Өзгелер сені тұтынып,
Түгессін, сүйем өзіңді.
Шашыңның әппақ түтінін,
Күзгі мұң тұнған көзіңді.
Уа, күз кезі, ол маған
Қымбат-ау жаз бен жастықтан.
Сен қиял өңде болмаған,
Жаралған мұң мен мастықтан.
Жүрегім шындық бүкпеген,
Сондықтан айтам жын молға:
«Қоштасам бұзықтықпенен,
Сонша жыл маған мін болған!»
Адуын, ерке ерлікпен
Қоштасар мүлде кез келді.
Толқымас ешбір желікке
Қаныма сіңді безбен бір.
Қалмауым үшін жұтап мен,
Ұсынып қана жәй лепті,
Қуарған қызыл бұтақпен
Қыркүйек қақты әйнекті.
Қараймын мөлдір көзбенен
Алысқа, жерге таяулы.
Сен болдың артық өзгеден
Ақынжан менің аяулым.
Тек қана саған жоқ дауым,
Тек саған айтам дық демей,
Ымыртты жолдар жоқтауын
Қоштасқан бұзықтықпенен.
***
Келші, кәні, жаны арымның,
Маған қарап ұйы мына.
Сенің момын жанарыңның
Құмармын мен құйынына.
Шашың сенің күзгі алтындай,
Жұлым-жұлым бетеге түс.
Асаулықтың ізгі атындай,
Көндім саған жете тегіс.
Мен ұмытқан тым кісі көп,
Елім қайда толы нуға?
Қаланың бір жындысы боп,
Құрып тыну жолын қуғам.
Сол еліме назым қымбат,
Маған барлық жақын жылға.
Бақалардың сазын тыңдап,
Өз-өзімді ақын қылғам.
Онда да енді осы күз бір,
Бұтақтарын созып үйге,
Іздейміз деп досымызды,
Ағаштар тұр тозық күйде.
Іздегені кіл ескі еді,
Өлді олар соры маңдап.
Ай шолумен кресттерді,
Бізге де жүр орын таңдап.
Бізде енді мұңнан безіп,
Оралармыз осы баққа.
Барлық жолды тыңнан кезіп,
Өлілерге қосылмаққа.
Келші, кәні, жаны арымның,
Маған қарап ұйы мына.
Сенің момын жанарыңның
Құмармын мен құйынына.
***
Маған өте мұңлы күйде кездестің,
Мен өз басым нұрдан үміт үзгенмін.
Ажарсыздық, қуарған бір жез кескін.
Қыркүйекте бұйырғаны бізге енді.
Өзге ерін, өзге қолдар тонады
Жылуыңды және жүрек лүпілін.
Себелеген жаңбыр – мұңның қонағы,
Шалажансар жанның әлсіз тықылы.
Қорықпаймын себелесе біз барда,
Шаттықты өзге етіп жүрмін ес қыла.
Азып-тозу сарсаңы мен ызғардан
Қалмаған да бізге бөтен еш мұра.
Өзімді де сақтадым ба мен пақыр
Тыныш өмір, жылышырай болмысқа?
Өткен жолдар, жолдар емес – ен тақыр,
Қателер көп түзетуге қол қысқа.
Күлкілі өмір, кекесінді аражік,
Ежелден бұл тірлік солай түзілген.
Зираттайын бақ та толы, қарашы.
Ақ қайыңның сүйегіне мүжілген.
Өмір солай, өтесің де кетесің,
Желмен гулеп жақындатқан ертеңді.
Егер қыста гүл жоқ болса, не етесің,
Ол туралы мұңаю да, ерсі енді.
***
Сүймейсің де, аямайсың кішкене,
Тартымды едім өзгелерге, болымды.
Құмартасың, жүзімді де түстемей,
Орағыштап мойыныма қолыңды.
Жассың өте, ыржиясың өпкенде,
Саған деген отым да жоқ, сесім де.
Қанша жігіт көрдің, айтшы, өткенде,
Қанша ерін сені өпкен есіңде?
Енді олар көлеңкедей жоқ, білсең,
Әлі жүрсің жігіттерді тізем дей.
Тізесінде отырып ең көптің сен,
Енді отырсың, менің, міне, тіземде.
Мейлі ойлан тұмандатып көзіңді
Өзге әлем, өзге тұғыр жәйлі сен.
Мен де, көкем, сүймейм онша өзіңді,
Аяулымды ойлап сәл-пәл ләйлісем.
Бұл желікті тағдыр деме мүлде сен,
Өткінші бұл жындысүрей байланыс.
Кездейсоқ бір кездесіп ең күзде сен,
Қоштасқасын біз боламыз жәй таныс.
Сен де өтерсің мініп нәпсі күймесін,
Ізіңе еріп күйкі менен дау-дамай.
Тек сүйюді білмегенге тимеші,
Оттай жанып көрмегенді алдама.
Сезім жайлі әзілдесіп бөтенмен
Өткенде сен қолтықтасып қуыста.
Жолыңда дәл кездесе ғап өтем мен,
Дәл қасыңа амалсыздан жуыстап.
Жігітіңе жабыса қап жәйлана,
Сәл бас иіп сыпайшылық әдетпен.
«Қайырлы кеш!» — дерсің маған жәй ғана,
«Қайырлы кеш!» — дермін мен де, әлбетте.
Селк етпеспіз сен де мен де бірақта,
Біздің көңіл – алуан түрлі тарам сыз.
Алау күтпе жанып біткен шырақтан,
Сүйіп біткен, махаббатқа жарамсыз.
***