Журнал «ТАМЫР», №46, август-декабрь 2017 г., Журнал Тамыр

«Улисс» романының «Одиссеймен» үндестігі. Орыс тілінен аударған Тілек Ырысбек

Джеймс Джойс 1902 жылы Ирландияны тастап, Парижде қуғында өмір сүре жүріп, сұңғыла кемеңгерлігімен өз замандастарынан әлдеқайда ауқымды әрі күрделі мақсаттарды алдына қоя білді. Католиктік тәрбие алған ол, өз заманының жалғандығын жете түсініп, гуманистік қалыпта, XX ғасырға бейімделе бастаған зорлық пен зұлымдықтың алдын алуға тырысты. Оның алғашқы еңбектері шебер әңгімешілдігімен танылып қана қоймай, әлемдік өредегі Чехов, Мопассан сынды алыптармен аты қатар аталады. Джойс шығармаларында Ирландияның астанасы Дублинді адами қасиеттен айырылып, рухани құлдырауға ұшыраған жансыздар қаласы ретінде бейнелеп, ондағы қоғамның жиіркенішті, ұсқынсыз тұстарын асқан шеберлікпен өзіндік жазу мәнеріне салып суреттеп береді. Дегенмен, бастапқы шығармашылығында Джойс шынайы реалистік дәстүрдің аяқтаушысы ретінде көрінсе, кемеліне келген тұста оның басты қарсыласына айналды.

Оның шығармашылық жолындағы аса маңызды еңбегінің бірі «Улисс» романы 1914 жыл мен 1921 жылдар аралығында өзі тұрған Триес пен Цюрих қаласында жазылып, 1922 жылы жарыққа шықты. «Улисс» атауымен «Одиссейдің» байланысы барын кітаптың басындағы Джойстың емеурінінен анық аңғара аламыз. («Улисс» атауы «Одиссей» кейіпкерінің атымен аталған). Гомердің «Одиссейі» мен пара-пар эпос жазуға бел буған ол замандастарының батылы барып жаза алмайтын тақырыпқа қалам тартуға бекінеді. Жазушы Шекспир, Гомер, Дантелермен жарыса жүріп, солар салған соқпақты бағдар етіп алады. Әлбетте, мұндай өзіндік замана эпосы әдебиетте үстемдік етер роман жанрына айналатыны анық еді.

Джойстың аталмыш романының маңызды бөлігі, яки жетпіс бетке жуығы гомерлік шытырман оқиғаларға байланысты өрбігендіктен, романның әр бөлімінде «Одиссейдің» әртүрлі саяхаттарына параллель ұқсастықтардың табылуы «Одиссеймен» байланыстырудың тағы бір себебін аңғаруға болады. Бұл романда оқырман автордың түпкі ойын аңғармауы да мүмкін, сондықтан, автор ойын білу – романды оқудан да әлдеқайда құнды болары анық.

Романда кездесетін басты үш тұлға – «Одиссей» аңызындағы кейіпкерлерінің прототипі. Бағзы заманның Одиссейін Джойс әлемдік әдебиеттің тиянақталған образы ретінде қабылдайды. Анығында Одиссей – алғашқы антикалық кейіпкер. Тек қана қара күшімен емес, ақыл-айласымен де жан-жақты ебін тауып қорғана білген азамат болса, Гомер Одиссейді өмірде кездесетін барлық ер адамға тән рөлдермен кемелдендіре отырып, оған баланың, күйеудің, ғашықтың, әкенің, көсемнің, кедейдің, дипломат пен даңғойдың барлық қасиеттерін топтасырады. Бұл орайда Гомер Одиссеяға өмірдің барлық тәсілін жинақтай отырып, жан-жақты адамды бейнелеп берсе, Джойс өз романында ирландық еврей Лепольд Блумды осыған ұқсас етіп суреттейді. Блумның әйелі Мэрион немесе Молли – заманауи Пенелопа болса, ал авторға ең жақын, романның ең жас кейіпкері Стивен Дедлаус – Одиссейдің ұлы Телемакпен параллельді сәйкестік табады.

Роман 1904 жылғы 16 маусымдағы бір күндік оқиғамен өрбиді (Бұл кез Джойстың болашақ әйелімен танысу сәті ретінде есінде қалған). Нақтылай айтар болсақ, әрқандай істе, әрқандай ой мен сезімде барлық үш кейіпкердің өмірі көрген түсінен оянуынан кейін әңгімеленеді. Күнделікті күйбеңмен Леопольд Блумның бір күнін жарнама агенттігінде өткізгенін; ал оның әйелі әнші Молли сол күні өзінің көңілдесімен кездескенін; өзінің жайсыз қылықтарына қарсы тұру барысында өзін-өзі тәрбиелеп, метафизикаға деген бейімділігін арттырғысы келетін, таң атысымен мектепте тәлім беріп, одан кейінгі уақытын кітапханада өткізетін оқымысты ақын Дедалустың Блуммен асханада танысуы, екеуара сұхбат Молли ұйықтап жатқанда Томның үйінде жалғасатын оқиғамен өріледі. Блум кітаптың орта тұсын қамтыса, Молли мен Стивен оқиғаның шетінен көрініс табады. Роман Стивеннен басталып Мэрионмен аяқталады. Оқиғаның негізгі сюжеттері осылай біртіндеп баяу баяндалады.

Айналадағының бәрін бақылауда ұстап баяндау Джойстың «Улисстегі» басты идеясы деуге болады. Жай бір әдеттегі күндерде Еуропаның ең көне астанасы – Дублиннің өткені жайлы әңгіме қозғай отырып, еврей мен ирландық екі ұлттың арасындағы тарихи әңгімелері арқылы, бір мезгілде бүкіл адамзаттың тарихына қозғау салады. Және өзіндік пайымымен ағылшын әдебиетінің тарихын зерделеп, адам ақыл-ойының энциклопедиясын жасайды. Кейіпкерлерінің іс-әрекеттерінің негізі іс жүзінде олардың санасында жүзеге асырылғандықтан, роман уақыт пен ғарыштың адам арасындағы әмбебап сипатына ие болады. Сондықтан, оқиға бір мезетте орын алып, бір-бірімен қабаттаса байланысып отырады. Осы мақсатта Джойс мифте модернистік сипат тауып, өз заманының толымсыз заңдылықтарының сынына төтеп береді және мифологиялық санада адам табиғатындағы барлық қасиеттерді топтастырып, романға тұтастық беріп, мифологияның әдеби модернизмін қалыптастырады.

Джойс «Улисс» жайында мифті заманауи қалыпқа бейімдеп жазғысы келетінін айтып, «Одиссейдің» шынайы мифке негізделмегенін алға тартады. Сондықтан, романдағы жекеленген эпизодтарда негізгі кейіпкер Блумға бірде Вергилидің, бірде Христостың және Шекспирдің көзімен қарауға тура келсе, дәл осылай Стивенге – Фома Аквинскидің және Гамлеттің көзімен қарап, оқырманға әлем тарихының мәдениеттерін ажырату үшін жоғарғы талғамдағы өренің биігін қалыптастыруды талап етеді. Сол үшінде «Улисс» мифтік роман екені түсінікті болып шығатыны даусыз. Джойс романда тек қана түрлі өркениеттердің мифтерін қолданып қана қоймай, өзіндік жазу мәнеріндегі жеке мифін қалыптастырған жазушы. Сонымен бірге, «Улисстің» рационализмге негізделген, әр сөзі нақты қатал тәртіпке бағынған, шифрлық жұмбақ роман екендігін де аңғарамыз. 1930 жылы кітаптың жарыққа шығуына байланысты пікір білдірушілер жекелеген образдар мен эпизодтарға аздаған түсініктемелер беріп, мағынасын ашуда түрлі пайымдар жасаған. Және әрбір оқырман үшін «Улисстің» түпкі ойы көмескі, көзқарастары құпия қалпында қалып, оқырманға соңы жоқ болжам секілді әсер етеді.

Біршама оқырмандар үшін Джойс есімі ішкі монолог тәсілін алғашқы қолданушы болып көрінуі мүмкін. Бірақ, мұны Джойстың ашқан жаңалығы деп айта алмаймыз. Мәселен, XIX ғасырдың реалистік әдебиетінің алыбы Лев Толстойдың шығармасында көрініс тапқан өзіне өзі қол жұмсар алдындағы Анна Каренинаның сапардағы оқиғасы осы тәсілді еске түсіреді. Джойстан бұрын да модернистер болғанымен, ол модернизмге жаңа масштаб алып келді. Ол кейіпкерлердің ішкі монологтарын негіз ете отырып, романда әңгімелеу тәсілін шебер қолдана білді. Және романда әлемдік әдебиет кейіпкерлерін терең меңгеріп, олармен сырлас болуы сана ағынына қозғау салды.

Джойстың жазу мәнері де көп сөйлемдермен адамды жалықтырып жібермейтіндей өте қарапайым. Бірақ, мәтіннің орналасуы мен кейіпкерлердің кейбір іс-әрекеттері оқырманды шатастырып, логикалық жақтан ауырлық туғызары анық. Мысалы, романның аяқталар тұсындағы Моллидің ұйықтар алдында міңгірлейтін қырық бес беттік ішкі монологын айтуға болады.

1922 жылы Англияда бұл кітапты оқуға тыйым салынады. Оның негізгі себебі, сыншылардың пікірінше, кейіпкерлердің ішкі монологы оқырмандар санасына кері әсерін тигізеді деп кінә тағуында еді. Бірақ, Джойс «Улиссте», психологизмді қоса алғанда, жанр дамуында жаңа дәуір әкеліп, реализм мен натурализм дәстүрін еңсеріп, әдеткі баяндау ережелерін кеңейтіп, көне аңызды жаңа заманға сабақтастыра білді. Модернизмде қалыптасқан дәстүрден бас тарту арқылы, ешкімге ұқсамайтын өзгеше жазу тәсілін қалыптастырды.

Орыс тілінен аударған Тілек ЫРЫСБЕК