Журнал «ТАМЫР» №20 март-июнь 2007 г., Читать онлайн

Асылбек Ихсан. АСФАЛЬТТАҒЫ ҰЛУ. ПОВЕСТЬ

Сәкен Сейітұлы қақпаға жақындағанда ағаш үйшіктің терезесінен күзетші жігіттің жүзі көрінген бойда-ақ қақпа түбіндегі қаңылтыр қобдиша ыңылдап қоя берді де, темір шыбықтар шырмауықша өрілген ауыр шойын есік «Мархабат, тақсыр!» дегендей жеңіл сырғып ашыла бастады. Үйшіктен лып етіп шыға келген жас жігіт амандасып үлгеріп, құрмет білдірген күйде тұрып қалды. Бұлшық еті сыртқа теуіп тұрған оң жақ қарының тұсында «Қабылан» деген зерленген жазуы бар униформасының төс қалтасынан рациясын алып, әлдебір нөмірлерді атады. Сыртқа шыққан Сәкен Сейітұлы темекісін тұтатып тұрып, қымбат тастардан өрілген дуалдың ар жағында қалған үйлерге көз тастады. Алатаудың далиған кең етегіне жармасып тұра-тұра қалған өңшең бір көк шатырлы, күрең шатырлы, күміс шатырлы зәулім үйлер ертегінің диюының қолынан шыққандай сыйқырлы да сесті көрінеді. Енді ояна бастаған күнді қарсы алуға асығып шапағына ұмтылған күміс бұлттар Алатаудың ақ басынан аттап өтуге именгендей бергі бетте иіріліп тұр. Темекісін қоқыссалғышқа тастай бере түрлі-түсті тастардан өрілген тротуармен жылжып бара жатқан ұлуды көрді. Түні бойы жауған жаңбыр суы іркілген тас үстінде не іздеп барады екен? Суға малшынған шөп арасынан шыққан болар, сұрғылт қабыршағы дымдана жалтырайды.

Жаңа үйден шығарда мәрмәрдан ойылған колонналар мен басқыштарға, гранит іргетасқа жабысып, толып жүрген ұлуларды көрген. Бүгін өздері шілдедегі шегірткедей қаптапты. Еш зиянсыз мақұлық қой. Ұлулар анда-санда ауладағы жолдарда ұшырасатын, әсіресе, жаңбырдан кейін көбейіп кететін. Бірақ, тап бүгінгідей болып, байдың малындай үйір-үйірімен қаптап жүргенін көрмепті.
Омбы қарда орман кезген кезбе аюдай сәуірдің салқынында бұлар мезгілінен ерте көрініп, неден үрікті? Күні ертең үскірік ұрса шыбынша қырылады-ау… Әр құмырсқасы әлін біліп туатын табиғат та есебінен жаңылайын деген бе?..
Сәкен Сейітұлы неге екені белгісіз, аялдамаға жеткенше ұлу туралы ойлаумен болды.

Қаланың оңтүстік батысындағы сақиналанған жолға жеткенде, бордюрдің үстінде кетіп бара жатқан ұлуды қолына алды. Бөтен күштің еркінде кетіп, тірегінен айырылғанын сезген жұмсақ дене лезде жиырылып қабыршық ұясына кіріп кетті. Қошқар мүйізденіп қабыршақ қана қалды. Еш тіршілік белгісі жоқ тас үй. Сәкен сейітұлы алақанындағы ұлуға қарап тұрып қалды. Сәл аңдысқан соң қабыршақ ішінен сағыздай созылып көрінген дененің сәбидің шынашағындай болып бір ұшы қылтиды. Сәкен Сейітұлы бала кезінде қауашағын жарып, қармаққа салатын Боқсақ өзенінің бақалшағының денесі де осындай еді. Шыламыр дене ашыған қамырша көтеріліп, былжыраған бозғылт еттен төрт қара мұрт көрінді. Төбесіндегі ұзындау қос мұрт жыбырлап, антенна сияқты ұзарып, дене созылып, мойынға ұқсас бір қалыпқа түсе бастады. Қабыршақ үйінен белуарына дейін көрінген ұлу төбесіндегі қос мұрты едірейген күйі тың тыңдағандай қимылсыз қалды.
Өзендегі бақалшақ қауашағынан шықпай ғұмыр кешеді; бауырын жадау кемпірдің етегіндей сүйреткен ұлу тас үйін арқалай жылжиды.
Не сиқыры барын кім білсін, әйтеуір, ұлу көрсе Сәкен Сейітұлы өтіп кете алмайтын. Қолына алып зертханада отырған ғалымдай ұзақ шұқшияды. Сағаттың кіші тіліндей жылжығаны білінбейтін осы мақұлықтың ішінде ғаламдық құпия жатқандай көрінеді де тұрады. Атшаптырым ауласында, аяқ жолдың үстінде кездесіп қалатын ұлу жаңбыр жауған күндері тіпті кезбеге айналады. Үйдегілерді де үйретіп қойған, балалары ұлу көрсе еңкеңдеп, ерінбей теріп, аяқ астынан алыстау шөп арасына лақтырып жатады.

Сәкен Сейітұлы аялдамаға келгенде 526  нөмірлі шағын автобусқа адамдар кіре бастаған екен.
— Орбита, Саяхат, ВАЗ! — деп қарлыға айғайлаған жас бала бұны басынан аяғына дейін шоли қарады. Бір қолымен есіктің жақтауынан ұстап, сыртқа асылып тұрған қалпы «мына біреу біздің жолаушыға ұқсамайтын тәрізді, сөзімді шығын қылмасам ба екен» дегендей екі ойлы күйде тез көз жүгіртіп өтті де, шопыр жаққа қарап «Кеттік!» деп айғайлады. Сәкен Сейітұлы қозғала бастаған автобусқа ұмтылып, тегершігіне секіріп аяқ баса бере, төбесін есік маңдайшасының қырлы теміріне оңдырмай ұрды. Миы солқ ете түсті де, кеңсірігі сілті құйылып кеткендей удай ашып, бас сүйегі терісінен ажырап кеткендей болып қақ шекесі қақсап қоя берді. Өлермендене алға ұмтылған көліктің екпінімен шайқалып барып, құламастың қамымен алдыңғы орындықтардың біріне қонжия кетті. Қақпағы ашылып кеткендей солқылдап алып бара жатқан басына барып қалған қолын төмен түсіріп, жұрттан қысылып, қара санын тырналап, қарманды. Жаны сәл тыныштағасын жәймен барлап қараса, әркім өз өзімен. Жаңа кіре бергенде өзін иықпен қағып өткен жас жігіт қарама-қарсы отыр екен, екі бұты екі жақта, анайылау шалжияды. Тап бір өзіне сес көрсетіп отырғандай шамданып, зекіп тастайын деп оқталды да, қоғамдық көлікте отырғаны есіне түсіп, тілін тістей қойды. Сағатына қараса — сегізден он минут кетіпті.

Шағын автобус тақтайдай жолда томпаң-томпаң етіп зырылдап келеді. Сәкен Сейітұлы терезенің көк атлас пердесін сырып қойды. Көктөбенің үстіндегі телемұнараның арбиған темір сирақтарының арасынан көрінген күн сәулесін қалаға  төге бастапты.                    Шар тәрізді аквариум құшақтап жас бала кірді. Сары жолақ, қара жолақ кішкентай балықтар әдемі-ақ. Аквариумды бауырына қысып алған бала терезеге жақын жылжып тұрды. Ауыздарын ашып-жұмған сайын жәбірлері қозғалып, қанаттары жібектей есіліп балдырлардың арасында баяу желбіреген балықтардың үстінен, бесіктегі сәбиіне үздіккен анаша үнсіз телміреді.

Балықтарға қарап отырып Сәкен Сейітұлының есіне ұлу түсті. Осы бір бейкүнә тіршілік иесіне әрдайым таң қалатын. Тас форманың ішінен туатын жылбысқы форманың өзгеруінің шексіздігіне қайран болатын. Ол жылбысқы түр бірде созылады, керіледі, ұзарады, тарылады, апшиды. Жер бетіндегі өзге мақұлықтың еш қайсысына түр-түсі келмейтін былжырақ бейне қасаң қалыптан ада; түпсіз шыңыраудай тылсымына тартады да тұрады. Ол шыңыраудың көзі көл ме, көлшік пе? Оны түйсігің тастаған тасыңның жаңғырығы ғана айтады. Сонда мазмұн неде? Мағына қайда? Жұп-жұқа сыртқы қалыпта ма? Жоқ әлде, жұмыртқаның қабығындай қабыршақ-қалыпқа тығылған ішкі қалыпта ма? Сыртқа көрінетіні денесінің жартысы ғана, іште қалған жартысының не сыр бүккенін кім біліпті? Оны әркім өзінше көреді, өзінше түсінеді. Барын жайып салмай, сырын ішіне бүккен құпиялы әлем.
Бала аквариумның ішіндегі балықтардың жүзгенін қызықтап отыр. Анаусы – алқызыл Барбус, Торғынқұйрық – Алтынбалықтың екпінінен аквариум түбіндегі ұсақ қайыршақ бұрқ етіп барып басылды.

Адамға толы темір құрсақ автобус, оның жатырындағы, үйірімен балық жүзген шар тәрізді аквариум… Қытай шеберлерінің ағаштан шар ішінен шар оятын шеберлігін еске түсіреді. Олардың шеберлігінің сыры да өмірдің осындай құпия көрпесінің шетін аша білуде жатыр ма екен?..
Әне, жұп-жұқа терісінен ішек-қарны жарқырап Маржан Гурами жүзіп келеді. «Адам аласы – ішінде, мал аласы – сыртында» дейді қазақ, адам баласы мына құйтымдай балықтар сияқты еш бүкпесіз өмір сүрсе…  Мына жалпақ құйрық қызылжолақтың атын білмейді. Аквариумда өсетін балықтарды мұхитқа жіберсе өмір сүре ала ма деген немересінің сұрағына не дерін білмегені бар. Бұлар да өз кеңістігін шарлайды. Үлбіреген қанаттары баяу желбіреген қозғалыста мәңгілік тынысы бар. Алайда су ағып кеткен күні мәңгілігіңнен мән қашады. Өлшеулі кеңістік, қасықтап құйған суға тәуелді өлшеулі ғұмыр.
Сәкен Сейітұлы сағатына қарады. Сегізден он бес кетіпті. Терезеден жоғарырақ жапсырылған бағыт картасында қырық шақты аялдама көрсетулі тұр. Әр аялдамаға бір минуттан асар-аспаста жетіп отырса, бір сағаттың шамасында соңғы аялдамаға да барып қалуға болар. Қазақ жол кеспейді, дегенмен де әр минуты санаулы, жыл бойы не істейтіні жоспарлаулы қызметтің тәртібімен Сәкен Сейітұлы оны да көңіліне түйе отырды. Енді бір сағаттың шамасында кім жеңетіні белгілі болады.
– Әрине, мен!   Сәкен Сейітұлы артынан еріп келе жатқан сүлікқара машинаның ішіндегілердің, әсіресе, Әбдіғали Рахманұлының түрін көз алдына елестетті. Мәрт жігіт қой, иығынан шойындай қолымен бір ұрып, құшағына көміп алып, қабырғасын күйрете қысып-қысып: – Уважаю, Сәке! – дер еді.

Бүгін бір нәрсе боларын іші сезеді…  Бұрын-соңды болмаған оқыс оқиғаға кездескелі тұрған сияқты… Тек, тыныштық болғай…

Жол жиегінде тұрған екі әйел дөңгелектің астына түсіп кетердей жанталаса қол бұлғайды. Жүргізуші кілт оңға бұрып тоқтай қалды. Арттағы көліктер айғайлата сигнал беріп жатыр. Сәкен Сейітұлы есікті сырғытып жіберді. Қызыл былғары күртесінің өңіріне мысықтың жылтырақ бейнесін таққан келіншек, тамам жұртты қаңтарып қойып еріне сөйледі:
–    Комсомольская — Коммунистическийге бара ма?
– Жоқ! – деген шопыр, айнаға қарап жіберіп газды басты. Бір бүйірден лып етіп шыға келген жеңіл машина алдын кескестеп жүргізер болмады.  – Комсомольскийің қайда, біреу қайда!? Еріге ме осылар?!   Келіншектер есікті жабуды ойлаған да жоқ. Поезд купесінің есігінше ашылатын есік қозғалыс екпінімен кері серпілді де, әрлі-берлі лықсып тұрып қалды. Сәкен Сейітұлы отырған күйі созылып, есікті жапты. Бұларды лезде ұмытып, теріс айналған келіншектердің соңдарынан қарап қалды. – «Халқым ғой, ренжуге болмас…». Кептеліп тұрған көліктерден қашқан шопыр бірде қарсы бетке шығып кетіп, бірде бері өтіп, машиналардың арасынан саңылау іздеп жынығып келеді. Қайда қашса да алдына түсіп алып бұлтаңдаған шие қызыл иномарка жол бермей қойды.
– »Мен шопыр болсам секіріп түсіп, ана сұмырайдың тұмсығынан періп-періп жіберер едім! «.
– «Машинасынан суырып алып, басын жыланның басындай езсе шіркін!».
Сәкен Сейітұлы көздері жанып, белсеніп отырған екі қартамыс әйелге қарап аң-таң. «Жеңгелеріміз қашаннан бері еркек сабауға шыққан… Мына апайлар не деп отыр өзі?!…»

Сәкен Сейітұлы көздерінен жас парлап есінеді.

