Өтежан НҰРҒАЛИЕВ. Мақатаев көшесiндегi ой (баллада)
Мынау тұрған Алматы
Желтоқсанның солдаты.
Жәй ғана бiр солдаты емес, ол, бiрақ,
Колбиндердiң овчаркалы солдаты.
Солдатыңның несi бар?
Қып-қызыл боп ғана батқан кешi бар.
Ей, Алматы, Алматы,
Өткен күндi есiңе ал —
Қудаланған Балаң бар,
Қан төгiлген Алаң бар.
Жүрегiнде балаңның
Сөнбей жатқан күйiк бар.
Ортасында Алаңның
Садақ iлген Иық бар.
Сол Иықтан талай-талай жүк түсiп,
Талай нарлар өлi жатыр бүк түсiп.
…………………………..
Еске аламыз әруақтарын, әрине,
Гүл қоямыз, тас қағамыз әр үйге.
Ат қоямыз көшелерге қайтадан.
Жаңғырады Желтоқсанда Байтақ ән.
Соның бiрi — жүрген кеше Базарда,
Мақатаев ауды бүгiн назарға.
Ауып қана қойған жоқ ол. Аударды…
Европаға қайта апарды Тауларды.
Таудан биiк ғұлама қарт — Пастердi
Мақатаев қанжығаға бөксердi…
— Құдыретiңнен айналайын, Желтоқсан,
Ауа қандай жаңғырады, сен соқсаң, —
Соққан желмен кәрi Алматы бiр түлеп,
Мақатаев жыр оқиды күркiреп…
………………………….
Я, ол — солай! қайтқан кезде есесi,
Желбiрейдi Гүл — Желтоқсан көшесi.
Я, ол — солай! қайтқан кезде сан Есе,
қайта жүзед — Мақатаев — кемеше.
Кеше ғана сыймай өткен көшеге,
«Мақатаев iшкiш ақын…» — десе де,
Iшпей өткен жауыздардың үстiнен,
Ол жаяды — Желттоқсаннан — Тұскiлем!
Кеше ғана оны өлтiрген қасқүнем,
Жүредi ендi — переездiң… астымен.
Кеше ғана онан қашқан қояндай…
Жалған Даттау… мәңгi өледi, оянбай!
— Неге? — десең, қайтқан бүгiн Есесi,
Мақатаев — Желтоқсанның көшесi —
Бiр құлаған «Мир» көшесi — «Желтоқсан» —
Ендi қайтып құламайды, сел соқса.
Ендi қайтып барлық жырдың жанары
Сол көшенiң жанарында жанады.
Құрбан болған күллi ақынның атағы
Қос көшенiң тарихына жатады.
Мақатаев — бiр көше, Қалдаяқов — бiр көше.
Бiр бiрiмен дос көше. Қатар жортқан қос көше.
Мақатаев көшесi — «алкаштардың» көшесi.
Сылаң қаққан Жетiсу — Балқаштардың көшесi.
Қалдаяқов көшесi — композитор Қаратау.
Бiр жартылық ақ арақ. Өлең толы — кесесi…
… Олар жерде туғанмен, марсианға айналды.
Желтоқсанның төрiнде… қыран құсап жайланды.
Қос көшелi Желтоқсан — қос қанатты Желтоқсан!
Бәрi өзгеред Дүниенiң — күнбатыстан сен соқсаң!
Алматының кешiнде… Алатаудың төсiнде…
Олар жазған ән мен жыр… Әлi менiң есiмде.
— Пролетариат көшесi, он бiрiншi үй едi…
Iшiп алған Тілеужан кең көшеге сиедi.
Осы тұрған Алматы — УРУК дейтiн қалада —
Мұқағали түскен үй — Гильгамештiң үйi едi…
Гильгамешiң — Өтекең, Мұқағали — Энкиду,
Көркi едi ол кезде өлең-жыр мен ән-күйдiң.
…Осы жерде БАСПА болды бiр кезде.
Осы жерде ақша болды бiр кезде.
Әр нәрсенiң келтiрген боп ретiн,
Бастықтардан ақша сұрап жүретiн.
Насыбайы таусылғанда ататын.
Осы жерде ол макинтошын сататын.
Барлық Әнi таусылғанда айтатын,
Осы жерден Нарынқолға қайтатын.
…Базары да — сол қалпында — қайнап тұр.
Мұқағали — сол қалпында — жайнап тұр.
…Анау тұрған Гоголь жақта кешегi —
Сәл басылған редакция өсегi.
