Журнал "ТАМЫР" Выпуск №48 (2019-2020), ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ, Рубрики журнала, Свежий номер

Дандай Ысқақұлы. Шынғыс Айтматов шығармаларындағы «мәңгүрттік» мәселесі

Дандай Ысқақұлы — филология ғылымдарының докторы, профессор (Қазақстан).

Шынғыс Айтматов шығармаларындағы «мәңгүрттік» мәселесі

«Мәңгүрт» атауы қазақта бұрыннан бар. Ақыл-есі, санасы кемдеу адамдарды мәңгүрт деген. Ұлттың ұлт болып дами беруі үшін халықтың ішінен мәңгүрттердің шықпауын бабаларымыз есте жоқ ескі замандардан ойластырған. Халқына, ұлтына қызмет еткен ұл-қыздарын ұлық тұтып, ардақтап; елінен, жерінен безгендерді қарабет қылып, кейінгі ұрпақтарға небір өсиет, аңыздар  қалдырып отырған. Сондай аңыздың бірі Ә. Кекілбаевтың алпысыншы жылдары жазған «Күй» повесінде көрініс тапты. 

Кеңес империясы тұсында басқа халықтарды ұлтсыздандыру саясаты коммунизм құратын жаңа тұрпатты «совет халқын» жасауды ресми түрде мақсат тұтты. Шындығына келгенде, бұл дегеніміз, КСРО құрамына кірген 200-ден астам ұлтты орыстандыру болатын. Осындай саясаттың салдарынан империя ыдырағанда, 100-ден астам ұлт өзінің ана тілінен, рухани құндылықтарынан, ұлттық дәстүрлерінен, ұлттық болмысынан  ажырап, ұлт ретінде өмір сүруін тоқтатыпты. Мылтықсыз майданда қазақ халқы әупірім-тәңіріммен ұлт ретінде жойылып кетпегенімен де  жоғалтқаны да аз болмапты.

Тәуелсіздігімізді алып, енді ұлттық даму жолына түсеміз бе дегенімізде, ұлттық болмысымыздың біршама орыстанып кеткенін, оны қалпына келтіреміз бе деп, іске кірісе бастағанымызда,  есімізді жия алмай, батыстан  соққан жаһанданудың бет қаратпас дауылына ұшырап жатқан жайымыз бар. Бүкіл әлемді шарпыған жаһандану екпінінің қарқындылығы соншалық — ұлттық болашағымызға қатер төндіре бастады. Теңіз жағалауында  дүркін-дүркін соғып, жолындағыны жайпап тастайтын цунами  сияқты, қоғамдық дауыл — жаһандану да әлемнің ұлттық құрылымын  тоқтаусыз қиратып жатыр. «Ғаламданудың мақсаты – халықты тарихынан, дәстүрінен, әдет-ғұрпынан бездіріп, дүниеге көзқарасын өзгертіп жіберу. Ғаламдану идеологтары жас қауымды тек қарнының тоқтығын, киімінің бүтіндігін ойлайтын мәңгүрт етуді көздейді» (Р. Бердібай).

«Мәңгүрт» дегеніміз не? Жалпы қазақша «мәңгүрт» сөзі қырғызша «манг», «ман-гыроо», моңғолша «мангар», «мангуу», «мангар-т(а)», «мангуур(а)», тува тілінде «мангыр», «мангыы» деп айтылып, түркі халықтарының көпшілігінде  «ақымақ», «есуас», «тегін ұмытқан», зердесіз деген мағынаны білдіреді. Кейіннен мәңгүрттер «дамып», оның дамыған бір түрі саналатын «көзқамандар» өмірге келді. Академик Рахманқұл Бердібай «мәңгүрт» пен «көзқаманды» төмендегіше айырыпты: «мәңгүрттік пен көзқамандық — бір-бірінен айырмасы үлкен екі түрлі құбылыс. Ал көзқамандар ақыл-есі ауысқандар емес. Бұлар мектеп, университет бітірген, жоғары лауазымды қызмет атқарғандар болуы да әбден мүмкін. Кейбіреулері талай елдердің тарихы мен философиясын жатқа айтып, жаңғақша шағып беретіндер, әділдік, адам құқы, өркениет, достық, ынтымақ, бейбітшілік секілді сөздерді судай сапыратындар. Сырттай қарағанда, мінсіз шешен, сәуегейден бетер білгір, әлем тағдырын өз алақанындағыдай кесіп-пішіп, сынап-мінеп отыратындар тәрізденеді. Бірақ бұлардың жазылмайтын немесе ұзақ емдеуді қажет ететін ауруы туған халқының дәстүрін танып-білуге салғырттығы,сөз жүзінде отаншыл болып көрініп, былай шыға бере елдің қас жауларымен тіл тауып, халықтың түпкілікті мүддесін сатып жіберетіндігі, ең жаманы жұртының қадір тұтқан қымбаттарын, тәуелсіздігімізді тәрк етуді көздеп отырғандармен ауыз жаласып, соларға арқа тіреп, намысымызды таптап кететіндігі. Мәңгүрттер есінен айрылған міскіндер болса, көзқамандар — елдігімізге саналы түрде қарсы шығатын қаскүнемдер».