Бір кемпір қайтарған ақшаларды дәріден босаған пластмасса құтыға сала бастады. Қалтылдаған қолдарын құтының аузына дәлдеп отырғанда автобус бір жағына бұлт ете түсті де, ұсақ ақша шашылып кетті. Етегіндегі бір-екі темір теңгені қармап үлгерген кемпір тізесін сипалады. Жанындағылар теріп берген ақшаны санаған болып алақанына шұқшиып біраз отырды да плащының төс қалтасына салып, тақалып тұрған қыз бен жігітке көздері сулана қарады.
Шопыр жақтан әдемі ән естіліп тұр. Әбден ит сілікпесі шыққан магнитофонның қырыл-сырылы араласып кетсе де, әншінің жағымды дауысын бұза алмапты. Мынау, әлігі әнші ғой, өзі шығарып, өзі айтатын. Аты кім еді? Мұқанжан ба еді, Мұхтархан ба еді?.. Осы баланы ертең немересінің туған күніне алдырып, осы әнді орындату керек. Мына дауыс небір жүрегі шемен болып кеткен адам болса да баурап алар дауыс екен.
Сәкен Сейітұлы аялдамадағыларға көз салды. Әртүрлі пішін, әртүрлі бейне. Біреу әлденеге абыржулы, біреу тас мүсіндей – бет-жүзінде тіршілік белгісі жоқ. Ана шетте самса жеп тұрған екеу өте көңілді. Аялдамаға жапсарлас салған дүкенге біреулер кіріп-шығып жүр. Бөтелкеден қылқылдатып сыра жұтқан денелі жігіт маңайына тоғайып қарайды. Кішкентай қыз бала шешесінің қолынан тартқылап бірдеңе дейді. Жолға қарап тұрған кәрі-жасы аралас топтың көздерінде күту тұр. Біреу сабырмен күтеді, біреу тағатсызданады. Бір қарағанда бейжай көрінген жұрт керек көлігі келіп қалғанда тұра ұмтылып барып мініп кетеді де, оның орнына басқа біреу тұра қалады. Ол да күтеді…
Арқасына үлкен бір нәрсе былқ етіп қонды да, төмен қарай жұмсақ жылжи бастады. Жаңағы үлкен, жұмсақ нәрсе жанындағы адам мен екі ортаға жапыра кірді де, бұлтың-бұлтың етіп орнын кеңейте бастады. Сәкен Сейітұлы ақырындап мойнын бұрып еді  – бір етжеңді келіншек нық орналасып алып, оң жағындағы көршісімен әңгімеге кірісіп те кетіпті. Төрт адам әзер сиятын орынға алты адам тығылысқан соң, құйрығының шеті ғана ілініп, бар салмағы аяғына түскен Сәкен Сейітұлы қарасаны талып, ебедейсіздеу шошайып сәл отырды да, тұрып кетті.

Біреулер кіріп жатыр, біреулер шығып жатыр, әркім өз-өзімен. Тап-тар жерде бір-біріне жабысып тұрады, бір-бірінің қалай дем алғанына дейін сезеді, өте жақын, алайда, тонның ішкі бауындай көрінген осы жақындықта тасбауыр жаттықтан әрмен бөтендік бар. Әркім өз қауашағына кіріп алған, ініне су құймасаң шықпайтын саршұнақ сияқты; қалтарысы қалың жықпылға бұққан тағыдай кісікиік мінез танытады.
Сәкен Сейітұлы осының өзінен жеңілдік, еркіндік сезінді. Бұл жерде бәрін бақылап, қит еткенді електен өткізіп отыратын көз жоқ. Ішіп кірсең де еркің, өзгенің жанына тиіп, мазасын ал – бәрі сияды, тіпті жарасымды.

Сәкен Сейітұлы босаған орынға отырды. Пластмассадан құя салған орындық тастай екен. Қалың матамен қаптаса артық етер ме еді, халықтың күні бойы жөңкілетін көлігі ғой? Табанының бұрандасы шығып кеткен бе, Сәкен Сейітұлы автобус жұлқыған сайын шалқалап барып түзеліп отырды. Тап алдына келіп тұрған қыз баланың үстіндегісі кіндіктен жоғары екен. Мүсіні келіскен қыз жоғарыдағы темірден ұстап керіле түсті. Көзін алып қашқан Сәкен Сейітұлы терезеге мойын бұрды.
Ағызып келе жатқан автобусты бағдаршамның қызыл көзі тоқтатты. Дәріхананың әйнек қабырғасының ар жағында көшеге қарап талдырмаш қыз тұр. Ақ халаты ақша жүзін керемет ашады екен. Қап-қара шаштары оң жақ иығын жауып кеткен. Дәріхана ішінде ақ халатты кәрілі-жасты әйелдер күйбеңдеп, дәрі-дәрмек сөрелерінің арасында қауырт жұмыс үстінде жүр. Қыз бала, жыра іздеп, ойпаңға құлап безектей аққан жаңбыр суына тесіле қарап қалыпты. Дәріханадағы күйбеңде де, көшедегі ызы-қиқы өмірде де шаруасы жоқ, көктем сиқырына есі кетіп, бөлек бір әуейі әлемде тұр. Ақ мәрмәрдан ойған мүсін сияқты, әйнек қабырға алдында үнсіз қалшияды.

Көз алдына ұлу келді. Қала өмірі мен ұлудың арасынан жақындық таба алмай келеді. Тас құрсанған қала мен тасқабыршақ жамылған нәзік мақұлық. Небір данышпандарға сырын түгел ашпаған форма мен мазмұнды қатар арқалаған қабыршақ-өмір. Бір табан абайсызда жаншып өтсе формаң мен мазмұныңнан ылғал-із ғана қалады. Сонда «үп!» дегенде пайда болып, «сүф!» дегенде жоқ болатын тіршіліктің мәні неде?..

Шопыр жол бойы анда тоқтап, мында тоқтап жалғыз-жарымдап  адам теріп, іште аяқ басар жер қалмады.
Халық бір-біріне сиам егіздерінше жабысты. Барын үстіне ілген қартамыс орыс әйелі түтігіп қоя берді: – Ей, адамдарды ойласаңдаршы! Әр қоғамдық көлікке қанша адам отыруы керектігі ресми белгіленген нәрсе. Он үш адам ба, содан аспауы керек. Ол норманы неге бұзасыңдар? Мынау не масқара! Бір-бірімізді қойша таптатып қойған бұл не сұмдық!? Жетер енді!
Тұрған халық қозғалақтап, сөзін сөйлеген ол әйелмен үнсіз келісіп тұрды. Контролер бала есік жақтан көңілді дауыстады:   – Апай, сіз де қызықсыз. Бәрі де жұмысқа кешікпей барғылары келеді. Ренжімеңіз, қазір қалай түсесіз, солай ұмытылады. Өмір ғой, апай, өмір!  – Саяхат! – Көк базар! Жолақысы қырық теңге!

Бағдаршамның қызыл көзі жанып тұр. Сәкен Сейітұлы өздеріне жанаса тоқтаған автобустың ішіндегі адамдарды бір шолып шықты. Кенет арғы беттен өзін көрді. Шопырдың орнында отыр. Ол да бұған қарайды. Бет-аузына бажайлап қарап отырып «Сен қайдан жүрсің?» дегендей көзі бақырайып таңдана бастады. Шашы, киімі, түрі – бәрі өзі. Бағдаршамның сары көзі жанып, қапталдағы автобус қозғалып кеткенде, рульде отырған кәдімгі шопырды көріп Сәкен Сейітұлы күліп жіберді. Екі көліктің қабаттасқан әйнектері айнаға айналған екен.

Контролер бала қарияға ақша төлеу керектігін ескертті. Шұбырып кіріп-шығып жатқан осыншама халықтың қайсысы төлеп қайсысының төлемей отырғанын қалай есіне сақтайды екен?
–    Мен соғысқа қатысқан ардагер адаммын.
–    Қойыңызшы, қайдағы соғыс, түріңіз жап-жас қой.
Мына шал контролердің көзіне шынымен жас көрініп тұр ма,
әлде тиын-тебенге өте жақын бала ма, әлде, сұрауын сұрап
алып, қысылғаннан тапқаны ма, баланың түрінен оны түсіну
қиын еді.
–  Соғыста пулеметчик болдым. Сарылдатқанда жауды бауша түсіретінмін. Олар мені мергенге аңдытты ғой, қолға түскен тіл айтты. Командиріміз мені ерекше жақсы көретін, қолтоқпақтай түрімді аяп, пулеметті екі метр хохолға көтертіп қоятын. Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі деп қазақ бекер айтпаған, денеме бір тыртық түспей оралдым. Елге келе сала үйлендім, құдайға шүкір тоғыз ұлым бар. Немерелер, шөберелер өсіп жатыр.
Жұрттың бәрі өзін ғана тыңдап отырғандай жан-жағына жалтақтап қарап алып әрі қарай сампылдай берді, үні ашық, әр сөзді шегелеп айтады екен:
–  Біздер сондай қасқыр болғанбыз, қарақтарым. Қазіргі жұрт тымпиып, үн шығармайды ғой, ішімдегіні танып ал деп, бізге тығынымыз бір ағытылса тоқтау жоқ, сайрауға үйреніп қалған жақ қақсай береді.
Қария өзі айтқандай бар екен, шаршамай, жағы да талмай шынында да біраз сөйледі. Бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне келгенде тіпті қызынып кетті.
Зейнет жасындағы әйел қарама-қарсы отырған екі әйелге қарап әңгімесін айта бастады:
–    Қазір бүкіл қалада құрлыс, Нарынқолға шығатын қара жолдың екі жағы коттедждерге тола бастады.
Екі әйелдің бірі түсін бермей бейтарап түр танытты. Қолында гүлі бары  құлықсыздау болса да қостай сөйледі:
–    Ағаштарды айтсайшы, кесіп тастаған.
–    Ағаш өсер-ау, Жетісу жері күректің сабын шаншысаң ертең дараққа айналатын жомарт қой, үйлерге қызығамын, өзім қызыммен жатақханада тұрамын, енді бізге қайдағы үй, қалдық қой сол жерде…
–    Жиған-тергенің болмаса, тегін үй жоқ бүгінде.
–    Аспаннан киіз жауса да құлға ұлтарақтық  бұйырмас деген, қанша жыл жұмыс істедім, мені білетіндердің бәрі айта алады, еңбектің қара нары болдық қой, бірақ үй жоқ…
–    Балалар алатын шығар, қазір заман жастарға қолайлы ғой.
–    Қызым кеше «өмір бойы қара жұмыс істедің, содан тапқаның қайсы, ең болмаса үй алып бере алмадың» дегенде не айтарымды білмей отырып қалдым. Жүрегім біртүрлі болып кетті. Бес жыл тағы оқыттым, сол қыз үшін ғой өмір сүріп жүргенім, ол келіп жаңағыдай дейді.                                     Әйел мүсіркеу күткендей жалынышты түрмен алдындағы әйелдерге көздері мөлдірей қарады. Олар көңілсіз әңгімені жақтырмағандарын білдіргілері келмей терезеге көз салып, көше өмірін қызықтаған болды.

Біреудің тесіле қарап отырғанын сезді. Үстінде темір түймелі жұқа плащ. Ала көз, жағына пышақ жанығандай, қуқыл өңді осы әйелді бір жерден көрген сияқты.

