Мен бір шаруаны қолға алған сайын інім есіме түседі, және әрдайым осы мен кіріскен істі ол менен гөрі әлдеқайда жақсы атқарып шығар еді-ау деген ой тұрады басымда. Қазір жасым жиырма үшке келсе де әлі осы ойдан арыла алмай келемін. Әрине, мен інімнің қолынан бәрі келетінін қызғанбаймын, қайта ішім жылып, оның табысына сүйсініп отырамын.
Ал, енді маған келсек, мен Нанси провинциясынан шыққан номері «1458» коралл түсті пойызбен үйге келе жатырмын. Бұл менің әскери қызметімнің алғашқы үш айынан кейін әзер жеткен демалысым. Мен жасымның үлкендігіне қарамастан әскердегі қарапайым солдатпын, інім болса әскери шені бар, офицерлермен бірге тамақтанатын дәрежесі де бар. Ол әр жексенбі сайын үйге де барып тұрады. Басынан бастап айтайыншы.
Міне, мен пойызға да міндім. Орнымды тауып, жайғасайын десем (алдын-ала тапсырыс жасап, билет алып қойғам) менің орнымда бүкіл дүниесін тізесінің үстіне үйіп алып, бір әйел отыр. Оған бірдеңе айтуға батылым бармады да, қарсы алдындағы бос орынға отыра кеттім. Жаныма аузын байлайтын жібі шұбатылған зілдей кенеп сөмкемді қойдым. Купеде әлгі әйелден басқа басқа тағы бір сүп-сүйкімді қыз кітаптан басын алмай оқып отыр екен. Оның ернінің ұшындағы безеуге көзім түсті. Әттең, безеуі болмаса, келісіп-ақ тұр екен… Жүрегім сазған соң, вагон-рестораннан өзіме сэндвич сатып алдым. Жаңағы жерде менің орнымда інім болса ғой, бәрі басқаша болар еді: ол өзіне ғана тән жағымды күлкісімен әлгі әйелге жақындап келіп «кешіріңіз, мадам, менің қателесуім мүмкін, бірақ мына орын менікі болуы керек сияқты…» деп аузын жиғанша, әлгі әйел одан қайта-қайта кешірім сұрап, шашылып жатқан жібін сөмкесіне тықпалауға шамасы әзер келіп, орнынан атып тұрған болар еді. Сэндвич аларда да, менің орнымда інім болса, сатушы жігітті «28 франкқа кәдімгідей дұрыс нәрсе дайындамайсыңдар ма, түк майы жоқ», – деп, оны қуырып алар еді. Үстіне шолтиған қызық жилет киіп алған әлгі даяшы жігіт сол сәтте оған сэндвичін ауыстырып берген болар еді. Дәл солай болатынына сене беріңіздер, мен білем ғой інімді, талай рет осындай қылықтарының куәсы болғам. Жаңағы айтқан қызға келсек, менің інім оны тіпті есінен тандырып жіберер еді. Ол қызға қадалып бір қараған көзқарасынан- ақ қыз байғұс мені ұнатып қалды деп сеніп қалар еді. Дегенмен, қыздың ерніндегі кішкентай болса да сүйкімсіз жараны жігіттің байқап қалғанын қыз да сезіп тұрған болар еді. Сондықтан, оқып отырған кітабына да көңіл тоқтата алмай, қанша білдірмеймін деп тырысса да, мазасы кеткен болар еді. Менің інім әлгі қызбен шынымен танысқысы келсе ғана оған қырындаушы еді. Бірақ, менің інім сияқты кіші офицерлер поезда бірінші классты вагонда ғана жүреді. Ал, бірінші классты вагонда ерніне безеу шыққан қыздар жүре қояр ма екен? Әдемі бикешке менің әскери етігім мен әбден шаршаған түрім қалайша әсер еткенін білуге шамам келмеді. Өйткені, пойызға міне салып, ұйықтап кетіппін. Оның үстіне, бүгін бізді таңғы төртте тұрғызып, әбден ығырымыз шыққанша маневр жасатқан болатын. Менің інім Марк әскери қызметін үш жыл дайындықтан өтіп барып, инженерлер инстутына түсердің алдында бастады. Сол кезде ол жаңадан жиырмаға келген болатын. Ал, мен болсам екі жыл мамандық алғаннан кейін, электроника саласынан жұмыс іздеп жүрген кезде әскерге кеттім. Мен қазір жиырма үштемін деп жаңа айттым ғой. Айтпақшы, ертең – менің туған күнім. Анам маған: « Сонау шалғайдан әуре болып, үйге келмей-ақ қой» деп еді. Мен өзім де туған күн атағанды онша суқаным сүймейді, әрі атап өтетіндей үлкен жасқа да келе қоймадым ғой. Бірақ, анамның көңілі үшін келе жатырмын. Бір қуанып қалсын.
