қиылып жатса, бұған қазақ халқы емес, үш жүз жылғы бодандықтан бордай тозған тобыр кінәлі.

Осы тобырдың ұлы Абай ашына шенеген арамза пиғылы, асылық мінез-құлқы Абылай дүниеден көшіп, патшалық Ресейдің сайқал саясаты қаһарына мінген тұста қарақұртша балалап, коммунистік отаршылдықтың тұсында тіпті ие бермей кетті. Ахмет пен Міржақып, Мағжан мен Сәкен, Қасым мен Мұқағалилар осы кезде мерт болды да, Жұматайлар осы кезде дүниеге келді. Осы кезде туғанмен, осы кезде өлетінін өзі іштей жақсы біліп, Абайдың тұсында Алашқа тән қан тамырлары суала бастаған қазақтың ана тілінде азалы жырын айта жөнелді. Бірақ оны қазақтық, халықтық кескін-келбетінен айрылып, Мәңгүрттің бейдауа бейнесіне түскен тобыр түсінген жоқ. Адамды – албасты, ұлтты – құбыжық, халықты тобырға айналдыру үшін оған сойқан соғыс жариялап, қанын суша ағызудың қажеті шамалы. Ана тілінен айырсаң, жетіп жатыр екен!
Қазақ – кеңес поэзиясы (егер оны поэзия деуге болса) демьянбедныйшыл, маяковскийшіл мақамға түсіп алып, халықтың бәйгеге қосқан тұлпары озбай, тобырдың тұғыры көмбеден күнде көрініп жатқанда, Жұматай Жақыпбаев ешкімге еліктеп-солықтамай өзегіндегі өз сөзін айтып кетті. 1975 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Көктем тынысы» жинағына қырық шамалы жас ақынның өлеңі жарияланды. Жұматаймен бірге менің де топтамам осы кітапта жарыққа шыққан еді. Мен оны өзіммен құралыптас шығар деп жүрсем, ол менен бес жас үлкен екен. Жұматаймен алғаш 1988 жылы Алматыда таныстым. «Жоңғар Алатауынан бір ақын келіпті. Ләйлә дейтін аруға ғашық екен. Сол қызға арнаған жүз шамалы өлеңі бар екен деседі. Өзі де жігіттің сұлтаны көрінеді. Сәкен сынды сұлу да, маңғаз. Мағжан сықылды терең де, жұмбақ деседі. Жұматайды тұңғыш көргенде елдің айтқанының шынайы шындық екеніне көзім жетті. Атан түйе сықылды алшаң-алшаң басады. Артық ауыз сөз жоқ. Жымиып қойып сөйлегенде аузынан бал тамғандай. Адам баласынан айылын жимай көшеде жүру ережелерін бұзып жүретін Мұқағали ағасы құсап, бұл да өзін емін-еркін ұстайды. «Жалын» альманахында поэзия бөлімін басқарады екен. Тұмағаң (Т.Молдғалиев) қолқа салып, Талдықорғаннан астанаға шақырып алыпты. Алматыдағы талантты жас ақын атаулы Жұматайдың маңында. Мұның алдында тірі классик болып, бізге мұрнын шүйіріп қарайтындардың жүні жығылып қалған. Сондай бір іштар ақынсымаққа Жұматай айтыпты-мыс деген бір өлеңді ел ауыздан ауыз қағып әкетіп жүр: «Ілеспесін біледі көшке өлеңі, құм беттеніп, күн көрмей өскен өңі, – шала өлеңші болады – шала сыншы, шала емеске сол шата өш келеді…».
Жұматайдың Алматыға келуі жыр сүйер қауымға бір оқиға болды. Тайқы мен таланттың, өлеңші мен ақынның ара жігін айыратын заман келе жатқандай. Баспадан бір кітабы шықпай жатып, бірнеше дәлдүріштің зәре-құтын алуға болатынын біздің ұлттық әдебиетімізде алғаш рет осы Жұматай дәлелдеп кетті.
