Антуан де Сент-Экзюпери. Бала патша. Француз тілінен аударған Мария Арынова

Шынымды айтсам, түпнұсқасында «Кішкентай Ханзада» деп аталатын Антуан де Сент – Экзюперидің бұл шығармасын аудару ойымда жоқ еді.Өйткені,қазақшаға аударылған болатын.

Алайда, Әуезхан Қодар және басқа да қалам ұстаған кісілер түрткі болды. Олар бұл шығарманың орыс тіліне аударылған екі- үш нұсқасы бар екенін алдыма тартып,көзімді жеткізді. Сондықтан, мен де қазіргі күні қалыңқырап, еленбей келе жатқан аударма саласында тағы бір рет бағымды сынағым келді.

Әуезханның көзі тірісінде өзі оқып, менің «Бала Патша» деп алғанымды да қолдап еді. Ұнатқанын мақтанышпен айта аламын.Кез келген баспаға пікір жазып беруге дайын екенін айтқан болатын.

Сонымен,қалың көпшілікке ұсынамын. Пікірлеріңізді мына адреске жолдасаңыздар болады: a.marya@mail.ru

БАЛА    ПАТША

(Кішкентай Ханзада)

Антуан де Сент — Экзюпери

Суреттер автордікі

Леон Верт  атты ағайға арнаймын

Балалар!

Қолымдағы кітабымды сендерге емес, үлкен кісіге арнағаным үшін кешірім өтінемін. Неге олай еткенімнің себебі көп, ең бірінші себеп: Леон Верт — менің жер жаһандағы ең жақын досым.Екінші себеп: бұл кісі қандай үлкен ағай болса да бәрін түсінеді, әсіресе,балалардың жан –дүниесін бірден ұғып, айтқызбастан  сезеді. Ал, үшінші себеп: бұл ағай Францияда тұрады және ол мұнда  жадап- жүдеп жүргені былай тұрсын, аштықтың да азабын тартып жүр.Сондықтан, оның жабырқау жанын жұбату үшін осы шығармамды  әдейі арнауды жөн көрдім.Ал,енді менің бұл айтқан уәждерім көңілдеріңе қонбаса, қазір ересек ағай болып отырған досымның кішкентай бала кезіне,оның балалық шағына  арнаймын. Себебі, үлкен кісілердің бәрі бір кезде кішкентай бала болды емес пе?(Бірақ, неге екенін олардың көбі соны мүлде ұмытып кетеді) Ендеше, сөзімді мен былай деп түзеткім келеді:

кішкентай бала кездегі

Леон Вертке арнаймын

I

…Сол бір ғажап суретке таңырқай қарағаным әлі есімде. Менің алты   жасар кезім шығар деймін. «Бастан кешкен оқиғалар» деп аталатын адам аяғы баспаған  ғажайып орман туралы ертегілер жинағы қолыма қалай түскені есімде жоқ.Тек, сол кітаптың ішіндегі бір сурет менің жанымды астаң- кестең еткенін білемін. Міне, сол суреттің копиясы (өзімше айнытпай салғандаймын ).

Ол кітапта былай депті: «Айдаһар жылан қолына түскен  олжасын (әрине, ол анау- мынау кішкентай жануар емес екені белгілі) шайнамастан, сол күйі жұта салады, тіпті қиналмайды да. Содан соң айдаһар қимылдамастан сұлық жатады. Сол жатқаннан мол жатып ,алты ай бойы қалың ұйқыға кетеді.Осы мерзім ішінде жұтып алғаны да қорытылып бітеді екен. »

Мен ит тұмсығы батпайтын джунглидің небір сырларына таң қала отырып, қолыма бояу қарындашымды алдым. Не болса да алған әсерім алғашқы суретімді салуға итермеледі. Менің номері 1-суретімді енді сіздер де көріп отырсыздар. Міне ол былай болып шықты:

Мен салған суретімді алдымен  үлкен кісілерге мақтанып көрсеттім және олардан: « Мына сурет қорқынышты ма? Сендер шошып кеткен жоқсыңдар ма ?» — деп сұрадым.

