Журнал "ТАМЫР" Выпуск №48 (2019-2020), ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ, Свежий номер

Ахмет Айжан.«Драма.KZ» фестивалінен кейінгі ой

Ахмет Айжан – театртанушы

«Драма.KZ» фестивалінен кейінгі ой

Қазақ театр өнерінің, оның ішінде драматургияның кәсіби жолы өткен ғасырда басталған. Драматургия мәселесін сол кездегі жазуға икемі бар жастар өздерінің шығармашылық шама-шарқына орай шешіп, сахнаға шығарғанын тарихтан білеміз. Қазақ топырағындағы алғашқы драматургтер дегенде, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Б.Майлин есімдері аталады. Олардың кейбірі қазақтың жыр-дастандарын сахнаға лайықтап, пьесаға айналдырып жатса, келесілері заманауи тақырыптарына ой қозғады. Драмалықтартыс пен әрекеттің көрермен сұранысына сай болуы біздің ойымызша,сол уақыттың өзінде-ақ басты талап болғаны анық. Жоғарыда аталған авторлардың пьесалары төл өнеріміздің жауһарларына айналғаны сөзсіз. Сол кезде жазылған М.Әуезовтің «Еңлік – Кебек», «Қарагөз», «Айман – Шолпан», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш –Баян сұлу», «Ақан сері – Ақтоқты» пьесаларын бүгінде режиссерлер сан түрлі интерпретацияда көрермен назарына ұсынып келеді. Бірі – дәстүрлі сахналық тәсілдермен қойса, екіншісі жаңаша формадағы шешімдер тауып жатыр. Демек, режиссерлік ізденістер заман талабынан туындап отыр деп айта алмаймыз. Негізінен, қазақ драматургиясы әртүрлі даму сатыларынан өтті. Азамат және Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі халқтың ахуалын, жауынгерлер ерлігін патриоттық рухты асқақтататын тақырыптағы пьесалар сахна төріне шықты. Одан кейін авторлар кеңес өкіметі жүйесіндегі өмірдің жарқын тұстарын көрсету керек деген талабын орындады. Бұл тұста жазылған драмаларда тартыс болмай, аталмыш саланың дамуына біраз нұқсан  қазақ театрының тарихы куә. Демек, ұлттық драматургия өзінің бастау уақытынан-ақ күрмеулі мәселелерден кенде емес.

Ал, 90 жылдары қазақ сахнасына тарихи пьесалар мен еліміздің егемендігін жырлайтын шығармалар көптеп шыға бастады. Бұл еркіндікке қол жеткізген елді өткенімен қайта таныстырып, ұлы тұлғаларын халқымен қауыштырған шығармалар болды. Әкем театрдың сахнасына Абылай, Кенесары, Шыңғыс сияқты хандарымыз шығып, халық қызыға көретін спектакльдерге айналғанына Ә.Кекілбайдың «Абылай хан», М.Байсеркеұлының «Абылай ханның ақырғы күндері», Иран – Ғайыптың «Шыңғыс хан», Ш.Құсайыновтың «Қазақтар», «Томирис» пьесалары биік тұғырға көтеріліп, театрдың кезеңдік спектакльдеріне айналғаны дәлел.

Осындай үрдістің жалғасы ретінде соңғы жылдары театр мамандары заманауи тақырыпта жазылған пьесалардың қажеттілігін баса айтып жүр. Көптеген өнер ошақтары өз шама-шарқы келгенше бұл олқылықтың орнын толтыруға тырысып-ақ келеді. Облыстық театрлар жергілікті авторларға ұсыныс жасаса, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы ұжымдар әртүрлі байқаулар ұйымдастырып, мәселені шешудің жолдарын қарастырып отыр. Тіпті, республика көлемінде тәуелсіздікті жырлайтын пьесаларға байқау жарияланып, жеңіп шыққан пьеса М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының сахнасына қойылды. Алайда шығармалардың драматургияның өзіндік теориясымен салыстыра қарағанда әлсіз екендігі театр сыншыларының назарынан тыс қалып жатқан жоқ.

Әдебиеттің өте нәзік жанры саналатын драматургиядағы заманауи бағыттарды, жаңа қолтаңбаларды анықтау мақсатында қолға алынған «Драма.кz» фестивалі қазіргі уақытта қанатын кең жайып келеді. Мұнда жаңа драманың құрылымына, ондағы тартыстардың, мінездердің бүгінгі күннің қоғамдық-әлеуметтік мәселесін ашуға негізделгендігіне баса назар аударылады.

25-29 қазан аралығында өткен фестивальге он пьеса таңдалып алынған. Фестивальдің финалына өткен шығармалардың оқылымы М.Ю.Лермонтов атындағы орыс драма театрының кіші сахнасы мен «АRTиШОК» театрының үлкен сахнасында өтті. Аталмыш шараның ұйымдастырушыларының бірі әрі тұрақты жетекшісі белгілі ресей драматургы Олжас Жанайдаров. Ол фестиваль аясында қазақстандық авторлар үшін шеберлік-сыныптарын да өткізіп отырады. Жалпы байқауға келіп түскен пьесалардың саны 48-ге жеткен. Алдыңғы жылы да осымен шамалас болған. 2017 жылы ұйымдастырылған алғашқы фестиваль лаборатория формасында болды.  Өздерінің прозалық шығармаларын алдын ала жіберіп,  соның ішінен драматургияға талабы бар бірнеше авторлар таңдап алынды. Олар әрине, дайын пьесалар емес, фестивальге арнап жазылған дүниелер. Ал, екінші фестивальдін формасы өзгеріп, қатысушылар  өздерінің дайын пьесасын жолдады. «Драма.KZ» фистиваліне қатысып, жүлде алған шығармалардың бірнешеуі Ресейдегі өнер бәйгелеріне қатысқанын айтып өткіміз келеді.

Пьеса жазуға қызығушылығы басым, шығармашылық дамуды қалайтын, өз жұмыстарын түрлі байқауларға жолдап отыратын драматургтер ортасының қалыптаса бастағаны қуантады. Бұл дегеніміз, авторларға өздерінің пьесаларының қаншалықты сұранысқа ие екенін көрсету және әрі қарай жазуға деген ынта-жігерін арттыру болып табылады.

Негізінен театр тарихына көз жүгіртсек, заманауи драматургия дамымай театр өнерінің алға қарай жылжуы мүмкін емес екенін көреміз. Жаңа заман талабына сай, бүгінгі күнмен үндес пьеса сахнаға қойылғанда театр атмосферасының өзгеретіні анық. Сондай-ақ,театр мамандарының арасында да қызу талқылаулар өтіп, шығармашылық дикуссиялар орын алады.

Соңғы кездері «Драма.KZ» фестиваліне келіп түскен пьесаларға деген қызығушылық арта түскен. Бірінші лабораториялық фестивальде оқылымы болған орыс тіліндегіпьесалардың бірнешеуі қазақ тіліне аударылып, кішігірім театрлар сахнасына қойылды. Екінші фестивальден бастап қазақ пьесалары да ұсынылып келеді. Бұл заманауи драматургияның ана тілімізде жазылуына, дамуына түрткі болды. Биылғы шорт-листке кірген пьесалардың жетеуі орысша, үшеуі қазақ тілінде.

«Драма.KZ» фестиваліне келген пьесаларды талдай отырып, авторлардың тақырып таңдаудағы еркіндігін аңғардық. Олар қазіргі таңдағы театр сахнасынан айтылуы керек деген ойларды ескере отырып, драмалардың көрерменге берерінің мол болуын көздеген. Бұл жерде біз қарапайымдылықты ұстанған драматургияға бет бұрған жастардың бүгінгі қоғамның өзекті мәселесін көтергенін байқадық.