Мартин ХАЙДЕГГГЕР. ӨЛЕҢ. Аударған Әуезхан ҚОДАР

Өлең туралы айту дегеніміз оның үстінде болу, демек, өлеңнің өзінен сырт тұру.
Қай қабілет, қай білім арқылы мұндай нәрсе жүзеге асады? Осы екеуінің біреуі де жоқ. Сондықтан өлең туралы айтуға талпыну өз-өзіңді асыра бағалаумен тең. Басқаша қалай болады?
Одан гөрі біз тек оның Өзгешелігі жөнінде, оның жатқан іргетасы жөнінде сөйлегенде ғана өлең туралы сөйлеудің мүмкіндігі қалады.
Ол үшін біз өлеңді қабылдай алсақ жеткілікті, ол бізге таныс болуға тиіс. Алайда іс жөнінде дастан немесе жырмен тек ақын ғана таныс. Өлең қалыбына сәйкес ол туралы тек ақындық әңгіме ғана айта алады. Онда ақын өлеңнің үстінен емес және өлең арқылы сөйлемейді. Ол өлеңнің өзгешелігін жаратады.
Алайда ол оны поэзияның өз борыш-міндетінен және тек оның өзінен жаратқанда ғана, онымен кездеседі.
Жалғыз ғана бір ерекше, тіпті, жұмбақ деуге болатын ақын бар. Оның аты – Гёльдерлин.
Бізге сөзі жетпеген, біздің тас-талқанымызды шығармаған, бізді ойсырата жеңе алмаған, әлдеде бізге жақын болатын түрі жоқ тек қана сол сияқты.
Гёльдерлин поэзиясында біз өлеңді ақынша өзімізден өткіземіз.
“Өлең” деген сөз оның екі мәнділігін көрсететін сөз.
“Өлең” туралы ойлағанда, әңгіме жалпы жыр жөнінде, өлең ұғымы жөнінде, әлем әдебиетіне жататын барлық өлеңдерге қатысты сияқты.
“Өлең” – бірақ ол, сонымен бірге, тағдырша бізге қатысты болғасын, өзіне біздің назарымызды аударған айырықша жыр болуы мүмкін, өйткені ол біз үшін тірлік етеді, біздің тағдырымызға ықпал етеді. Міне, біз соның ішінде, бұл туралы білсек те, білмесек те, оның ішіне кіруге дайынбыз ба, жоқ па, бәріне шыдаймыз.

Гёльдерлиннің жаратылысына, демек, өлеңдерінің өзгешелігіне, яки жалқылығына байланысты ақын болғаны жөнінде бізге “Ақын борыш- міндеті” (Dichterberuf), “Ақын рухы” (Dichtermuth) сынды өлеңдердің атауы мегзейді және өздерінің түрлі нұсқасындағы осы өлеңдер.
Сонымен қатар, Гёльдерлиннің ақындық ой машығы мақалалар және жазбалар түрінде көрінеді: «Ақындық Рухтың ықпал ету тәсілдері жөнінде», «Ақындық шығармашылық түрлерінің айырмашылығы жөнінде», «Парфяндар ақыншылығы жөнінде»; ақындық көзқарастан туындап ол одан да кеңірек ол аударған Софокл трагедияларында, «Эдипке», «Антигонаға» жасалған түсініктемелерінде көрінеді.
Оның өлеңдерінің тәжірибесі мен өзгешелігі өз-өзіне негізделген осы мақалалар мен түсініктемелерінде көрініс тапқан.
Гёльдерлин негізін қалаған өзінің қорғансыз және көбінесе қорқақтау мінезі өзіндік өлең шығару тәсілін шығарған, бұл жөнінде ол «Нан мен шарап» элегиясының үшінші шумағында айтқан. Ол оны өзінің досы Хайнцқа арнап, былай ұран тастайды:

…Кеттік кәні! Біздегі ашық нәрсеге еріп,
Біз өзіміздікін іздейміз, ол да сондай алыс.

