Журнал «ТАМЫР», №47, 2018 год., Журнал Тамыр

Антуан де Сент-Экзюпери. Бала патша. Француз тілінен аударған Мария Арынова

VI

 

Әәә! Бала Патшаның үнемі  неге мұңайып жүретінін мен енді ғана түсіне бастағандаймын.Сенің ең бір жақсы көретін нәрсең – күннің қызыл алауға оранып батқанын тамашаулау  екен. Бұл сырыңды мен өзіңмен танысқаныма үш күн өткенде білдім. Есімде, төртінші күні таңертең сен маған:

– Мен күн батқан кезді сондай жақсы көрем. Жүрші, күннің қып-қызыл жалын шашып батқанын екеуміз бірге көрейікші…

– Тұра тұр, күтуіміз керек қой…

– Нені күтеміз?

– Күннің батар кезін.

Сен маған таңғалып қарап тұрдың да, өзіңнен өзің күліп алдың. Сосын:

– Оған қам жеме. Менің планетамда мен қалаған кез келген уақытта күн батады.

Шынымен де солай екен. Америкада шаңқай түс болғанда, Францияда күн ұясына жаңадан  батып бара жатады. Егер дәл  сол кезде Францияға көзді ашып– жұмғанша жетіп бара алсаң ғой…Бірақ, Франция қайда, Америка қайда, арасы сұмдық алыс емес пе? Бір қызығы, сенің кішкентай ғана планетаңнан Францияға жету оп-оңай екен.Орындығыңды бір кішкене алға жылжытсаң болды. Міне енді, қалағаның күннің батуы болса, тамашалай бер кешкі сұлулықты тылсым жұмбағымен қоса…

– Бір рет бар ғой күннің батқанын мен қырық үш рет көрдім!

 

Сәлден соң:

  • Білесің бе…бір нәрсеге қатты ренжісең немесе көңіл күйің болмаса батып бара жатқан күнге қарап тұра бергің келеді…білмеймін неге екенін… – дедің.
  • Сонда сен қырық үш рет неден қатты қамықтың ?

 

Менің бұл сұрағымды Бала Патша жауапсыз қалдырды.

 

 

VII

 

Танысқанымызға  бесінші күн дегенде баяғы қозының арқасында мен Бала Патшаның тағы бір сырына куә болдым. Бұл жолы ол көкейіндегі сұрақты тікесінен қойды. Жеке қалғанда әбден ұзақ ойланып, бір тоқтамға келген адамға ұқсайды.

– Егер қозы аршаны жесе, ол гүлді де жейтін болғаны ғой,ә ?

– Иә, қозы не көрсе ,соны жейді. (кездессе?)

– Тікені бар гүлдерді де жей ала ма?

– Иә.Тіпті тікендері қадалып тұрған гүлді де жей береді.

– Тікеннің не пайдасы бар сонда?

Мен оған не деп жауап берерімді білмедім. Өзім моторымның болтын бұрап, қайтсем де жөндеп алсам деп жанталасып жатқам.Әй,мына авария жеңіл-желпі емес, кәдімгідей әуреге салатын сияқты.Не болар екен.Ауыз суым да азайып, қаупім күшейе түскенін қалай  жасырам .

– Тікеннің қандай пайдасы бар?

Егер Бала Патша бір сұрақ қойса, оның жауабын естімейінше тыныш таппайтын әдеті бар.Мен мына тап болған өз басымның жағдайына шынымен нали бастадым. Болтты бұрап орнына түсіре алмай әуреге түсіп жатқам. Сондықтан, әйтеуір бірдеңе деуім керек болғасын:

– Гүлге біткен тікен гүлдің қатты ашу-ызасынан пайда болған; тікен ештеңені аямайды! дедім.

– Ооо!

Бірақ, сәл уақыт өте сала Бала Патша маған ашулы дауыспен :

– Мен саған тіпті де сенбеймін! Гүлдердің өзі сондай нәзік, әлсіз. Ал олардың сенгіштігінде шек жоқ. Өздерімен өздері, ешкімде шаруасы жоқ. Бір-біріне сүйеніш. Гүлдің қадалып өскен тікені болғандықтан, олар өздерін айбарлы сезінеді, басқалардан қорғану үшін…

Мен оған ешнәрсе деп жауап бермедім. Самолетпен жанталасып жатқан мен ішімнен: « Егер осы жол мына болт орнына түсе қалмай қырсықса, балғамен бір-ақ  соғам» деп  тұрғанмын. Бала Патша тағы да менің ойымды онға бөліп:

– Сен сонда гүлдердің…жамандыққа…сенесің ба?

– Жоқ деймін,жоқ! Ештеңеге де сенбеймін! Мен ештеңе айтпады деп есепте.Мен үлкен шаруамен айналысып жатырмын,түсінемісің!

Ол қатты таңғалып:

– Қызық, қандай үлкен шаруаны айтасың!

Бала Патшаның көзіне менің қолымдағы балға да, менің май-май қолым да,ығыры шығып кеткен түрім де оның миына қонбайтыны көрініп тұр. Тіпті, менің мойнымды созып тұрып, ремонттап жатқан самолетім де оған ұсқынсыз бірдеңе болып көрінгені  анық.

– Сенің айтып тұрған сөздерің тура үлкен ағалардың айтқанынан айнымай қалды!

Мен кәдімгідей қысылып қалдым, шынымен үлкендерге ұқсап кеткенім бе? Бірақ, Бала Патшаның мені аяп, мүсіркейтін түрі жоқ. Ол:

– Сен бәрін шатастырдың…бәрін бір-біріне қосып тастадың ғой! деп қосып қойды.

Ол шынымен де өте қынжылып,ренішін жасыра алмай тұр еді. Алтындай жалтырған  шашын  желге желбіретіп:

– Мен қызылкүрең бір Мырза тұратын планетаны білем. Бұл  Мырза гүлдің иісі қандай екенін өмірі білмейді. Өйткені, ол ешқашан гүлді иіскеп көрмеген. Ол ешқашан аспандағы жұлдызға қарауды білмейді, қарамайды да. Ол  өмірінде ешқашан ешкімді жақсы көрмеген. Сонда да есебі түгел,өзіне сондай разы. Күні бойы білетіні: «Мен үлкен шаруамен айналысудамын! Мен жай адам емеспін!» деп қайталай беруден жалықпайды. Сен сияқты ол да әйтеуір бір нәрсемен айналысады. Содан болар, кеудесін көтеріп,өзгелерге төбесінен қарайды. Сонда өзі адам болса екен-ау! Бар болғаны саңырауқұлақ!

– Не дедің? Тағы бір рет айтшы!

– Саңырауқұлақ деймін.

Бала Патша байқаймын боп-боз болып кетіпті. Өзі сондай ренжулі.

– Гүл бар жерде тікеннің бірге өсетініне миллиондаған жыл болды. Қозының гүлді жеп жүргеніне де миллион жыл екені рас. Атам заманнан солай ғой,ә. Ал гүлдер тікенмен бірге неге өседі? Егер тікеннің қадалған инелерінің түк пайдасы жоқ болса, гүлдер оларға неге жол береді? Соны білу үлкен шаруа емес деп кім айтты? Қозы мен гүл бір біріне неге жауласады? Соны білу үлкен шаруаға жатпай ма? Сонда семіздіктен жарылып кете жаздап отырған күреңқызыл Мырзаның айтқанына қосыламыз ба? Қостаймыз ба оның айтқандарының бәрін? Ал менің планетамда жалғыз тал гүл өседі. Және ол гүлді өзім мәпелеп , асты-үстіне түсіп, өсіріп келем. Басқа ешқайдан, ешқашан ондай гүлді іздесең де таппайсың. Айтайық, бір күні таңертең сол гүлді ештеңеде шаруасы жоқ қозы көріп қалды дейік. Ол ойланбастан гүлді жұлып алады да, бір-ақ шайнайды. Сонда бұл (сендер үшін)  маңызды емес пе?!

Оның енді екі беті қызарып кетіпті, тоқтайтын емес:

– Мыңдаған жұлдыз жарқырап тұрған аспанның астында өсіп тұрған жалғыз тал гүлді біреу өліп-өшіп жақсы көреді дейік. Ал жұлдыздарға  қараған сайын оның  көңілі тасып, керемет қуанады. Былайша айтқанда, бақытқа кенеледі. Сол кезде ол ішінен: «Мына дүниеде менің теңдесі жоқ гүлім бары қандай жақсы…жайнап тұрғаны қандай тамаша…» деп қайталайды. Құдай сақтасын, енді сол аялаған гүліңді алда-жалда әлгі қозы жеп қойса ше?! Онда аспандағы мың-сан жұлдыз сөніп қалғандай болмай ма? Сонда бұл маңызды емес пе? Мен үшін үлкен мәселе, сен айтпақшы үлкен шаруа  емес пе?

Бала Патшаның  бұдан басқа ештеңе айтуға шамасы келмей  кілт тоқтады. Аяқ астынан ол еңіреп жылап қоя берді. Қараңғы түсіп, кеш батқан мезгіл болатын. Мен қолымда ұстап тұрған құрал-сайманның бәрін лақтырып тастадым. Балға да, болт та жайына қалды. Тіпті, қарнымның ашқаны да, шөлдегенім де есімнен шығып кетті. Мына жұлдызы жымыңдаған ғарыштың ортасында менің Жер деп аталатын планетамның бары қандай жақсы! Ендеше, мен оны жұбата аламын. Оған шамам келеді. Мен Бала Патшаны ең алдымен құшағыма алып, қатты құшақтадым. Сосын оны жайлап тербете бастадым. Мен: « Сен гүлің үшін қам жеме, еш уайымдама… Гүліңе ештеңе болмайды… Қозы гүлді жеп қояды деп қорықсаң, мен қозыңа ноқта жасап берем… Ал гүлдеріңе темір қоршаудың суретін салып берем… Мен… мен…» Әрі қарай не дерімді де білмедім. Ыңғайсыз бір күйге түстім. Әбден қысылдым. Оның нәзік жанын түсінбегеніме өкіндім. Уайымын кішкене жеңілдете алсам дұрыс болар еді. Оның соншалықты қамыққанын қалай жуып шайсам екен… Көз жасы деген де бір тылсым дүние.. .

 

 

VIII

Мен  көп ұзамай оның ерекше  гүлін, оның сырын түгел білдім. Бала Патшаның планетасында басқа да гүлдер өседі, әрине. Бірақ, олар тым  басқа, қарапайым, жапырақтары да бірыңғай  тізіліп тұрады. Ең жақсысы,  көп орын алмайды өздері. Майысқан қалпымен таңертең гүл ашады да, кешке жапырақтарын бүркеніп, қымтанып алады.Ешкімге де, ешнәрсеге де бөгеті жоқ. Ал, мына айтып тұрған гүлі бір күні өсіп шыққанда Бала Патша таң қалды. Себебі, ол басқа гүлдерге мүлде ұқсамайтын. Сабағы да, жапырағы да мүлде басқаша! Оның тұқымын кім әкелгені де,  жерге дәні қашан және қалай түскені де белгісіз. Алғашында оны баобабтың бір түрі ма екен деп ойлады. Бірақ, сабағы бұтақталып барып, өспей тоқтап қалыпты. Сосын  гүл  бүршік ата бастады. Алғашқы күннен- ақ бұл гүлдің ерекше екенін  Бала Патша біле қойды. Тіпті,бүршігі күн сайын  қабат-қабат болып көз тарта бастады. Ол өзі бір ғажап құбылыстың, ғажап гүлдің ашылуын тамашалайтын болдым деп алдын-ала қуанды. Бірақ,  гүл де өзінің ерекше екенін білетін болу керек, асықпайтын түрі бар. Бірден лып ете қалмай, жасыл желегінің астынан бірталай күн шықпай жатып алды.Өзіне лайықты  керемет әдемі түс таңдау үшін де кәдімгідей ойланып-толғанған болуы керек. Сонымен, бұл кербез гүл аспай-саспай әбден дайындалды, жапырақтарын да бір-бірлеп ретке келтірді. Умаж-умаж болып әнебір гүлдерге ұқсап шошаң етіп шыға келгеннің несі жақсы. Әсіресе, дәні қай жерге төгіліп қалса, сол жерден қаулап шыға келетін көкнәрға түк ұқсағысы келмейді. Әбден сыланып-сипанып, сұлулығына көңілі толған кезде ғана жарқ етіп шыға келмекші. Е, айтпақшы! Ұмытып барам, бұл гүл сондай ерке. Назданғаны қандай жарасады өзіне! Ерке гүл қауызын ашып, бар сән-салтанатымен жайқалып шыққанша күн артынан күн зулап өте берді. Міне, бір күні таңертең арайлап атқан таңмен бірге әбден бабына келген гүл де ашылды…

