Томас Лоуренс Аравийский – британдық археолог, әскери саяхатшы, жазушы және дипломат. 1916-18 жылдарындағы Ұлы араб көтерілісіне үлкен рөл атқарды.
Тілек Ырысбек – Қытай Халық Республикасына қарасты Шыңжаң автономиялық ауданында дүние келіп, Қазақстанға 11 жасында қоныс аударған. Қазір Алматы қаласында тұрады. Қазақ тіліне батыс авторларының шығармаларын аударған. Тамыр журналының қазақ бөлімінің редакторы, және М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында графикалық дизайнер болып қызмет етеді.
ШЫҒЫСТАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР
«Өзгермейтін Шығыс». Бұл – карикатуралық анық мұқату болатын, алайда уақыт өзгерді, бұл сөздің авторы қателесті. Бүгінде Шығыс өзгерістер алаңы, айтарлықтай талпыныс пен алпауыт өзгерістің қанат жайғаны сонша, біздің Еуропа жолда қалатындай. Ұзақ уақыт бойы біз соғыс пен бейбітшіліктің текетіресінде күн кештік, жарамызды тырнап, ғаламзаттағы тепе-теңдікке ұмтылдық: Азияға мән бермедік, ондағылардың нені қалайтыны мен болып жатқан оқиғаларға назар салғымыз да келмеді. Қарым-қатынасымызды әдеттегіше ізгілікке құруға ұмтылған біз Азия өзіміз күткендей әсер бермейтінін ұққанда таң қалдық. Онда жүгенсіздік, толқыныс, көтеріліс салтанат құрған, ал біз болсақ, бұл жайттарды байқамай, оқиғаның қалай өрбігенінен хабарсыз болып шықтық. Соңында жауап біреу ғана – күш қолдану.
Дегенмен, кейінге ысырып қоюға болмайтын бір қағида бар, ол – Азиядағы ұстанымымызды айқындау, сонда ғана азиаттарды түсіне аламыз. Біз бәріміз бір ауыздан құндылықтарды қайта бағамдайтын уақыттың келгенін құптаймыз, алайда бұдан сабақ алатындар өте аз. Мәселен: біз Үндістанға комиссия жібердік, комиссия Үндістанда реформа жасауды ұсынды; Мысырға да қажетті реформаларды айқындау үшін комиссия жібердік. Лордтар палатасында Месопотамияға да комиссия жіберу жайының талқыланып жатқаны айқын. Тіпті Мальтамен де ерек комиссия айналысуда. Мұның бәрі мемлекет тарапынан келісілмеген, көзге көрінбейтін шаралар, олар әу бастан өздері айналысуға тиіс жеке өңірлердегі саяси жағдайдан өзгені көруге қабілетсіз. Олардың біреуі де бізге Азияның жаңа ұсқынын, онда болып жатқан жайттарды суреттеп беруге дәрменсіз; біреуі де дертке дауа тауып, шешім жолын тауып бере алмайды. Бұл жайтты қалағаныңызша атаңыз: физикалық, рухани я болмаса ақыл-естің кемдігі деңіз, материалдық жағдайдың қалыптасуы деңіз, ерік өзіңізде. Бірақ бұл – Азия өркениетінің сырқаты, оның Батыспен тығыз қатынасының жемісі. Бұл сырқатқа бізбен байланыс жасағаннан кейін Аустралия аборигендері де шалдықты. Сол сәттегі мұның себебін биологиялық деп атауға да негіз бар: аустралиялық қоғам өзінен айырмашылығы басым әлеуметпен қарым-қатынас жасау үшін өте әлсіз еді. Азия шыдамды, ересек, халқының саны көп, сондықтан оған ажал жоқ. Бірақ ондағы сырқатының басты себебі – біз. Еуропаны қайта қордалау мүмкін емес.
Егер біз материалдық тұрғыдан қарайтын болсақ, онда біздің тарапымыздан Азияға енген шиеленісті жақсы ұғынамыз. Техниканың дамуы бізден ғасырға татитын ауыр еңбек пен өнертабысты талап етті. Еуропаның келбеті ақырындап өзгерді, жыл санап ауысты, кейіннен адамдарды жаңа идеяға бағыттайтын күштің қажеті де болмай қалды: ысқырып отырып айдайтын аттан арбаға ауыстық, кейіннен экипаж пайда болды, қала берді күйме, теміржол, автокөлік, ұшақ. Тіпті, бізге дамудың өзі ұмтылыстай көрінді. Қолына қызыл жалауды ұстатып, адамдарды көліктің алдына салып қойдық. Азия отыз жылда бір ұрпақтың көз алдында ысқыртып шабатын есектен «Роллс-Ройсқа» ойысып, тұлпардан ұшаққа бірақ мінді. Садақтан автоматты қару-жараққа өту үшін біз бес жүз жыл жұмсадық. Шөл даланың баукеспе тонаушылары жаһандық соғыс қарсаңында ғана қолындағы найзасын тастап, «Максим» пулеметімен аласұра жүгірді. Осыдан төрт жүз жыл бұрын біз жазба басылымын ойлап таптық, оны оқып, таразылау үшін ұзақ жолдан өттік: заманауи басылымның жылдамдығына қол жеткізу үшін ағаштан жасалған тақталардан бұрандымен бекітілген жиынтыққа, одан тетікті, кейіннен электрлі пресске өттік. Шығыста жылдан жылға өмірі жұтаңдана түскен көнерген көшірмешілер мен калиграфтар және линотиптер бар. Азияға бұқаралық баспа дайын түрде жетті. Істің материалдық жағы осындай. Біз ғасыр жұмсаған жолды Азия отыз-ақ жылда жүріп өтті. Ресей, Балқан елдері, Солтүстік Американың кей аудандарында толығымен мүмкін болмаған кей жайттар Азияда да болды. Дегенмен, не болса да, Азияның қолынан келді, Өзен мектебі мен Ламартин мәңгілікке келмеске кетті. Мұны байқамау мүмкін емес. Орта ғасырға жаны құштар кейбіреулер өткенді аңсап жылайды. Дегенмен, олардың жылауы тек тәннің күйігі ғана. Кім өткенді қайтара алады? Сағат тілін тек болашаққа бұрып, уақытты жылдамдатудан басқа қайран жоқ. Бүгінде Азия халқының басым бөлігі осылайша уақыт тілін алға оздыруда, дегенмен, бұл әрекеттің қаншалықты шынайы екендігі белгісіз. Бүгінде Азия халқының басым бөлігі осылайша уақыт тілін алға оздыруда, тіпті нақты жүріс жылдамдығын түсіну мүмкін емес. Мүмкін, мұны біз сағаттар дамылдағанда бірақ ұғынармыз; бірақ, не болса да, біз Жер-Ананың мемлекеттер мен құрлықтардың бір-бірін табандап қуалаған жүгірмелі жол екендігін ұғынуымыз қажет, ал Азия болса, бұл жарыста біз жинаған білім қорын пайдалануда.