…Әркімге осылай өзінікі тиесілі,
Әркім өзі бола алатын жерде тұр.

Өз өлеңдерінің «Өзінікін» бұл ақын ойламаған. Бұл оның үлесінде емес. Ол өкімге көнді де, атойға ерді. Гёльдерлин соларды атаумен болады бұл өлеңнің бір нұсқасында.
Гёльдерлиннің ақындық шығармашылығында және оның қолжазба мұрасында бұл нұсқаларға байланысты бір айырықша жағдай бар. Кейде оның сөздері мен сөйлемдерінде оның өлеңдерінің ерекшелігін көрсететін шартта-шұрт және аса терең тұңғиық ойлары бар. «Нан мен шараптың» 45/46 жодарында былай делінеді:

Уақытқа ұмтыл! – киелі ақындардың атойы,
Олар осылай Ұлы Тағдырдың алдында қызмет етіп келе жатады.

“Уақытқа ұмтыл!”. Ең алдымен атойлаған ақын өз сөзінде қай уақыт туралы айтады? Қай Тағдыр ұлы болуда? Гёльдерлин өзі бұрын «Мнемозина» өлеңінде әңгіме еткен уақыт жөнінде айтады.

Ұзақ /Уақыт.

Біз қаншама ұзақ? – деп сауалдаймыз. Ұзақтығы сонша, ол біздің қазіргі тәңірлерден айырылған заманға жеткен. Соған сәйкес бұл уақыттың ұзақтығы ақынның заманынан бұрын айтылған сөзі барлық күтілер нәрседен қаншама ұзақ болса, соншама ұзақ болуға тиіс. Ол “Ұлы Тағдырды” шақыруға тиіс. Ол қазіргі тәңірлердің келуін жаратуға тиіс.
Алайда “қазіргілік” болған соң, олар әлдеде әлі келуге тиіспе? Тек қана “келудің” еш мағынасы жоқ: келгендер одан бұрын тірлік етеді, бірақ ерте келудің оқиғасы ретінде. Осылайша келгендер өздерін келуге жақындаудың бір өзгешелігінде көрсетеді. Осы келуінде олар ақынға қатысты өзгеше түрде қазіргі болады: келушілер қазіргі шақтың тәңірлері. Осы шаққа осылайша келушілер, әрине, қайта оралған және бір кезде қашып құтылған грек тәңірлері емес, олар Гёльдерлинше қашып кеткендер ретінде, сонымен бірге, ерекше бір түрде қазіргілер боп қалып, ақынға ашылса да. «Германия» жырының екінші шумағы былай дейді:

Қашқын тәңірлер! Сендер де, сендер де қазір тірлік етесіңдер,
Өйткені ол кезде сіздер, өз мерзімдеріңізде де ақтық жолын ұстандыңыздар!

Ол кездерде де адал замандастар құрымаған еді, жойылмаған еді, жәй ғана кетіп қалған болатын.
Қазіргі заманның тәңірлерінің келуі, сонымен, көне құдайлардың қайта оралуы емес. Гёльдерлин ақын ретінде өз тәжірибесінен откерген келу жөнінде «Нан мен шарап» элегиясының өзге бір нұсқасы дәлірек айтады:

Бұл келу жөніндегі сөз ұзақ және қиын,
Бірақ сәтті сәт. Аспан нөкерлері –
Жер Білгіштері, олардың қадамы Адамдар тұңғиығының алдында.