Анам туралы айтсам, ол кісі қосылғандарына он тоғыз жыл толғанын атап отырған күні әкем көрші әйелмен қол ұстасып, қашып кеткелі бері жалғыз тұрады. Әрине, бұл жағдай ол кезде бізге оңай тиген жоқ болатын… Анам басқа біреумен…басқа біреуге күйеуге шықса да болар еді. Марк екеуміз бұл жөнінде бір-ақ рет бір-бірімізге ойымызды ақтарып, сыр бөлістік. Жүрегі шайлығып, қорқып қалған ғой, тағы да тастап кетсе не болам деп ойлайтын шығар дегенге тоқтадық. Бір ыңғайы келгенде, бір-бірімен танысатындардың тізіміне аты-жөніңді бермейсің бе деп жайлап айтып көріп едік, мүлде қарсы болды. Сонан кейін анамыз екі ит пен бір мысық асырап алды. Енді өзің ойлап көр… мынандай у-шу тіршілікпен айналысқан соң, басқа біреуді кездестіре қояды дегенге сену де қиын сияқты.
Біз Париждің маңындағы Корбейде, дәлірек айтсам, Эссонн деген жердегі Насиональ 7– де, шағын ғана павильонда* тұрамыз. У-шуы жоқ,тыныш жер. Бірақ, інім оны ешқашан павильон деп атамайды, ол үнемі аузын толтырып «біздің үй» деп атайды. Павильон деген сөз оның намысына тиетін болуы керек. Марк тура Париждің орталығында тумағанын үнемі өкінішпен айтатыны байқалып тұратын. Париж! Осы сөз оның аузынан түспейтін.Менің ойымша, Марктің өмір бойы есте қалатын күні болып ең алғаш рет осы қаланың бес аумағын қамтитын жол жүру карточкасын сатып алған күні болған шығар. Маған салса Париж не, Корбей не, бәрібір. Мектепте оқып жүрген кезден есімде қалған бір нәрсені анық білем және оған сенемін де. Ол – Ежелгі Грецияның ұлы ойшылдарының бірі «адам санасы оның туған жеріне немесе тұратын жеріне байланысты емес, адамның өз рухының күш-қуатына байланысты » деп айтқаны. Бұл сөздерді осы ойшылға қолында ұзақ жолға шыққанда ұстайтын таяғы бар, саяхатқа шығуға сайланып алған бір досы «менімен бірге жүр» деп келгенде айтқан екен. Мұндай жауап естимін деп ойламаған досы ойшылға бірталай өкпесін айтады да, жүгін сүйретіп, жолға түсіп кете барады. Мұғалім бізге осы мысал әңгімені айтқан күннен бастап мен өз өмірімді өзгерттім десем болады. Дәл осы мысал менің қол еңбегімен айналысатын мамандық таңдауыма түрткі болды. Менің өмірім бұдан былай екі қолыммен нан табатын кәсіпке байланысты болады деп шештім. Өзімше сондай бір қарапайым жол тапқаныма қуандым.
Әскерде небір есіріктердің түр-түрін кездестіреді екенсің. Мен өмірімде осындай адамдармен бірге болам-ау деп ойламап едім, енді сондайлардың дәл ортасында жүрмін. Мен олармен бірге ұйықтаймын, бірге жуынып-шайынам, бірге тамақ ішем, бірге ойнап-күлем, бірігіп карта да ойнаймын. Кейде мен олардан әбден ығыр болып, қашып кеткім де келетін. Менің мұнымды олардың төбесінен қарағандық деп ойлап қалмаңыз. Кейде бұлардың бәрі жиналып маған түкке тұрғысыз жандар сияқты көрінетін. Мен оларды түк сезбейтін түйсіксіз деуден аулақпын, олай десем намыстарына тиген болар едім. Мен өзім осы ортаны әлі жақсы білмесем де, оларды түсінуге тырысатынмын. Ал енді олардың арықтығы сонша, көтерем десем өтірік емес. Егер солардың арасынан біреуін таразының бір басына, өзіңді таразының екінші басына қойсаң, сенің салмағың оп-оңай басып кетіп, оның жеп-жеңіл екеніне көзің жетер еді… Бұл жігіттердің біреуінде де артық салмақ түгілі, артық ет жоқ. Олардың денесін басынан аяғына дейін қолыңмен сүзіп өтсең, ар жағынан күңгірлеген тағы біреудің дауысын естігендей болатынсың. Ет пен сүйектен ғана тұратын денелеріне, олардың айтуынша, қолыңды тигізсең, ар жағынан тағы бір фантомға кездесесің дейтін. Басында мен олардың істеген қылықтырынан, миға қонбайтын айтқан сөздерінен мазам кетіп, дұрыс ұйқтай да алмай жүрдім. Келе-келе етім үйрене бастады. Әскер адамды өзгертеді деп жатады ғой, мені әскер одан әрі пессимист етті. Мен осы кезге дейін Құдайға, я болмаса Жаратқанға беріліп сенетін емес едім, Нэнси Бельфон казармасында болып жататын жайттарды көргеннен кейін, Жаратқанға деген сенімім тіпті азайды. Қызық, пойызда немесе RER-де* келе жатып та менің ойым соларда… Дегенмен, әскер деген де жақсы нәрсе сияқты…
Мен Париждің Эст возкалына келген сайын мені біреу күтіп алса ғой деген ойдан арыла алмаймын. Ешкім күтіп тұрмағанын білсем де, жынды сияқты дәмеленем. Бұл уақытта анамның әлі жұмыста екенін де білем, Марктің қаланың ана шетінен мына шетіне менің сөмкемді көтерісейін деп келмейтінін де білем. Сонда да жолымды тосып жүрген біреу бар ма деп алаңдаймын… Эсколаторға мініп, метроға түсер кезде мені іздеген біреу байқамай қалды ма деп айналамды жақсылап тағы бір рет көзіммен сүзіп шықтым. Мені ешкім күтіп тұрмағанына көзім әбден жеткенде, эсколаторда келе жатып, арқамдағы сөмкем одан әрі зілдей болып, тас басқандай сезілетін. Шіркін, мені келеді деп біреу алдымнан шықса ғой … Мен үшін біреуді күтіп алудың түк қиындығы жоқ сияқты… Қой, енді үйге барайын, барған соң Марк екеуміз әдеттегідей құшақтасып алыса кетеміз, оны бір аунатып, есін шығарып алайын. Перронға жеткенде темекімді бір будақтатып алам. Ол жерде темекі тартуға болмайтынын мен жақсы білем, егерде біреу-міреу мені мұның қалай деп сұрауға ала бастаса, мен оларға әскери билетімді көрсетем деп, іштей дауласуға дайын болып отырмын. «Мырза, байқаңыз, мен тыныштық үшін қызмет атқарып жүрмін!», «Мадам, мен Франция үшін таңғы төрттен бастап табанымнан тік тұрып жүрмін» демекпін. Мен метромен Корбэйге жеткенімде адам сенгісіз… вокзалда ещкім жоқ. Осы ел бүгін кешке менің үйге келетінімді ұмытып кеткен сияқты… Үйге қарай автобусқа мінбей жаяу кеттім. Себебі, көпшілік мінетін көліктен әбден мезі болғам. Қарбалас адамдармен қабаттасып, мініп — түсудің өзінен шаршап біттім. Көшеде келе жатып мектепте бірге оқыған балаларға кездесіп қалдым. Олар менің қолымды алып амандасып жатыр. Солдаттың қолын қысып жатыр бәрі.
Міне, мен біздің көшенің қиылысындағы кафенің алдында тұрмын. Егер баяғыда осы кафені жағалап, көп уақытымды босқа өткізбегенде алты айдан кейін жұмыс іздегендердің тізіміне ілініп кетпеген болар едім. Ол кезде мен уақытымның көбін колледждің бильярды орналасқан жерінде өткізетінмін… Мен сол емтихан күні бес сағат бойы жолдастарымды күтіп тұрдым да, мұғалімдердің айтқанын күні бойы талқылаудан жалықпай қайталап келе жатқан достарыма шығарған есептердің дұрыс жауабын ақшаға саттым. Бұл оларға да табылмайтын нәрсе болды: бағасының жартысын ғана төлеп, олар өз аттарын колледждің «Құрмет кітабына» жазатын мүмкіндікке ие болды. Сөйтіп бәріміз де ризамыз.Мен болсам сол күні өмірімде бірінші рет өз ақшама бір пачка сигарет сатып алдым. Шынымды айтсам, сол күні мен өзімді тура патшадан да бақытты шығармын деп ойладым. Адам ақымақ болса дауа жоқ екен… Біздің көшедегі кафенің иесі маған:
– Қалайсың?…Әлі әскердесің бе? – деді
– Иә, – дедім мен.
– Жақсы болған екен!
Мен тағы да:
– Иә, – деп жауап бердім.
Ол маған: Кафе жабылған соң келші, екеуміз оңаша әңгімелесейік…мен де Легионда болдым ғой, бірақ ол мүлде басқа нәрсе… Ол жерде бізді сендер сияқты емін-еркін жүруге, қаланы аралауға … еш рұқсат бермейтін, шын айтам, – деді.
Кафенің ішінде екеуден-екеу соғысты еске түсіріп, шараптан біршама тартып алдық. Легион… Түү шаршағаным-ай! Арқама сөмкем батып, екі иығым удай ашып келеді. Көше де шұбатылып, бітпей қойды. Үйге әзер жеткенімде біздің қақпа жабық екен. Құрып кеткір шатыр да жабық. Осыны көргенде отыра қалып, еңіреп жылағым келді. Мен бүгін таңғы төрттен бері еліміздің бір шетінен екінші шетіне шаршап- шалдығып, сасыған вагондардың иісіне тұншығып үйге әзер жеткенде бір рахаттанатын кез бола ма, болмай ма?! Мені екі итім әбден сағыныпты. Бозо қуанғанынан өліп кете жаздап қыңсылады, Микмак болса арсалаңдап, үш метрге дейін секіріп, қайтерін білмеді… қуаныш деп осыны айт! Қарсы алған деп осыны айт! Мен де сөмкемді аяқ астына тастай салып, қуанғанымнан қабырғаға мопед тепкен кісіше өрмелеп кеттім. Екі итім екі жағымнан естері шығып, бірге секіріп жүр. Талай күндерден бері жаным жадырап қуанғаным осы шығар. Жер бетінде менің бар екенімді білетін, мені күтетін, мені өлердей жақсы көретін… ит болса да тірі жан болғаны қандай жақсы! Кәне келіңдерші қасыма! Сен қандай әйбатсың, о сен де жақсысың,келе ғой, кел… Үйдің шамы өшірулі екен. Мен сөмкемді кіреберістегі циновканың үстіне қойып, аузын шештім де кір басқан солдат етігімнің астынан ақтарғыштап кілтімді іздей бастадым. Екі итім қабаттасып мен бұрылған жаққа менен бұрын жүгіреді. Енді шам жағайын десем… свет жоқ. Қап. Қап әкеңнің… Тура осы кезде Марк деген жүгермектің:
– Оу, үйдегі отырған адамдардан ұялмайсың ба? – деген даусын естідім. Ол ылғи да адамды қисынсыз жерден ұстағанды жақсы көретін. Бұл кезде үй әлі қараңғы болатын. Мен оған:
– Өзің не айтып тұрсың осы?…дедім.
– Сен түзелмейтін екінші классың, бәсе. Әскерде қайдағы сөздерге құлағың үйреніп алған. Бұл Плуквильдің казармасы емес, тіліңді байқа, әйтпесе, шамды жақпай қоям, – деді. Сосын барып ол шамды жақты. Сағынған деген осы шығар! Менің осындағы бар дос -жараным, үй-ішім түгелімен дастархан басына жиналып, қолдарына бір- бір бокал ұстап, «Туған күн» туралы әнді бәрі қосылып бастап кетті. Төбеге гирляндаларды да іліп тастапты.
– Балам, сөмкеңді жерге қойсаңшы, – деді анам. Солай деді де, ол кісі менің қолыма бір стакан шарап ұстатты. Мені үй-ішімнің мұндай құрметке бөлеп, бастарына көтеріп тұрғанын алғаш рет көріп тұрмын. Мұндай кездесуді күтпеген басым түрімнің не болып кеткенін де білмей қалдым. Үйдегілердің бәрімен жағалай қол алысып амандасып шықтым да, әжемнің, апайларымның бетінен сүйдім. Марктың жанына келгенде бір періп қалайын деп едім, жанында қыз бар екен. Ол бір қолымен қыздың белін құшақтап алыпты. Мен қызға көзім түскен бетте, оған ғашық болып қалғанымды білдім. Інімнің иығынан бір түйіп қалдым да, қызды көрсетіп:
– Маған дайындаған сыйлығың ба? – дедім
– Кет әрі, дәмеленбей-ақ қой, өзіңнің денің сау ма? – деді ол маған.
Мен қызға тағы да қарадым. Менің ішімді бір нәрсе бүріп бара жатқандай болды. Ішім ауырып тұрғаны-ай, ал қыз болса сондай әдемі…
– Сен оны шынымен танымадың ба?– деді інім
– Жоқ
– Бұл Мари ғой, Ребекканың досы
– ???
Енді маған інімнің жанындағы қыз:
– Бір мектепте оқып едік қой. Гленаньда, есіңде жоқ па? – деді
– Жоқ, өкінішке қарай, түк есімде жоқ деп басымды шайқадым да, оларды оңаша қалдырып, ішетін бірдеңе құйып алайын деп бұрылып кеттім. Өткен күндер есіңде ме, дейсің, ә?! Екеуміздің ең алғаш рет желкенді қайықпен жүзгеніміз есіме түссе, қазірдің өзінде шошып кетем. Бірақ, сен сол кездің өзінде-ақ менен озып тұратынсың. Денелі, күнге тотыққан, өзіңе-өзің сенімді жігіт болып өстің. Сондықтан болар, қыздар да сені ерекше жақсы көретін. Түні бойы қолдан-қолға өтіп жүрген қызық кітаптарды оқып шығатының да есімде. Және сен ол кітаптарды бірден терең бойлап түсініп алатынсың. Ал, сенің желкенді қайықты шіреніп тұрып, икемге көндіріп алатының қандай керемет еді! Өзі ешқашан икемге көнбейтін інім менің… Кеуделері енді біліне бастаса да көздері жайнап отырған мына жас бойжеткендер кештің тезірек аяқталуын күтіп отырғаны көздерінен көрініп-ақ тұр. Осы отырған қыздардың бәрі бағана машинаның ішінде, інім өтірік ұйықтағансып, көзін жұмып жатқанда, оның білегіне фломастермен өз адрестерін жазып-жазып қойғанын көргем. Ал мен болсам… Менің мазамды үнемі осы бір теңіз ауруы деген ішімнен ұстайды да тұрады.
…Мари менің есімде өте жақсы сақтаулы. Әлі есімде, бір күні кешке жақын ол бәрімізге пляжда көргенін айта бастады. Ол сүйісіп жатқан қыз бен жігіттің үстінен түседі. Біраздан соң қыздың ішкиімінің жыртылғанын естиді.
– Соны айтшы, қалай болды? – деп сұрадым мен, әдейі, қайтер екен деп.
Мари маған бір қарап алды да, көйлегін түріп, ішкимін төмен сырғытып түсірді де жыртып тастағаны. Сосын оны лақтырып жіберді.
– Осылай болды, – деді ол, менен көзін алмай. Ол кезде мен он бір жасар болатынмын. Мари! Сен болсаң менің есімде ол қыз бар ма, жоқ па деп отырсың… Кеш қызып, ұзай түскен сайын, мен әскер жайлы айтқым келмейді. Мен Мариға қараған сайын, оны құшақтағым келеді. Бүгін шарапты көп ішіп қойдым. Анамның ала көзімен қарағанын байқадым да, мен екі-үш жолдасыммен есіктің алдына шығып кеттім. Тыңдауға прокатқа алатын әртүрлі кассеталар мен өмірімізде сатып ала алмайтын машиналарды бірталай әңгіме қылдық. Микаэль өзінің керемет дыбыс аппаратура сатып алғанын айтты. Техно тыңдау үшін екі мыңдай беру керек екен… Мен темір скамейкаға жайғасып отырдым. Анам менен осы орындықты ылғи бояп, әдемілеп қой деп өтінетін. Неге десең, темір скамейка анама Тюильри бағын елестеді. Мен жұлдыздарға қарап тұрып темекі тарттым. Олардың біразын ғана білем. Осылай бір ыңғайы келгенде ылғи да жұлдызды аспаннан соларды іздеймін. Төртеуінің ғана атауын білем.
Гленаньдағы колледжде сабақты дұрыс оқымағаным осыдан тағы да білініп қалады.
Маридің маған қарай келе жатқанын анау жерден байқап тұрдым. Ол да маған күлімсіреп келе жатты. Оның маржандай тісіне, құлағындағы сырғасына еріксіз көзім түсті.
– Рұқсат па? – деді ол, менің қасыма отырып жатып.
Мен ішім қайтадан бүріп ауыра бастаған соң, жауап беруге мұршам келмеді.
– Мен сенің есіңде шынымен қалмадым ба? – деді ол.
– Жоға, бәрі есімде, – дедім мен.
– Ал, айтшы ендеше есіңде қалғанның бәрін.
– Сенің он жасар кезің, – деп бастадым мен. Сенің бойың 1м.29см, ал, салмағың 26 кг болатын. Содан бір жыл бұрын саған қатты суық тиіп, тамағың күптей болып ісіп кеткен соң, сені ата-анаңның дәрігерге алып барғандары да есімде. Сен Шуази ле Руа көшесінде тұратынсың, ол кезде саған келіп кету үшін мен жолыма 42 франк жұмсайтынмын. Сенің анаңның аты Катрин, әкеңнің аты Жак болатын. Тағы бір есімде қалғаны – сенің суда жүзетін Кэнди атты тасбақаң бар болатын, ал сенің ең жақсы көретін досыңның Индиядан әкелген Энтони деген торайы болатын.
Мен сенің аппақ жұлдыздары бар жасыл купальнигіңді де ұмытпадым. Кейін анаң сол купальнигіңді қайта тігіп, пеньюар жасап берді де, ішіне жіппен атыңды жазып қойды. Бір күні таңертең сенің «маған ешкімнен хат келмейді» деп жылағаның да есімде. Сен екі бетіңе жылтырақ қағаздарды жабыстырып алып, Ребекка екеуің Гриздің музыкасына артист болып ойнаймыз дегендерің де есімде…
– О ля ля, сен тіпті еш нәрсені ұмытпапсың ғой!!! – деді Мари
Ол күлген кезде тіпті әдемі болып кетеді екен. Артына қарай шалқалай күліп отыр. Жылынам деп екі қолын қолтығының астына сұға береді.
– Мә, ұста, – дедім мен, қалың пуловерімді шешіп.
– Рахмет…бірақ сен …Өзің қайтесің? – деді ол.
– Жоқ, ештеңе етпейді, мен мұздамаймын, – деп жауап бердім.
Бұл жолы оның маған қарағаны мүлде басқаша сияқты көрінді. Қыздар ұнатқаныңды бірден сезіп қояды ғой.
– Тағы не қалды есіңде, айтшы – деді ол.
– Тағы да ма? Оптимистс қоймасының қасында сөйлесіп тұрғанымызда сен маған «сенің інің мақтаншақ қой өзі» дегенің есімде…
– Иә, менің де есімде солай деп айтқаным, бірақ сен ініңді жақтап шығып едің ғой…
– Марк қолға алған істерін оп-оңай орындай салады. Шынында ол мақтаншақ емес. Тек солай сияқты болып көрінеді.
– Сен ылғи да ініңді жақтайсың, – деді Мари.
– Енді…ол менің інім ғой. Сен неге оның кемшілік жақтарын ғана көретін болғансың? ––деп сұрадым мен.
Ол орнынан тұрды да, менен пуловерімді кие тұрсам бола ма деп сұрады күлімсіреп.
Мен де оған жымидым. Осы уақытқа дейін қандай қиыншылықтарды басымнан кешіп жүрсем де, көп нәрсеге қолым жетпей, тарығып жүрсем де, дәл осы сәтте мен өзімді сондай бақытты сезіндім.
Мен өзімнен-өзім мәз болып, біртүрлі сезімде тұрғанымда, анам қасыма келіп, өзі әжемнің үйіне барып қонатынын, қыздарға төсекті астына салыңдар, ұлдар үстіне жатсын деді.
– Жарайды, бәрін жайғастырам, жақсы…
– Айтпақшы, иттер сыртта қалып қоймасын. Қақпаны жабарда жөндеп қара, сосын…
– Иә, ана…
– Мен сендерді уайымдап жүрмейін, естіп тұрсың ба? Арақты сонша іштіңдер келіп…Түріңе қарашы, сен сол күйі массың, – деді ол.
– Мен мас емеспін ғой ана, мені мас деуге болмайды, аздап ұрттаған десең бір жөн. Көріп тұрсың ғой, мен аздап ұрттадым…
Анам болса иығын бір сілкіді де, бұрылып кетті.
«Арқаңа бірдеңе жапсаңшы, суық тиіп өлесің ғой» – деген анамның даусы анау жерден естілді.
Мен басыма келген шым-шытырық ойларға қалай ие боларымды білмей, үш сигаретті бірінің артынан бірін тартып алдым да, Марктың қасына бардым.
– Оу…
– Иә, не болды?
– Мари…
– Ал?
– Мен онымен бірге болайын…
– Жоқ
– Бет аузыңның талқанын шығарам…
– Жоқ
– Неге?
– Себебі сен бүгін көп ішіп қойдың, әрі ертең мен жүмысқа бару үшін бет-аузым керек болып тұр.
– Неге?
– Себебі мен ертең сұйық денелердің өзгеру периметрлері жөнінде баяндама жасауым керек.
– Ааа…
– Солай
– Қап…
– Өкінбей-ақ қой.
– Мариді айтам…
– Мари ма? Ол менікі
– Сенбеймін
– Сен не сезуші едің?
– Солай де… Бірақ сен артиллерияда қызмет атқаратын солдаттардың ерекше бір үшінші түйсігі болатынын ұмытпа.
– Солай-ақ болсын, бірақ, бәрібір басың істемейді.
– Тыңдашы, мен бір қиналып тұрмын. Сен айтқандай менің басым істемей-ақ қойсын. Өзім де қисынсыз нәрсе айтып тұрғанымды білем. Мүмкін, ең болмаса бүгінгі кешті ойластырсақ қайтеді, ОК?
– Жарайды, көрейін…
– Тезірек бол, әйтпесе, өзім-ақ бірдеңе ойластырам.
– Көрші-көрші…қуыршақ…
– Не дедің?
– Кішкентай кезіміздегідей ойын ойнаймыз, деймін.
– Миға қонбайтын нәрсені айтпашы, – дедім мен
– Бұл біздің өз арамызда ғана қалуы керек, басқалардың жүретін қызына көз салатын, қызығының куәсы болғысы келетін, джентльмен мырза, – деді Марк
– Жарайды, қашан? – деп сұрадым мен.
– Қазір. Подвалда.
– Тура қазір ма??!
– Yes sir
– Мен қазір келем. Өзіме бір чашка кофе жасап алайын.
– Маған да кофе жасап әкелші, өтінем сенен.
– Әрине. Алдымен барып түзге отырып алайын.
– Әскерилер осындай есер болатыны несі екен.
– Бар, жарайды, жылын. Енді ана қызға сау бол де.
– Өзің аурусың ба, саусың ба…
– Қойшы енді, бар, ол қыздың көңілін мен табармын қайтсем де.
– Ол жағын астына түскенде көрерміз, – деді інім.
Біз қайнап тұрған ыстық кофені жаңбыр суы ағатын трубаның астында тұрып ішіп алдық. Марк төменге бірінші болып түсіп кетті. Мен қарап тұрмай, екі қолымды бірдей пакеттегі ұнға батырдым. Сол кезде менің есіме анамның біздің кішкентай кезімізде екі жағын панировка жасап, пісіріп беретін дәмді эскалоптары есіме түсті!
Ой, құрғыр, тура осы кезде менің тағы да кіші дәретке барғым келгені. Екі қолым бірдей ұн болып, бір кездегі эскалопты ойлап тұрғанымда бұл да қысып…
Баспалдақпен төменге түсердің алдында маған күш беретін бір жылы көзқарас іздедім. Бильярд пен футболға ғана беріліп кеткен басым, ендігі жерде інімнің аузына қарағым келмеді. Бұдан былай тек соның ойындағысын табудан айныдым.
Мен ойынға, шынымен де, бар есіл-дертім ауып кірістім. Өзім терлеп-тепшіп, саусағымның басындағы ұн аппақ болып, тура шарик сияқты иленіп алып, қолымнан жабысып түспейді.
Сонан соң Мари де, басқалар да астына жиналды. Алтаумыз түгел келіп болған соң, бәріміз жайғастық. Дәл осы кезден бастап мен Маридің шынымен менің қасымда болатынына көзім жетті. Оның ақырындап менің арқамды сипағанын, менің қолым жылжып отырып оның құлағына жеткенін сезіп отырмын. Қыздың жаққан иіссуы да мені мас қылып, дүниенің бәрін ұмытып кеттім. Оның дауысы да құлағыма майдай жағып бара жатты, мен де өз ойымның жүзеге аса бастағанына қуандым…
Марк жанындағы сағаттың тілін 10-ға жылжытқан кезде, мен екі қолыммен санымды сипап едім, джинсым сол күйі аппақ ұн екен.
Сол кезде маған қараған інімнің көзі оның өкінішін жасыра алмай тұрды. Қызғаныштан іші күйіп, мені жақтырмай тұрғанын анық байқадым.
«Туған күнің құтты болсын!» – дедім мен өзіме-өзім іштей.
Бір кезде қыздар ұйқылары келгенін айтып, «жататын жерді көрсетіңдер» деді. Мен залдағы диванға жататынымды, бөтелкенің түбіндегі қалған шарапты ақырындап тауысатынымды айтып, ешқайсың мені мазаламаңдар дедім.
Мари маған жалт қарады. «Шіркін, егер сенің бойың қазір 1м.29см., ал, салмағың 29 кило болса ғой, – деп ойладым мен сол кезде, – онда мен сені блузонымның ішіне салып алып, ешқайда тастамай үнемі өзіммен бірге алып жүрер едім».
Сонан соң үй іші тып-тыныш болып қалды. Бөлмелердің шамы бірінен кейін бірі сөніп, анда-санда ғана біреудің алыстан сөйлеген дыбысы құлаққа келіп жатты.
Мен ұйықтай алмай мазам кетті. Қайтсем екен?
Қараңғыда бір сигарет тартып алдым. Бөлменің ішінде бір қызыл ноқат ауық-ауық бір жанып, бір өшкен сияқты ма қалай? Біраздан соң бір дыбыс естілді. Тура біреу қағаз жыртып жатқан сияқты естіледі. Алғашында иттер бірдеңе бүлдіріп жүр ме дедім де:
– Бозо?…Микмак?… деп шақырдым.
Ешқандай жауап жоқ. Қағаздың ғырт-ғырт жыртылғаны одан сайын күшейіп, скотчпен бірдеңе орап жатқан сияқты көрінді маған.
Орнымнан басымды көтеріп, шам жағайын деп қолымды создым.
Сол сәттегі көрініс өңім бе, түсім бе, бірден ажырата алмай қалдым. Мари бөлменің ортасында сол күйі жалаңаш тұр.
Үстіне сыйлық орайтын картонды киім орнына іліп алған болыпты. Сол кеудесінің ұшына көк қағаз, оң кеудесінің ұшына жылтырақ ақ қағаз жапсырып алыпты. Екі білегін неше түрлі жіппен ораған. Анам маған туған күніме сыйлаған мотоцикл каскасын ораған қағазды беліне әдемілеп байлап алыпты.
Ол жартылай жалаңаш күйімен ораулы қағаздардың, темекінің қалдығы толып тұрған күлсалғыштар мен жуылмай жатқан стакандардың арасынан өтіп, әрі жүреді, бері жүреді.
– Сен не істеп жүрсің? – дедім мен
– Көрмей тұрсың ба? – дейді ол
– Жоқ енді…шынында…
– Сен бағана келген кезіңде туған күніме сыйлық қайда деп сұрамап па едің?
Ол күлімсіреген қалпы белін қызыл жіппен орай бастады.
Мен орнымнан атып тұрдым да:
– Үстіңе ештеңе орамашы, – дедім
Бұл сөздерді айтқандағы ойым – «үстіңе ештеңе кимеші, денеңді ашық қалдыршы, әдемілігіңді қызықтайын, рұқсат етші, өтінем», – дегенім еді.
«Үстіңе ештеңе орамашы» дегенім, дәл қазіргі сәттерді асықтырмашы, онсыз да маған жабысқан теңіз ауруы менің ішімді ауыртып, мазамды алып, қоятын емес дегенім. Оның үстіне, ертең мына мен, қатардағы жауынгер, Нансиге қайтадан жол жүріп кетем емес пе.
Ал, сен болсаң…
Аударған Мария Арынова