Азия халқының ойлау жүйесі, моралі өзгерді, дегенмен, мұны бағалап жатқан кім бар? Азияның материалдық тұрғыдағы жай-күйінің өзгеруі бізге өзге де аймақтарда болып жатқан тегеурінді өзгерістерге бас бұрудың белгісі болды, бірақ біз мұны шынайы қабылдай аламыз ба? Азияда идеялар ауысты: халық саяси өкілеттілік пен парламент турасында сөз қозғады. Ал біздің аталарымыз өмір сүрген уақытта азиаттарды рухани және зайырлы қоғам басшысы билемеп пе еді?! Жалпы палата құру үшін Ұлыбританияның қаншама ғасырды тәрк еткенін ойға алсақ, Азияның қарқынына таңдай қағасың: Каир мен Бомбейде – еңбекшілер ереуілі, Меккеде – жалпыхалықтық наразылық, Константинопольде – кәсіподақ конгресі. Ол біздің сырқатымыздың алдын алды. Өзіндік айқындық ше? Әлбетте, иә! Ұлттар Лигасы? Оның саясатына бізден қарағанда азиаттар басым қызығушылық танытып отыр. Не дейік, ештеңе де бір орында тұрмайды. Біз соғыс алдында азия елдерінің саясаты өзгеріп жатқанын байқаған едік. Барлық механизмді қалыпқа келтіретін зауыт істен шығып, ойын жаңа сипатта бет алғандай болды. Әкелеріміз ғұмыр кешкен уақытта Шығыс, әсіресе Таяу Шығыс Ауған шекарасына жақын жатқанның бәрі ақылға қонымды әрі өте қарабайыр еді. Парсы, Түркия, Мысыр сынды мемлекеттерде ескішіл басқару жүйесі сақталып, сұлтандар мен князьдар билік етті: князьдің билігіне ешкім шүбә келтірмейтін, билік Құдайдан берілген қасиетті дүниедей көрінетін, заң болса, мемлекет ұстанатын дініне бас ұратын. Бұл мемлекетке берілгендер бірінші кезекте мұсылмандар, христиандар мен өзге ұлттар деп бөлінетін. Кейіннен олар саналы түрде өздерінің түрік я болмаса, араб екендерін ұғынды, дегенмен, басты рөл діни сенімге байланғандықтан бұл мәселеде олар сенімді бола алмады. Бұл оларды төмендетуге себеп бола ма? Бұған дейін сәл өткен уақытты еске алсақ, қолжазба кітаптар мен жауға шабар найзалар ғасырында біздің олардан анау айтқандай айырмашылығымыз болмады. Тек 1870 жылдан бастап біз «ұлтшылдық» деп аталатын тың идеяның тартымдылығын ұғына бастадық. Бұл идея Батыс Еуропаның өнертабысы бола тұра, біртіндеп Батыс және Шығыс елдеріне еніп, енген аймақтың бәрінде соғыс пен тәртіпсіздік салтанат құрды. Ұлтшылдық – мазасыз әрі сұрапыл апат; діни соғыстардан қарағанда дәл осы идея қаншама тағдырдың басын жалмаған болар, біз болсақ, оның тырнағына жақында ғана іліндік. Бұл індеттің қаншалықты тамыры тереңге кетсе, соншалықты қауіпті: Балқан мен Ирландияға бұл індет кешірек жетті, енді мұны өткеру өте қиын. Бұл індетпен ертерек ауырған біз үшін иммунитетті көтеретіндей амал-шарғы болды: соғыс пен үкімет іскерлік белсенділік бар болғанда ғана ғұмырлы болған сәтте біз экономикалық дамудың жаңа сатысына кірдік. Ұлттық мәселе дау-дамайдың тетігі болудан қалды. Дегенмен, аталған экономикалық ырғақ ұлттық және діни идеядан да артық жойғыш күшке ие болуы әбден мүмкін.
Қалай болса да, Таяу Шығыс белгілі бір шектен асты. Ұлтшылдықтың алғашқы белгілері Түркияда пайда бола бастады: Мидхат-паша исламға мойын бұруды қойды, Түрік үкіметінің тілі француздың сөздерімен толысты; Мысырда Араб-Паша әскербасы болып, хедив пен оның түрік ортасын биліктен аластатуға тырысты. Қай жағдайда болсын нәтиже көңіл қуантарлықтай емес. Мысырда ағылшындар таққа шетел әулетін жайғастырды, Түркияда Әбдул-Хамид Сұлтан Мидхаттың идеясын бейтараптандыру үшін, иерархиялық негізге құрылған панисламизм идеясының ту қылып, елді билей бастады. Панисламизм туралы сұлтан орта ғасырда шығарылған немістің бір кітабынан оқып білген. Дегенмен, бұл идея уақытша ғана үстемдік етті – қазір бұл идеяны Үндістан мен Африканың кей бөлігінде қолданады. Бірнеше жыл қатарынан Азияда бейбітшілік орнады. Еуропа мұны есепке алғанымен, өзінің ойлау жүйесін өзгертуге еш әрекет жасамады. Егер біз ойымызды өзгертуге мәжбүр болсақ, бізге мұны істеуге мәжбүр еткендер келтірген зияндары үшін жауап берсін деген екен бір неміс, сондықтан бұл біз үшін де, Азия үшін де қолайлы амалға айналды. Жаңа идеялар өлмеді, өле алмады, Азияның дәл қақпасында Балқан жатқан еді — бұл ұлтшылдықтың індеті қаумалаған өсіп-өну ортасы болатын; міне жиырма-отыз жылдан кейін індет қайта бой көрсетті, бірақ оны таратушылар енді насихатшылар емес, қастандық жасаушылар болды. Парсы олармен біте қайнасты. Ақыр соңында бәрі көтеріліске, тәртіпсіздікке және конституция жариялауға шықты, оның орындалуы тым қиын болатын, қарама-қайшылық басым болды. Дегенмен, өз-өзін сыйлайтын кез келген мемлекет үшін конституция сәнге айналды, ал Парсы болса, оны мазаққа айналдырды. Бірде-бір парсылықтың мұны ұғынбағанын, конституцияның «жұмыс жасамағанын» алға тартты. Не болса да, міне он жыл бойы Парсы конституциялық мемлекет.