Бұл мәтінді бізге көмек деп қабылдауымыз керек, бұл өлеңнің ерекшелігін өзіміз сезіну үшін, біз Гёльдерлин үлесіне бұйырған нәрсені жақсы түсіндіріп, ойға сіңіре аламыз. Алайда ол енді қатерлі бір сезік әкелуде, қиындық тудыратын, сондықтан біз ақынның өзге сөзін таңдауымыз керек. Бұл Гёльдерлиннің өлеңдеріне қатысты, оның тағдырының барлық тығыз қатпарларына қатысты біздің сауалдан туындаған. Ақынның бұл ойы келесі тағыда бір нұсқада көрінеді, дәлірек айтқанда, «Архипелаг» жырының кейінгі бір түрінде:

Қазіргі тәңірлердің жақын болатыны соншалық,
Мен, олар түнергендей бұлттарда жасырынып, алыста деп санауға тиіспін,
Таң жарқ етіп атқаннан бұрын, бесінде бүкіл өмір алаулағаннан бұрын
Мен олардың аттарымен болуға тиіспін.
Ақын өзінікін алу үшін мен оларды ақырын шақырамын,
Ал аспани жарық төмен төгілгенде,
Мен өткендер туралы ойлаймын да, айтамын – бәрі де бұрынғыдай гүлденуде.

Гёльдерлин “өзінікін” алғанда ғана, оған бұлтарусыз борыш-міндеті сыйға тартылады, ол шығармаларының ақынына айналады. Дәл осы ерекшелік жөнінде біз сауалдап отырмыз. Біз өзімізге төмендегі сауалдарды жібергенде ғана, ол оларды өзінен откізуге қабілетті болады: Ақын үшін “өзінікі” деген не? Онда қандай қасиет бар? Ол жауап алу үшін қайда баруы керек? Жауап қайдан келеді? Ол қай тәсілмен мәжбүрленеді?

Қазіргі тәңірлердің жақын болатыны соншалық,
Мен, олар түнергендей бұлттарда жасырынып, алыста деп санауға тиіспін,
Мен олардың аттарымен болуға тиіспін…

Біз “тиістілік” (muß) мәні бар сөзді екі рет естиміз. Бірі – екінші жолдың басында, екіншісі – үшінші жолдың басында. Бір “тиістілік” қазіргі тәңірлердің келуіне қатысты. Екінші “тиістілік” ақынның қазіргі тәңірлерді атауына қатысты. Екі “тиістілік” те бір-біріне тәуелді және бастауын Гёльдерлин поэзиясының өздігінен алады. Ал онда өзі мәнді болып өлеңдерінің өзіндік тәсіліне көнген ақын ойға шомуға, өз-өзін көрсетуге мәжбүр.
Алдымен біз сұраймыз: Бұл мәжбүрлеу қайдан шығады?
Бұл дүдәмал бұйрықтың не қажеті бар?
Жеті жолдың біріншісі барлық кейінгіге әмбебап жауап береді:
«Қазіргі тәңірлердің жақын болатыны соншалық».
Қызық, былай деп ойлауға болады: егер қазіргі тәңірлер ақынға сонша жақын болса, ол тек оларды аттарымен атауына ғана әкеледі, оған ешбір нақты нұсқау қажет еместей. Тек “сонша жақын”, “жеткілікті жақын” емес, “бірнәрсеге қатысты жақын”. «Патмос» жыры былай басталады:
«Жақын және қиын ұғынуға Тәңірі». “Және”-нің аржағында “сондықтан” жатыр. Тәңірдің жақын болуы ол ұғынуға оңай болғандай. Әлгі “жақын” деген сөз “дәл” сөзінде сөйлеп тұр. “Дәл” көне сөзі “жақындаған” дегенді білдіреді. Жаңағы «Патмос» жырында пайымдауға қиын жолдар оқимыз:

Жауын тудырушыны өздерінің қарабайырлығында сонша сүйеді
Шәкірттер және қырағы біреу
Тәңірі жүзіне байыпты қарайды.

Біреуге “жақын” болу, немесе “жақындау” дегеніміз ақынға назар аудару, оған, келуші тәңірлерге қатысты қазіргі болу. Көпе-көрінеу бұл келу ұзақ уақытқа созылады және сондықтан ол өте ауыр, ал толық түрде келу дегеніміз сөз арқылы әйгілеу үшін одан да ауыр. Өйткені адам оны жалаңаш туралығында қабылдап және сол арқылы алдамшы игілікке жетуге қабілетті емес. Сондықтан «Нан мен шараптың» бесінші шумағының соңында былай делінеді:

Адам осындай; оған игілік пен қасиетке қамқорлық берілсе,
Ешкім Тәңірді білмейді және көрмейді.
Оны қабылдап, сүйіктім деп атау керек,
Ол үшін сөз қазір гүл сияқты шығуға тиіс.