Арыны басылған соғыс ардагері, көзі суланып бұған қайта-қайта қарап отырды да көкейдегі сұрағын сыртқа шығарды:
– Әкем-ау, жасың нешеде?
– Төрт мүшелден асып барамыз, ақсақал.
– Е-е-е, жөн, жөн. Қайда істейсің, балам?
Сәкен Сейітұлы не дерін білмей қалды. Шынын айтса естіген жұрт жарымес біреу деп қалар.
– Мына таудың төбесіне қар түскелі қанша жыл, ата?
– Оны кім біліпті балам. Біз қарапайым адамбыз, қақ-соқта шаруамыз жоқ.
– Ұйықтағанда екеусіз бе, төртеусіз бе?
– Ұйқы тастай, тамақтан қалғаным жоқ. Тек көз нашарлау көреді.
Сәкен Сейітұлы сәл үнсіз отырды да, шалдың көңілін аулап тағы тіл қатты:
– Зейнетақыңыз жақсы ма, ата?
– Құдайға шүкір, жетеді, үкімет қарасып тұр ғой. Отыз жыл теміржолда істедім, он жыл кәнторда отырдым. Соның бәрін есептеді.
– Кемпіріңіз бар ма?
– Кемпір былтыр кетті. Кіші ұлдың қолындамын.
– Ауылда кімдер бар, ақсақал?
– Ешкім қалмады, бәрі осы қалада.

Сәтпаев көшесінен түсіп қалған студенттер есігін жаппай кетті. Жаңа кіргендердің ақшасын алып жатқан контролер баланың қолы босамай жатқанын көрген Сәкен Сейітұлы есікті жапты. Ешкім қозғалмай отырғанда өзінің тағы да елп ете түскеніне біреудің аяғын тазалағандай қорсынып қалды да, «Халқым ғой, қызметім сатулы емес» деп көңілін демдеп, көпшіліктің алдында кішірейгенін мерей көріп, іштей риза болып қалды.

Алда тұрған адамдардың арасынан бір қыз ерекше көзге түсті. Қаз мойнын алға бұрып, бір қырындап тұр. Мойыны мен иықтары таңғы нұрдай екен. Айналасын қоңырсалқынға бөліп, бұйығы рахатқа шақыратын сабырлы сұлулық. Шілденің аптабына ұрынған таңғы нұр ақшаңқанға айналып күйіп-жанар ма екен?..

Газель Абай мен Байзақов көшелерінің қилысынан өтті. Абай көшесін ортасынан қақ жарып, циркке қарай созылып, аусыл болған сиырдың тіліндей салақтап жатқан сквердің шетін халық «тещин язык» атап кеткен еді. Бүгінде жол қилысы кеңейтіліп, «ұзын тіл» қысқартылыпты. Совет заманындағы «тещин языктің» ұшы кесілгені болар, автобус ішіндегі айғай азайыпты-ау  деп Сәкең іштей мырс етті.

Күн өрмелей-өрмелей Көктөбенің басындағы телемұнараның төбесіне шығыпты. Цирктің алдынан өте бергенде бетон діңгектегі, бір кезде, мәжіліс депутаттығына түскен әйелдің суретіне көзі түсті. Мәскеу циркінің түрлі-түсті көлдей офишасының қақ ортасына жапсырылыпты.  Білген  өнерлерін көрсеткен күйлерінде қалған піл, маймыл, керік, жолбарыс, қолтырауын сияқты хаюанаттардың ортасынан көзәйнегі жарқырап, бар мейірін бетіне жиып, халықтың жоғын жоқтаушы кейіпімен  күлімдей қарайды. Сәкен Сейітұлы жақсы таниды, қазір мәжілісте жалпы адамзаттық мәселелерді жиі көтеретін депутат.

Мама қаздай мамырлаған бір әйелге ілесіп жолдан бір топ сәби өтіп барады. Бір-бірінің етектерінен ұстап алған, қолдарында бір-бір көк жалауша, аң-таң күйде айналаға ауыздарын аша қарап, циркті бетке алып әлтең-тәлтең басып томпаңдайды.

Аялдамада ерлі-зайыпты болу керек, екеу тұр. Әйел ұзын бойлы еркегінің иығынан ғана келеді. Араларында екі үлкен ала сөмке. Үстерінде сәннен шыққан, көнетоздау киім. Еркегі мандариннің қабығын аршып көсегін әйелдің аузына салады. Басындағы тоқыма телпегі көзіне түскен әйел әлденеге мәз, алтын, темірі аралас тістері жалтырап мандаринді тұшына қайзаңдайды. Жанары жалт-жұлт етіп еркегіне еркелей қарап қояды. Телпегін сәл көтеріп маңдайын неге ашпайды екен деп ойлады Сәкен Сейітұлы. Өзінің маңдайын бас киім қышытқандай, қабағын жоғары, төмен жыбырлатып, бір тыжырынып алды. Еркегі мандариннің қабығын анадай жерде тұрған қоқыс салғышқа томпаңдап барып тастап келеді. Жемістің тағы бір көсегін әйелдің аузына салады. Әйелі темір тістері жалтырап, ұядағы сарыауыз балапанша аузын ашады. Күйеуінің аузынан шыққан әр сөзді жымия қоштап басын изейді. Осы бір қарапайым көрністен Сәкен Сейітұлының жүрегі елжіреп кетті. Машина қозғалып кеткенде, артта қалған екеуге мойыны қарысқанша қарап отырды.

Жол бой қызылды-жасылды жарнамалар қалып жатыр. Сәкен Сейітұлы банкілердің көптігіне таңырқап келеді. Казинолар да көше сайын кездеседі.

Ішке үш шешен қызы кірді. Үшеуі де сұңғақ бойлы, құмырасын төбесіне қойып, бұлақтан су таситын тау қыздарының тіп-тік денесі. Үшеуі де ашық қоңыр матадан тобықты жабатын көйлек киіпті. Бастарына маңдайдан асыра төрт елі орамал салыпты. Шақ-шұқ етіп өз тілдерінде әлденені айтып, сабырлы әңгімелеседі. Қарапайым қыздардың өнбойларынан өр мінез, асқақтық сезіледі. Осыған дейін көзге түсіп тұрған қыздар біртүрлі төмендеп сала берді. Әсем боянып, сәнді киінгендерімен де ажарлары солғынданып, сыртқы жарқылдары көмескіленіп, қоңырқай тартты.

Бір бала жылады.
— Мама қарным ашты, шоколад жеймін!
— Күнім-ау үсті-басың қызарып кетеді, болмайды ғой саған.
Шажаланып бақыруына қарағанда қадалған жерінен қан алатын біреу болар өскенде.
– Сен мамаңды жақсы көресің бе?
– Жоқ! Сен жамансың!
– Мә, жартысын ғана тісте. Енді сұрама. Сені бала етпеймін.
– Тү-үһ! Менің де тәтті жегім келіп кетті ғой.  Кертік мұрын қыз қасындағы құрбыларына аузының суы құри сөйледі.

Сәкен Сейітұлы иттерін ойлады. Кеше үйге келген бойда қызметшілердің қалай тамақтандыратындарын өзі тексеріп шықты. Бес иті де түгін тартса майы шығып дейтіндей, күйлі екен. Иттерімен көгалда алысып ойнайтын. Иығына асыла бергенін алдыңғы аяқтарынан шап беріп, тобықтан қағып жерге топ еткізеді. Арқасына жабысқанын үстінен асыра тастайды. Бұл қашады, олар қуады. Жеткенімен алыса кетеді. Иелерінің күресе кетсе қандай әдіс қолданатынын біліп алған иттер жалт береді. Кейде ебін тапқаны иесінің бетін жалап-жалап алады. Ерігіп жүрген иттер Сәкен Сейітұлын шаршатып тынады. Орамалын иығына тастап кетіп бара жатқан иелерінің соңынан тілдері салақтап телміре қарасады, ойынға тоймай, аяққа оратылып жібергілері келмейді.
Ит екеш тілсіз иттің өзі жылылық күтеді, адамнан адамша сыйластық дәм етеді, иесінің таяғы батып кетсе де жамандыққа бармайды. Достыққа берік. Мысықтай асылыққа бармайды, шашпа да емес – тамағының артығын рәсуә қылмай, көміп қояды, күн туса қазып алады.

Есік жаққа қарап еді манағы көнетоз плашты әйелмен көзі түйісіп қалды. Бұл кім болды екен? Сонша шұқшиюына қарағанда танитын адам-ау сірә?.. Жорта танымағансып отыр деп ойлап қала ма деп Сәкен Сейітұлы қысыла бастады. Бір кездердегі тамыр-таныстарын есіне түсіріп көрді, кім болды екен? Ә-ә! Таныды. Астанаға көшпей тұрғанда өздерінде еден жуатын әйел. Көз алмауына қарағанда – мына көптің ішінде Сәкен Сейітұлының кім екенін анық біліп отырған жалғыз осы әйел. Осындай адам да жұмыстан түсіп қалды-ау деп отыр шамасы. Бірақ, біртүрлі шоши қарайды, сенер сенбесін білмей, үркектеп, қорқа қарайды. Ұрлығы ашылғандай болып өз-өзінен қуыстанған Сәкен Сейітұлы жанарын тайдырып әкетті.

Күміс түсті Джиптің төмен түсірілген терезесінен қыз баланың қолдары көрінеді. Қолдар қыз баланың нәзік екенін әйгілеп тұр. Жалтыраған шағын ғана қол сөмкіні ашып, ішінен крем шығарып алақанына сығып, білектеріне жаға бастады. Тырнақтары көкшіл түске боялған аппақ саусақтар бір-бірін еркелете сипап өтті, білезіктерді де бір-екі мәрте аялай айналдырып алды да  шынтаққа дейін ақырын ғана сылап шықты. Қолдардың әр қозғалысында бір әуен бар. Алдындағы айнаға қараған болуы керек, ілгері ұмсынды. Бағдаршамның көк көзі жанып, сүйріктей саусақтар еппен келіп рульге жатты да, үлкен машина жеңіл қозғалып кетті.

Жаңа бір әзірде жиегінде көрген екі баланы ойлады. Екеуі бір бірімен жарыса, шайнап тұрған сағыздарын алып, домалақтап лақтырып жіберді де, ағараңдап домалап бара жатқан сағыздың тағдырын қызықтасады. Бір-біріне бүйірлерін үйкелей зуылдаған машиналардың сансыз дөңгелектері асфальт жол бетінде зырыл қағады. Балалар сағыздарының қанша машинадан аман қалғанын санап тұр.

Автобус аялдамаға тоқтаған кезде дүкенге жүгіріп кеткен контролер бала айналып қалды. Сәкен Сейітұлының көзі аялдаманың ұзынша орындығының шетінде бір уыс болып отырған кәріс шалға түсті. Басында, бір кездері қоңыр болған болуы керек, түсі оңып, кәрі иттің жүніндей ұйпа-тұйпасы шыққан сарыжалақ бөрік.
Мынау сол кәріс қой! Қанша қартайса да таныды. Тіпті киімі де өзгермеген тәрізді, басына бөрік қондырысы да таныс – бір құлағы түріліп, бір құлағы төмен салбырайды. Кәрі шал айналасында қайнап жатқан тіршіліктен тысқары, мүлдем шет, өзге бір әлемде отыр. Аялдаманың бір бұрышында, вокзалда ұмыт қалған қолдорбадай елеусіз қылжияды. Өткен-кеткен халық та адам отыр-ау деп елеп жатпаған сыңайлы. Шалдың көзінде бір қалың мұң бар. Аялдамаға келіп тоқтаған троллейбус, үлкенді-кішілі автобустардан көз алмайды. Сәкен Сейітұлының есіне студент кезі түсті. Ол кезде бұл кәріс орта жастардағы адам еді. Үнемі бір жерде – Коммунистический көшесінің бойындағы «Балалар әлемі» дүкені аялдамасында тұратын. Қарына қызыл шүбірек байлап алып троллейбустардан түскен адамдардың билетін тексеретін. Көбіне билетсіз жүретін студент қауымның жауы. Бұлар қашып үлгереді. Қуып жетуге бір аяқ, бір қолы кемтар контролер есік ашыла бергенде шап беретін. Ешқандай сылтау-мылтауыңа құлақ аспайды. Жоқ дегенді түсінбейді, тас кенеше жабысып алып, ұстаған жерінен айырылмайды. Кейде иығына фотоаппарат асып алады. Бұлар үш жігіт жұптары жазылмай бір жүреді, ананың аңдып тұратынына ерегесіп қолдарындағы бар билетті көрсетпей кететін. Бірде ағаштың тасасына жасырынып тұрып бұл үшеуін түсіріп алыпты, бір ай бойы қаланың көлік біткенінде суреттері ілулі тұрды.
Бір жағына қисайып алып, көліктен түскен адамдарға телмірген кәріс шал не ойлап отыр екен? Мүмкін, кешегі күнін, дәуренін ойлайтын шығар.
Болымсыз да болса қолында билік бар еді, билет алмаған адамдардың күні осыған қарап тұратын – еркіне жібере ме, шырылдатып айып сала ма, құжатын тартып алып, айлап артынан сүмеңдетіп қоя ма, ерік өзінде еді ғой. Бүгін міне, оның бәрі өтірік, кешегі, билеті жоқтарға, әсіресе студенттерге өш, ақырған контролер бүгінде мыжырайған бір уыс шал. Отыр әне, аялдаманың бір бұрышында, вокзалда ұмыт қалған қол дорба сияқты езіліп. Автобус, троллейбустар тоқтаған сайын қарындарынан ақтарылып түсіп қалып жатқан адамдардың бұнда еш шаруасы жоқ. Бір жапырақ билетті қоқыс жәшігіне тастай салып, жөндеріне кетіп жатыр.
Мүмкін, бар өмірі контролер болып өткен ол, өзінің жастық шағын сағынатын шығар. Таң ата салысымен қалаға жан бітіріп, көшелерде әрлі-берлі жоса бастаған қоғамдық көліктермен бірге бұл да қайратына мінетін. Кішкентай да болса, тәртіп қадағалайтын заңның өкілі. Шынында да ол өзін анау-мынау прокурордан кем сезінбейтін сияқты еді.

