Кенжебай Ахметов. Егіз өлең
1. ЖЫЛТЫРАҚ
Бәрі – жылтыр, киім де, көлік, үй де,
Ақыл ғана бұл күнде өлі күйде.
“Единица” еленбей Абай айтқан,
Атқа мініп, айналды “нөлі” биге.
Жылт-жылт етіп арбайды бәрі көзді,
Жылтыр қызға жылтыңдап, кәрі қозды.
Жылтырақтан жиреніп жатқанда ақыл,
Жылтыр-жылтыр сөйлеген бәдік озды.
Жолы ашылды жылтырақ дабыраның,
Жаным жадау, келсе де жадырағым.
Жылтырата сайраған ақылманнан
Жылт етерлік түк таппай, аңырамын.
Жылтырға үйір досымның сырты – райлы,
Жүрегі жоқ пошымның ұрты – майлы.
Жылтыр болып көрінбек кейбіреудің
Жұлығының өкшесі жылтырайды.
Жылтыр, жылтыр, бүгінде жылтыр – бәрі,
Жылтыр үміт – бәрінің ұмтылғаны.
Жылтыраққа жүгініп жатса жұртың,
Жүрегіңнің не керек бұлқынғаны?!.
Жүрегінде жататын әр баланың
Жоғалғандай бүгінде арман – ағын…
Жылтырақтар ішінен жылу таппай,
Жылынарға күпі іздеп қарманамын…