Ал сөз табылғанға дейін және ол гүлденгенше, ауырлық күші еш бұлтарусыз ұлғая береді. Ол оған мәжбүр. Ол “тәңірлер ауқымынан” шыққан. Тәңірліктің жойқын күші ол киелілік. Сондықтан «Дунайдың бастауы» жырында Гёльдерлин былай дейді:

Киелілікті қажет ететін саған мінәжәт етеміз,
Табиғат! Біз сендікпіз, суға батырғандай,
Бәрін тәңірлік жарықта тудырасың.

“киелілікке-мұқтаждық” (heilgenötiget) – осы орында және бүкіл Гёльдерлин поэзиясында бұл сөзді біз бірінші рет естиміз. Ол астарында поэзия жататын бәрінен асып түсетін бұлтарсыз билеуші үкім жөнінде айтады. Бұл сөз біз үшін ақын “өзінікін алуға” қажет ететін “тиесілілікке” мегзейді.
Қажеттілікке мұқтаж ақын қайда тұр?

Қазіргі тәңірлердің жақын болатыны соншалық,
Мен, олар түнергендей бұлттарда жасырынып, алыста деп санауға тиіспін,
Мен олардың аттарымен болуға тиіспін.
….
Мен оларды ақырын шақырамын…

“киелілікке-мұқтаждық” тек қана жалғыз ақырын шақыру ретіндегі бір әңгіме.
Бұл әңгімеде аталғанның аты белгісіз болуға тиіс.
Ақын тәңірлерді шақыратын орын, ол шақырғандарды олардың қазіргі өткіншілігінде алыс ретінде қалдыруға тиіс, сөйтіп, олар өткіншіге айналады. Алыс нәрсе алыс ретінде ашылуы үшін ақын тәңірлердің мойын идірер жақындығынан шығып, оларды тек ақырын ғана шақыруға тиіс.
Бұл атау қай текке жатады? Жалпы “атау” сөзінің мағынасы не? Оның мәні тек бір нәрсеге ат берудеме? Және белгілі бір атауға қалай келеді?
Ат бірнәрсенің қалай аталатыны жөнінде, аталған нәрсенің мазмұны жөнінде айтады. Атау атқа тәуелді. Ал ат атау арқылы беріледі. Осы анықтау арқылы біз бір шеңберде айналамыз.
“Атау” (nennen) етістігі зат есім “аттан” (Name), nomen, όνομα туындайды. Ат танымал қылады. Аты бар барлық жерде атақты. Атау – бұл тұжырым, яғни, аталғанды оның тірлігінде тану және сақтау деген сөз. Атау ашады, көрсетеді. Атау тануға мүмкіндік беретін (erfahren-lassende) көрсету. Ал егерде ол қажетті түрде аталған жақындықтан алыстаса, онда алысқа айтылған алыстың осылайша айтылуы атойға айналады. Ал егерде өзінің алысында байқалған атауға жататын нәрсе тым жақын болса, өз атауымен аталған ол “тұманды” боп қалуға тиіс. Атты жасыру қажет. Ашып беруші атой ретіндегі атау ол, сонымен бірге, жасыру да болады.
Біз жаңа ғана естіген “табиғат” сөзі Гёльдерлин поэзиясындағы шыныменде “қараңғыны” жасырып, ашып беруші атау. Егер “киелілікке- мұқтаждық” атауы болса, онда атау атойлайтын нәрсе киелі болуға тиіс.
«Үйге қайту» элегиясының соңғы жолдарында Швейцарияда Хауптвиллге жақын жерде үйдегі ұстаз қызметінде істеп қайтып келген Гёльдерлин былай дейді:

Көбінесе біз үндемеуге тиіспіз; киелі аттар жетіспейді.