Осы күнге жету үшін бар жанын салып еді. Тіпті, әрбір қимылын он ойланып, мың толғанды. Енді дүниеге жаңа келген  гүл керіле есінеп:

– Қап! Ұйқымды аша алмай тұрғанымды қарашы…Кешірім өтінем…Мен өзімді әлі ретке келтірмеп едім…– деді.

Бұл ғажапқа куә болған Бала Патша таң қалғанын жасыра алмай:

– Сіз қандай сұлусыз! – деді.

– Солай ма? – деді гүл ақырын ғана. Мен бүгін таңертең күн шартарапқа сәулесін  шаша  бастағанда дүниеге келдім. Таң шапағынан жаралдым десем де болады…

Бала Патша гүлдің онша қысылып-қымтырыла қоятын ұяң емес екенін түсінді. Бірақ, өзі сондай сүйкімді!

– Таңертеңгі астың уақыты болып қалған сияқты, мен білсем. Маған сол жағын қарастырсаңыз қандай жақсы болар еді…

Неге екенін Бала Патша өз өзінен қысылып, су сепкіш іздей бастады. Гүлдің түбіне бар ықыласымен тап-таза су құйды.

Жаңадан ашылған гүл  қанша тәкаппар болса да, бір нәрседен үркетін сияқты. Секемденіп тұр. Олай дейтінім, бір күні ол өзінің тікендеріне қарап отырып, Бала Патшаға:

Тістерін сояудай етіп алдымнан жолбарыс шыға келсе қайтем! – деді.

– Менің планетамда жолбарыстар жоқ. Болса да, олар шөп жемейді.

– Мен шөп емеспін, – деді гүл ақырын ғана.

– Кешіріңізші мені…

– Мен жолбарыстан түк қорқып тұрғам жоқ, мен азынаған желден қорқам. Желден қорғайтын сізде не бар?

«Өкпек желден қорқам …мұнысы қызық екен…деп ойлады Бала Патша. Бұл гүл оңай болмады, тілін табу қиын шығар…»

– Кешке қарай мені бір нәрсемен жауып қойыңызшы. Біртүрлі, жан- жағымнан  жел аңырап тұрған сияқты… Тұратын жеріңіз қандай салқын. Маған  жайсыз болатын түрі бар. Мен келген жақта…

Бірақ, гүл сөзін осы жерде еріксіз үзді. Өйткені, ол кәдімгі дәннен өсіп шыққан болатын. Ол басқа жерлерді де, олардың бар екенін де білуі мүмкін емес. Айтайын деп бастаған  қиыспайтын өтірігін біреу біліп қоятындай, екі үш рет жөтеліп те қояды. Бала Патша сонысын бетіне баса ма деп ойлады ма:

– Әлгі мені желден сақтайтын нәрсе…–  деді.

– Мен соны алып келейін дегем, өзіңіздің сөзіңізді бөлгім келмеді.

Гүл қысылғанын білдіргісі келмей, одан да қатты жөтеле түсті. Сендіргісі келгені шығар…

Ал Бала Патшаның  гүлге еріксіз құштар болып тұрғанына қарамастан, көңілі біртүрлі  жабырқау. Сұлу гүлдің сөз қосып айтқанына таң қалды. Ол гүлдің аузынан шыққан сөздің бәрін сол қалпында қабылдайды ғой. Енді бетіне қарап отырған гүлі көпе-көрнеу өтірік айтты. Сондықтан, Бала Патша өзін бір сұмдыққа тап болғандай, көңілсіз күйге түсті.