Мана аялдамаға жақындап қалғанда көргені көз алдына келді. Биік үйлердің іргесіндегі тротуармен аяңдап келе жатқан. Ертемен ашылған супермаркеттің алдынан өтті. Халық кіріп-шығып жатыр. Дүкеннің алдындағы ағаштардың арасына жайғасып алып, көр-жер сатып отырғандарға кідіріп, кітаптарға көз салды. Ескі балта, ет тартқыш, ыдыс-аяқ жатқан жайманың бір шетінде Достоевскийдің «Қылмыс пен жазасы», Марк Твеннің «Том Сойері», Гогольдің «Өлі жандары» және «Қазақ ертегілері»  жатыр екен. Қорбиып қабат-қабат киініп алған әйел, сөмкесінен пүліш күшікті шығарып жатып заттарын мақтай бастады.
Еңіске түсетін гранит баспалдақтың ең жоғарғы сатысында екі қорап жатыр. Сәкен Сейітұлы өтіп бара жатты да, кілт тоқтай қалып, кері оралды. Кәдімгі, аяқ киім салатын картон қораптың қақпақтары. Бір қорапта екі қуыршақ көрінеді. Бірі қолдарын тізесіне салып отыр. Көкшіл бөзден тіккен, ішін мақтамен толтырған көрер көзге сүйкімді, томпиған қуыршақтар. Шаштарын қос бұрым қылып өріп қойыпты. Шалқасынан жатқан екіншісі пальтоның түймесінен жапсырған қап-қара көздері бадырайып аспанға қарап қалыпты. Жансыз салбыраған қолдары әлдебір қуаныштан шаттанып алақан шапалақтағысы келгендей бес саусағын дарбитып алыпты. Екінші қораптың ішінде шашырап бес теңгелік, он теңгелік темір ақша жатыр. Сәкен Сейітұлы қар үстіндегі картон қораптарға қарап біраз тұрды. Жан-жағына қарап еді, иесі осы-ау дейтін жан баласы көрінбейді. Қуыршақтарға қайыр сұратқан жанның қулығының құрық бойламас тереңдігіне таңданды. Әрі-бері өтіп жатқан халықтың қуыршақтарда ісі жоқ. Күн көзінен тығылып, биік үйдің көлеңкесіне жасырынған салтақ қарды жанши басып кетіп жатыр. Сәкен Сейітұлы екі-үш аттап артына бір қарады – қуыршақтар, сәбиге келіңкіремейтін дорбықтау еріндері бұртиып, өкпелеп жатқандай көрінді. Томпиған алақандары тоңып қалған жоқ па екен?..

Екі қолын жоғарыдағы темірге асып, сүлесоқ тұрған бір жас жігіт сыртқа көз салды да, шалт кері серпіліп, шығар есікке ұмтылды. -«Әй айналайын! Не болды сонша, аяғыңды белімізге дейін көтеріп. Өзің үстің таза болса болды, басқаның киімін шұлғау қылу керек пе!? Өй, өзің де бір…». Кіргелі бері тыжырынып, айналасын қуырып тұрған интеллигент тұтана жөнелді. Ең ыңғайсызы дап-дардай кісінің естіртіп тұрып боқтағаны болды. Жаңа ғана ішке кірмей жатып «жартастай болып тұрып алыпты ғой, сілеймей, жылжы әрі!..» – деп Сәкен Сейітұлының да ту сыртынан кіржіңдеген еді.

Сәкен Сейітұлы ұзақ есінеді де, қол орамалын алып көзінен парлаған жасты сүртті.

Қарадан қарап отырып торықты. Бұрын мұндайы жоқ еді. Ана өмірдің мың жылы пенденің бір күні. Содан да ол байғұс қамшының сабындай қысқа ғұмырында бәріне үлгеріп қалуға тырысып, жанталасады. Адамзат үшін іш пыстырар сабырдан жаралған ұлу мың жылдық тірліктің ырғағымен өмір сүреді. Өмірдің неде байлауы?..

Ішке скрипка ұстаған тоғыз-ондардағы қыз бала кірді. Аспабын бауырына қысыңқырап, алақандай көздері жаутаңдап жан-жағына қарады. Сәкен Сейітұлы жанындағы жас жігітті тұрғызып жіберіп, қыз баланы қасына алды. Жалғыз шешесі бар екен, өзі халықаралық конкурсқа дайындалып жүр, бірақ барар-бармасы белгісіз, қол ұшын берер біреу табылмаса, байқауды былтырғыдай, теледидардан ғана тамашалайды.  Мұрнына скрипка құндағының жасанды тері тысының иісі келді. Қызғылтқоңыр денесі мақпал құрсаққа шап-шақ келіп, төрт шек өрілген иір мойнын кербез керіп жатқан скрипканың иісін, өте таныс иісін сезіп отыр… Қияғын қолына алып, скрипканы иегіне қысып, күйге дайындалғанда осы бір иісті кеуде толтыра жұтуды ұнататын…
Бала кезінде музыкаға әуестенді. Шешесі «ертең скрипка алып беремін» деген күні түнімен ұйықтамай, таң қылаң бере мұздай киініп алып, сағат тоғыз болуын күткен. Аяғының ұшына көтеріліп, шешесінің жақсы танысы еврей кемпірдің есігінің қоңырауын қайта-қайта басады. Үн-түнсіз тұрып алған қызыл ағаштан жасаған қалың есік дүңкиіп, өте жат болып көрінеді. «Есікті ашпай жатқаны скрипканы сатып жіберген болды-ау» деген ой келген сайын, алақандары тершіп, жүрегі мұздап кетеді. Ботадай көзі одан сайын бақырайып кеткен баласына қарап шешесі кекілінен сипап, жымияды. Ақыры ар жақтан біреудің тырп-тырп етіп тәпішке сүйретіп келе жатқаны белгілі болды. Қас қылғандай есіктің құлпы да ашыла қоймады. Бір кезде еврей кемпірдің ақшулан басы да көрінді-ау! Оның «Кешіктіңіздер! Сатылып кетті!» — деген сөзін естігісі келмей, баспалдақпен түсе қашқысы келді. «Кіріңіздер» — деп жылыұшырай қараған ол кемпірдің не айтқаны миына кірмей тұрып қалды. Шешесі қарияның бетінен сүйіп, ішке кіріп барады екен. Сол сәтте еврей кемпірден асқан сүйкімді, жақын адам жоқ еді Сәкен үшін. Қарияның скрипканы Сәкеннің қолына беріп тұрып, тесіле қараған ағынан қарасы көп аялы жанары әлі көз алдында тұр. Қазір ойласа, осы сәтте мистика бар сияқты көрінеді.
Үйде адам жоқта скрипканы иіскейтін. Мұрнына тақап алып, шектерінің канифол аралас темір иісін кеудесін керіп құныға тартатын. Қияғымен қиқылдатып ысып-ысып қояды. Әйтеуір үн шығарады, соған мәз. Бірақ, музыка мектебінің үшінші класына көшкен жылы тастап кетті. Ұстазы үйге келіп, шешесін алдына салып Сәкенмен талай сөйлесті. «Сен бойыңдағы өнерді өлтірдің, кие үркіттің, ай, тағдырың қиын болады-ау, көкем…» — деп қимасынан айырылып бара жатқандай көзі шыланып отырып таусыла сөйлеп-сөйлеп шығап кетті.
Аса қуатты, шексіз, шетсіз музыка мұхитының бір тамшысын ғана татып көруге шамасы жеткен сәтте құрдым алдында тұрғандай жаһаннамдық үрей пайда болды – скрипканың қияғын қолға алған сәтте мұхиттан дауыл көтеріліп, құтырынған толқындар тілдері жалақтап, аранын ашып келіп, скрипкасын құшақтаған бұны іліп әкетіп түпсіз жылымына ала жоғаларын түйсінді. Осы түйсік тыным бермеген соң скрипкадан құтылып тынды – бір күні жолдан өтіп бара жатып жүк машинасының дөңгелегінің астына абайсызда түсіріп алғандай тастап жіберді де қаша жөнелді. Күтірлетіп өте шыққан машинаның бауырынан «зың» еткен шектердің соңғы үні үйге дейін қуып келді. Сол үннен талай жылдар құтыла алмай қойды. Нәзік аспаптың қағаздай жұқа ағаштары пәршаланып, шиыршық атқан шектердің шыңғырып барып үзілгені, үні мәңгі өшкені тірі мақұлықтың қиналып барып, зор азап үстінде жан тапсырғанындай көрінді де тұрды.
Көкірегінде бос кеуек пайда болды. Кейде кеуде тұсы азынап Жоңғар қақпасынан соққан дауылдай жандүниесін суырып әкетіп бара жатады, кейде жай ғана сыздайды, әйтеуір содан бері маза қашты – бір нәрсе алқымнан алады да тұрады.  Ұмыттым ба,  құтылдым ба деп еді, енді міне, қырық жылдан соң неге екені белгісіз тағы есіне түсіп тынышын ала бастады.

Әсерленгіш мінезінен бе, аңсары бір күні сурет өнеріне ауды. Орталық паркте келе жатып, қалың ағаштардың арасында от болып жанып, айналасын алтын сәулеге малып тұрған бір ағашты көзі шалды.
Жапырақтарынан көзін ала алмай мойны қайырылған күйі тұрып қалды. Сап-сары жапырақтары аспанды көлегейлеп, балқыған янтарьдай мөлдіреп тұр екен. Ауадан мамырда айырған балдың иісі келді. Қанық сары түс өмірге іңкәрлік жырын төгіп, тамылжиды. Бойын сағыныш па, өкініш пе, бір түсініксіз күй баурап, беймәлім алыстан білінген іңкәрлік кенет құйылып, көкірегіндегі қызғыш құсын тыпырлатып қысып жіберді. Маңайдағы бар дүние қараң қалып, бар қызық таусылғандай, жабырқау сезімі басты. Сәкеннің жүрегі шымырлап, есіне ауылда өткен балалық шағы түсті. Қысқа жең, қоңыр тор сызықты жібек жейдесі болатын. Сол жейдесін киген күні көңілі алып-ұшып, жылы жаққа ұшар алдында елегізген қоңыр қаздай мазасыздана бастайды. Сары түс – жарқылдаған тосын бір қуаныш сыйлардай көңілін қытықтып, балаң жүрегін бірде аялай сипап, бірде тез өзгеріп мұңға бөлеп, көңіл перделерін жұлқи тергіштеп, алағай-бұлағай күйге салушы еді… Алтын шапақ шашқан ағаштың астында тұрғанда да сол сезім бұрқ етті.

Суретшілік өнерді қуып жүргенінде сол түсті таба алмай шарқ ұрды. Шуақ пен мейірім төккен сол жапырақтар көз алдынан кетпей, желмен ойнап құлағына бір нәрсені сыбырлағандай болады, бұл ол тілді түсіне алмай, әр бояуды бір жағып көреді, сол ағаштың жапырағын күнге тосып көзі қызарғанша қарайды, бәрібір ол сиқыр кенепке түспей қойды. Омарташыға барып, күнге қарап сары балды сапырып та көрді, кеңсірігі бітелгенше иіскеп те көрді. Сол түсті тапса сұр кенепке күннің бір шетін сындырып әкеп ілгендей болар еді. Шеберханада бұл күні бойы сурет салып үйренудің орнына бояуларды араластырып әуре. Жасыл түс оңай шыға береді. Жасыл  – алдамшы өмір түсі, сол жасылың оңып сарыға боялғанда мәңгілік мәнге ие болады. Бұның қимылын ұзақ бақылаған ұстазы түкке түсінбей басын шайқайды да, басқа балаларға ауысады.

