Журнал “ТАМЫР” №44 август-декабрь 2016, Журнал Тамыр

Дидар Амантай. КӨШПЕЛІ ЖАУЫНГЕР АҚЫН

Эссе
немесе қазақ жаугершілік дәуірінің соңы

Әуезхан Қодар жырау жайында айтылған, қорғандағы тасқа ойылып жазылған көне жазбалар

Ой
Жырдан әуелі ой іздейсің. Ойы жоқ өлең ессіз қылық тәрізді. Ренжітеді, күйінесің, содан кейін… ұмытасың.
Қаламнан ой ағып түскенде, өмірді ішінен көргендей боласың. “Ойдың өзі – ғұмыр”! Әуезхан жырды ғылыми поэзияға айналдырғысы келеді. Стихиялық эмоция логикалық заңдылыққа бағынады. Әр өлең әйтеуір бір мәдени тұтастықтың белгілі, дара қабаттарына дейін тереңдеп барады. Топырағын үңги отырып, тамырының сала-сала ұшына жетеді. Тамыр ешқашан өзі – азығын жеткізген, өсіріп шығарған жасыл желекті дінге ұқсаған емес. Мәдениет те сол сияқты: өскен, толған сайын өзі жарып шыққан тамырдан біртіндеп ажырағандай, одан біржола алыстағандай көрінеді. Өзек тал бойына жаңа қасиеттер жинаған сайын, өзге бағытты таңдауына алып, күрт өзгере бастайды. Тамыры арқылы ағашты тану қиын, ағашы арқылы тамырын тани аласың.
Қодардың ұстаздарын оқысаң, ұстаздарынан Қодарды тұлға ретінде келешекте қалыптастыратын қасиетті де, құбылысты да іздеп табасың. Бірақ, Қодар арқылы сақара жырауларына, еуропалық ақындарға, латынамерикалық әфсана туғызушы қаламгер-ойшылдарына оңай барып қайтуға балады. Мұратты жеріңді, аттанатын бағытыңды білмейсің, әйтсе де қуалаған жол сілемі қайыра айналып, қайтып келуіңе мүмкіндік береді. Яғни, мәдениет бір-ақ бағытта жүреді, бір-ақ мәрте жүреді және ұстанған бағдары – еңбегінің жемісі қандай болары белгісіз талпынысынан туады.
Егер шәкірт ұстаздарына тым қатты ұқсап бара жатса, онда ол адамның шығармашылық ізденісі азайып бара жатыр деген кесім пішуге болады. Сондықтан, Әуезхан Қодарды болашағын болжау қиынға соғатыны аян, ал қайдан бастау алғанын аңғару – оңай.

