Темірақын Жақып. Жарылмаған жанартаудың дүмпуі (Әйгілі ақын Өтежан Нұрғалиевтің жуырда жарық көрген қос кітабы хақында )

1. Ақын әлемінің құпия қырлары

Ой үстінде жүреді
Көк бөрідей жұтынған.
Түсініксіз мінезі –
Қатпары көп шытырман…
Болат Үсенбаев

Өтекең де өтті өмірден…
Өтекең деп отырғаным өзгеше бітімді біртуар ақын — Өтежан Нұрғалиев!
Жаны жәннатта болғыр сол ақынмен өткен жылы Алматы шаһарындағы Желтоқсан мен Абай көшелері қиылысының қақ ортасымен Оңтүстік тарапқа тіке тартатын аллеяда жиі ұшырасушы едік…
Сол бір ақпанның аязы қарып өткен қасіретті күндерде «Абыз ақын» деп ат қойып, аһылап жоқтау өлең жаздым:

— Айтыңдаршы, Абызым қайда, қайда?
Тірі жан қалмағандай айналамда…
Он қайтара опына ойланам да:
Қайда? – деймін, — жан ағам, қайран аға? –

деп, көзімнің жасын көл еттім, көкірегімді шер еттім.

Айбарлы ақын атаусыз қалмас, білем,
Ақиығым, қанатың талмас, білем.
Аярлардан ат-тонын ала қашып,
Саяқ жүрген саңлағым, ардақтым ең…

деп аңырадым-ай келіп… Және де:

Басыңнан не қиямет өткеріп ең,
Олжаң көп қанжығаңа бөктерілген.
«Соғыстың соңғы жазы» мәңгі мұраң –
Бақиға кете қоймас тек сенімен.
Жауһар жырың сұңқардай сілтеп қанат,
Самғап ұшар Алатау бөктерінен!

деп үмітке иек арта отырып, өз-өзімді жұбатқан болдым.
Тек қана сол ма, ардакүрең ақын жайлы ақиқат айтылуы тиіс екеніне табан тіреп:

Жұпыны тірлігіңнің мәні кетті,
Ішіңде ілкі ғасыр зары кетті…
Бұл күнде бұландайын бұла өскен
Өзіңдей мықты ақынның бәрі кетті…

Небір Жайсаң Жұлдыздай ағып өтті,
Жер-Жаһанның түнегін жарық етті.
Ай-Жұлдыздар жоқ кезде жортып түнде
Шиебөрі ши түбіне сарып өтті…

деп үсті-үстіне төкпелей түстім.

Тіл қатқан бағзы-қадым замандарға,
Өзіңдей өрт өзекті адам бар ма?
Тірлік үшін тырмысып, амал бар ма,
Жем іздеп жалбақтап жүр жаман қарға…

Қалыбынан, қайтейін, аспайды ешкім,
Жетімдіктің шалшығын жастай кештің…
Шындық – Шың!
Астындағы Шыңырауға
Сен секілді аяғын баспайды ешкім!..

деп тебірене теңселдім…

Жә, есіл ақынды еске алып, еңіреп-өкси беруден ештеңе өне қоймас. Енді бір көңіл жұбанарлығы – Алаштың аяулы ақыны Өтежан Нұрғалиевтің оқырманын да, өзін де күзгі жапырақтай сарғайтып, санасын сансыратқан «Соғыстың соңғы жазы» және «Көне соқпақтар, соны сұхбаттар» атты қомақты қос томдығы жалғанның жарығына шығып, алдағы уақыттарда ел-жұртының көзайымына айналатыны сөзсіз.

Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Ақжар ұжымшарына қарасты Төбегөңдей шұратты өңірде 1938 жылы дүниеге келген Өтежан Нұрғалиұлы 1944 жылы 6 жасар қаршадай кезінде «Қазақстан пионері» газетінде алғашқы өлеңін жариялап, 21 жасар студент шағында «Менің махаббатым» атты тырнақалды туындысын шығарып үлгерген тарлан талант!
Көзі тірі кезінде 30-ға жуық жыр жинағын оқырман назарына ұсынды. Аса көрнекті ақын өмірінің соңына дейін өлеңмен тыныстап, фәниден бақиға көшті.
Үстіміздегі жылы қолымызға тиген ақын туындылары топтастырылған қос томдығының бірі «Көне соқпақтар, соны сұхбаттар» кітабына ой көзімен үңіле оқып шықтық. «Ақын хақында» деп аталатын айдармен берілген сан алуан авторлардың сыни мақалалары, естеліктері мен ой-толғамдары 1962 жылдан бастап, 2007 жылдарға аралықты қамтиды. Кітап беттері ақын әлемін тану, шығармашылығын мойындау немесе оның өзгеше бітім-болмысын, тосын мінез, татаусыз шындығын қабылдай алмау сынды ой-пікірлерге толы. Демек, ішкі әлемі де аса бай, интеллекті терең, ой самғауы қиядағыны көретін, шыңыраудағы шындықты құлағынан тартып сүйреп алып шығатын айбынды ақынның айшықты туындылары хақындағы ағынан жарылған сұхбаттармен қатар — оның оғаштау көрінетін тарпаң мінезі; бетің бар, жүзің бар демей, — тіліп айтып тастайтын турашылдығы; қайбірде қыңыр сөйлеп, қиқарлық танытатын «қиын адам» туралы алға тартылған алғаусыз естеліктер ешкімді енжар қалдыра қоймас.
Кітапта келтірілген еңбектердің ішінен, әсіресе, осыдан 33 жыл бұрын «Лениншіл жас» газетінде жарық көрген С. Әшімбаевтың: «Сол жылдардың соқпағы», «Өлең сөздің өнегесі» (1979), «Өтежанның балладалары» «(1982), Қ.Мырзалиевтің «Жаралы жылдар мен шежіре жылдар», Т.Жұртбаевтың «Соғыстың соңғы жазы» (1980), С.Оспановтың «Ақиқат әлемі» деп аталатын әдеби сын мақалалары ақын Ө. Нұрғалиевтің өлең-жырлары мен поэмаларының поэтикалық қуатын, философиялық ой-өрісінің айшықты тұстарын дәл тауып, дөп басады.
Жинақтағы өз кезінде ақын әңгіме-сұхбат құрған, онымен ширек ғасырға жуық етене араласқан белгілі журналист М.Әжібекұлының, көз көрген замандастары айтқан естеліктерінің орны бөлек. Мәселен, деректі дүниелердің дәмін келтіре қаз-қалпында қағазға түсіретін Т. Айтбайұлының, тілі тас жаратын талантты жазушы М.Қабанбайдың, Өтекең екеуі бірге сапарлас болған тұстағы «шытырман оқиғаны» өзек еткен жазушы Қ.Тоқмұрзиннің, журналист Ж. Әшімжанның ақынның авторлық кешінен жүргізген шағын болса да, шебер жүргізген репортажы және Ә.Қодардың сарымайдан қыл суырып, сарымсақтан шырын тартқандай етіп ақын шығармашылығының жанды портретін ұсынуы үлкен әсер қалдырады.
Әй, бірақ…
Айгүл Ақанбайқызының «Жан азабынан өзгерген «жабайы талант» деген өзінше бір көйіткен тұрпайылау «ой-толғамы» төбе шашыңды тік тұрғызады!
Меніңше, Өтекең мақтаудан да, даттаудан да кенде қалған жоқ. Қиқарлығы қырық түмен, қыңырлығы да жетіп-артылатыны рас…
Өйткені ол жаратылысынан «ішкі цензурадан» біржола арылған ақын ғой.
Ол Алматының апай-топайын шығарып, күтпеген жерден көлдетіп құя салатын көк нөсері секілді еді. Сонымен бітті… Ал көп ұзамай оның манағы «сұрғылт бұлтты аспаны» шайдай ашылып сала береді…
Айгүл осыны аңғара алмайды. Расында, әлдекімдерден естіген «ыңғайсыз адам» деген жаңсақ пікірге алдын ала бой алдырған болуы керек. Әйтпесе ол: «Мықты ақын болғанымен мойындалмаған, бірақ оған жаныңыз ашымай-ақ қойсын, өзі де ешкімді мойындамаған. Әлдекімге, әлденеге қатайып ашынып алған ақын көзі тіріні былай қойғанда, аруақты да аямайды. Тұла бойы тұнған пенделік сияқты…»
Ал осыдан не ұқтық? Осыны айтысымен , кенеттен: — Алайда пенделіктен кім таза? – деп төңкеріліп түсіп, құбыла қалады. – Шынайылығы, ойына арамдық жасырмай, бүкпесіз білдіретіндігі аузынан да, бойынан да бұрқырап төгіліп жүре береді. Қатты сөз естіген адамның жаны жараланып қалады.
Бұнымен келісуге болмайды! Біз білетін Ө. Нұрғалиевке қиянат та,
қысым да жасалғаны анық. Оның өз басынан өткерген қасірет-қайғысы өлеңдерінен өрнек тапқан. Жан айқайын жасыра алмайтын ақын жүрегі таза да нәзік емес деп кім айтты саған қарт ақынның қаршадай қызы санатындағы қалам иесі? Әсілі, Өтекең «іштегі пікірін өлтірмей», кезі келіп тұрса, іркілместен: дұшпандықпен күлдіріп емес, — дос ретінде жылатып айтуды қош көретін. – Айгүл-ау, сен тағы да: «Біз бай халықпыз, еркін халықпыз, бақытты жұртпыз. Бірақ қарнымыз аш. Өзіміз жалаңаш,отырған үйіміз жыртық, айтатынымыз өтірік» дегенінен де ілік іздеп, онсыз да зарлы, жарлы ақынды қарадай жазғырып, ашуға тізгін бересің. Апырым-ау, бұл ұлы Абай заманынан бері қалың қазаққа қарата айтылып келе жатқан «қамшылау» емес пе? Кезінде кесек турап, кесіп айтатын Шерағаң да (Шерхан Мұртазаев): — Біз алтын сандықтың үстінде отырып, алтынға, темірдің үстінде отырып,темірге, көмірдің үстінде отырып көмірге жарымаймыз! – деп салды ғой. Ақынның асқақтығына келсек, Мұқағали да шабытты бір шақтарында: «Алдама мені, Ақ Сағым, арбама мені алыстан. Өзінше мен де – Патшамын, өзінше мен – де Данышпан! – деп шалқыған. Есенин де өзі жайында «Хулиган я, хулиган, от стихов дурак и пьян…» деп айтудан именбеген.
