Журнал "ТАМЫР", №34, январь-март 2013 г.

Берік Аташ. Шаманизмнің құрылымдық-функционалдық негіздері және бақсы тұлғасының ерекшеліктері

Бүгінгі таңдағы қазақ руханиятына тереңдей ену мен оны қайта сараптау беталысы өз кезегінде байырғы түпбастау сенімдеріміз мен оның арғытектік негіздерін ғылыми-теориялық тұрғыдан зерделеуді де қажет етеді. Өткен тарихымызды тану – көне түркілік дәуірдің шынайы болмысын саралаумен байланысып жатырғандықтан, олардың діни сенімдік өмір салтын таразылауға қатысты болғандықтан бұл мәселелер арнасында соңғы жылдары байыпты зерттеулер қолға алынып, тәңіршілдік және оның құрамдас бөлігі болып есептелетін ата-баба аруағына табыну, Ұмай анаға бас ию, шамандық сенім т.б. тиянақты зерделі танымдар аясынан табылып келеді. Дегенмен, берісі түркі-қазақ халқының, әрісі көне тұран тайпалық одақтарының қастерлі нанымы болып келген және ұзақ жылдар бойы сақталған, ғасырлар бойы әлемнің бірнеше халықтарының руханияттық сұраныстарын қанағаттандырған шамандық сенім өзінің астарлы мағынасын әлі де қанағаттанарлық деңгейде аша алған жоқ деп айта аламыз.
Шамандық көпқұрылымды, көпқызметті, көпмәнді күрделі түбірлестік жүйе болғандықтан, мәдени-философиялық, психоәлеуметтік, мәдени антропологиялық т.б. тұрғылар бойынша да әр тарапты, жан-жақты зерделеуді қажет етеді. Сондықтан біз шамандық философиясын таразылауда құрылымдық-функционалдық тәсілді басшылыққа алдық. Себебі, алдымен, оның құрылымындағы әрбір элементті тауып, оны ашып көрсетіп, бір-бірімен тығыз байланысын сараптап, әрқайсысының сол жүйеде қандай қызмет атқарып тұрғандығын зерделеп алу маңызды іс. Бұл тәсіл, «шамандық деген не, ол миф пе, әлде шындық па, қоғамда қандай қызмет атқарған, не үшін осы уақытқа дейін сақталып келген, бақсының тылсым келбетін қалай ашып көрсете аламыз» деген сияқты сан түрлі сауалдардың жауабын бере алады деуге болады. Әрине, К. Леви-Стросс қолданған немесе әлеуметтанудағы қоғамға пайдаланылған батыстық үлгіні дәл сол қалпында енгізіп, оның ережелерін қатаң сақтауға біз міндетті де емеспіз, ендеше, ұлттық таным мен байыптау тұрғысын басты назарда ұстанамыз. Дегенмен, шамандықтың айтарлықтай күрделілігі мен тым көпқатпарлы көнелілігі осы тәсілді қолдануға жетелейді. Бұл тұста бастапқы сауал: «Шаманизм деген не?» болып табылатындығы түсінікті. Осыған байланысты оның құрылымын былайша жеке-жеке талдап көрсетуді жөн санадық: миф пен ритуал; сенім мен дін; реалдылық пен шынайылық; сакральдылық феномен; эзотериялық ілім; халықтық медицина; футурологиялық прогностикалық жүйе; мистификациялық дүниетаным; гипноз бен аутотренинг — өзге әлемге шығу экстазы; магия мен оккультизм т.б.

1.Миф пен ритуал. Шаманизмнің тұтастай алғандағы жалпылама мазмұны белгілі бір деңгейде мифологиялық дүниетаным кезеңінен тамыр тартатын, рационалды байыптауға келмейтін, белгілі бір әфсаналық сарындарды жинақтаған прологикалық стиьлдегі ойлау машығы іспеттес. Шамандық мифологиядағы әлемдік ағаш, өзге әлем сияқты құбылыстар т.б. шындығында, таза мифологиялық дүниетаныммен үндеседі және әлемдік мифтермен де ойлау машығы жөнінен сәйкес келіп жатады. Мәселен, дүниежүзілік халықтардың көпшілігіне ортақ қиял-ғажайып ертегілерінің кейіпкерлері жындар мен шайтандар нақ осы шамандық сенімнің де басты кейіпкерлері болып табылады.
Сонымен қатар, шамандық сенім өзінің белгілі бір салттарымен ерекшеленеді, басқа бір рухани көздер сияқты (кітаптар) анықталынатын нақты көрсеткіштері жоқ. Шаманизм тек сол шамандардың болмысына бойлай ену арқылы ғана ұғынылады. Ал шаман болмысы оның орындайтан салттары арқылы ғана анықтала түседі және мифологиялармен келіп тоғысады. Алдымен, оның ерекше киім үлгісі, түр-сипаты, содан соң салттарды жүзеге асыруы тұтаса келе бақсылық ритуалдар жүйесін құрайды. Ол өз салттарын орындауда арнайы аспаптарды қолданады. Басты ритуалы – зікір салу. Бұл әрекеттердің барлығы, сыртқы көрініс, ритуал түрінде ғана пайымдалатын тәрізді болып тұрады.
2.Сенім мен дін. Шамандықты дін немесе діни сенім түрінде әр түрлі түсіндірушілер бар. Мәселе, бұл тұста, «дін дегеніміз не» деген түпсіз ғылыми дискурстарға қатысты емес. Шаманизм ғылым да, дискурсивті ақыл-ойдың жемісі де емес, тылсым құдыреттерге сенеді, талқылауға-талдауға да келіңкіремейді. Сондықтан ол дін болсын, не діни сенім болсын тәуекелшіл. Кейбіреулер оны алғашқы діни сенім формаларына жатқызады. Түптеп келгенде, ол парасатты пайымдаудың теориясы емес, сенім мен сезімнен құралған таза эмпирика. Ендеше, шамандықты бүгінгі ғылыми таным аясында талдау тым көне дәуірлердегі архаикалық ойлау стилін ғана зерделумен шектелмейді, бақсы болмысын орталық жоспарға шығару арқылы ғана байыпталынады.
3.Реалдылық пен шынайылық. Әрбір мифтің астарында шындық жатады, сондықтан, әсіресе, осы шамандықтың діни-мифологиялық ұстанымдары шынайы өмірден алшақ, оған қатыссыз абстракциялардың немесе мағынасыз схоластика мен догматтардың жиынтығы болып табылмайды. Бұл күнделікті тіршілікпен тығыз байланысты, таза өмірмәнділік құндылық ретінде тәжірибе алаңында ұзақ жылдар бойы сыналған, сан мәрте өзінің тиімділігі мен пайдалылығын дәйектеген практика мен прагматика болып саналады. Бұл жердегі сенім мен шынайылық қайшылығы рационалды тұрғыдан таразылағандағы «мүмкін еместерді мүмкінге айналдыратын» практикамен өлшенетіндігінде болып отыр. Мәселен, бақсының таңғажайып әрекеттері, ауруды емдеп жазудағы оңды нәтижелері т.б. оның шынайы болмыс талабы алдында мұқалмай жауап беретіндігін дәйектейді. Бақсы тұлғасы абстрактілі ирреалдылық немесе идеалдылық емес, оның руханияттық ой-сана немесе дүниетанымы да реалды болмысқа келіп түйісетін нәтижені бере алады.
4.Сакральдылық феномен. Бақсының ел-жұрт пен саяси билік арасында айтарлықтай беделге ие болуының сыры да осында, ол барынша қастерлі жан иесі, шаман дүниетанымы да айтарлықтай құндылық ыңғайында болып келеді. Сондықтан, оның ұстаған қобызы, асатаяғы, қамшысы, киген киімдері де, тұтастай алғанда, қастерлі құралдарға өздігінен-ақ айналып кетеді. Мәселен, күні бүгінге дейін қобыз, қамшы сияқты құралдардың қастерлілігі көмескі архетиптік түрде халықтың тарихи жадында сақтаулы тұр. Ендеше, шаманизм, тұтастай алғанда, тек түркі-қазақ халқында ғана емес, әлемнің де кейбір халықтарында қастерленетін, тылсым, жұмбағы ашылуы қиындау құбылыс.
5.Эзотериялық ілім. Шаманизмнің «мектебі» арнайы да, ресми де, ашық та, экзотериялық та, бұқаралық та, қарапайым да, рационалды да емес. Бізге мәлім жағдай, құмалақшы, жауырыншы, көріпкел т.б. осы шамандық мектептің арналары және ол адамның генетикалық болмысы бойынша атадан-балаға тікелей ұрпақтары арқылы беріледі. Осы орайда, Е. Көкеевтің пікірлеріне назар аударсақ: тәңір дінін жасаушылар деп атауға болатын: Шама, Хам, Бақсы, Дәруіш, Қалендір, Эжин сияқты арнаулы өкілдер бар[1,191б.]. Ендеше, бұларды да осы көпшілікке жарияланбайтын ілімнің тұрақты өкілдері, шаманизмнің «элиталық-әлеуметтік топтары» деп айта аламыз.
Кез-келген шаман өзінің құпиясын әрбір адамға аша бермейді, ашқан күнде де оны рационалды түсіндіріп бере алмайтын тәрізді. Сондықтан оның болмысын ашуға біз ұмтылып отырғанмен, түбегейлі түрде ұғынықты қылып, ғылыми-теориялық тұрғыдан түсіндіріп беру де, көпке қолжетімді қылып әйгілеу де, кез-келген адамды шаман қылып шығару да әзірге мүмкін емес жайт. Бақсы өз құпиясы мен сырын, мүмкін, арнайы жасырын сақтамайтын шығар, бірақ дегенмен де, көпшілікке, бұқара халыққа жариялауға аса құштар емес. Тіпті ол, әрине, көп жағдайда, емдеу рәсімінде, киіз үй ішінде аурумен өзінен басқа жан қалмауын тілейді. Ритуалдар да көп жағдайда жабық түрде өткізіледі, ал жұртшылыққа арналған демонстрациялары ешқашан көпшілікке арналып түсіндірілмеген. Бірақ шаманизм «элиталары» үшін бұл сакральділік-эзотериялық – ортақ, олар тек әр түрлі деңгейдегі қуат күштеріне байланысты ерекшеленеді. Бақсы эзотериясынан бізге белгілі нәрселер көп емес: өзге тылсым дүние, аруақтар мен жындар әлемі т.б.
6. Халықтық медицина. Шамандықтың негізгі қызметтерінің бірі – емшілік. Осыған байланысты бақсылық мектепте: сынықшы, тәуіп, емші, үшкіруші сияқты арналар легі қалыптасқан. Бақсының ерекшелігі ол емдеу сәтінде, емдік шөптерді, басқа да тағам рационын қолдана бермейді, бірақ ұсынысы мен «рецептісін» айтуы мүмкін. Оның негізгі тәсілі – зікір салу арқылы, ағзаға еніп кеткен жанды зиянкестерді қуу. Бақсының емшілігі халқымыздың тарихи жадысы мен этномәдениетінде дәйектермен айғақталған, верификацияланған. Егер де бақсының емшілігі жалған болатын болса, онда бұндай емшілік сан мыңдаған жылдар бойы сақталмас еді, жұртшылық оған сенбес те еді. Сондықтан, ол бүгінгі академиялық медицинаға дейін өзінің ролі мен қызметін барынша толық атқарып келді. Тіпті қазіргі кезде де кейбір ғылыми медицина сауықтыра алмаған ауруларды осы емшілік мектеп өкілдері емдеп шығара алған жағдайлар жиі кездеседі және оның психотерапиялық техникасы ғылыми қауымдастықтар арасында да дәлелденіп, қолдануға болатын тәсіл ретінде бірте-бірте мойындалып келе жатырғандығы жасырын емес.
7.Футурологиялық прогностикалық жүйе. Бақсы іліміндегі тағы бір қызмет – болашақты болжау. Бақсылық мектептегі осы арнаның өкілдері: жауырыншылар, құмалақшылар, көріпкелдер т.б. Шамандық футурология, әрине, алдағы мыңжылдықтар тарихының модельдерін жасайтын ғылыми футурология емес, өз дәуіріндегі жеке адам мен қоғам тағдырын болжайды. Бақсыда жазылып қойылған тағдыр түсінігі жоқ, сондықтан, болжаушы алда болатын қауіп-қатерден сақтандырып, өмір арнасын басқа бағытқа бұруға ақыл-кеңес бере алады. Бақсының болжамдық қызметі адасу немесе жалған, идеялары халықты алдау болуы ықтимал деген пікірлер де кездеседі.
Тарихи деректерге жүгінсек, ол тек қарапайым жұртшылықтың ғана емес, билік пен дәулет иелері – хандар мен билердің болашағы мен мүддесінің іске асу-аспауын, алдағы соғыстың нәтижесін т.б. болжап берген. Ханның қатаң сынағынан, яғни, болжам сәйкес келмеген жағдайда күтіп тұратын қатерлі жазадан қорықпаған бақсы өзіне-өзі нық сенімді болған. Осындай, қателесуге болмайтын өлім мен өмірдің талғауға шығарған шекаралық жағдайынан «прогностик» ешқашан бас тартпаған. Ендеше, оның болжамдары мүлт кетуге болмайтын, қателесу болып шығуға тиісті де емес болғандықтан, нақтылы айғақтармен келіп түйісіп отырған деп айта аламыз.