Эстетика

Эстетика мәселесін есеппен шеше алмайсың, ол іштен өзі кездейсоқ тууы қажет. Шотқа салған әдемілік, өлшеміне сүйеніп шешімін тапқан әсем дүние түптің түбінде музыкасынан айырылады.
Әуезхан кейде санға бағынып бара жатып, кенет көшпелі сақ екені есіне түскенде, шұғыл тізгінін жинап ала қояды. Дала… Дала… Ұлан-ғайыр кеңістік,
Мен бір нүкте… тоқтата алмас сөйлемді. Ұйқаса алмай, үндемеуге келістік –
Жел аймалап тазартуда ой, демді.
Бұл жыраудың Бұқар жырау тәрізді алыптардан өзгешелігі, ол екі тілде қатар толғайды, әуелі көне қыпшақ жұрнағына сүйеніп, Еділ бойына келіп, қонып жатқан ғұн тайпаларына мадақ жырын оқиды, содан кейін қуыршақ кінәздіктерге біріге бастаған елдің аласапыран тіліне көшеді.
Әуезхан жырау – ескіні аңсаған діншіл жауынгер.Ол көк Тәңірге сыйынады. Оның өзінде қай ғасырда, жердің қай пұшпағында сыйынып отырғаны белгісіз. Тәңірі бар ел едім мен, Тәңірім қайда? Тәңірі жоқ әмірлердің әмірі майда. Кезінде Әуезхан Қодар Тәңірін іздеп, шарқ үрып Мұрат Аджиге де барады. Аджи Алматыға келіп,оған кітабын әкеліп берген еді. Кітабында: біз қарғысқа ұшырадық, өйткені далалық құдайымызды жоғалттық деп, жазылып тұрды. Олжастың мұраты басқа. Ұлы ақынды Жерорта теңізі жа-ғалауындағы Адам ата мен Хауа ана арасында туған алғашқы махаббаттың тұңғыш тілдескен, алғашқы тілі толғандырып жүр.
Әлде бір қателіктен құт қашты ма екен? Ақын мойымай іздей берді. Ол енді пәлсапалық трактаттар жазуға көшті: “Түркілер түсінігінде бұл ұш құбылыс (Көк тәңірі – Адам – Жер) ғажайып біртұтастықта қаралады… Тірісінде түркі азаматы өзін көк Тәңірінің үкімін орындаушы ретінде түсінген”. Келесі бір жерінде Әуезхан: “Олар өздерін уақыттан жоғары санады. Отырықшылар өзіне уақыт көрінісі ретінде қараса, көшпенділер өзін кеңістік қарақшысымыз деп есептеді. Кеңістікті кеңінен кешкендей, уақыттан да өте шыққысы келді. Бұл – Жер мен көктің тепе-теңдігі және Күн айналымына негізделген Мәңгілік идеясының көрінісі еді,” – деп жазады. Есімізге ұлы Күлтегіннің “Үлкен жазуы” түседі: Биікте көк Тәңірі, Төменде қара жер жаралғанда, Екеуінің арасында адам баласы жаралған. Әрине, Тәңір діні жайында ой қозғап, пікір түю салиқалы еңбекті қажет етеді. Бірақ, Тәңір діні, Тәңір идеясы мені және Әуезханды әзірше тек эстетикалық категоия ретінде ғана көбірек қызықтырады. Бірде атақты алашордашы Біләл Сүлеевтің немересі, көсемсөз шебері Жәнібек Сүлеевтің маған бір сыр ашқаны, ойын бүкпесіз тура айтқаны бар: “Знаешь, я верю больше в аруаха, чем в общего единого Бога для всех религий”. Немесе, белгілі театр режиссерінің “Я – язычник” деген сөзін алайықшы, екеуі де біздің бойымызда тәңіршілдіктің терең отырғанын көрсетеді. Біздің жырау эстетикалық үлгіні жыраулық дәстүр мен бабаларымыз Тәңірге арнап шырқаған мадақ жырларынан іздейді. Қаза берсек, Әуезхан Қодар поэзиясынан жортуылда айтылған, жорықтарда шырқалған жаугершілік үрдісті де таба аламыз. Ақын, пәлсапашы, жауынгер, кешегі қарға тамырлы қазақтың бұл ұғымды бір сөзге сыйдырған тілімен айтсақ – Жырау.

Ұстын
Эстетика мәрт қылық пен ірі мінезге тоқтамаса, салмағы жеңілдеп кетеді.
Сұлу өлең жаза беретін ақыннан ертең түк қал-майды, сондықтан оның бойында қайрат болу керек. Бәріне ұнауға талпынған эстетика қадірін жоғалтады.
Принципсіз ақын ешқашан жырау бола алмайды. Ұлы Абылай ханға сын айта алмағанда, Бұқар жырауыңыз ұрпағының құрметінен айырылар еді.
Айтатынын айтып сала алмайтын ақынның қадірі жоқ.
Біздің кейбір ақындар мадақ жырын Тәңір мен Жауынгерге оқымайды… Жоғарыдан мақтау күтеді. Жорық көрмеген ақын ту көтере алмайды, олар сый-сияпатты жорыққа санайды. Батыр болу үшін жорықтың шартын қабылда, үйде отырып, жыраулықты талап етпе.
Әуезхан! Ешқашан атыннан түспе! Отбасы, ошақ қасынан жылы орын іздегендердің орны да сол, көшпелі жауынгер ақын өмірін жорықтарда өткізсін!