Мен осы жасыма келгенше ең болмаса мың қыздың бетінен сүйген шығармын, бірақ олардың бір де біреуінің түрін қазір қанша ойлансам да, көз алдыма келтіре алмай отырмын.
Саған мұны өз дәрежемді көтеріп, бағамды асырайын деп айтып отырғам жоқ. Қазіргі жағдайыма, менің тапқан ақшама, айналамдағы соны пайдаланғысы келетін жалпаңбайларыма қарап, мені бір бөсіп қалғысы келіп отыр дейтін шығарсың.
Егер маған сенетін болсаң, бар шыным осы. Міне, жасым отыз сегізге келіпті, басымнан өткеннің бірі де есімде жоқ. Қыздар туралы да,басқалар туралы да айтатыным осы.
Жақында менің қолыма үйдегі жатқан бір ескі журнал түсіп қалғаны бар еді; баяғыдан бері жатқан, онымен бір жеріңді сүртіп лақтырып тастасаң да болады. Айтқым келгені, осы журналдан бір сұлуды құшақтап түскен менің суретімді де көресің.
Сонымен,суреттің астындағы жазуды оқи бастадым.Өзім ішіменен әлгі қыздың аты Лаетита ма еді, Соня ма еді деп, есіме түсіре алмай қойдым. Журналдағы қыз: «Ау, мен Сонямын ғой…әрине, Сонямын,Villa Barclayданмын*, пирсингісі* бар, ванильдің* иісі шығып тұратын кішкентай ғана, қара шашты қызбын…» деп тұрғандай болды.
Жоқ.Менің көңілім аңсап отырғаны бұл емес, басқа нәрсе болуы керек.
Мен ойша «Соня » деген атты жүз рет қайталаған шығармын. Басым ауып қалғаннан саумын ба өзі? Өзіме-өзім келгенімде, темекі тартайын деп, сигаретімді іздей бастадым.
Бағана да айттым ғой, отыз сегізге келгенімде бар өмірім көз алдымда быт-шыт болып барады. Жоғарыдан төмен қарай ақырындап сыр беріп келіп еді, міне жай түскендей болып отырмын. Бір жерден ши шықса болды емес пе, бір-бірлеп көбесі сөгіліп, ыдырап барады.Сонау күні Парсы шығанағындағы соғыс туралы біреулердің әңгімесін естігенде мен олардан бұрылып тұрып:
— Парсы шығанағындағы соғыс қашан басталып еді өзі ? — деп әдейі сұрадым.
— 91-жылы, деп жауап берді олар ,тура маған мен білмейтін бірнәрсені хабарлағандай. … Шынын айтсам, осы күнге дейін біреулердің сол соғыс туралы айтып жатқанын естімеппін, әкесінің …
Парсы соғысын мүлде ұмытып, жыртып тастаған қағаздай қоқыстың ішіне лақтырып жіберуім керек менің.
Сонда ғана мен ол соғысқа барған да жоқпын, көрген де жоқпын ол соғысты атамаңдар деп айта аламын .Ондағы өткен бір жыл өмірімді ойласам, ішім удай ашиды, қор болып босқа кетіпті.
Ау ағайындар, мен 1991-жылы ешқандай соғысқа қатысқам жоқ, ал, қайтесіңдер? Солай.
Өзіме де сол керек,1991-жылы мен өмірден өз орнымды табайын , бағымды сынайын деп, осы соғысқа барудан басқа басқа ешбір айла таппадым. Әрине, сен мені ақымақсың дейсің, білем. Бірақ, сол соғыс менің бір жағынан көп нәрсеге басқаша қарап, өмірді өзгеше түсіне көзімді ашты емес пе?
Ал, қазір басымнан өткеннің бәрін ұмытып отырмын, есімде түк жоқ.
Кешірші мені, Соня, шын айтам, сен де менің есімде жоқсың.
Онан соң мен Асылды жолықтырдым.
Атын айтқаннан-ақ,жүрегім елжірейді.
Асыл…
Мен оны ең бірінші рет Guillaume-ell* көшесіндегі дыбыс жазу студиясында кездестірдім. Біз бір апта бойы кете алмай байланып отырып қалған соң, ақшаның айналасындағы қайдағы бір әңгімелер айтылып, өзіміз кешігіп не істерімізді білмей отырғанда, қасымыздағылар басымызды одан әрі қатырып жіберді.
Бар нәрсені алдын-ала болжап, біліп отырам демей-ақ қойыңыз. Ол мүмкін де емес. Айталық, сонау Америкадан диск шығаратын мекеменің байларының көңілін табамыз деп алтынның салмағындай ақша беріп алғызған супер миксер* басымызға бәле болды десем де болатын шығар.
Бұл енді шаршау дегенді де, арнайы бір кестемен жұмыс істеу керек дегенді де білмеуі керек — деді дәрігеріміз әлгіге қарап тұрып.
Айтып отырғаны миға қонбайды, оның ішіндегі толып жатқан темірі қалай жұмыс істеу керек екенін, қалай жасалғанын көріп тұрған жоқпыз ғой.
Бұл америкалық роботтың екі көзі ішінен үлкен екен. Ол өзінің соры ма деп ойлаймын. Ал, түріне қарасаң, қолына «кішкентай француженкаларды өз қалауынша билете алатын күші бар» контракт ұстап тұрғандай сондай тәкаппар…
Сол күндер (соғысты айтам) мен үшін өте-мөте ауыр кезең болды. Есіме түсірсем, жаным қиналады. Апталап күннің көзін көрмеген кездерім тіпті қорқынышты. Тіпті, қолыммен бетімді сипауға қорқатынмын, ұстасам болды сыдырылып түсіп қалатындай — болмаса бетім жиырылып қалатындай көрінетін.
Аяқ жағында тамағымның ауырғаны соншалықты, темекі тартуға да мұршам болмайтын.
Фред өзінің қарындасының құрбы қызын айтып, мазамды алумен әуре. Жас қыз фотограф екен, мені турне* кезінде бірге жүріп, суретке тартпақшы ойы бар екен. Штаттан тыс жұмыс істейтін көрінеді, менің суретімді сату үшін емес, өзі керек еткен соң түсіргісі келеді-міс. Маған сол фотограф қызбен кездес деп қыр соңымнан қалмады.
— Ей, Фред, айтпашы осындайды, қойшы…
— Тұра тұршы, сол қызды әкеліп мен сенімен таныстырайын, алдымен танысып көрсеңші.Тіпті, осы сенің нең кетеді? Неге әулие бола қаласың?
— Мен фотографтарды жек көрем, артистердің директорларын да жек көрем, аяғымның астында қабаттасып біреулердің жүргенін де жек көрем. Әрі беріден соң, біреудің қадалып қарағанын да жек көрем, түсінесің ба,жоқ па?!
— Қап, мынаны ай, ә ! Қырсықтығыңды қоя тұршы, екі минут уақытыңды қисаң болды.Тіпті,сөйлеспей-ақ қой, сөйлескің келмесе. Әлі көрген де жоқсың өзін. Мен үшін келісе салшы, әлдеқандай болмай. Менің қарындасымның қандай екенін білмейді екенсің, құртады мені.
Бағана мен саған бәрін ұмыттым, есімде түк жоқ деп едім ғой. Олай емес екен, көріп тұрсың, әлі де есімде бірнәрселер бар екен.
Фред, сен дыбысты қайта жазу таблицасын көріп тұрған кезіңде, ол оң жақтағы кішкентай есіктен кіріп келе жатты. Аяғының ұшымен басып, біреуден кешірім сұрайтындай имене табалдырықтан аттады.Үстінде ақ футболка, белін жіп-жіңішке белдікпен буып алыпты. Мен терезенің артында тұрған соң, алғашында оның бет-жүзін аңдамай қалдым. Жаңағы қыз орындыққа отырғаннан кейін барып, оның кіп-кішкентай кеудесіне көзім түсіп, неге екенін қолыммен сипағым келді де тұрды.
Сәлден соң ол маған қарап жымиды. Әдеттегі менің көзім түскеніне мәз болып күлетін қыздардың жымиысы емес.
Ол менің жанымды жадырату үшін, менің көңілім көтерілсін деген оймен жымиғаны көрініп тұр. Өзі қандай сүйкімді. Мен күні бойы осы әсем күлкінің әсерімен жүрдім. Көптен бері сол күнгідей сезімді мүлде ұмытып кетіп едім.
Мен кілең әйнектен ғана жасалған жұмыс орнымнан шыққан кезімде,оны таппай қалдым.
Фредтен:
— Сенің қарындасыңның дос қызы осы ма? — деп сұрадым
— Иә
— Аты кім өзінің?
— Асыл
— Кетіп қалды ма?
— Білмеймін
— Қап,әттеген ай!
— Не дедің?
— Жай.
Содан кейін мен оны ең соңғы күні ғана кездестірдім. Поль Аккерман студияда маған «сенің болашақтағы алтын дискіңді тойлаймыз » деп бір кішкентай кеш ұйымдастырды. Менен шынымен үмітті, пәтшағар. Мен душтан жаңа шыққан болатынмын. Кеудем жалаңаш, дұрыстап киінбеген де едім. Басымды сүлгімен құрғатып жатқан кезде Фред бізді таныстырды.
Менің бірнәрсе айтуға шамам келмеді. Он беске жаңа толған бозбаладай сасқалақтап, қолымдағы сүлгімді де жерге түсіріп алдым.
Ол маған тағы да мен ең алғаш көрген кездегідей жымиды.
Менің контрабасымды көріп:
— Бұл сіздің ең жақсы көретін гитараңыз ба? — деп сұрады.
Сол кезде мен оны бас салып құшақтап алғым келді, себебі маған ешкім «сіз» деп сөйлеп көрген емес, бәрі маған «сен» дегендері аздай, қарнымнан түртіп қоятындарын қайтерсің…
Осы мемлекеттің президентінен бастап, бала шағасына дейін мені «сен» дейді, тура менімен бірге шошқа бағып жүргендей.
Менің жүрген ортам солай шығар деймін.
— Иә, — дедім мен оған, — бұл менің ең жақсы көретін гитарам.
Солай дедім де көзіммен арқамды сүйеп отыратын бірнәрсе іздедім.
Біз аз ғана тілдестік, себебі Аккерман журналистерді менімен кездесу өткізу үшін шақырып қойыпты. Оның менің сыртымнан бәрін реттеп қойғанын мен білмей де қалдым.
Асыл менен көбіне гастрольдік турне жайында сұрап отырды. Мен оның барлық сұрақтарына еш ойланбастан «иә » деп жауап бердім. Бар ойым да, екі көзім де оның кіп -кішкентай кеудесінде болды. Сосын ол менімен қоштасты да шығып кетті. Менің сол кездегі ашуланғаным соншалықты, кім болсын, мейлі ол Фред бола ма, Аккерман бола ма, жоқ тағы біреу бола ма қай кездескенінің мұрнын бет қылайын деп едім. Қызбен біраз әңгімелесуге мұрша бермей, менің ішкі жұмыстарыма да араласуын қарашы бұлардың.
Турнеге келетін болсақ, гастроліміз бірталай күнге созылатын болды. Көбінде Франциядан тыс жерлерде өнер көрсететін түріміз бар. Екі күн Cigale*да концерт қоямыз, қалғанын араластырып жібердім. Мұның сыртында Бельгияға, Германияға, Канадаға және Швейцарияға баруымыз керек. Бірақ, сен менен рет-ретімен тізіп бер демеші, құдай үшін. Қай елден кейін қай елге барғанымды дәл басып айта алатын шамам жоқ.
Сапар кезінде әбден шаршағанымды білем. Мен әдеттегідей музыка шығарумен айналыстым, әндерімді орындадым, бірақ барынша жинақы әрі сергек жүруге тырыстым.Әрине, мен Pullman*да жатып жүрдім.
Мені төбемнен төмен қарай алтын құйсаң да, өзімнің қасымдағы музыкант достарымды ештеңеге айырбастамаймын. Мен үшін дүниедегі ең қымбат нәрсе — солармен бірге Pullmanның салқын самал қонақүйінде бірге жүргеннен артық ештеңе жоқ. Егер мен самолетке мінер кезде, олар менімен бірге бармайтын болса, мен олардың қолын сахнаға шығарда қыса алмайтын болсам, мен үшін бәрі біткені деп есептей бер. Одан да мен бақша салып, капуста егіп кеткенім жақсы.
Асыл бізбен бірге келген екен, мен оны басында байқамай қалыппын.
Ол біздерді ескертусіз ақ, өзі суретке тарта беріпті.Ол хористкалармен бірге тұрып жүрген көрінеді. Қонақүйдің кулуарынан олардың бір-бірімен бірдеңе айтып шуылдасып отырғандары, орталарында Женнидің қыздарға карта ашып, сықылықтап күлгендері анда- санда естіліп қалатын. Мен оны көріп қалған кезімде, басымды көтеріп, қасына тура тартқым келіп тұрса да, осында болған бірнеше апта ішінде, қыздың қасына әдейі жоламадым.
Мен бұдан былай жұмыс пен сексті араластырғым келмеді. Қартайғанның белгісі емес пе өзі?
Ең соңғы кеш жексембі болатын. Біз бұл күні Белфортта* Eurock*тың онжылдығына орайластырып бір әдемі концерт бермекші болғанбыз.
Енді осы қоштасу салтанатына арналған кешкі аста мен оның қасына отырдым.
Мұндай кештер біз үшін өте қымбатты да қастерлі еді.Себебі,бізбен бірге шоферларымыз да, техниктеріміз де, бізге турне кезінде қызмет көрсеткендердің бірі де қалмай қатысатын. Бұл сізге жаңадан танымал бола бастаған, ештеңені көзіне ілмейтін жас актрисаның да кеші емес, провинциядан келген корреспонденттер де емес, білдіңіз ба…Аккерман Фредке өз соткасынан-ақ телефон соғып, басқа жақпен сөлесу үшін ақшаны қалай төлеп, қалай сөйлесуге болатын цифрларды сұрап алуына да болатын еді.
Біздің ойымыздағыдай бола қоймағанына біз де ренжулі едік.
Айтпақшы, мұндай кештерді біз өз арамызда «жабысқақтардың кеші»деп атайтынбыз. Атының өзі көп нәрсені аңғартып тұрған жоқ па?
Осындай кештердің арқасында тонналаған стресстен құтылатынбыз. Бітірген ісіміздің жемісін көріп, бір рахаттанушы едік. Біздің жұмысымыздың бір айғағы — рулонымен катушкада жатқан пленкалар болса, айлар бойы қабағы ашылмаған менің менеджерімнің бүгіннен бастап қана маған күле қарауының өзі неге тұрады…
Мен алғашында Асылды қалай да өзіме қаратып, көндіріп алсам, жақсылап тұрып сүйіп алсам деп тұрдым. Артық кететінімді біліп, ол ойымнан қайттым.
Ол да ештеңе сезбегендей болғанымен, бәрін іштей түсініп отыр.
Ресторанның туалетіне барғанымда да, қолжуғыштың үстіндегі айнаға қарап тұрып та, оның атын ақырын ғана дауыстап айтып қоям.Тамағымды мұздай сумен шайып, жақсылап бір кеудемді керіп, демалып алып, менің оған: «Мен саған қарасам болды, он мың адамның алдында тұрғандай ішім бүріп, біртүрлі ауырып кетеді. Құдай ақына, мені түсінші, алшы мені құшағыңа…» деудің орнына, далбасалап басқа жаққа бұрылып кететінімді қайтерсің.
Күндер зулап, айлар жылжып өтіп жатты. Менің албомым да жарық көрді-ау, әйтеуір…Осы кезде мен керемет бақытты болып кетіп едім деп айта алмаймын. Еш қоспасы жоқ шыным: жалғызсыраған кезімде жауабы жоқ көп сұрақтар да, музыка да мені түк тыныштандыра алмайтын. Жабырқаған жанымның емін таба алмай қиналатынмын…
Баяғы Фред мені машинасымен іздеп келіп, сол қыздың үйіне алып кетті.
Асыл бізге турне кезінде түсірген жұмыстарын көрсетпекші
Менің соңғы күндері көңіл күйім жақсы болатын. Бір кезде менімен бірігіп, жанды дауыспен жаңғыртып ән салған Виккиді, Наталиді және Франческаны қайта кездестіргеніме қатты қуандым.Ол қыздардың бәрі қазір өз жолдарын тауып кетті. Франческа ғана жеке альбомын шығарсам деген ойы барын айтты. Мен ол болашақта орындайтын, теңдесі жоқ әндер жазып беретінімді ұялмай тағы да айттым.Тіпті, тізерлеп тұрып уәде бердім.
Асылдың пәтерінің кішкентайлығы соншалықты, біз бір-бірімізді жанап өтетін болдық. Қарсы есікте тұратын көршісі әкелген ,текилаға ұқсайтын қызыл түсті бір шарап ішіп отырдық. Көршісі — бойы ең болмаса екі метр болатын, езуінен күлкі кетпейтін аргентиналық жігіт екен.
Ойпырай,бұл жігіттің татуажын айтсаңшы, үсті-басына әлем-жәлем небір нәрселерді салып алыпты.
Мен орнымнан тұрдым да, ас үйге беттедім. Қыздың сонда екенін біліп отырмын.
— Маған көмекке келдің бе? — деді ол
Мен басымды шайқадым.
— Менің түсірген фотоларымды көресің ба?
Мен « жоқ» деп айтайын деп оқталып тұрдым да:
— Иә, әрине, көремін, — дедім.
Ол өз бөлмесінен суреттерді алып келуге шығып кетті. Қайта келгенінде, есікті кілттеді де столдың үстіндегінің бәрін қолымен жерге бір-ақ ысырып тастады. Ыдыстағы өсіп тұрған гүл тарс етіп құлады.
Әкелген барлық суреттерін подностың үстіне қойды да, өзі менің қарсы алдымдағы орындыққа жайғасып отырды.
Оның суреттерін бір-бірлеп көре бастағаннан-ақ мен өз қолымды таныдым . Менің қолымды бейнелейтін ақ пен қара фотосуреттер. Және қандай көп десеңші! Ондаған, тіпті жүздеген фото тек менің ғана қолыма арналған.
Гитараның ішегін ұстап тұрмын, микрофон ұстап тұрмын, енді бірде қолымды жаныма салып тұрмын, шулап қарсы алған топты қолыммен аялап тұрмын, сахнаның аржағындағы кулисада басқа біреудің қолын қысып тұрмын, сигарет ұстап тұрмын, екі қолыммен бетімді сипап тұрмын, автограф таратып тұрмын. Мен әнге берілгенде қалтырап тұрған қолым, мен тағы да әннің әсерімен біреуге жалына өтініш айтқан қолым, қолымның ұшымен сүйгенімді білдіріп, топқа лақтырып тұрған кезім.Тіпті, ең соңында біреуге жұдырығымды түйіп тұрған қолым.
Екі қолым үлкен әрі етсіз арық екен ғой, тамырларым көкпеңбек екен , жылғаның суындай болып көрініп тұр.
Асыл бөтелкенің аузымен ойнап отырған. Жан жағындағы шашылған қоқымды жинай бастады.
— Осымен болды ма? — деп сұрадым мен одан.
Ең бірінші рет оның көзіне тіке қарап, әдеттегіден көзқарасым ерекше, ұзақтау болып шықты.
— Ұнатпай қалдың ба, әлде, ойыңнан шықпадым ба?
— Білмеймін.
— Қолыңды түсіре берген себебім, сенің қолың ғана таза сақталған сияқты көрінді маған, — деді ол.
— Шын айтасың ба?
Ол «иә» дегенді басын изеп білдірді. Мен оның шашының иісін сезіп тұрдым.
— Ал, менің жүрегім ше?
Ол маған күлімсіреп бір қарады да, орнынан тұрды.
— Сен жүрегім таза сақталған ба жоқ па деп менен сұрайсың ба? — деді ол күдік араласқан жұмсақ үнмен.
Есіктің сыртындағылардың күлкісін, біздің есікті ақырын тықылдатқандарын естіп тұрмыз. Мен Луидың: «мороженоемызды алайық та!» деген гүжілдеген дауысын таныдым.
Мен:
— Есікті ашамыз ба, ашпаймыз ба, ойланып көрейік… — дедім.
Енді болмаса олар есікті тұтқасымен қосып жұлып алатындай көрінді қасындағы шошақай қыздарымен қосылып.
Асыл өзінің қолын менің қолымның үстіне қойып, менің қолымды ең алғаш рет көріп тұрғандай сүйсіне қарады.Сосын ол:
— Осы қалпында бір түсіріп алайын, — деді.
Француз тілінен аударған Арынова Мария