Кейіннен Түркияның кезегі келді. Осыдан біраз бұрын ағылшындар Мысыр саясатына түрткі болатын өзгерістер жасады. Әбдул-Хамид лорд Кромер мен сэр Элдон Горстан қарағанда, қатаң шешімдер қабылдауды жөн санады, бұл өз кезегінде ұлтшылдықтың қысымын соңына дейін ұстап тұра алды, түптің түбінде қысым жарылып, сұлтанның өзі тақтан құлады. Панисламизмнің соңы осылай тәмамдалды: ислам әлемінің рухани және зайырлы билігі осылайша абақтыға тоғытылды. Ескішіл наным-сенімдер күшін жоғалтты. Оларды жаңарту үшін бір апта уақыт кетті. Түркия сол сәттен бастап барша халықты бауыр деп жариялады. Осылайша мәлімдеме жасаған жас түріктер статистиканы ойға да алмады, есесіне, оқиғаның желісі олардың қателіктерін айқын көрсетті. Осман империясына берілген түріктер аз еді: отыз – отыз бес пайыз. Олардың боданында болған халықтар: гректер, армяндар, алмандар мен күрдтер, арабтар, қалған осы халықтар бауырлық идеясын қабылдауға даяртын. Олар Герберт Спенсерді және соған ұқсастарды оқыды, кейіннен олардың ми қатпарында әлбетте, олар түріктермен тең, олардың қасиетті парызы қолдан келгенше көмектесіп, жаңа ғасырға табан тіреуге ұмтылғандарға қолдау білдіру деген түсінік пайда болды. Миллиондаған адамдар жалпы басқаруды қалай жүргізуге болатындығы туралы ойлана бастады.
Енвер паша мен оның одақтастары өз-өздерін сақтай отырып, шайқасуға шешім қабылдады. Олар пантүркішілдікке доктрина қойды. Жартылай французша, жартылай немісше кітаптардан жинақталған аралас ілімдер Осман империясының ақиқаты болуы қажет, ол үшін 1910 жылы империя өз шекарасына түркі тілдес халықтардың барлығын біріктіруі керек деген ұстанымды бекітті. Бұл саны аз түріктер тарапынан қалыпты қабылданбаса, бір шетінен түріктердің қызығушылығына Хиуа мен орысшаланған Түркістан тартылды. «Қатарға енбеген» елдер жайына қалды. Әу баста империя аумағындағы «шет мемлекеттермен» есеп айырысу қажеттігі туындады, олардан тұтас бір ұлт жасақтау ойда болды. Сылбыр болуға болмайтын: Еуропада орын алған жайтқа оң көзқарас танытпады. Сәйкесінше, армяндар мен гректердің санын қысқартуға қатысты шаралар қолға алынып, сол сәтте арабтарға қатысты әрекеттер де жүзеге аса бастады. Арабтарға қатысты жайтта біріншіден, араб тілділерге түрікше үйрену қажет болды, екіншіден олардан нағыз османдарды шығару мақсаты көзделді. Кейбір түріктер «Түріктің есегі жат бауыр пайғамбардан жақсы» деген мақалды негізге алып, ұлтшылдық исламнан биік тұруы қажет деген ұстанымды ту етті. Отарланған халық Енверді қатал басшы деп атады, барша империя ішнара жасырын күбірлесіп, болып жатқан жайтты ұлтшылдыққа қарсы деп қабылдады. Сыбайласқандардың саны ұлғайып, қарсылық танытқандар біріге бастады, салдарынан 1914 жылы құпия қоғамдастықтар желісі пайда болды. Бір ауыздан келіскендер Константинопольден жергілікті автономия аламыз деген күшпен бірікті. Тараптастар Арменияда, Күрдістанда, Сирия мен Месопотамияда тізе қосты. Сол сәтте соғыс басталды.