Тәуелсіз даму жолына түскен қазақ халқы өзінің ұлттық болмысын қалпына келтіру мақсатымен рухани жаңғыру міндетін алға қойды. Бұл жолдың бағыты «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» (Н. Назарбаев)-болып отыр.

Көркем әдебиет — мүмкіндігі мол идеологиялық қару. Кезінде кеңес өкіметінің КСРО халықтарын мәңгүрттендіруге бағытталған саясатын озық ойлы зиялылар, соның ішінде ұлттық қаламгерлер қабылдай бермеді. Ұлттардың болашағына қауіп төндіре бастаған қатерлі саясатқа қарсы ашық күреске шығуға мүмкіндіктің жоқтығынан  да жазушылар енді қаламның құдіретін пайдалана білді. Кеңестік идеологияның барынша салтанат құрып тұрған кездің өзінде-ақ қырғыздың атақты жазушысы Шыңғыс Айтматов осы тақырыпқа батыл барып, шығармашылық, азаматтық ерлік жасады.

Ш. Айтматовтың «Боранды бекет» (1980) романында қоғамдағы аса қауіпті құбылыстың бірі мәңгүрттік  мәселесін, яғни  адамзат баласы сана-сезімінің құлдырап, рухани катаклизмге ұшырай бастағандығын көтерді. Жазушы жарық дүниеге алып келген өз анасын атып өлтірген қазақ аңызындағы  мәңгүрттік көрінісін суреттей отырып, осы бір жеке адамның басындағы  трагедияның жаңа дәуірде бүтіндей бір ұлттың өзінің тілін, тегін,  дінін ұмыта бастаған  жалпы  қоғамдық, ұлттық трагедияға айналып бара жатқанына жұртшылық назарын аударды.

Есіңізде болса, «Боранды Бекет» романы

     «Тандыры кепкен өзектер мен тақыр жыралардан қу құлқынға талғау табу үшін зор шыдам керек. Біресе ін қазғыш мақұлықтың шиыр-шимай шалағай ізін кесіп, біресе саршұнақтың інін апыл-ғұпыл қазып, енді бірде жыраның тұмсығына тығылып қалған атжалман алаңқайға секіріп шықса мүлт жібермей бас салмақшы болып зарыға аңдып, кәкір-шүкір аулап ақсиған аш түлкі бүлкіл жортақпен алыстан көрінген темір жолға қасара жақындап келе жатты. 

       Даланы қақ жарып, ұзыннан-ұзақ бозамықтана жонданып жатқан шойын жол аш түлкіні әрі ынтықтырып, әрі үрейлендіргендей. Жерге жел ықтырған ащы кермек түтінін будақтатып, әудем жерді дүрсілдетіп, дүр сілкіндіріп иә шығысқа, иә батысқа қарай пойыздар зулап өтіп жатыр» (Ш. Айтматов. Боранды Бекет. Алматы, «Жалын», 1986, 7-бет)-деген жолармен басталатын.   

      Бұл жолдар — ХХ ғасырдың екінші жарымындағы экологияға ұшыраған қазақ даласының көрінісі. Ойлы оқырманды осы жолдардың өзі-ақ романның идеялық-көркемдік тереңіне қарай тарта түсетіндігін байқаймыз. Бір жағынан, экологияға ұшырап, «тандыры кепкен» қазақтың сары даласын, онда жортқан атжалман мен түлкіні көрсек, екінші жағынан сол даланың тыныштығын бұзып, даланы қақ жарып жатқан шойын жолды, онымен шығысқа, батысқа қарай зулап жатқан пойыздарды көреміз. «Даланы қақ жарып, ұзыннан-ұзақ бозамықтана жонданып жатқан шойын жол аш түлкіні әрі ынтықтырып, әрі үрейлендіргендей» деген бір ғана сөйлемнің өзі оқырманын түпсіз ойларға жетелейді. Бұл жерде ғылым мен техниканың жетістігі саналатын темір жолдың қазақ даласына әкелген экологиялық зардабы анық көрінеді…

Романда экологияға ұрынып жатқан табиғаттың, адам баласының жай-күйін суреттей отырып, жалпы адамзаттың болашақ тағдыры туралы проблема көтерілген. Оқиға бас кейіпкер Едігенің темір жолда бірге істейтін досы Қазанғаптың дүниеден өтуінен өріс алады. Суық хабарды естіген Едігені  көп ойландырған, толғандырған  — қазаның өзі ғана емес, Қазанғаптай ұл да, қыз да өсірген ардагер азаматтың  демі үзілер шақта жанында аузына су тамызып, басын сүйеп, бетін жабар жан болмай, қаңыраған бос үйде жан тапсыруы.