Олар маған: « Қызық екенсің, басқа киетін шляпаның (қалпақтың) несі қорқынышты? Бізге не бопты одан шошитындай » деп жауап берді.

Үп- үлкен кісілерге қалай түсіндірсем екен? Менің салған суретім басына басып киіп алатын шляпа емес, айдаһар жыланның он орап  жұтып алған пілі болатын.Енді дардай адамдар дұрыс түсінсін деп, айдаһар жыланның ішіндегі  жұтып алған пілдің суретін жеке  салып көрсеттім.Тәптіштеп жүз рет айтпасаң бар ғой, үлкендер тез арада ештеңе түсіне қоймайды. Мұны енді менің номері  2-суретім  деп біліңіздер:

Ал,үлкен кісілер маған қандай ақыл айтқанын білесіздер ме? Олар маған: «Сен айдаһар жыланның пілді жұтқанын,  қалай жұтқанын қайтесің? Оның ішіндегі пілді, сыртындағы пілді салып неге әуреге түсесің? Одан да географияны, тарихты оқы.Құдай- ау,  есеп шығар, әйтпесе, грамматиканы дұрыстап жатта »- деп, өзіме дүрсе қоя берді.Содан да болар, мен алты жасымда суретші болам деген арманыммен біржола қош айтысқаным. Үлкендер менің бар жан- тәніммен салған номері 1-ші  және номері  2-ші суреттерімді  мүлде жарамсыз етіп тастады. Әрине,біраз уақыт менің көңілім басылып, жабырқап жүрдім. Амал не, үлкен кісілер өздерінікі болмаса, баланың айтқанына көнбейді.Қызық ,оларға бәрін қайта- қайта түсіндіріп отыру керек. Тіпті, шаршап кетесің.

Не керек, мен енді үлкендердің ойынан шығатындай басқа бір нәрсе, олардың сөзімен айтқанда,дұрыс  кәсіп таңдауыма тура келді; содан  ұшқыштың оқуына түсіп, пилот болдым ел қатарлы. Дүниенің төрт бұрышына түгел ұшып бармасам да, бірталай жерде болдым. Географияны оқығаным дәл осы кезде өзіме үлкен көмек болды.Түү биіктегі бұлттың арасынан қалықтап келе жатып Қытайды бірден танимын. Оны Аризонамен ешқашан шатастырмаймын. Әсіресе, түнде ұшып келе жатып, жолдан адасып қалсаң географияның пайдасы тиеді.

Мынаны баса айтқым келеді: осы өмірімде мен жақсыны да жаманды да көрдім. Небір ақылды адамдармен таныстым. Үлкен кісілермен, ересектерді айтам, қоян- қолтық бірге  жүрдім. Әрине, бірге жүрген соң бар уақытым солардың арасында өтті. Әрқайсымен өте жақын болдым. Бірақ, олар туралы менің баяғы ойым еш өзгермеді. Әйдік бола тұра ойыңды еш түсінбейді өздері.

Әй, осы кісі жөн біледі- ау деп, қуанып кеттім бірде. Алғашқыда маған оның түсінігі мүлде өзгеше сияқты көрініп еді. Содан қуанғанымнан баяғы сақтап жүрген суретімді қайтер екен деп, алдына жайып салдым. Егерде шынымен мен ойлағандай ерекше түсінігі бар адам болса басқаша жауап береді деп дәмеленіп отырмын.Екінші жағынан, сынап тұрмын ғой . Суретке әрі қарап, бері қарап: «Мынауың шляпа ғой»,- деді ол кісі де. Е,түсінікті болды. Үлкендердің бәрі осындай екен. Ендігі жерде мен бұл кісіге  аждаһа жылан туралы да,қалың орман туралы да, жұлдыздар туралы да жұмған аузымды ашпадым.Оқыған кітабымды, оның ішіндегі маған әсер еткен оқиғаны да айтпадым. Қайта, сол кісінің айтқанын қостап, бәріне  бас шұлғып отырдым. Бридж, гольф ойындары туралы қызу әңгімелестік. Саясатты айтып бірталай жерге бардық. Одан қалса, мойынға  тағатын галстукты сөз еттік.Міне, енді  менімен әңгімелесіп отырған адам менің кәдімгідей өзімен тең екеніме қуанып- ақ қалды.