Дегенмен, руханияттық ой иірімдері тарихымыздағы тұлғалар: ХҮ ғасырда өмір сүрген ойшыл Асан қайғының, ХІХ ғасырдағы Зар заман ақындарының 400-500 жылдық болжамдарын еске түсірсек, бұнда да бақсылық болжамдарды жариялау мен оны көпшілікке жеткізудің нышаны жатырған болар-ау деп топшылаумызға болады. Мүмкін, бұлар иррационалдық-сезімдік, эзотериялық бақсы болжамдарын көпшілікке жеткізушілер және «герменевтиктер» болған шығар.
8.Мистификациялық дүниетаным. Шамандық дүниеге көзқарас кеңістігіндегі өзіндік ілімдер жүйесі бірден-ақ рационалды-дискурсивті пайымдауға келіңкіремейтін, батыстық тұрғыдан ғылыми пайымдауға жатпайтын, оның ішінде материалистік ұстаным бойынша жоққа шығарылатын, ғылыми таным аймағында дәйектелмеген болғандықтан, ол сырттай қарағанда таза мистика. Ал «өзі-үшін» ол мистика емес, мистика болғанның өзінде, шексіз танымдық аймақтың обьектісі болары сөзсіз. Мәселен, өзге болмыс туралы шамандық елестету өзі үшін реалды, ал ғылыми-рационалды білім үшін мистика. Бұл тұрғыдан алғанда, жын-перілер әлемі, адамды баурап алатын әр түрлі жағымсыз ирреалды-реалды бейнелер т.б. сайып келгенде, бақсы болмысының өзін «мистификациялап» жібергендей болады. Сондықтан, кейбір ғылыми дискурсивті таным парадигмасын қатаң сақтайтындар, еурорталықтық таным шеңберімен шектелгендер бақсыны психологиялық ауруға ұшыраған жан деп есептейді. Өйткені, ол өзінің мистикалық әлемінің ажырамас бөлігі және өзі сол аймақпен қатынас жасайтындығына мүлтіксіз сенеді. Киім үлгісі де қандай-ма болмасын халықтардың ұлттық нақышына немесе классикалық формаларға үндесе бермейді, тіпті, дәруіштің немесе сопының аскеттік пішініне де ұқсамайды, «постмодерндік, анархиялық тәртіппен» құрылады. Бақсының осындай сыртқы келбеті оны психологиялық ауру деп қабылдауға қарай жетейлейтіндігі сөзсіз. Бұндай көзқарас бойынша; ол – тіптен зерттеуге тұрмайтын, тек қандай психикалық бұзылуларды бойына жинақтағандығын ғана анықтау қажет субьект типтес жан иесі. Халқымыздың ұғымында бүгінгі күнге дейін «қасиетін ұстай білу» деген түсінік болған (бар) және ұстай алмаған жағдайда, шындығында да, ол адам психологиялық ауруға тап болады деген пікірлер кездеседі. Бірақ бұл жеке жағдайлар, тұтастай шаманизмнің белгісі емес.
9.Гипноз бен аутотренинг — өзге әлемге шығу экстазы. «Бақсы өзінің зікір салу сәтінде қандай психологиялық күйде болады?» деген сауалға жауап іздеу нәтижесінде бүгінгі ғылыми таным оның гипнозға ұқсас жағдай екендігі туралы тұжырымдарға келген. «Бұл шындығында да солай ма» деген заңды логикалық сауалды болашақ зерттеулеріміздің еншісіне қалдырамыз.
Бақсы гипнозының екі бағытта өрбитіндігін ажыратып алуымызға болады: сыртқа қарай, яғни, жұртшылыққа, екіншіден, ішке, өзіне-өзі. Бірақ оны екіге дихотомиялап бөліп тастауға да болмайды, «экстра-интроверттелген» тұтастық ретінде қарастыру қажет. Бақсының ғажайыптарына куә болғандардың берген ақпараттарына күдіктенгендер бұны «көпшілікке (массовый) гипноз» деп түсіндіреді. Ал өзінің сыртқы әлемнен ажырап, ішкі тұңғиығына сіңіп кетуін «ішкі гипноз» деп бағалайды. Сөйтіп ол аутотренингтерді меңгере отырып, өзінің ритуалын орындап шығады. Сондай экстаз жағдайында ол «өзінің өзге әлемінің есігін» ашады. Бақсы, әрине, гипнозды игерген болуы да ықтимал, бірақ біз ойлағандай батыстық үлгідегі емес, барынша гуманистік және реалды, тіпті оны «гипноз» деп атауға келмейтіндей, тек соған ұқсайтын психологиялық үдерістер болуы ықтимал. Бұның бәрі гипноз, алдамшы, иллюзия деп шешім шығара салу оңай. Егер ол шындығында да, гипноз болатын болса, бақсы оң нәтижелерге қалай жетеді, неліктен оның емделушілері ұзақ уақыт бойына, кейде, тіпті өмір бойы ауруынан айығады. Демек, бақсы «гипнозы» оның тылсым болмысының маңызды атрибуты және болашақтағы психотерапия үшін аса қажетті құндылық деп пайымдай аламыз.
10.Магия мен оккультизм. Бақсы болмысы тұтастай алғанда магия мен оккультизмге толы. Шындығында ол сол үшін де бақсы. Қазіргі таңдағы магияны топқа бөлушілердің пікірлерін басшылыққа алсақ, бақсыда – ауру адамды емдеу сияқты ізеттілік те, халқының жауына жасайтын зиянкестік те, бұлт шақырып жаңбыр жаудыратын шаруашылық магиясы да, құмалақ ашатын мантика да т.б. жинақталған. Бақсы сиқыршы магтың нақ өзі. Бірақ жағымсыз мағынасындағы иллюзионист немесе гипнолог емес, ол қазіргіше айтқанда, «фокустар» жасауға да құштар емес. Оның сиқыры әлеуметтік-тұрмыстық, саяси-экономикалық мақсаттарға, ел мүддесіне жұмылдырылған жоспарлы, игілікті әрекет. Сондықтан шаман оккультизмінің өзіндік ерекшеліктері де бар. Себебі, ол өзінің магиясының қалай жүзеге асатындығын өзі анығырақ білгендіктен, оккультистік ілім жүйесіне тереңдей енген сыңайлы. Шаманизмді толығырақ аша түсудің тағы бір құрылымдық жүйесі, нақ сол бақсы тұлғасының өзіне үңілу, зерттеудің орталық алаңына шаманды шығару.
Шаманизм сенімінде жеке дара немесе басқалай көріністегі құдай персонасы жоқ және авраамдық діндердегідей пайғамбарлар тәрізді байланыстырушы тұлғалар болмайды. Бұндағы басты тупсубьект және шаманизмнің эпицентрі – бақсының өзі. Кейбір көзқарастар шамандықты Тәңіршілдіктің элементі деп санайды, бірақ бұл арнайы талқылауды қажет ететін бөлек мәселе, әзірге шамандықтың әлемдегі басқа да халықтарға таралғандығын негізге ала отырып, тек қана «ол Тәңіршілдіктен бұрын пайда болған және кейіннен екеуі кіріктірілген» деген пікірімізді басшылыққа аламыз.
Яғни, шаманизм, оның негізгі өкілдері бақсылар арқылы ғана танылады. Бірақ олар осы шамандықтың негізін салушылар немесе оның теориялық-практикалық жағын жетілдірушілер емес, шамандық дәстүрді жалғастырушылар және бұл сенімнің бар екендігінің куәгерлері болып табылады. Ендеше, шамандықтың мәнін толығырақ ашу үшін, «Бақсы дегеніміз кім?» деген сауалдың жауабын іздестіру басты мәселе. Осыған байланысты бақсы тұлғасын ашуда, алдымен, біз оның қоғамдағы (әзірге әлемдегі емес) тарихи-әлеуметтік және мәдени-тұрмыстық мағынасын ашып алуымыз керек.
1.Трансцендентальді-танылмайтын тылсым тұлға. Бақсы қоғамдық өмір мен күнделікті, қалыпты тұрмыс үшін, әлеуметтік талаптар мен нормалар үшін жалпы бұқара халыққа танылмайтын, өзі-үшін ғана, демек, өзі өзінің болмысын өз ішінде сақтайтын, жабық, интроверттелген ерекше субьект. Ол трансцендентальді әлеммен байланыс орнататындықтан, өзі де таза «физикалық трансценденция» ретінде сақталады. Егер де оның болмысы бұқара халыққа немесе тіпті зияткерлік қауымға рационалды тұрғыдан ашылатын болса, ол өзінің танылмайтын ішкі тылсымдығын жойған болар еді. Бақсы дүниетанымы, жалпылай алғанда, ұғынықты болғанмен, оның мистикалық танылмаған әлеммен қатынасқа түсу жағдайы эзотериялық. Сондықтан бақсы феноменін жалпы бұқара халық тануға да ұмтылмайды, тек белгілі бір қарапайым сатылар бойынша: бақсы, алдымен, «биопсихологиялық тіршілік иесі – адам», содан соң, «тумысынан ерекше бір қасиеті бар генетикалық сабақтасқан – жан», содан соң, «онымен қажет жағдайда қарым-қатынасқа түсіп жәрдем сұрауға болатын – ерекше кісі» болып тізбектеледі.
2.Қалыпты адамнан тыс, үрейлі құрметтеушілік тұлға. Әрине, ол қалыпты адам емес, Ш. Уәлиханов айтқандай, бақсы болу екінің бірінің қолынан келмейді. Оған бақсы еместер үреймен, құрметтеушілікпен қараған. Алдымен, оның киім үлгісінің өзі дәстүрлі емес, түр әлпетінің өзі ерекше, зікір салу сәтінде ол айтарлықтай үрейлі персонажға енеді. Құрмет тұту оның нәзіктігі мен сұлулығынан немесе сүйкімді болғандығынан емес, асқақ үрейлі келбеті мен болмысына қатысты түрде бағаланады. Бұл сыртқы келбеті бойынша, екіншіден, оның мистикалық әлеміндегі жын-перілер мен зұлымдық иелерінің өзі қорқыныш тудырады, ал онымен емін-еркін қатынас жасап, белгілі бір деңгейде оларды бағындыратын субьектінің қызметінің өзі «сұрқиялау» болып шығады. Ол тарихта «Алдар Көсе», «Ақан Сері», «Көшпенділер» сияқты фильмдердегі әлеуметтік келемештің обьектісі (сарказм) болмаған, керісінше, үрей арқылы құрметтелетін әлеуметтік мәртебесі биік топ.
3.Көріпкел-дана, рационализатор тұлға. Оның рухани болмысының өзі қалыпты адамға ұқсамайды, көріпкелдік пен даналықты ұштастырған бұл жан иесі, екінші бір қырынан алғанда, шығармашылыққа да ие. Ол шынайы өмір идеяларының «қоймасы» тәрізді, продуктивті ойы мен мақсатының өзі көбінесе «мүмкін еместің мүмкіндігі» аясында жүзеге асып отырады. Осы «мүмкін еместі мүмкін жасау» үшін қаншама рух пен руханияттық қуат, сенімділік пен шабыт керек екендігі түсінікті.
Сондықтан, бақсы ерікті-еріксіз түрде алғашқы діни сенім элементтерінің (тотемизм, анимизм, фетишизм, магия т.б) адамзат үшін қажеттілерін жойып жібермей, оны жандандыра түсіп, тұтастандырып, біріктіріп, барлығын бір мақсатқа жұмылдырып, яғни, адам игілігі мен сенім қажеттілігін қанағаттандыратын қорға алып келіп тиянақтайды, сабақтастырады, жүйелейді, қажетсіздерін ығыстырып отырады. Бірақ ешқайсысына басымдылық беріп, қандай-ма бір алғашқы сенімнің немесе діннің шамадан тыс шарықтап кетуін де болдырмайды, яғни, фанаттық пен әсіредіншілдіктің өрістеп кетпеуінің реттеушісіне де айналады. Сөйтіп, шаман, бүгінгі біз қолданып жүрген «зайырлы» сенімнің жалпылама картинасын: ешқандай сенімге қарсы келмей, оларды жоққа шығармай, аса бір сақтық келісімпаздық жасап, терең руханияттық діни сенім үлгісінің жалпы әмбебап картинасын адамзатқа паш етуші десек те болады. Бақсының жеке басына ешкім табынбайды, керісінше айтқанда, ол өзіне ешкімді де табындырмайды. Бірақ халық оған уақытша күні түскен сәтте, өзін емес, өзіне қонған ата-баба аруағын сыйлауды міндеттейді, бұл сыйластық, түптеп келгенде, бақсының өзі үшін емес, жәрдем күтуші үшін ғана арналады. Осы тұста, айта кететін жайт, бақсының жеке басына табыну — оның мәйітіне барып бас ию емес, заманалармен жалғасқан кеңістіксіз-уақытсыз тұтастанған-жалпыланған ата-баба аруағына сиыну екендігін баса айтуымыз керек, себебі, түркі дүниетанамындағы бақсы осы ата-баба аруағын жалғастырушы, алып жүруші гиперпсихологиялық-физиологиялық жан иесі. Бұны жалаң физиологизммен түсінбеу қажет. Нақтырақ айтқанда, бақсының адамдық болмысын (тәнін) емес, оның байланыстырушы рухын құрметтеу керек болған, бұны бақсының өзі де өте терең ұғынады, ұғынбағандарға айбар көрсете алады. Себебі, рухтар мен аруақтар әлемінің «конституциясының заңдары» осындай және одан кез-келген бақсы да тыс қала алмайды.
Сондай-ақ бақсының тек күй тартушы, керемет жан иесі ғана емес, ұлыстың ұлы кеңесшісі, даналық сөз айтушысы, тарихи оқиғаларды жырлап беретін жыраулар болғандығын шамандық дүниетанымды зерттеушелер де қолдайды[2,110б.]. Мұның бәрі бақсының даналық пен парасаттылық иесі екендігін қуаттай түседі. Сондықтан, ол кей жағдайда ішкі және сыртқы саясатқа ақыл-ұсыныс айту арқылы араласатын «мемлекеттік хатшы» да іспетті.
3. Діни сенімнің нақты өкілі. Ол сонымен қатар шамандық сенімінің нақты өкілі, атауы көрсетіп тұрғандай шаман болмаса, шаманизм де болмайды. Бір ерекшелігі, басқа діндердің өкілдері кез-келген адам болуға құқықты және ол сәті келгенде қауымдастықтан босауға да ерікті. Шаманизмде оның өкілдері тек бақсылар ғана бола алады және ол тумысынан бастап өмір сәті аяқталғанша ерікті-еріксіз түрде сол бақсылыққа тағайындалған, бақсы болмай өмір сүретін жол – ол үшін жабық. Бұл тұста оның еркіндігі шектеледі, бірақ ол табиғаттың жаратқан болмысы мен тумысын ризашылықпен немесе бейтараптылықпен қабылдайды.
Бейтараптылық дегеніміз, бұл тұста, бақсының белгілі бір мақтаныш сезімінің болмайтындығы, көкіректік пен өзімшілдіке бой алдырмайтындығы, өзгелерге есепсіз жамандық жасамайтындығы т.б. қасиеттері арқылы қуатталады, яғни, салқынқанды даналық десе де болады.
4. Материалдылықтың және биліктің иесі болмағандықтан, әлеуметтік демонстрацияланбаған қарапайым тұлға. Ол материалдылық байлық пен саяси билікке ұмтылмайды, себебі, оның билігі өзге әлемдегі жындар мен шайтандарға тағайындалған, ал байлығы, өзінің психологиялық күш-қуаты болып саналады. Оның тұлғасы, әлеуметтік-саяси аренада арнайы әйгіленбейді, рухтық-психологиялық климатта ғана айшықталады. Бірақ бұл ел билеу мен дәулетті өмір сүруге қабілеті жетпегеннен емес, керісінше, бұндай жолды таңдамауға даналық фокусы арқылы қол жеткізгендігінде. Ол өзінің тылсым қуатына қарамастан, көпшілікке оңай қолжетімді жан, оның санасында кедей мен бай, басшы мен құл, тіпті кей жағдайда адам мен хайуан деп жіктейтін өлшемдер жоқ. Бақсы-емші бәріне тең көзқараспен қараған, өзінен жәрдем күтушілерге арналған ортақ ритуалын жасап, тіпті төрт түлік малды да емдеген. Оның өмір сүру салты да тым қарапайым және өзінің еңбегіне ақы төлеуін талап етпеген.
5. Қоғамнан оқшауланған, әлеуметтік нормаларды мойындай бермейтін, өз заңдарымен жүретін: «әлемде ерікті, қоғамда еркін» жан иесі. Ол адамзат қоғамынан оқшауланып барып, табиғатпен және өзге де тіршілік иелерімен «іштеседі», бірақ түбегейлі жалғыз тіршілік ететін субьект емес, себебі, оның болмысы мен мақсаты адам-үшін, ел-үшін.
Бақсының ішкі және қатынас жасайтын әлемінің өзі осындай оқшаулықты еріксіз түрде талап етеді, ал адамзат қоғамының сұранысы мен осы дүние ырғағы оны қайтадан ұжымшылдыққа қарай итермелейді, бірақ бәрібір ол өзгелермен интербелсенді қарым-қатынаста бола алмайды. Қоғамдық өмірде белгілі бір саланың адамдары, жалпы мүдделестер мен біріңғай ойлайтындардың барлығы (единомышленники) топтасып жүреді. Мәселен, сал-серілер, өнер иелері, батырлар т.б. Ал бақсы ешкіммен топтаспайды. Ол қоғамдық нормалар мен талаптарға қатаң бағынбайды, керісінше, өзінің ішкі талаптары мен еркі бойынша тіршілік етеді, бірақ екі өлшемді бір-біріне қарама-қарсы қоймайды, бірақ қажет кезінде әлеуметтендірілген мәдени-саяси-құқықтық құрсауларды бұзып шыға алады. Бақсы үшін бұның бәрі «догма» есебінде қарастырылады деп айта аламыз.
6. Осыдан оның өнер иесі, емші, гуманист аскеттік рухани кісілік қасиеттері ашылады. Бақсының адамзат қоғамы қабылдаған көркемдік-эстетикалық таным мен талғамға ұмтылысы да жоқ емес. Мәселен, қобыз аспабында ойнайтын, жырлайтын, тамақпен әндететін т.б. өнерлер шаман үшін жат нәрсе болып табылмайды, көбінесе, бұл рухани болмыс элементтері осы жан иесінің болмысын тұтастандыра түсетін атрибуттарына да айналады. Халықтық медицинамен арнайы шұғылданатын шаман, жоғарыда атап өткеніміздей, өз халқы мен ұлтына, жалбарынып келген мұқтаждарға көмек қолын созуға дайын тұратын, тіпті осы «мақсатын міндетке де айналдыратын» руханиланған жан. Оның өзінің көмегіне мұқтаж жандарға жәрдем көрсетуден бас тартқандығы туралы оқиғалар тарихта әзірге кездеспейді. Бақсының бұл тұрғыдан алғанда, адамгершілік қасиеттері аса жоғары, ол өз халқының жанашыры, елі мен ұлтынсүйгіш. Мәселен, «Ұлы бақсы» жырындағы Бек-қағанның бақсыға айтқанына көз жүгіртсек; «Кеткен күнмен сен кетсең, өлі аруақтармен теңдессең, қауымнан әлі айрымың болмаса, мұндағы елге қайырымың болмаса, шынында да, артыңда қалап үгіліп, қайғыдан белі бүгіліп, қараңғы ел қалай күн кешпек..»[2,168б.] бақсы образының гуманистік тұғырын анық байқай аламыз. Реті келгенде, жауға қарсы да өзінің психологиялық-идеологиялық қаруларымен тұтаса аттанады. Сонымен қатар, ол материалдық байлық пен саяси билікті қажет етпейді, бұндай гедонистік қағидаттар оған мүлде жат болғандықтан, аскеттік идеалға да неғұрлым жақындай түседі. Бірақ дәруіштік, сопылық эгоизмнен мүлде ада бақсы оны түпкі мақсат етіп қоймайды. Оның санасындағы зұлымдық жер бетіндегі, нақтырақ айтқанда, қоғамдағы әділетсіздіктен гөрі ғарыш пен жер астындағы шайтани рухтардың билік етуі болып саналады. Жалпы алғанда, шаман гуманизміндегі дүниетаным призмасында Қателесу мен Жеңіліс қабылданбайды, олар тек қана зұлымдық иелерінің де дүниеауи тіршіліктегі өз мақсаттарына жету құқығы ретіндегі түсінік болып кездесіп отырады.
7.Қоғамдағы еркіндік пен азаттықтың практикалық өкілі. Бақсы қоғамдық талаптардан, құқықтар мен міндеттерден барынша тыс болғандықтан, белгілі бір деңгейде абсолютті еркін. Бақсы ешкімге бас имейді, ешқашан құл болмайды, бағыну дегенді білмейді, ешкімге ешқашан күні түспейді т.б. Сондықтан ол азаттық пен еркіндіктің биік шыңында асқақ тұрады және іс-жүзінде бұл құндылықтарды өз призмасынан өмір бойы өткізіп тұруға бағдарланады. Сондай-ақ, ол қоғамда ешкімді билемейді, бағындырғысы да келмейді, құл да қылмайды, қысқасы, мүмкіндігі мен қабілеті бола тұра харизма емес. Сол үшін оның азаттығы мен еркіндігі тәндік ұмтылыстардан тәуелсіздігі өз алдына, тіптен «жерлік» өмірден неғұрлым асқақ, биік тұрады. Күйбең тіршіліктің тынысымен күн кешу оған мүлде жат, ол тіпті өмірдің жалғандығы мен мағынасыздығы туралы толғанбайтын да сияқты.
Келесі кезекте, бақсы тұлғасының интросубьектілік интроспекциясының, демек, өзінің өзін тануын мынадай сапалармен анықтауымызға болады:
1.Өзіне және өзге дүниеге ықпал етуге сенімділіктің эпицентрі. Еркіндік пен азаттықты құрмет тұтатын және өзінің өмір сүру тәсілі де бұл құндылықтармен шартталғандықтан, ол өзіне сенімділіктің көрнекті өкілі. Жоғарыда атап өткендей, «мүмкін еместі мүмкін жасау» үшін өзіне сенімділіктің қаншама қуаты мен күші қажет екендігі белгілі. Сондай-ақ ол өзінің мистикалық дүниесіне де сенімі мығым, оны жоққа шығаруы немесе бұған күмәндануы мүмкін емес. Шаман, жалпы алғанда, ешнәрсеге күдікпен қарамайды, не түбегейлі жоққа шығарады, немесе, оны толықтай қабылдайды. Берік Жүсіп те бақсылықтың күрес аймағын зерделей келе, оны «Бақсы – «рух» пен «сенім» иесі»,-деп нақты дәл тұжырымдайды[3,15б.]. Сондықтан оның санасы мен рухы тұрақты және мығым, танымы қалыпты және өзгермейтін, талғамы бейтарап және орнықты болып келеді. Бақсының дүниетанымындағы өзіндік жүйелер, құндылықтар ауыспайды, бұл тұрақтылық тіптен өзінің жеке тұлғасы үшін ғана сақталмайды, жалпы шамандық тарихи сана мен бақсылық эволюцияның тұтас кеңістігі бойынша да мыңдаған жылдар бойы өзгеріссіз келе жатырғандай болып көрінеді. Ол зерігу, мағынасыздық, үрей сияқты батыстық экзистенциалистер ұсынған психофилософемдерден ада. Демек, оның экзистенциясын экзистенциализмдік деп емес, «метаэкзистенция» деп пайымдауымызға болады.
2. Дүние мен болмысты билей алуда, обьективтілікті бағындыруда солипсистік дарын иесі-онтолог. «Дүние – менің дүнием» қағидасын реалдандырушы-практик. Болмыстың қайшылығымен бетпе-бет кездескен шаман белгілі бір деңгейде дүние мен оның болмысын «бағындырады». Мәселен, бұлт шақырып жаңбыр жаудырады. Бақсы үшін болмысты билеп алу түпкі мақсат емес, билей алу мүмкіндігіне ие болу ғана оның беделі мен өзіндік бітіміне мағына береді. Обьективті үдерістерді, табиғи заңдылықтарды қажет кезінде уақытша бағындырған шаман оған масаттанбайды, оны тек әлдебір игі сипатты мақсаттар үшін ғана қолдануы ықтимал. Ол батыстық философия тілімен айтқанда, «солипсис» деңгейіне дейін көтеріле алады. Бүткіл дүние (басқа бақсылардан басқа) өзі үшін жаратылғандай өзін бұл әлемде еркін сезінеді немесе керісінше, әлемде өзін толыққанды еркін сезінуі үшін еріксіз түрде солипсис болып тағайындалады-өзі- тағайындайды. Осы еркіндік пен рух бостандығы «Дүние – менің дүнием» қағидасын реалдандырып жібереді және оны іске асырады. Ол тарихтағы және бүгінгі күнгі шексіз байлық немесе билік иесінің осындай түсінігінен әлдеқайда үстем және нәтижесін де белгілі бір деңгейде дәлелдеп көрсете алады. Бақсы әлем заңдылықтарын, табиғат күштерін қалай билей алуының жолы мен тәсілін ғана ұсынатын ғалым емес, керісінше, бұл тәсілді жұртшылыққа ашып көрсетпейтін, бір өзі ғана жүзеге асыратын практик. Ол өзінен басқа бақсыларды көмекке шақырмайды, оның болмысында көп жағдайда ұжымшылдық пен бірлесе әрекет ету түсінігі «жоқ» десе де болады.
3.«Менді» толық меңгеретін, рухын өзге дүниеге трансформациялайтын өзінің реалды-мистикалық әлеміндегі перфекционистік жан. Өзінің тәндік болмысы ғана емес, рухын да толық меңгергендіктен, өзінің «Менін» өзі толықтай танығандықтан, оны оңай билеп, бағындырады, құмарлық пен қажеттілік инстинктерінің жетегінде кетуі де мүмкін емес болып табылады. Сонымен қатар, ол өз «Менінің» қорларын толықтай пайдалана отырып, өзін-өзі жетілдірумен, іс-тәжірибе сынақтары арқылы өзін-өзі тексеріп, әйгілеп отырады. Мысалы, көпшілік алдындағы бақсының орындайтын демонстрациялары тек құр мақтаныш емес, өзінің ішкі қуатын шынықтыру, тәжірибеден өткізу, сынау мен машықтандыру, яғни, түптеп келгенде, «өзге-үшін емес, өзі-үшін». Шаман үшін бұл өмірде тән мен жан бір-бірінен ажырамайтын тұтастық қана емес, қажет кезінде оңай бөліне алатын бірліктің екіге айрылуы болып табылады. Сондықтан, өзге дүниеге рухын көшіріп, тасымалдап, тәнін осы дүниеге уақытша «тастап кете» алады. Мәселен, халқымыздың түсінігінде «ұйықтап жатырған адамның жаны ел кезіп ұшып кетеді, оянар сәтте ол қайтып оралады, сондықтан оны бірден оятса, жаны тәнге қайта оралып үлгере алмай қалуы мүмкін» деген ұғым бақсының тәні мен жанының уақытша ажырап кетуінің мысалының аналогиялық моделі деп айта аламыз және бұл шамандық сенімнің ықпалы арқылы қалыптасқан түсінік деп болжамдаймыз.
4.Өзге дүние өкілдерімен күресетін және жеңіске жететін психологиялық «баһадүр». Ол да ерлікпен, жанқиярлықпен жауларымен күресе алатын тұлға, бірақ физикалық емес, психологиялық арнада арпалысады. Себебі, оның басты жаулары, мистикалық әлемдегі оған бағынбайтын шайтани рухтар мен жындар. Бұл күрес көп жағдайда, ертегілердегі ізгілік пен зұлымдықтың күресінің нәтижесіндегідей ізгілік жеңіске жететін сюжетпен үндеседі. Бірақ ертегі әфсаналық сарын болса, бақсының әрекетінде реалды. Ол өзімен болған өзінің «психологиялық ұрыс алаңында» жеңіске жетуге ғана тағайындалған. Бірақ жеңіс ол үшін «шекаралық жағдай» арқылы ғана жүзеге асады, оның әрбір жеңісі оңайлықпен келмейді. Мысалы, әдет-ғұрыпты зерттеушілер бұл мәселелерді былайша тарқатып көрсетеді: «…Ол әйел нәрестені туа сала ешкімге көрсетпей, етегімен көлегейлей, туған сәбиді апыл-ғұпыл етегіне орап алады. Бұл пәле-жаладан, жын-шайтаннан сәбиді қорғап қалған болу ғұрпы, сенім-нанымы болмақ. Сол сияқты бала тоқтамаған бақсылар: «бала туа бергенде жыным келіп, ол алып кетеді. Мен жыныммен алысып, баламды сақтай алмай, жынға алдырып алам, сол үшін, жындардан баланы сақтау үшін басқа бір әйелге бала туа сала, етегіне салдырып, сол әйел үйіне бірнеше жасқа келгенге дейін бақтырамын» деп те айтқаны тарихта бар. Туған баланы алып кететін жындарға «бүркіт жын», «қасқыр жындар» көбінде жататын болғаны жайлы деректер бар»[4,43б.].Осы тұстағы: «Мен жыныммен алысып, баламды сақтай алмай, жынға алдырып алам»,-деген тайталасты бейнелейтін жолдар күрестің қаншалықты деңгейде өтетіндігін паш етіп тұр.
5.Гипноз, парапсихология т.б. иеленген психотехник-эвдемонист. Шаман жоғарыда атап өткендей, жай психолог қана емес, психологиялық техниканы жетік меңгерген. Оның психологиялық күрес майданындағы жеңіске жетуінің «формуласын» былайша құра аламыз: шынайы жеңіске жете алмаса, өзін-өзі жеңіске жеткендігіне сендіреді, сондықтан ол, шындығында да, солай болып шығады немесе солай болып шығуы тиіс. Демек, оның күресінің екінші сатысы өзінің санасындағы «жеңіліске ұшыраған бақсы» персонажының обьективтілігімен күресуі, нақтырақ айтқанда, өзіндегі «жеңіліп қалуы ықтимал санамен» күресіп, оны жеңетін сананы өзіне-өзі мүлтіксіз орнықтыруы. Бұл күрес те оңайға соқпайды, сондықтан бақсы үшін басты психологиялық жау «шындықты мойындайтын және көре білетін өзінің рухына» айналады. Бірақ ол өзін-өзі уақытша алдамайды, сол акт аяқталғанша өзіне-өзі гипноз жасау арқылы өзін түбегейлі түрде сендіреді. Бақсылықты зерттеуші Е. Турсунов та, бақсының зікір салу сәтінде жеңіл гипнозды пайдаланатындығын атап көрсетеді[5,33-34бб.].
Осындай екі масштабта күресетін бақсы үшін психологиялық техникалардың көпшілігін жете меңгеру (батыстың ғылыми прадигмалары бойынша айтсақ, стихиялы) маңызды іс болып табылады. Үнемі (көп жағдайда) жеңіске жететін бақсы, біздің түсінігіміз бойынша «бақытты» жан иесіне айналады. Сондықтан оның бақытқа ұмтылуына және өзгелерді бақытты қылуына, әрқашан да оптимистік жігеріне қарап т.б. «эвдемонист» деп бағалауымызға болады. Оның мақсаты өзгелердің тілегін орындап бәрін бақытты ету. Бірақ бақсының өзі-үшін бақыттылық пен бақытсыздық ұғымдары жоқ немесе шартты.
Ол бейсаналылық пен саналылық аймаққа еркін өтпелі, медитациялық күймен өзінің болмысын нығайта түсетін рухи жан иесі болғандықтан, өзінің әрекет ету алаңында психикасының жетістіктері арқылы өзін қажет сәтінде өзге болмысқа тұтастай тасымалдай алады. «С богом общается специальные шаманы-камы, которые чтобы вступить диалог с богом должны впасть бессознательное состояние»,-деп[6,38б.] бақсының жоғарғы рухтық қызметінің үдерісін сипаттаған Әуезхан Қодардың пікірі де осының айғағы.
6.Шамандық құндылықтар жүйесін жасайтын, ата-бабаның аруақтарын қайта жандандыратын импровизатор-аксиолог. Шаман шамандық сенімнің айнымайтын сенімді өкілі, ол басқа діндерді мойындағанмен, өзінің сеніміне тұрақты болып келеді. Сондықтан жалпы бақсылықтың құндылықтар жүйесін мойындайды, құрметтейді, белгілі бір деңгейде оны өз қабілетінше дамытып та отыруы ықтимал. Себебі, бақсылықта идеялық ұстанымдар жағынан бөлінушілік те болмаған тәрізді, сондықтан шамандық құндылықтар жүйесі бақсы үшін өзінен-өзі абсолютті құнды болып келеді. Бірақ ол жүйенің өзіндік бір парадигмалары рационалды пайымдаудың бағдары үшін ұғынықсыздау, сондықтан, онда құндылықтар жоқ немесе жүйесіз болып көрінуі де мүмкін.
Кез-келген жеке бір бақсы жалпы шамандық дүниетанымға төңкерістер жасайтын продуктивті өзгерістер енгізбесе де, оның шексіз аймағын еркін пайдалану құқығына ие, сондықтан импровизаторлық шабытты қуатын өз бетінше іске асыруға қабілетті де болып келеді. Шамандықтың мүмкіндік кеңістігінде, «бақсы мынаған қабілетті, ал мынаған қабілетсіз» деген өлшемдер мен верификациялар болмайды, «обьективті» қабілеттілік пен мүмкіндік алаңы шексіз, дегенмен, осы шексіздіктен бақсы өзінің жеке даралық қасиеті, күші, қуаты, талантының деңгейіне байланысты өзінің субьективті үлесін алуға құқылы, яғни, мүмкіндігінің шегін анықтайды. Бақсының метаонтологиясындағы мүмкіндіктердің шексіздік (немесе шексіз мүмкіндіктер) алаңының құрылғандығын Қорқыттың еш мүмкін емес өліммен күресуінен көруге болады. Ендеше, бұл мүмкіндіктердің шексіздік алаңында Қорқыт қоғамдағы бәріне қабілеттілігін тәжірибе жүзінде дәлелдеу сатысынан кейін, әлемдік «өлу» (Болмау-болу-болмау) заңдылығындағы өзінің өлмеске қабілеттілігін сынаққа алды, бірақ оған жете алған жоқ, мүмкін керісінше, ұлы бақсы Қорқыт мүмкіндіктердің шеткі қақпасын бұзып, шамандықтың шексіз мүмкіндігін абсолютті шексіздікке жеткізуге тырысқан шығар, нақтырақ айтқанда, мүмкіндіктер аймағының шекарасын жоюға ұмтылған болуы ықтимал.
Түркілік бақсылық негізінде де ата-баба аруағын құрмет тұту, олармен «қарым-қатынас орнату» да шамандық дүниетаным парадигмаларына жат емес. Бақсы қаншама импровизатор болғанмен, шамандық құндылықтар жүйесінің аясынан айнымайды, әрбір бақсының өмір сүру дағдысы мен магиялық әрекеттерінде көп жағдайда өзіндік бір спецификалық стилдері болады.
Өзінің құндылықтар әлемін өзі жасап, өзі толықтыратын бақсының ішкі әлемі тым тұйық емес, ол халықтық дүниетанымға бірте-бірте сіңіскен, мүмкін бұрыннан-ақ белгілі болған: пері, жын-шайтан, албасты сияқты құбылыстар арқылы жалпы танымдық сипат алады. Халық пен бақсы арасындағы байланыс, осындай бір ортақ құндылықтарды бағалаумен келіп тоғысады. Мәселен, кейбір аңыздар бойынша, бақсы емес қарапайым адамдар да жын-перілермен кездеседі, кей сәттерде албастыны олар да қуып жібереді немесе өлтіретіндігі айтылады.
Зікір салу кезінде, бақсылық дүниетанымның мистикасы мен магиясының шынайы мағынасы ашылып, ол «реалданады». Сондықтан, осы тұста халық пен бақсы арасы жақындай түсіп, алшақтық шартты түрде барынша жойылады. Себебі, зікір салу сәтіндегі нәтижелер мен игілікті істер арқылы бақсы дүниетанымы қоғамдық құндылықтарға айналады, оның мистикасы мен өзге болмыс әлемі әлеуметтік қабылдауға өтеді. Осы тұста шаман импровизациясын ашып көрсеткен А. Жақсылықовтың пікірінің ой түйінінің маңыздылығын атап өтпеске болмайды: «Шамандар бұл дүние үлгілерін алғаш жасаушылар, олар табиғаттың, жоғарғы дүние рухтарын анықтап, жіктеп, әрқайсысына атау берді, сондай-ақ олар Жоғарғы-Ортаңғы-Төменгі қабаттарды деңгейлерге бөліп тастады, Жақсылық-Зұлымдық т.б. бір-біріне қарама-қарсы ұғымдарды бекітті»[7,207б.].
7.Психологиялық энергетикалық ресурстарын инструментализмдік түрде бағалайтын және билей алатын, қайталанбайтын монадолық адам. Бақсы болмысының негізгі қуаты мен күші психологиялық энергия болып табылады және ол «сарқылмас қор» ретінде тұрақты болып келеді. Шаман үшін ол қор басты құрал және өз күшіне енген сәтте қаруға да айналады. Бірақ оның психологиялық қуаты өзіне қатыссыз, сырттан таңылған, жоғарыдан берілген тылсым, кей сәтте игере алмайтын бағынышсыз емес. Сондықтан ол өзінің психологиялық қуатының толыққанды иесі болып табылады. Дегенмен, оның жеке жындары мен бағынышсыз жындары арасындағы күрес кезінде, бақсы бақылаушы ретінде «бейтарап» жағдайда отырғандай болады. Осы шешуші сәтте, бақсы өзінің эмоционалистік күшін (өзі жынының жеңіске жетуін үздіксіз тілеу) барынша кең пайдаланады.
Әрбір адам қайталанбайтын даралық, тіпті тіршілік иелері мен болмыстың әрбір сәті мен көрінісі де өзіндік төлтума ерекшеліктері бар жеке құбылыстар мен даралықтар болып табылады. Ал бақсы болмысының қайталанбайтындығы, біріншіден, кез-келген дін өкілі сияқты емес, өте сирек кездесетіндігімен, екіншіден, қалыпты адами болмысының өзгешерек екендігімен, үшіншіден, оның зираты кейіннен табыну обьектісіне айналатындығымен т.б. айшықталады.
Бұл құрылымдық-функционалдық талдауларымыз, әлемдік философияда да бұл тәсілдің «тек ақпараттарды тізу мен жүйелеу болып табылады, ішкі мағынаны аша алмайды» деген сынынан тыс қала алмайды және шаманизм феноменін ашуда жеткіліксіздік танытады. Бұл ізденісте, жалпы алғанда, «басқылық дегеніміз не» деген сауалды барынша қанағаттандыратын бастапқы мәліметтер ғана айшықталды, оның тұтас образын құрып алу міндеттері жолға қойылды. Сондықтан, шамандықтың түпкі мағынасына ену, оның шынайы болмысын ашып көрсету басқа да тәсілдерді қолдану арқылы келесі кезекте жалғасын табады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Еркін Көкеев Ануарұлы. Ертегі Көк Аспан.-Алматы: Айдана, 2008.-376б.
2.Қазақ бақсы-балгерлері. Құрастырған Ж. Дәуренбеков, Е. Тұрсынов.-Алматы: Ана тілі, 1993.-224б.
3. Берік Жүсіп.Бақсылық//Қазақ әдебиеті.-№3.-2010
4.Кәмалашұлы Б. Қазақ халқының туыс-туғандық жүйесі, ұрпақ өсіру, тәрбиелеу дәстүрі, үйлену ғұрыптары.-Алматы: Өнер, 2005.-128б.
5.Турсунов Е.Д. Истоки тюркского фольклора. Қорқыт.-Алматы: Дайк-пресс, 2001.-168с.
6.Ауезхан Кодар. Тюркские языки как обитель бога Тенгри (опыт герменевтического анализа)//Тамыр.-Вып.4.-2012.-34-38бб.
7.Жақсылықов А. Шаманизм мен фольклор//Қазақстанның қазіргі заманғы мәдениеттану парадигмалары.-Алматы:Жазушы, 2006.-496б.-185-234бб.