«-Ақыр соңы сол болды бишараның. Қандай асыл еді десеңізші! Ақырында жүзін жабатын адам да болмай қалды қасында,-деп назаланды Үкібала жылап отырып. — Мұндай болар деп ойлап па едік! Ақырында,-деп барып «ит өліміндей болды» демекші еді, онсыз да түсінікті болған соң, соңғы сөзді аузынан шығармай жұтып қалды» (Ш. Айтматов. Боранды бекет (Ғасырдан да ұзақ күн). Орыс тілінен аударған Ш. Мұртазаев. Алматы, «Жалын», 1986,  11-бет).Едіге іштей егіліп, ер азаматтың «ит өлімімен» дүниеден өтуі күйзеліске түсіреді Осы оқиға Едігенің роман бойындағы барлық қимыл — әрекеті мен ойына қозғаушы болады.

Едігенің еш кедергіге қарамай, өз досы Қазанғапты «Ана-Бейітке» жеткізуді мақсат етуі — оның адамгершілік сана-сезімінің  табиғи көрінісі. Автордың бейнелеуінде өмірдің қазығы — Едігелер. Олар үшін өткен тарих,  бүгінгі күн, болашақ — біртұтас. Бұлар — бірінен-бірі өрбіген, бірінсіз-бірі жоқ даму кезеңдері. Оны үзбейтін, өмір отын сөндірмейтін, тарихты жалғастыратын  — осы Едіге секілді бүгінгі күннің абзал жандары. Қарапайым еңбек адамы Едігенің бір күні — ғасырға бергісіз. Едігенің бейнесі, оның бастан кешірген оқиғаларды еске алуы  арқылы суреткер өткенді, бүгінді, болашақты біртұтас күйінде бере алған. Ұлттық сана-сезімі жоғары бас кейіпкер нағыз гуманист, адамгершілігі биік азамат бейнесінде көрінеді. Жазушының ойынша, адамзат қоғамын адам ретінде сақтап тұрған — Едігелер. Романда Едігеге қарама-қарсы сомдалған бейне — Қазанғаптың жалғыз ұлы Сәбитжан. Сәбитжан — рухани мәңгүрт жан.

Мәңгүрт  ұғымын алпысыншы жылдары көркем әдебиетте бірінші болып бейнелеген — белгілі қазақ жазушысы Әбіш Кекілбаев. Әбіштің мәңгүрті — Маңғыстаудағы көрші жатқан екі ел қазақтар мен түрікмендер арасындағы шапқыншылықтар кезіндегі қазақ тұтқындар. Қолға түскен тұтқындардың алдымен, шашын тықырлап алып, сол жалтыр басқа ақ тайлақтың жас терісін шешілместей етіп, кигізеді: «Әлі ылғалы бойындағы жып-жылы тері жаңа ғана шашы алынған жалтыр басқа жабыса кетті. Тұтқын балалар мұның не екеніне түсіне алмай,  айналасына әлі алақтап отыр. Қолдары жып-жып еткен мосқал еркектер терінің жиегін шыр айнала бүрмелеп қойған көн тартпаны шірене тартып, сықситып таңып тастады. Жаңа ғана дені жайылып отырған бастар қайтадан зіл тартты. Жылы тері шекелерін солқылдатып сорып ала жөнелді» (Ә. Кекілбаев. Дала балладалары. 1 том, 2001, Алматы, 206-бет).

Әбіштің мәңгүрттері дұшпандардың қолымен зорлықпен жасалынып, азапталынады: «Кенет тұтқын балалардың бірі артындағы тұтқынның кеудесіне екі шекесін алма кезек ұрғылап, шыңғырып жіберді. Ақ тайлақтың терісі күнге күйіп, тырысып барады. Қаудырап кеуіп бара жатқан түйенің көні бас сүйекті сытырлатып шаға түсті. Қазір-ақ ұн қылып уатып жіберетіндей. Басқа тұтқындар да бебеулей бастады… Алты тұтқын айдалада ауыз жаппай сарнап келеді.