II

Сонымен, мен жападан- жалғыз , құлағың шыңылдайтындай тып- тыныш құмның ішінде қалдым. Уақыт бір орында тұрып қалған сияқты өмір  сүріп жаттым.Тіпті, жақын маңда тіс жарып  сөйлесетін  ешкімді таппайсың. Не десем екен,жұмысым солай, үнемі жалғыз жүрем.Дәлірек айтсам, жалғыз ұшам. Бір күні Сахара сияқты дүниенің жартысын алып жатқан құмның ішінде ұшағым аяқ астынан апатқа ұшырады. Апат дегенге шошымаңыздар, бір тетігі істен шығып, жапан далада амалсыз қонуыма тура келді. Содан бері де  алты жыл өтіп кетіпті- ау. Моторымның ішіндегі бірдеңе сынып кеткен екен.Қасымда көмектесетін механик те жоқ, жолаушылар да жоқ. Не болса да, өз күшіме сеніп жөндеуге кірісуге қамдана бастадым.Басқа не амал бар? Анау- мынау емес, кәдімгі үлкен мәселеге тап болғанымды сезіп тұрмын. Қайтсем де сынған жерін тауып, жасап шығуым керек. Әйтпесе өмір мен өлімнің екі ортасында тұрмын.Не олай, не былай болам.Оның  үстіне ,ауыз суым да  бір аптаға әзер жететіндей ғана қалыпты.

Далада қалған  ең алғашқы түнімді  (жал- жал)сусылдаған құмның үстінде өткіздім. Ұйқы арсыз деген, сілейіп ұйықтап қалыппын. Ал,адамдар тұратын ауылдар мен қалалар менен жүздеген, тіпті мыңдаған шақырым алыста қалған еді.Менің бұл күйімді  мұхиттың ортасында келе жатып апатқа ұшыраған кемемен теңестіруге болады,әрине. Қазіргі жағдайым болса  сол апаттан аман қалып, кішкентай плоттың (кеменің) үстінде қалт- құлт етіп, алып мұхитта жалғыз қалған адамға ұқсайды. Осындай күйге түсіп, бар амалым таусылғанда менің басымнан бір  ғажайып оқиға өтті десем сенесіз бе?! Таң жаңадан атып, күннің шапағы енді біліне бастаған кез болатын.Мен бір керемет жанға жайлы баланың  дауысынан ояндым.Сол кезде таң қалғанымды айтпаңыз! Ол дауыс маған:

— Жалынып сұраймын…маған қойдың суретін салып берші!- деді.

— Апырай! Не дейді?

— Қойдың суретін салып берші …

Мен сасқанымнан төбемнен жай түскендей атып тұрдым.Екі көзімді екі қолыммен әбден уқалап алып,қайтадан қараймын. Түсінсем бұйырмасын! Енді әбден көз тоқтатып, алдымда тұрған бейнеге анықтап қарадым.Қарсы алдымда маған байыппен қарап тұрған ерекше бір бала тұр.Бет- әлпеті де, киген киімі де ешкімге ұқсамайды,сондай сүйкімді! Міне, мына сурет сол баланың  портреті.Кейіннен өзіме- өзім келген соң асықпай салған ең әдемі шығармамның біреуі осы.Бірақ, мен оның сән- салтанатының жартысын да ұқсата алмаған сияқтымын.Алайда,оған өзімді кінәлағым келмейді.Баяғы бала кезімде, естеріңізде болса айтып едім ғой, алты жасар кезімде суретші болам деген таудай талабым бар еді.Үлкендер мені сол ойымнан айнытып, қолдамай қойды.Содан бері аждаһа жыланның жұтып алған жемтігінің суретін  ғана салумен шектеліп қалдым.Біресе дәу жыланның ішін салдым, біресе сыртын салдым.Әріге бармай тоқтап қалдым…