Сонда “үндемеу” сөзінің мағынасы не: үндемеу, мылқау боп қалу ма?
Әлде тек бірнәрсе айта алатын адам ғана үнсіз қала ма? Онда үндемеудің ең жоғарғы дәрежесіне жеткен деп тек айтылмағанға айтылуға және нақ айтылу ретінде мүмкіндік беретінді атау керек. Гёльдерлин былайша ақтарылады:

…Таң жарқ етіп атқаннан бұрын,
бесінде бүкіл өмір алаулағаннан бұрын
мен оларды ақырын шақырамын

Бұл ақынның аталғанды тек өзі үшін қалдырғаны ма? Сонда олардың бірі де өзге үшін бола алмай ма? Егер бұлай болса, онда ол өзіндік ақындық борыш-міндетін сатқан болар еді.
Ақын “қазіргі тәңірлерді” “ақырын” деп атайды. “Ақырын” дегеніміз тынышталған, дүниеден баз кешкен, қасиетті қиянат мен қанағатқа сәйкес жауабы өз-өзімен келісімге негізделген. Гёльдерлиннің «Қанағат тойы» өлеңінде “ақырын” сөзі бірнеше рет қайталанады. «Таң жарқ етіп атқаннан бұрын, / Бесінде бүкіл өмір алаулағаннан бұрын» деген жолдары ақырын ғана айтылған.
“Бұрын” дегеніміз уақыттың анықтамасы, дәлірек айтқанда, келу және жақындау, қашу және тәңірлердің жоқ болуы арқылы уақыттанатын уақыттың.
“Киелілікке-мұқтаждық” атауы таң атқанда, тәңірлер күнінің шын келуі басталғанда басталып, көктің аспани оты алаулағанда бітуге тиіс. Осы кезде «Құрышқа жасырынған Тәңірі» келеді. «Рейн» жырының соңғы жолында Гёльдерлин осылай дейді. Кейінгі бір өлеңдеріне жазған нұсқасында ол былай дейді «Өміртудырушы ошақтың алаулаған құрышына» (Шақпақ шағатын және сонымен отқа қатысты құрыш жөнінде). «Құрышта жасырынған Тәңірі» дегеніміз: Тәңірі аспан отында, немесе бұлттарда жасырынған деп айтқанымыз. Бұлттардың қараңғылығы секілді көз қарықтырған аспан оты да бәрін көзден таса (жасырын) қылады.
Уақыттың “бұрын” деген анықтамасы шыныменде “бұрын” дегеніміз, оны алдында ақын «тек…/ Мен ішімнен ақырын аттарын сыбырлаймын» – “ішімнен” Гёльдерлиннің жеке “Меніне” қатысты болуы керек еді, бірақ олай болмады, бірден келесі жолында мынандай сөздер пайда болады:

Ақын өзінікін / алу үшін

“өзінікін”, яғни ақынға қазіргі тәңірлер сыйға тартылған, олар атоймен шақырылғандар ретінде алыстан жақындауда. Оған алыстан күтілудегі жерінен оның атайтын қабілеті қайта оралуы үшін олардың тым жақын келуі қажет. Онда оны не күтеді? Гёльдерлин бұл туралы 1800 жылы жазылған өзінің ең соңғы «Мнемозина» үлкен жырында айтады:

…Көп нәрсені
Иығындағы
Сәтсіздік жүгіндей
Ұстау керек.

Жақындушы тәңірлердің алыстығы ақынды осы болмыс жағындағы босанған жерге, іргетасқа жібереді. Мұндай негіздің жоқтығын Гёльдерлин “тұңғиық” деп атайды. «Келу жөніндегі сөз ұзақ және қиын» деп басталатын «Нан мен шарап» элегиясының көрсетілген нұсқасында Гёльдерлин “аспани нөкерлер” жөнінде, яғни ақындар туралы айтады

Олардың қадамы/ Адамдар тұңғиығы алдында.