Олар бір апта бойы осылай зар илеп, шыңғырды да жүрді. Сосын бастарына шаш шықты, ол түйенің көнінен өте алмай, қайтадан бастың құйқасын тесіп, кері өсті. Алты тұтқын елі қайда, жері қайда екенін білмейтін мәңгүртке айналды. жүре-жүре тілден де айрылды. Түйемен бірге өреді, түйемен бірге келеді» (сонда).

Ал, Ш. Айтматов «мәңгүрт» ұғымына мүлдем жаңаша қырынан келген. Шыңғыстың — мәңгүрттері Әбіштің мәңгүрттері сияқты мәң, есуас, ақылы кем емес, керісінше, бұл өмірде білмейтін бәлесі, оқымаған нәрсесі жоқ, бірақ дүниетанымы басқа, өзін өзгелерден, өз ұлтынан жоғары қойып, артық санайтындар, өз ұлтынан жерінгендер. Оған қауіпті қоғамдық құбылыс ретінде  ерекше мән беріп, күллі адамзат баласын шошындыратын, рухани дамуына тоскауыл болатын алапат күш ретінде танытты. Әбіштің есі дұрыс емес   тұтқын мәңгүрті  ата-бабасын біле тұра білгісі келмейтін, кешегісі мен бүгінгісі, болашағы туралы ойланбайтын, ойланса да білгісі келмейтін, менсінбейтін  рухани мәңгүрттік жанында — айналайын. «Күйшідегі» мәңгүрттер біріншіден, санаулы ғана (алтау), екіншіден, оларды күштеп мәңгүрт қылса, үшіншіден, мәңгүрттіктен мәңгүрттердің өздері ғана зардап шегеді.  Ал қырғыз жазушысының шығармасында мәңгүрттіктің көрінісі жиілей бастап, зардабы оның өзіне ғана емес, өзгелерге, қоғамға тиіп, болашаққа қауіп төндіре бастағандығы бейнеленеді. Ең бастысы, жаңа заманның рухани мәңгүрттері  қоғамның өз ішінде пайда болып, өсіп-өнуде. Бір қызығы — халық өзін өрге сүйрейтін ұлт көшбасшыларын дайындаумен бірге сол қоғамның ұлттық дамуына кедергі келтіретін мәңгүрттерді де шығарып жатыр.

   Өткенді ұмытқан адам — мәңгүрт. Мәңгүрттік — адам санасындағы аса бір келеңсіз құбылыс. Бұл Едіге мен Қазанғаптың баласы Сәбитжанды салыстырудан анық көрінеді. Едіге — досына адал. Қазанғаптың өтініші бойынша, оны Ана-бейіткежерлемекші. Сәбитжан оған қарсы, қайдағы бір ертегі бейітке апару, ол үшін — ақылға сыйымсыз. Ол жерлеуді тездетіп, қалаға қайтуға асық. Әке өсиеті оны көп қинай қоймайды.  Осы сәтте Едігенің көз алдына анасын атқан Мәңгүрт елестейді.  Иә, Сәбитжандар — аңыздағы мәңгүрттің бүгінгі күнгі көрінісі.

      Едіге Қазанғапты арулап көмгеннен кейін, Ана-бейітті тегістеп, оның орнына космодром салатынын естіп, оны  қайткенде де сақтап қалу үшін көзі ашық, оқыған, қалада қызмет ететін оның ұлы  Сәбитжаннан көмектесуді өтінеді. Оған Сәбитжан былай деп жауап қайтарады:

       -Оның бәрі ерте-ерте, ертедегі, ешкі жүні бөртедегі ертек қой, Едеке, түсінсеңші. Бұл арада қазір әлемдік, космостық мәселелер шешіліп жатыр. Ал біз барып әлде бір зират туралы аңыз айтқанымыз жараспайды ғой. Кімге керек ол? Олар үшін ол дегенің — тіфу!  Әрі десе, бізді олай қарай өткізбейді де».

       Әрине, Сәбитжан сөзіңде шындық бар. Бірақ мәселе оның бұл іске жүрдім-бардым  қарауында,   өткен  тарихқа  немқұрайдылығында  жатыр   Оқыған, сауатты Сәбитжанның санасы қарапайым Едігеден көп төмен. Бұл жерде өмірдегі  кісілік пен білім қайшылығы көрінген. Бұрын  Едіге Сәбитжанды қылықтарына қарап, жоғары оқу орнын бітірсе де онша дұрыс адам болмаған екен деген күдігі болса, енді Сәбитжан туралы пікірі расқа  айналды. «Мәңгүртсің сен! Нағыз мәңгүрттің өзісің! — деп, ашына күбірледі Едіге Сәбитжанды әрі аяп, әрі … жек көріп».