Институтты геолог мамандығы бойынша бітірді. Заман бір заматта шытырдай қурап шыға келді де, айлап, жылдап, тау-тасты аралап, кешке алау жағып, гитарамен ән салатын салқам-сері дәуір көзден бұл-бұл ұшты. Романтикасын өзімен ала кетті. Бір басына өнер мен есеп-қисапқа шеберлік егіз қонғандікі ме, дүние құрау  талабына тез үйреді. Тиынды тиынға соғып жүріп, үлкен компания құрды, саяқ жүрген бұның мықты екенін білген билік құрық тастап өзіне тартты.

Суретші досы Ермұраттың шығармаларынан өзін көреді. Оның шеберханасына кірсе кенеп бетіндегі бейнелер ұзақ сағынтып барып көзайым болған тап бір қимас жақындары сияқты, емешегі үзіледі де тұрады. Мольберттің алдында ұзақ қалшияды. Қылқаламды кенепке тигізуі мұң екен бояу біткен сырын ішіне бүгіп, томсырайады да қалады. Одан да жүрегі шайлықпайды, қызыметбастылығы болмаса ол жерде айлап түнеуге бар. Ермұраттың шығармалары әлемнің ең таңдаулы галереяларын аралап жүргенін естігенде, жүрегі бар болғыр тұзаққа ілінген торғайдай тыпырлап ала жөнеледі. Скрипкасын жолға тастай қашқан көрініс жасындай жарқ етіп, көзін қарықтырып, айналасын от-жалынға көміп кетеді. Жүк машинасының нән дөңгелегіне жаншылған скрипканың шырылы зыңылдап, құлағында тұрып алады. Ол күні қандай маңызды істі де ысырып тастап, үйіне қайтады.
Әлемдік шедеврлер туғызған суретшінің құнды дүниесін қолына түсіріп алған, ол қазынасын өзіне басқа ешкім білмейді, үйдегі кабинеттің есігін тарс жауып, орта ғасырдағы сол құдіреттің алдына отырып алып еңкілдеп келіп жылайды. Сыртқа тепкен өксік тамағына кептеліп, шыға алмай қинайды. Бір кезде, бауыздауын пышақ орған малдың қорқырағаны сияқты бір үн жұтқыншақты жарып шығады да, манадан бері қинаған өксік қиқылдаған, шиқылдаған әлемтапырық дауысқа айналып көмейінен лақ-лақ ақтарыла бастайды. Содан кейін, тосқыны алынған тау өзеніндей сарқырайды. Ішуге жақындардың бөтелкені апталап құшақтап жатып шер тарататыны сияқты екі-үш күн тығылып жатып, мауқын басып, көңілін босатып алады. Қабағын төмен тартып, еңсесін басқан бір ауырлық сыпырылып түсіп, тұла бойы сергіп, жансарайы сәулеленіп шығады. Өнерге деген бұл мәжүнін көңілін жан баласы, жанындағы әйеліне дейін білмейді.

Үлкен қызметке келгелі, біреудің бойынан тырнақтай өнер таныса соның алдында әкесінен қалған қарызы бардай үбектейді де қалады.

Кептелген көліктер арасына киліккен автобус біраз тұрды. Көше қилысын жауып тастаған есік пен төрдей  троллейбус керіліп тұр. Сары күртеше киген жүргізуші әйел арбаның тертесіндей серең-серең еткен ұзын темірмен алысып, көлігін электр желісіне қоса алмай жүр.
Бүгін ұйқысы қашты. Әншейінде көпшікке басы тиген бойда қатып ұйықтап, таңғы жетіде бір оянатын әдетінен жаңылып, құс ұйқылы күй кешті. Түнімен қайта-қайта ояна берді. Таң қылаң бере төсектен атып тұрды. Қасына алып жатқан немересі – төрт жастағы Жібегінің көрпесін қымтады да, терезенің пердесін серіп жіберіп, желкөзді ашты. Алатаудың ақ басын сүттендіріп жіберген күннің тууына ұзақ жолдан баласын күткен анадай сарыла қарады.  Біраздан бері ауыр тартып жүрген денесі жеңілдеп, өзін ерекше бір сергек сезінді.

Автобусқа кіргелі бері есіней берді. Көзінен жас парлап ауызы жабылмай-ақ қойды.

Автобус жолды кептеп тастаған көліктерді айналып өтіп бордюрді басып, жол жиегін жағалап Сейфуллин көшесіне бұрылды. Алматының ең ұзын көшесінің екі жағында топ-топ жігіттер отыр. Жол бойындағы ағаштарға сөмкелерін іліп тастапты. Кейбірі арықты жағалай қоныпты. Қазақ газеттерінің «Сейфуллин көшесінің жігіттері, Сейфуллин көшесінің жігіттері…» – деп әлсін-әлсін дүрлігіп қалатындары осылар екен ғой. Сәкен Сейітұлы мойынын соза қарады. Бір тобы карта ойынының қызығына түсіпті, ортаға тастаған картонға карталарын бастарынан асыра шиырып келіп ұрады. Кейде бір-бірін иықтан салып қалып, өзімсіне айғайлап қояды. Кенет карталарын тастай салып, дүрлігісіп, жандарына тоқтаған жеңіл машинаға жүгірді.

Аялдамадан қозғала бергенде есіктен именшіктей қарап біреу бас сұқты:

–    Абая-Правдаға бара ма?
Кабинаның терезесін түсіріп қойып, темекісінің түтінін сыртқа үрлеп отырған шопыр есік көзінде тұрғанға алайып бір қарап, ақырып жіберді:
– Әй өзіңнің көзің бар ма, жоқ па! Әне! Қақ маңдайымызда! Әне! Бүйірімізде! Жазулы тұрған жоқ па! Тағы қай жерімізге жазайық!
–    Енді… тұрған соң… жай… сұрағаным ғой…
Іштегі жұрт еріксіз жымиысты.
–    ВАЗ-ға барамыз, ВАЗ-ға!
Анау да міңгір-міңгір етіп қоймайтын біреу екен:
–    Енді… сонда да… Сұрауға да болмай ма, не?..

Сәкен Сейітұлы аузын қолымен көлегейлеп, тоқтай алмай, көздерінен жас парлап ұзақ есінеді.

Мына қарамұртты бір жерден көрген сияқты. Ана ақсақалдың да жүзі таныс. Оның жанындағы жас жігітті қайдан көрді?.. Ал, шашын әдемілеп тұрып сәндеп, қатырып тастаған келіншекті ше?.. Шағын ғана автобуста сығылысып тұрған жұртшылық неге көзіне жылы ұшырайды?.. Күнде көріп жүргендей сонша таныс… Ә-ә… Қайдан көргені енді есіне түсті. Тоғызыншы кластағы баласының компьютерінен көрген екен ғой. Баласы халықты топ топқа бөліп, басына жетекші қойып, технологиясы күрделі әлдебір ойынға салады. Әр айналымнан өткен сайын жетекшілер саны азая береді де, халық қалғандарының айналасына топтасады.
Ойын соңғы айналымға келген кезде банктердегі сейфтің құпия кодын тапқан адамның қолына мол қаржы төгіледі. Ол қаржыны қарсыластарының адамдарын сатып алуға жұмсайды. Баласы көзі қызарып, түнімен отырып, кәнігі құмарпаздарша салынып ойнайды. Ұлы сол ойынның арқасында, мына қарапайым халықтың мінез-құлқын жаттап алған.
– Сен қай жағындасың, біреуіне бүйрегің бұрса қайтесің? – деген әкесіне:
— Мені ешкім білмейді, тасадағы құпия күшпін!  – деп баласы маңғаздана қалады.
Сәкен Сейітұлы бұл халықты жақсы білемін деп жүріпті, онысының қате екендігіне қазір көзі жете бастады…

Салонның іші қапырық болып кетті. Жаңа бір жас келіншек «қызуым көтеріліп отыр» деп терезені ашқызбай қойған. Сәкен Сейітұлының тынысы тарылды. Төбедегі люкті ашайын деп оқтала берді де, енді біреу қарсы бірдеңе десе шыңылдап тұрған жүйкесінің шарт кетерін біліп, неде болса көніп бағуға бел буды. Бір сағаттың шамасында соңғы аядамаға жетеміз деген манағы жорамалы әдіре қалды. Мына жүріспен әлі біраз салдырлайтын түрлері бар.

Мына Мұхтархан ба, Мұхтаржан ба, кім еді?.. Әнші емес екен ғой! Классикалық вокалдан дәріс алып, жөнді ұстаздың алдын көрмеген біреу болар, бірінші октаваның орта шеніне де ілікпей жатып-ақ, өкпесі өшіп, ентігіп қайтадан төмен қашады. Дауысы да жоқ, музыканы да мүлдем сезбейтін бала қиқылдап-шиқылдап миды жеді-ау!

Оң жақ бүйрегінің тұсына біреу шынтағын қадап алып, батыра итерді. Абайламай тиіп кету емес, астыртын жеккөрініш, тоңмойын дөрекілік, «сен кімнің шікірәсі едің» деп қарадан қарап жауласып, тұқыртып алғысы келген лас, пасықтау пиғыл жатыр. Сәкен Сейітұлының лезде қаны басына шапты. Біреуден жаман сөз естісе, қасақана жасаған жаулығын көрсе тап осылай ашуланбас еді, мына нойыс қылық нахақтан-нахақ желкесінен түйіп жібергендей әсер етті. Іштегілердің өзін бөлектеп, бір-бірімен тілсіз ұғысып өзара бірігіп, бұны қара бақайларына дейін жаратпай тұрғандарын сезді. Өзгелердің өзін алалайтындай не жазып қалғанын Сәкен Сейітұлы түсінбеді.

Кенет алдыңғы жақтан бір әйел шыңғырып жіберді де, шопыр тормызды басып қалды. Сәкен Сейітұлын тұрған орынынан біреу жұлып алғандай алға қарай лақтырып жіберді. Ортадағы түтікше темірдің біреуінен шап беріп еді, арқасынан соққан адамдардың дүлей екпінімен ол темірің шырпыдай шытырлап, быт-шыт бөлініп ұшып кетті. Өзі қалбақтап барып, алдыңғы орындықта отырғандардың аяқтарын құша сұлады. Түргеліп тұрған адамдар үстіне үйме-жүйме құлап жатыр. Шынтағын тірей құлаған еді, қимылдайын десе кеудесін жаншыған зіл батпан салмақ міз бақпайды. Сәкен Сейітұлы өзінің аяқ астынан ұшыраған дәрменсіздігіне таң қалды, ыза болайын десе бола алмайды, қайта күлкісі келетін сияқты, бірдеңе дейін десе ұйқыда бастығырыққандай дауысы да шықпайды. Аяғы байланып, қасапшының өткір пышақпен тамақтан қашан тартып жіберерін күткен қоңыр қойдың күйін кешіп, моп-момақан болды да қалды. Аяқ-қолым сынған жоқ па екен деген суық ой сумаң етті. Шыңдауы мен қайрауы келіскен шалғы орып түскен қамыстай сұлаған адамдар естерін жиып тұра бастады. Ешкім кейіс келтірмейді, бір апаттан аман қалғанына тәубе қылатындай. Шопыр тамағын жыртып, алдын кесіп өткен әлдекімге айғайлап жатты. Сәкен Сейітұлы созалаңдап барып көтерілді. Қолтығынан демей берген жас жігіттің қолын сілкіп тастады. Аяқ-қолы сынудан аман сияқты, тек оң жақ қабырғасы жаншылыңқырап қалыпты, дем алған сайын ауырсынады.
Бір әйел бұның үстінің шаңын қағып жатты. Тер орамалмен шаңның қалың жерін сүртіп қояды. Орамалынан арзан иіс су иісі аңқиды. Көзіне көзі түсіп кетіп еді – манадан бері үрейлене тесіліп отырған еден жуушы әйел екен – Сәкен Сейітұлын тап бір өзі ұрып жығып, шаң еденге сұлатқандай жаутаң қағады. Ыңғайсызданған Сәкен Сейітұлы ерінін жыбырлатып – «Рахмет!» – деді де қалың жұрттың арасына еніп кетті. Жұртшылық болған оқиғаны лезде ұмытып, түтікше темірлерден ұстап, терезелерге қарап телмірісті де қалды.

Мына қалбыр-сауыт көліктен не мағына іздерсің? Қарабайыр қалып. Ішіндегі мазмұны да мидай араласып кетіпті.

Алдында тұрған жігітті ұрғысы келіп кетті. Өзі ыңғай білмейтін біреу екен, айналамда адамдар бар екен-ау деп тұрған жоқ, қысыла-қымтырыла әрлі-берлі өткендердің жолын бөгеп, өгіздей өңкиеді. Қолын тура Сәкен Сейітұлының басының тұсынан созып, жоғарыдағы темірден ұсатыпты. Төбесінен тұқыртқан оның қолынан қашамын деп қисайған мойыны қарысатын болды. Бір-екі рет ескертіп көріп еді естімегенсіп тұра берді. Оң қол жағында кедергі болар адам жоқ, жас кезіндегідей, мына топас бастың бар миын солқ еткізіп, иектің астынан жанай ұрса, басы қақшаң ете қалып, үн шығаруға шамасы келмей, сілейіп жатар еді.             Қашан да оң қолының күші орасан болатын. Жасы елуге келіп қалса да сол күш қайтқан жоқ, қайта, кей кезде өзін жиырма бестегідей сезініп, спорт залда жүргенде қолдарын зыпылдата сермеп, жылдамдығы көз ілеспес күйде екендігін әлсін-әлсін байқап көретін. Тіпті, жас ұлғайып, дене ауырлаған соң жұдырығына да тиген жерін оңдытпайтын салмақ қосыла түскенін бүкіл денесімен сезеді. Жоқ әлде, құлақшекеден қысқа хук тастаса ма екен?! Сәкен Сейітұлы түйіле бастаған оң жақ жұдырығының ортан терегінің шодырайған сүйегі спорт шәпкесін милықтыра киген мынаның  қарақұсына қалай сақ ете түсерін сезініп, құшырлана бастады. Жас шағында рингке шыққанда оң қолының соққысын өзі қызған темір ретінде түйсінетін. Жарыстың алдында өзіне осы күйді баурайды, ол қасиетін жаттықтырушы да білмейді. Тек өзі сезеді, жан-тәнімен түйсінеді. Осы күй бойын билеген кезде, жараған бурадай, тоқтау бермес алапат күш буады. Жалыннан аппақ болған темір ауаны қарқырата жарып келіп көздеген жеріне тигенде қандай мықты қарсылас та, дауыл жұлған теректей қаңғалақтап барып сұлап түсетін. Кейін, тірі жан иесін ұрып ләззат алу да қу нәпсіні уатудың бір түрі екенін түсінді. Шой балғадай қолдың соққысы бүйрек, бауырды езіп жіберетіні тағы бар. Ол – бар үмітінің күлпаршасы шығып, жер қабады, бұл – қолпаштаған достарының арасында ұзақ сайран салады. Мына өңкиген жігіттің кінәсі не?! Ыңғай білмесе – туабітті мінезі шығар. Ол кінәлі болмаса бойын неге ашу-ыза алып бара жатыр? Неге мына тұрған халықтың бәрін қуып шыққысы, автобусымен қоса аударып тастағысы келеді?!. Неге?!.

Интеллигент түсіп барады екен. Алақанына шұқшиып сәл кідірді де, жалт бұрылып: «Атаңа нәлет! Қырыққа дейін санау білмесең, ауылға барып қой бақ!» – контролер баланың жағасынан ала кетті. Ондайға еті өліп кеткен болуы керек, контролер бала қолын жағасынан жұлып тастап, қайта санатты. Бір бес теңге өзге ақшаның астында қалса керек, есеп дұрыс шықты. Интеллигент тамам жұртты иіріп қойып қайта-қайта санады. Баланікі – дұрыс. Басын кегжитіп жөнеле берген интеллигенттің соңынан, бар оқыған-тоқығандарды қосып шопыр біраз сөйледі.

Контролер бала терезеден басын шығарып артқа қарады да: – «Басыңыз! Корабль келіп қалды, қазір бәрін сыпырып кетеді!» — айғай салды. Шопыр шағын автобусты асықша үйіріп, жылдамдықты үдете түсті. Сәкен Сейітұлы «бұ баланың корабль дегені не болды екен» деп артқы терезеге қарап еді – бұлар отырған автобустан үш-төрт есе үлкен автобус жолындағының бәрін таптап өтердей болып төніп қалыпты. Енді шағын автобус жол бойы қол көтергендерге тоқтауға да шамасы болмай, кей жерлерде бордюрді басып тротуарға да шығып кетіп, шайқалақтап барып қайта түзеліп, тыпырлап, жанталаса бастады. Өзін шопырдың ойыншығындай сезінген Сәкен Сейітұлы алдындағы орындықтың арқалығынан тас қылып ұстап алып, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарайды. Іштегі жұрт мұндайға әбден үйренген болулары керек – міз бақпайды, кейбірі тіпті, шопырлардың жарысына қандары қызып, танаулары делдиіп елеуреп келеді. Терезеден басын шығарып алып арттағы қуғыншыны жіті қадағалап келе жатқан контрелер бала шопырға дем бере айғайлап қояды. Қайта-қайта құлақты жара сигнал берген дәу автобус дігірлеп  қалар емес. Қайдан шыға келгені белгісіз, жоқ жерде пайда бола кеткен жол полициясы «Газельдің» алдынан қызылала таяғын көтерді. Сасқалақтап қалған шопыр қалталарын қарманып, құжаттарын алып кабинадан секіріп түсті. Бір кезде түтігіп қайта оралды.

Сәкен Сейітұлы көзін жұмды. Дөңгелектердің асфальт жолда сырылдап, ызғып келе жатқаны құлаққа жайлы естіледі. Мүмкін осылай, ел қатарлы елеусіз ғана тіршілік кешкен де дұрыс шығар.

– Мама, мама! Ана қарашы, светофор!  Светофор сынып қалыпты!
Баланың саңқылдаған ашық дауысынан іштегі қапырықтан көздері жұмылып, маужырай бастаған Сәкен Сейітұлы селк ете түсті. Жол қилысындағы светофордың қырлы сары қалайылардан тұрғызған бағаны машина соққан жерінен майысып, жаңа түскен келіндей сызылып, иіліп тұр. Қызыл көзі жіп-жіңішке сымға ілініп, жерге шынтақ бойы ғана жетпей салбырап қалыпты. Сымдары үзіліп кетердей керілген сары көзі көк шөптің үстінде жатыр. Көк көзі ғана ұясында қалыпты. Бір ғажабы – бағдаршамның үш көзі де әдетінен жаңылмай, рет-ретімен жанып-сөніп көлік біткенге жол көрсетіп тұр!

Сәкен Сейітұлы енжар күйде көше бойына көз салды. Кәріс шал есіне түсті. Автобус, троллейбустардан түсіп алаңсыз тарап бара жатқан жолаушыларды көріп, дәуірлеген заманын ойлап, іші күйген контролер шалдың түрі елестеп мырс етті. Бұның да қуғаны – шөл даланың үстінен айдын болып көлкитін, кенезесі кепкен Жер Ананың таңдайын жібітер бір тамшы ылғалы жоқ сағым-елес болып шыққаны ма?..
Бүгін өзіне не болды?!  Көңіл күйі мың құбылып келеді. Таңертең бір үйдің жанынан өтіп бара жатып, шарбақтың астынан ұшы шығып жатқан иттің құйрығын туфлиінің тұмсығымен жайлап басып қалды. Ана байғұс шалжиып ұйықтап жатқан болуы керек, атып тұрып, шынжырын салдырлатып, бетіне ешкім қарамайтын бір үйдің еркесіндей өзімен-өзі шала бүлінді де қалды.
Жаңа ғана тағы бір өнер көрсетті. Бастауыш кластың бір топ оқушысы, кіл ер бала, Сәкен Сейітұлының алдына жиылып қалыпты. Өздері бір нәрсеге қатты таласып тұр, дауыстары шәңк-шәңк етіп ащы шығады. Сәкен Сейітұлы аяқ астынан балалығы ұстап кетіп, өзіне арқасын беріп тұрған ақсарының құлағынан шертіп қалды. Шаңқ ете түскен ақсары арқасындағы сөмкесін бір қомдап алып, оң жағындағы местей семіз балаға – «Есің дұрыс па, Джоник, не ұрасың ей!» – қолын ала ұмтылды. – «Менде не жұмысың бар, жындысың ба өзің!» – деп баж ете қалған ол қақшаңдатып басын алып қашып тигізер болмады. Ақсары бала Сәкен Сейітұлына бір қарап қойды. Әкесіндей адамның еріндері жыбырлап, алаңсыз күйде көше бойындағы жарнамаларды оқып тұрғанын көріп семіз баланың құлағына шап берді. Сәкен Сейітұлына бұл ойыны ұнады. Балалардың әңгімеге қыза берілген кезін бағып тұрып құлақтан шертуді екі-үш рет қайталады. Бір-біріне әлденені дәлелдеп, онысызда қызыл кеңірдек болып тұрған балалар өзара қырылысады да қалады. Біреуі ақыры, Сәкен Сейітұлының созыла берген қолын байқап қалды да, жанындағыларға сыбырлады. Сәкен Сейітұлына аңыра қарап тұрысып, жаңа ғана салмақты, маңғаз кейіпте тұрған үлкен кісінің шуақ шаша жымиғанын көріп күліп жіберген балалар есік ашылған сәтте шуылдасып түсіп қалды.

Бұрын көп алдында қанша жайдақ болайын десе де қанға сіңіп кеткен ресми этика жібермей тұратын. Бүгін өзіне не болды…

Шешесін ертіп алып, Көздіғараны мекен еткен атақты домбырашы Хисмет нағашысына көңіл айтуға барғанда, әлі екі бетінен қаны тамып тұрған кемпірі шалының портреті ілінген төрдің қабырғасына арқасын сүйеп отырып, аппақ кимешегін бір жөндеп қойып: – «Айхай, дәурен-ай, өттің, кеттің!»– деп еді-ау!
Ол оқиға бүгін, тап қазір неге есіне түсіп отыр?!.                              Ол кезде көңіл қоймапты, ауызынан жалын ата, екі бүйірін таянып теңселіп отырып, жоқтау айтып, аһ ұра сөйлеген кейуананың қайғысының тек шалының қазасына ғана байланып тұрмағанын енді ұға бастағандай.  Шалының қайғысы шалынан да бұрынырақ жоғалтқан бір асылының шерін қозғап кеткендей екен-ау?..  «Өмір өттің, кеттің!» – демейді, «Дәурен-ай! Өттің, кеттің!» – дейді. Ғұмырының қысқалығына емес, дәуренінің жалт етіп өте шыққанына, көрген түстей бұлдырап қана есте қалғанына қан жылайды.
Бұл да басыма бақ қонды деп жүріпті. Қазағым бақ құсының қандай екенін де айтпапты. «Арманымның ақ құсы» дейді. Ол ақ құс бақ болып басқа қонғанда қай құсқа айналарын айтпайды. Қазағымның, ақ та емес, көк те емес, аққу да емес, қаз да емес сол бақыт құсының түсін түстемеуі, бақ пен бақыттың баянсыздығын меңзегені шығар.  Мүмкін, скрипканы машина астына тастамағанда, суретшілікті қуа бергенде, күн болып жанып тұрған жапырақ киелі сырын ашар ма еді? Бақыты сол сары түсте жатқан шығар… Мүмкін… Әлде… Кім біліпті?..

Терезеден өткен күн күйдіріп барады. Автобустың жұп-жұқа қаңылтырынан қызған темір иісі шығады. Сәкен Сейітұлы галстугін шешіп умаждап қалтасына тықты. Көйлегінің түймелерін ағытып, жағасын босатты. Екі шекесі солқылдап алып барады, құлағына күңгірлеген үн келеді.

Мына орындықтарды қаптадың не, қаптамадың не?.. Жалпыға ортақ нәрседе құн болған ба? Ертең-ақ дал-дұлын шығарар.

Мына жігіт те миды жеп қойды! Тымау болса жатпай ма үйінде! Дәрігерді шақыртсын да, жатсын уколын алып. Не мынау — адамның құлағының түбінде тұрып алып қарс-қарс жөтелген. Демалған сайын кеудесі сыр-сыр етеді. Отыздан асып кеткен жігіт рокерше киініпті. Қысқа күртешесінің өңірін, етек-жеңін темір түймелермен қапсырып тастапты. Модаңа болайын! Көк жөтел жігіт өзі ширығып тұрған жүйкенің қылын шыңылдата бұрап жіберді.