Ал бұған керісінше, «Еленбеген асулар» естелігімен елең еткізген Әуезхан Қодардың ой-толғамдары көкейге қона кетеді. Бұл еңбек ақын шығармашылығын зерттеу, зерделеуге құрылған. Әуезханша айтар болсақ, ел аузында аңызға айналып үлгерген аруақты таланттардың өзі де бүгінде: Мұқағали «пері», Жұматай «сері», Асқар (Сүлейменов) «бұзық» деген әр түрлі атақтарға ие. Бұны Ә. Қодар ұлттық санамыздың дәстүрлі мәдениет қалпынан аспағанының белгісі деп есептейді. Әгәрки, автордың өз сөзімен айтсақ: «Қазақта өкінішке қарай, жазбаша ақындарды қадірлеу салты қалыптаспаған. Бізде егер біреуді қабылдамаса, ол пақырға өмірі кешірім жоқ. Себебі біз қоғамдық сананың орташа деңгейімен ғана санасуға дағдыланғанбыз. Ал шығармашылық дегеніміз орташа деңгейге көнбейтін нәрсе». Міне, осылай…
Адалына көшсек, журналист Күлпара Жұмағалидың Өтежанмен сұхбат жүргізуі көңіл сүйсінерлік. Оның сауалдарының сыңайы мынадай болып келеді:
— Сіз сөз өнерінің ірі өкілісіз. Сіздіңше, көркем әдебиет неден туады?
— Мен сөз өнерінің ірі өкілі емеспін. Сөз өнерінің шеберлері — өлген адамдар. Егер Әуезов қазір осы арада отырса ол сөз өнері өкілі емес, Сәбит Мұқановтың жауы немесе Д. Қонаевтың құдасы болар еді…
Осылайша кете барады. Тереңнен толғай, бас-көзге қарамай, «сөз қамшысымен», оңды-солды осып өтетін Өтекеңнен әдеттегі тігісі жатқызылған «оңды» пікір күту мүмкін емес. Ол кісімен сөз таластырып та барқадар таба алмайсың. Абай айтпақшы, «улы сия, ащы тіл – не жазып кетсе, жайы сол…». Себебі сонау ықылым замандардан бергі әлемдік ілім — білімді кітап мұхитының тереңінен сүзіп жүріп бойына сіңіріп алған, атағынан гөрі — шатағы көп шайырдың шыншыл да тосын тұжырымдары ойыңды ойран, ақылыңды айран қылады. Адам ойына келмейтін қитұрқы қисындарымен қол-аяғыңды байлап-матап тастайды. Шындығында, «біртүрлі адам…» Кейбір сөздері құлағыңа түрпідей түйеді: — Ақынға қоғам сусамайды. Гректің ұлы ақыны, Гомер болса, — дейді ол, — оның өзі өлгеннен кейін сөзі 1000 жылдан соң жазылып алынды. Ал Жамбыл: Ленин, Сталин, Ворошилов, Калинин, тағы сол сияқтыларды жырлау арқылы қоғамға қажет болды. Қазіргі қоғамда Жамбылға қызмет жоқ. Жаңа Жамбыл болса, оны ешкім қызметке алмайды. Өйткені уақыт өтіп кеткен.
Міне, тап осылай деген! Осыған дейінгі қалыптасып қойған, таптаурын түсінігіңнен түңілдіріп тынды емес пе? Қайбірде Өтекеңнің осындай қыңырлығы, қиянпұрыстығы, тіліп айтамын деп, тізгініне ие бола алмай қалатыны — өлеңдегі бағына, өмірдегі сорына айналып кетпеді ме екен деп те ойға шомасың…
Бұл сұхбаттың түйіндер ойы сәтті шыққан.
«Туашақ зерттеуші! Сені Өтежан Нұрғалиев Планетасы күтетіндігін ұмытпа!»
Енді, міне ақынның көзі тірі кезінде айтылған ізгі тілек орындалар уақыт келді.
Аталмыш кітапта ақын Ө. Нұрғалиевтің әр жылдардағы толғаныстарының да ойлы оқырманға берері көп. Өз кезінде Ежелгі дүние данышпандарының асыл мұраларын бүгінгі балғын ұрпаққа жеткізіп, көгілдір экран алдында айтқан танымдық-тағылымдық толғамдарының да орны бөлек. Сократ, Эпикур, Аристотель, Платон, Бэкон, Фирдоуси сынды ғаламдық ғұлама-данышпандардың өлмес идеяларын, философиялық, әдеби еңбектерінің мән-мағынасын қазақ балаларына түсінікті де жатық тілмен әңгімелеуі өнеге аларлық әлеуеті зор еңбек.
Абайдың таңдамалы өлеңдері мен монологтерін орыс тіліне аударған Ә.Қодаров туралы: — Әуезханнның Абайы, Әуезханды алып шығады. Қазақ тілінде ойлана білуі, ойлы сөйлете білу қазірдің өзінде оны жебірейдің деңгейіне көтеріп отыр, — деп төтесінен қайыратыны қызық…
Ө. Нұрғалиевтің өз естеліктері де терең мазмұнға толы. Өтекеңнің М.Мақатаев, С. Жүнісов, С. Әшімбаев, Б. Соқпабаев, З. Шүкіров, Ө.Қожамұратов сынды замандас қаламгерлер жайында айтқандары олардың ақындық-адамгершілік болмысын боямасыз жеткізеді.
Өтежан аға бір күні менімен әңгіме барысында әйгілі прозаик Бердібек Соқпақбаев та ақын деп қалды. Сондағы өз аузынан жатқа айтқаны – оның «Өлең туралы өлеңі»:
Өлеңде мінезі бар жас баланың,
Жылатып алам ба деп жасқанамын.
Өлең – нәзік домбыраның ішегіндей
Үзіп алсам – үлкені масқараның.