Әкесін өтініші бойынша, алыстағы ата-баба зираты Ана-Бейітке жерлеу ұйғарымына қарсы болған Сәбитжанға ұзынтұра Еділбай сәтін тауып, оңашада:

«-Ал Сәбитжан әңгіме былай: бұл жарық дүниеде әкеңнің Боранды Едіге сияқты досы барына шүкір деп, құдайға мың да бір құлдық қыл, білдің бе? Марқұмды ақ жуып, арулап қоюға кесір етпе, білдің бе? Ал асығады екенсің, жолың әне, біз сені ұстамаймыз. Сен үшін әкеңнің мүрдесіне бір уыс топырақты мен-ақ сала саламын.

Әке менікі, не істеуді өзім білемін, -деп, Сәбитжан қоқиланып келе жатыр еді. Еділбай, оны шорт үзіп:

-Әке сенікі-ау, ал сен өзің кім екеніңді біле алмай сандалып тұрсың ғой!» (сонда, 32-бет).

Романда Сәбитжаннан басқа кейіпкерлердің іс-қимылдарынан да мәңгүрттіктің белгілерін байқауға болады Өз қара бастарының қамын күйттейтін кейбіреулер романның әр жерінде шаң беріп отырады. Қазанғаптың қазасын естіген диспетчер Шәймерден көңіл айтудың ырымын жасайды. Бұның көңіл айтқан түрін көріп, Едіге қатты налиды: «Әй, мисыз хайуан-ай — деді ішінен -қаза жөнінде дұрыс айта алмайды».

Шәймерден — өлікті сыйлаудың не екенін білмейтін мәңгүрт. Жұмысын ауыстыруды сұраған Едігеге

« — Оу, айналайын, Едеке, сен әлгі нетіп, менің басымды қатырма нетіп. Өлсе — өлді, нетіп. Менің сені алмастыра қоятын адамдарым жоқ. Өліктің жанында нетіп отырамын дегенің не, Едеке? Сен жанында отырғаннан өлген адам тірілмейді ғой, деп ойлаймын, нетіп…» (сонда,  18-бет).

Диспетчер Шәймерден,  Таңсықбаев секілді безбүйректерге Едіге сынды ер былайша үн қатады: «Бұл жұрт не болып барады. Бұлар үшін өлімнен басқаның бәрі қадірлі. Бұлар өлімді сыйламаса, тіршіліктің қадірін қайдан білсін. Бұлар қалай, не үшін өмір сүріп жүр өзі? Өмірдің мәні не сонда бұлар үшін?». Едігенің «Бұл жұрт не болып барады» деген бір ауыз сөзі күллі адам баласына қарай ағынан жарыла айтылып, бүгінгі қоғам туралы ойлануға шақырып тұрғандай. 

Кезінде сырлас досы болған Әбутәліп мұғалімді халық аузындағы аңыздарды жинағаны үшін жау атандырғандар да — Сәбитжан секілді мәңгүрттер. Мәңгүрт ұлының қолынан қаза тапқан Найман-Ана туралы аңызды жиып-тергені үшін жазғыру — мәңгүрттіктің нағыз көрінісі. Құттыбаев Әбутәліпті тексеруге келгендер халық санасындағы ғажап аңызды тыңдағысы келмейді. 

Романда ғылыми-техникалық прогресс пен рухани даму арасындағы қайшылық барынша көркем көрінген. Білім-ғылымның жетістіктері адамзат болашағына қызмет атқара бастады. Адам баласы ғасырлар бойы жиған-тергенінің, көргенінің, білгенінің барлығын тек жасампаздыққа, гуманистік мұраттарға сай жұмсаса, мәңгүрт туралы ұғым да, аңыздар да болмас еді. Білім мен адамгершілік қасиеттер алшақтығы болмаса, Сәбитжан секілді бозөкпелер де жер басып жүрмес еді.

Жалпы, мәңгүрттік екі түрлі  болады. Біріншісі — жаугершілік замандағы мәңгүрттік. Мұнда адамды күшпен, зорлықпен адами ойлау-зердесінен айырып, жазалап, құлақкесті құл қылады. Екінші бір түрі — қазіргі жаһандану заманындағы рухани мәңгүрттік. Сәбитжан мен аңыздағы мәңгүрт — осының айғағы. Бірінде мәңгүрттік күшпен орындалса, екіншісі айла-амал арқылы халықтың ділін, дінін, тілін ұмыттырып, нағыз мәңгүртке айналдырған. Екеуінде де мәңгүрт осыны жүзеге асырып отырғандарға құл болады. Ш.Айтматов өз заманының қыспағына қарамастан, сөз құдіретін түсінетін халқына адамзат тағдырындағы аса қауіпті өзекті  мәселені көркемдікпен жеткізе білген.

