XVI
Сонымен, ендігі келгеніміз жетінші ғаламшар Жер болып шықты. Бұл сізге анау-мынау емес, атақ-даңқы алысқа тараған айбатты Жер! Басқасын айтпағанда, мұнда жүз он бір патша (әрине, мұның ішіне қара нәсілділердің де патшасы кіреді), жеті мың географ, тоғыз жүз мың бизнесмен, жеті жарым миллион маскүнем, үш жүз он бір миллион мақтаншақ, қысқасын айтқанда, екі миллиардқа жуық адам тұрады.
Жер аумағының қаншалықты шетсіз-шексіз екенін түсіну үшін мыналарды біле жүріңіз: адамдар электр жарығын ойлап таппастан бұрын бүкіл алты құрылық түнгі қапаста қалмасын деп алпыс екі мың бес жүз он бір шырақшы жалдаған. Демек, шамды түнде жағып, күндіз өшіріп отырған бір үлкен жасақ болды деуге толық негіз бар. Кешке қарай бірінен соң бірі жұлдыздай жарқырап жана бастайтын шамдардың әсерін сезінсеңіз ғой! Керемет! Шам жағушылардың іс-қимылының өзі қолапайсыз әрі жүйесіз емес. Тура балет артистері секілді, бәрі ретті, алдын-ала ойластырылған тәртіптері бар екені көрініп тұр. Бәрінен бұрын Жаңа Зеландия мен Аустралияның шамы жанады. Самаладай жарқыратып қойған соң, бұл елдің шырақшылары ұйқыға кетеді. Кезек Қытай мен Сібірдің шамын жағатындарға келеді. Олар да міндетін атқарып болған соң, ұйықтайды. Аспан астын тұтас алып жатқан сансыз елдердің шамын самсатып жағып қою оңай ма? Олар да міндетін орындаған соң, тәтті ұйқыға батады. Ақырындап кезек Ресей мен Үндістанның шырақшыларына жетеді. Сосын Африка мен Еуропа шырақшылары іске кіріседі. Одан әрі Оңтүстік Америка дайын тұрады. Соңында кезек Солтүстік Америкаға да жетеді. Ешқашан бұл тәртіптен бір ауытқымайды, жаңылыспайды. Таң қаласың. Тек Солтүстік полюс пен Оңтүстік полюстің шырақшылары ғана қиналмайды. Себебі оларда ешқашан қарбалас болмайды. Жұмыстарын жылына екі-ақ рет рақаттанып жүріп істейді.
Бір нәрсені жан-тәніңмен беріліп түсіндірем деп жүріп кейде қалай асырып айтып жібергеніңді байқамай қаласың. Аз болса да өздігінен өтірік қосып жібересің. Мен де сіздерге шам жағатын ағайлар туралы айтқанда асырып жібергенімді айтқым келеді. Бірақ Жер деген ғаламшардың қандай болатынын білмейтіндер менің сөздерімнен кейін басқа бір ойға қалып жүрмесе екен. Шындығында адамдар Жер бетін түгел иемденіп алған жоқ, белгілі бір аумағында ғана тіршілік етеді. Егер Жерді мекендейтін екі миллиард адам өзара қол ұстасып, бір жерге жиналса әрі шеруге шыққандай тік тұрған қалпы сығылысып тұрса, онда олар ұзындығы — жиырма мың, ені — жиырма мың шақырым жерге еркін сыйып кетер еді. Демек, бүкіл адамзатты Тынық мұхитының кішкентай бір аралына сыйғызуға болады. Сығылысып қалуы мүмкін. Оған дау жоқ. Десе де осы шағын аралға бәрі сыйып кетеді.
Мұны үлкендер естісе сізге мүлдем сенбейді. Олар ауқымды жерге ие болсам ғой деп армандайды. Өздері баобабтарға ұқсайды. Сондай менменшіл. Оларға бірдеменің есебін шығарып бер десең, жанып кете жаздайды. Есеп-қисапты, бірін алып, бірін қосқанды сондай жақсы көреді. Оған барын беруге дайын. Цифрларды дөңгелетіп әкетеді. Егер маған құлақ ассаңыз, оларға басқа әңгіме айтып тыраштанбай-ақ қойыңыз. Одан түк шықпайды. Одан да менің айтқандарыма құлақ асыңыз, маған сеніңіз.
Жерге топ етіп түскен бала патша айналасында ешкім болмағанына тіптен таң қалды. Басқа жаққа кетіп қалдым ба деп қорықты. Бойын жиып алам дегенше құмның түсімен бірдей бір дөңгелек сақинаның қимылдағанын көзі шалды.
— Қайырлы түн, — деді бала патша сасқанынан.
— Қайырлы түн, — деді жылан.
— Мен қай ғаламшардамын? деп сұрады бала.
— Бұл – Жер деген ғаламшар, сен Африкадасың, — деп жауап берді жылан.
— Ааа…Сонда Жерде ешкім жоқ па?
— Бұл – шөл дала. Шөлде тірі жан кездеспейді. Жердің ұшыр-қиырына көзің жетпейді, керемет үлкен.
— Бала патша тастың үстіне жайғасып отырып, аспанға көз салды: Мына жарқыраған жұлдыздардың арасынан әркім өз жұлдызын тауып алса, қандай жақсы болар еді! Бәрінде солай болса ғой деп армандаймын. Менің планетама қарашы. Біздің дәл төбемізде тұр… Бірақ ол сондай алыс!
— Әдемі екен, — деді жылан. Сен мұнда қандай шаруамен келдің?
— Мен гүлімді ойлап қиналып тұрмын, — деді бала патша.
— Ә, солай ма?! — деді жылан.
Сосын екеуі де терең ойға батып, үнсіз қалды.
— Адамдардың бәрі қайда кеткен? Бар ма өздері? деп бала патша кенеттен тыныштықты бұзды. Мына шөл далада жападан жалғыз қалғаның қиын екен…
— Адамдардың ортасында отырсаң да жалғызсырайсың, — деді жылан.
— Өзің саусақтың саласындай жіп-жіңішке болып алып… қызық екенсің, — деді бала тағатсызданып.
— Сен қалай десең де, мен анау айтқан патшалардың саусағынан күштімін, — деді жылан саспастан.
Жыланның айтқандарына бала патшаның күлкісі келді:
— Қайырлы түн, — деді бала патша сасқанынан.
— Сен патшадан қалай күшті боласың? Ең болмаса аяғың да жоқ… ешқайда саяхатқа да бара алмайсың.
— Мен сені үлкен кемелер апара алмайтын жерге алып кете аламын,- деді жылан.
Осыны айтуы мұң екен жылан бала патшаның тобығына орала кетті. Сол кезде ол кәдімгі алтын білезікке ұқсады да қалды.
— Мен жақындап кетсем, ешкімге жақсы болмайды. Кім болса да уланып өледі. Сөйтіп жер жастанады. Бірақ, сенің жаның сондай таза…әрі жерге алыста орналасқан жұлдыздан келдің…
Бала патша ләм деген жоқ.
— Мен сені сондай аяп тұрмын… әлсіз түріңе қарамастан қара тастан жаралған Жерге түсіп жүрсің…Егер өзің тұратын ғаламшарыңды сағынып, кері қайтам десең, күндердің бір күнінде саған көмектесе аламын. Қолымнан келеді…
— О! Жақсы болды ғой,- деді бала патша қуанып. Ал сен неге үнемі жұмбақтап сөйлейсің? Соның сырын айтшы.
— Баяғыдан сондаймын. Бұрыннан солай шешіп қойғам, — деді жылан маңғаз қалпымен.
Екеуі тағы да үнсіз қалды.
XVIII
Бала патша құмның арасымен жүріп отырып, жалғыз тал гүлге кездесті. Үш тал инесі бар, кәдімгі қарапайым гүл…
— Сәлеметсің бе? деді бала патша.— Сәлеметсің бе? деді гүл.