Бұрқырата өлеңді жазып тастап,
Жастық етіп жаныма жастанамын.

— Ал мына абайшылап ағынан жарылғанына құлақ түрші, — деді сәл кекесінмен үн қатып:
Ағайын бек көп,
Ішеміз ептеп,
Оған бір тояр қарын жоқ.
Баяғы қарын бір қарын,
Білмеймін не жоқ, не барын…

Немесе:

Қазағым, ел болудан кеткен елсің,
Түбіңе бір-біріңнің жеткен елсің.
Торғайдың бірлігіндей бірлігің жоқ
Ақымақ боп жаралған неткен елсің…

Өтекең осымен тәмам дегендей, өз пікірін де қосақтап жіберді. – Көркемдігін қайдам, көздеген нысанасына дөп тигізіп тұрған жоқ па? – деп езу тартты.
Әке Өтежан Нұрғалиевтің баласы – Саят Өтежанұлы Нұрғалиев те дарынды ақын болған. Тағдыр жазуына не шара, әскери борышын өтеп, ҚазПИ-дің филология факультетінде оқып жүрген шағында, 22 жасында қыршынынан қиылып кете барған.
Жан дегенде жалғыз ұлынан қайғылы қазасы ақын жүрегіне бақиға кетер батпан салмақ түсірді…
Орысша жазатын Саяттың бір топ өлеңдері мен сонеттерін Тәкен Әлімқұлов аударған. Оқып көрелік:

Жаралы жаным жылайды,
Біресе үнсіз өкіред.
Көзінен төгіп ылайды,
Барады семіп көкірек.
Қайратым қайтып бұрынғы
Жарға ұрып жатқан тасқын жоқ.
Түсімді көріп өңімде
Жыладым ұзақ еңкілдеп.
Тұрмыстың көрген әлегін,
Қайғысын ұққан байғұстың.
Бұлбұл боп туған жан едім,
Мен енді үнсіз жай құспын…

Осы өлеңнен құсалы жастың қандай күйге түскені аңғарылады. Артында «құлынымдап» қалған әкенің көңілі де, көкірегі де шерлі…

2. Ақиқаттың ардакүреңі

Көшпендінің ең ақырғы серісін
Өркениет тұра ала ма басқа ұрмай –
Қып-қызыл боп келе жатад,
Терісін
Сыпырып ап қоя берген қасқырдай…

