Артта қалып қайғың менен шаттығың,
Бітті ғұмыр. Таусылды дем. Батты күн.
Асау жүрек ақиқатқа ұмтылған,
Алқынып кеп, басты міне аптығын.
Жоқтау жырға ұласқан соң жаз әні,
Бақұлдасып келді жұртың азалы.
Поэзия жанарына жас алып,
Қара өлеңнің төңкерілді қазаны.
Арасында Батыс пенен Шығыстың,
Жыр аңсаған жүректермен ұғыстың.
Сен байрағын өттің көкке көтеріп,
Бөрі текті Алаш деген ұлыстың.
Оза шауып мынау озбыр заманнан,
Болмысыңмен биік тұрдың қоғамнан.
Махамбеттің жебесінің ұшы едің,
Жалғандықтың өкпесіне қадалған.
Жанды меңдеп ұлы Абайдан қалған мұң,
Жұматайға жұлдыз болып жалғандың.
Бір күлдің бе ғарыш жаққа кетерде,
Көп кещеге шынын айтып жалғанның.
Ғарыш жақта болғандықтан мекені,
Ақын рухы зеңгір көкке кетеді.
Көк Түріктің көне сөзін жаңғыртқан,
Сенің жырың ғасырларға жетеді.
Бақұл бол, аға!