— Адамдардың қайда екенін білесің бе? Жақын маңда адамдар бар ма? — деп бала патша ізетпен сұрады.— Адамдардың баяғыда бір керуеннің жанынан өткенін гүл байқап қалған еді.
— Адамдар дейсің бе? Бар болуы керек. Өздері бар-жоғы алтау я жетеу сияқты. Бірнеше жыл бұрын оларды осы маңнан кездестіргем. Бірақ, олардың қайдан келгенін, қайда тұратындарын білмеймін. Жел айдап әкелген болуы керек. Өздерінде тамыр болмайды, содан қатты қысылатын сияқты.— Қош бол, — деді бала.
— Қош бол, — деді гүл.XIX
Бала патша бір биік таудың басына шығып, айналасына көз тастады. Оның өмірінде көрген тауының биіктігі мұның тізесінен ғана келетін үш жанартау еді. Сөнген жанартауды ол отырғыштың орнына пайдаланып, үстіне шығып алатын. «Мынадай биік таудың шыңынан ғаламшарды да, адамдарды да алақандағыдай анық көретін болдым», — деп ойлады ол. Бірақ оның көзіне биік-биік жартастың ұшар басынан басқа ештеңе көрінер емес.— Сәлеметсің бе? деді бала патша неде болса.
— Сәлеметсің бе? Сәлеметсің бе? Сәлеметсің бе? деп жауап қатты жаңғырық.
— Сендер кімсіңдер? деді бала.
— Сендер кімсіңдер? Сендер кімсіңдер? Сендер кімсіңдер? деп тағы қайталады жаңғырық.
— Менің сендермен дос болғым келеді, — деді ол.
— Дос болғым келеді…дос болғым келеді…дос болғым келеді, деп қайталады жаңғырық.
«Мынау қызық планета екен өзі!» деп ойлады ол. Қуарған қу дала, жартастары ол анау аспанмен таласып міз бақпай тұр. Айнала лас. Адамдар ақылға қонбайтын, біртүрлі іс істейді екен. Не айтсаң соны қайталап тұрып алады. Менің ғаламшарымдағы гүлді айтсаңшы. Үнемі бірінші болып тіл қатады…»
Сонымен ол о шеті мен бұ шетіне көз жетпейтін сусылдаған құмды да, өзіңмен қоса жаңғыратын ұшы үшкір биік жартастардың арасын да, тау басына түскен қарды да кешіп өтті. Енді алдынан бір жол шықты. Осы жол адамдарға тікелей апаратын болуы керек.
— Сәлеметсің бе? деді бала патша.
Ол гүлдері жайнап тұрған ерекше бақтың қасына келді. Бұлар жай гүл емес, бәрі дерлік раушан гүлдері.
— Сәлеметсің бе? деді раушан гүлдері жамырай амандасып.
Бала патша бұларға да көз алмай қарады. «Ойпырмай, бұлардың бәрі менің гүліме қатты ұқсайды», — деді ол.
— Сендер кімсіңдер? деп сұрады бала патша таңданысын жасыра алмай.
— Біз раушан гүліміз.
— Әәә, — деді бала.
Ол өзін осы сәтте жарымжан сезініп, көңілі құлазып кетті. Өз гүлінің «мына дүниеде сенен басқа ешкімім жоқ» дегені есіне түсіп кетті. Ал мына бақта бір-бірінен аумайтын бес мың гүл қатар жайқалып өсіп тұр!
«Егер менің гүлім раушан гүлдерінің тұтас бір бақты алып, түгелдей жайқалып тұрғанын көрсе, мүлдем құлазып қалар еді және бұларға күлкі болмас үшін әдейі күрк-күрк жөтеліп, қазір жаны шығып кетердей көгеріп кететін еді. Мен де қарап тұрмай оның асты-үстіне түсетін едім, әйтпесе, гүлім шынымен намыстан жарылып кететін еді ғой…»
«Менің бар байлығым — жалғыз тал гүлім, менің осы айтып отырған гүлімнен басқа ештеңем жоқ. Айтпақшы, биіктігі тіземнен келетін үш жанартауым барын ұмытып барам. Оның біреуі сөнген, әй сол жанартау қайтадан қалпына келмейді-ау. Біржола өшіп қалған сияқты. Осының бәрін ауыз толтырып айтып отырсам да, мен асқан дәулетті адам бола алмаспын…», — деді бала патша өз-өзінен күбірлеп.
