Серік Қалиев. Өлеңдері

Серік Қалиев

1972 жылы Семей облысы Ақсуат ауданында дүниеге келген. Алматыдағы республикалық қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын №2 мектеп-интернаттың түлегі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. ҚазҰУ-дің Студенттер клубының директоры, Қазақ радиосында бөлім бастығы, «Атамұра» корпорациясының аға редакторы қызметтерін атқарған. «Толқыннан толқын туады», «Жас ақындар антологиясы» т.б.жыр жинақтарына өлеңдері енген. ҚР Мәдениет қайраткері. Жақында «Уақыт керуені» жыр кітабы шыққан.

КӨК БӨРІНІҢ ҰРПАҒЫ

Өз жарасын өзі жалап емдеген.
Көк бөрінің ұрпағымын мен деген.
Үр қызын – күң, өр ұлдарын – құл қылмай,
Күлтегін боп дұшпанымды жеңген ем.

Жұрттан бұрын танып кеткен тәңірін,
Шаттығы – жыр, күйі – тарих, әні – мұң.
Көк бөрілер еш бұйрыққа көнбеген,
Мойынсұнған бір Алланың әмірін.

Пір тұтумен, жасамайтын жоққа ырым,
Түсінгендей тылсым дүние, көк тілін.
Көк бөрідей күн кешумен келемін,
Сездірмейтін аштығы мен тоқтығын.

Ұлып түнде айға аузын ашқандай,
Өткір көзі отты жалын шашқанда.
Бұралқы итін айтақтайды пенделер,
Көк бөрінің иесі тек аспанда.

***
Сары ауыз менің қос балапаным,
Ертеңгі келер шағыңа алаңмын.
Гүлдерім әлі бос сабақтарың,
Қатпаған нәзік қабырғаларың.

Сендер деп ұшып, қам қылып қарап,
Қыранмен көкте жем іздеп жүрген.
Мен үшін де әкем талдырып қанат,
Жыласам анам емізген жырмен.

Ақсарбас атап, ән құрап келем,
Ашылар аппақ жолдарың үшін.
Бұлттарды қуып жаңбыр әкелем,
Қос гүлім менің солмауы үшін.

Қуатын бойға талшық қып жеткен,
Қонбайды шыңнан басқаға қыран.
Сендер мұңайсаң, шаншылып көктен,
Өзімді-өзім тасқа батырам.
***

Аңсаймын аласұрып,
Сартап боп сағынышым.
Қоңыр күз. Қара суық,
Өртенген жалын ішім.

Сездіріп күз демімен
Таратқан салқындығын.
Көшедегі іздедім мен
Жанардан жаздың гүлін.

Жерде шық, жамалар сыз,
Сұр бұлтқа күн тығылған.
Сәулесі тамады әлсіз,
Бұлттардың жыртығынан.

Көктемнің нұрын күттім
Қарашадан «ақымақтай».
Дірілдеп тұр үмітім
Ең соңғы жапырақтай

***

О дүние, бұ дүниенің шетіменен,
Боздап кетіп барады жетім өлең.
Іздейсің аспан мен жер ортасынан
Шындығыңды туа сап шетінеген.

Тасыр заман тезімен иіп күшті,
Қанатымның жартысын қиып түсті.
Жүрегімнің уақыт жарасына,
У қылып құя салды күйікті ішкі.

Түн жұтып үмітімді ай құлақты,
Жаныма жаһандағы қайғы батты.
Құлақ орны тас біткен бұл қоғамда,
Айтасың қай арманды, қай мұратты…

Шыңырауға лақтырсам күдікті үстем,
Әзәзіл ой жұтынып ұлыпты іштен.
Сұр көлеңке аңдиды қақшу үшін,
Күн сәулесін аспаннан күліп түскен.

***

Мен жуып тауысамын қай күнәні,
Азайған жоқ жүректе қайғым әлі.
Менің әкем өмірден қайтқан күні
Аспанымнан шытынап Ай құлады.

Түсіме енсең сол баяғы кейпіңде,
Ал,мен өксіп оянушы ем кей түнде.
Құлаған Ай жерге түскен шытынап,
Жарты Ай болып қадалып тұр бейітіңде.

Асыл әке, жарық шашқан өз айым,
Көңіліме қонақтап жүр тез уайым.
Ерін сайлап,өріп жүрмін қамшысын,
Сен көрмеген немерең бар КӨЗАЙЫМ.

Әкемнің ері

Алты алашқа даңқы кеткен мақтаулы,
Бір тұлпарым болмаса да баптаулы.
Үйімде әлі үйір жылқы айдаған
Әкемнің ер-тоқымы сақтаулы.

Аттан түстім,
Заман жатыр ұсақтап.
Көкірегімді сансыз сауал пышақтап.
Ақан құсап егілемін, дүние-ай,
Құлагердің ерін қалған құшақтап.

Тұлпар мінген бабалардың дерегі
Әкем күтіп ұстаған бұл ер еді.
Қараша үйден аттанғалы қара шал,
Енді ешкімге болмай қалды керегі.

Әкем менің жан емес-ті әйгілі,
Ат үстінде асқан бірақ айбыны.
Бұл жәдігер көзіндей сол әкемнің,
Ұрпағына қалған қымбат байлығы.

Ат мінбеген бағалар ма ер құнын,
Көңілімді боздатады шер-мұңым.
Жолатпайтын жастап жатсаң жыланды,
Тоқымына сіңген иіс тер бұрын.

Сыйласына қонақ болып төрлеген,
Біздің қазақ тарылып еш көрмеген.
Қалап келген арғымағын берсе де,
Үстіндегі ер-тоқымын бермеген.

Жүген салып, жарауы сай күреңге,
Баһадүрдей бір қонармын бұл ерге.
Тарпаң мінез керек мынау заманда,
Қойдан жуас қазақ дейтін ұлы елге.

Қазы жалтаң, би айнығыш шағынар,
Қоғамда есек бәйге алады бағы бар.
Темір мінген, темір мінез адамды,
Темір жұтып бара жатыр қағы бар.

Кешір, әке, сақтағанмен мұраны,
Ұлыңның да қала болды тұрағы.
Ерді көрсем дарқан дала елестеп,
Тұлпар мініп жарысқым кеп тұрады.

***

Қабырғада сығырайып сұр сағат,
Тірлігімнің секундтарын тұр санап.
Өмір де бір, көңіл де бұл мезгілдей,
Жапырағы қуаратын гүл сабақ.

Тұрақ тауып жер дейтұғын кең шардан,
Күлік болар күрең тайға ен салғам.
Бақыт деген мүмкін осы тағдырым,
Бәсіре ғып өлең атты енші алған.

Нені күтем,
Неге күтем жол қарап,
Қонатындай адасып кеп қолға бақ.
Жұлдыз болып ағып бара жатырмын
Уақыттың жанарынан сорғалап.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *