Журнал “ТАМЫР” №44 август-декабрь 2016, Журнал Тамыр

Серик Ақсункар. ӘУЕЗХАН ҚОДАРҒА

Мына адам, –
Табытында жатқан адам,
Біреудің ала жібін аттамаған;
Көзіне мақтамаған бір пендені,
Сыртынан бір жақсыны даттамаған.

Ол бөлек , мүлде, сенен, мүлде, менен,
Көп тантық көйіткенде –
Үндемеген;
Жақсыға жаны қалмай бәйік болып,
Сүйсінген!
Біздей оны күндемеген…

Алаштың үш жүзін де аралаған,
Адаспай ақ, қараны саралаған;
Өтіне желдің ылғи өзін қойып,
Бетіне дүниенің қарамаған!

Құтыра соққан небір құйынменен,
Күні жоқ жаны тулап, күйінбеген.
Қарағайдың қарсы біткен пұтағы еді,
Заманға,
(Жаман түгіл!), –
Иілмеген!

Сері боп, күнде думан, аламан боп,
Кекілін кербестінің тараған жоқ;
Тұлпар мен сұңқарларға іш тартты да,
Жабы мен қарғаларға қараған жоқ!

Емес ол академик,
(Не біліп бұл,
Осы елдің қабырғасы сөгіліп тұр?);
Қадалып Қасиетті Төрт Кітап пен,
Абайды оқушы еді егіліп бір…

Алланың сүйген құлы ол,
Қара да тұр:
(Біз қалдық…
Алдыда не?

Заманақыр?!):
… Шырылдап шыбын жаны, құдіретті
Құдайды бетке ап, ұшып бара жатыр!

Хош, бауырым!