Шыңғыстың «Кассандро таңбасы» жарыққа шыққанан кейін роман жайлы түрлі көзқарастар да ортаға түсті.  Шығарманы өте жоғары бағалаумен бірге «осы қалай екен» деген бағыттағы пікірлер де көрінді. Мысалы, «Қазақ әдебиеті» газетінде Ә.Меңдеке мынадай пікір білдірді:

«…Ойы да — тұңғиық. Тереңнен алып, түпкірлеп танытатын жалпыадамзатгық, жалпыәлемдік проблемалары да жұтынып тұр. Сурет те мол (мәселен, мұхиттың төсінде бірінің артынан бірі жылжи жүзіп бара жатқан киттерді көк жүзіндегі тырналарға теңеуі — қандай үйлесімді, өтімді!). Романдағы оқиғалар да ширатқан қыл шылбырындай шиыршық атады. Бірақ, бәрібір… бірдеме жетпейтін сияқты. Әлдене…

Әрі ойлап, бері ойлап, әрі оқып, бері оқып, ақыры тапқан да сияқтандым. Ұлттық топырақ, Ұлттық иіс, Ұлттық тұщыным жетпейді екен. Қырғыздың «Манасынан», Шыңғыс Айтматовтың өзінің «Қош, Гүлсарысынан», «Теңіз жағалай жүгірген Тарғыл төбетінен», «Ақ кемесінен», «Ғасырдан да үзақ күнінен» есіп тұратын және сол арқылы жаныңа жылулық дарытып, сезіміңе — сүйесін, сараңа — демесін бола алатын ұлттық исінім мен ұлттық түйсінім жетпейді екен…

        Не нәрсенің де өзегі болады: жердің өзегі, жанның өзегі, тәннің өзегі және, т.т. Жалпы адамзаттық, жалпыәлемдік, халықаралық, құрлықаралық игіліктердің өзегі — ұлттық құндылықтар. Демек, ұлттықтан ешуақытта ажырауға да, алыстауға да, кетуге де болмайды» («Қазақ әдебиеті», 26.05.2000).

Бүған    қарама-қарсы   Р. Рахманалиевтің  пікіріне     де   назар аударайық: 

«Шыңғыстың романын оқып шыққаннан соң, менің көз алдыма мынадай сурет елестеді. Басында айыр қалпағы бар қырғыздың бір шоң ақсақалы, тек қырғыз халқының ғана емес, исі түркінің бар игі қасиетін бойына жинақтаған әулие қарт биіктен Еуропа мен Американың өркениетіне әбден барлап қарап алып, сонан кейін: «Ау, туғандар-ау, бұларың не? Өздерің орнатқан өркениет өздеріңнің түбіңе жететін болыпты ғой? Мейірімді тазаны тақыр жұтатып, қатыгездік атаулыны ашыған қамырдай асқындырып, минут сайын мың бір бәлені өрбітіп-өршітіп отырған мұндай өркениет кімге керек? Кімге дәрі? Аулақ! Аулақ! Ұрпағым мен нәсілімнен аулақ!» деп жаны түршіге айтып тұрғаңдай боп керінеді. Менің көз аддыма елестеген осы сурет-романның қосалқы көмбесі, қосалқы дауысы» («Әлем әдебиеті», 2008, №2).

Біздіңше, романның екі жақ қырынан келген екі пікір де  — дұрыс. Бұл жерде Ә. Меңдеке әдебиет — өнер, өнер міндетті түрде ұлттық сыпатта болады, сондықтан да онда ұлттық болмыстың бейнеленуі заңдылық тұрғысынан келсе, Р. Рахманалиев мәселеге жазушы халықтың көзі, құлағы, сезімі жағынан келіп, адамзаттың болашағына қауіп төндіре бастаған ғасыр алапатын өнер тілімен ескертіп жатқандығына, яғни романда көтерілген әлеуметтік мәселеге  баса назар аударып жатқан сияқты.

Романда  адамзат қоғамы үшін аса маңызды үлкен мәселе көтерілген. Ол — ғылымның жалпы қоғамға, халыққа қызмет етіп, дұрыс жолда дамуы. Өкінішке орай, ғылым мен техниканың жетістіктерін түрлі айла-амалдармен халықты бағынышты ұстау, керек десеңіз, күш қолданып, қырып-жою құралына айналдыруы да өмір шындығына айналып отыр. Тіпті, ғылымның осылайша теріс бағытта дамуы жер бетіндегі тіршілік атаулыға қауіп төндіре бастады. Міне, осы сияқты жалпы әлемдік қауіпті проблемаларды дер кезінде көп болып шешуге Шыңғыс өткен ғасырдың өзінде-ақ шақырған.

Шындығында да, бұл роман  жазушы ғана емес, «Адамзаттың  Айтматовы атанған  қоғам қайраткері, ұлы қырғыз Шыңғыстың қоғамдық дамудың батыстық үлгісіне берген бағасы іспеттес. Романның бас кейіпкерінде Отан жоқ; ұлтсыз. Оның тұрағы — ғарыш; космостық орбита станциясында өмір сүретін ғарышкер ғалым. Ұзақ жылдар бойы жасанды адамдарды дүниеге әкелуді зерттеген ғалым Жер-Анаға қайтудан үзілді-кесілді бас тартады. Өз кінәсінен арылып-тазару үшін осылайша ғарыш тақуасына айналады. Сондықтан да оны мазалаған мәселе — ауыл-үйдің әңгімесі емес, жұмыр жердің, адамзаттың тағдыры.

      Мәселеге осы тұрғыдан келгенде,  Ш.Айтматовтың «Кассандро таңбасы» романындағы көркем шындықтың ойлы көзді оқырманға айтары көп. Адамның адам болып қалуы үшін қазіргі заман ұсынып отырған адам экологиясын, табиғат экологиясын дұрыс шешудің өмірлік маңызы артып отыр.  Шыңғыс бұл романында өркениет, ұлтсыздану, космополитизм мәселелеріне ғылым мен техниканың дамуы призмасынан көз жіберіп, адамзат қоғамы қайда барады, бұл бағыт апарып орға жықпай ма, адамзат қоғамы дұрыс жолда дамуы үшін не істеуіміз керек деген сауалдар төңірегінде ой қозғайды. Қалай болса да адамзат баласын адами болмысынан айрылып қалмауға шақырады.

   Романның бас кейіпкері Филофей  (өз есімі Андрей Крылцов) жөргектегі сәби кезінен жетім балалар үйінде тәрбиеленген; өзінің әке-шешесінің кім екенін білмейді. Өмір бойы «Менің әкем кім, шешем қайда екен?» деген сұрақтарға жауап іздейді. Өзінің кім екенін білгісі келеді. Романның соңғы бөлігіндегі Филофейдің күнделігінде жазушының негізгі идеялары ашық көрінеді. Ғалым өзінің тағдырын жасанды жолмен әкелген адамдарының тағдырымен ұқсас екендігін біледі:

     «Ведь фактически я и был иксродом, пусть и естественно рожденным, но именно таким, без рода, без племени, несгибаемым, невозмутимым, если не сказать — бессердечным в своих поступках, прославовшим жестким специалистом своего дела, человеком, не распылявшим своих способностей и времени ни на что другое, кроме целенаправленной деятельности. Судя по всему, партийных идеологов именно это и устраивало, именно такими им хотелось видеть настоящих иксродов. Я был подобием иксрода по воле судьбы. Хоть и не говорилось об этом в открытую, но я неволыю представал в качестве живого примера, в некотором роде прообразом… Я понимал это…» [Ч. Айтматов. Тавро Кассандры. Москва, ЭКСМО, 1995, 199-6].

Жасанды жолмеп дүниеге келгендерді белгілі тегі, ата-анасы жоқ болғандықтан «Икстектілер» деп атайды. Ал «икстектілер» не үшін жасалуда, неге аса қажет болып отыр? Бұған жауап күнделікте төмендегіше беріліпті:

«Но все дело в том, что рождающих в результате этого человек -назовем его иксрод — личность анонимная, это ничейный, искусственно выведенный субъект, я так понимаю… Ведь феномен иксродов удивительно много обещающий в политическом плане. Это будет именно та пробивная сила, которая, в отличие от нас, без оглядки, без страха и сомнений будет бороться за победу коммунизма во всем мире. Семья и прочие родственные отношения как архаичные институты старого мира насилия будут сброшены на свалку истории именно иксродами» [сонда, 196-бет].

«Разговор наш был абсолютно прямым, откровенным, без всяких условностей. Он утверждал, что наступят времена, когда инкубаторство не только станет легальным, но более того, этот тип леторождения окажется наиболее предпочтительным. И тогда понятия «Мать», «Отец» вообще уйдут в область преданий или будут иметь чисто условное значение» [сонда, 203-бет].