Ұлы Түрік Қағанатының ежелгі бір бұтағы қазақ халқының бойындағы бүгінгі көзі тірі ұрпағы көз жазып қалған ұлылық мен сұлулықты тап басып тану үшін Жұматайды оқу керек. Түркі дүниесінің кереметі мен кемелін Жұматайға дейін ұлы Мағжан ғана тереңнен толғаған еді.
«Саратан айы. Сарала тауда. Салқын қыр, Саралатауға жұғып тұр кешкі жақын нұр. Жалқын нұр жұққан ақ үйдің жаны, аузына, жаулығын бүркеп,жалтаңдай қарап жарқын жүр. Жаутаң көз ару құрбақан құлын мүшелі, өндірдей ұлдың өңінде көрген түсі еді. Сөзіме менің сақылдай қатса ішегі, аузынан лекіп алқызыл гүлдер түседі»… Бұл — кім? Дүние жүзінен қолына шырақ ұстап іздесең де кездестіре алмайтын, тек біздің елде ғана бар ару-қазақ қызы!
«Cуалтты бір дерт жыр, үні суалмас ұртын, Мәжүнінді мұндай ешқандай туа алмас ұлтың. Айкүмістерді алты орап, алатын сұлу – көршінің қызы-ай, ондай жан туар ма, шіркін? Дірілдер бір сәт туды кеп бұл ерінге де, өлген жоқ, – тірі, үзеді күдерін неге? Қыза келгенде: «Қызыңды… Сталин… Деген, бөркімен кірген еді-ау ол Кремльге де. Бұл – кім? Жүзге келгенде грузин сұлуына ғашық болған, ежелгі Үйсін тайпасының соңғы тұяғы, қазақтың ғажайып ақыны Жамбыл!
«Қалай, – деп ағам?» – Қарадым аспанға кілең, Бағасын жұлдыз көрсетті бас бармағымен. Қасоққа әкеп береді балық пен суын, Іле өзені Қытайдан басталғанымен. Ағам да – сондай, Алысты жақынға балап, қақтырған біздің намыс пен ақылға қанат… Әр елдің өзін-өзіне білгізер ері, бағы да туса, қуанып мұңды жыр елі, Байбақты Сырым батыр да батасын беріп, Кене-ағаң күрең арғымақ мінгізер еді». Бұл – кім? Бүкіл жұмбақ бітімін мұхиттың түбіне жасырып, су бетінде айсберг тұлғасы ғана көрініп тұрған ақын Олжас (Сүлейменов), Өзіңіз бүгінге дейін қазақшасы шамалы, жат жұрттың емшегін еміп, қазағын онша түсінбейді деп ағаш аттың басына міңгізіп жүрген Олжасымыз! Бірақ, Қытайдан басталған Іле өзені балығы мен суын Алашқа әкеп бергендей, Олжас та тұла бойындағы әуелі қазаққа, соңсоң – адамзатқа беретінін Жұматай түсінді. Көпшілігіміз әлі түсіне алмай жүрміз. Бұл да болса үш жүз жылдық отаршылдықтың лаңы. Өзінің өзегінен шыққан өр сипат, өзгеше бітімді ұлыңды өз қолыңмен өңменінен итеріп, өзгеге тели салу да – өз анасын өгей көретін мәңгүрттің тірлігіне ұқсас нәрсе. Содан болар, Жұматай поэзиясы мұң мен шерге толы: «Көзіме келіп тигендей жасынның ұшы, ашылды сырым, қайсардың басылды мысы. Қыңқылдап үрген, ұлыған үндерге толды, ию да қию иттіргі басымның іші… Ғашықтық тәмам болды ма, еркелік тәмам? Қарардай әлем сен құсап жеркеніп маған. Намыс пен мұңнан Мысырға халифа болған Абақ Қыпшақтай ызадан өртеніп барам!».