XXI
Сәлден соң мұның қасына бір түлкі келді.
— Сәлеметсің бе? деді түлкі.
— Сәлеметсің бе? деп бала ізетті жауап берді. Бала патша бұрылып қарап еді ештеңе көрмеді.
— Әй, мен мұндамын, — деген бір дауыс шықты. Алманың түбіндемін.
— Сен кімсің? деді бала патша. Сондай әдемі екенсің…
— Мен – түлкімін, — деді ол.
— Қасыма кел, екеуміз бірге ойнайық,- деді бала патша. Менің ішім пысты әрі көңіл-күйім жоқ.
— Менің сенімен ойнағым келмейді, — деді түлкі. Екеуміз әлі дос емеспіз. Сен мені қолға үйреткен жоқсың.
— Солай ма?деді бала патша.
Ол біраз ойланып тұрды да, қайтадан түлкіге қарап:
— «Қолға үйрету» деген не? Ол нені білдіреді ? деп сұрады.
— Cен бұл жақтың адамы емес сияқтысың, — деді түлкі. Не іздеп жүрсің мұнда?
— Мен адамдарды іздеп жүрмін, — деді оған бала патша. «Қолға үйрету» деген нені білдіреді?
— Сен білмейтін шығарсың, адамдардың қолында мылтығы бар, олар үнемі аң аулайды. Өздері сондай қорқынышты! Айтпақшы олар тауық өсіреді. Адамдардың жалғыз ермегі сол. Сен де тауық іздеп жүрсің бе?
— Жоқ, мен дос іздеп жүрмін. Айтпақшы, «қолға үйрету» деген не?
— Оның не екенін көп адам баяғыда ұмытып қалған.
— Жоқ, мен дос тауып алсам деймін, дос іздеп жүрмін. Айтпақшы, «қолға үйрету» деген не?
— Ол «бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнату» дегенді білдіреді.
— Қарым-қатынас орнату ма?
— Әрине, дәл солай. Мысалы, сенің мен үшін мыңдаған басқа балалардан айырмашылығың жоқ. Мен сені сағынбаймын, бар-жоғыңды елемеймін. Сен де мені іздемейсің, көрсем демейсің. Қазір менің де сен үшін мыңдаған басқа түлкілерден айырмашылығым жоқ. Ал егер сен мені бұдан былай қолға үйрететін болсаң, екеуміз бір-бірімізді іздеп тұратын боламыз. Сенің орның мен үшін ерекше болады. Сендей бала жер бетінде жоқ деп білемін. Мен де сен үшін мына әлемде жалғыз дос болар едім…
— Мен айтқаныңды енді ғана түсіне бастаған сияқтымын, — деді бала патша. Сен білмейтін менің жалғыз тал гүлім бар… Сол гүл мені қолына үйретіп алған сияқты…
— Әбден мүмкін, — деді түлкі. Жер бетінде небір қызықтар болып жатады…
— Ооо! Жерде емес, басқа жақта, — деді бала патша.
Табан асты келген түлкі таң қалып:
— Ол басқа ғаламшарда ма? деп сұрады.
— Иә, — деді бала.
— Ол ғаламшарда аң аулайтындар бар ма?
— Жоқ.
— Қызық екен! Ол жақта тауық бар ма?
— Жоқ, тауық жоқ.