Тротуар бойымен ұзынтұра жігіт кетіп барады.  Жүрісі қызық –  шөккен түйені енді тұра бергенде әлдебір күш бақыртып, бұйдасынан сүйреп кеткендей, мойнын алға қарай созып алып, тізелерін жазбай адымдайды екен. Өзі, иен далада жападан жалғыз келе жатқандай жан-жағына маңғаз көз тастап, марғау барады. Білезігіне іле салған жиналмалы қолшатыры тізесін соғып бұлғақтайды. Күн жарқырап тұрғанда босқа салақтатып қолшатыр алып жүргені несі. Әлде, жаңбыр жауар ма екен…

Іштегі әртүрлі иістерден тынысы тарылды. Ана тұрған шұбар бет кепкен балықпен сыра ішіпті –  иісі бүкіл автобусты алып кетті. Мынау пәтерінде ит ұстайтын адам – үстінен иттің күлімсісі аңқиды. Өзіне жабысып тұрған шикіл сары дәйімшілікке сарымсақ жейтін біреу екен. Мына жігіт те үстіне салақ адам сияқты, аламан бәйгеден келген жүйріктей тері үгітіліп ау! Тұздалған балықты пиязбен қосып асап, түні бойы арақ ішкен сүр мас біреу тура көк желкесіне демалып тұр. Жусай салған мәнті, кәрістің ащы салатының иісі, әр алуан арзан иіс сулардың иісі араласып қапырық салонды тозаққа айналдырыпты. Шопырға тоқта деп әмір етіп, түсіп қалып, даланың ауасын көкірек кере жұтқысы келді. Болмайды, артта қара мерседес келеді…
– Шыда!  Халқыңның иісі ғой! – Сәкен Сейітұлы ащы мырс етті.

Сәкен Сейітұлы аузын жаба алмай ұзақ есінеді де, қол орамалын алып көзінен парлаған жасты сүртті.

Жүрегінің соғысы мүлде баяулап барады. Айналадағы мынау ентіккен өмір өзіне жат тарта бастағандай. Сол білезігінің тамырын басып көріп еді – үш-төрт минутта бір бүлкілдеп тұр екен. Бүкіл ғұмырын аударып тастар оқиға өзіне қарай орасан жылдамдықпен ағып келе жатқанын түйсініп тынышсыздана берді. Ішкі дауысы таңатқалы бері қақсап келеді. Жандүниесі апши бастады. Алайда, санасы дүр сілкіндірер бір түлеуді күтеді. Бүгін! Тап қазір бірдеңе болады!.. Тек тыныштық болса екен…

Асфальт жолмен ызғытып келе жатқан машина аяқ астынан бұлтаң ете түсті де, қиралаңдап барып жол жиегіне тоқтады. Секіріп түскен шопыр апалақтап қайта кірді де, темірлерді саңғырлатып, әлденені қопарып, қолына кілт ұстап кері шықты. Артқы есікті ашып қосалқы дөңгелекті алды. Жұрт шұбырып сыртқа шыға бастады. Есік аузына тұрып алған контролер бала жолақыларын таратып тұр. Сәкен Сейітұлы баланың қолын кері қайтарды.
Дөңгелекті ауыстырып жатқан шопыр мен контролер балаға мағынасыз қарап біраз тұрды. Кенет жақын жерден арпылдаған, шәуілдеген иттердің дауысы естілді. Мына көріністен зерігіп тұрып дауыс шыққан жаққа көз жүгіртті. Жолдың қақ ортасында бір ит өліп жатыр. Қара жолды қақ бөлген қос ақ жолақтың үстіне құлапты. Неміс овчаркасына ұқсайды. Машина басынан қағып кеткен болар, құлақ тұсынан аққан қан талай жерге жайылыпты. Жол жиегінде тұрған екі ит өлген итке қарап шабалана үріп тұр. Жолды жағалай автотұрақ орналасыпты, қақпасынан машиналар кіріп-шығып жатыр, бетон дуалдың үстінен қарауылдың үйшігінің төбесі көрінеді. Мына үш ит сол жерге үйренген иттер болды шамасы. Екі иттің бірі кәнден де, екіншісі қазақы төбет. Қанден машиналардан алыстау, қауіпсіздеу жерге тұрып алып долдана шәуілдейді. Аузы жабылмай арпылдаған төбет қалың машина ағынының арасына кіріп кетіп, бір қатарынан өті де, төніп қалған машиналардан қашып кері оралды. Сәкен Сейітұлы бұл хаюанның ана өліп жатқан иттің қып-қызыл қанын көріп араны қозып, жас етке тұмсығын тығып жегелі жүргенін ұқты. Ит иттігін істейді деген осы да… Жаңа ғана бүйірлесіп қатар жүрген жолдасы машинаның астына түсіп еді, енді етіне тоймақшы. Төбет өлермен екен — бірнеше рет дөңгелекке басыла жаздаса да, қайтар емес, одан сайын ызалана арпылдап, қаз-қатар келе жатқан қалың машиналар легінің арасынан жыпылдап өтіп, өлген итке кері ұмтылады. Сәкен Сейітұлы хаюанның хаюандығын ақырына дейін көргісі келді. Төбет жанын жалдап жүріп ақыры жетті. Жол үстінде жер ме екен? Әлде бері сүйреп әкеліп қанденмен бөлісер ме екен? Төбеттің өлген иттің қасына барғанын көрген қанден тіпті долырып кетті. Ана қара! Төбет қызыл қаны ағып жатқан овчарканы иіскелей бастады. Әзірге, жұлмалап жейтінге ұқсамайды. Сонда не істегелі жүр? Тызақтап, шыр айналып жүріп үсті-басын түгел иіскеп шықты. Серігінің өлгеніне әбден көзі жеткен соң шоқиып отыра қалып ұли бастады. Алдыңғы аяқтарын тік қойып, тұмсығын көкке созып, шегін тартып, айналаны ұмытып, ішін күйдіріп бара жатқан зарын сыртқа төгеді. Көшенің қақ ортасына отырып алып зар илеген итті елеп жатқан ешкім жоқ, машиналар зу-зу өтіп жатыр. Көше бойы шұбырған жұрт та өз-өзімен. Қасірет шекен төбет пен қанден ғана. Мүмкін ит те қайғыра білетін болар, оларда да қимастық сезімі, бауырмалдық бар шығар?! Олар да қимас досын өмір бойы іздеп өтетін шығар! Қапияда айырылып қалса ет жүрегі езіліп, қайғыдан қан жұтатын шығар? Кім біліпті… Пенде тек Алланың білдіргенін ғана біледі… Әйтеуір мына төбет серігін адамша жоқтап отыр. Адам болса қолын көкке жаяр еді. Қолы жоқ ит көкке мойнын созады. Иттер де жаны қиналғанда көмекті көктен тілейді екен-ау! Серігінен айырылған қос иттің азалы үнін ызы-ғиқы машиналардың у-шуы жұтып жатыр.
Төбет ұлыған күйі қанденнің қасына жетті. Оған қарап ұсақ тістерін ақситқан қанден тіптен өршіленіп кетті. Екі ит өтіп жатқан машиналарға ілесе шауып құтырына үріп жүр. Дөңгелектің астына түсіп кетердей қатарласып барып арқан бойы жерге дейін шабаланып қайтып келеді. Келіп қалған машиналарды қарғап қарсы алып, анадай жерге қарғап шығарып салады.
Сәкен Сейітұлы сілейіп ұзақ тұрды.

Күн бұзылғысы келіп тұр. Аспан аяқ астанан түнеріп, бар маңай қараңғы тартты. Түндегі түсі де қызық еді… Бүгін өзі бірдеңе көрінетін шығар…

Иттер  жоқтай алады екен, аза да тұтады, қарғайды да…

Арықтан атап өте беріп, бетон науаға жабысқан ұлуды көзі шалды. Еңкейіп іліп әкетті. Бос қауашақ екен. Денесі шығып кетіпті; форма қалған, мән жоғалған. Құдайдан бұйрық жетіп жаны көкке ұшты ма, әлде, бір қалыпқа тығылып өмір сүру жалықтырған мәніс білетін мән бұл тірліктен өз еркімен баз кешті ме?.. Қатқан қалыптан мың сан қалып тудырып, мәнін құпияда ұстайтын ұлуда не арман бар?.. Сәкен Сейітұлы қауашақты тер орамалына орап, жанқалтасына ұқыппен салды.

Ұлулар періштелер шығар… Ұжымағын іздеген пенде атаулының қаракетін көріп-біліп, жеті қат көкке жеткізер ғайып-ерен қасиет берілген Құдайдың өз көзі…
Әйтпесе, оның жер бетіндегі тіршілігінде не мән бар? Сол ұлу дүниеден жойылып кетсе ұлы жаратылыстың несі кемиді…             Ұлу сияқты өмір кеше алар ма едім деп ойлады Сәкен Сейітұлы… Ол үшін пендешіліктен арылу керек… Пенде байғұс мимырт тірлікке шыдай алмас… Есесіне, ішіңдегі бүк түскен аладан құтыласың, жұмбақ қасиетің артады, денеңе мәңгілік табы соғылады…

Сәкен Сейітұлы жұдырығымен сүлік қара машинаның қабырғасын ұрып көрді – темірі бірнеше қайта суарылып, шыңдалған мүліктің сом денесі құмығып қана дүңк етті. Бұл да қабыршақ. Сапалы, сирек, қымбат… Бәрібір қабыршақ… Мәңгіліктің алдында шымшықтың жұмыртқасының қабығындай да қорғаны жоқ… Артқы орындықта отырған қызметтестерінің үні арасынан Әбдіғали Рахманұлының гүрілдеген көңілді дауысы қаңғырлап құлағына келді, не дегенін ұққан жоқ. «– Сәке, жеңілдің, халықты сенен гөрі біз жақсы білетін болып шықтық…» – деп жатыр шамасы…  Соңғы аялдамаға дейін шыдар еді машина бұзылмағанда… Кім жеңсе де енді бәрі бір…

Сәкен Сейітұлы белуарынан жерге кіріп жатқан асхана үйінің баспалдағымен түсіп келе жатып, ашық тұрған есіктен қоңырқай тіршіліктің иісін түйсінді. Қабырғаларға арзанқол шаршы тас тақташалар жапсырылыпты. Айнаның сынықтары араластырылып жапсырылған ақшыл, көкшіл тақташалардың шебер қиюласуынан аңғал сәби көңілдің пәктігі сезіледі. Еденге төселген қоңыр түсті тас тақташалардің кей жерлері желіне бастапты.                                  Шілтерлі ақ мата жапқан асхана стөлдері бос, жан баласы жоқ. Сәкен Сейітұлы бауырсақ салынған сорпа, қуырған жұмыртқа алды. Үлкен қазаннан тамақ құйып тұрған орта жастардан асқан әйел әр қимылын бипаздап, аспай-саспай қозғалады екен. Мына, сәл сыз иісі білініп тұрған асхананың қарапайым тыныс-тіршілігінің көзге көрінбес арқауы осы кісінің қимылына бағынып, басқа еш жерде қайталанбас сиқырлы әуенге толы өрмек тоқып жатқандай. Сәкен Сейітұлы жандүниесін әлдилеп, билеп алып бара жатқан осы әуеннің тұтқынына айналғанын сезді. Көптен бері жемеген тамақ та тіл үйіріп барады. Сабы бұралып қалған қалайы қасықты шүпілдете алып, қара нанды асай жеп ішкен, бетінде жылты жоқ сорпаны асқазаны қомағайлана сұрайды. Тамақтанып болып айналасына қарап біраз отырды. Сағатына қараса – сегізден отыз минут кетіпті. Сәкен Сейітұлы ас үйдің тар дәлізі арқылы аулаға шықты. Жауын үдей түсіпті. Шатырдан аққан су кіреберістің қаңылтыр қалқасына сатырлап құйылып жатыр.

Бәрі кеше басталды. Ең жақын деген жігіттермен жаңа ашылған гольф алаңында ойнап жүріп, қалақ бас темір таяқтарын тастап, (малахит) мәрмәр қалқа астына жиналып сусын ішіп отырғандарында, дуалдың аржағындағы құрылысшылардың әңгімелеріне еріксіз құлақ түрісті. Жоғары мәртебелі ойыншылар демалатын ғимараттың  соңғы әрлеу жұмыстарын жасап жатқан жұмысшылар қарапайым еңбек адамдарына тән бірбеткей мінезбен мына заманға деген үзілді-кесілді пікірлерін айтып жатыр екен. Екінші қабаттың ашық тұрған терезесінен дауыстары анық естіледі. Қарлығыңқы дауысты біреу қағыта сөйлейді:

–    Әй, Шәке, көңіл-күй жоқ қой, қабағың бір ашылмай қойды, бүгін жеңгей шәйін дұрыс құймаған-ау өзі?
–    Иә, Шәкең кешеден бері өшін жұмыстан алып жүр, мына қарқынмен бір-екі ай ерте бітіретін шығармыз. Бригадирге айтып, тоқсан соңында жеңгейге сыйақы жаздыру керек қой деймін.
–    Жігіттер, сендерден несін жасырамын, әйелім кеше ұйқыдан тұра сала тиісті, күн болса жылынып кетті, қысқы етікпен қанша жүремін дейді, өзі аз миды жеп қойды. Мен сонда ойнап жүрмін бе!? Тапқан-таянғанымды ай сайын тиынына дейін санап алақанының шұқырына салып беремін.
–    Біздің Қанипаш кең ғой, ондай әңгіме айтпайды, бұдан кедей кезімде де тойға барғанбыз деп жүре береді.
–    Байлар байыған үстіне баи береді, кедейлер арқа еті арша, борбай еті борша болып қанша еңбек етсе де сол жетпеген күйінде жер құшады.
–    Дұрыс айтасың, ертең өле қалсақ, ешкім ит құрлы көрмейді, ана краншы Өмірбай құлаған кранының астында қалып мерт болды, бір бастық келіп көңіл айтты ма? Шиттей бала-шағасы қалды артында.
–    Ана бір жылы тау жылжып, екі қабатты бір үй топырақ астында қалып, адам өлімі болған жоқ па. Сонда үкіметтен келген дәу шенеуік үй іші түгел қырылып қалып жылап отырған әйелге «Болды, жылама, мен келіп тұрмын ғой!» – деп зірк-зірк еткенін телевизордан бүкіл ел көрді ғой. Адам өлімі болды-ау, марқұмдардың туған-туысқандары қайғыдан қан жұтып отыр-ау деген аяушылық жоқ.
–    Бастық көрсе жалбақтап үйреніп қалған өзімізге де обал жоқ. Сыраңнан құйшы!..