«Мен оның айтқандарының бәрін тыңдай бермеуім керек екен, – деді бір күні маған Бала Патша. Шынын айтсам, гүлдердің сөзіне тегі мән бермеу керек, тыңдамау керек екен.Оларды қарап тамашалауға, иіскеуге ғана болады. Сол үшін жаратылған. Менің гүлім жалғыз өзі менің планетамды жұпар иіске бөлеп тұр. Бірақ, мен соған қуанарымды да,қуанбасымды да білмей отырмын. Ал, жолбарыстың азу тісіне ілініп қалам ба деген гүлдің қорқынышы мені қатты алаңдатқаны рас…

Тағы біршама уақыттан соң ол тағы да сырымен бөлісті:

«Ештеңеге түсінсем бұйырмасын! Мен енді оның сөзіне емес, ісі мен  қылығына қарап, қандай екенін айтам деп шештім. Гүл болса жұпар шашып тұр және менің өмірімді жарқыратып жіберді. Мен енді оны ешқашан да тастап кете алмаймын! Ашылып қалатын кішкентай қулығының артында оның керемет нәзік жанын көре білуім керек. Гүлдер сондай құбылып тұрады екен! Кейде сөздері қиыспай қалады. Ал, гүлдің жанын түсіну үшін,оны құлай сүю үшін мен ол кезде  тым жас едім… »

 

 

IX

 

Ол басқа жақтарға жетіп алу үшін жабайы құстардың ұшып өтетін кезін күтетін болуы керек. Солардың көмегімен кез–келген жерге жетіп алады. Бірақ, өзінің кішкентай планетасын қалай болса солай тастап кетпейді. Өзі кетуге бел шешкен күні планетасын түгел жуып-шаяды, әбден реттейді. Сол күні таңертеңнен бастап жалын атып, жарылуға дайын тұрған вулкандарын тазартады. Оның иелігінде екі вулкан бар. Олардың бары қандай жақсы, бір жағынан. Таңғы асын ешбір әуресіз дайындап алады солардың арқасында. Айтпақшы, екінші вулканы  қазірше сөніп тұр. Уақытша болар. Бала Патшаның сөзімен айтқанда: «Ертең не болатынын кім білсін!» Сондықтан, ол сөніп тұрған  вулканды да тазартады,әрине. Егер оларға дұрыс күтім жасаса, вулкандар үнемі шоғы қызарып жанады да тұрады. Жарылып кетпейді. Оның планетасында вулканның жарылғаны каминде от жанып тұрғанмен бірдей. Ал, біз тұратын Жерде вулкандарды ретке келтіру өте қиын. Тіпті,мүмкін емес. Себебі, біздің әліміз келмейді, тым кішкентаймыз Сондықтан, олар бізге көп зардап шектіреді.

Бала Патша планетасын тазартуды қолға алды. Ол баобабтардың қалып қалған тамырларын өскіндерімен қоса дымын қалдырмай жұлып тастады. Әлгілердің қайта-қайта өніп кеткеніне ашуы келді. Әй,енді өсе қоймас.Қалай болғанда да, тұратын жерін тазартқан бұл тіршілігі өзіне өте ұнайды. Әсіресе, бүгін таңертеңгісін бәрін ойдағыдай реттеді. Ең соңында гүліне су құйды, оны жақсылап жауып, үстін қалқалап қойды. Неге екенін осы кезде көңілі босап, көзіне жас келді.

– Қош бол, – деді ол гүлге.

Бірақ,гүл жауап бермеді.

– Қош бол, – деді ол тағы да қайталап.

Гүл әдетіне басып, жөтелді. Бірақ, жөтелі  суық тигенге ұқсамайды, бір нәрсеге алаңдап тұр.

– Мен сондай тентек, сондай ерке  гүл болдым, – деді ол, – Кешірші мені. Бақытты бол.

Бала Патша гүлдің қылығына таң қалды. Әдеттегі  еркелігі де,  артық сөзі де жоқ. Ол тіпті не дерін білмей, аңырайып тұрып қалды. Гүлдің аяқ астынан момақан бола қалғаны, нәп-нәзік болып, майысып тұрғаны ерекше құбылыс еді.