Мұнда “алдында” дегеніміз: тұңғиыққа қарай.
Келісу жөніндегі сөзін табанды түрде айту үшін, ол «Ақын өзінікін/алды» дейді. Салмақ тек “өзінікін” (das seine) сөзіне түспейді, сонымен бірге ол “алды” (Habe) сөзіне түседі, сондықтан ол келесі жолдың алдында арнайы бөлінген. Бұл өзіндік өзінікіне дұрыс жетуге қатысты. Бұл “жүкті ұстау” (die Last zu behalten) сөйлеміне қатысты. Бұл қазіргі тәңірлердің келуі жөніндегі аталған әңгімені ыждаһатпен қабылдау қажеттілігіне қатысты. Бұл “ақырын” әңгімеге шыдауға қатысты.
Алайда өзінікі ақынның иелігінде өзі дербес иеленген мүлкі ретінде емес. Одан гөрі оның өзінікі ақынды пайдаланып тұрған иенің иелігінде. Сондықтан пайдалану үшін алынған ақынның әңгімесі өзін жасырып көрсетіп, әйгілеп, тәңірлердің келуіне мүмкіндік беруге тиіс. Өйткені олар келуінде өз-өздері болу үшін ақын сөзіне мұқтаж.
«Рейн» жырының сегізінші шумағында былай делінеді:

…Егерде құттылар
Ешнәрсені сезбесе,
Егер мұндай айту рұқсат етілсе,
Онда тәңірлердің атында
Олар аздап болса да тәңірлерді сезсін,
Ол оларға қажет.

Және одан бір жыл бұрын жазған «Архипелаг» жырында (1800) Гёльдерлин былай дейді:

Ардақты батырлар секілді әрқашанда киелілер қажет
Табиғатқа сезімге толы адамдар жүрегінің даңқы үшін.

Мұндағы “атақ-даңқты” Пиндар сияқты, гректік мағынада түсіну керек, келуге рұқсат ретінде. Ақын сезімге толы адамдар жүрегінің сезігі. Ол – тәңірлер пайдаланатын тұлға.
Гёльдерлин өзінің ақындық шығармашылығының негізқалаушы тәжірибесінде осындай тәңірлер мұқтажына және ақындар болмысын соған сәйкес пайдалануға қатысты ұялшақ-тәуекелшіл сөзі арқылы қозғалады.
Бұл тәжірибені негізі дұрыс пайымдау, ол жүзеге асатын аумақты сауалдау қажет, себебі, бұған қазіргіге дейінгі ой машығымыз көтерілген емес.
Гёльдерлин өлеңі “киелілікке-мұқтаждық” ретіндегі поэзияны жинаумен, қазіргі тәңірлердің атауын тиянақты әңгімеде аспани пайдаланумен айналысады, Гёльдерлин біздің сөзді айтатын нәрсені әйгілегеннен соң, олар оны естісе де, естімесе де.
Ақынның өмірі бітер 1801 жылының алдында жазылған «Қайраттандыру» жыры “Аспани жаңғырық!” атойынан басталады. Гёльдерлиннің өлеңі осы жаңғырықтың дәл өзі.

Қазіргі тәңірлердің жақын болатыны соншалық,
Мен, олар түнергендей бұлттарда жасырынып, алыста деп санауға тиіспін,
Таң жарқ етіп атқаннан бұрын, бесінде бүкіл өмір алаулағаннан бұрын
Мен олардың аттарымен болуға тиіспін.
Ақын өзінікін алу үшін мен оларды ақырын шақырамын,
Ал аспани жарық төмен төгілгенде,
Мен өткендер туралы ойлаймын да, айтамын – бәрі де бұрынғыдай гүлденуде.

Аударған Әуезхан ҚОДАР

Бұл мәтін төмендегі басылымнан аударылған: Heidegger M. Erläuterungen zu Hölderlins Dichtung. Frankfurt am Main: Vittorio Klostermann, 1981. S.182-192.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *