Журнал "ТАМЫР", №35, апрель-июнь 2013 г.

Софы Сматаев. Қараңғы ойлар

Бірінші ой

* * *

Ей, адамзат, жемқорлықпен желіккен!
Құлқыныңды тыя алмайсың неліктен?
Бар мен жоқты,
Аш пен тоқты айырмас
Нең қалды енді айнымастай өліктен?..
Осы шумақты қай кезде жазғаным есімде жоқ, бірақ қолыма қаламымды еріксіз ұстатты.
Жемқорларды тыятын да мен емеспін. Қанқорлардың ұятын да оятатын мен емеспін. Бағусыз кеткендерді қағусыз жіберіп алғанымыз бүгін ғана емес. Арғымақтай арындап жиырма жыл өте шығыпты. Аздың көпті басынғаны, саз бен сөздің құнын қашырғаны көбейді. Тіл күрмеліп, арқа жауыр болуға айналды…
Содан ба қараңғы түндердің қап-қара қойнына сүңгіткен мазасыз ұйқысыздық қараңғы ойлардың қалың тұманында адастырып-ақ жүр мені. Жылт етер сәуле, жарқ етер ұшқын таппаймын ба, ел – меңзең, мен – сергелдең дейтін шарасыз тұйықтан шапшып шығар сыңараяқ сүрлеу іздеумен қалжырап бітемін.
Жетпіске жеттім. Желкелегендерім жоқ та, өзімді желкелеткендерім көп. Алыс-жұлысты, айтыс-тартысты, қырғын-сүргінді әурешілік ғұмырдың батпағын кешуден шаршамайтын итшілеген тірліктің иесі болғанның несі мақтан. Алдың – күңгірт, артың – өкініш. Күңгіртіңнен үрейленсең, өкінішің өксігіңді өкпеңнен сығып алады. Өткеніңнен жеткеніңді таба алмай, жалғандықпен алысам деп қажығаныңды ғана сезгеннен не пайда.
Тұрлаусыз тірліктің тұзағы мойныңды бүріп тұншықтырып бара жатса, адалдық аңсаған үзік-үзік тынысың ауа қарманар далбасасынан жалықпағанда қайтеді. Жалықтырады да қамықтырады.
Не істеу керек?..
Осы сұрақ мынау Жалғанның жарық дүниесіне шыр етіп енген әр жан иесінің миын шаққан, жауабын тапқызбас қиын түйіні болмап па еді. Сол түйінді шешпек түгілі одан сайын шиелеумен шаршап, шалдығып, көз жұматынымыз қалай?
Сонда шынымен-ақ Тағдыр-құбыжықтың, әлде Тәңір-құдіреттің ойыншығы болғанымыз ба? Адам деп аталсақ та, әлдебір ерік-ырқыңнан тысқары жүндес қолдың ыңғай-ықпалымен қуыршақ болып қимылдайтынымызды шынымен сезбей өтеміз бе? Шамырқанар шама, сілкінер сес қалмаған құр сүлдені бықсып, бүксіп сүйрете беруден табарымыз не? Құлдықтың, қорлауы ма? Қорлықтың құлдыратуы ма? Жетістірді деп жеткеніміздің түрі осы болса, шыңы қандай болмақ? Алыстаған сайын адасуыңның көбеюін байқағың келмейтіні қалай? Топпен, тобырмен бірге, тіпті қалың көппен бірге адасып жүрмін деп өзіңді өзің жұбатудан не қайыр. Адасқан көпке сүмеңдеп ілесем деп дауасыз қабынған өкпеңнің шерін жүрегіңнің жүгінісіне салуды да білмесең, түйсіксіз жануардан нең артық?
Не істеу керек?

1941 жылдың 22-маусымында таңғы сағат 7-де, Германиямен дәл соғыс басталған сәтте туған мен үшін осы сұрақ пешенеме жазылған тылсымдай сұрақ емес пе екен? Содан ба екен, қаламгерліктің соқтықпалы соқпағына бет бұрған мен үшін бұл сұраққа қандай да жауап табу – ғұмырымның мәні мен мағынасына айналуы да кәдік-ау дейтін шалажансар пікірге жармасатыным да бар.
Сол себеп болды ма, ә дегенде жалындаған жастықтың албырт адуындығымен халқымның өткеніне үңілдім. Жан жағынан азуын ақситып төнген жауларымен елінің еркіндігі үшін жан аямай шайқасып, ерлікті уағыздап кеткендерді тірілтпек болып «Елім-ай» романын жаздым. Кезінде елдік рухты елең еткізе дүр сілкінткен дүнием бүгінде қайта басылмай, интернет пен теледидарға телмірген жас ұрпақтың санасынан тыс қалды.
Не істеу керек?
Кешегіні көшіріп, қопарып әкеліп, көз алдарына тоса қойсам, түйсіктерін түрткілей ме деген жермешел тілекпен пьеса да жаздым. Дарылдақ, барылдақ әуен мен жарқылдақ, жылтылдақ арзанқол көріністермен ауызданған өрендерімнің өзегіне сіңіре алмадым.
Қияли нәрсемен қинамай, қазіргі күннің қасиетін қашырған қасіреттерінен безіндірейін деген жансебіл ниетпен серт, өрт, дерт дастандарымды газет беттерінде жамыратып та көрдім. Күрсініп қабылдаған кәрілер болмаса, жанайқайымның жаңғырығына жалт қарар жастарды байқамадым.
Енді не істеу керек?
Өзгенің тас қорған кеудесіне үңілу – түңілуден басқа түк бермейтінін түйсіндім бе, өз кеудемді ғана көңіл сүңгіммен үңгілеуді дұрыс деп таптым.
Сондағым: қараңғы түндердің қойнынан қылаңдаған қараңғы ойларымды ақ қағазға шимайлап сығыстыра беру. Базбіреу ерінбесе, оқыр. Базбіреу қажетсінсе, көкірегіне тоқыр. Қажет етпесе ота қидалаған өзегімнің қанына малынып, өртеніп шыққан ойларым мынау жарық Жалғанның кеңістігіне сіңіп кетіп, әлдебір тылсым сырдың әсерімен Келешектің құлағына жетер де. Ал бастадым.

Екінші ой

* * *
Әлемнің бүкіл қызығы да, шыжығы да бір адамның ішінен табыла береді.
* * *
Жұртты ойланта білуден өтер құдірет жоқ.

* * *
Шарлап Тау мен Даламды,
Тоздырушы ем табанды.
Қазақ деген атыммен
Таң қалдырып ғаламды!
… Тауымды өзге жайлады.
Далам – жаттың аймағы.
Мен ұстадым жағамды.

* * *
Адамнан тілемей, Алладан тілеу бар. Өзгеден қаламай, өзіңнен сұрау бар.
Адамға қол жаю – кеудеңді тұл, көкірегіңді құл етудің бастауы. Берсе – иығыңа қамытын іледі. Бермесе – езуін ыржитып, мазақтап күледі.
Алладан тілесең, алам деп, бере қояр деп тілемейсің. Желеп, жебесе екен, жолымды ашса екен, жөнімді тапқызса екен, бақастықты байлап тастап, күншілді күлге аунатып, жемқорды жер бауырлатып жықса екен деп тілейсің.
Өзгеден қалау – өміріңді өксіту, өзегіңді өкінішке толтырар өгейсіретуге көмілу. Ескерусіз қалар есіл өміріңді кесірлінің қолындағы темір тізгінге кигізіп беру. Зорлықтың тұншықтырып бара жатқан қорлығына шыдай алмай, шырылдап бұлқынғанмен, шығар есікті таба алмау.
Өзіңнен сұрау – жылап тусаң да, кейімей өлудің арпалысы. Алыстан арбаламай-ақ, жақыннан дорбалаудың әрекеті. Арсылдап үрсем екенге емес, араласып білсем екенге талпыну. Білгеніңді өшіруге емес, өсіруге асығу. Ұтсам деуге емес, тапсам деуге, сөндіруге емес, жақсам деуге ұмтылу. Төңірегіңнің жалтырақ, жылтырағына алып ұшып қызыну емес, дүниенің көрінген һәм көрінбеген хикметіне қызығу.
Сонда ғана жердегі біреумен емес, көктегі Жалғызбен көңілің де, өмірің де жалғасып, жымдасып кеткенін сезбей қалсаң да, әділеттің тұнығынан сусындаған жаныңның әлдебір ғаламат әсемдікпен үйлесіп сала бергенін пайымдауың мүмкін. Сол сәтте өксіген өкпеңді еміренген көптің алақаны сипайды. Қамыққан түсіңді жабықтан сығалаған сәуледей боп жарылқаушы жұртыңның жанары жылытады. Ал сол еркелете елжіретер еліңнің емексітері – адалдығыңнан айнымауың ғана. Туралығыңнан бұрылмауың ғана. Тазалығыңнан таусылмауың ғана. Басқаңды қаламайды.
Сонымен, бір Алладан тілесең – адаспайсың. Бір өзіңнен сұрасаң – өзгеге жалынып жақ ашпайсың.
Ал осымен доғарайын.

* * *
Құм астынан көз ашып ед гүл шығып,
Жалғасты да,
Жармасты алға тіршілік.
… «Саинды» өрлеп келе жатыр бойжеткен
Қара көздің қызыл жасын бір сығып.
Дауыл соқты шатырларды құлатып,
Шаң-құйынын шартарапқа шұбатып,
… Көк Тәңірі күйінді ме күрсініп?..

* * *
Осы біз ұяла аламыз ба? Ұят деген ұғымды біле аламыз ба? Білеміз деп те, білмейміз деп те – ашып айта алмай отырып қалдым. Сасқанымнан Абайға жүгіндім. Хакім айтады: «Ұят деген адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп қылған қысымның аты. Көзіңнің жасын, мұрныңның суын сүртіп алуға да қолың тимейді, бір ит боласың».
Осыдан артық не дерсің енді. Ит болып, құйрығыңды бұлғаңдату қайда, бұтыңа тығып, мөлиген көзіңмен қара жерді… еден тақтайын тесіп жіберердей шұқылап, ұятыңның ұясына екі иығың қушиып, енді қайтып шықпастай болып бүрісіп, құнысып кіріп бара жатасың. Дәл сол сәтте ар жазасы жазылмас деген сұмдық шешім маңдайыңа кертіліп ойылғандай үрейлі сезімнің тереңіне сүңгіп кеткеніңді де байқамайсың. Әне, ұяла білудің құдіретті құрсауы.
Бұным – енді көкірегінде ойы, қауашағында миы бар, бетінің қызылы өшпеген, жанының жылуын сақтар қызығы бітпеген жандардың еншісіндегі сезім сергелдеңі екенін анықтай кетейін. Ал ұятын ұрлатып алғандардың (дұрысы жоғалтып алғандардың) мияты алдау, арбау екенін дәлелдеп жатудың қажеті де шамалы. Олармен күн сайын кездесе берген соң бүркеніп алған бет пердесі он қабат болса да оп-оңай-ақ тани қоятын болып алдық.
Ұятын үй сыртында қалдырып кететінді бастық қылып қойсаң-ақ, «Жұғын бар жерде шыбын бар» деп үйелмені тұрмақ үрім-бұтағымен, ауыл-аймағымен ошарылып келіп сол елді мекенді – республиканы, облысты, ауданды, қаланы түп-түгел жеке меншіктеріне шып-шырғасын шығармай айналдырып, иемденіп ала қояды. Содан кейін сырты – сара, іші –қара әлгі дөкейдің өзіне кірмек тұрсын маңайындағы жақын-жораларының жүзін көріп, шаруасын айтуға да шарасы қалмаған қара халықтың сан соқтырған сандалысы басталады.
Ұятын жоғалтқан жанның ғұмырын да жоғалтарын сезбейміз бе, төрдегі төрені тірі адамдай сарыла іздеп, сарғая тосып, өзімізді өзіміз шаршатудан жалықпаймыз. Ұяты өлген адамға ұят сіңірем дегенше, уланып өлген адамды ұшықтап тірілтем деу әлдеқайда ардақты.
Сынған қолдың салмағы мойынға түсерін ескертпейтін еркін тірлігің енді осынау ұятын қоқыс салған жәшікке көміп тастағандардың кесірінен сынған үмітіңнің батпан-батпан жүгі ойыңды мойныңмен қоса отырып жібергенде, мүлде адыра қалады. Ендігі итшілеген тірлігіңді ұятын өлтіргендердің құрбаны болды деп қабылдап, таудың тасын уыстап тасып тауысуға көне бер. Өйткені түйеге мінген адам еңкейе алмайды десек, ұяты бар төрдегі төре далиып байлық жинап, көркейе алмайды. Қазіргі кезеңдегі өмір заңының ең «қадірлі» ұятты-ұятсыз түйіні осы.

* * *
Илікпесе, килікпесе басқаға,
Жоламаса кәріге де, жасқа да,
Қорасына кірген қоқсық
Төрге озып,
Байлық болып көрінер-ау қасқаға.

* * *

Үшінші ой

* * *

Опасыздықты көп көрдім. Опырыла құламасам да, жапырыла сынбадым. Ағып жатқан судай жүрдек ғұмырдың сұмырайларының тасадан ұрған соққысынан сынып қала берсек, мына жалған дүниені жалғандық пен һарамдық әбден билеп ала жөнелмей ме. Сынбағаным сондықтан. Өйткені мен мақтанның құлы емес мақсаттың ұлы болған талай қазағыма сенгем-ді. Сол сенімім – әлі де сенім.
Көңілімнің іздейтіні көп. Табары шамалы. Өзімді зор, өзгені қор тұтпасам да, дүниені түзетуді аңсадым. Хакім Абай түзете алмаған заманды мен қайтіп оңдай қояйын. Оңдалуға бейімі, түзелуге дайыны жоқ заман мен дүнием бірде батысшыл, бірде ресейшіл болам деп, ұлтсыздықты үлгі тұтып, қазақы сыпайы һәм сыйластықты қылығымызды бөтеннің жауыздықты күнделікті дәстүріне айналдырып алған былығымен алмастырмақ болып қатты әлек.
Кесірлінің кеселіне көп ұшырадым. Кеселі тілімді буды, кесірі еркімді тұсады. Шұбарала тілім мен тұсаулы еркім әпербақан әдетіне қарысқыш шала қазақтардың шылбырының ұшында жүр. «Көке!» десең де көнбейтін, тілің мен діліңді түсінбейтін солардың өз ұлтын өздері менсінбей, қазақтан тумағандай, аспаннан ұлық болып түсе-түсе қалғандай шүлдірлеп көкитіндерін естігенде, жаным шошиды.
Бүгінде мен әм жарлымын, әм зарлымын. Барымды басқаларға бөліп беріп, жеріме келімсектерді үйіп-төгіп отырған әлгі шала қазақтардан жасақталған билік қолыма ұстар күрек тапқызар емес. Аузыма апарар қасығымдағыны да қағшып алып, жұрдай қылды. «Ләппай, тапқыр!» деп бас шұлғығыш «әринешіл» жұртымның көнбістігі жоғарғылардың тізеге басқан бұйрығымен байлығымызды бөтеннің көмейіне кептетіп қойған соң мен жарлы болмағанда, кім жарлы болсын.
Төмендегі даусым төрдегілерге жетпейді. Жетпейді емес-ау мауыққан мысықтай мияулайтын хатшы қыздарының телефонды бүркеп-қымтап алған етектерінен әрі өтпейді. Сол себепті төрелерімнің бір де бірін ұстатқызбаған ұрлықшы күндерім зымырап өтіп жатыр. Күш-қуатым кетіп, бітіп жатыр. Зарлымын демей, енді не дейін.
Қол жаямын, көз сатамын. Бірақ көмек таппаймын. Шыбындаған шенеунікке, текіректеген төреге, көкіректеген кеңселіге, көзі ойнақтағыш еңселіге күнім түсіп, үнім өшіп, жазғанымды оқыта алмай, сызғанымды көрсете алмай, айқай-аттанымды тыңдата алмай, лажынан айрылып, қажып қартайған қаламгер ғанамын.
Опасыздықты көп көрдім… Әй, түптің түбінде опасыздық біржолата опырылтып құлата ма деп қорқамын…
Түңілдім білем…

* * *
Жақсы емес жамандықтан жерімеген.
Ондайдың өрі – аласы, төрі – төмен.
Ғұмырды жалғандықпен тоздырғанша,
Дұрыс-ау көз жұмғаның жөніменен.

* * *

Талай жасқа жеттік. Шашты ағарттық. Кеудені еңкейттік. Иінді ауырлаттық. Көбейген данышпандық бар ма? Ағарған ішті таптық па? Тура тартқан із қалдырдық па? Әлдебір ауырды жеңілдете алдық па?
«Әулекі арсыз еліне» көкіректі қысқан өртімен «көп наданның ортасында жалғыз өзі» қалып сөзін ұқтыра алмаған ұлы Абайдың күйігі емес пе жоғарыдағы бізді шырмаған сұрақтар. Ұлы ұстаз таппағанды біз таптық деп қалай әулекілене алармыз. Өмірдің өрі таусылғанша биліктің төрінен таяқ жеумен келе жатқан тірліктің қай бір берекелі дастарқанын жая қойдық деп ырзалық білдіре алармыз. Жайғызбады ғой. Шалқысақ – шалқамыздан түсіріп, балқысақ – белімізден соғып, қиралаңдатып қоймады ма. Ерік-ырқымызды саусағының ұшына байлап алып, оңға бұрылсақ, солға айдап, тура тартсақ, қақ маңдайдан салып қалып, есеңгіретуін тоқтатты ма. Есіріктенген есіңді жиғызбастан қолыңа қаламыңды қыстырып осқырынған ода мен масайраған мадригал жаздыртқан бұйрығынан бұлжымады ғой.
Көңілге қайғы орнады. Кеудеде шер түнеді. «Күн көсемшіл» болдық. Партиясыз таңымыз атып, күніміз батпады. Жалғандықпен ұшындық. Өтірікпен тұшындық. «Өткеніңе үңілме! Кеткеніңе бүгілме!» деді. Тарихымызды қазан төңкерісінен бастатқызды. Ортақ астау – соцреализмнен ас татқызды. Көкіректі өрт қапты. Жүректі дерт тапты. Өртті өшіруге, дертті қашыруға әрекет жасадық. Сыймас жерге тығылудан тыйылып, үрейдің ұясын бұзып шықтық. «Үңілме!» деген өткенімізге үңілдік. Алдымыздан сескенсек те, артымыздың кеңдігіне, елдігіне, еркіндігіне көзіміз жетті. Сол елдікті, елін ұшпаққа шығарған ерлікті жырлауды мақсат тұттық. «Елім-айлаған!» даңқты ата-бабалардың ізімен атойлап біз де ілестік. Терісі сыпырылған ақ табанымыздың қызыл қанымен ақ қағаздың бетін шимайладық. Түн қаттық, түсті қашырдық. Ер төсектен безіндік. Үстел жағаладық, қалам кемірдік. Ақыры алқынған іштің өксігін бастық. Қашқан түстің қызылын шақырдық. Діттегенімізді орындаған болдық. Желкілдеген ала туын азаттықтың асқар шыңына бекітіп қадаған хандығымның кешегісімен бүгінгі халқымызды табыстырмақ болып, қолжазбаны баспаға ұсындық. «Тұтамдай сүйегім қалғанша тартынбай сөйлеймін!» деген қаламгердің сенделткен сергелдеңі басталды. Өз айтқанын діттейтінін билік ерегіске басты. Еркінсуімізді кешірмеді. Толарсақтан саз кештірді. Көкіректі зармен кестірді. Кітапты жоспарға енгізбей торықтырды. Қаламақысыз қаңтарып, тарықтырды.
Өксідік, бірақ өкінбедік. Қалтылдадық, құрыстық, бірақ жалынбадық. Адалдық пен шындықтың түбінде бір жеңеріне, әділеттің ақыры бір орнарына сендік.
Оқырманымыз оянды. Оянды да, қолын қос қолдап мықынына таянды. Романға сұраныс көбейді. Шығаруын талап еткен зілді дауыс әр түкпірден дүрк-дүрк тұтанды. Халық қозғалса, хан тағында тұра алмайтыны ежелден белгілі. Роман қалың жұрттың қолына тиді. Көңілдермен қауышты.
Тағдырға көнбек емес, тағдырды жеңбек керегін ұғындық.
Бірақ… «Тағдыр да – мен! Құдірет те – мен! Жазмыш та – мен! Әділет те – мен!» дейтін кезеңге тап болдық. Қаламгер амалгер болудан да қалды. Атқан оғы жоғалды. Құрыш болатының балдағы бұрынғыдай қанға боямады. Болдырмайтын, оңдырмайтын билік дарын иелерін тұншықтырып тастады. Жазғандарын баспайды. Бірлі-жарымын там-тұмдап шығарса, қаржы-қаражатынан қаламақыға бір тиынын да шашпайды.
Талай жерге жеттік. Талай өткелектерден өттік. Басты қырау шалды. Кеудені қайғы алды. Бітіргенімізді ұлтымызға өткізе алмай, тындырғанымызды жұртымызға жеткізе алмай қор болудамыз. Өндіргенімізді оқушыларымыздың көкейіне ендіре алмай зар болудамыз. Үніміз шықпаса, даусымыз естілмесе, тура жолымыздың ізін кім басар? Басқызар ма бастағылар?..

* * *
«Адам баласына адам баласының бәрі – дос». Бұны ұлы Абай айтқан. «Адам баласына адам баласының бәрі – қас». Бұны мен айтам. Өз басымның тартқан азабымен, шеккен шерімен әйгілеп айтамын. Бүгінгі күннің азабын, тозағын тартқан қандастарымның күйін, күйінішін өлең қылып жаздым, дастан етіп аттандадым. Мақала қып маңырадым. Елең еткен ешкімді таппадым. Табар едім – жазған-сызғанымды газет-журналдар басып, жариялап отырса. Жоқ қой. Жоқ ондай қол ұшын созушылық. Үкіметтік баспа орындары Сматаевты арқан бойы емес, парсек бойы маңайына жуытпайды. Өткенде Нұрғиса Тілендиев туралы шағын дастанымды «Қазақ әдебиеті» газетіне беріп, бірер айдан кейін редакторы – Жұмабай Шаштайұлына кірдім. Мені көргенде Жұмабай інім тап бір құбыжықты көргендей қипақтап, тығыларға жер таппай қалды. Дастанның газетінде басылар-басылмасын сұрай бергенім сол еді:
– Софы аға, өзіңіз білесіз ғой… Үкіметтің сіз туралы… ә-ә, қаулы бар ғой… – деді де, сөзінің аяғын жұтып жіберді.
Үкіметтің қандай қаулысы барын… Ол қаулының Сматаевты БАҚ-қа жолатпаңдар деген мағынада жазылған-жазылмағанын мен қайдан білейін. Жұмабай інім одан әрі тілін тістей қойып, мені есігіне дейін иығымнан демеп шығарып салды.
Соған қарағанда үкіметтің мен туралы сондай бір уәж айтуы да мүмкін-ау дейтін күдікке ойыса беретінімді де жасыра алмаймын. Өйткені мені халықтық газеттер дейтін «Дат», «Жас Алаш» та онша жақындата бермейтін болып кетті.
Өкінішім көп. Өзегім өртенуде. Халқымның мұңын қағаз бетіне түсіруін түсірем-ақ, оқырманыма жеткізе алмай пұшайман болып жүрмін.
«Адам баласына адам баласының ішінен газетшілер неге қас?» демеске әддім жоқ.
* * *

Бермек болсаң пендеге сен бағаңды.
Надан деме ақылы асқақ адамды.
Жұмсау үшін төменгіге айтақтап,
Төрге оздырып жүрміз әлі наданды.

* * *

Төртінші ой

* * *
«Осы елдің үнем қылып жүргені немене? Екі нәрсе. Әуелі – ұрлық. Екінші – бұзақылар біреудің ойында жоқ пәлені ойына салып, бүйтсең бек боласың, бүйтсең көп боласың, бүйтсең кек аласың, мықты атанасың деп ауқаттыларды азғырғалы әлек болып жүр».
Бұл – осыдан жүз он бес жыл бұрын айтқан хакім Абайдың пайымы. Зер салып қарасаң, бүгінгі күннің айнақатесіз көрінісі. Содан бері ұрлық тыйылды ма? Қайдағы тыйылу! Ұрлық бұрынғыдан да үдей түсті. Күшейе, қоюлана, қомақтана түсті. Абайдың тұсында ұрлықты мал табам деп ұрылар жасайтын. Ал ұлықтар даугеріңді жеп құтқарам деп ұрылардан алатын. Бүгін мал табам дейтін ұрылардан жалпақ жұртын тонар ұлықтар озды. Бұрын «түйені түгімен жейтін» дегендерге албастыны көргендей «астапыраллалап!» аспанға алақтай қарап, адалдықтың аяқ аттатпас сақшысы – Алланың қаһарын күтуші еді. Соған кәдімгідей сенуші еді.
Бүгін состав-составты жүгімен жұтатын ұлықтардың қылығының қылшығы тұрмақ, қылмысты былығының былшығы бетімізге шашырап жатса да, былқ етуді қойдық. Себебі аспанның кәрінен гөрі жердегі «құдайлардың» қаһарының зоры әлденеше есе асып түсіп, тырс етіп үн шығармақ болсаң-ақ, төбеңнен торс еткізіп,тіліңді тістете қояды. Ажырая қарап, көзіңді алартсаң, желкеңнен бүріп алып, жұлқи сүйретіп апарып, темір торынан сығалата салады. Елдің ендігі зар тілегі – төрдегінің бүлігі мен былығын кім түзейді? Анттың, серттің, адалдық пен тазалықтың жолын күреп жауып тастаған Храпунов, Қажыгелдин, Бергей тәрізді ұлықтардың былық қылығынан кім арашалайды?
Жеті миллион долларды басқа салаға жұмсады деп Жақияновты жеті жылға соттап, жарты миллиардтай долларды жамбасына басқан Мырзахметовты жалынан сипап, босатып жіберген билікке, әділ билік күтіп қол жая аламыз ба?
Алпыс мың долларды үкіметтік мекемесінің офисіне жаратқан Жәкішевті он төрт жылға соттап жіберіп, елу бес миллион долларға яхта сатып алған Школьникті алақанында аялап отырған үкіметтен әділеттің үкімін тоса аламыз ба?
Банктер мен әкімдіктердің, агенттіктер мен министрліктердің ел мен мемлекет мүлкін миллиондап жеген басшыларын үн-түнсіз шетел асырып жіберіп, тымырайып отырған үкімет басшысы мен сот, прокурорларға «ақты қара, өтірікті шын деуден арылып, қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босамас буын тап!»деп айта алармыз ба?
Ұсақ ұрылардың тірлігінен жер түгіл желді сататын ірі ұлықтардың зорлығы әлдеқайда асып түсіп жатқанда, ақиқатқа адалдықты төрден іздемек болып қашанға дейін адаса береміз.
Соттың әділ сөзі таусылғанда, көптің қаһарлы сөзі айтылуы керек қой. Жемқорларды тыя алмайтын қанжары жоқ қазыға қамшы жаудыратын қазақы қажырымызды мүлде жоғалтып алып па едік?
«Жөнсіздікті дұрыс жолға сала алмайтын әлсіз биліктің жұрт көргісіз жүзі құрысынды!» мен емес, бұрынғылар айтып кеткен. Соны көлденеңдетіп қана өтіп, қаламымды сүйей салайын енді.

* * *
Ақыл бар жерде азап бар.
Ақыл бар кезде – арын бар.
Ақылды біздің қазақтар:
«Ақымақ – дейді – дарындар!»

* * *
Орынды іске қызығып түсіп, орынсыз әрекеттен үзіліп шығатын жандардың қатары күн сайын сиреп бара жатқанын көрудемін.
Неге екенін қайдам, маңайымнан үнемі сайрауық тіл мен тақылдағыш таңдай табылады да жатады. Әуеніне құлақ сүйсінгендей, мәніне көңіл тебіренгендей әлгі ақтарылған көмейден сылдырап аққан сөздерді естігенде, көкірегімде бұлыққан өксігін ықылық атқызатын бір өкініш тұтанып қоя береді. Мынау қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырды ит қорлықта өткізіп, жалғандағы қызықты, қымбатты шағымды бекершілікте беталды жіберіп алдым ба деп іштей мүжілемін.
Ал, жаздың кітаптарыңды. Мінгестің қыршаңқы қаламға. Не түсті? Тозбас жастықты, азбас көңілді, босамас буынды мәңгі сақтап қалардай ыр-дудан аулақтандың. Ойын-тойда қараңды көрсетпедің. Нені ұттың? Қарапайым жұртыңның қабағының кірбеңін түрдім деймісің. Сол қарабайыр халқың қай данышпанды ұшпаққа шығара алып еді? Хакім Абайды да қуалап ұрып, әншібек Біржанды да дуалап қуып шығып, жалғыздықтың жазасымен қор қылып, есінен жаңылдырып өлтірмеп пе еді. Былығы көп бүгінгі масайраған ұлығың сенің: «Әділет! Адалдық!» деп қожанасыршылаған қылығыңды қайдан кешіре қойсын. Атыңды елеп, атақ-сыйлығын атап-атап, қолыңа ұстата қоюы қайда. Езуің қышымасын. «Елім білді, еміреніп жүрегіне жазып алды!» деген сол есіміңді жеті қат жердің астына тезірек тығуға жанталасып жүрген жоқ па төрдегілерің.
Әй, қартайдым білем. Қажыдым білем. Әйтпесе кедергі мен кесірдің бәрін тағдырдан ғана көріп, әлдебір жылт еткен, жалт еткен жақсылық сияқтыларды өзім ғана жасағандай жалғанды жалпағынан басардай болатыным қалай. Бірді айтып, бірге кететінім содан ба, қартайғандықтан ба?
Орынды істен қашқақ, орынсыз әрекетке арындап баспақ замандасым көп демеп пе ем. Соны айтқанда есер мен естіні салыстырмақтай салмақтағым келді ме, білмеймін, әйтеуір түзу ниетке қол созғаным рас.
Орынды іске қызығып, жалын жастықтың қызығынан үзіліп шығып, өткен заманның опалысын, кеткен ерлердің елін, жерін қорғаудағы беталысын, аруақты бабалардың баталысын қазағымның көз алдына тоса қоймақшы болып, далбасалап естіні де өзімнен табамын.
Рақымдылық пен мейірбандыққа исіндіріп әкеліп, ақылсыздықпен көзін байлап қалып, оғаттыққа өңін алдыратын, жүрегіндегі жігері мұқалған соң әлекей-шүлекей қызық-қырғынға бой ұрғыш алашымның пенделерін жазған-сызғандарыммен, мінбеден үндеген өсиетнама сандырақтарыммен қайырып қатарға қосып, адасқан жолын қайта тапқызып, алжасқан ойын жиып алғызбақ болып тыраштанған есерді де өзімнен табамын. Сөйтем де, құлақ сүйсінтер әуені бар, көңіл сергітер қарқ қылардай жарқылдақ уәдесі мол сөздерді төрдегі һәм жердегі мінбелерден тыңдаудан мүлде зәрезап болып, кең бөлмемнің тар төсегіне арқамды төсеп тығылып алып, кішірек блокнотқа үлкен өкпемді шағудан аспаймын. Соған қарағанда әр адам – өз тағдырының өнімі (продукциясы) болар. Соған кәдімгідей сенгім бар.

* * *
Кемшіліксіз жанның қасиеті де аз болар,
Арзанға ұмтылып, ырду-дырдуға мәз болар.

* * *

Бесінші ой

* * *

Бақыт деген – не? Өте ойлантатын сұрақ. Даналардың да, шалалардың да өз биігі мен өз тұйығынан берген жауаптары да жеткілікті.
Іңгәңмен басталған ғұмырыңның таңын ақтық деміңмен аяқталар кешіңмен әсерлі етіп сабақтай алсаң – бақытың сол деп тұжырымдауыма да болар еді.
Өзгелерге өзегін жұлып берер жанның бақыты өзен болып тасиды деп тапсынуыма да болар еді.
Бақыт немең – көлеңке басқан көңіліңнің қара бұлтын қуып кетер күн емес пе, сонысымен-ақ есіңнен оп-оңай-ақ адастырар мұң емес пе деп тақылдауыма да болар еді.
Күліп жүріп сезінбеген бақытты жылап тұрып тапқаныңа не жетсін деп күрсініп қоюыма да болар еді.
Батпан-батпан байлықтан да, батпақтатқан бақыт қауіпті – ақыл-есіңді батырып та, жапырып та жібереді деп асыра сілтеуіме де болар еді.
Ал тереңдеп үңілсек, бақыт дегенің – қарапайым ғана оқшау ұғым. Өзіңе, өзіңнің отбасыңа аса қажет күнделікті тірліктің қуанышын, әсерін енгізетін мерейлі мезеттер ол.
Өткенде немерем екеуіміз таудағы көлден қос аққудың керіле жүзіп, кербездене керіліп табысқанын көрдік. Су бетіндегі сұлулықты бұрын да талай кездестірген мен әлгі көрініске онша мән бермес те едім. Сол бір әдемі көрініске айрықша әсерленген немеремнің сол сәтті анда-санда есіме салып, тамсанып отыруы – бақыттың сәулесіндей нұр шашып тұрады. Немерем екеуіміз сол сұлу әсерлікті қаншама еске түсіріп отырсақ, бақытымыз да соншалықты үзілмейді екен. Жанымызда, сезімімізде өмір сүреді екен. Соған қарап әдемілікті сезіне білу, сол әдемілікке ұмтылған жаныңдағы адамыңның қуанышын, сүйінішін ризалықпен қабылдау – бақыт қой демей, не дейін.

* * *

Пенде шіркін… (Әй, адам дейінші. Пендеден гөрі адам деу айбаттылау ғой).
Адам шіркін ізшіл ит тәрізді. Ғұмыр бойы ізденуден бір жалықпайды-ау. Тоқтадым дегенше, торықтым де. Торыққан жанның үркері де, қорқары да көп.
Ал ізденсең – табарың мол. Ең болмағанда өзіңді өзің табасың. Ішіңді ақтара бастасаң-ақ, суық түсің жылынып сала береді. Не ахаху-ухакуі көп күлегеш жүзің томсырайып шыға келеді. Осы өзгерістер – мынау жарық жалғанда өзіңнің бар екеніңнің, тірі екеніңнің белгісі. Яғни сен – Мәңгілік дейтін адам ұғымынан да тысқары ұғымның бір кішкентай бөлшегісің. Бірақ осы титімдей бөлшекте ұлы Мәңгіліктің шап-шағын көшірмесі бар. Айтулы бір сағатта ойда жоқ жерден жұмыр Жердің бір түкпірінде сәби іңгәңмен шырылдап қана дүниеге келдің. Сол мезеттен бастап мынау Алла жаратқан… Әлде Болмыс орнатқан Мәңгіліктің өзіндей болар мәңгілік жан иесісің. Іштің, жедің. Көрдің, білдің. Келдің, кеттің – тындың. Өлмес, өзгермес мәңгілік боп артыңда рухың қалды. Сол рухың таза болса – Адамзат деп аталатын алып құдіреттің қасиетін асқақтата түседі. Һарамдыққа бой алдырса, әлгі Адамзатқа қасірет қана үстейді. Осыдан кейін өзіңнің өзіңе деген жауапкершілігіңді сезіне білсең, ізденісіңнің табысы артары хақ. Өйткені адам-тұлғаның ой-зейіні қаншама күрделі, қордалы болса, адамның өз сой-бейнесі сол ой-толғамынан соншама артық түсіп жатады. Себебі әрбір жан иесі өзі өскен ортаны ілгері сүйреп, өзін өсірген қоғамды алға оздыруға барынша міндетті. Өйтпеген жағдайда бүгінгідей кері кеткен тірліктің дөңгелегін тоқтатып, оң бағытқа бұрып жіберу мүлде қиындайды ғой.