Бұл жерде автор адамзат қоғамының дұрыс жолда дамуы үшін табиғаттың заңдарын, адамзаттық құндылықтарды  сақтаудың маңыздылығына назар аударады.

Шығармадан келтірілген бұл мысалдар «Боранды бекет» романындағы «мәңгүрт» те, «Кассандро таңбасы» романындағы «Икстектілер» де, «Құз басындағы аңшының зары» кітабында сөз болған «зомбилер» де адамзат баласы жасай алмайтын, жүрегі дауалап, қолы бармайтын қандай істі болмасын тексіздіктен, туыс-бауырды білмейтіндіктен, жалғыздықтан, адамға тән отбасы, ата-ана, бауыр жайында ой-сезімдердің болмауынан селт етпестен іске асыра алатындығын көрсетеді. Жазушы бұл романында да тексіздіктің қандай апат әкелетіні туралы бұрынғы «Ақ кеме», «Боранды бекет» шығармаларында көрсеткенінен де әрі тереңдетіп, кеңінен айтып отыр.

Ш.Айтматовтың халық назарын аударып отырған келеңсіз құбылыстардың өріс алғаны соншалық — ол бір елдің, немесе бір аймақтың ауқымынан әлдеқашан шығып кеткен;  ол проблемаларды шешуге бір, не болмаса  бірнеше мемлекеттің қайрат қылуға шамасы келмейді; сондықтан да оны бүкіл адамзаттьң қатысуымен ауыздықтай алады. Жаһандану барысында қауіп-катердің терроризм, есірткі бизнесі, миграция, экология сияқты жаңа түрлері  пайда болып, әлемдік сыпат ала бастады. Ең бастысы ғаламдасу барысында халықаралық қатынастар ушыға түсіп, жер-жерлерде соғыс ошақтары лапылдай бастады. Жаһанданудың бет алысының қауіпті бола бастағаны соншалық — әлем қазір үшінші дүниежүзілік соғыстың сәл-ақ алдында тұр.

Әлемді қаулаған өрттей жапырып келе жатқан жаһандануға ұлттың, ұлттық тілдің, ұлттық құндылықтардың, діннің, жан-жақты дамыған адамның, қоғамның керегі жоқ. Оған  керегі — тілін, ділін, дінін білмейтін, рухынан айрылған, ұлттық тамыры жоқ мәңгүрт, тобыр. Қазіргі қазақ қауымының да қас жауы осы мәңгүрттер, яғни іштен шыққан шұбар жыландар болып отыр. Шыңғыстың ұлылығы осы бір алапаттың әлемге қауіп төндіретінін өткен ғасырдың өзінде-ақ көрегендікпен көре біріп, адамзат баласын ескетуінде жатыр.

Шыңғыс Айтматовтың күллі шығармасының идеялық өзегі,  айтар өсиеті — «Мәңгүрт болмаңдар!» болғандығына көзіңіз жетеді. «Боранды бекет» романының

«Едіге бір бүйірден ақ құс көргендей болды. Бұл баяғыда өзінің мәңгүрт ұлының садағының оғы тиіп, түйеден құлап бара жатқанда, Найман-Ананың ақ жаулығынан пайда болған ақ құс еді… Әлгі құс Едігемен қатарласа ұшып бара жатып, ақыр заманның арқыраған, күркіреген күшті даусының арасынан айқайлап: 

-Кімнің баласысың? Атың кім сенің? Өзіңнің атыңды есіңе түсір! Сенің әкең — Дөненбай, Дөненбай, Дөненбай, Дөненбай, Дөненбай…-деп, шырылдап бара жатты» (Ш. Айтматов. Боранды бекет (Ғасырдан да ұзақ күн). Орыс тілінен аударған Ш. Мұртазаев. Алматы, «Жалын», 1986,  300-бет)-деген символикалық мағынасы терең сөзбен салынған көркем көрініспен аяқталуының өзі ойлы оқырманды өмірдің мәні жайлы терең ойларға жетелейтіні анық.

Иә, Шыңғыс Айтматовтың қай шығармасын оқысаңыз да Найман -Ананың ақ жаулығынан пайда болған ақ құс:

— Атың кім сенің?  Әкеңнің атын ұмытпа! Анаңның атын ұмытпа! Еліңді ұмытпа! Жеріңді ұмытпа! Мәңгүрттіктен сақтаныңдар!  Өйткені, дүниені бүлдіретіндер де, бұзатындар да — мәңгүрттер. Сен адамсың. Сен адам болып қалуға тиіссің-деп, бебеулеп, құлағыңа құя беретін сияқты.