Соғысқа дейін Түркияның дүрдараздыққа қадам басып келе жатқандығы анық еді, кінә түріктердің өзінде. Түріктердің екі қасиеті бар: қатаң мойынсұну және мемлекеттің пайдасы үшін өз-өзін құрбан етуге бару. Бірінші қасиеті біреуге: «Отыр!» – деп ызбарлы, бұйрықты үнмен тіл қатса, жылдам отыра қалуынан көрінеді. Түріктердің екінші мінездік сипатымен еуропалықтар соғыс кезінде ұшырасты: бір ұстанымға келді ме, түріктер қасық қаны қалғанша соны қорғайды. Аталған екі қасиет түріктердің табиғи болмысын танытып, сол мемлекеттің болмысын айшықтап тұрады. Түріктер қатаң мінез бен жұдырыққа иелік етіп, басқару ісін керемет жүргізді. Дегенмен, телеграф пен жоғары салықтық математика дәуірінде бұл қасиеттер сенімсіздікті сипаттайтындай. Мәселе түріктердің құрдымға кеткенінде емес, мәселе біздің алға шығып, дамуымызда. Алайда осы деңгейлерін ұстап тұрса да, түріктер өзге нәсілдерге өздерін билеуге жол берді: оларды тек таза қанды түрік емес, албандар, болгарлар, черкестер, еврейлер мен армяндар биледі. Билік қана емес, сауда да түріктердің уысынан шығып кетті. Қазір саудаласудың өзі үлкен ғылым, сол себептен түріктер сауданы әлдеқайда терең ойлайтын ұлттардың уысына ұстатты: еврейлер, армяндар, ал арабтарға экономика мен есеп бұйырды. Осылайша, елдің бар байлығы, өндірісі мен техникалық негізі түріктердің емес, өзгелердің қолына өтті. Өз үстемдігін сақтаған түріктерде тек қана бір облыс болды. Бұл аймақтағылар қылышқа иелік етті, мұндайлар Еуропада жоқтын. Бірақ, қылыштың орнын мылтық, пулемет пен ұшақ басты. Ал түрік әскерінің мұндай жаңашылдыққа әлеуеті сай келмейтін. Осылайша, түріктер қазіргі заманда мидың құн жоғары екенін ұғынды. Бірінші ойланып, кейіннен әрекет ететін «төменгі» нәсілдердің түріктер арқылы пайдаға кенеліп жатқандарын да ой елегінен өткізді. Өткен уақытта Триполи мен Албанияны, Арабия мен Сирияны, Месопотамия мен Арменияны бір жұдырықта ұстайтын қатал басшылары баршылық еді. Енді әр аймаққа қуатты гарнизон қажет болды. Гарнизондар әлбетте түріктерден құрылды – Анадолының ұлдары ғана империяға адал берілді. Сол себептен әр жыл сайын империя әскерге жастарды ала бастады. Олардан қатардағы керемет сержанттар шықты, бірақ, патриарх таптарының өкілдері офицер атануға жарамады. Бүгінгі офицер оқып, жаза алуы, математикадан хабары болуы қажет, фон дер Гольцке тең бола алуы да міндет: офицерлерді қалалықтардан іздеуге тура келді. Оларды көпестер мен шенеуніктердің балаларынан жинай бастады, бұл жастар Батыстың өмір сүру салтын меңгерген, византиялық болмысты бойына сіңірген, ауылдан келген әрі өзіне бағынатын қатардағы жауынгерлерге аяушылық танытпайтындар болатын. Бұл офицерлерді тек өз мүдделері қызықтырды, қалғанының бәріне бас ауыртпады. Олар басшылық еткен әскерлер түрлі эпидемия, тазалықтың жоқтығы, нашар тамақтандыру мен жайсыз жайттар салдарынан жүздеп қырылды. Осылайша әскер Түркия жастарын аждаһадай жұта бастады. Анатолияда туу көрсеткіші бірден төмендеп кетті. Түркияның құрдымға кеткені, шектен асқан қауқардан өліп бара жатқаны айқындалды. Онсыз да үміті өшкіндеген жағдайды балқан мен италиялық әскерлер ушықтырды.
Бәрі апатқа ұшырады, содан кейін соғыс басталды. Жиырма жылдың көлемінде айтарлықтай дамыған Азия бәрінің күткенінен он есе артық қадам жасады. Соғыс кезінде Еуропа Азия бөлігінің алдында пайда болды. Көзден таса бір аймақта неміс әскерлері тұрды, одақтастарының әскері өзге аймаққа шоғырланды. Олардың барлығы үгіт-насихатқа жұмыс істейтін министрліктерді әрекетке көшіру үшін қолдан келгендерін жасады, себебі, олардың басты көздегені Шығыс халықтары еді. Біз жиһадтың заңдылығы мен заңсыздығы турасында кез келген мұсылман диалектісіне құрмет білдіретіндей айшықты талқыладық. Біз өркениет, адамдық заңдар әрі халықаралық құқықтар жөнінде ант беріп, Женева конвенциясын, Гаага конференциясын алға тарттық. Біздің шығысқа қатысты көтерген дауымызды ұқсын, бір тарапқа шықсын деп Азияны карикатурамен, басылымдармен және фильмдермен көмкердік. Әрбір суретшіге тән құбылыс іспетті қолдан жасалған бұл дүниелердің барлығы – алдымен біздің өзімізді бейнеледі. Әбден титыққан азиаттарға біздің айтқанымызға құлақ түруден басқа шарасы қалмады. Ерікті мүмкін еріксіз түрде олар бізді ұғына бастады, құпия ниетімізге қадам басты. Мұның бәрі оларға ұнай қойды деген сөз емес, дегенмен, олар бұдан көп нәрсе үйренді. Әсіресе, олардың санасында біз жүргізген соғыстың идеясы айшықталды (олардың бізден де, біздің қарсыластарымыздан да естігені бір дүние болатын). Олардың түсінігінде көптеген куәгерлердің антпен растаған сөздері өтірік болуы мүмкін еместей көрінетін. Бұл дегеніміз, бұндағы бостандық, адамгершілік, мәдениет, ұлттардың өзін-өзі тануы секілді барлық идеалдар құнды мәнге ие бола бастады.
Батыста әскери үгіт-насихат қаншалықты қатал және қатал болмасын, ол белгілі бір идеялар мен қағидалар жиынтығына негізделуі керек деп санайды. Батыста әскери үгіт-насихат қаншалықты қатал және қазіргі таңдағы басты мәселелерге байлаулы болмасын, ол белгілі бір идеялар мен қағидалар жиынтығына негізделуі керек деп санайды. Дегенмен, біз, ағылшындар абстрактілі идеяларды тікелей ой жүйесіне жиі сала бермейміз: белгілі бір иллюстрацияны ұсыну әлдеқайда ақылға қонымды, ал санаға жүгінетін адам өзі-ақ қажетті түйін шығарады, тек ақымақ қана материалдық бейнеге бас иеді.