«Менің қалған өмірбаяным өлеңдерімде» – депті Сергей Есенин. Ақынның өмірі өлеңі. Оның қалған тірлігінің бәрі жалған, жұмыр басты пенденің кім екендігін істеген ісі мен сөйлеген сөзіне қарап бағалауға болғанмен, ақынды пенде баласын өлшей беретін безбенге салуға болмайды. Күрделі дифференциялық есептерді шығаратын математиктердің көбейту таблицасын біле бермейтіні секілді, адамзаттың асқақ мұратын толғаған ақындардың жердің құрты ғұрлы тіршілік етудің қарапайым заңдарын біле бермеуі мүмкін. Өйткені ол тіршілік атаулыға жерден, топырақтан қарау үшін емес, аспаннан көз жіберу үшін туған бөлекше қоғамдық тұлға. Ақыл-есі түзу адам баласы Англяны корольдер елі емес, Шекспир елі, Ресейді патшалар жұрты емес, -Пушкиннің атамекені дейтіні содан!
Жұматайдың кім екендігін өзге ешкім емес, өзі айтсын: «Қалмайын деп мынау өмір көшінен, Жастай зерек ғажайып күй кешіп ем. Жан адамнан жасқанбай һәм жасымай, Құнанбаев Оспан құсап өсіп ем. Гүлді көрдім, нұрды көрдім күнгейден, кең дүние ұланғайыр жыр ғой кен. Жақсы тауда жайсаң болып өсіп ем, жамандардың бар екенін білмей мен. Түзу жүрдім, түзу ғұмыр кештім де, Биік болдым, биік тауда өстім де. Жапондардың даяшысы секілді, мен иіліп бүгілгем жоқ ешкімге. Қай баланы беделіммен жасқаппын, қай баланы назардан тыс тастаппын? Сәкен жайлы ұлы Мұхтар айтқандай, асқақ болсам – мен еліммен асқақпын!».
Ол жазғышы көптің бәрі – жазушы, айтқысы келгеннің бәрі – ақын болған елде ғұмыр кешті. Біздегі жазушылардың ұзын саны 700-ден асып жығылады. Ақыл-оймен әлемді тәнті етіп отырған Жапонияның өзінде мұндай қаламгер жоқ көрінеді: «Тууы да – үн, Моцарттың құруы да – үн, Татып көрсең ол ішкен бір уынан. Сальери –дарынсыздар тайпасының ең итжанды, ең надан руынан. Мына өмірден Моцарттың кеткені ме, күндіз-түні қызмет етпеді ме? Сальеридің жасы не, кәрісі не, Сальеридің шені не, шекпені не?! Мені де бір көріңдер адамша ұғып, Ақ пен қара біткен жоқ әлі аршылып. Мен Моцартқа үргем жоқ, кіжінгем жоқ, мен Моцарттан көргем жоқ жаманшылық…Нұрлы мұңмен ежелгі жолдастаймын, туа қоймас басыма болмастай күн. Моцарт туған ауданға басымды иіп, Моцарт түскен ауылды қорғаштаймын». Абайдың арқасына ащы таяқ ойнатып, Біржан салды жынды деп байлап тастау, Иманжүсіпті жер аударып, Мағжандарды ажал оғына ұстап, Қасымдарды үйсіз-күйсіз қаңғыртып, Мұқағалидың соңынан шам алып түсіп, Жұматайларды қасақана елемеу, қазақтық төркін жұртын мүлде ұмытып, мәңгүртке айналған қара тобырдың қаракеті еді. Осы ақын өлтіру ойынының қашан тоқтайтыны әлі белгісіз: «Ойнайды заман сойылы – ақын өлтіру ойыны! Заңын да салып соңына, жарын да салып соңына, көріне даусын жеткізбей, еліне даусын жеткізбей, аузымен мұрынын тығындап, сыртынан сұмдар сыбырлап, жас бала демей қарбытып, баспана бермей қаңғытып, ойнайды заман сойылы – ақын өлтіру ойыны! Тойласын соңғы жеңісін, солардың жері кеңісін. Өлтірмей құдай жөнімен, ойнап жүр енді менімен..» деген Жұматай өз ажалынан өлген жоқ – мерт болды!