Ал, енді ғажайып баланы ең алғаш  көріп таң қалғанымды айтып жеткізу мүмкін емес! Одан екі көзімді ала алмай қарап қалыппын.Ең қызығы -кенеттен пайда болған бала не шаршаған адамға, не адасқан адамға ұқсамайды. Қарны ашқан сияқты да емес, шөлдемегіні де жүзінен көрініп тұр.Ештеңеден қорқып, не үркіп тұрған жоқ, сондай жайбарақат.Өзін тәкаппар ұстайтыны жарасып- ақ тұр. Қыз- қыз қайнап жатқан тіршіліктен мыңдаған шақырым жерден алыста қайдан жүр өзі жападан жалғыз?Айттым ғой,жолынан  адасып қалған балаға да мүлде ұқсамайды. Бір кезде тілім сөйлеуге келді- ау,әйтеуір.Мен:

— Айналайын … мұнда неғып жүрсің?  деп  сұрадым.

Ол маған жауап берудің орнына бағанағы тілегін тағы да қайталады. Өтінгенінің өзі сондай инабатты.Өте ізетті қалпымен, аса бір маңызды жұмысты  айтып тұрғандай:

— Өтінем…маған қойдың суретін салып берші…

Кенеттен келген  керемет бейнелі баланың әсері қойсын ба? Оған «жоқ» деп айту тіпті мүмкін емес еді.Өзім дүниенің шетінде,желдің өтінде, алдымда не күтіп тұрғанын білмей уайымдап тұрсам да, балаға сырымды білдірмей қалтамдағы қағаз- қарындашымды қолыма алдым. Ау,менің ден қойып оқығандарым география, тарих, есеп пен грамматика  емес пе? Маған алаңсыз сеніп тұрған балаға (өзім де жабырқаулы екенімді жасыра алмай):

— Мен сурет салуды білмеймін…, дедім.          Ол болса  маған:

— Ештеңе етпейді. Қойдың суретін салып берші,-  деді.

Өмірімде қойдың суретін салып көрмегендіктен мен де өз дегенімнен қайтқым келмеді. Баяғы аждаһа жылан туралы суреттің бірін ұсындым. Пілді жұтып қойған кезін.Сырты жабық,ішінде піл.Әлгі суретті көре сала баланың айтқаны:

—  Жо, жоқ! Жоқ деймін! Маған пілді жұтып алған аждаһа жылан керек емес! Мына дәу жыланның түрі қандай қорқынышты! Піл де өңкиген дәу екен өзі.

Баланың мына сөздеріне таң -тамаша қалдым. Енді ше?! Үлкен ағалар мен тәтелер менің бұл суретіме қанша қараса да, не екенін таппай қойып еді. Сән- салтанаты жарасқан мына титтей бала бірден көріп тұр.Ойпыр – ай, ә!

  • Мен шап- шағын, кіп -кішкентай жерде тұрам. Мыналар сыймайды. — Маған қозы керек. Қозының суретін салып берші,- деді қиылып.

Ал,ендеше деп қозының суретін салуыма тура келді.

Ол суретке бажайлап қарап тұрды да:

  • Жоқ болмайды! Мынауың тұсақ тоқты ғой өзі. Түрінен көрініп тұр онша емес екені. Басқадан салшы деді.

Мен басқасын салдым.

Менің жас досым суретке әбден үңіліп қарады да, мені ренжітіп алмайын дегендей:

— Өзің жөндеп қарашы…мынауың қозы емес, қошқар ғой. Мүйізі бар екен…

Амал жоқ, мен бар болғыр қозының суретін тағы бір рет салып шықтым.

Бұл жолы да ұнатпады, қайтейін.

— Мынаның түрі баяғыда саудырап, сүйегі қалған жануарға ұқсайды. Өзі әбден қартайған . Маған ұзааақ өмір сүретін қозы керек,-  деді.

Шашып тастаған моторымды қайта жинау керек екені есіме түсіп,асығыс –үсігіс  мына суретті салып бердім.