Светқали Нұржан

Ендігі кезекте — Ө. Нұрғалиевтің өзекті тақырыпты қозғаған «Соғыстың соңғы жазы».
Өтекеңнің шамырқанған шабыт шуағына бөлеп отырып жазған эпикалық кесек туындысының астарына үңілу оңайға соқпасы кәміл. Кітап аңдатпасынан аңғарғанымыз: бұл кітап осыдан 30 жыл бұрын, күні кешегі Кеңес өкіметі тұсында әбден паршаланып, 4-5 бөлікке бөлініп, ит-рәсуәсі шығып барып жалғанның жарығына шықса керек… Бұның барша себеп-салдары жайлы алдыңғы кітапқа сын-мақала, естеліктері енген, кезінде қоян-қолтық араласқан авторлардың еңбектерінде егжей-тегжейлі айтылады.
Ал мына жарты мың беттік көлеміне көз тоятын өлең-жырлары, балладалары, шығыстық үлгімен жазылған дастандары сабырмен оқып, санаға тоқуға лайық. Бұл кітапта соғыстың сұрапыл жылдарындағы шалғайда жатқан шағын ауылдың тауқыметті тыныс-тіршілігі сол күндердің куәгері жетім қалған алты жасар бозөкпе баланың, кейіннен ересек тарта бастаған бозбаланың көзімен беріледі. Сюжеті шымыр, бір-бірімен ұштасып отыратын әсерлі оқиғалар тізбегі ортақ желіге құрылған. Әрбір өлең-баллада астарынан бір кездегі балғын шағы соғыс өртінің жалынына шарпылған, жетімдікке мойынсұнған, қилы кезеңге тап болып, қазіргі хал-ахуалы да бүгінгі билік тізгінін ұстаған шен-шекпенділердің, шенеуніктердің «қамқорлығына» тәуелді, жер тағдырын, ел тағдырын ойлаумен түн ұйқысы төрт бөлінетін, егде тартса да, елгезектік танытытатын ақынның ішкі толқу-тебіреністері, толғам-түйіндері айқын сезіліп отырады. Аса талантты шығармашылық адамының ғана табиғатына тән тапқыр теңеу-метафоралар, айшықты ой өрнектер жиі қылаң береді.
Сыншы Сағат Әшімбаев айтқанындай, қазіргі заман ауанына қарай халықтың рухани өмірі құнсызданып бара жатыр… Ал осы рухани өмірдің ажырағысыз саласының бірі болуы тиіс көркем әдебиеттен алыстаған сайын адамдар қатігездене бастайтыны әлмисақтан белгілі. Расында, осылай боларын бағзы қытай кемеңгері Лао Цзы сан ғасыр бұрын болжай білген. Оның үстіне, поэзияны терең түйсініп, айырықша сезіне алатын жандар некен-саяқ кезігеді. Осы орайда Нобель сыйлығының лауреаты Иосиф Бродскийдің поэзия туралы кездесуде жер тұрғындарының небары 2 %-ы ғана поэзияға құлық танытып оқиды, көңіліне тоқиды, жадында сақтай алады деген пікір еске түседі.
Бүгінде халықтың ауылдық жерден қалаға ағылуы, тіршілік қамымен өндіріс орталықтарына шоғырлануы, урбанизацияға бет бұру үрдісі жүріп жатыр. Ал Алматы сынды алып шаһар мегаполис атанып та үлгерді. Бұның бәрі қалың жұрттың белгілі бір жердің әлдебір тұрғындарына ғана айналуының басы. Бұның ақыры – ел-жұрттың әзелгі өзіндік бет-бейнесінен, халықтық кейпінен айрылуы. Бұның себеп-салдары кейінгі өскелең ұрпақтың өзінің түп тамырынан қол үзуге, өз халқының тарихын жадынан шығаруға әкеліп соқтырады.
Поэзиялық туынды болса, ақын-жыраулардың жадында жатталып қалған ұмытылмас уақиғалар, кесек тұлғалар туралы барынша баурап алар мағына-мазмұндық қуатқа толы жыр-дастан, ырғақ-үйлесімге құрылған көркем шежіре-шындық шоғырының тыңдарман, оқырман, көрермен көңіліне шуақ шашуы, эстетикалық әсерге бөлеуі. Жалпы, поэзия Сұлулық символы. Николай Рерихтің: «Адамзат қанша жерден буырқанып-бұрсанып, жауындатып-дауылдатқанымен, — оның мінген кемесі түптің түбінде тұмсық тірейтін жері – Сұлулық жағалауы» дейтіні де сондықтан.
Адамзат қоғамында поэзия патшалығы салтанат құратын заманның қашан келері әзірге беймәлім…
Өкінішке қарай, поэзия бүгінгі таңда ұлы шайырларының есімі әлемге әйгілі Шығыста да, Батыста да құлдырау кезеңін бастан өткеруде. Батыс жұртшылығы күнделікті қарбаласта жүріп мүлде дерлік өлең оқымайды. Біз тарапта бұл құбылыс арагідік бұқаралық сипатта көрініс табуының өзі аз да болса, көңілге медет. Бүгінгі жұртшылық нарық заңдылығына мойынсұнып, ілкемділік, іскерлікке жаппай бет бұрған кезеңде поэзия жасаушы ақын да, өнер адамдары — әнші, сазгер әртіс те, күні батқан кешегі коммунис те: депутат, сенатор, дипломат сынды қоғам қайраткерлеріне айналып шыға келеді. Әсілі, осының бәрі уақытша нәрсе екені айдан анық… Бұлар ендігі жерде елге танымал болатыны рас. Бірақ шығармашылық әлеуеті кемелденген, халқы қастер тұтатын айтулы ақын, қарымды қаламгер боларына күмәнім бар…
Тәубесі бар тау асады.
Мұқағалидай поэзия майталманы, Қасымдай қайсарлары, Бауыржан, Қасым, Сағадат,Тоқтар, Талғат сынды жүрек жұтқан батырлары, Өтежандай өзегін жарып өлең өрген ақындары бар ертеңі нұрлы егемен елміз. Әйтсе де құлды: «Бәрекелде!..» өлтіредінің керін келтірмейік. Николай Гумилев «жаныңды толқытпайтын жансыз сөзден «өлік иісі» шығып тұрады» деген. Тек нағыз ақынның жүрекжарды жырлары ғана «өліге» жан бітіріп, тіріні тебіренте алады. Жұртшылықтың көңіліне қуаныш, өміріне жұбаныш сыйлайды.
Кезінде орыс ақыны А. Блок оқырмандарға арнап: — Ақын деген кім? – деп сауал тастап, оған өзі былайша жауап берген екен. – Ол ақ парақты өлеңмен өрнектейтіндіктен ақын атанбайды. Ол өз талантының арқасында сөз сарасын іріктеп, үйлесім-ырғаққа келтіреді. Ал үйлесімділік-үндестік астан-кестеңі шығып жатқан ғарыш кеңістігіндегі хаосты ретке келтіреді. Асқақ естілетін ақындық тұжырым, әрине. Дегенмен, бұған да ден қоюға болады.
Ал ХХ ғасырдың орта шені мен ХХІ ғасырдың басында өмір сүріп, қазақ поэзиясына тың тыныс, өзгеше өріс әкелген Ө. Нұрғалиев те ақын деген атына заты лайық, алған бағытынан тайқуды білмеген әдебиет сынды мәңгілік майданның жанкешті саңлақ сарбаздарының бірі еді.
Өжет мінезді Өтежан қара басының қамынан гөрі, халқының қайғы-мұңына көбірек алаң болды. Ол кәдуілгі пенде ретінде әлдекімнің бойынан аярлық пен көлгірсу, келеңсіздік пен кещелік нышанын байқаған сәтте-ақ қаны басына тебетін тым кірпияз кісі болып көрінетін. Ал біздер үшін жаны жайсаң, пиғылы пәк данагөй аға еді. Ақын ретінде жазып бітірген жырлары жарық көрмей, жылдар бойы темір сандығында «сүрленіп» жатып қалғанына жаны күйзелетін тұрлаусыз тағдырлы тұлға еді. Ақыры келіп, іштегі отты толқындары сыртқа тепкен жарылмаған жанартауға айналған күйінде бұл фәниден баз кешті…
Енді, міне, артында қалған ұрпақтарының арқасында бейне бір айсбергтей асыл мұрасының бір ғана бөлігі , — қос кітабы, болашақ оқырманының рухани азығы зарықтырып барып қолымызға тиді. Жылдар бойы үнсіз қалған Жанартау жарылды деген осы! Енді оның алапат дүмпуіне, әдебиет әлемінен алыстап бара жатқан қалың жұртшылық құлақ түрері кәміл.
Ө. Нұрғалиевтің толықтырылып, тұтастай жарық көрген «Соғыстың соңғы жазы» кітабымен қайта қауышқанда байқалған бір ерекшелік – кез келген өлең-балладасы бірден баурап әкетеді. Тіпті ондағы оқиғаның өзімен араласып кете барасың. Және өлең авторы да өз ойынан үнемі хабар беріп отырады:

Шындық бірақ обалыңа қарамас,
Обал ғой деп жалған айту жарамас.
Алдыменен Шындық бұрын өледі
Өтірікпен қона қалса аралас.

Ақынның тағы бір тапқырлығы, — оқиғалы өлеңге кірісер алдында хикая не жайында екенін өлеңнің екі жолымен немесе жалғыз шумақпен, кейде оны керекті тұста қайталау арқылы жеткізіп, жетелеп отырады:

Талай жерде бүлдіргенім есімде,
Талай жерде күлдіргенім есімде.
( «Жан баспаған арал»)

Ерді көрдім талай досын сақтаған,
Елді көрдім ердің атын сақтаған.
( «Жарақаты жоқ адам»)

Жас кезінде-ақ жалақ болды Тәжайық,
Жас кезінде-ақ салақ болды Тәжайық.
(«Тәжайықтың даласы»)

Адамзаттың ғұмыры — өлең, ғұмыры — ән,
Оралмайды өткен күндер –зымыран.
Сөйлетеді отыз жеті жыл бұрын
Таңдайымда қалып қойған қымыран.

Біздің мақсат – мұхит ойлы таланттың көкірегін жарып шыққан кемел туындыларының мән-мазмұнын, құрылым-композициясын, көркемдік шешімін, мүлт кеткен тұстарын талдап-таразылауды көздемейді. Өйткені бұл бір мақала көлеміне сыймайды. Бұл алдағы уақыттарда қолға алатын зерттеуші-ғалымдардың адами парызы. Сондықтан ақын оқырмандарына ой салу үшін аталмыш кітаптан алынған бірқатар мысалдармен ғана шектелмекпіз.
Ө. Нұрғалиев өмір көріністеріне өлең көзімен үңілген сәттерде бұларды бейне бір рентген аппараты көмегімен көз алдыңа әкелгендей жан-жүрегіңе жақындата түседі:

Мен – ақымақ, қоян менен ақымақ,
Екі арамыз қол созымнан жақын-ақ.
Көзін көріп қалғандаймын байғұстың
Шығып кеткен ұясынан шатынап…

Батқан күннің қанға батқан тарағы
Бұлттың қалың түбіт шашын тарады.
«Итке берме, ойбай!» — деген Көшердің
Құлағымды даусы жарып барады.
«(«Қоян»)

Бұл тұста өз достарымен бірге ит қосып қоян қуған баланың кеудесінде жаны бар мақұлыққа деген аяныш сезімінің оянуы суреттеледі. Соңғы шумақта батып бара жатқан күннің сөзбен салынған суреті бар. Ал «Қалқа туралы аңызда» сол тұстағы түкірігі жерге түспес томырық-топас Тәжібайдың үй төбесінде тұрған жесір келіншек Қалқа сұлуға жұрт алдында мылтық кезеп қорқытпақ болған сәттердің әсерін дауыссыз дыбыстарды жиілету – аллитерациялық әдеби тәсілді жиілету арқылы күшейте түседі:

Қоян іздеп құлақ түрген тазыдай,
Қан іздеген қансонарда қажымай,
Қолда мылтық, қара мұртын ширатып,
Қарап қапты аң көргендей… Тәжібай…

х х х

Кейде ішін тартқандай тына қалып,
Қарағайды жарғандай сына қағып,
Қара бие – бұлттардың желінінен
Көнектей боп сауылдап бұлақ ағып…
(«Бұлжымайтын заңдардың ортасында»)