— Жетісіп тұрған ештеңе жоқ екен ғой, — деп түлкі күрсініп алды. Сосын:
— Менің өмірім бір қалыпты. Мен тауықтарды аңдимын, адамдар мені аңдиды. Тауықтар бір-бірінен аумайды, адамдар да бір-біріне өте ұқсас. Ажырата алмайсың. Сондықтан кейде ішім пысады. Егер сен мені қолға үйретсең, өмірім нұрланып кетер еді-ау. Алыстан келе жатсаң да сенің жүрісіңді айнытпай таныр едім. Басқалардың жүрісі мені інімнен суырып шығара алмас еді. Ал, сенің адымдап келе жатқаның маған құдды бір керемет музыка сиякты әсер етер еді. Сосын айналаңа қарашы! Анау егістікті көріп тұрсың ба? Мен нан жемеймін ғой. Оның маған пайдасы жоқ. Егістік ойыма ештеңе де салмайды. Қалай десең де, бұл өте өкінішті! Бірақ сенің шашың сол өсіп тұрған бидайларға қатты ұқсайды, алтындай жарқырап тұр. Сен мені қолға үйретсең қандай ғажап болар еді! Алтын түстес, самал жел қозғаса теңселіп тұратын бидай сенің сары шашыңды үнемі есіме түсіріп тұрар еді, шіркін! Сол баяу соққан самалды үнемі аңсап тұрар едім…
Түлкі біраз үнсіз қалды да:
— Өтінем, мені қолға үйретші! — деді.
— Оған еш қарсылығым жоқ, керісінше қуанар едім. Бірақ уақытым тығыз. Мен алдымен өзіме жаңа дос тауып алсам, сосын маған беймәлім көптеген нәрселерді білсем деймін, — деді бала патша.
— Жақсы қарым-қатынас орнатпай тұрып, бірдеме білем деп дәмеленбе. Адамдардың бірнәрсені білуге келгенде үнемі уақыты болмайтыны қызық. Олар бар затты дайын күйінде дүкеннен сатып алуға құмар. Алайда ешбір дүкенде дос сатылмайтындықтан, адамдарда дос болмайды. Егер саған шынымен дос керек болса, мені қолыңа үйрет!
— Сонда не істеуім керек? деп сұрады бала патша.
— Ең бастысы – асықпа, сабырлы бол, — деп жауап берді түлкі. Алдымен менен алыстау ана бір жерге барып, шөптің үстіне жайғасып отыр. Мен саған былай көз қиығымды салып қоямын, бірақ сен сөйлемейсің. Екеуміз де үндемейміз. Сөз деген кейде адамдарды араздастырып қояды, сосын түсініспей жатады. Ал сен күн сайын орныңнан ақырын жылжып, маған қарай жақындай түсесің…
Ертесіне бала патша әлгі жерге тағы келді.
— Сен белгілі бір уақытта келіп тұрсаң жақсы болар еді, — деді түлкі. Мысалы, сен түстен кейін сағатта төртте келем десең, мен сағат үштен бастап өзімді тым бақытты сезінер едім. Сен келетін уақыт жақындаған сайын, менің қуанышым қойныма сыймайды. Ал сен сағат төртте алдымнан жарқ етіп шыға қалсаң, менен бақытты түлкі болмас еді! Бақыт дегеннің не екенін дәл сол кезде білер едім! Егер өзің қалаған кез келген уақытта келетін болсаң, мен елегізбей жүретін ем, жүрегім тыныш болар еді… Сондықтан өзіміз ғана білетін бір дәстүр болуы керек.
— Дәстүр деген не? деп сұрады бала патша.
— Дәстүр қазіргі күні ұмыт бола бастаған нәрсе, — деді түлкі. Дәстүр бір күнді әдеттегі басқа күндерден ерекшелеп тұрады, күндегі күйбең тіршілікке ұқсамайды. Дәстүрді орындаған сәттің өзі басқа сәттерден ерекше болып есте қалады. Мысалы, әлгі мен айтқан аңшылардың өз дәстүрі бар. Олар бейсенбі сайын өз ауылындағы қыз-келіншектермен би билейді. Демек, бейсенбі олар үшін керемет күн. Ол күні мен де жүзім бағының ішін емін-еркін аралаймын. Егер аңшылар сол күні билемесе, мына күн ерекше деп айта алмас едік. Әр күн бір-біріне ұқсас боп кетеді ғой. Онда мен де өзіме демалыс жарияла алмай қалар едім.