Мұның не екенін түсінідіріп, балаға былай дедім:

— Мынау жәшік. Сенің қозың соның ішінде, осыны біліп қой.

Ештеңеге көңілі толмай тұрған баланың жүзі бұл жолы  жайнап сала бергеніне таң қалдым.Мені сынға алып, салған суреттеріме билік айтып тұрған ол:

—    Менің де армандағаным тура осы болатын! Ал,енді бұл қозыға қанша шөп керек? Көп жей ме?

—    Оны неге сұрадың?

—    Себебі мен өте кішкентай жерде тұрам ғой… деді ол қамығып.

—    Бәрі дұрыс болады.Мен саған кіп- кішкентай, моп -момақан қозы салып берем.

Ол суреттен басын алмай,үңіліп қарап алды да:

—   Мынадан кіші болмасыншы…Қарашы, қарашы деймін! Ұйықтап қалыпты өзі…деді.

Міне, Бала Патшамен ең алғашқы таныстығым осылай басталған еді.

III

Тап- тұйнақтай кішкентай баланың мұнда  қайдан пайда болғаны  мені көп ойландырды.Қызық, қайда тұрады өзі? Мен оған Бала Патша деп ат қойдым. Бала болса да  дана екені көрініп тұр. Өзінің бекзадалығы қандай жарасымды! Бірақ, ол менің ойымды да, менің оған қойғым келген сұрақтарымды  да білмейді.Өйткені, бұл сұрақтар менің ішімде қалды, сыртқа шығармадым. Сонымен, ол менің ұшағымды ең алғаш рет көрген кезде  (ұшақтың суретін салмадым, өйткені мен үшін бұл өте қиын шаруа, қолымнан келе қоймас):

— Мынау не қылған нәрсе?- деп таңырқады ұшаққа қарап.

— Бұл анау- мынау нәрсе емес сен айтқандай. Бұл ұшады. Бұл-  менің ұшағым. Иә,біліп жүрші, бұл- менің ұшағым.

Өзімнің ұшқыш екенімді айтқанда мақтанышымды жасыра алмадым.

— Қалай,қалай?! Сен аспаннан түстің бе, сонда?-  деп Бала Патша айқалап жіберді.

—  Иә,  дедім мен барынша қарапайым кейіппен.

— Әәә! қызық екен…

Осыны айтты да, Бала Патша ішек — сілесі қатып бір күліп алды.Оған менің іштей жыным келді.Басыма түскен қиындық басқалардың жанына неге батпайды осы? Елдің бәрі мен сияқты неге сезінбейді?  Айдалада жатырмын ұшағым сынып…

— Сонда сен де аспаннан түстің бе? Қай планетадан келдің? — деді ол біраздан соң.

Таңғаларлықтай бір ғажайып нұрды бір сәт баланың қасынан байқап қалдым.Сол кезде Бала Патша айналасына шуақ шашып тұрды расында.

—  Сен өзің қай планетадан келдің? — дедім асығып.

Бірақ, ол менің сұрағыма жауап берудің орнына , ұшағыма қарап басын шайқап тұрды да:

—  Сен көк аспаннан  түссең де, сонша алыстан келе қоймағаның көрініп тұр…, деді.

Солай деді де өз ойымен -өзі болып ұзақ тұрып қалды. Бір кезде қалтасынан мен берген қозының суретін алды. Тура бір сурет емес,керемет қазына көргендей көзін алмай қарап тұрды.

Байқаймын ертегідей  бала  маған онша сеніңкіремей тұрса да, сөзінің арасында  «басқа планеталар» дегенді айтып қалды.Өзі ғана білетін ол қандай «басқа планеталар» болды екен?

Соның жайын толығырақ білгім келген соң:

—  Өзің қайдан келдің, балақай? «Біз жақта» деп қай жақты айтып тұрсың? Менің қозымды қай планетаға апармақсың, білсем бола ма? — дедім.

