ҚАТЫСУШЫЛАР:
Қорқыт
Хазрет
Тұманхан
Уәзір
Тазша
Ақсақ қыз
Тәңірі
Алла-Тәңірі
Баршын бике
Сұлу, сосын Гүлайым
Боғра-тегін
Екі сүйекші
Жасақшылар, қызметшілер
Топ ішінен
ПРОЛОГ
Қорқыт (сахна ортасына барып,екі қолын аспанға жайып, дұға оқиды. Сосын қолын оң құлағына тосып, оң жақтан хабар күтеді, сол құлағына тосып, сол жақтан хабар күтеді. Ешнәрсе естілмегесін, басын аспанға көтеріп төңіректі шолады). Тәңірі, сенен хабар болмады ғой… Барсың ба? Тірісің бе?
Сілтідей тыныштықтан кейін жәйлап жаңбыр жауады.
Е, бар екенсің ғой, тірі екенсің ғой. Ғарабтың құдайы сені жұта алмаған екен. Онда мен де тірімін, мен де бармын! — деп орнынан ұшып тұрады. Сәлден соң тағы да құшағын аспанға жайып:
Тәңірі, сенің соңыңнан ергеніме отыз жыл болды. Бүкіл Мәуереннахр халқын қайтадан өзіңе қараттым. Осынша ғұмырымды саған арнағанда, жүзіңді көрмеппін. Маған деген пейілің ақ болса, көрінші маған! Көрейікші бір келбетіңді!
Көкті тұман басып, сілтідей тыныштық орнайды. Сосын төңірек бірте-бірте сәулеленіп, күнге шағылысып, «Алтын адамның» киімін киген Тәңірі көрінеді. Бетінде алтын маска.
Қорқыт (орнынан ұшып түрегеліп, Тәңіріге ұзақ қарайды). Ризамын саған, Тәңірі! Нұрлы дидарың мәңгі өшпесін, түрік Тәңірісі! Сен өшпесең, бізде тіріміз! Жолыңда сенің құрбан болайын, Тәңірі! – деп қолын аспанға жайып, мінәжәт етеді.
ЖАРЫҚ КӨМЕСКІЛЕНЕДІ.
БІРІНШІ КӨРІНІС
Өзен бойындағы жартас. Жартаста үш Будданың суреті салынған. Жар бойы тастан қашалған сұлбалар тұр. Сахнаның сол жағынан киімі алба-жұлба, қолында таяқ ұстаған тақырбас Тазша көрінеді.
ТАЗША. Үһ, қаталап өлдім-ау, мына өзеннен барып су ішейінші. (Бір жерден енкейіп су ішкен болады). Ау, қой іздеймін деп мен қай мекенге тап болдым? Жын-перінің мекені болып жүрмесін? Мына біреулер немене – тас құдайлар ма? Үлкендігі болмаса, біздің бал-бал тастарға ұқсайды екен. Ғажап, мұның бәрі біздің далада қайдан пайда болған? (Сәл ойланып айқайға басады). Ей, тас құдайлар, мен Тазшамын! Қой іздеп жүрмін! Менің қойымды тауып беріңдер! Ей, тас құдайлар! Бұлар менің қойымды қайтсын, міз бақпайды. Енді үйге қалай қайтам? Қойсыз барсам, мені иесі сабап өлтіреді, немесе қуып жібереді, сонда мен қайда барам? Ех, жетімнің күні құрысын. Әйтеуір, қайда барсаң да, Қорқыттың көрі. Қазір халық осындай мақал шығарды ғой. Ол Қорқыт деген кім екен өзі? Бақсы дейді, балгер дейді, шәйтан-шабра дейді, бірақ сол Қорқытты өз көзімен көрген бір адамды көрген емеспін. Сонда ол жын ба, пері ме, далада ұшқан қаңбақ па, кім өзі?
— Қорқыт – мен.
Тазша ту сыртынан естілген дауысқа жалт бұрылып, көн шалбарлы, жалаңаш денесіне былғары кеудеше киген, оң құлағында қайық сынды алтын сырғасы бар, ұзын айдарлы түсі суық кісіні көріп: «Тәңірі сақтай гөр! Сен қайдан шықтың» — деп баж ете қалады.
ҚОРҚЫТ. Мен осында тұрамын. Тәңірі сені сақтай алмайды. Ол ұйқыда. Анау-мынауға селт етпейді. Бірақ мен Тәңіріні оятатын бір құрал ойлап таптым. Ол міне! (Қолындағысын көрсетеді). Мұны қобыз деп атадым.
ТАЗША. Қобыз? Қобыз деген немене?
ҚОРҚЫТ. Оғызда «қобу» деген сөз бар, оның мағынасы: қабыну, зораю, кеңею, ісіну. Менің қобызымның дыбысы бір шықса, жоғалмай керсінше зорая береді. Енді Тәңіріні оятатын түрім бар.
ТАЗША. Тәңірі ұйықтаушы ма еді?
ҚОРҚЫТ. Тәңірінің екі мың жылда бір ұықтайтыны бар. Біз қазір соған тап болдық. Тәңірі тірі, бірақ ұйықыда. Алла оның ұйқысын пайдаланып, бізді өзіне қарапақшы. Олай бола қоймас. Мен Тәңіріні оятатамын.
ТАЗША. Сен оятам деп, өзің құрып кетпе. Қазір Яғникентте мешіт салынып жатыр. Барлық жерде Қорқытқа сенбеңдер деген жазуы бар тастар тұр. Азаншының азан шақырған үні мен қой баққан сахараға дейін естіледі, айтпақшы, мен не бөсіп тұрмын? Мен пақырда енді қой да жоқ, қожа да жоқ. Бәрін жоғалттым, қайдағы жоқ қиялдарға берілемін деп.
ҚОРҚЫТ. Ол қандай қиялдар?
ТАЗША. Айтатыны бар ма?! Басымдағы қотырым кетсе. Өзім сұлу жігітке айналып, қожамның қызына үйленсем… Болмаса, қожамның көршісі бар. Оның да қызы тамаша. Қыйсық аяғын маймаңдап басып шыға келгенде ауылдың қаз үйрегінен айнымайды. Ал семіздігін көрсең! Мен сияқты үш Тазша керек оны құшақтау үшін. Бұл екі сұлуды қимағаным сонша, екеуіне бірдей құда түсетін болып ұйықтап кетіппін. Тұрсам…қойым жоқ.
ҚОРҚЫТ. Сенің қойын менде.
ТАЗША. Ойбай, онда қайтар маған!
ҚОРҚЫТ. Жоқ, қайтармаймын. Мен сені мында әдейі алдырдым, маған шәкірт боласын. Ал қойынды екеуміз бөліп жейміз, күнде біреунің кәлләсін қайырып.
ТАЗША. Ойбай, мені қожайыным өлтіреді ғой!
ҚОРҚЫТ. Бұл мекенді ешкім білмейді.
ТАЗША. Ал мен қалай таптым?
ҚОРҚЫТ. Мен сені дұғалап келтірдім.
ТАЗША. Жарайды, Қорқыт, көрсеткені таяқ пен тепкі қожайынымды мен сағына қоймаспын, бірақ менің бір шартым бар: шашымды өсір.
ҚОРҚЫТ (Қорқыт Тазшаның басына қарап). Қам жеме, шашың өседі. Кел енді, екеуміз қобыз тартып Тәңіріні оятып көрейік.
ТАЗША. Оянбаса ше?
ҚОРҚЫТ. Онда мен оған өзім барам.
ТАЗША. Қалайша?
ҚОРҚЫТ. Ол үшін мен өлуім керек.
ТАЗША. Ау, өлгесін шаруа бітті емес пе?
ҚОРҚЫТ. Жоқ, біз, бақсылар тіріле береміз. Бірақ қасымызда бір адам болуға тиіс – ұясын ұмытпай тұрғанда жанды кеудеге қайтаратын. Сен маған сол үшін қажетсің. Егер қорықсаң, қойынды айда да кете бер. Мен қорқақты жаныма жуытпаймын.
ТАЗША. Ау, шаш өспей, мен қалай кетемін? Шыдаймын, не болса да.
Екеуі малдас құрып жерге отырады да, Қорқыт қобыз тартады. Бір кезде сырттан «Қорқыт, Қорқыт, қайдасың деген дауыс естіледі?»
Тазша селк ете қалып,
ТАЗША. Бұл кім? Тәңірі ме?
Қорқыт қобызын күрт тоқтатып.
ҚОРҚЫТ. Жоқ, бұл басқа біреу. Кім екенін өзім де білмей тұрмын. Мен қазір тығылып жоқ болайын. Ал сен әлгі дауыстың иесін бір нәрсе ғып қайтарып жібер.
Бір сұлбаның артындағы тесікке кіреді де, жоқ болады.
Сахнаның оң жағынан шойнандап ақсақ қыз шығады.
АҚСАҚ ҚЫЗ. Эй, Тазша, сен Қорқытты көрдің бе?
ТАЗША. Қайдағы Қорқыт? Мен қойымды іздеп жүрмін!
АҚСАҚ ҚЫЗ. Жаңа осы арадан ғажап бір саз естілді. Өмірі естілмеген нәрсе төбемнен өтіп, тұла бойымды тітіркендіріп жіберді. Сен соны естідің бе?
ТАЗША. Ол жел ғой жарға соққан! Анау жардың ішінде бір тесік бар. Содан шығады.
АҚСАҚ ҚЫЗ. Кәне.
ТАЗША. Әне, анау.
Бір кезде шынымен жел гуіліне ұқсаған музыка естіледі.
АҚСАҚ ҚЫЗ. Жоқ, менің естігенім бұл емес. Кәдімгі бір күңіренген нәрсе. Мен Қорқыттың әруақтарының дауысы ма деп ойладым.
ТАЗША. Қайдағы Қорқыт? Мен ғұмыр бойы осы жерде қойымды бағам. Қорқыт дегеніңді көрген емеспін. Ол өзі бар ма осы өңірде? Бір естігенімде жұрт ел кезіп кетті деді ғой, Тұманхан күн көрсетпегесін.
АҚСАҚ ҚЫЗ. Қорқытты іздегеніме он жыл болды. Бармаған тауым, баспаған жерім жоқ. Маған аян болды. Қорқытты тапсам емделем деген. Таппасам қалғаным осылай шойнаңдап.
ТАЗША. Басқа да бақсылар бар емес пе? Соларға емделе бермейсің бе?
АҚСАҚ ҚЫЗ. Мен бәріне көрініп көрдім. Қолдарынан түк келмейді. Олардыкі тек ақша түсіру. Байдың қызы едім, енді кедейге айналдым. Бірақ соқыр тиыным қалғанша Қорқытты іздеймін. Таппасам болмайды.
ТАЗША. Ол қазір қуғында жүр дейді ғой. Бірнәрсеге ұшырап қалмайсың ба?
АҚСАҚ ҚЫЗ. Ей, бейшара, сен Қорқыттың кім екенін білмейсің ғой. Қой, менің сенімен әңгіме соғатын уақытым жоқ. Кеттім.
ТАЗША. Енді қайда барасың?
АҚСАҚ ҚЫЗ. Янгикентке.
Сахнадан шығып кетеді.
ТАЗША. Қорқыт, тарт қобызыңды. Тәңіріні оятайық!
Қорқыт сұлбаның ішінде қобыз тартады.
Тәңірі, естисің бе бізді? Ақсақ қызға болысшы! Менің шашымды өсір. Оян, Тәңірі, оян!
ҚОРҚЫТ (сұлбадан шығып). Тоқта, Тазша! Тағы біреу келе жатқан сияқты.
Сахнаның сол жағындағы қамыстар арасынан Кәрі Жасақшы шығады.
КӘРІ ЖАСАҚШЫ. Қорқыт, мен саған келдім. Ертең Баршын қыздың обасы жанында дін сайысы болады. Хан сені шақыртып атыр. Бірақ…. Сен… барма!
ҚОРҚЫТ. Неге?
КӘРІ ЖАСАҚШЫ. Олар сені өлтіреді…
ҚОРҚЫТ. Қорқыт басыммен дін сайысына бармасам, ол да өлім емес пе?
КӘРІ ЖАСАҚШЫ. Өзің біл.
ҚОРҚЫТ. Боғра тегіннен не хабар бар?
КӘРІ ЖАСАҚШЫ. Хабар жоқ. Сол күшіктің қолынан не келеді дейсің?