Үн-түнсіз орындарынан көтерілген жігіттер көк майса алаңға шығып тағы екі сағаттай гольф ойнады. Бұл жолғы ойын зауықсыздау болды.

Сәкен Сейітұлы айналасындағыларды бір шолып өтті. Мәрмәр хауыздың тамшыларын қызықтағандай түр танытқандарына қарағанда жұмысшылардың жаңағы сөздерінің жаны барын іштерінен бәрі мойындап отыр. Үнсіздік ұзаққа созыла қоймады, кім бастағаны есте жоқ, қарапайым халық туралы әңгіме тиегі ағытылып кетті. Сағын Кәрімұлы айтулы бетбұрыс кезеңдерде халықтың тарих сахнасындағы ролі кезкелген эспериментатор-ғалымның зертханасындағы химиялық элементтер сияқты, шектеулі екендігін, химиялық реакцияға түскен кезде ғана күші бойына симай бұрқ-сарқ қайнап барып басылып, колбаларға кері құйылып, жуасып, келесі эксперименттерге дейін тыныш тұратынын, ал тарихты жекелеген пассионарлық тұлғалар жасайтынын айтты.
Әбдіғали Рахманұлы мемлекеттіліктің ұлы мұраты ұлт санасын оятуда жатқандығын, алайда қай заманда да биліктің оған онша құлықты еместігін, өйткені, халықтың көкірек көзі ашылса намысы күшті, рухы асқақ боларын;  қарапайым халықтың теңдікшіл ұлдарының алдаспандай жарқылдап, үндері еркін шыққан сайын биліктің үрейі ұшып, құлағының тыныш болуы үшін неден де тайынбайтынын әрқашанда мұзжарғышша жарып жүретін асау мінезімен ақтарып салды. Басқалары хауыз суына беттерін жуып, ауа райын сөз етісіп әңгімеге онша араласа қоймады. Атам заманғы тарихтан қозғаған Сәкен Сейітұлы әрқашан бар жігерін саяси ойындарға, сарай интригасына салатын билік басындағылар халықтың өмірінен алыстап кететіні заңдылық екенін, бүгінгінің күйкі мінез зиялыларының ұлттық құндылықтар үшін жандарын пида етудің орнына пендешілікке жығылған сатқын келетіндерін айтты. Абай таяққа жығылып жатқанда, Махамбеттің басын кескенде, Шәкәрімді атып құдыққа тастағанда ара түсе алмаған, кек қайтара алмаған, Кенесарыдай ханының басын  біреудің ойыншығы қылып беріп қойып қарап отырған халықтың рухын көтерем деу құр бекершілік екенін, Француаза Саган алаяқтың торына түсіп істі болғанда, нашақұмарлығы үшін сотқа тартылғанда бүкіл франция халқының ара түсіп, жазушы қыздарына шаң жұқтырмай арашалап алып қалғандарын айтқан Жүсіп Қайролла қарсы уәж білдірген Сәкен Сейітұлына «Сол сүйікті халқыңыздың арасында бір сағат болып көріңізші, бір-ақ сағат! Қоян-қолтық араласып, солар жұтқан ауаны жұтыңыз, солар ішкен суды ішіңіз, өзіңізді бір сәт қарапайым халық қайнап жатқан ортаға тастаңыз. Бір сағатқа шыдасаңыз мен аяғыңызға жығылып, осы айтқан сөздеріме кешірім сұрайын» деп серттесуге дейін барды. Сәкен Сейітұлына бұл ұсыныс ұнады. Өзінің де көкейінде жүрген нәрсе еді, ертегідегі патшаларша қарапайым халықтың арасына астыртын еніп, тұрмысын өз көзімен көрудің бір ретін келтіре алмай жүр еді, мынау жақсы сылтау болды. Жігіттерге бүгінгідей ашық әңгімені келесіде өзі ұйымдастыратынын айтып, тарай беруге болатынын білдірді. Ертең таңертеңмен, халық тұрмысы қазанының ең бір бұрқ-сарқ қайнап тұратын жері – қоғамдық көліктің жолаушысына айналады. Шарт бойынша Сәкен Сейітұлы ең ыңғайсыз саналатын, қоғамдық көліктің біріне мінеді, соңғы аялдамаға дейін шыдаса – жеңгені.

Ауладағы балалар ойнайтын алаңшаны айнала қоршап бір топ адам тұр. Қолшатырсыз келгендері сәуірдің салқын жауынына малшыныпты. Шаштарынан, мұрындарынан сүмектеген жаңбыр суын сілкуге шамалары жоқ, ортаға қарап сілейісіп қалыпты. Құм үстінде жалаң аяқ билеп жүрген елулердегі ер адам көздерін тарс жұмып алып, әлде бір сиқырлы әлеммен тілдескендей ессіз күйде жүр. Бірде басын өр кейіпте шалқайтып тастап, кең кеудесін көріктей кере қозғалып, құлашын жайып жіберіп, бір орында шырқ айналады, бірде жер бауырлай еңкейіп келіп, аяқтарын аршындап тастап-тастап  жіберіп, көкке шаншыла көтерілген бүркіттей аспанға атылады. Жаратқан Жалғыз Иеге мінажат қылғандай қолдарын көкке созып, ауызын аша жаңбырға тосып, аяғының ұшына тұрып тастай қатып қалады. Ақ араласа бастаған шаштары кең маңдайына жабысып қалыпты.  Ішкі үйлесім көзінен бұлақ болып атылған қимылдары аспан төккен жауынды, жер төсінен бүр жарған өсімдік өмірін, аласапыран теңіз бетін, дауылға қарсы ұшқан өгіз шағала мінезін, қой үстінде боз торғай ұя салған мамыражай тіршілік салтанатын жырлайды. Біресе серіппедей ширығып, біресе, тымық ауада құс мамығындай қалқыған қимылдарда тағы аңның жабайы сұлулығы бар. Әр қимылында тіршілік атаулыға нұрын құйған күннің мерейі, түнгі аспан төсінде шалқалай қалқыған айдың мұңылы сиқыры, самал желдің аялы лебі мен дауылдың долылығы, ананың төліне төккен махаббаты мен жемтігін бүрген жыртқыштың аяусыз қатігездігі бар. Қоршаған жұрт мына адамның таңсық биінің тұтқынына айналыпты. Су сіңген құм үстінде башпайлары тарбиып түсіп жатқан іздер адамзаттың қамшының сабындай қысқа ғұмыр-майданының шыж-быжының шежіресін асыға жазады. Оқтын-оқтын соққан желден күш алған жаңбыр баданадай-баданадай тамшыларымен құм бетін осқылай ұрып ол жазуларды құмға тығып, сол заматта өшіріп жатты. Аласұрған би ырғағымен кей жерге су құмды шашырата түсіп, анық қалып, кей жерге жанай түсіп, білінер-білінбес қана таңбаланған табан іздері жаңбырға ерегескендей құм бетінде қайта ойнақтап, өрнектің неше түрін төгіп-төгіп кетеді. Жаңбыр мен бишінің үнсіз майданын тамашалаған жұрт жан алқымға келген күні өздерінің қандай ән айтарларын ойланғандай жым-жырт. Ақ жейдесі денемен дене болып жабысқан биші су-су шаштарын сілкіп тастап, қара жерде із қалдыруға жанталасады, қара жел айдаған жаңбыр еріне соғып, еріге ойнап-күліп бишінің еңбегін рәсуә қылады. Биші мен жаңбырдың сайысы ұзаққа созылды…

Үсті-басы жаңбырға малшынған Сәкен Сейітұлы костюмін қарына іле салып жалаңаяқ күйде көше бойлап келеді. Денесіне жабысып қалған жейдесінің түймелері ағытылған, омырауы ашық. Мұнына дала иісі жетті. Жаңбырдан кейінгі топырақ иісі, шомылып шыққан алуан өсімдіктер иісі. Алыста, қыр басындағы түтіндіктен көрінген түтін аспанға баяу көтеріліп жатыр. Күйген шөптердің иісі, әсіресе су адыраспанның қоңырқошқыл иісі көңіл хошын келтіреді. Ай  сәулесі төгілген көк майса бетінде шаңырақтары бес, алты мәрте шиырылып көкке ұмтылған мыңсан киіз үй жүзіп барады. Киіз үйлермен қатарласа сансыз ұлу барады. Бастарын иіп ұлулар мен киіз үйлер керуенін шығарып салып тұрған алабота, ақселеу, бидайықтар ұлы нөпірдің соңынан ән сала тербеледі. Киіз үйлер мен ұлулар бет алған алыстан жарқыраған жалғыз Дарақ көрінді. Жапырақтары от болып жанып бар дүниені сары түске малып тұр. Сәкен Сейітұлы бозбала шағында өзі парктен көрген ғажайып ағашын таныды. Суретшілік жолда ұстатпаған сары түс балқыған янтарьдай мөлдіреп, тұла бойын шымылдатып, баурап әкетіп барады. Жаңбырдан кейінгі топырақ иісі мен алуан өсімдіктер иісіне араласып мамырда айырған балдың иісі келді. Бойына сағыныш па, өкініш пе, бір түсініксіз күй төгіліп, беймәлім алыстан білінген іңкәрлік кенет құйылып, алқымға тығылған қызғыш құсын тыпырлатып қысып жіберді. Сәкен Сейітұлы ол құсын еркіндікке жіберер сәт туғанын сезді. Бойында талайдан бері ұйықтап жатқан әуен оянып, көкірегін аласұра тепкілеп, ақжал толқындары алдының бәрін жапыра жайқап, селдетіп алып бара жатқан алапат күй туғанын түйсінді. Көк тіреген Дарақтың алтын шапағына малынып діңінде бір ұлу өрмелеп бара жатыр. Көктей өткен сары түстің сәулесі ұлудың қабыршаққа тығылған ішкі әлемін жарқырата паш етіпті. Сәкен Сейітұлы ұлудың құпиясын енді түсінді! Ол бір сәт, қас-қағым ғана сәт өмір шіркіннің байлауына, тышқаншылаған қу тіршіліктің парығына самғау биіктен көз салды.

Қара машинаның ішіндегілер жаңа ғана жандарында отырған Сәкен Сейітұлын таппай қалды. Көмекшісінің тіпті есі шығып кетті. Ұялы телефонына қоңырау шалды. Қыз баланың жағымды дауысы – «Абонент қызмет көрсету аясынан тыс жерде» – дегенді әр тілде қайталай берді. Көмекші жаңа Сәкен Сейітұлы қалтасына сұғып жіберген тілдей қағазды алды: «Мына скрипкашы балаға көмектес, қыркүйекте өтетін халықаралық байқаудан қалмайтын болсын» – деп жазылыпты да, бір қыз баланың мекен-жайы көрсетіліпті.
Не ойларын білмеген бәрі машинадан шықты. Зәулім үйлерге бауырын төсеп, қаланы қара бұлт жауыпты. Жаңбыр құйып тұр. Тротуарларда, арық бойында ұлу қаптап кетіпті. Ағаштардың діңдерінде быжынаған ұлу. Асфальт жолдарда қара-құрым қаптаған ұлу. Адамдардың табандарына езіліп, машиналардың дөңгелектеріне мыжылса да азаяр емес, қайта, көбейген үстіне көбеюде.
Сәкен Сейітұлы да солардың арасында бара жатты.
Оның ұлуға айналып кеткенін ешкім білмей де қалды.