Көзін бір нүктеден алмай ойланып тұрған ол:

—  Сен қозыны жәшікке салып бергенің қандай жақсы!  Түнде қозым мұздамайды енді, қораның ішінде жатқандай жып -жылы болады,-  деді.

— Әрине, дедім мен оны қостап. Күндіз жақсылап жайылсын десең байлап қой. Мен саған жіп те берем, қазық та берем.

Менің айтқан сөздерім оған тіпті қызық көрінді,білем,өйткені Бала Патша:

— Қозыны байлап қой дейсің ба? Ой, қандай қызық!- деді.

— Енді қалай деп едің, байламасаң болмайды. Басы ауған жаққа кетіп қалады әйтпесе.Жоғалып кетуі мүмкін…

Балақан бұл сөздерге тағы да рахаттанып күліп алды да:

— Сонда ол қайда кетіп қалады?- деп сұрады.

— Қайда дерің бар ма. Оңға болсын, солға болсын, басы ауған жаққа жүре береді де…

— Мен алақандай ғана жерде тұрамын, қайда кетер дейсің!- деді Бала Патша ойлы қалыппен.

Ол біраз мұңайып  тұрды да:

  • Қалай қарай жүрсе де тар жерде  қалай алысқа жайылсын…, — деді.

IV

Міне, ендеше, мен тағы бір сырын білдім балақайдың: « Менің планетам» деп , аузын толтырып айтқаны аядай ғана жер болып шықты!

Бала Патшаның жаңалығына соншалықты таң қалып тұрмын деп айта алмаймын.  Жер, Юпитер, Марс, Венера сияқты алып планеталардың өзі  телескоптан қарағанда кіп- кішкентай ноқат болып әзер көрінеді. Басқа жүздеген аты жоқ  ғарыш тылсымдарын қоспай- ақ қойғанның өзінде.Оларды зерттейтін астроном жаңалық ашса, бірден  ат қояды немесе нөмірлеп қояды.Мысалы былай деп атауы да мүмкін: « астеройд 3251 ».

Бала Патшаның  «В 612» деп аталатын астероидтан келгеніне сенімдімін. Бұл астероидты 1909 жылы бір түрік астрономы байқап қалған болатын.

Әлгі астроном өз жаңалығын паш ету үшін  Халықаралық Астрономдар Конгрессінің алдында сөз сөйлейді. Өкінішке орай, оның айтқан сөздеріне де, ашқан астероидына да ешкім көңіл қоймайды.Тіпті, сенбейді. Себебі, түрік астрономы белін буып алып үстіне өзінің ұлттық киімін киіп келеді. Соны сылтауратып  ғалымдар жаңалығын қабылдамайды. Міне, үлкен кісілердің осындай түсініксіз қылықтары бар.

Дегенмен, В 612 астеройдының  бағы бар екен; түрік патшасы өз халқына «кімде- кім мұнан былай европаша киінбесе, басын аламын»  деген жарлық шығарады. Астеройд  ашқан түрік астрономы 1920 — жылы қайтадан бас қосқан ғалымдардың алдында тағы бір рет еңбегін жариялайды.Үстіне кигені судай жаңа костюм- шалбар. Бұл жолы оның жаңалығын дүние жүзі мойындайды.

Мен сендерге В 612 астеройдын, оның номерінің тарихын тәптіштеп айтып жатуымның сыры бар. Бәрі баяғы үлкен ағалардың өздері орнатып алған тәртібіне келіп тіреледі.Неге екенін, үлкен кісілер цифрларды мысалға келтіргенді керемет жақсы көреді.Сенбесеңдер өздерің байқап тұрыңдаршы айтқан әңгімелерін. Егер сен оларға, үлкен кісілерді айтам, бір досың туралы айтсаң, ең негізгі жеріне құлақ аспайды. Олар сенен: «Досыңның дауысы қандай? Қандай ойындарды жақсы көреді? Көбелек жинағанды жақсы көре ме?» деп ешқашан сұрамайды.Ал, сұрайтындары мыналар: « Досыңның  жасы қаншада? Қанша ағайынды? Салмағы қандай? Әкесі қанша ақша табады екен, ауқатты ма?». Көріп тұрсың ғой, үлкендердің айтатындары да, сұрайтындары да  «қанша- қаншадан » дегеннен әрі аспайды.

Әрі қарай барайық.Мен  үлкендерге: « Қызыл кірпіштен салынған бір керемет үй көрдім. Терезесі толы гүл, әсіресе жайнаған гераньды айтсаңшы, үйдің төбесінде қаптаған көп кептер қонақтап отыр…»  демеуім керек.  Өйткені,олар бәрібір оған құлақ аспайды. Үлкен ағалар мен тәтелерге қысқаша ғана: « Мен жүз мың франк тұратын үй көрдім»  десең болғаны. Олардың  сол сәтте естері шығып кетеді. «Шіркін- ай ,не деген әдемі үй!» деп абыр- сабыр болады да қалады.

Ал,енді оларға : « Аспаннан түскен Бала Патшаны көрдім, өзі сондай жайдары, үнемі жымиып тұрады және ол қозыны жақсы көреді екен. Қозыны жақсы көрген адам айналадағы дүниені де қадірлейді, өмірге құштар » десең, үлкендер иығын бір қозғап қояды да, сені « бала боп кеткен бе өзі, қандай қызық адам! » деп ойлайды.Үлкендердің ойынан шығып: « Бала Патшаның келген планетасы астероид  В 612  деп аталады екен » десең,олар бірден бәрін түсіне қояды. Тіпті, саған сұрақ та қоймайды,мазаңды да алмайды. Өздері сондай болса қайтесің.Қалай кінәлайсың? Сондықтан, кішкентай балалар үлкендермен абайлап араласуы керек. Амал жоқ,олар көп нәрсені басқаша түсінеді…

Әрине,ненің не екенін жақсы білетін біз үшін олардың бәрін номерлеп тастағысы келетіндері күлкіңді келтіреді! Ал,егер басымнан кешкен оқиғаны бір қиял- ғажайып ертегі сияқты баяндасам ше? Онда мен былай деген болар едім:

« Баяғыда  бір Бала Патша өмір сүріпті.Бір қызығы  оның тұратын планетасы өзі ғана сиятындай кіп- кішкентай екен. Былайша айтқанда, алақандай десең де болады. Сол Бала Патша : «шіркін, менің жанымда  бір досым болса ғой… » деп армандайды екен.  Өмірдің ащы- тұщысын көрген жандар оның досқа зәру екеніне, айтқаны рас екеніне ешбір шүбә келтірмейді.

Менің кітабымды бастан- аяқ сыдыртып,тез тез  оқып шықпасаңдар екен.Бала Патша туралы әңгіме айтсам ерекше күйге түсем, біртүрлі жаным ауырады. Ол есіме түскен сайын көңілім бұзылады. Қозы салған жәшікті қолтықтап өзінің аядай астеройдында тұрғанына да  аттай алты жыл болыпты.Оның бейнесін ұмытқым келмейді, сондықтан,көргенімді  қаз- қалпымен баяндап отырмын. Досыңнан  көз жазып қалу қандай өкінішті! Оның үстіне, елдің бәрі бірдей нағыз досқа кездесе бермейді. Мен де бір күні цифрларды жақсы көретін, цифрдың тілімен  ғана сөйлейтін үлкендердің қатарына қосылуым әбден  мүмкін.Сондықтан, солардың жолына түсіп кетпеу үшін  қорап- қорап  бояумен қоса қарындаштардың  да сан алуан түрін сатып алып қойдым. Мен сияқты есейіп кеткен адамға  аяқ астынан керемет сурет салу қайда. Бар өнерімнің басы — айдаһар жыланның бейшара пілді жұтып жатқан кезі болатын.Есіңізде ме, алты жасар кезімде сол жыланның ішін де, сыртын да тамаша етіп салғаным!Әрине, мен алда- жалда біреудің портретін  салсам ұқсатып шығаруға жанымды салам.Әй, қайдам, тіліммен айтқаныммен, ішімнен өзіме- өзім онша сенбей тұрғанымды қарашы.Жарайды, бірін ұқсатпасам екіншісін ұқсатып салармын. Қолымнан келгенше көрем де.Ал, салған  суреттеріме  қарасам, Бала Патшаның түрін  біресе олай , біресе былай етіп қойыппын.Мына жерде оның бойы тым биік сияқты. Ал, мына жерде тіпті кіп — кішкентай болып шығыпты .Бала Патшаның үстіндегі сән- салтанаты жарасқан киімінің түсін де жөндеп көрсете алмаған сияқтымын.Енді мен не де болса деп, еркін қимылдадым.Әйтеуір,бүлдіріп алмасам болды.Кейбір детальдарды айнытпай салу қолымнан келе қоймас.Ол үшін кешірім сұраймын.Сендер де түсіністікпен қарайды деп ойлаймын. Менің жаңа танысқан бала досым ешқашан көп сөйлемейтін.Ол мені де дәл өзі сияқты деп ойлайды.Бірақ, мен ол сияқты жәшіктің ішінде жатқан қозыны көрмейтінімді қайдан білсін.Мен де үлкендерге ұқсай бастаған сияқтымын. Әлде, есейіп кеттім бе ?