– Біліп жүрші, есіңнен шығарма,  мен сені өте жақсы көрем, – деді гүл. Сен менің қылықтарыма қарап ештеңе түсінбедің. Оған мен кінәлімін. Енді оны айтқанмен ештеңе өзгермейді. Маңызы сонша емес. Бірақ, сен де менен қалыспадың,  небір ойға келмейтін нәрселерді жасап…Сенің бақытты болғаныңды тілеймін… Мына  мүлгіген тыныштық орнаған, айналасы жым -жырт жерді тастап кетші. Енді қалма.

– Ал, өкпек жел…

– Мен  сен ойлағандай соншалықты суықтап тұрған жоқпын…Қайта, кешкі салқын маған жағады. Мен гүл емеспін бе?!

– Ал, ойда жоқта жан-жануарлар…

– Бірді-екілі балапандар келер, олардан қорықпамын. Қайта олардан ұшып шығатын көбелектерді көрем. Көбелектері керемет әдемі болатын сияқты. Олардан басқа ештеңе келе қоймас.Сен болсаң ол кезде алыста боласың. Ал, енді жыртқыш аңдар келе қалса да қорықпаймын. Өйткені менің өткір тырнағым бар.

Гүл осыны өзіне өзі сеніп айтты да, өсіп тұрған төрт тікенін көрсетті. Сосын ол:

–Кетем дедің ғой, енді көп созба. Кетпей  тұра берсең, көңілің бұзылады. Ал, жолың болсын, сау бол.

Гүлдің өзі қимастықтан жылап жіберуге әзер тұрса да,  білдіргісі келмеді. Табиғатынан тәкаппар…

 

X

 

Сонымен, ол енді  325, 326, 327,328, 329  және  330 деген астероидтардың аймағын аралап шықты. Өзі  тоқтаған жердің бәрінен  айналысатын бір дұрыс  іс қараудан бастайды. Егер лайықты нәрсе болса, жақсылап біліп алмақшы.

Ең бірінші барған жерінде бір патша өмір сүреді екен.Үстіндегі киімі атына  заты сай, көз жауын алатын қып-қызыл қымбат матадан тігілген. Шапаны да кең молынан пішілген екен, бастан-аяқ төгіліп тұр. Отырған хан тағы қарапайымдау көрінгенімен, сән-салтанаты келісіп-ақ тұр.

– Ә, міне, бағыныштымның өзі де келді – деп, хан Бала Патшаны көрген бетте қуанғанынан айқайлап жіберді.

«Мені өмірі көрген емес. Қайдан біліп отыр менің келетінімді?» деп ойлады Бала Патша таңғалып.

Патшаларға мына дүниенің бәрі бағынышты сияқты болып көрінетінін ол қайдан білсін. Оларға жақындап кеткен елдің бәрі  солардың бағыныштылары.

– Өзің маған жақынырақ келші, жақсылап танып алайын,– деді патша біреуге әмірін жүргізе алатынына қуанып.

Бала Патша  көзімен отыратын жер іздеп еді, бос орын таппады. Өйткені, патшаның көлдей мантиясы патшаның иелігіндегі жерін түгел жауып кетіпті. Амал жоқ, шаршаса да, тік тұратын болды. Әбден титықтағаны сондай, есіней бастады.

– Этикет бойынша патшаның алдында ешкімнің есінеуіне рұқсат жоқ, деді хан. Менің көзімше есінеуге тиым салам саған.

– Еркімнен тыс  есінеп тұрмын, – деді Бала Патша: – Мен ұзақ жол жүріп келдім, әрі ұйықтамап едім…

– Олай болса, мен саған есіне деп бұйырамын. Көп жылдан бері біреудің есінегенін көрмедім. Есінеу дегеннің өзі маған бір қызық болып көрініп тұр. Ал,кәне,тағы бір есінеші! Бұл енді менің бұйрығым.

– Шошытып жібердіңіз ғой…не істесем екен…енді есіней алар емеспін…– деді Бала Патша  қысылғанынан қып-қызыл болып.

– Әп,бәлем, солай ма? – деді хан.– Бәрі менің  еркімде… қаласам есіне деп бұйрық берем, қаламасам…

Ол көңілі толмай тұрғанын көрсетіп түсініксіз бірдеңе айтты. Әйтеуір, разы емес екені көрініп тұр.

Хан, әрине, өзінің жарлығының екі етпей орындалғанын қалайды. Біреу  хан сөзін тыңдамады дегенді  көз алдына тіпті де елестете алмайды. Айтқанынын екі еткізбейтін нағыз тақ иесі. Бірақ, өзі ақылды адам еді. Сондықтан, қисынға келмейтін нәрселерді орындауға бұйрық бермейді де, талап  та етпейді. Жарлықтары көңілге қонымды.

«Егер мен,– деді патша екпіндеп: – егер мен бар ғой бір генералға «сен  теңіз құсына айналып, ұшып кет» деп бұйрық берсем, генерал бұйрықты орындамаса,  ол оның күнәсы емес, менің күнәм. Өйткені ол  қисынсыз жарлық, әрине.»

– Менің отыруыма бола ма? – деп сұрады ақырын ғана Бала Патша.

– Мен саған отыр деп бұйырамын,– деді патша асқан бір паңдықпен көлдей шапанының етегін жинап алып.

Алайда, Бала Патша еріксіз таң қалып отыр. Оның планетасы алақандай ғана жер. Сонда ол кімге әмір жүргізеді? Кімдерге патшалық етеді?

– Ұлы мәртебелім…–  деді бала: – ғафу етіңіз, мен сізден бір нәрсе сұрайын деп…

– Менен сұрауыңа жарлық етемін, қандай сұрағың бар еді, деді патша асығыс түрде.

– Ұлы мәртебелім…айтыңызшы…сіздің патшалығыңыз қайсы? Кімдерге жарлық бересіз, қол астыңызда қандай жерлеріңіз бар?

– Айналамның бәріне патшалық етем,– деді патша саспастан.

Хан қолымен ымдап өзінің аядай планетасын, сосын басқа планеталарды да көрсетті. Жұлдыздарды да иемденіп алыпты.

– Бәріне  патшалық етесіз ба? – деп сұрады Бала Патша.

– Иә, бәріне жарлығым жүреді…– деді хан.

Сонымен, бұл хан жай ғана хан емес, бүкіл дүниені бағындыратын хан болды.

– Жұлдыздар да сізге бағына ма?

– Бағынғанда қандай!– деп жауап берді патша: – Олар айтқаныңды бірден орындайды.Мен тыңдамаған дегенге көне алмаймын.

Патшаның құдыреттілігіне бала еріксіз таң қалды. Шіркін, мұның қолында осындай билік болса ғой! Отырған жерінен қозғалмастан күннің қызарып барып батқан сәтін қырық төрт рет, жоқ, жетпіс екі рет, жоқ,жүз рет,тіпті екі жүз рет көріп отырар еді! Оның есіне өзінің қалдырып кеткен кішкентай планетасы түсіп, көңілі жабырқай бастады. Сонда да өзін-өзі қамшылап, патшадан:

– Мен күннің батқан кезін көрейін деп едім…Күнге тезірек көкжиектен асып, батып кет деп бұйрық беріңізші…Сіздің қолыңыздан келеді ғой… — деді.

– Айталық, мен бір генералға көбелекке айналып, гүлден гүлге ұшып жүретін бол, трагедия жазып әкел немесе теңіз құсына айнал деп жарлық етейін. Егер генерал менің жарлығымды орындамаса, кім кінәлі? Мен бе, әлде генерал ма?

– Әрине,сіздікі дұрыс емес,– деді Бала Патша сенімді түрде.

– Дұрыс айтасың. Әркімнің қолынан келетін,шамасы жететін нәрсеге жарлық беру керек. Билігің бар екен қолыңда, жөнсіздікке бармай, ақылмен іске асыр. Егер мен өз халқыма: «Бәрің жиналып теңізге секіріңдер» десем,  бола ма? Онда олар көтеріліске шығып, революция жасайды. Мен орындауға болатын жарлық беретінімді білем.Сондықтан, оның сөзсіз орындалуын талап етем.

– Ал мен күннің батқанын қашан көрем? – деді Бала Патша  біреуге қойған сұрағын ешқашан ұмытпайтын әдетімен.

– Сен қайтсең де көресің оны, күннің батқанына шынымен зәру болсаң. Мен қалай да орындатам. Бірақ, мен де күте тұруым керек. Менің елімде ғылымды жоғары бағалайды, өздерінің шарттары бар.

– Енді қашан болады? – деді Бала Патша шыдамсызданып.

– Тоқта! Асықпа! – деді де хан алдымен  қолына қап-қалың күнтізбені алды. – Саспа! Қайда асығасың?! Күн…кешке қарай…ә,мінеки тура кешкі сағат жетіден қырық минут өткенде батады екен! Көріп тұрсың ғой, мен де дегендеріңе көніп тұрмын.

Бала Патша қайтадан есіней бастады.Ол өзінің планетасында болса ғой, ендігі күннің айналасын қызыл нұрға бояп батқанын көріп, тағы да бір рет рахаттанып қалар еді. Өзінің тастап кеткен астеройдын сағына бастады.

– Мен айналысатын қандай шаруа бар мұнда? Түк бітірмей қарап отырам ба?– деді ол ханға. – Онда қайтадан кетем! Қалмаймын!

– Кетпе,– деді хан. Қол астында  аузына қарап тұрған  бір адам болса да, табылғанына  әлдеқандай масаттанып  қалып еді. – Кетпе, мен сені министр етіп тағайындаймын!

– Қандай министр? Ненің министрі болам сонда?

– Қандай дейсің…әділет министрі бол!

– Соттайтын бір адам жоқ, сонда кімді соттаймын?

– Білмей тұрғанымды қарашы. Мен патшалығымды әлі түгел айналып шықпадым. Жасым келген адаммын. Көлік қоятын да жерім жоқ. Жаяу жүргеннен шаршап қалам.

– Ооо! – деді Бала Патша  өзі келген планетаның арғы шетіне мойнын бұрып қараған күйі. Бір де бір адам жоқ,ешкім көрінбейді…

– Олай болса, сен өзіңді-өзің жауапқа тартасың, – деді хан жайбарақат күймен. – Өзіңнен жауап алу, өзіңді соттау деген қиынның қиыны.Тіпті, біреуді соттаудан әлдеқайда қиын. Егер сен өзіңе өзің әділ билік айта алсаң, онда керемет ақылды болғаның.

– Мен өзімнен қашан болса да, қай жерде болса да жауап ала аламын. Бірақ, менің мұнда қалғым келмейді .

– Қап! Неге қалмаймын дейсің, – деді хан. Менің планетамда бір көртышқан  бар сияқты еді. Ол өзі әбден қартайды бейшара. Соның тықырын түні бойы естіп шығам. Осы көртышқанды ұстап ал да, сотта. Тіпті, оны өлім жазасына кес. Сол кезде оның өмірі сенің қолыңда болады. Бірақ,басқа соттайтын ешкім жоқ қой. Сондықтан,сен оны өлім жазасына кессең де, өлтірме. Үнемі істі жалғастыруыңа  жақсы. Жалғыз көртышқанның көзін құртып жіберме.

– Мен біреуді өлім жазасына кескенді жек көрем, – деді Бала Патша. Одан да өзімнің  алыстағы үйіме қайтайын.

– Жоқ, – деді хан балаға .

Бірақ, Бала Патша кетуге біржола сайланып алған болатын. Енді қарт ханның мазасын алмайын деген оймен:

– Егер Ұлы Мәртебелімнің  сөзі  жерде қалмасын десеңіз, маған ақылға сиятын жарлық берсеңіз екен. Мысалы, бір минуттың ішінде кететін бол деген сияқты. Соның қисыны келіп тұрған сияқты…

Хан ештеңе деп жауап бере қоймады. Алғашында екі ойлы болып тұрған Бала Патша бір күрсініп алды да, кетуге айналды.

– Онда  мен сені өзіме елші етіп тағайындаймын, деп асыға айғалады хан кетіп бара жатқан баланың соңынан.

Оның түрі өте айбынды еді.

«Осы үлкен кісілер сондай қызық өздері» – деді ішінен Бала Патша. Алайда, ол жолынан қалмады.