ҚОРҚЫТ. Жоқ, олай деп айтпа, мен кеше жұлдыз қарадым. Боғра тегіннің жұлдызы жоғары. Жақында одан бір хабар болады. Жақсы хабар. Ханға жеткіз: мен барамын. Қасымда мына Тазша бала болады. Маған не қылса да өзі біледі, бірақ Тазшаға тиіспесін.
КӘРІ ЖАСАҚШЫ. Хош, Қорқыт.
Қорқытпен төс түйістіріп, кетіп қалады.
ЖАРЫҚ КӨМЕСКІЛЕНЕДІ
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Сахнаның сол жағында Баршын қыз обасын айнала қоршап бірнеше балбал тас тұр. Оң жақта минареті көтерілсе де есік пен терезе орны аңқиған, әлі салынып болмаған мешіт. Сахна түпкірінде биік және кең, ақ пен қара шашақты хан шатыры тігілген. Шатырға тақ көтерген екі қызметші кіріп келіп, қолындағысын қалы кілем төселген дөңбекке қояды. Хан тақыты өте шебер жасалған: екі жағын екі айбат шеккен барыс ұстағандай, арқа сүйер жерінің ұшар басы байсалды иілген бөрі басына ұласып, киелі аңның суық жанары өңменіңді тескендей.
Екі қызметші тақты дөңбекке орнықтырып, біраз қарап тұрады, сосын иіліп тағзым етеді. Осы кезде арабша киінген Уәзір кіріп келеді.
УӘЗІР. Кәпірлер! Неғып тұрсыңдар, сеңдегі балықтай мәңгіріп? (Көзі таққа түсіп). Мына тақты неге әкелдіңдер? Мен басқасын әкел дедім ғой!
КӘРІ ҚЫЗМЕТШІ. Мәртебелі уәзір, бұл хан иеміздің сүйікті орындығы. Әкесінен қалған. Біз хан каһарынан қорықтық.
Жаңа тақ көтерген қызметшілер кіріп келеді.
УӘЗІР (айқайға басып). Алып кетіңдер ана құбыжықтарыңды! Тезірек қимылдаңдар, қазір хан иеміз бен Хазрет келеді.
Кәрі қызметшілер ескі тақты зорға көтеріп, дірдектеп кетіп бара жатады. Қызметшілер жаңа тақты дөңбекке орнатады. Тақ екі орынды екен. Ортасындағы биігі ханға, одан төмендеуі Хазретке арналғандай.
Міне мыналарың дұрыс. Енді жаршыларға хабарлаңдар, жұртты жинасын (Бір кезде көзі Баршын қыз обасы жанындағы балбалға түсіп кетеді). Кәпірлер-ау! Мыналарың не? Қасиетті мешіттің алдында пұт құдай орнатқан несі?
КӘРІ ҚЫЗМЕТШІ (күрт бұрылып). Бұларды қозғауға болмайды. Бұлар әруақтар!
УӘЗІР (түсін суытып). Әруаққа сенсең, неге мешіт саласың?
КӘРІ ҚЫЗМЕТШІ. Мешітті, әруақтар қарсы болмағасын, салдық. Енді сенің құдайың да бір кеңдік көрсетсін. Тиіспесін әруаққа.
УӘЗІР. Бір жүректе екі дін болмауы керек. Аллаға сенген екенсің, бар да, құлат пұт құдайыңды.
КӘРІ ҚЫЗМЕТШІ. Дұрыс айттың, уәзір, бір жүректе екі дін болмайды. Менің сенімім мынау! (балбалдарды нұсқап). Осыған тиісіп көрші, жаныңды көкке ұшырайын.
УӘЗІР. Ендеше бар әруағыңа, кәрі кәззап! (Қылышын жұмсайын дегенде, Кәрі қызметші де қылышын суырып, екеуі қылыштасып кетеді. Жас қызметші де қылышын қыннан суырып, тұра жүгіреді. Осы кезде сахнаға Хан мен Хазрет кіріп келеді).
ТҰМАНХАН. Бұл неғылған сұмдық? Тоқтатыңдар, кәні!
КӘРІ ҚЫЗМЕТШІ (Хан алдында басын иіп). Дат, тақсыр! Тәңірі куә, мен шыдадым. Бірақ мына тажал әруақтарға тиісті. Олар мешіттің алдында тұрмасын, жұлып таста деді. Сосын… мен… шыдай алмадым.
ТҰМАНХАН. Шыдауың керек еді. Сен түгіл мен де бәріне шыдап жүрмін ғой, жанымды шүберекке түйіп. Уәзір, сенікі де дұрыс емес. Хазрет, сенің де есіңде болсын. Егер Алланың әмірі Мәуреннахрда жүрсін десең, әруаққа тиіспеңдер. Қайта бірдеңе ғып тіл табысуға тырысыңдар. Өзге жағдайда Алланың әмірі жүрмей қалуы мүмкін.
ХАЗРЕТ. Алла бір, пұт құдайларды жою керек.
ТҰМАНХАН. Онсыз да Алланың атымен бәрін жойып болдық: құтханаларды да, тастан қашалған әруақтарды да, тіпті, оғыздың жыры мен аңызына дейін жойдық. Сен алдымен мына мешітіңді тұрғызып алмайсың ба? Жою жағын сосын көре жатармыз.
ЖАРЫҚ КӨМЕСКІЛЕНЕДІ
Жарық жанғанда шатыр ішінде тақта отырған Хан мен Хазрет көрінеді. Жан жақтан халық жиналады. Тақтың екі жанында тұрған Жаршылар:
— Тынышталыңдар! Тынышталыңдар! Шыбынның ызыңы естілмейтін болсын. Оғыз қағанатының жайсаңы мен бектері! Қара бодан қаралар! Біздің патшамыз хан Тұман, діни ныспысы Яхья ибн Абаллах Абдурахман ақыраптың он бесінші жұлдызында, яғни бүгін, дін сайысын жариялайды. Өздеріңе белгілі, Халифаның Мәуреннахрдағы оң қолы деп аталған Ғинаятдин Әбілрахым Хамдани деген Хазрет біздің патшамыздың шақыруымен елімізге келіп отыр. Бұл кісі Бағдаттан Хорасанға дейінгі аласапыран жұртты исламға кіргізген, ақ дегені ақ, қара дегені қара дін қайраткері, мұсылманның уәжі. Мыңдаған пікірталаста қарсыластарының бәрін тас-талқан қылып, енді бізге келді. Оғыздарды дінге кіргізбей, ешқайда кетпеймін дейді. Керек болса осында қалып, Алланың құдыреттілігіне көзін ашамын дейді. Осы мақсатта біздің ұлы падишамыз хан Тұман дін айтысын ашып отыр. Егер жүректерің дауалап Хазретпен сайысқа түсем десеңдер, ортаға шығыңдар. Егер ондайларың жоқ болса, Хазрет құтпасын оқып, сосын намазға кірісейік!
ТОП ІШІНЕН:
— Масқара! Мынауың местей болып туу Бағдаттан қалай жетті екен?!
— Иә, не азап десеңші!
— Ей, сендер мұның түріне қарамаңдар, барып айтысыңдар онымен!
— Ойбай-ау, ол Хорасанға дейінгі бүкіл сөзуарлардың быт-шытын шығарса, мен қалай барайын. Одан да Қорқытты шақырайық, Қорқыт барсын!
— Хан ием, Қорқытқа хабарланды ма?
УӘЗІР. Хабарланды
Топты жарып қара киінген Қорқыт шығады, қолында — қобызы, қасында — шашы өсіп қалған әдемі киінген Тазша.
ТОП ІШІНЕН:
— Қорқыт!
— Қорқыт!
— Қорқыт!
— Анау қасындағысы кім?
— Қайдам, күтүшісі шығар…
ҚОРҚЫТ. (Туманханның алдына барып, басын иеді) Сәлем парыз, хан ием, амансың ба?
ТҰМАНХАН. Аманмын, бірақ қарындасым жоқ.
ҚОРҚЫТ. Әкең де қайтты. Біз ол кезде Иранда жүрдік. Сүйегін туған жерге көмейін деп, ұзақ жылдары арқалап жүрдім. Бұл жерге келгесін жерлеуге қимай, сулба жасап қойдым. Көрем десең, жүр, көрсетейін.
ТҰМАНХАН. Інімді неге жолдан тайдырдың? Ол менің інім еді ғой.
ҚОРҚЫТ. Әкесін өлтірген жауызда іні болмайды.
ТҰМАНХАН. Сырт көзге бейбітшілікті армандап, іс жүзінде соғыс қыздырып жүрген — сен. Осы жауыздығынды қашан қоясын? Дінге кіріп адам болмайсың ба?
ҚОРҚЫТ. Саған кім айтты мені дінсіз деп? Менің дінім – Тәңірі. Сол үшін сен мені дін сайысына шақырып тұрған жоқсын ба?
ТҰМАНХАН. Ендеше шық ортаға. Айтыс мәртебелі Хазретпен. (Қасындағы кісіге бұрылып). Хазрет бұл — Қорқыт, біздің бас тәңірші.
ХАЗРЕТ (Қорқытқа сынай қарап). Сіз туралы көп естідім. Аллахқа кірмегеніз өкінішті.
ҚОРҚЫТ. Мен басқаша айтар едім. Сіздің Тәңіріге кірмегеніңіз өкінішті.
ТҰМАНХАН. Байқаймын, айтыс басталып кетті. Ал онда ортаға шығыңыздар. Кім мықты жауап берсе, соның құрметіне даңғыра ұрылады. Жеңген кісі, Янгикентке көшіп, менің бас уәзірім болады.
Екеуі ортаға шығып, дүнгіршектің екі жағына тұрады.
ҚОРҚЫТ. Хазрет, сіз қонақсыз. Бірінші сөз сізден болсын.
ХАЗРЕТ. Мен қонақ емеспін. Оғыздың арасына оғыз боп сіңу үшін келдім.
Бірақ, маған сөз берсең бастайық! Сенің Алла туралы естуің бар ма?
ҚОРҚЫТ. Алладан өзге құдай жоқ және Мұхаммед оның пайғамбары… дұрыс па?
ХАЗРЕТ. Дұрыс.
ҚОРҚЫТ. Меніңше, осы екі ауыз сөзде қайшылық көп.
ХАЗРЕТ. Қалайша?
ҚОРҚЫТ. Егер Алладан өзге құдай жоқ болса, оған Мұхаммедтің керегі не? Пайғамбарлары Аллаға өз атын қосақтап, оны шектеп отырған жоқ па? Меніңше, бұл Алланың құлына жараспайтын қылық.
Қорқытқа ұпай беріп, марапаттаған даңғыра үні естіледі.
ХАЗРЕТ. Бізге Алла Мұхаммед арқылы келген.
ҚОРҚЫТ. Ендіше, ол құдай емес, арабтың бір пендесі ойлап тапқан сандырақ. Ал біздің Тәңірі – мәңгі және оны ешбір пағамбармен шектемейді.
— Даңғыра.
ХАЗРЕТ. Сендерде жазу жоқ, көктен түскен Құран жоқ. Кітабы жоқ халық – хайуан.
ҚОРҚЫТ. Бізде кітапті «бітіг» дейді, бұл «біту, пайда болу, жаралу» деген түбірден шыққан сөз. Демек, біздің кітабымыз – бүкіл дүние. Сондықтан, біз әріптерімізді тасқа қашап жазамыз. Кітапсіз халық — хайуан дейсің, хайуан бізде кие саналады. Әрбір кісінің өз киесі бар. Соңдықтан, адаммен хайуан — бір. Біздің жыл санауымыз мүшелге бөлінеді. Әрбір мүшел аңның атымен аталады. Дін – араб сөзі. Бізде оны жол дейді, жөн-жоралғы. Сенің дінің адамнан да, хайуаннан да биік екен, сонда ол кімге керек?
ХАЗРЕТ. Сенікі — кәпірдің сөзі. Алла ешқашанда тіршіліктің ішінде болмайды. Терсінше, тіршілік Алланың ішінде.
ТАЗША. Онда сенің Аллаң — жүкті қатын болды ғой! Ал тіршілік соның ішіндеғі — шұбар жылан. Бірақ екеуін тұтас қараған жөн емес пе? Сен Алланы тым биік қоясың. Ешкімді оған жуытқың келмейді, сонда біз қалай сенің Аллаңа сенеміз?
ХАЗРЕТ. Себебі Алла – жаратушы. Ол көзін бір сәтке жұмса, дүние ойран болады. Біздің тірі боп, ішіп-жеп жүргеніміздің бәрі – Алланың арқасында.
ҚОРҚЫТ. Жоқ, олай емес. Дүние ежелден бар нәрсе. Бірақ оның бар болмысымен жоқ болмысы аралас. Тәңірі дүниені жоқтан шығарушы, дем беруші. Бірақ ол дүниені жаратпайды, құт береді. Әрбір құты жоқ нәрсе, өзі де жоқ.
ХАЗРЕТ. Онда сенің Тәңірін құдай емес.
ҚОРҚЫТ. Иә, менің Тәңірім – мүмкіндік. Мүмкіндік жоқ жерде ештеңе болмайды. Ал сендердің тағдырың пендеге еш мүмкіндік қалдырмайды. Маңдайына жазылды ма? Бітті. Өле өлгенше сол жазудан таймайсың. Біздің Тәңірі керсінше, қорықпа дейді. Қорықпасаң, бәріне жетесің.
ХАЗРЕТ. Ендеше, сенің Тәңірін қайда? Аллаға неге қарсы тұрмайды?
ҚОРҚЫТ. Біздің Тәңірі қазір ұйқыда. Оның әр мыңжылдық сайын ұйықтайтыны бар. Мен алдында түсінбедім. Бұл Тәңірі қайда кетті? Неге бізді демемейді? Әлде, өзге құдайлардан кем болғаны ма? Сосын, керуен-керуенмен кітап алдырып, тіл үйреніп, ойлана бастадым. Сөйтсем, бір Қытай кітабында жазылған екен: Даоның неше түрі болады. Тірлік етуші дао, ұйқыдағы дао. Сөйтіп, Тәңірім ұйқыда екенін түсіндім. Сосын, бізге жат құдайлардың сырына үңіліп көрейін деп, үнділерден бастадым. Сөйтсем, олардың көп түсінігі біздікіне ұқсайды екен. Бірақ, тым қиындатып алыпты. Адам жанының әр түрлі бейнеде туатыны — өтірік. Сендердің тағдырың олардың кармасынан алынған. Маған ең түсініксіз болғаны Шакьямунидің ілімі. Өмір – азап, азаптың бәрі құмарлықтан, соңдықтан еш нәрсеге құмарланба, еш нәрсе тілеме дейді. Тілексіз адам бола ма? Тілекті тежеме, өсір, сәулелендір. Солай емес пе? Одан гөрі, Зәрдүшт пен Манидың ойлары миға қонымды екен. Біз зұлымдықпен жақсылық араласқан дүниеде өмір сүреміз. Мақсат: оларды ажырату, жақсылық жағын көбейтіп, зұлымдықты жою. Менің біраз жыл Манилықтарды қолдағаным содан. Сөйтсем, олар о дүниені бұ дүниеден жақсы көріп, өзін өздері өлтіруге дейін барады екен. Мен мұндай қараңғылықты қостай алмадым. Христос дінінде қайшылық мүлде көп екен. Иса деген басы айналған бір бейшараны құдай-адам депті. Құдайдан адам туушы ма еді? Адам анасынан туылмай ма? Кермеде өліп, аспанға ұшты дегені де бекер. Кермеге керілсе, ол қалай ұшып кетеді? Сосын, сендердің мұсылман кітаптарын оқуға кірістім. Сөйтсем, Мұхаммед пағамбардың діні қырық құраудан құралған құрама көрпеше секілді екен. О дүние мен бұ дүние түсінігі Зәрдүштен алынған, бір Алла ұғымы — жебрейден, тағдыр туралы ілімі – үнділерден. Енді қазір онымен қоймай, біз туралы кітап жазуға кірісіпсіңдер. Бір шежіре оқысам, бізді, оғызды Нұх пайғамбардың баласы Иафеттен таратады екенсіңдер. Ау, сендер араб, біз түрік емеспіз бе? Сонда, біз сенің ата-бабаңнан қалай тараймыз? Адам ата мен Хауа анаңда – араб немесе жебрей, бізде ондай аңыз жоқ. Біздің анамыз — киелі қасқыр, атамыз — елі қырылып біткенде, айдалада қалған мортық бала. Ал шынына келгенде, біз төрт құбыланы бір өзіне қаратқан Оғыз қағаннан тараймыз.
ХАЗРЕТ. Егер сіздерді, жабайы оғыздарды, Алланың халқына жақындатсақ, несі айып?
ҚОРҚЫТ. Біз сол Аллаңа жақын болмай-ақ қояйық, бізге Тәңіріміз де жетеді. Ол әлі ойнатады бастарына әңгір таяқты, себебі мен оны оятатын құрал таптым.
ХАЗРЕТ. Ол немене?
ҚОРҚЫТ. Бұл қобыз деп аталады, ойнап көрейін бе?
ХАЗРЕТ. Жоқ, құрысын, құрт бәленді!
Даңғырдың дыбысы естіледі. Топ ішінен
— Қорқыт жеңді!
— Қорқыт жасасын!
ТҰМАНХАН. Қорқытқа бас уәзірдің шапанын жабыңдар.
ҚОРҚЫТ (шапанымен жүгіріп келген қызыметшілерді тоқтатып) Тоқтай тұрыңдар! Тұманхан, маған бас уәзір бол десең, саған бір тілегім бар.
ТҰМАНХАН. Құлағым сенде.
ҚОРҚЫТ. Мына сәлдесі өзінен әйдік Хазретің Бағдатына кетсін. Сол кезде сен менің жон арқамнан таспа тілсең де, мен сенің қасында боламын.
ТҰМАНХАН. Хазрет кетпейді.
ҚОРҚЫТ. Онда мен кетем.
ТҰМАНХАН. Кетсең, өзің білесің. Менің де шыдамымның шегі бар. Хазретпен тіл табыспасаң, түбі жақсы болмайды. Ойлан, Қорқыт!
ҚОРҚЫТ. Ойланатын түгі жоқ, кеттік, Тазша, енді хан ордасын желкемнің шұңқыры көрсін.
ЖАРЫҚ КӨМЕСКІЛЕНЕДІ
ҮШІНШІ КӨРІНІС
Айдалада екі сүйекші көр қазып жатыр. Сахнаның бір шетінен Жолаушы шығады.
ЖОЛАУШЫ. Бұл көрді кімге қазып жатсыңдар?
БІРІНШІ СҮЙЕКШІ. Қорқытқа.
ЖОЛАУШЫ. Тірі десең тірі емес, өлі десең өлі емес, сол күткен Қорқыттарың мен боламын. Көміңдер мені көрге тұрғызып, тек білегім шығып тұрсын оң қолымның.
ЕКІНШІ СҮЙЕКШІ. Ау, көке өліп қалмайсың ба?
ҚОРҚЫТ. Жоқ, мен өле қоймаспын. Маған бір қонақ келеді екен. Оларды күтіп алып, осында әкеліңдер. Сосын келіп мені аршып алыңдар. Оған дейін тірі тұруға мен серт берейін.
БІРІНШІ СҮЙЕКШІ. Айналайын, Қорқыт, өзің екенсін ғой. Кеше бізді бір әйел жалдап, сосын қазып атыр едік қой, келген кісі ақшасын төлейді дегесін.
ҚОРҚЫТ. Теңгелерің міне (бір қалта тастап). Жете ме?
ЕКІНШІ СҮЙЕКШІ. Өз-өзін көрге көмгізіп, өзі оған пұл төлейтін байбатшаны бірінші рет көруім. Әйтеуір, өліп қалсаң, біз жауап бермейтін болайық.
ҚОРҚЫТ. Анау қалтаның ішінде хат бар, сонда бәрі жазылған. Ол хатты менің қонағыма беріңдер.
ЕКІНШІ СҮЙЕКШІ (қалтаға қолын сұғып). Иә, хат бар екен. Айтқан адамыңа береміз. Ол кім еді?
ҚОРҚЫТ. Көресіңдер қазір. Ал әзірше мені көме беріңдер (шешініп, көрге секіріп түседі де, көрден білегін шығарады).
БІРІНШІ СҮЙЕКШІ. Тәңірім, бізді кешіре гөр!
ЕКІНШІ СҮЙЕКШІ. Пенденің басы Алланың добы емес пе? Алла өзің сақта.
Екеуі көме бастайды.
ЖАРЫҚ КӨМЕСКІЛЕНЕДІ
ТӨРТІНШІ КӨРІНІС
Айдалада Хазрет пен Хан жүріп келе жатады.
ХАЗРЕТ. Жүргенімізге алты ай болды, мына Қорқыттарыңның ұстататын түрі жоқ. Өткен айтыстан кейін зым зия болды ғой. Анда сен оған жаман ашуланып ең, тірі ме өзі?
ТҰМАНХАН. Қорқытқа кездеспесеск те, оның тамаша істеріне куә боп жүрген жоқпыз ба? Кеше, мысалы, қуарған егінге жаңбыр түсіріпті. Ақсақ, соқыр, мылқау, саңырау, дел-сал — бәрі құлан таза сауығып кетіп жатыр.
ХАЗРЕТ. Мен мында Қорқыттың кереметтігіне куә болу үшін емес, Алланың сөзін уағыздауға келген жоқпын ба? Ал сендер былайы көзге Алла дейсіңдер де, өздерің бір нәрсе болса, тек Қорқытты іздейсіңдер. Тақсыр, мені сескендірді демеңіз, бірақ Халифаның сіз туралы пікірі өзгеруі мүмкін.
Осы шақта олар көрді қазып бітіп, анау-мынауын жинап атқан Сүйекшілерді көреді.
ТҰМАНХАН. Ей , сендер кімсіңдер? Мұнда неғып жүрсіңдер? Немене, мола қазғансыңдар ма? Бұл кімнің көрі?
Сүйекшілер зып етіп тұрып, көрден шошайған білекті көлегейлеген болады.
БІРІНШІ СҮЙЕКШІ. Бұл Қорқыттың көрі. Ол өзін жерге көмгізіп, сіздерді күтіп жатыр.
ХАЗРЕТ. Ау, жерге көмілгені несі, өліп қалмай ма?
ЕКІНШІ СҮЙЕКШІ. Жоқ, көке, біз оны білегін шығарып көмгенбіз (екеуі екі жаққа ажырап, көрден шошайып тұрған білекті көрсетеді). Көрдіңіз бе, саусақтары әлі қимылдап тұр. Мына хат сізге болар.
ХАЗРЕТ (қағаздың орамын ашып). Астафир Алла! Мынауың арабша жазылған ғой. Ал оқиық. «Хан ием! Құрметті Хазрет! Сіздердің мені іздеп жүргендеріңді білемін. Біздің салтымызша, елімізге алты жасар қонақ келсе де, оны алпыс жасар қария қарсы алуға тиіс. Менің осы уаққа дейін төбе көрсетпегенім, Хазрет ел аралап, халқымды тереңірек таныса дедім. Сонда ол түсінер еді, біздің білім-біліктен құр алақан емес екенімізді. Біздің Көк Тәңірісінің кеңдігі арқасында Мұқыр, Зәрдүшт, Иса, төрт анық діндері тарап, бір бірімен сайысып, ақиқат іздеуде. Егер арабтың Алласы осыған қосылам десе, онда есік ашық. Ал егерде өзге діндердің бәрін таптап, өзім билік етемін десе, онда есік жабық (біраз ойға батып). Бұл қай сандырағы: есік ашық,есік жабық… кең далада есік болушы ма еді?
ТҰМАНХАН. Біздің есігіміз Қорқыт. Қорқытқа кілт тапсаңыз, халықты көндіру де оңайға түседі.
ХАЗРЕТ. Тұра тұр, хаттың жалғасы бар екен. «Мәртебелі Хазрет, бізде, оғыздарда ишарамен сөйлейді. Менің өз-өзімді жерге көмгенім ишара. Оның үш мағынасы бар. Осы жұмбақ шешілсе, біз әрі қарай сөйлесеміз. Өзге жағдайда мен сізге жоқпын. Менің атым араб харпімен ХОРХУД деп жазылады». Астафир Алла! Ныспысының арабша қалай жазылуына дейін біледі екен. Жалпы, жазу мәнері мінсіз екен. Қараңызшы, әріптерді маржандай тізгенін!
ТҰМАНХАН. Қорқыт — он екі ықылымдағы бүкіл халықтардың тілдерін біледі, жазуын да.
ХАЗРЕТ. Қорқыттарың бір Сүлеймен пайғамбар болды ғой онда.
ТҰМАНХАН. Ешкім білмейтін жерде өзі оқитын кітаптары бар. Біз Қорқыттың білімінен қорқамыз, сол үшін сыйлаймыз.
ХАЗРЕТ. Сіздікі қызық екен. Өзіңіз Халифаға жалбарынып исламды қабылдайсыз. Енді келіп… маған Қорқытты уағыздайсыз.
ТҰМАНХАН. Иә, менің халім мүшкіл. Екі оттың арасында қалып тұрмын. Сізде күшті, Қорқыт та күшті. Сіздің артыңызда Халифа тұр қылышы жарқылдап, Қорқыттың артында — халқым. Маған қателесуге болмайды. Егер қателессем, екі жақтан да жаншылайын деп тұрмын. Сол себепті…
Осы кезде «Тоқта!» дегендей көр астындағы Қорқыт сұқ саусағын шошайтады. Тұманхан тоқтағасын, білек сұқ саусағын бас бармаққа тигізіп, ерін бейнесін жасағандай болады.
ТҰМАНХАН. Қорқыт сізге сөйлеңіз деп тұр.
ХАЗРЕТ. Сөйлегенде не дейін…
ТҰМАНХАН. Әлгі хаттағы үш сауалына жауап бересіз. Қорқыт өз-өзін жерге көмгенде, нені меңзеп тұр? Осының үш жауабы бар дейді.
ХАЗРЕТ. Ау, ол мені қалай естиді жердің астынан?
ТҰМАНХАН. Қорқыттың кереметтігі сол, ол құлағы көрінбесе де, естиді, ерні жыбырламаса да, сөйлейді, көзі көрмесе де, көреді. Себебі, ол — көріпкел. Жеті қат жердің астынан да сырласа береді.
Білек бас бармағын көрсетеді.
ХАЗРЕТ (тізерлеп, қолын жайып, Аллаға жалбарынады). Құдыреті күшті Алла! Алла акпар! Алла акпар! Құдайым-ау, сенің хұзырыңдағы халықтардың санын көбейтем деп сандалған делқұлылау болсам да, адал құлың едім, масқара қылма мені мына жабайыларға, аян бер! (сәлден соң). Түсіндім сені, Раббым! Пейіліңе рақмает! Бірінші жауабым дайын, Қорқыт. Тыңда енді!
Білек саусақтарын доғалап, құлаққа тақағандай болады.
Сенің өз-өзіңді жерге көмгеніңнің бірінші себебі: «Егер бұл дүниеде Алланың әмірінен өзге ешнәрсе жоқ болса, онда мен өмірден кеттім» дегенің.
Білек бас бармағын көрсетеді.
ХАЗРЕТ (РАҚАТТАНА КҮЛІП). А, кәпір, бердім бе сазайыңды!
Білек екі саусағын шошайтып, екінші сауалға жауап күтеді.
Сен бір өзің жауапқа тоймайтын бәле екенсің! Ал тыңдай ғой онда!
Саусақ…
Сенің көрге кіріп екінші күңіренуіңнің екінші себебі: мен бұл жалғанда ешкімнен опа таппадым, туыстан да, жаттан да, туған жерге жасаған қызметімнің баяны болмады, қандастарым өз дінін күшейтудің орнына, жат құдайдың оңай олжасы болды, дос болып қол ұшын беретін бір пенде таппадым, болмаса көрдей мұңымнан арылып, жұрт қатарлы шаттанып жүретін едім. Дұрыс па жауабым?
Білек екі саусағы арасына бас бармағын тығып, ұятты белгі көрсетеді.
Мына тірі өліктің қорлығын-ай! Кәне, шығарыңдар өзін, нұр дидарын бір көрейік, дию емес, адам болғаны рас болса?
Сүйекшілер білектің айналасындағы жерді қаза бастайды
(Тұманханға). Не істейміз енді бұған?
ТҰМАНХАН. Өзіңіз біліңіз, ұлы ағзам.
ХАЗРЕТ. Асықпайық. Алдымен айтарын айтсын. Сосын көрерміз. Менің Қорқыт туралы ғажап бір жоспарым бар. Оны кейін айтармын.
Осы кезде кеудесіне дейін аршылған Қорқыт көрінеді. Көзі жұмулы, оң қолын көтерген бойы, демін жұтқандай, құм-құм айдары желмен есіліп тұра береді.
Астафир Алла! Мынауың өлі ме, тірі ме?
Бір кезде Қорқыттың оң көзі ашылады. Сондай суық екен.
Ойбай-ау мынаның көзі менің өңменімді тесті ғой (Хазрет бетін басып, отыра кетеді. Алақанын ашқанда Қорқыттың күлімдеген сол көзін көреді). Астафир Алла! Бір кеудесінде екі жаны бар бұл неғылған мақұлық?
Қорқыт балшық-балшық дамбалымен көрдің ернеуіне отырып, Хазретті қасына шақырады.
ҚОРҚЫТ. Кел мұнда! Отыр қасыма, сөлесейік.
ХАЗРЕТ. Не бар онда, шырағым? Есі дұрыс адам жар шетінде отырмас болар.
ҚОРҚЫТ. Көшпенділердің тіршілігі жел өтіндегі, жар ұшындағы тіршілік. Сондықтан біздің жолымыз түзу, қисық жолмен жүрсек құримыз. Сен жаңа бірінші жауабыңды дұрыс айттың. Шынымен де, сенің тіршілігің озып, менің тіршілігім керек болмай қалса, маған өмірдің керегі не? Бірақ екінші жауабың қате боп шықты. Мәселе тек менің ренішімде, менің жеке өмірімде емес, бүкіл адам баласының тағдырында.
ХАЗРЕТ. Тағдыр? Ол сен онымен ғұмыр бойы күрескен ұғым емес пе?
ҚОРҚЫТ. Сен мені дұрыстап тыңдап көр. Сендердің Құрандарың бойыңша, тағдыр деген тумай жатып кісі оғлының маңдайына жазылған пешене нәсіп. Бұл кісі еркіндігін толығымен шектейтін ұғым. Біріншіден, сендердің Аллаларың толғағынан бұрын пісіп жаратылып қойған нәрсені дүниеге келтірген болады. Демек, өзінің жаратушылық қасиетінен айырылады. Бірнәрсе Алладан бұрын пісіп, өліміне дейін болжалып, тууға дап-дайын боп тұрса, онда оған Алланың қажеті қанша. Ал сендер мұны керісінше, бәрін Алла болжап қойған, Алланың хүкімінен туындаған деп түсіндіресіңдер. Егер олай болса, әрбір тірі жанның тумауына да болар еді ғой. Қарап отырсаңдар мұнда үлкен қайшылық бар. Бізге, көшпенділерге, «тағдыр» ұғымының қажеті жоқ. Біз «жол» және «құт» деген ұғымдарды қолданамыз. «Жол» саған берілген кеңістік, «құт» сол жолды игерудегі сенің ішкі дайындығың, сырттан төнер қауіпті тани білер көрегендігің. Әрине, жол да, құт та, бәрі Тәңіріден, бірақ осы екі ұғымға сәйкес болу кісі оғлының еркіндігін шектемейді, қайта аша түседі. Менің екінші сауалыма жауап: Сенің Аллаң «тағдыр», «өлім» түсінігін қалыптастырған екен. Бірақ осы өлімнен құтылу бар ма, әлде кеткеніміз бе ғұмыр бойы жазмыштан озмыш жоқ деп?! — деген едім. Сен оны түсінбедің. Менің айтайын дегенім «тағдыр» ұғымы ол да бір көр, адам баласына еш қанат бітірмейтін ұғым. Сен оны түсінбедің. Демек, менімен сөйлесуге дайын емессің әлі.
ХАЗРЕТ. Жоқ, мен түсіндім. Бірақ мен сенің тағдырыңды, кешір, жолыңды ойладым. Маған қара да, өзіңе қара. Мен үлкен елдің ағзамымын. Ақ дегенім алғыс, қара дегенім қарғыс. Сен отырсың борбайыңнан кірің ағып. Себебі хан иең исламды қабылдап, бізге мойын бұрғасын, сен оған керек болмай қалдың. Халыққа да сенің қажетің шамалы. Болмаса сені ту ғып ұстап, соңыңнан ермей ме? Меніңше, сен қазір өзге емес, өз тағдырыңды ойлауың керек. Сен оқыған, тоқыған азамат екенсің. Жаңағы өз-өзіңді жерге көміп, жерден қолыңды шығаруың да тегін емес. Ол сенің Гаутама Шакья Мунидің ілімінен хабардар екніңді көрсетеді. Ол кәпір болса да, ғажап ғұлама кісі болған. Оның ойынша, жарық дүние зарға толы, зардың бәрі қалау молшылығынан. Бұдан құтылу жолы — ешнәрсені қаламау. Адами қалыптан рух қалпына көшу. Дұрысы, бұл өмірден ғайып болып, мүлде жоқ боп кету. Мұны олар нирвана дейді.
ҚОРҚЫТ. Рас айтасың, Хазрет. Бізде үнді кітабы көп. Оғыз тіліне аударғанбыз. Ұлы йогтармен де сұхбат құрғаным бар бір кездері. Себебі Қытайға бара жатып, олар алдымен бізге соғатын. Бірақ мен Шакья Мунимен келіспеймін. Адам баласы мейлінше қалай білуі керек. Және қалауы мейлінше мол болуға тиіс. Төрт анық ілімін де, сіздердің исламыңды да әлсіздердің нанымы дер едім. Өйткені, сіздерде қорқыныш көп, өмірден қашу көп. Керісінше, біздің Тәңірі ешнәрседен қорықпауға шақырады. Өзің қорыққанша өзгені қорқыт! — деп ұран салады. Бұл күштілердің діні. Бірақ күшке шексіз сену астамшылыққа әкеледі. Ислам осы астамшылықты, өркөкіректікті жеңгісі келеді.
ХАЗРЕТ. Осыны түсінеді екенсің, исламды неге қабылдамайсың?
ҚОРҚЫТ. Әлсіздердің діні тым күшейіп кетті. Бүйтіп ылғи әлсіздер күшейе берсе, азып кетпейміз бе бір күні? Сосын… мен арабша білсем де Аллахқа тілім келмейді. Менің таңдайым Тәңірге таң ұдайы. Тәңірі десем жаным кіреді. Содан Тәңірі де күшейе түсетін сияқты. Өйткені ол да біздің қолдауымызға құштар. Біз қолдаған сайын күшейе береді. Мен сияқты табанды кісілер көп болса, борбайымыз кір болса да, Аллаң қайда қашқанын білмей қалар әлі! Сен жаңа шалма мен шапаныңмен қанша мақтансаң да, борбайы балшық мына маған өз дініңді өткізе алмадың, Хазрет! Себебі сен мені жете бағаламай, менің бойлаған нәрсеме бойлай алмай тұрсың. Менің үшінші сауалыма жауап осыған байланысты еді. Хазрет, сен қазір тығырықта тұрсың. Еліме өзі дініңді кіргіземін деп келіп едің, оны ешкім қабылдамай тұр. Себебі ол бізге түсінікті болу үшін, сен оны біздің түсініктермен ұштастыруың керек. Сондықтан сол тығырықтан шыққың келсе, сен менің тереңіме бойламай, мына көрдей, ауа жұтқызбайтын тығырықтан шыға алмайсың. Оғызды сыйламай, оның іші бауырын елжіретпей, өзіңе тарта алмайсың. Сенің Аллаң әлемдік құдай болу үшін, ол жаңағы үндіні де, біздің оғызды да өзіне сіңіруі керек. Ал сен үнді түгіл оғыздың жалаңтөс бақсысы, мына мені сіңіре алмай тұрсың. Осыдан менің үшінші жауабым: құдырет шапансыз да құдырет, борбайынан кір ақса да құдырет,бірақ өкінішке орай, шапан мен шалма құдырет бола алмайды. Кісі оғлы бәрін жүрекпен түсінеді, жүрек таза болса өзің де таза болғаның. Аллаң да, Тәңірі де тек жүрекпен қабылданады. Шакья Мунидің төзбейтін азарын, сенің Аллаң жазмыш деп марапаттаған зындан қабырғалы азапты да оғыздың жүрегі көтере береді. Себебі оғыздың ғұмыр бейнесі жол. Ал жолда бәрі өткінші, жамандық та, жақсылық та, бақ та, азап та – бәрі. Тек таза ауа болса – болды, оғыз бәрін көтереді.
ХАЗРЕТ. Қорқытжан-ау, мен сені шынымен жете бағаламаған екенмін. Бірақ, сен өзің де өз бағаңды әлі жете білмейсің. Ойлап қарасам, сен жаңа ілім жасап отырсың, Алла мен Тәңіріні қосқан жаңа ілім. Осыны түсінесің бе?
ҚОРҚЫТ. Маған өз Тәңірім жетеді. Жаңа ілім керек болса, оны өзің жасарсың.
ХАЗРЕТ. Менің таңым бар. Осынша білім саған қайдан жұққан?
ҚОРҚЫТ. Біздің қарттарымыз жүз жылдап өмір сүреді. Себебі өмірді ұзарту құпиясын тапқан. Өлсе, біз оларды жерге көнбей, үстіне балшық шайыр құйып, қатырып тастаймыз. Мынау жар етегінде дізілген сұлбалар солардың сұлбалары.
ХАЗРЕТ. Сұлбаларының ұшы-қиыры жоқ екен.
ҚОРҚЫТ. Міне біздің кітабымыз осы. Атадан балаға, баладан далаға… Сөйтіп, бізге де жеткен, бізден кейінгіге де жетеді.
ХАЗРЕТ. Сен мені қайран қалдырдың, Қорқыт. Сенімен дос болғым келеді, кел екеуміз шарап ішейік.
ҚОРҚЫТ. Сенің дінің бойынша шарап ішуге болмайды.
ХАЗРЕТ (тостағанға шарап құйып, Қорқытқа ұсынады). Бұздым сен үшін рәсімді.
ҚОРҚЫТ (Құм-құм болып қасына барып, тостағанын алады). Ал ішейік онда! Бірақ сенің шарабыңда у бар сияқты.
ХАЗРЕТ. Оны қайдан білдің?
ҚОРҚЫТ. Мен көріпкелмін ғой.
ТҰМАНХАН (Ту сыртынан келіп). Хан иең үшін де ішпейсің бе?
ҚОРҚЫТ. Хан ие маған адал ма?
ТҰМАНХАН. Адал.
ҚОРҚЫТ. Онда менің қолымдағыны іш.
ТҰМАНХАН. Ол сенің несібең. Біреудің несібесіне жармаспас болар.
ҚОРҚЫТ. Онда өзімді бір Тәңіріге тапсырып, ішіп көрейін.
Бір тостаған шарапты жұтып жібереді де, жерге гүрс етіп құлайды.
ХАЗРЕТ (сүйекшілерге). Неғып тұрсыңдар сілейіп? Өзіне көр дайындаған екен, көміңдер көріне.
Сүйекшілер Қорқытты көрге лақтырып көме бастайды.
ХАЗРЕТ (жиналған жұртқа). Ал енді мынау кірборбай Қорқытты ұмытыңдар! Енді мен Хазрет емес Қорқыт болам. Құран уағыздаумен қатар, емшілік те жасаймын, бал ашамын, көрейін сосын Аллаға сенбегендерінді!
(Тұманханға): Ертеңнен бастап, Қорқыт дінге кірде деп жар салсын. Бірақ алдымен, Хазрет Бағдатқа қайтып кетті деген қауесет тарату қажет. Халық Қорқыт дінге кірді дегенді естісе, мешітке қойша жамырамай ма?
ТҰМАНХАН. Ылайым, солай болсын Хазрет, кешіріңіз, Қорқыт.
ХАЗРЕТ. Жоқ, мені Қорқыт ата деп атау керек. Себебі оғыз сақал сыйлаған халық емес пе? Сондықтан біз мұнда сақалшыл исламның нұсқасын қалыптастырамыз. Мұным қалай, хан ием?
ТҰМАНХАН. Тек әйтеуір кейін өтірігіміз ашылмаса?
ХАЗРЕТ. Ашылса да, түзетуге кеш болмай ма? Мен Қорқытқа айналамын, ал Қорқыт көрінде шіріп бітеді.
ТҰМАНХАН. Онда кеттік. Астанамызға аттанайық. Бірақ Хазрет есіңде болсын, осы ойың іске аспай, орға түсіп жүрсең, менен көмек сұрама!
ХАЗРЕТ (ханға сынай қарап). Сен өзің Қорқыттан өлердей қорқады екенсін. Қорықпа, орға түспейміз. Орда Қорқыт жатыр қан жұтып.
ТҰМАНХАН. Біздің сахарада ұзынқұлақ деген болады.
ХАЗРЕТ. Сен мына сұлбалардан сескеніп тұрсын ба?
ТҰМАНХАН. Жоқ, мына екеуінен…
Жасақшыларға көзін қысады. Сүйекшілер көрдің бетін енді тегістей бергенде, оларға бір бір жебе қадалады. Жасақшылар оқ атуы мұң екен, өздері де хан атқан садақ оғынан ұшып түседі. Тұманхан мен Хазрет оқтарды суырып алып, қарқ-қарқ күліп кетіп бара жатады.
ХАЗРЕТ. Хан ием, сіздің атыңызды неге Тұман деп қойған.
ТҰМАНХАН. Біздің елде балаға ол қан төкпей ныспы берілмейді. Ал мен жастайымнан нәзік едім. Қан төгуге қолым бармайтын. Сосын менің әкем, хан Көл Еркі, мұның атын атсыз деп атайық деген де, мұның қантөгістен қашуы қорқақтығынан емес, нәзіктігінен, ар жағынан кейде қылаң етіп өжеттігі көрінеді деп, заманы да болжап болмайтын көмескі екен деп, атымды Тұман деп қойған Қорқыт.
ХАЗРЕТ. Атыңды қалай дәл қойған, қу тілді неме?! Бірақ сенің тұманға жасырынған кірпі екніңді ол да танымаған өзі сонша көріпкел болса да.
Екеуі ахахалап күліп, сахна сыртында жоқ болады.
Сахнада төрт өлік. Жар бойы міз бақпаған сұлбалар. Бір кезде бері жақтағы шеткі сұлбаның қарны жағынан есік ашылып, ішінен Тазша бала шығады. Көзінен аққан жасын екі алақанымен сүртіп, көрге қарай жүгіреді.
ТАЗША. Тәңірім-ау, қайдасың?! Мұнда Көк пен Жерді тітірентетін қылмыс жасалды ғой? Неге көрмейсің? Хан елін сатса әркімге, дінін сатса бас сауғалап, жасымыз тірідей көрге көмілсе, жетім қалған біз пақыр жақсыны қайдан табамыз, бақсыны қайдан табамыз? Тірідей өлсе ұлдарың, әзизлеген Тәңірім-ау, өзің кімге керексің?
Боздаған күйі өлі сүйекшінің қолынан күрек суырып алып, көрді арши бастайды.
ЖАРЫҚ КӨМЕСКІЛЕНЕДІ
ЕКІНШІ БӨЛІМ
БІРІНШІ КӨРІНІС
Тазша аузынан ақ көбік аққан Қорқытты көрден шығарып алып, бір дөңбекке жатқызып, кеудесін балшықтан тазалап, жүрегін тыңдайды.
ТАЗША. Жүрегі соғып тұр, бірақ тым әлсіз. Не қылсам екен? Мен мұның өтінен уын сорып алайын, басқа амал жоқ. Қорқыт біреу… ал мен… Қорқыт өлсе, мен несіне өмір сүремін. Өзінің үйреткен өнері еді, өзіне жасап көрейін.
Қамыстан түтік жасап еңкейіп, өт тұсын тесіп, сора бастайды.
Тфә, не деген ащы! Ішің толған запыран екен ғой, Қорқыт! Тфә, осынша күйікті ішіңе сақтап, қалай өмір сүргенсін?!
Қорқыт ыңырсып көзін ашады
ТАЗША (қуанып кетіп). Көке, өзіңе келдің бе? Тұрасын ба? Кел, көмектесейін.
Қорқыттың басы сылқ етіп қайтадан жерге түседі,
Ммм… енді қайттім?.. Мұны ақырына дейін сормаса болмайтын болды ғой. Мені өтірікші дейді… арасында өтірік шыны аралас қалжыңдамасаң, өлеміз бе осылай іштегі у мен зардан?..
Тағы сорады.
Тфә, уы енді келді-ау деймін.
Тағы сорғанда аузы уға толып кеткендей болады.
Тфә, тфә!.. Хық! Кө… ке… Хо… хо… Хош!
Тұрып өңешін ұстаған күйі, шалқасынан түседі. Қорқыт ауыр тыныстаған күйі, ешнәрсе сезбей жата береді.
Сахнада бес өлік. Жар бойы тізілген сұлбалар. Аңқиған көр. Екі күрек. Дөңесте жатқан Қорқыт. Сахна бірте-бірте көмескілене береді. Бір кезде жан-жақтан қос қостап көкшіл оттар шығып, Қорқытты айналсоқтап жинала береді. Сәлден соң ту сырттарынан тағы бір қос көкшіл от көрініп, өзге оттар ғайып боп кетеді. Аспаннан ай жарығындай сәуле түскенде, тұмсығын Айға білеген қасқырдың қаншығы көрінеді. Ол Қорқытты олай сүйреп, былай сүйреп, оята алмайды. Сосын қасына отырып, Айға қарап ұлиды.
ҚОРҚЫТ (үшінші ұлығанда көзін ашып). Бұл сен бе, Бөрте?
БӨРТЕ. Иә, мен.
ҚОРҚЫТ. Сен мені жеуге келдің бе?
БӨРТЕ. Сенің есің ауысқан ба? Мен сені қорғауға келдім. Мен сенің киең емеспін бе?
ҚОРҚЫТ. Қайдағы кие? Мүмкін, сен Әзрейлі шығарсың?
БӨРТЕ. Әзрейлі деген немене?
ҚОРҚЫТ. Ол жаналғыш. Жаным алқымыма тіреліп тұр. Сосын сені Әзрейлі деп ойладым.
БӨРТЕ. Жоқ, мен сенің киеңмін. Мені саған Тәңірі жіберді. Көрдің бе, мен саған әнебір сәуледен түстім.
ҚОРҚЫТ. Тәңірі бар ма? Тірі ме?
БӨРТЕ. Тәңірі мәңгі емес пе? Мені саған жіберген Тәңірі. Келсем, сені қандастарым талайын деп жатыр екен.
ҚОРҚЫТ. Менің де қандастарым солай.
БӨРТЕ. Сен оларға қарама. Сен адам емес, бөрісің ғой. Ал бөрілер бірін бірі жемейді. Мен осыны айтып, оларды қуып жібердім. Сен ешнәрсеге алаң болма, Қорқыт, ұйықта. Саған демалу керек.
ҚОРҚЫТ. Ендеше мені неге ояттың?
БӨРТЕ. Мен сені өліп қалды ма дедім. Жүрегім қарсы айырылып кетті. Сосын… ұлыдым. Мен ылғи да өлімге қарсы тұру үшін ұлимын. Өзімнің тірі екенімді білдіру үшін ұлимын. Өлімді қорқыту үшін ұлимын.
ҚОРҚЫТ. Өлімді қорқытуға да болады екен-ау?
БӨРТЕ. Болады, жаным. Болмаса елің сені неге Қорқыт деп атады?
ҚОРҚЫТ. Елім мен арқылы қорғанған екен ғой?
БӨРТЕ. Әрине, балам! Кім бірінші қорқыта алса, дүниеге ие сол. Жүректе қорқынышы бар жан ешнәрсе тудыра алмайды, ал егер тудырса, бәрі де мортық болады.
ҚОРҚЫТ. Ендеше мен ұйықтайын. Тек сен ұлыма, Бөрте. Мен тыныш ұйықтайын.
Қылжиып, ұйықтап кетеді. Қасқыр ана маңдайынан иіскеп, сахна шетінде жоғалады. Сахна көмескіленіп, бәрі жоқ боп кетеді.
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Әлі салынып болмаған, минареті ғана шошайған мешіт алды толған адам.
ТҰМАНҒАН. Жайсаңдар мен қаралар! Сендер бүгін жақсы жиналдыңдар. Бүгін ұлы күн. Ұлыстың ұлы тойы! Бүгін біздің маңдайалды азаматымыз Қорқыт исламға кіреді. Өкінішке орай мәртебелі Хазретті жақында Бағдатқа шақырып, дінге кіргізу салтын өзім жасайтын болдым.
ТОП ІШІНЕН.
— Қорқыт қалай исламға кіреді?
— Ол бас тәңіріші емес пе?
— Қорқыттың өзге дінге кіруі мүмкін емес.
ТҰМАНХАН. Жә, доғарыңдар. Сендер қазір Қорқытты өз көзіңмен көресіңдер. Ол өзі келіп, бәрін түсіндіреді (жасақшыларға). Қорқытты шақырыңдар.
Сахнаға айдарлы, сақалсыз, қара шапанды, мес қарын ХАЗРЕТ-ҚОРҚЫТ шығады.
ТОП ІШІНЕН.
— Ау, мына Қорқыттың қарны шығып кеткен бе?
— Бойы да қысқарған ба, қалай?
— Қақпақтай жауырыны қайда кеткен?
ХАЗРЕТ-ҚОРҚЫТ. Уа, халайық, армысың?
ТОП ІШІНЕН. Бармысың, Қорқыт, бармысың?
ХАЗРЕТ-ҚОРҚЫТ. Бармын, жандарым, бармын!
ТОП ІШІНЕН.
— Даусы өзгермепті.
— Қалған жеріне не болған.
— Ол бақсы емес пе? Өзгерткен шығар өзін еліне жөнелген Хазретке ұқсаймын деп.
— Ай, шынымен өзі Хазреттен аумайды, сақалы жоқ демесең.
— Ау, Қорқыт, саған не болған? Бойың төмендеп, иығың кішірейіп, қарның шығып кетіпті ғой.
— Бірақ даусың баяғы.
ХАЗРЕТ-ҚОРҚЫТ. Дауысым баяғы болса сол, бақсыда дауыс өзгермейді, қалған жері өзгере береді.
ТҰМАНХАН. Доғарыңдар енді әңгімені! Мен қазір Қорқытты дінге кіргіземін. (Қорқытқа). Алланың бар екенін, бір екенін мойындайсың бе?
ХАЗРЕТ-ҚОРҚЫТ. Мойындаймын.
ТҰМАНХАН. Алладан басқа Алла жоқ екенін және Мұхаммед оның елшісі екенін мойындайсың ба?
ХАЗРЕТ-ҚОРҚЫТ. Мойындаймын.
ТҰМАНХАН. Ахиретке сенесің бе?
ХАЗРЕТ-ҚОРҚЫТ. Сенемін.
ТҰМАНХАН. Кәпірлермен соғысқа дайынсын ба?
ХАЗРЕТ-ҚОРҚЫТ. Дайынмын.
ТҰМАНХАН. Соңғы сот болғанда адал жауап бере аласың ба?
ХАЗРЕТ-ҚОРҚЫТ. Беремін.
ТҰМАНХАН (халыққа қарап). Мұсылман қауымы, Қорқытты Аллаға жан-тәнімен берілген муслим қатарына қабылдаймыз ба?
Халық үн-түнсіз тынып қалады.
ТОП ІШІНЕН. Қорқыт, сен сонда Тәңіріден бас тартқаның ба? Біз бұл қарекетіңді қалай түсіндік?
ХАЗРЕТ-ҚОРҚЫТ. Бір жүректе екі дін болмайды. Тәңірі жоқ. Алла бар. Мен Алланың құлымын.
ТОП ІШІНЕН. Сен Қорқыт емессің, Қорқыттың бұлай сөлеуі мүмкін емес.
ХАЗРЕТ-ҚОРҚЫТ. Ей, пенде! Сен Алланың жазуын қайдан түсінейін деп едің? Ғұмыр бойы Тәңіріме сенгенім рас, бірақ ол бізді қатерден құтқармады, арабтарға жығып берді. Қолында тұрған құт, бақ, ырысынан айырылып қалды. Сосын мен көп ойландым: мұның сыры неде? Сөйтсем, арабтар жан мен тәнді бөледі екен. Біз бөлмейді екенбіз. Себебі, оғыздың түсінігінше, жан мен тәннің бөлінуі — өлім. Сөйтсем, өлімнен кейін де өмір бар екен. Біз бұл жағын ойламаппыз, «Тәңірдің: қорықпа!» дегеніне еріп, дүниені кесіп өтіппіз, майды қақ бөлген қылыштай. Ақыры ешкім қалмағасын, біз бірімізбен қырылыса бастаппыз. Иә, біздің жүрек туралы түсінігіміз қызық. Біз жүректің бар қасиетінен тек өжеттікті ұнатамыз. Бірақ рахымшылық, мейірбандылық, адамгершілік пен жанашырлық, ол да жүректің қасиеті емес пе? Міне, арабтың Алласы маған өзім бұрын білмеген жүректің осындай құпияларын ашып берді. Сөйтсем, бүкіл адамзатты біріктіретін бір-ақ нәрсе бар екен, ол жүрек. Әр ұлттың өкілі әр тілде сөйлейді, бірақ жүрек тілі бір. Ол Алланың тілі, Алланың сөзі. Тәңірі ғаламды адамнан биік қояды. Адам ғалам ішінде. Ал Алланың сөзі бойынша, ғалам адамның ішінде, көкірегі таза кісінің жүрек түкпірінде. Тәңіріге ерсек, бір бірімізді қырып бітеміз, Аллаға ерсек, бір біріміздің тілеуімізді тілейміз. Өзімізге зиян болса да әділдік жағында боламыз, өзімізге пайдалы болса да, біреуге зиян жасаудан жиіркенеміз. Осыны ойлап, өзімді бір Аллаға тапсырдым да, исламға кірдім.
ТОП ІШІНЕН.
— Ендеше мен де!
— Мен де!
— Мен де!
ХАЗРЕТ-ҚОРҚЫТ. Ал онда дінге кіргендерің қолдарыңды жайыңдар. Мен бата берейін.
Халық қолын жаяды.
Құдыреті күшті, рахымы мол Алла Тағаланың атымен! Оғыздың жайсаңдары мен бектері, даралары мен қаралары! Маған ашылған аян сендерге де ашылсын. Аллаға кірген екенсің, енді шықпайтын болыңдар! Алланың нұры жаусын сендерге, исламның Мәуереннахрдегі алғашқы қарлығаштары. Әумин.
Қолдарын тақап, бетін сипайды. Халық та бір адамдай «Әумин!» деп бетін сипайды.
Осы кезде мешітке Ақсақ қыз бен бір асқан сұлу қыз кіріп келеді.
АҚСАҚ ҚЫЗ. Қорқыт осында ма, мен Қорқытқа келдім! Мені Қорқытқа жіберіңдер!
ТОП ІШІНЕН. Осында, осында! Анау тұр Қорқыт, бара ғой!
Ақсақ қыз қасындағы сұлумен шойнаңдап ХАЗРЕТ-ҚОРҚЫТТЫҢ алдына барады.
АҚСАҚ ҚЫЗ. Қорқыт-ау, мен саған ғұмыр бойы ақсаңдап жете алмай келемін. Жеттім-ау ақыры, Тәңірім жарылқап! Енді емде мен пақырды! (Хазрет Қорқытқа көзін тіктеп). Ойбай-ау, мынауың Қорқыт емес қой! — деп талып түседі.
ХАЗРЕТ-ҚОРҚЫТ (оны құлап бара жатқан жерінен ұстап алып). Саспаңдар, бұл менің киемнен қорқып, талып қалды! Қазір мен мұны емдеймін, құлан таза болып жазылып кетеді! (сұлуға жымиып). Ал сен неғып жүрсің? Он екі мүшең сау емес пе?
СҰЛУ (мұңға шомып). Сыртым бүтін, ішім түтін дегендей, мен бедеумін, Қорқыт. Бала көтермегесін отағасы қуып жіберді. Енді саған келдім, бедеуліктен емдей алар ма деп. Өзге емшілерге барып көріп ем, біреуінен пайда болмады.
ХАЗРЕТ-ҚОРҚЫТ. Ем болғанда қандай! Бір жеріңді сипасам болды, жүкті боласың!
СҰЛУ. Байқа, Қорқыт, мен сахараның қызымын, бір жерімнің тікені кіріп кетпесін…
ХАЗРЕТ-ҚОРҚЫТ. Бір сипасам болды, айналайын, тікеніңнің бәрі ұлпаға айналады. Жүр, кеттік!
СҰЛУ. Мына бейшараны қайттік?
ХАЗРЕТҚОРҚЫТ. Қайтесін оны, жата берсін. Кейін бірнәрсе қылармыз (халыққа қарап). Ал тараңдар енді, тараңдар! Мен ем жасауға кеттім.
Сұлу екеуі кетіп қалады. Сахнада шалқасынан түскен Ақсақ қыз сол күйі қала береді.
ҮШІНШІ КӨРІНІС
Қорқыт көзін ашып,енді басын көтергенде, біреу үстіне құлап, қылғындыра бастайды. Қорқыт оны кеудесінен итеріп, екеуі олай домалап, бұлай домалап, ит жығыс күреске кіріседі.
Әй-шәй жоқ, өңешке жармасқан сен кімсің? Жынсың ба? Диюсың ба?
ӘЗРЕЙЛІ. Жоқ, мен Әзірейлімін.
ҚОРҚЫТ. Е, жаналғыш екенсің ғой?
ӘЗРЕЙДІ. Иә, мен жаналғышпын. Мен келдім екен, сен өлуің керек. Сосын мен жаныңды Нәнкір мен Мүңкірге тапсырамын.
ҚОРҚЫТ. Саған бере қоятын артық жаным жоқ. Күшті болсаң, тартып ал.
Қорқыт аяғына тұрып кетіп, екеуі палуанша жүріп біраз аңдысады.
ӘЗРЕЙЛІ. Сен қу екенсің.
ҚОРҚЫТ. Жоқ, мен ақылдымын.
ӘЗРЕЙЛІ. Ажал ақылдан да биік.
ҚОРҚЫТ. Ақыл бар да ажал жоқ. Демек, ажал ақылсыздық, ессіздік. Ессіз жерде өлшем болмайды. Ал өлшем жоқ жерде ештеңе жоқ. Сенің ажал дегенің өлшемсіздік.
ӘЗРЕЙЛІ. Ендеше неге менімен сонша тіресіп тұрсың, өле салмайсың ба?
ҚОРҚЫТ. Тірі жанға — тіршілік. Маған тірі болған ұнайды.
ӘЗРЕЙЛІ. Сен — ақымақсың. Өлімнен кейін де өмір бар. Жұмаққа барсаң, ол мына ит тірлігіңнен мың есе шатты көрінер.
ҚОРҚЫТ. Өлімнен кейін — белгісіздік. Бізде оны құрдым дейді. Ал құрдым ешкімді де шаттандыра қоймас. Біздің түсінік ащы болса да, нақты. Ал сендердікі — қырық өтірік. Сендер о дүниелік тіршілікті бұл дүниелік өмірден тәтті ғып көрсетесіңдер. Бірақ о дүниеңіз бар ма, жоқ па, оны ешкім білмейді. Сонда бұ дүниенің жазығы неде? Оның әйтеуір бар екенін білеміз ғой. Біздің бүкіл ғұмырлық тәжірибеміз осы дүниеде жиналған. Біз белгілі нәрсені белгісіз нәрсеге неге айырбастауымыз керек? Неге бар нәрсені бағаламаймыз?
ӘЗРЕЙЛІ. Сен қайда кетіп барасың, қу тілді оғыз? Қазір сенің кәллаңды қағып жіберейін. Бізде пенденің басы — Алланың добы деген мақал бар.
ҚОРҚЫТ. Тапқан екенсің допты!
Желкесіне шап берген Әзірейлінің қолын қағып жібереді де, жерге шейін салбыраған ұзын қызыл қанатының ұшын басып қалып, үстіне атылады. Сосын Әзірейліні жығып салып, өңешіне шап беріп қылғындырады.
Аһ, бәлем, түстің бе уысыма? Енді көрейік — өлім тәтті ме, өмір тәтті ме?
ӘЗРЕЙЛІ. Жібер, Қорқыт, айтқаныңның бәрін орындайын.
ҚОРҚЫТ. Жоқ, сені тірі қалдыруға болмайды. Сенің тірі жүргенің өзгеге — өлім.
(қылғындыра түседі. Әзірейлі көзі аларып, шырылдап, қанатын қағып, жер тепкілеп, жан тәсілімге келеді. Қорқыт тағы бір қысып жібереді. Бір кезде көктен бір дауыс естіледі).
ДАУЫС. Жібер, Қорқыт, ол саған тиіспейді!
ҚОРҚЫТ (Әзірейліге). Мынауың кім?
ӘЗРЕЙЛІ. Бұл — Алла Тағала
ҚОРҚЫТ. Ол барма өзі?
ӘЗРЕЙЛІ. Жаңа дауысын естіген жоқсың ба?
ҚОРҚЫТ. Ендеше менің Аллаға бір-ақ шартым бар. Мен сені жіберейін, бірақ Алла маған бір көрінсін. Мен онымен жүздесейін.
ӘЗРЕЙЛІ. Алланы көруге болмайды. Ол сенің түсінігіңе сыймайды. Сен оны көрсең, өртеніп кетесің. Сосын… өлесің.
ҚОРҚЫТ. Өлсем өлейін, бірақ Алланы көрейін.
ӘЗРЕЙЛІ. Демек, сен де Алланы көруге құштар екенсің ғой.
ҚОРҚЫТ. Құштар болмағанда қайтем? Оған қазір бәрі құштар боп отыр ғой. Мен де көрейін оның қандай құдырет екенін. Сол кезде… сенуім де мүмкін.
ӘЗРЕЙЛІ. Онда мені жібер. Мен сені Аллаға апарайын
ҚОРҚЫТ. Саған сенім жоқ. Бірақ менде басқа амал жоқ. Жіберейін.
Жіберуі сол екен, Әзрейлі Қорқытқа шап беріп, жерге гүрс еткізеді. Екі тізесімен кеудесін жаншып, қылғындыра бастайды.
ҚОРҚЫТ. Айттым ғой Алла жоқ деп. Тек сен бар екенсін, Әзрейлі!
Осы кезде көктен тағы дауыс естіледі.
ДАУЫС. Әзірейлі, босат Қорқытты. Маған алып кел!
ӘЗПЕЙЛІ. Раббым, сенбе Қорқытқа! Сөйлеспе онымен!
ДАУЫС. Мен саған босат дедім ғой!
ӘЗРЕЙЛІ. Құп болады, Раббым. Кәне, тұр!
Қорқыт екеуі бір бірімен аңдысып, сахнадан шығып кетеді
Сахна көмескіленеді. Қараңғыда Әзрейлі дауысы естіледі: Енді осында тұрып, күт! Аллаға артық сөз айтпа. Тыңда айтқанын.
Кетіп қалады.
ҚОРҚЫТ. Жасаған. Мен дайын!
Көктен бір шоқ сәуле түсіп, аспаннан салбыраған таққа шағылысады. Тақ үстінде алтын көбесі, басындағы алтын қауырсындары жарқылдап, алтын маска киген… Тәңірі көрінеді.
ҚОҚЫТ. Ау, мен сені арабтың Алласы ма десем, өзімнің Тәңірім боп шықтың ғой.
АЛЛА-ТӘҢІРІ. Ол менің көп аттарымның бірі.
ҚОРҚЫТ. Сен неге атыңды өзгертесің?
АЛЛА-ТӘҢІРІ. Менің атымды пенделер өзгертеді, өзінің түсінігіне сай қылып. Болмаса мен бәріңе де бірдеймін.
ҚОРҚЫТ. Мынауың қызық екен. Мен Алланы шақырам, ал сен маған Тәңірі боп көрінесің. Сен өйтіп мені алдама. Менің Тәңірім бөлек. Босат Тәңірімді!
АЛЛА-ТӘҢІРІ. Жоқ, босата алмаймын. Себебі мен Алламын. Дүниеде менен өзге құдай жоқ және болуы мүмкін емес!
ҚОРҚЫТ. Ендеше неге маған Тәңірі боп көрінесің.
АЛЛА-ТӘҢІРІ. Өйткені сен құдайдың өзге бейнесін қабылдамас едің. Мен қанша күшті болсам да, саған Тәңірің артық!
ҚОРҚЫТ. Оның рас. Бірақ… сенің түрің қайда? Түрің жоқ екен, онда өзің де жоқсың! Әншейін көп әруақтың бірісін.
АЛЛА-ТӘҢІРІ. Мен жоқ болсам неге алдымда тұрсың?
ҚОРҚЫТ. Мен Тәңірімді іздеп кеп тұрмын.
АЛЛА-ТӘҢІРІ. Ендеше тұрған жоқпын ба алдыңда?
ҚОРҚЫТ. Сен Тәңірі емессің. Оның құр сұлбасысың. Бұл дүниеге не көрінген: Алланы шақырсаң, Тәңірі шығады. Мағына орнына оның құр қаңқасы ұсынылады.
АЛЛА-ТӘҢІРІ. Менім қаңқа болғалы қашан? Білге қағандардың қағанаты құлағаннан кейін-ақ жағдайым болмай кетті. Сендер жат құдай іздеп қара сүргінге түстіңдер. Парсы мен үндінің қоян жүрек, жасық пайғамбарларына ендіңдер. Қайдағы жоқ кермеге керілген иудалық сүмелекке табындыңдар. Мен осының бәріне шыдадым. Бірақ құр шыдамнан не шығады. Менің ішкі мағынама үңіліп, заманға сай үндестікке келтірген ешкім болмады. Мысалы, сені алайық. Сен бас тәңірішісін. Бірақ мен туралы бір кітап жаздың ба?
ҚОРҚЫТ. Жасаған, сен өйтіп қитұрқыланба! Сен Тәңірі емессің, Алласын. Тәңіріде кітап болмайды. Бізде кітапты БІТІГ дейді. Бұл сөзіміз «біту», «жаралу» деген сөзден шыққан. Демек, Тәңірінің кітабы — адам. Мысалы, мына мен. Немесе бүкіл оғыз халқын Тәңірінің кітабы деп санауға болады.
АЛЛА-ТӘҢІРІ. Олай болса, Тәңіріңді жоқ деуге болады. Ауызша сөз Айдың бетіндеге жел сияқты. Ал кітапқа жазылса, бітті, мәңгіге қалады. Осы мақсатта мен Мұхаммедке Құранды жібердім. Сол арқылы тірімін. Болмаса мен де жоқ болатын едім, сенің Тәңірің сияқты.
ҚОРҚЫТ. Сонда кітап құдайдан да биік болғаныма?
АЛЛА-ТӘҢІРІ. Құдайдан биік ешнәрсе жоқ. Бірақ құдай ұғымының тереңдігі кітапқа байланысты.
ҚОРҚЫТ. Е, мен сені енді түсіндім. Сен маған Тәңірі туралы кітап жаз деп тұр екенсің. Солай ма?
АЛЛА-ТӘҢІРІ. Жоқ, Тәңірі емес, мен туралы жаз!
ҚОРҚЫТ. Сен туралы?! Сенің Құраның бар емес пе?
АЛЛА-ТӘҢІРІ. Сол Құранды уағызда. Оған тафсир жаз. Біздің Тәңірі Аллаға айналды деп жаз. Сонда ұлы боласың.
ҚОРҚЫТ. Е, менің қолыммен от көсегің кеп отыр екен ғой! Ғажап! Сенің дінің қазір төрт құбылаға тарады емес пе? Оғыз сияқты қойшы, жабайы халықтың мінәжәтына неге сонша зәрусің?
АЛЛА-ТӘҢІРІ. Себебі мен Бір Алламын. Мені бәрі білуге тиіс. Құмырысқа мен қоңызға дейін білсе, мен қарсы емеспін.
ҚОРҚЫТ. Ал мен қарсымын. Әрбір елдің өз құдайы болсын. Жәнеде… құдайдың атын өзгертпейік.
АЛЛА-ТӘҢІРІ. Өзгерт, өзгертпе, сенің Тәңірің өлді.
ҚОРҚЫТ. Өлсе, сен неге Тәңірі кейпінде көрінесің? Демек, Тәңірі әлі тірі. Тек сен оны өзіңе пайдаланғың келеді. Солай ма?
Алла үндемейді.
Ендеше, тыңда! Осыдан он жыл бұрын мен бір қателік жасадым. Оғыз бен қыпшақ ұзақ жылдар бойы қырлысып, соғысты тоқтату үшін Тәңіріге құрбандық беру керек болды. Ханымыз Көл Еркі Тәңіріге берілген адам еді. Құрбандыққа қызымды шалам деді. Мен қанша қарсы болсам да, болмады. Қызы сүттей таза, жаңа толған Айдай сұлу еді. Мен оған ғашық едім. Бірақ Тәңірі жолына қидым. Қазығұртқа мыңдаған халық жиып, қызды құрбандыққа шалдық. Бірақ, соғыс тоқтамады. Ақыры бізді арабтар басып алды, қызыл-ала қырғын боп жүргенімізде. Мен жатып алып Тәңіріме ренжідім. Сенімім мұқалды. Қазір ойлаймын — бекер. Құрбандыққа қызды емес өзімді шалуым керек еді. Себебі мен тек өз өміріме ғана иелік ете алмын. Өзгенің еркі өзінде. Өзгенің еркіне қол сұқпау керек. Мен саған өз еркіммен келдім. Тілегім: менің өмірімді ал да, халқымды босат. Сен оғызға зорлық жасама. Олар өздерінің Тәңіріне табынсын. Сен халифатыңа кет.
Бір кезде сыңғырлаған күлкі естіліп, АЛЛА-ТӘҢІРІ қауырсын тәжімен қоса маскасын шешіп жібергенде, қолаң шашы желбірген жап-жас сұлу қыздың бейнесі көрінеді. Қорқыт тізесіне гүрс ете қалып
ҚОРҚЫТ. Баршын бике, сенсің бе?
БАРШЫН. Иә… менмін.
ҚОРҚЫТ. Сен… Тәңірімісіің?
БАРШЫН. Иә, Тәңірімін.
ҚОРҚЫТ. Ұрғашы Тәңірі болмайды
БАРШЫ. Мен әруақпын. Ал әруақта ұрғашы мен еркек болмайды. Бәрі де рухқа айналады… Сол рухтардың күшінен бір күні Тәңірі пайда болады.
ҚОРҚЫТ. Тәңірі болсаң, оғыз бен қыпшақты табыстырмадыңба? Көрмейсің бе араздық арқасында қандай қатерге жолықтық?
БАРШЫ. Мен ол кезде Тәңірі емес едім.
ҚОРҚЫТ. Баршын бике, аяулым менің!
БАРШЫН. Иә.
ҚОРҚЫТ (көзі жасқа толып). Сен кешір мені. Сенің орныңа мен өлуім керек. Соған кезінде басым жетпеді.
БАРШЫН. Мен оған өкінбеймін. Елім үшін кеттім. Әкем үшін. Сен үшін. Бір өкінетінім — он екі де гүлім ашылмай, саған деген аяулы сезімімді жеткізе алмай кеттім.
ҚОРҚЫТ. Мен бәрін сезетінмін. Өзің де маған көзқуаныш, аяулы едің. Қайтейін. Мен де қидым сені. Елім үшін. Тәңірі үшін.
БАРШЫН. Енді мен саған жоқпын. Бірақ тілегің орындалады.
ҚОРҚЫТ. Қай тілек?
БАРШЫН. Аллаға жолдаған тілегің. Сосын… оғыз қыздарының көбісі жауынгерге айналады. Өздерін Тәңіріге арнап, жанұя құрудан бас тартады. Соның ішінде ең ерегін тани біл, ол жанымен де, тәнімен де маған айналып, өзін маған арнаған. Сол асыл жанды қолдай біл. Ал хош бол, жарқыным! Енді мені көрмейсің!
ҚОРҚЫТ. Баршын бике, күнім менің! Ақ қозым! (иықтары солқылдап, еңіреп тұрып жылайды)
Тәңірі жоқ болып, Қорқыт құшағына Әзрейлі кіріп кетеді.
Ей, сен тағы да кеп қалғансың ба?
ӘЗІРЕЙЛІ. Шақырған өзің емес пе?
ҚОРҚЫТ. Мен сені шақырған жоқпын.
ӘЗРЕЙЛІ. Жоқ, көке, енді Алланың әмірінен қаша алмайсың.
Қорқыттың кеудесіне шығып қылғындыра бастайды.
ЖАРЫҚ КӨМЕСКІЛЕНЕДІ.
ТӨРТІНШІ КӨРІНІС
Тұманхан тақта отыр. Хан сарайына Уәзір кіріп келеді.
ТҰМАНХАН. Иә, қымбаттым, немен қуантасың иеңді?
УӘЗІР. Кеше Қорқыттың өзі дінге кіргесін, халқымыздың бәрі топырлап кіріп жатыр.
ТҰМАНХАН. Демек, бұл Халифаны қуантатын хабар ғой…
УӘЗІР. Әрине, хан ием…
ТҰМАНХАН. Енді ол бізге бізді қолдайтын әскерін жіберетін шығар.
УӘЗІР. Ол үшін біз мешіт салып, жұртымыздың көбісін исламға кіргізуіміз керек.
ТҰМАНХАН. Ал қазір кіргені қаншама?
УӘЗІР. Әлдеде жартысынан аз, хан ием. Көбінесе тек сарайыңызға жақын адамдар.
ТҰМАНХАН. Аһ, кәззаптар! Жабайы сатқындар! Ендеше бүгін мешітті ашайық! Шақыр Хазретті
Уәзір адымдап басып, шығып кетеді.
ТҰМАНХАН. Қайран менің бақытсыз басым-ай! Не деген сұрқия заманда туғанмын? Біздің ата-бабамыздың дәуірі қандай жарқын еді! Өз елін өздері басқарып, ешкімге мәймөңкелеуді білмеуші еді ғой, жарықтықтар! Ал біз болсақ, анаған да мынаған да қарайлаумен, анаудың көңілін тауып, мынаған көпшік салумен, басымызға тәж киген кәнизәк болудан асатын түріміз жоқ! Халифаның еліңе әскер әкеліп сені қорғайм дегеніне үш жыл болды биыл. Ол үшін мен исламды енгізуім керек оғыз санасына. Енді сол жаман арабтың діні оғыздың санасына сіңбесе мен не қылуым керек? Мына Халифаның жандайшабы Хазрет те үш жылда түк бітіре алмағасын, бар тапқан амалы, Қорқытты өлтіріп, өзі Қорқыт боламын деп әбігерге түсті. Қайран сорлы басым, мен оған да көндім. Өзімді нәресте кезімнен қабылдап, өзіме ат қойып, азамат қатарына қосқан қадірлі абызымызды оп-оңай сатып жібердім. Сондағы жеткенім осы ма? Бір өзімді көтеру үшін бүкіл елімді жат дінге кіргізсем де, Халифаға жағатын түрім жоқ. Әкем Көл Еркі болса өзім тақтан түсіргесін, парсы жерінде қаңғып жүріп өлді, інім Боғра тегін түріктерге қашып, маған қарсы әскер жинаумен әлек. Енді отырмын мына екі қайықтың құйрығына жармасып, бірікпейтін нәрсені біріктіремін деп…
Осы сәтте Уәзір жүгіріп келіп жалп етіп хан алдында құлайды.
УӘЗІР. Хан ием, айтқан ауызда күнә жоқ, қаралы хабарым үшін жазалама мені!
ТҰМАНХАН. Ол не хабар сонша?
УӘЗІР (басын көтеріп). Хан ием, біреу Хазретті пышақтап кетіпті!
ТҰМАНХАН. Тәйт әрі! Бұл не бөсіп отсың! Менің басым кетеді ғой онда!
УӘЗІР (басын түсіріп). Маған өмір қисаңыз ғана айтамын!
ТҰМАНХАН. Ал жарайд, қидық саған ит өміріңді!
УӘЗІР. Кеше Хазрет өз бөлмесіне бір сұлу ертіп келіпті. Сосын кәнизактарына дастархан жайғызып, әлгі қызбен көңіл көтеріп, сонымен жатыпты. Ал бүгін малайы кірсе, кеудесіне қанжар кірген, жан жағы қанға бөгіп жатыр екен…
ТҰМАНХАН. Ал әлгі қаншық қайда?
УӘЗІР. Зым-зия жоқ боп кетіпті
ТҰМАНХАН. Ендеше неғып жатсың! Тұр кәне! Жер астына кірсе де, тауып беріңдер қаншықты!
Уәзір тұрып есікке қарай жүгіреді.
Осы кезде екі жасауыл хан алдына жаушыны алып келеді.
— Хан ием, біздің еліміздің шекарасын бұзып, қалың әскермен Боғра тегін келе жатыр. Оған қарсы тұратын ешкім жоқ. Барлық әкімдер қала қақпасын ашып, оның бөрібас тулы әскерін қабылдауда. Қазір енді Янгикентке де жақындап қалды…
ТҰМАНХАН. Жап аузыңды, жабайы құл! Уәзір, менің арғымақтарым қайда, барып ерттеп дайын тұр.
УӘЗІР. Олай бола қоймас, хан болмай кеткір! Біз енді сені Боғра тегінге табыстаймыз!
Барлығы шап беріп, Тұманханды тақтан түсіріп, қолын байлай бастайды.
БЕСІНШІ КӨРІНІС
Қорқыт ыңырсып көзін ашады. Сол жағында шалқалап жатқан Тазшаны көріп, ұшып тұрады.
ҚОРҚЫТ (Тазшаға жүгіріп барып, еңкейіп жерден көтереді). Тазша, саған не болған?! Мен саған өттен у соруға үйреткенде, осылай қыл дедім бе? Жұтпау керек еді ғой уды, жұтпау. Менің у жұтуым аздай… Бұл не деген қасрет? Менің өмірім Аллаға да, Тәңіріге де керек болмады ғой. Оның есесіне өзіме ең қымбат жандарды өлтіре берді ғой бұлар. Енді қайттім? Тазшаға бәрін үйретіп келесі ұрпақта жалғасам ба деп едім. Енді қалдым сопиып қуарған қу ағаштай. Тазша кетті қыршындай, бар үйреткенімді өзімен көрге арқалап. Екінші ондай зерек бала туыла қоймас жуық арада. Айтқаныңды қағып алатын заматта. Білмегенін сұрап әлек болатын. Бұл неғылған соқпақ менікі: маған жақындағанның бәрі әйтеуір бір қатерге ұшырайды. Жоқ, олай бола қоймас.
Тазшаны шалқасынан жерге жатқызып, одан әрі аттап, бері аттап, емдей бастайды. Бір кезде Тазша «Үһ!» деп көзін ашады.
ТАЗША. Қорқыт, сен тірісің бе?
ҚОРҚЫТ. Тірімін.
ТАЗША. Ал мен ше?
ҚОРҚЫТ. Сен де тірісің!
Тазша атып тұрып, Қорқытты құшақтайды
ТАЗШЫ. Сен енді өлмеші, көке!
ҚОРҚЫТ. Маған енді өлуге болмайды. Сені тірілттім, енді Тәңіріні тірілтуім керек. Дүние кезек. Кеше арабтар аспанға шапшып еді, енді оғыздың кезегі келді. Бізге уақыт жіберуге болмайды. Екінші мұндай кезек болмауы мүмкін.
ТАЗША. Қорқыт, сен не деп тұрсың? Біз тезірек қашайық. Қазір Хазреттің адамдары келіп, бізді о дүниеге аттандырады.
ҚОРҚЫТ. Жоқ, біз ешқайда қашпаймыз. Маған жаңа бірде аян болды. Қазір Хазрет пен Тұманханды біздің алдымызға алып келеді қойдай маңыратып.
АЛТЫНШЫ КӨРІНІС
Осы кезде жан- жақтан ат тұяғының дүбірі естіледі.
Алба-жұлба, қан-қан Тұманханды шынжырлап алдына салған шағын топ көрінеді. Кәрі жасақшы жап-жас Боғра тегінді иығына мінгізіп ту ұстағандай алып келеді.
БОҒРА ТЕГІН. Шөк, сарбазым, шөк! Бәріңде тізелеріңді бүгіңдер. Нағыз Қорқыт міне (Жасақшының иығынан түсіп, жүгіріп барып, Қорқытты құшақтайды)
ҚОРҚЫТ (құшақтап, маңдайынан иіскеп). Сені көріп әкең Көл Еркіні көргендей болдым. Ылайым солай болсын. Әкеңнің жолынан тайма! Туын жоғары ұста. Біз бәріміз сені жыл құсындай күттік.
БОҒРА ТЕГІН. Қорқыт ата, менің сізге сыйым бар… (жасақшыларға). Алып келіңдер бүлікші патшаларыңды!.
ЖАСАҚШЫЛАР Тұманханды алып келіп, Қорқыттың аяғына жығады.
ҚОРҚЫТ. Ханды босатыңдар. Арабтың құдайына сатылса да, ол біздің патшамыз болды, Көл Еркінің тұқымы. Оны бұғауда ұстауға болмайды.
ТҰМАНХАН. Мен неге Аллаға кіргенімді айтайын ба? Сендер, әкем екеуің қарындасым Баршынды құрбандыққа шалдыңдар. Оның хан қызы екеніне қарамадыңдар,таңдайында ана сүті кеппеген пәк ару қыз екеніне қарамадыңдар. Мен сосын түңілдім сендерден. Бауырларымның жабайылығынан түңілдім. Мен адаммын. Жабайы болғым келмейді.
ҚОРҚЫТ. Сен оғызсың. Ал бізде, оғызда, бір-ақ дін бар. Ол қан тазалығын сақтау, жан тазалығын сақтау. Біздің жанымыз — Тәңірі. Сен Тәңіріні саттың. Саған кешірім жоқ. Сен Баршын бикені бұл жерге қоспа. Сен Аллаға ол үшін кірген жоқсың. Алланың атымен әкеңнің тағын тартып алу үшін кірдің. Күндердің бір күнінде Хорасаннан әскер әкелдің де, әкеңді тақтан түсірдің. Сосын… әкең бар, мен бар, інің бар, бәрімізді қаңғытып жібердің, Баршын бикенің обасын көлегейлеп мешіт салдың. Әкең кетті арманда,, жерленуге топырақ бұйырмай, ал біз арманға жеттік.
ТҰМАНХАН. Ау, мен сендерді өлтірген жоқпын ғой.
ҚОРҚЫТ. Бізде сені өлтірмейміз, (топқа бұрылып) Менің шешімім былай: мұны өлтірмейік, мойнына бұғау сап ел аралатайық, әрбір оғыз бетіне түкірсін
ТҰМАНХАН. Одан да өлтіргендерің дұрыс еді ғой…
Осы кезде сахна сыртынан ат дүбірі естіліп, біреу аттан түсіп сахнаға жүгіріп шығады. Бұл бағанағы Баршын бике айтқан Гүлайым, оның басында дулыға, қолында қылыш, атты әскер ерше киінген.
ГҮЛАЙЫМ. Мен қыздарды атқа қондырған, қыршын кеткен Баршын бикені дәріптеуші Гүлайым. Кеше өз-өзін мен Қорқытпын деп жұртты алдап жүрген Хазретті о дүниеге аттандырдым. Оғызда еркектер жалпақтап әркімге бас иіп, намысынан айырылғанда, атқа қыздар қонады. Мен енді мына жауызды жазалауға келдім. Сендер мұның кім екенін білесіңдер ме? Кеше мен Баршын бикенің рухымен сұхбаттастым. Әкесіне қарындасын құрбандыққа бергізген осы екен. Көл Еркінің басы айналып, оғыз бен қыпшақ арасындағы бүлікті қалай тиярын білмей, ақыры әкесін шексіз сүйетін қызының келісімін алып, жөнсіз әрекетке барған екен. Қорқыт қанша қарсы болса да, оған көнбепті, оның сүйегін жер қабылдамай жүргені содан. Баршын бике, айтқаным рас болса бір белгі жіберші.
Бір кезде күн күркіреп, найзағай жарқ етіп, Тұманханның дәл жүрегіне қадалады.
ТҰМАНХАН (жүрегін ұстап). Мен хан сарайында алған біліміме масаттанып Тәңіріңе де, Аллаңа да сенбеп едім. Өмірдің бар мағынасы кең дастархан мен биік мансап деп ойлаушы ем. Енді Тәңірінің оғы жүрегіме қадалғанда… (жерге құлап түседі).
ҚОРҚЫТ. Міне, нағыз құрбандық енді жасалды. Себебі әрбір ұлттың ғарышта өз рухани кеңістігі бар. Онымен байланыста болу үшін, басқа ешнәрсеге алаңдамау керек, жан дүниеңе жат нәрселерді кіргізбеу керек және әбден адасып біткенде дұрыс құрбандық жасап, жаңа жол ашу абзал. Менің қобызым барынша сарнап, жетім-жесір, ақсақ-тоқсақ, барлық жәбір көргендердің зарын Тәңіріге жеткізіп, ақыры оны оятты. Енді ол мәңгі бізбен болады, біз өзіміз оны сатпасақ. Енді бізге азалаудан тазару жолына түскен жөн. Мен қазір тазару күйін орындайын, Тәңірім қолдаса бір белгісін берер.
Қобызын алып бір өкініш пен үмітке толы күйді орындай бастайды. Бір кезде орнаған сілтідей тыныштықта жаңбыр жауа бастағаны естіледі. Жұрт аспанға басын көтеріп
ШЫМЫЛДЫҚ