Қытай менен Лениндi жамандап,
Газет, байғұс, күн көредi амалдап.
Осы жерден… жан-жағына жалтаңдап,
Мақатаев жүрiп өткен… талтаңдап.
Мына жақта «8 март» көше,
Ол да бүгiн аттың басын тарт, көше.
Қалдаяқов Шәмшi құсап — қисайып —
Күмбiрлеп тұр, күмбездерiн күй шайып.
О, Жарықтық, құдыреттi Желтоқсан,
Бәрi өзгеред Дүниенiң сен соқсаң.
Ленин анау Қонаевка айналып,
Қайта оралад — қазағына — байланып.
…Жалғыз күдiк: қайта тапқан Базарың,
Кiргiзе ме Тарихтың ажарын?
Мынау көше — Мұқағали қалғыған,
Шыға ма ендi ұрпақтардың алдынан?
Әнiн төккен Шәмшi ағаңның вальсы —
Бола алама Болашақтың ағысы?
Кеше халық, бүгiн Тарих мақтаған,
Құт, береке әкеле ме Ақмолаң?
Кiм болады болашаққа… жауапкер?
Мұқағали көшесiне жауап бер!!!
…Алуан сұрақ жеңдi менi кимелеп,
Көшiп кеттiң — Ақмолаға — күймелеп.
Желтоқсанда құрбан болған Адамға —
Мақатаев көшесiнен — үй керек.
Мақатаев көшесiнiң астында —
«Бомжы» жатыр құмырсқадай… үймелеп.
Өтей алмай «Қарыз бенен Парызды»
Әшiмбаев күйiп кеткен тәрiздi.
Шындық үшiн күйiп кеткен iнiсiн —
Мақатаев… сүйiп кеткен тәрiздi.
Тоқаш ағаң жаңа ғана бұл жерден —
Ташкент жаққа қашып кеткен тәрiздi.
Бердiбектi сонау Таудың iшiне —
Бiр жауыз кеп, асып кеткен тәрiздi!
…Мақатаев көшесiнде түн басқан
Қалдаяқов ән сүйрейдi — тынбастан.
Ән iшiнен Мақатаев қарап тұр,
Жер бетiне қарап тұрған жоқ және,
Марс құсап — түнгi аспанға қарап тұр.
Жаңа жұлдыз жағу үшiн Аспанға,
Сөнiп қалған жұлдыздарды — санап тұр.
— Жаңа астана — Ақмола,
Күндiз де Айсың. Түнде — Айсың.
Жаңа Шәмшi туғанша,
Алматыны тыңдайсың.
Шәмшiсi жоқ, әншiсi жоқ Ақмола,
Әншiлерiң өскенше,
Шәмшiлерiң өскенше,
Алматыны тыңдайсың.
Екi Кенен өспейдi
Алатауға ексең де.
Өнер бiзде қалады,
Билiк, бiзден кетсең де.
Тұманбайлар туады,
Мұқағали тумайды.
Шәмiл қайта туады,
Жамбыл қайта тумайды.
Мұқағали айта алатын осы Сөз —
Өтекеңнiң жүрегiнде тулайды.
— Жамбыл үшiн жыр жазатын Ғалидай,
Жыр жазады Нұрсұлтанға Тұманбай.
Тұманбайдың Шәмiлi бар қасында,
Шәйнегiнiң қасындағы құмандай.
Аға деген Тµманбай,
«Аға» жайлап жырлайды.
«Iнi» деген Нұрсұлтан,
«Iнi» абайлап, тыңдайды.
Жасық жырды суарып,
Асыл болат жасаған
Шебер ұста сияқты,
Шәмiл оны… шыңдайды.
Шыңдамасқа бола ма,
Шеберлiктi — о, тоба-ай,
Қатар отыр екi ақын —
Шәмiл менен Тұманбай.
Кешегi өткен Ғалиға
Мiндеттелген Жамбылды-ай.
Я, немесе, түйеге
Байлап қойған ботадай.
……………………………………
Алатаудың бауырындағы жотадай,
Мұқағали маған қарап жырлап тұр.
Мен де бiраз тырнап едiм — Ағамды,
Ол да менi тырнап тұр.
О Дүниенiң арыстаны қап-қара
Бұ Дүниенiң сар мысығын тырнап тұр.
— Кiшi жүздiң iшiндегi — жақпаған —
Iнiм едiң, өп-өтiрiк мақтаған —
Мен де сенi жырлайын,
Жас қайғыңды Ақмоламен тырнайын:
«Қаратаудың басынан көш келедi,
Көшкен сайын бiр тайлақ бос келедi.
Әбiштерден айырылған жаман екен,
Адайлардың көзiне жас келедi.
Үй алайын деп жүрген Алпыстардың
Қойынында бiр бөлке тас келедi.
Бiр бiрiне ататын тастары бар
«Үш жүз» деген үш бөлек бас келедi.
Мұқағали жырлайды,
Әлем оны тыңдайды.
Астанасы кетсе де,
Өмiр мәңгi тынбайды.
Өмiр дейтiн шындық бар,
Таспен ұрсаң, сынбайды.
Таспен ұрсаң, тас сынад,
Баспен ұрсаң, бас сынад.
Бұл өмiрдiң шындығы
Ешқашанда — сынбайды.
Тасқа салсаң, сынбайтын,
Басқа салсаң, сынбайтын,
Ұлы өмiрдiң шындығын
Шәмiл шыңдай алмайды.
Бiр шыңдаса шындықты —
Шәмшi ғана — шыңдайды.
Бұл өмiрдiң шындығы —
Өтекеңнiң өлеңi,
Бiр шыңдаса шындықты —
Мақатаев — шыңдайды.
Мақатаев — кәрi ұста,
Өзi кеткен… алысқа.
Өзi алысқа кеткенмен,
Өнерi жүр — жарыста…
Қайда кеттi? — демеңдер, —
Мұқағали — кәрi ұста,
Қол жететiн жерде емес,
Ақын қазiр — алыста.
Мынау оның әкесi —
Атқа мiнген Алатау.
Мынау оның шешесi —
Сылаң қаққан Жетiсу.
Мынау оның көшесi —
«Көк Базардың» қасында.
Өзi кеткен Марсқа
Қырық екi жасында.
Қазiр сонда тұрады
Венераның қасында.
Онда барған себебi —
Сол бiр сұлу жұлдызға
Ғашық болды жасында…
Қалдаяқов ол да — сол,
Құрбан болды жолда сол.
Арақ iшiп жүргенi
Жер бетiне айып боп,
Суға түстi бiр күнi
Қос қанатты қайық боп.
Тiрiсiнде жердегi
Қолын созды ұл, қызға,
Өлгеннен соң ғайып боп —
Ұшып кеттi — жұлдызға!
Өз кезiнде Олар да,
Ақылы жоқ, жас болды.
Ақыл кiрiп алғасын,
Өлең, жырға бас болды.
Өлең, жырдың Марсы,
Қазақтың қос Арысы,
Осы тұрған Базарда —
Арақ iшiп, мас болды!
— Мұңаймаңдар, жiгiттер,
Мас болсаң да, ұнайсың.
Абай менен Жамбылдан…
Жас болсаң да, ұнайсың.
Бiрiң мынау Алатау,
Бiрiң анау Қаратау
Құйып қойған көшеге
Тас болсаң да, ұнайсың.
Бұл дүниеден өттiңдер,
Жұлдыз қуып кеттiңдер.
Мұңайсаң да ел үшiн,
Мұңаймаңдар мен үшiн.
Қажет десең, сен үшiн —
Ер Өтекең — мұңайсын!
Алматының жабайы,
Қаңғып жүрген адайы,
Тiрi жүрген Өтекең,
Бiтiргенi болмай-ақ,
Iрi жүрген Өтекең,
Онсыз да өзi мұңданған,
Жауар бұлттай тұлданған
Ер Өтекең — мұңайсын!!!
Қасына ертiп әншiсiн,
Қалдаяқов Шәмшiсiн,
Қазақ үшiн алысқа,
Кеткен сонау Марсқа,
Мақатайым — Махамбет —
«Исатайым өлдi!» — деп,
«Жалғызбын», — деп, мұңайма!
Исатайың тiрi әлi,
Исатайың — Желтоқсан,
Алматыда тұрады.
Махамбетше айтқанда:
«Ханның iсi қатайды»,
Мынау тұрған үйсiнде —
Азамат ерден Мал тайды.
Арғымақ жалсыз. Ер малсыз.
Алланың не берерi болжаусыз.
Жолдастарым, мұңайма!
Тiрi жүрген жолдасым,
Өлi жүрген жолдасым.
Осы отырған адамның
Бәрi — менiң жолдасым.
Жолдастарым! Мұңайма.
Аш, жалаңаш жүрсең де,
Қол созбаңдар Дүниеге,
Мақатаев секiлдi,
Қол созыңдар Күн, Айға,
Берiлмеңдер бопсаға,
Жалынбаңдар шошқаға.
Талант берген құдайым
Бақытын да — бередi.
Коммунизм заманы
Қайта оралып келедi.
Жалыныңдар құдайға,
Құдай ғана… береді!!!
— Жетпiстегi жетiмдер,
Тәңіріге… жетiңдер.
Заман—аты Тәңiрдiң!
Заманың үй бермесе,
Желтоқсанға кетiңдер.
Үй де керек болмайды,
Күй де керек болмайды.
Желтоқсанның берерi —
Азынаған жел ғана!
Ер қайғысын көтерер —
Қаны тамған жер ғана.
Ел қайғысын көтерер
Ақын ғана. Ер ғана.
Өмiр деген тәттi ғой.
Тағдыр деген қатты ғой.
Кешегi өткен Ер Тоқаш —
Басы жерге тигенше —
Автоматын… атты ғой.
Сондай ердiң бiреуi —
Мақатаев Ер Мұқаш —
Ақша таппай, ар таппай —
Осы тұрған Базарда —
Макинтошын сатты ғой.
Бiздiң өмiр — атумен —
Сатулардан тұратын
Динозавр секiлдi,
Талай-талай ұлы ақын
Кеуiп қалған сүйегiн
Тiрi кездiң өзiнде
Музейлерге… сатты ғой.
Тiрiсiнде аш болып,
Өлiсiнде тас болып,
Ауызы ашық аңқиып,
Қос құлағы қалқиып,
Өмiр дейтiн тесiктен
Сығалаумен жатты ғой!
……………………………………….
Динозавр дейтiн аң
Жетiмдерiн жейдi екен.
Бiз секiлдi, өнердiң
Өкiлдерiн жейдi екен.
Союз жақта Тоқаштың
Автоматын аттырған.
Көк Базарда Мұқаштың
Макинтошын саттырған.
Тауда қасқыр ұлитын,
Жон терiсiн сылитын,
Жон терiсi бiткесiн,
Бiрi қалмай құритын,
Бiз сияқты халықты,
Динозавр дейдi екен.
— Маған салсаң, кесiрдi,
Жылатпаңдар жесiрдi.
Құрымаңдар, қазақтар,
Динозавр секiлдi.
Жон терiнi сақтаңдар,
Көн терiнi сақтаңдар,
Аққуларды атпаңдар,
Ақындарды — мақтаңдар.
Шамаң келсе, жесiрдi,
Жұбатыңдар жетiмдi.
Желтоқсанның сүйегiн
Музейлерге — сатпаңдар!
Болашаққа баратын…
Жалғыз ғана кеме сол.
Желтоқсанды — сатпаңдар,
Динозавр емес — ол!
…………………………………….
Музей бiттi осымен,
Қажет десең, У жейiн.
Ашық аспан астында
Желтоқсаным — музейiм.
Мынау менiң Алматым,
Желтоқсандық солдатым.
Солдатымның несi бар?
Арқасында месi бар.
Ең бастысы: қып-қызыл
Қанға батқан кешi бар…
Жүрегiмде Баламның
Сөнбей жатқан күйiк бар.
Ортасында Алаңның
Садақ iлген Иық бар.
Сол Иықтан талай-талай жүк түсiп,
Талай Нарлар өлi жатыр бүк түсiп…
Осы сөздi айтқанда — Райымбек ойымда,
Мұқағали ағамыздың геройы —
Ташкентский көшесiнiң бойында.
Дүниеден өткен бар,
Дүниеге жеткен бар.
Мұқағали ағамыздың геройы —
Райымбек — шөккен нар.
Райымбек көшесiнiң бойында…
Әр нәрсенi айтып өткен Өтекең —
Оларды да көзiмненен атып тұр.
Өлiлердiң беделдерiн Тiрiлерге сатқаны,
Тiрiлердiң о Дүниеде жатқаны —
Өтекеңе батып тұр!
Алматыда Желтоқсанға музей бар,
Менiң жырым сол музейге — бас тұлға.
Арсыздарға дар құратын бұл музей —
Ашық аспан астында…
Болашаққа барамын —
Ашық аспан астында.
Қалдаяқов, Мақатаев қалдырған
Екi тұлпар — астымда…
Өтекеңнің Рухына -фатиха! Жатқан жері жайлы болсын!