Сонымен бала патша түлкіні қолға үйретіп, екеуі жақын дос болды. Қоштасатын сәт жақындағанда түлкі:
— Ой! Жылағым келіп тұр, — деп мұңайды.
— Оның не? деді бала патша. Сен жылайтындай саған ештеңе істегем жоқ қой. Қолға үйрет, дос болайық дедің…
— Әрине, бәрі рас, солай дедім, — деді түлкі.
— Ал онда неге жылағым келіп тұр дейсің?
— Әрине, бәрі рас, солай, — деді түлкі.
— Сонда сенің айтқаның орындалмады ма? Ешқандай келісімге келмедік пе?
— Менің айтқандарым орындалды, әсіресе алтын түстес егіс даласын айтсаңшы, — деді түлкі.
Біраз ойға шомған түлкі:
— Бақтағы раушан гүлдерің көргің келіп тұр ғой, бара бер, жолыңнан қалма. Өзіңнің бір тал раушаныңның осы гүлдерден артық болмаса кем еместігіне көзің жетті. Ал менімен қоштасу үшін келсең, саған бір құпияға толы сыйлық сыйлаймын.
Бала патша жайқалған раушан гүлдерін тағы бір рет көру үшін жолға шықты.
— Сендер менің раушаныма мүлдем ұқсамайсыңдар, себебі әлі ешкімге тиесілі емессіңдер. Ешкім сендерді өзіне жақын тартып, дос болмады. Сендер де әлдекіммен жақын араласып, қимас дос болмадыңдар. Сендер бір кездегі менің түлкіме ұқсап тұрсыңдар. Ол түлкі де мыңдаған басқа түлкілерге ұқсас еді. Мен оны қолға үйретіп, біз жақын дос болып алдық. Енді ондай түлкі әлемде біреу-ақ.
Мұндай сөздерді күтпеген раушан гүлдері қысылып қалды:
— Сөз жоқ, сендер өте әдемісіңдер, бірақ біреуге соншалықты аяулысы емессіңдер, — деді бала патша. Сендер үшін бірде-бір адам жанын қиятындай қымбат емессіңдер. Ал менің гүлімнің мен үшін орны ерекше. Жай өтіп бара жатқан біреу оны көп гүлдердің бірі деп ойлайтын шығар. Бірақ бәрін менің бір тал раушанымның орнын баса алмайсыңдар. Өйткені мен оны мәпелеп күттім, күнде су құйдым. Суықтан да, желден де қорғадым. Сондықтан раушаным маған аса қымбат. Үлбіреген жалғыз гүлімді құрт-қоңыздардан сақтадым (көбелектерге деп екі-үш құртты өлтіргенім болмаса). Ол маған сондай жақын, сондай аяулы болғандықтан оның бар еркелігін көтердім. Кейде раушаным не болса соны айтып кетсе де, құлақ салып тыңдаймын. Гүлім мені көргенде ауырып қалған сыңай танытады, мені аясын дегені шығар. Кейде мақтаншақтығы ұстап кетеді. Оған да көнем, себебі жақсы көремін ғой. Ара-тұра екеуміз үнсіз отырамыз, үнсіз отырсақ та бір-бірімізді ұғынамыз. Себебі, ол менің раушаным.
Жолай бала ханзада түлкіге тағы бір соғып кетті.
— Қош бол, — деді ол.
— Қош бол, — деді түлкі. Құпиясы бар сыйлық жасаймын деп едім ғой. Міне, менің құпиям, түсінген адамға өзі сондай қарапайым дүние: жүректен шықпаған нәрсе жүрекке жетпейді. Шынайылық көзге көрінбейді, оны тек жүрекпен ғана сезінесің.
— Шынайылық көзге көрінбейді, оны тек жүрекпен ғана сезінесің, — деп қайталады бала патша есінде сақтағысы келіп.
— Сен раушан гүліңсіз өткізген уақытыңды бос өтті деп ойлама. Ол саған өте қымбат екенін одан жырақ кеткенде ғана барып түсіндің.
— Раушанымды көрмеген уақытымның босқа өткені ме? деді бала патша гүлін еске түсіріп.
— Адамдар осынау қасиетті үнемі естерінен шығарып алады. Неге екенін қайдам? Бірақ сен мұны үнемі жадыңа тұт. Қолға үйреткен не дос болған жанды ешқашан сатпа. Ұмытпа. Оның алдында жауапкершілігің болуы тиіс. Достыққа адал бол. Сенің гүлің де сенің адал дос екеніңе шүбә келтірмейді. Ендеше, раушан гүліңнің алдында жауаптысың…
— Мен гүлімнің алдында жауаптымын, — деді бала патша раушанын тағы еске алып.
XXII
— Сәлеметсің бе? деді бала патша.
— Сәлеметсің бе? деп жауап берді жол нұсқаушы.
— Сен мұнда не істеп жатырсың? деп сұрады бала патша.
— Ә, мен жолаушыларды жолға аттандырамын, мыңдаған дорбаларды жеткізіп салу үшін реттеймін, — деді жол нұсқаушы. Әрқайсысын керекті бағытына қарай жіберем. Біреулері оң жаққа кетеді, енді біреулері сол жаққа кетеді…
Шамы жарқыраған жүрдек пойыз тура аспан қақ айрылып, найзағай жарқ ете түскендей жаңғырып келіп, жол нұсқаушының күркесін селкілдетіп жіберді.
— Қандай асығыс еді өздері, — деді бала патша. Не болды екен?
— Локомотивті жүргізіп келе жатқан кісі қарсы алдынан тағы біреу келе жатқанын білмейді, — деді жол нұсқаушы.
Мұны айтып ауыз жиғанша қарсы беттен өкіріп тағы бір жүрдек пойыз келе қалды.
— Әлгі пойыз барып, қайтып келді ме? деді бала.
— Жоқ, олар емес, — деді жол нұсқаушы. Мынау – жол айрығы, екеуі түйісіп қалды. Енді әрқайсысы өз жолына түседі.
— Осы адамдар неге сол тұрған жерінде отыра бермейді, әлде оларға бұл жақпай ма?
— Соны айтсайшы. Адамдар бір жерде ешқашан көңілдері тыншып, отыра алмайды, — деді жол нұсқаушы.
Осы сәтте өкіріп, үшінші жүрдек пойыз жақындап келе жатты.
— Бұлар ана кетіп қалған пойызды өкшелеп қуып келе ме? — деп сұрады бала патша.
— Жоқ, олар ешкімді қуып келе жатқан жоқ. Пойыздың ішіндегі жолаушылар жайғасып ұйықтап жатыр, кейбіреулері есіней бастаған шығар. Тек кішкентай балалар ғана пойыздың әйнегіне тұмсықтарын тіреп, мәз-мейрам боп тұр, — деді жол нұсқаушы.
— Өзіне не керек екенін тек балалар ғана жақсы біледі, — деді бала патша. Олар бар уақытын қуыршақ ойнаумен де өткізе алады. Күні бойы жалықпайды. Қуыршағына әбден бауыр басып алғаны сонша, бұл ойыншығы өзіне өте қымбат. Ал, біреу сол қуыршақшы тартып алып көрсін, ойбайға басады…
— Бала деген сол ғой, — деді жол нұсқаушы.
— Сәлеметсің бе? деп амандасты бала патша.
— Сәлеметсің бе? деді саудагер.
Бұл саудагер шөліңді қандыратын дәрілер сататын болып шықты. Бір талын жұтып алсаң болды, апта бойы шөлдемей жүресің. Рахаттанасың, су іздемейсің.
— Бұл шаруамен неге айналысасың? Дәрі сатпасаң болмай ма?
— О, бұл уақыт үнемдеуге жақсы. Оның үстіне мұның пайдасын сарапшылар есептеп шығарып та қойды. Мұны ішіп жүрсең, бір аптаның ішінде елу үш минут үнсіз жүресің.
— Сонда сол елу үш минуттың ішінде не істеуге болады?
— Енді не істесең де өзің білесің…
«Егер менің елу үш минут бос уақытым болса, суы шапшыған фонтанға қарай бет алған болар едім…»