Архив выпусков, Журнал «ТАМЫР» Выпуск №49 2021, Свежий номер

Арман Әділбек. Неткен ұзақ еді бұл кеш

 

Қара-ай көзім

Әлдеқашан
Белден асқан бұлтпен араласып
Ғайыпқа көшіп кеткен
Ол ауыл.
Мен де темір таяқ алып,
Темір етік киіп жолсызға түскем.
Сенбеймін қазір
Барсакелместің не екенін
Меннен де жақсы сезінетін біреу барына.
Барсакелмес-
Оның бөтен болғаны соншалық,
Тіршіліксіз гүлдердің жапырағында дірілдеп тірі шық тұнар.
Таныс болғаны соншалық
Шегінсең де,
Алға жүрсең де,
Тек қана Жаныңның қатпарларын көрерсің.
Жолдарды көрерсің
Біліп-білмей шимайлаған.
Ойларды көрерсің мың-сан
Сенің көкірегіңнен жылдар бойы ұшқан.

Қара-ай көзім…
Маған сол әннен де ыстық ән жоқ.
Анамның аузынан жаттағаныммен,
Бұл кезде
Сол әндей мені кеудемнен итеретін де ештеңе жоқ.
Бір өзенді екі рет кеше алмайтынымды ұқтырған да
Сол ән.
Сол ән енді адамға айланып келе жатқандай,
Текеметке оралған
Әлде бір өлген адамға.
Көшпендіге.
Мен оны тыңдаймын,
Ол мені тыңдайтын сияқты.

Ия, мен көшпенді ұлымын.
Балам қалада туып-өсер.
Бірақ,
Әкем де,
Ұлым да ешқашан қасіретімды сол әндей түсінбес,
Менің.
Ешкім,
Мейлі, қайғыны қайғы таниды десек те.
Бірі көшпенді.
Бірі қалалық.
Ал,мен өзімді не деп атауды білген емеспін.

Уақыттың қошқар мүйізіне ұқсайтынын ертегілердің айтпағанын
Мен кештім.
Барсакелмес!
Темір етік киіп,
Темір таяққа сүйенген күйі қалғып кеткен бір қазақтың
Аспалит көшелердің бірінде
Шала-шарпы оянып
Түсінде көрген
Ауылына көзді ашып-жұмғанша жеткізетін бәйтерегін
Мәңгіре іздеген күйін
Сен де кеш.
Сүйтіп,
Аруаққа айланған сол бір ескі әннің рухы да көшсін,
Белге қонған және бір
Шоқ бұлтқа сіңіп.
Азасын бейуақ өзі оқи жатар.

 

Балшық ойыны

-Адам ата топырақтан жаралған. – дейтін еді.
Көз алдыма балшықпен ойнап отырған балалар елестейтын,
Топырақтан там түйіп жатқан әкелер елестейтін.

Жаңбыр сіркіреп тұрған кеш,
Көшелер лайға батқан,
Адамдар
Балшық жолдармен ілбіп басып бара жатқан,
Балшық шашіраған адамдар.
Мен солардың ішіндемін.
Көзіме шашірап кеткен лай судың сарқытын жуып тұрып,
Терезеге сүзіле қараймын,
Балшық шашіраған терезеге.
Кенет,
Бүкіл дүние балшықтан жаралғандай болып сезілді.
Балшықтан құйылған қабырғалар ғана сияқтанды бұл қала.

Бүл балшық жолдардың басы қайдан басталған?
Бұл балшық әлемнің басы қайдан басталған?
Саздарға жұтылған тұлпарлар мен зеңбіректердің,
Бір үймек дымқыл топырақтың астында жатқан мәйттерден нендей парқы бәр?
Жер, шынымен біздің анамыз ба…
О, ұлы жер ана,
Сенің бастан-ақыр бізді,
Және, біздің іздерімізді жұтудан өзге қылғаның барма?
Қылмағың барма?
Ана атын жамылған мазақшыл жендет шығарсың, әлде.

Енді, ештеңенің де жауабы керек емес шығар.
Біз бастан-ақыр балшық қанамыз.
Бұл әлем де
Бастан-ақыр балшық қана.
Бар болғаны
Лайы бұрқылдап қайнап жатқан қыш қазанда
Сенделектеп жүрген балшық қуыршақтармыз…
Біз.
Ия,
Бұл дүние балшықтан жаралған.
Адам ата, Әрине,балшықтан жаралған.
Ал,аспан?
Менің еркіндігімнің, армандарымның ұясы болып келген аспан ше?
Әлде, көгеріп кеткен балшық шығар ол да,
Тек қана,
Шіріген иісі
Тым шалғайдан бізге жете алмай тұрған.

Көз алдыма балалармен ойнап отырған балшық елестеді.
Әкелер елестеді
Топырақ там етіп түйгілеп жатқан.

 

Мүсінші

Мен мүсінмін.
Сіз мүсінсіз.
Аспан асты қара нөпір мүсін.

Ол бізді ұп-ұқсас етіп жасамақ болған сыңайлы.
Әр кештің келбетіндегі күңгірт қызыл бояудай,
Шапшаң,
Һәм, еш мағдырсыз хәлде жұтыла беретін
Қап-қара түнге.

Балшықта жатқан күлтелердің
Самалға айтқан өкпелі күбірін үзген
Нән табан ізі.
Әлем
Мүсіншінің алып алақанымен әлдиленген уақ.
Таптаған,
Сосын, әлдилеген.
Таптаған,
Сосын, әлдилеген.

Жел ұрды.
Мүжіді жаңбыр.
Қара сұр қалып ішінде тым ұзақ тұрдық,
Шаршадық,
Біз де.

Ол қателескен бе?
Мен қателестім бе?
Білмеймін.
Ұқсамайды екенбіз мүлдем.
Жол да,
Жол бойындағы самырсындар мен шөптер де,
Ұқсамайды екен бір-біріне,
Жұлдыздар да.

Түмендеген жылдар алдында
Тәбиғат бәрімізге бір-бір шөкімнен сәуле сыйлаған.
Сол ескі сәуле-
Кеудеңдегі тостаған қанша шайқалса да жоғалмас сағым.
Қара жер секілді
Бір жапырақ үзіліп көкірегіне құласа
Кейуанадай күрсінген.
Қара жер секілді
Быт-шыты шығып шашырай құлаған
Әлдебір мүсінді
Быт-шыты шыққан күйінде бауырына басатын.
Және, бәрін
Ұқсамауға жазған.

Ол
Сыйпағанды ұнататын секілді
Алып алақанымен
Мүсіндердің басын,
Жаурынын.
Мүсіннің ішінде,
Қарасұр қалып ішінде
Мен.
Мен…
Мүсіннің ішінде ояндым.
Мені құдай жаратқан,
Ал,
Мүсінді кім?

Жел ұрғылаған,
Жаңбыр мүжіген баяғы хәл,
Баяғы.
Мені қамап қойған қара сұр қалып-
Қара сұр мүсін
Әлі тұр міз бақпастан мелшиіп.

 

Кітап өртеуші

Кәдуелгі жолдар,
Кәдуелгі жандар,
Кәдуелгі қайшалысқан көлеңкелер.
Көз ұшында қарауытқан тау сұлбалары,
Түнге айланған рухы
Құрғап кеткен сары топырақтай үгіліп
Өз жүзін өзі жапқан дала.

Мен бүгін күз келгеніне Қураған шалғынды көргесін барып сенемін.
Қыс кеткеніне гүлдер ашылғанда барып сенемін.
Секундтардың табанында ұматылғаным сонша
Мен туғанда бірге туған Әлдебір жүдеу қорымның
Қабырғаларын бұзып,
Тағанын қазғаным,
Тапқан олжаларым,
Аққан терім…
Жоқ,
Сәттер,
Сәттер меннен барлығын тартып алған сияқты.

Тоғыз жолдың торабы арбаған сол бір жанның
Ең соңында
Тізесі қалтырап тұрып
Аспанға қол жая күңіренген үні құлағымда жаңғырып,
Кеудемдегі жұмақ пен тозақты алып
Орнына сиқырдай шүңет силаған нән елесті
Өзіммен қоса өмір сұру азабына салған
Бала көңілім менің,
Сол бала көңілімнің сарғайған сәті.

Бұл да анау ескі,
Һәм қарт келісімнің бірі болатын,
Түн сұлтанына кигізген нұрлы тәжінің мифінен есілген
Ұзыннан ұзақ шұбалған дар арқанына қадала қараған сәтім-
Адамзаттың ақыл- парасатын шексіз жеккөрген сәтім.
Мұхит ортасындағы жетім аралда
Шөлден қажыған сәтім.
Дүниенің тарлығына көзім жеткен сәтім.
Дар арқанын өзімнің ескенімді мойындаған сәтім.
Тобығымды көмген
Оттай ыстық шаң-топырақта жатқан Көлеңкеме сәжде қылып
Жүзімді тас қиршықтарымен жуған сәтім,
–Қолыма қылыш алман!– деп ант берген сарбаздың
Құшағына қысқан тасының* қиршықтарына
Жүзімді жуған сәтім.
Аза білдіруге дәтім шыдамаған сәтім.

Кәдуелгі бағыттар,
Кәдуелгі бейнелер,
Кәдуелгі қабырғалар,
Кадуелгі сенімдер…
Күйреген,
Менімен бірге,
Сенімен бірге құлаған.

Жылы сөйлемдер,
Ыстық лебіздер
Жүректерді шарап толы шарадай лыпылдатса,
Сол шараға құлаған сынық стрелканың жөнін кім ұғар,
Жолын кім сызар?
Мастықтан,
Мағынадан айыққан сөздердің бүлігінен шағылған күмбездер арасындағы құлазу-
Ата-анаңның сені жетімханадан бағып алғанын сезгендегі емсіз құлазу.
Хауананың құрсағына Ібіліс бітірген сол ұлдың,
Сол ұлдың,
Сол ұлдың …

Көз ұшында қарауытқан тау сұлбасы,
Түнге айланған рухы
Қурап кеткен сары топырақтай үгіліп
Өз жүзін өзі жапқан дала.
Соның бәрін оқыстан көріп қалған жарықтық
Қарсы алдында жымя қарап тұрған
Жаңа һәм
Қарт келісімнің қолынан шарап ұрттаған.
Шарап уы оны қарғыс өртіне айландырған,
Қарғыс өрті–
Ол кітаптарға оқылған қарғыс дұғасы болатын.

Есіксіз алып сарай ішінде,
Бір бөлмеден бір бөлмеге өту үшін сарып болған ғасырлар-
Елеусыз қалған дәуірлер,
Ұмыт болған жылдар.
Ешбір сұраққа мизеп көрмеген ұлы үнсіздіктің құшағында мүлгіген мүсін төбесіне қонып-ұшқан,
Қонып- ұшқан,
Қонып- ұшқан құстар.

Кәдуелгі өрттің иісі.

*Ежелгі көшпенділер тасты Қорқыттың жеті кебінің бірі деп ұғып тасқа қарап ант ішкен. Мәселен, Қабанбай батыр жәйлі бір аңызда қолға түскен жұңғар жасақтарына тас құшақтатып ант алып қайтаратыны бар.

Терезе

Ілкіде пердені жеккөруші едім.

Ыстық, һәм дымқыл ауа терезеден ішке құйылуда,
Өкпемді керуде.
Ыстық, һәм жарық сәуле терезеден ішке құйылуда,
Жанарымды керуде.

Ілкіде пердені жеккөруші едім.

Ауаға тұншықтым.
Жарыққа тұншықтым.
Тірідей қабырғаға жерленген күнәкар секілдімін.

Терезеден тек терезелер ғана көрінді.
Терезелер ғана,
Оның өзі ыстық ауада дірілдеп,
Аласапран жарық ішінде мұнартып тұрады.
Жылыстай алыстап бара жатады.

Ілкіде пердені жеккөруші едім.

Көзімді жұмдым.
Тас қараңғы,
Бұлдырап тағы терезе көрінді.
Пердесіз терезе,
Ішінде тұңғиық шүңет,
Мұздай суық шіріген ауа…

Терезелер маған қарап тұр.

Ілкіде пердені жеккөруші едім.

Тазқұмай

Ұзын- сонар баспалдақтың төменгі жағынан
Аяқ дыбысы білінеді әлде біреудің
Жеңіл һәм дәрменсіз басылған,
Мен оны аруақ деп ойламаймын.
Мен оны
Тұйық,
Қараңғы бөлменің бұрышында бүктетіліп жатқан біреудің
Көкірегіне
Ұялап алған тазқұмайдың үніне ұқсатамын.
Көзімді жұмсам болғаны
Көпір үстінде өртеніп жатқан көздер елестей береды,
Елең-алаңда
Бозарған белден асып
Бұлыттарға сіңген ескі ауылдың
Түнерген елесі сіңген көздер.
Көпірді кім салғаны жәйлі ойланған да емеспін,
Тек,
Өртке оранған көздерден аққан тамшылардың
Қаңсып қалған арнаға тамып жатқанын көремін.
Бағанағы ауылдың рухын көтеріп ұшқан тазқұмайлар
Неге ұшпаққа емес,
Қараңғы,
Тұйық бөлменің бұрышында бүктетіліп жатқан
Бейбақтың кеудесіне қарай ұша береді?
Аңызға сенетін адамдардың тұқымы құрығанымен,
Ау, салынбаған суреттер,
Жазылмаған өлеңдер,
Сендер айтыңдаршы,
Бұдан өткен қарғыс боларма…

Терезе бетін тырналаған жым-жырттықтың мұздай жымиысынан
Қайсы бір дәнішпанның үңгірінде лапылдай жанған алаудың шаттығы білінеді.
Сол алауды жындана айланған көбелектердің бірі
Пойез кейпіне еніп даланы айқыш-ұйқыш кескілеп жұргендей,
Дала,
Сен менің түсіме кірмейсің,
Экрандардан көре-көре көңілім қалған.
Дала,
Мен
Түсімде
Сенің құлыптасыңның
Қараңғы,
Тұйық бұрышында бүктетіліп жатқан біреудің сұлбасын ғана көремін.

Терезе сыртында тазқұмайлар қалықтай ұшып жүр.
Көктемнің ескілігі сонша
Ұзын-сонар баспалдақтың төменгі жағынан
Әлдененің күлімсі исі еміс-еміс мұрынға ұрылады.

Ал, мен темекімді құшырлана сорып
Құмайларға мұңая қарап отырмын,
Әне, олар көк тұңғиығына сүңгіп барады,
Бұл, бәлкім, түсім шығар,
Сонда да
Қанаттарынан себілген өлім ызғарының өзі қандай ыстық,
Ол енді оны ешкімге бермейтін шығар,
Көздер өртенбейтін шығар.