Шығыстықтар табиғатынан философ келеді, оларды тәжірбиеден гөрі, идея қатты алаңдатады. Олар өз саналарында біте қайнасқан кеңістікті толтыру үшін абстракцияға шөлден қаталағандай бас қойды. Өткен ғасырда азиаттарда дін, тән мен жанның ұстанымы болған еді. Бұлар шығыстықтарға күндіз де, түнде де жол көрсетті. Бұндай салт-дәстүр, сауда, отбасылық ғұрып, саясат жалынның жарығымен бар ғұмыры өтіп жатты. Әбдул-Хамиттің дінді рационалды қылуға, логикаға лайықтауға деген ұмтылысы бәрін құртты. Сұлтан құлағасын, дін де тағынан тайды. Адамдар енді өздерін арабтар, мысырлықтар немесе түріктер деп атады. Редакторлары батыстық идеяның сырқатына шалдыққан басылымдар исламның қалыпты қағидаларынан ажырады, қазіргі әлемге деген жаңа, ұлттық көзқарастарды әр санында бір детальда болсын беруге тырысты. Ұлтшылдық идеясы өмір мен саясат турасында ой қозғауға болатын қалыпты дүниеге айналды. Бұл идея сенім мен діннің қағидаларын жаулап алды. Міне осылайша мұсылмандар жаңа идеал үшін бір-бірімен соғысуға барды, сол үшін өлудің өзін қуаныш саналды. Ұлыбритания өзінің Шығысқа тарап кеткен билігін қорғаған сәтте жеңіліске бір-ақ қадам жақын тұрды, Азиядағы ұлтшылдық сезімі шыңына жетті. Бәрінен бұрын бұл идеяда Үндістан мұсылмандары Түркия мұсылмандарына қарсы соғысқан жоқ, олар Үндістанның біздің империяның серіктесі болуына қарсылық танытқандығын ұғындырады. Ал исламның рухани орталығы Мекке тұрғындары Пайғамбардың өз ұрпақтары болып саналатын әмір, шерифтер Константинопольдің халиф, сұлтандарына қарсы көтерліске шықты, ал Азиядағы араб тілділердің барлығы наразылыққа шыққандарды қолдады. Бұл ұлттың жеңіске жетуі үшін әлемдік дін қағидасына қайшы келетін саяси әрекеттің негізі ретіндегі ұлт ұстанымының апофеозы еді. Азияны иемдену Галилейге емес, саясаткерлердің маңдайына жазылды.
Бейбітшілік орнады, бірақ ұлттық алауыздық аяқталған жоқ. Өзгерген жалғыз дүние – ұлтшылдық принциптерін мойындау енді қауыпті емес, керісінше ақылға қонымды бола бастады. Ұлттық идеяның алғашқы жақтаушылары, Фейсалмен бірге оңтүстіктен солтүстікке, Генерал Алленбидің әскерлерімен тізе біріктіріп, араб қозғалысына деген шынайы сенімнің нәтижесінде өз бастарын қатерге тікті. Жеңіс олардың атағын аспандатып, ұлттық бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында қарулы күреске жол берілмеуі керек деген мәселені жоққа шығарды.
Бейбітшілік мәресіне жетіп арада екі ай өткеннен кейін Сирия оңтүстіктен солтүстік шекараға дейін ұлттық наразылықтарымен бас көтерді. Мысыр ұлтшылдықты ту етіп, ағылшындарға қарсы көтеріліске шықты. Сұлтанның дәурені өтті, саясаты дарынсыз, ал Еуропаға қол қусыру әлеуетсіз деп бастама көтерген түріктің жас офисерлері мұның бәріне қарсы тұрып, көнерген қирандылар бетінде жаңа түркияны құрылуын талап етті. Түркия өзінің еуропалық провинцияларынан айырылды, айырыла берсін, жолғалған провинциялар арабтікі, одан ештеңе өзгермейді.
Солтүстік-шығыстағы Армян провинциясы жоғалуға жақын – жақсы делік. Смирнадан да айырылып қалу қаупі жоқ емес – Смирнаны да есепке алған жөн. Ұлттық болашаққа негізделген жаңа тұжырым тұрғысынан қарайтын болсақ, Ұлт болашағы үшін Түркияға Анатолия, Мәрмәр теңізінен Сициляға одан Диярбақырға, Эрзурумға, Ванаға, Әзірбайжаннан әрі қарай – Каспий теңізіне дейінгі жерлер маңызды. Күндердің бір күнінде түріктер Каспий теңізін кесіп өтіп, Түркістандықтарды одаққа қосады, біртіндеп Қытай шекарасына дейінгі барлық түркітілдес халықтар Түркияның кеңістігіне түседі. Бұл пантүркішілдік доктринаның әрмен қарай логикалық дамуы, бұл – бұған дейін Энвердің халықтарды иектеп, басып алу саясатының белгісі. Жаңа партияның көшбасшысы болып жас, өктем, ақылды әрі даңғой Мұстафа Кемал сайланды. Ол өзін Азияны жайлаған түркі халқының көсемі деп жариялауға асықты. Түркия өзін бар қажетімен қамтамасыз ете алатын болды, олар гректердің атыс-шабысынан да, одақтастарының шектеулерінен де сескенбеді – тек шығыстағы Ресеймен келісімге келсе, жетіп жатыр. Бұған дейін Түркия Италиямен, кейіннен Франция және Ұлыбританиямен мәмілеге келмек болды, дегенмен, Италиямен келіссе де оның келіп кетері шамалы екенін пайымдады, ал Франция үшін қымбат қарымта қайтаруға тура келеді, ал Британия болса, шекті легитимділікті талап етті. Енді оны Эгей теңізі жағынан гректер қоршап алғандықтан оған не грек армиясының қамқорлығына мойынсыну немесе Ресеймен достық мәмілеге қол жеткізеуге қатысты таңдау тұрды. Соңғысы ол үшін құлдырауға әкеп соқытыруы ғажап емес болатын, мұның себебі Түркиядағы ішкі күрестің әсерінен Мұстафа Кемалдың жақтастары оны ел мүддесі үшін құрбандыққа тартып жіберуден таянбас еді. Ресеймен одақтас болу Түркістанды автономиялау туралы Түркияның арманын отыз жылға шектейді әрі Анатолияның шегімен оның аймағына да ену мүмкін болмайды. Сыртқы колониялардан айырылып, сыртқы соғыстар жүргізу және тәуелді аймақтарда гарнизондарды ұстау қажеттілігінің натижесінде, сөзсіз, ондағы халықтың санының өсуімен белгіленген кезеңге өтеді.
Түріктердің тағдырына қарағанда, арабтардың тағдырын болжау қиын. Бұл халықтың ойлау қабілеті әлдеқайда дамыған. Олардың ақыл-ойы сезімталдығымен ерекшеленеді — сондықтан тереңнен зер салып ойлауға қабілетті, практикаға келгенде – осы қабылеттеріне сай жасампаздыққа бейім, дегенмен, бұл интелекет оңай еліккіш және бүлікке құмар.
Оларға жүйелілік, табандылық және ауызбіршілік жетіспейді. Олар өздерінің қызба мінездерінің құлы, су сияқты құбылмалы, дегенмен осы қасиеттері арқылы кез келген дүниеге ішінара еніп кетуге сондай-ақ, кез келген қиындықты еңсеруге қабілетті. Олар өз мемлекеттерін құрды әрі өз жетістіктеріне мастанып, құрған мемлекетті құлдыратты; бірақ сіз оларды іштей сындырған не нәрсе екендігіне себеп таба алмайсыз: олардың сынуына себеп тек – жетістік қана. Олардың тарихы толу мен төгілулерден тұрады, осыншама идея біте қайнасқан, пайғамбарлар дүниеге келген құмды мекенде не замандар болғандығын түсіну соншалықты маңызды. Еш қиырсыз кеңістік өз тұрғындарын жалғыз жаратқанға сенуге итермелейді, бұл – болмашы табиғат пен өмірге соншалықты қарсы ұғым. Барлық араб қозғалысы өз бастауын шөл даладан алады, осылайша Сирияға бет бұрады. Барлық пайғамбарлардың сапары шөл далаға бағытталады, бірақ, олардың ешқайсысы де шөл даланың тумасы болған емес, осы мәселе назар аудартпай қоймайды. Олардың бәрі ауылдар мен шаһарларда дүниеге келеді, дәл сол жақта олардың пайғамбарлық қасиеттері белгі бере бастаған. Тәуелсіздік пен өзін-өзі басқаруды талап еткен қазіргі араб көтерілісі де шөл далада көрініс тапты. Көтеріліс әдетте Дамасктен бастау алды. Дамаск барлық жаңа қозғалыстардың орталығы болды. Тарихтың тағы бір бөлімі Фейсалдың Дамаскті басып алуымен тәмамдалды.
Бірақ, бұл араб қозғалысының соңы емес: Семиттік елдердің арасында өмір сүрген әрі ауыртпалықтың орталығына айналған ел қашаннан Бағдад болды. Оған себеп экономикалық және демографиялық жайттар еді. Сирия тау қатпарында орналасқан кедей әрі шағын мемлекет, климаты құрғақ, табиғи қазбасы да жұтаң. Ол ешуақытта халық тығыз қоныстанған аймақ бола алмайды Месопотамияға келетін болсақ, ол арқылы бірнеше ірі өзендер ағып жатыр, жағалауында суармалы жерлердің көп бөлігі өзендер бойымен созылып жатыр. Месопотамияның бар байлығы – астық пен мақта, сондай-ақ арзан отын қоры бар. Мұндай жағдайда Месопотамия болашақта сөзсіз араб әлемінің басында тұруы қажет, бұл жағыдай бұрындары да бірнеше рет орын алған. Дамаск қазір Багдадқа қарағанда уақытша басымдылыққа ие, алайда араб әлеміне үн қосатын соңғы дүние: Месопотамияның тұрғындары сириялықтардан бес есе көп, ал қос мемлекеттің байлығын салыстыру тіптен күлкілі. Месопотамия Шығыстың шынайы иегері атанады, бұл мемлекеттің орын алып жатқан жайттарды қадалағалау мен сүзгіден өткізу қасиеті көршілес елдерді де қол астында ұстауына мүмкіндік береді. <…>
Парсылардың болашағы әлі бегісіз. Соғыс қарсаңында ел Ұлыбритания мен Ресейдің арасындағы бөлініске ұшырады. Соғыс кезінде бірнеше рет түріктер жасаған шабуылдан зардап шегіп, Алмания мен Ұлыбритания арасындағы пропагандалық қақтығыстың қатігез алаңына айналды.
Ресейдегі революция Парсыны бөліп алу мақсатын көздеген ұлы державалар арасындағы мәселені шешті. Ұлыбритания ғана Парсыға саяси дағдарыс пен анархияны еңсеруде, өзін-өзі басқаруда сеп болған жалғыз держава. Өкінішке орай, біздің елдердің мемлекет қайраткерлері мәселені толыққанды бағамдай алмады, салдарынан «жаһандық қоғамдастық» (қашан да бізді мүлт басқан тұсымыздан ұстауға тырысатын) тарапынан ғана емес, парсылар тарапынан да ерікті және жалған түсіндірмелер беретін мәмілеге қол жеткізілді. Ел ішіндегі әлеуетті элементтер бізге мойын бұрмады, олар жәрдем қылады-ау деген мақсатпен солтүстікке, Ресейге назар салды. Бұған жәрдем де берілді, бірақ гомеопатикалық мөлшерде, ағылшындардың ел аумағын тәрк ету үшін «мәмілеге қарсылар» белсенді шаралар қабылдауға кірісе бастады. Біздің Парсыдан кетуіміз оларға өздерін жеңімпаз санауға мүмкіндік берді: қазіргі жағдайда я Парсы бізге тісін қайраған өздерінің ұлттық әкімшілігімен тізе қосады, я соғыс уақытындағыдай өзара күресіп келе жатқан ресейшіл немесе британшыл партизан жасақтарының бақылауындағы Парсы елінің субъектісі санайтындармен ішінара бөлініп, құлайды.
Мысыр – Таяу Шығыс елдері ішінде соғыс шекарасын сызып берген тәуелсіз мемлекеттердің бірі. Соғыс жағыдайлары мен көтерілістер салдарынан мысырлықтар жеткілікті деңгейде болмаса да, өздерін біртұтас халықпыз деп санай бастады. Халықтың басым бөлігі ұлтшылдарды құрағанымен тілдік және географиялық орналасуының бірізділігіне байланысты олар байырғы мұсұлмандық және христиандық бөліністерден бас тартты. Олар түрікшіл әрі антибритандық ахуалдың басты тірегіне айналған Каирдағы аль Азхардың мұсылман университетінің діни ықпалынан босатылды. Жаңа ұлтшылдар ежелден қасиетті деп саналған бұл институтқа шабуыл жасауға ниетті еді, себебі олар оның сипаты мен өмірін қазіргі Египеттің қажеттіліктеріне сәйкес келтіргісі келетін. Қоғамдағы әйелдер мәртебесі мен білім алуға қатысты олар түрік ұлтшылдары сынды бірдей дамыған көзқарасты ұстанады. Мысырлықтардың саяси танымы әлі де тар, Ніл өзенінің жағалуларынан әрі аспай қалған; Дегенмен елдегі халық санының өсуі мен байлығының артуы жақын күндері олардың алысқа көз тастауына түрткі болатындығы күмәнсіз, сол сәтте қазір бақылауда ұстауға оңай саналатын Солтүстік Африка жайы ішкі бөлініске түскен аумақтардың қарама қайшылықтарына байланысты әбден ушығады. Египет — жаңа Солтүстік Африканың қуатты құрамдас бөлігі, оның үкіметі бұл аймақта Араб конфедерациясындағы Месопотамия рөлімен салыстырғанда, басты рөл атқара алады.
Кіші Азияда Еуропаға теңіз арқылы келіп, біздің қызығушылығымызды арттырған екі мемлекет пайда болды. Біз Смирнада орныққан гректер мен Палестинадағы еврей қоныс аударушылары туралы сөз етеміз. Гректер туралы сөз етер болсақ олар Түркияға тиесілі азия аумағының майлы жілігін ұстап қалуды үміт еткен басқыншылық сипатында пайда болды. Смирна – көп бөлігінде гректер шоғырланған маңызды сауда орталығы болғандықтан Смирнаға кім иелік етсе, сол адам өзге аймаққа да едәуір ықпал ете алады. Гректердің Смирнаға келуіне де дәл осындай авантюралық ұстанымдар түрткі болды. Алайда олардың іс-әрекеттері Азияның болашағына тиімді әсер етуі екіталай.
Еврейлердің ұстанымындағы тәжірибе мүлдем басқа. Бұл Еуропаның азшыл еуропалық тұрғындары тарапынан өз тағдырларына иелік ету үшін бір ғасыр саңдалғаннан кейін Шығысқа, өздерінің түп тамыры тараған мекенге табан тіреу үшін жасаған саналы әрекеттері. Христиан дінінің пайда болуынан бірнеше ғасыр бұрын өздеріне тиесілі жерлерді мекендеген отарлаушылармен бірге аймаққа еуропалықтардың білімі мен технологиялары келді. Қоныс аударушылар этникалылық тегі өздеріне ұқсас, дегенмен әлеуметтік өмір салты мүлдем ерек арабтілдес жергілікті тұрғындар арасында күн кешуді қолай көреді. Қайта оралғандар Палестинаның қатаң табиғатына бой үйретуге шешім қабылдап, өздерінің қарым-қабылеті мен капиталын қолданып, аймақты Еуропа елдері секілді дамыған мемлекет қылуға ұмтылады. Жобаның сәтті іске асуы арабтардың өмір сүру деңгейінің лезде қоныс аударушылардың деңгейіне дейін көтерлуіне әкеледі, мұның салдары барша араб әлемі үшін айтарлықтай маңызға ие болады. Палестина аймақтағы техниканың негізгі жабдықтаушысы бола алады, есесіне Еуропа елдеріне өндіріс бойынша тәуелді болмайды. Осылайша араб конфедерациясы жаһандық тыныштықтың маңызды элементі бола алады. Бұның орындалуы тек болашақтың еншісінде ол үшін арабтарда бірнеше буын алмасқанын күту керек, дегенмен бұл идея Батыс Азияда империя құруды қалайтындардың санасында жаңғырып тұруы тиіс. Белгілі бір деңгейде болашақтағы азия империясы синоистердің талпыныстары мен ресейдегі оқиғалардың даумуына байланысты.
Ресейде өзгерістер орын алған сайын оның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы әлеуетті ықпалы қалай өсетінін бақылау қызықты. Солтүстік Азияны олар Ресей патшалық дәуірінде-ақ өзіне отар еткен. Оларға Қара теңізден Қытай теңізіне дейін ауқымды аумақ тиесілі болды; азия бөлігі орыстар үшін айтарлықтай маңызға ие болғандықтан орыс революциясының өзіннен азиялық феноменді көруге толық негіз бар. Қалай болғанда да, Азия үшін революцияның маңызы зор: мұнда ол Франция төңкерісінің Еуропада ойнаған рөлін атқара алады, себебі ол көтерген зорлық-зомбылық толқыны алпыс жыл бойы бүкіл әлемді шарлап өтті. Бұл айтылғандар Лениннің танымы азиялық шаруалардың санасында жауап таба алады дегенді білдірмейді, тіпті бұл таным орыс шаруалары үшін де көңіл көншітерлік емес, алайда, большевиктердің жеңісі Шығыс үшін Құдайлық құқыққа негізделген ескі билікті тайдыруға болатындығына үлкен дәлел болды. Патшалықтың құлауы Азияның бөлінуіне ықпал етпеді. Солтүстік Ресейден алыс кетті, оңтүстік Ұлыбританиядан шеттеді. Өзгерістер ресей аймақтарының өзіне әсер етті: революцияға дейін бұл аймақ метрополияға шекті түрде тәуелді болса, енді «ықпал ету кеңістігіне» айналып, өзге мемлекеттерде «дамыған қоғам» құру үшін үгіт-насихат таралатын, акциялар бастау алатын алаң пайда болады.
Енді бұл шекара әрдайым «ашық» болып қала береді әрі сол арқылы жартылай заңды қару-жарақтар жеткізілетін болады деп болжауға әбден негіз бар. Патша үкіметі азия жоталарынан Ресей империясының оңтүстік шекарасына дейін созылған сенімді күзет күшіне баса назар аударды, сол себептен, шекаралас аймақтарда көші-қон мүлдем байқалмады. Енді жағдай өзгерді, Азияның прогрессивті бөлігі оңтүстікке емес, солтүстікке қарай таралуда. Және Ресей үкіметінің әрекетінен қарағанда Ресей мемлекетінің антиимпериалистік саясатын бөліп алып, өздерінің қорқынышы мен тәуекелі тұрғысынан бұл көзқарасты Оңтүстік Азияға танытқысы келетін жеке тұлғалардың әрекетіне – көбіне Парсының, Анатолияның, кем дегенде Сирия мен Месопотамияның болашағы тәуелді. Грузия мен Арменияның егемендігі баянды болуы екіталай, болашақта аталған елдер орыстандыру саясатын жүргізуі әбден мүмкін.
Қазіргі жағдай осындай, себебі саясаттың саналы логикасына негізделген ұлтшылдық Батыс Азияда пайда болған кез келген қозғалыстың басты факторына айналды. Бұл факторды бейтараптандыруға болады деп үміттену өте ауқымды жаһандық сипатқа иелік етеді, және оның уақыттық сипаты туралы айтар болса ол үлкен кеңістіктің ғұмырын анықтайды. Біз ұлтшылдық көтерілістердің әрбір даулы аймақтарда қайта-қайта төбе көрсететініне бой үйретуміз қажет, бұл үрдіс белгілі бір шегіне жету үшін уақыт өту қажет. Біз өзімізге үйреншікті сипаттағы Батыс Азияның радикалды өзгерісінің куәгері болдық, бұл біздің таяу шығыстық саясатымызды қайта қарауды талап етеді. Осы себептен біз осынау өзгерістерге қатысқан барлық құрылымдық күштердің бізді тек одақтас көретіндей етіп түзетуге тырысуымыз қажет.
Жаңа имперализм – отарлықты тәрк ету немесе миссиямыздан бас тарту дегенді білдірмейді. Жаңа имперализм бізден белсенді әрекеттерді талап етеді, сондықтан біз жергілікті халықты өз болашағына жауапкершілікпен қарауға дайындауымыз қажет. Алайда жауапкершілікті бәрі қалайды, бірақ оны қабылдауды ешкім қолай көрмейді. Халықтың өз-өзіне жауап бере алатынын сезінуі оның өз-өзіне деген құрметінің алғашқы қадамы. Сол себептен біз Азия тұрғындарынан өз қорғаныстарына өздері жауап беру керектігін талап етуіміз қажет. Біз енгізген қорғаныс әскерлерінің орнына ұлттық әскердің жарты бөлігі келуі тиіс. Демек, халық қолына қару алып, оны өңдеп, қолдану ғылымын игеруі қажет. Біздің міндетіміз – халықты көп нәрсеге үйрету, дегенмен кей әрекеттерді ешқандай зорлықсыз жасауға баулу; бірақ біз бұл әрекеттерді тек сыртынан бақылап, кей тұста кеңес беріп тұруымыз керек. Мұндай рөл бұған дейін біз ойнаған билеуші немесе жетекшінің рөлінен кем құрметке ие болмайды. Бұл рөл бізге айтарлықтай талап та қояды әрі адамға бұйрық беру – оңай, ал айтқан кеңесімізге құлақ асуға көндіру өте қиын. Біз көп нәрсе өзіміз жасаған әдеттегі әдістерден басқаша сипатта орындалатынына және олардың әрқашан тиімді бола бермейтіндігіне дайын болуымыз керек, алайда жергілікті тұрғындар үшін біздің бірдеңені еш мәнсіз жасап шығарғанымыздан қарағанда өздерінің әлденені жасап шығарғаны әлдеқайда жақсы, мейлі ол сәтсіз болып шықса да, бастысы мұны өздері жасайды. Бұл ретте біздің шынайы көмекшілеріміз бізге толығымен бағынатын адамдар емес, керісінше қарсы үгіт-насихат жүргізетіндер екеніне көзіміз жетеді. Себебі олар халықтың интеллектуалды көшбасшылары, әрі философтар мен байлар да емес, демагогтар мен саясаткерлер халықты соңдарынан ертеді, бұл жағдайда біздің мақсаттарымыз сәйкес келеді. Айтарлықтай қиындықпен басталған отарлық басқару жүйесінің әрі қарайғы құрылысының жалғасуын мұндай жандарға сеніп тапсыруға болмайды десек те, олардың біздің қауымдар палатасы мүшелерінен айырмашылығы бар ма? Оларға біздің еркіндігіміз сеніп тапсырылған жоқ па? Олар өздеріне жауапкершілік алғысы келмей ме? Өз әскерлерімізді шығару арқылы оларды осыған итермелейміз. Біздің ықпалымыздан сытылып кетеді яки басқа бір ұлы державаның протекторатына «өтіп кетеді» деп сескенудің қажеті жоқ, себебі ағылшындар қашан да өздерімен жақын қарым-қатынас жасамайтындарға ерекше тартымды, әрі әлемдегі ешбір елдің ауқымын Британиямен салыстыруға келмейді , өйткені оған қосылғысы келетін аз халықтарға біздің береріміз де баршылық. Мысыр, Парсы, Месопотамияға олардың қазіргі автономиясын сақтай отырып, үстемдік мәртебесіне кепілдік берілсе, — бізге қосылуға қуана келіседі, және бұл қосылудың құны ақша яки сарбаздардың өмірі болсын империя құрамына Аустралия немесе Канада кіретіндіктен, біз төлеп отырған сомадан жоғары болмайды. Бұның мәні — Азия елдерін ұстап тұру үшін өзіміздің күштік құрылымдарымызды аймақта әлсіретуіміз керек, олар анархияның тым қымбатқа түсетінін түйсінбейді, міне сол сәтте біз олардан кетіп қала аламыз.
*Ағылшын тілінен аударған А.Нестерова. 1999 жылғы «Шетел әдебиеті» жорналының №3 санында жарияланды.