Сұңғыла сөз шеберінің дәлме-дәл деталь-штрихтары, терең ойлы тылсым сырлары, тіпті шабыт буына елтіп сүйкейсалдысының өзі мәтелге айналып кетуге қақы бар қанатты тіркестердей тәнті етеді. Өлеңге өзгеше реңк-бояу беретін әдеби әдіс-тәсілдері қайран қалдырады. Енді арқалы ақынның телегей теңіздей жырларының ішінен уыстап алып шыққан інжу-маржанға бір уақ көз қырын салайық:
«Біреулердің жерді жарған атағы, біреулердің ұсақ-түйек шатағы, құйттай бала жүрегімнің ішінде — бота қуып кетіп бара жатады»; «Өртін оның үлгергем жоқ өшіріп, дертін оның үлгергем жоқ кешіріп, сол соғыстың жазған барлық жазуы – шықты менің боз өкпемнен тесіліп…»; «Тағдыр қатал, өмір кейде қатал-ақ, шөлдейді адам Аянышқа қаталап, күшті екен ғой бір кеудеде тұтасса, Адамдағы Аяныш пен Махаббат!»; «Біз өмірден әл сұрадық — әлсіреп, біз өмірден бал сұрадық –қамшы жеп…»; «Келіншегі құйып қойған сүгірет, Әбіл оның саусағында жүгіред… тілсізге де тіл бітірген дүние-ай, әйелдердің бойындағы құдірет…»; «Бәкең шадыр. Ақырайып кетеді, фуражкесі қақырайып кетеді, сәл қызарған сау көзінің қасында – шөлмек көзі шақырайып кетеді»; «Мынау жаңбыр тынатын көрінбейді, бірін саусаң, бір бұлт желіндейді»; «Таң атқанша бұл нөсер қаптал ашқан, тұрар сірә ешқайда аттамастан, ертең бірақ көрінер аппақ аспан, түндегіні есіне сақтамастан»; «Көкке шығып қайтадан қанды балақ, дөңгеленді дөңдерден нән дуадақ»; «Бөрткен бүрдей бүршік жара бұтақтап, атқан оқтай сұйық жалын тұтап қап, қара нардың желінінен жарылып, таңдайыма төгіледі сүт аппақ…»; «Біреу өтер бұл дүниеден сүрінбей, мысық құсап жүргені де білінбей…»; «Қызып аздап алақаным… Сірә бүгін салқын-ау күн… Шайқап жатыр балапанын – ұясында Алтын Ауылым»; «Бұл табиғат бір қызық жұмбақ екен, көз ұйқыға кеткенше… тыңдап өтем, жұмыртқадай қабығы жұқа дүние – қалай ғана миымда сынбақ екен?..»; «Кішігірім генералға ұқсайтын – бура санды галифені кигенде»; «Өмір менің кіршігі жоқ ғашығым, бір сыры жоқ бүгіп қалған жасырын…»
Қалай екен? Жыр жауһарлары сан қырынан құбылып, көкірегіңізге көркем суреттер ұялатып, көңіліңізді баурай ма, жүрегіңізді жаулай ма? Олай болса, Ө. Нұрғалиевтің өлеңдерін жата-жастана оқу керек. От ауызды, оркиік тағдырлы, оқталған мылтық сынды ақынға: — Не себепті егіліп-төгіліп жыр жазасыз? – деп сауал қойсаңыз, былайша жауап берері сөзсіз:

Адал берген антым үшін жазам мен,
Аялаған Халқым үшін жазам мен.
Мәңгі бірге қайнасын деп өмірім –
Халық дейтін қасиетті қазанмен!

Әзелден лирик, өлең-жырдың, эпикалық поэзияның да қамшы салдырмас өрен жүйрігі Өтежан Нұрғалиевтай ақынның аруағына тағы бір тағзым етелік. Ө. Нұрғалиев ертеректе қай-қайсымыз да қолданып келген эпистолярлық жанрлар айналымнан шығып, ғаламтордың шырмауына қамалып, аждаһадай ысқырып, тықсырып, келе жатқан жаһандану тұсында, қаршадай бала компьютердің құлағында ойнап, жаңа технологиыялар мен нанатехнологиялар заманында, — біз секілді баяу қозғалатын ақпараттар ағынына ілесе алмай малтығып жүрген шақта, — кең көсіліп, кесек турайтын Өтекең артына атан тарта алмас асыл қазына қалдырып кетті. Бұл – жарты мың бетке жуық «Соғыстың соңғы жазы атты ерен еңбегі. Бәлкім, бұл еңбек автордың эпикалық ой-толғамдарынан тұратын өмір жолы туралы эпопея шығар… Ал ақынның өзі бұл жанрды күні кешеге дейін жаңғырта жырлаған «Могиканның соңғы тұяғы», Эпос Аспанында саяқ самғап өткен ақиық қыранның қияғы екені де хақ.
Ездікке жақын ескі сарынмен: «Әділдік жерде де жоқ, көкте де жоқ, ендеше бұл өмірге өкпе де жоқ» деп өлеңдетіп жүре бермей, босаңси бастаған еңсемізді тік ұсталық. Сөйтсек қана саусақ бірігеді, ине ілігеді. Топтанып ұшқан торғайға тұрымтай да бата алмайды. Біріккен жүз – бытыраңқы мыңды жеңеді!
Осы күндері Өтірік деген өріп жүр. Оған: — Ей!.. деп дауыс көтерсең болғаны, етегіңнен ала түсіп, жағаңа жармаса кетеді. Ендігі жерде өтіріктің шындық бетіне шіркеу келтіріп, өңмеңдей беретініне тосқауыл қоятын мезгіл жетті. Аққа Құдай жақ деген… Махамбет мінезді Өтекеңдей шындықты ғана пір тұталық. Ашығын айтқанда, шындық жоқ жерде өтірік шайқап жүреді, шындық бар жерде байқап жүреді!
Расында, өңшең бір ожданды таланттарымыз өліп тынғанда ғана — әлмисақтан бері келе жатқан: «Арысым-ай! Барысым-ай!..» деп өкіре жылап-сықтаудан көз ашпуды азайтсақ екен… Өйткенше, көзі тірі кезінде қадіріне жеткенге не жетсін! Сондай ардақ тұтар ағалардың бірі Өтекеңді де еске алып тұрайық, ағайын…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *