Архив выпусков, Журнал «ТАМЫР» Выпуск №49 2021, Журнал Тамыр, Свежий номер

Омарғазы Айтан. Менің шығысым

(Поэма)

Шығыс,
Дүние Шығысы,
Менің Шығысым!
Мен Шығыс шатқалдарының қоңыр аюымын
Қызыл тікен үңгірін аралап ержеткен.
Есімімді фантазия авторларынан сұра,
Фамилиям «Бейжиң синантроптары» заманында өткен.

Шығыс! Шығыс!
Шығыс сулары қандай тәтті?!
Шығыс таулары жоқ мен қыдырып араламаған.
Орангутан маңдайы әлі маған ұқсайды,
Кім екен бамбук жамылып бізге келген?
Қайсы бала кезінде жалаңаш ойнамаған.

Мен Шығыс ақынымын,
Шығыстан ойлаймын.
Лексикам – Шығыс топырағының жылы қатпарларынан;
Тарих қолымен бүктеліп,
Низами, Науай ақтарған.
Аңқау азиялықтар,
Мен де дүниеге аңқау қараймын,
Өз сенімім өз бойымда сақталған.

Бар денем –тұл Азияның зәрра түйіршігінен,
Гималая кристалынан,
Яуа жапырағынан,
Араб мұнайынан;
Бабыл қақпасынан
Тибеттің жер құдайынан.

Шығыс, аспаным, топырағым,
Сүйемін,
Еңіреп сүйемін,
Сүйем тау бұғыларыңның жалпақ маңдайын;
Теңіз құстарының зәр сұңқылын,
Жер жоталарыңның сынық жаңқасын!
Сүйем
Мың заман жер жынысының ыстық қабатын,
Батыр бабаларымның
Сарғайған сүйек қаңқасын!

Сүйемін,
Құшақтаймын
Шіркей мүжіген сынық қурайыңды,
Ызыңдаған бір үн –
Бұл менің ізгі дастаным.
Ұмытпаймын,
Ұмытпаймын мен өз бауырларымды.
Ұмытпаймын ашулы Африкам аспанын.

Шығысым, аспаным,
Кірлетпеймін тау ұлдарыңның ақ қалпағын,
Шомыламын өзендеріңнің мөлдір шашағына!
Жамыламын жолбарыс терісін,
Оранамын
Ферғана даласының майда қауашағына!

Лайлатпаймын өз тұнығымды
Мен сол өз тұнығыма бетімді жуғамын.
Шығысым,
Мен сені құшақтап өтемін,
Құшақтап туғанмын.

Шығыс,
Дүние Шығысы,
Ей, менің баба Шығысым,
Келші,
Өлең тудырған топырағыңа маңдайымды ұстайын.
Қайда қауырсын қаламдарың?
Көп-көп ұшып өтсеші,
Ақ қанатты әсем құстарың!

Қайда,
Күнде түсімнен шықпайды
Ақбоз атты батыр бабаларым.
Қайда садақ асқан қалың қол.
Өртеніп жанып барады теңіз жағаларың.

Қайда, сағынамын
Фердаусиімнің жігіт шақтары;
Физули,
Сен үшін
Бір мысыра өлеңіме қара байлаймын,
Мен шығыс азаматымын,
Мен бар шығысымды осылай ойлаймын.

Шығыс,
Дүние Шығысы,
Менің қоңыр Шығысым,
Мен саған тартып қоңыр болғаныма қуанамын,
Азия адамымын,
Азия жынысынан,
Азия үшін жылаймын,
Азия үшін қуанамын.

Азия,
Алтын Азия,
Орта ғасыр керуені үстіңнен өтетін;
Тырналар тізіліп тасбих жібіне
Қиқулап, еңіреп алысқа кететін.

Қайда Маурен-ахр парилары,
Бағдат, Мысыр, Чин-Мачин сұлулары,
Олар паранжы жамылып дүниеге келетін,
Білем олардың қаралы түндерін,
Олар паранжы астында бесік таянып,
Паранжы астында өлетін.

Шығыс,
Шығыс,
Қайғылы Шығыс!
Қатыгез қанжарлардан қан сорғалап,
Қара қалпақ жігітіне
Сексеуіл түбінде аят айтылатын.
Садақ жебесі
Шопан кеудесінде дірілдеп,
Алатау етімдері
Әке табытын өңгеріп қайтатын.

Қанша жыл
Қыпшақ далалары қанға бөгіп,
Ақырет шапаны бүркелген.
Қанша жыл зұлмат қамшысы
Шығыс аспанына
Тозақ отымен сүйкелген.

Қайсы күн
Қайсы алып кемеге алтын толтырылса,
Сол күні Чаңжияң үстімен
Апиын түтіні көтерілетін
Сәулетті сарайлардағы шарап уыты
Сол жылы
Дихан денесінің
Қан тамшыларымен өтелетін.

Заман!
Заман!
Наурыз шалдары
Қанша қыс алақанын жаятын:
«Самарханның көк тасы қашан жібисің?»
Шығыс – көктем қабірістаны,
Әруақ саны періште дәптеріне симаған,
Жер – өлексе базары,
Жел музыкасын әкелетін қан иісінің.

Шығыс,
Менің алып Шығысым!
Мен Мартек граффасының басында тұрамын.
Шығыс боп жер айналып,
Шығыс боп тарих жасаймын.
Әруақты аталарға күмбез тұрғызып,
Қасиетті босағаларға
Қос арыстан келбетін қашаймын.

Тыңда ұлы мұхит капитаны,
Есіңде ме, айтшы
Болат қылышыңның тұңғыш тамшысы
Кімнің қайсы тауларынан алынған?
Ағылшын бойжеткендері,
Француз мырзалары!
Айтыңдаршы
Жібек шапан
Иықтарыңнан
Ең алғаш кімнің қолымен жабылған?

«Мың бұдда үңгірін» ақтарып сөйлеймін:
Мәр-мәр тасының нақыс оймасынан,
Хаңжоу сарайының қыш мұнарасынан,
Бирмадан, Тегераннан, Сингапурдан,
Калкутта батырының шахмат тақтайынан,
Ганг суының құламасынан.

Тыңда Июь-Йорк серілері,
Мен сенің «Бостандық перизатыңнан»
Дүниеге
Мың жыл бұрын келгенмін,
Мың жылдар – мың жылдар
Мен сол мың жылдарда
Египет приамидасына тас жонып жүргенмін.

Білем дүниенің бір ортақ мәдениетін,
Үндер, әуендер, ырғақтар
Барша ізгі әуендер менің құлағымда
Бөлінбесін дүние мәдениеті,
Қосылсын бар ел қиялы
Бір Фанарас тауының алтын бұлағына!

Білем дүниені соңғы мүйізінің
Жер құлағынан кейін озғанын
Фифагор теормасын
Мен батыстан үйрендім,
Бірақ алжабр формуласы естен шықпасын!
Тәтті шарап емес,
Әбуғали тәлімі ащы ішірткі,
Шіркеу микробы улап құрытпасын.

Білем, Еуропа,
Ұмытпаймын
Суынған денеме құйылған ыстық қаныңды.
Ұмытпаймын
Маңдайымнан көп сипаған
Мейірбан алақаныңды.

Қайда бар адам,
Шығысымен бірге құшақтайын,
Қасірет ыдысын бірге көтеріп,
Қанша жыл ағарып қуарған
Өлген шалдар
Қыстауда жөтеліп.

Жауларып жыландай у төгіп,
Түсіме әзірейіл енетін,
Жауларым – жақыннан
Жауларым – алыстан,
Жауларым іргеден келетін.

Достарым – батыста,
Достарым – Шығыста,
Достарым
Қай заман жылап шырқыраған?
Напалион қылышы Карпат кеудесінде,
О заман
Менің де сүйегім қақсап сырқыраған.

Ұмытпаймын
Сол сапта мен де мылтық ұстағанмын –
Батыс ұлдары,
Шығыс ұлдары,
Мен де сол жақта болғанмын
5-жылдары,
14-жылдары.

Шығыс,
Менің алтын Шығысым,
Түсір бар ауыр салмағыңды,
Кеудеме, төбеме көтерейін.
Мен сенің
Ең соңғы бір ежелгі шәкіртіңмін,
Мен саған бір шумақ өлең болып өтелейін.

Азия оянып қиял қанатында ұшқанда,
Жыр-қиссалар ырғағын қуғанмын.
Ақылия, тәлім, тағылыматтарға сиынып,
Даналар шапағатына жүрегімді жуғанмын –

Қайда Адам ата тәбәрак ізі,
Мен сол топыраққа аунаймын.
Топырақтан жаралған
Адам тегі, жер тегі
Мен өзімді сол қазыққа байлаймын,
От не? Су не?
Ұста қолыңа
Табиғат айнымайды өз тегінен
Шығыс – поэзия дастарханы,
Інжу-маржан, лағыл-жақұт,
Меруерттер төгілген.

Келіңдер меймандарым,
Алыс-алыс қырларға бастап барамын
Арала Азия тауларын
Биік қорған, ескі қоршаулар
Тосып қақпайды таныс адамын.

Келіңдер,
Робинзон Грузо, Маркополо,
Христофер Коломбо,
Өңкей сақлақ жаһангер – жер кезбелері,
Менің Шығыс еліме!
Асау романтизмның асқар арыстары –
Пушкиным, Лерментовым,
Келіңдер,
Шығыңдар
Науайымның төріне, Абайымның төріне!

Келіңдер
Әзиз релаизмның барша ардагерлері,
Кел Генрих Гейне Қашқарияма
Ала шапан кигіземін
Кел Байрон Алматыма
Жамбылға маңдайыңнан сүйгіземін.

Кел, Онере де Балзак,
Шығыс самалымен ашты теріңді құрғатамын
Келіңдер
Шын лебізіммен
Мен сендерге осылай тіл қатамын.

Джульеттаның жақсы сіңлілері,
Сендерді Шанхай театрында биге тартамын.
Мен – вальс толқыны
Мен сендердің қолдарыңа
Ақын жүрегін сонда ұстатамын.

Қайда шығысымның замандастары,
Мен әулиелер заманының кенже баласымын, тыңдаңар,
Ұрпақ таңдайынан суынып кетпейді
Хауана уызы-
Менің анамның, Нұқ пайғамбар анасының

Жер! Жер!
Жер- батысым,
Жер- шығысым,
Екі құшағымда екі жарым шар берілген.
Параллель белбеуін мықты буынып
Жер қазанын сындырмай ұстайық-
Алтын еріген, күміс еріген.

Шығыс,
Менің сиқырлы шығысым
Мен сенің сиқырлы тылсыматыңда тірі қалармын,
Жер жынысынанмын,
Жер адамынан,
Адам атымды тағы мың жыл көтеріп барамын.

Шығыс,
Дүние шығысы,
Менің ана шығысым,
Кім ұмытсын сенің ана бесігіңді.
Мен- тарих,мен- сол адам,
Фантазия авторларынан сұра есімімді.

Қайда ежелгі шығыс ұландары,
Ер-арыс, ақын бабаларым!
Қайда қауырсын қаламдарың, алыңдар қолдарыңа
Туыстарым, інілерім, ағаларым!

Жаз, Назым Хикмет поэзия симфониясын,
Оқы Гоморо өз декларацияңды!
Сөйлер Самед Вургун тырна бұлақтарынан;
Алып өт Мұхтар аға «Абай ағаңды»
Ай астының ақжал атымен!
Жаз, Ғафур Ғұлам өз шығысыңды!
Оқы Омарғазы өзіңнің дастаныңды:
Файлатон, файлан,
Файлатон, файлан…

1956 жыл
Төте жазудан дайындаған: Тілек ЫРЫСБЕК