V

Мен күн сайын алыс планетадан  келген бала туралы,оның  қайда, қалай кеткені туралы бір- бірлеп  жаңалық ашатын болып алдым.Саяхатының сыры да біртіндеп, асықпай айқындала бастады. Бірден ду еткізіп бар әңгімесін жайып салған жоқ(ол өзі көп сөйлемейді деп едім ғой).  Ақырындап басып, ойламаған жерде қасымда пайда болатынына таң қалам.. Баобабтардың сырын да мен  сол баламен кәдімгідей жақындасып, ол  үшінші күні келгенінде ғана білдім.

Бұл жолы да Бала Патша мен суретін салған қозыны айтып,тағы бір рет рахмет айтуды ұмытпады. Әрқашанда ізетті қалпынан бір өзгермейді. Сол жолы бір маңызды нәрсе мазасын алып жүргендей,менен:

— Қозылар осы не жейді? Олардың  бұта мен арша жейтіні рас па? -деп сұрады.

—  Иә. Аласа аласа бұтаны жұлып жейтіні айдан анық.

—  О, жақсы болды ғой!

Қой- қозының бұтаның жапырғын  жегенінде тұрған не бар? Оған неге сонша бас қатырады?- деп ойладым ішімнен. Алайда, Бала Патша жұлып алғандай:

  • Олай болса, қозылар баобабты да жейді ғой,ә?- деп сұрады.

Мен Бала Патшаға баобабты шыршамен теңеуге мүлде келмейтінін айттым. Баобаб дегендер зәулім- зәулім үйлерден де, тіпті,төбесі көк тіреген  шіркеуден де үлкен екенін барынша ұқтырғым келді оған. Егер бір қора  пілді баобаб ағашына жайып жіберсең, олар бәрі жабылып бір шетінде ғана жүреді, дедім.

— Бір қора піл дегеніме Бала Патша мырс етіп күліп жіберді.

—  Ал,егер пілдерді бірінің үстіне бірін мінгізіп қойса не болар еді…

Ол біраз ойланып қалды да:

— Баобабтар да алдымен кіп -кішкентай болған шығар, деді.

— Әрине! Сен неге қозың баобаб жесе екен деп ойлайсың? Кіп- кішкентай жаңадан өскен баобабты қозың рахаттанып жесе дейсің бе?

Ол маған: « Жарайды! Көреміз!» деді бір маңызды нәрсені меңзеп. Оның ойында не тұрғанын түсіну үшін мен бірталай ойландым.

Шынын айтқанда, Бала Патшаның планетасында да ғарыштағы барлық планетелардағы сияқты  кәдімгі шөп өсетін. Шөптің өзі жақсы шөп және арам шөп деп екі түрге бөлінетінін білеміз.Жақсы шөптің дәнінен балауса өседі, жаман шөптің дәнінен арам шөп қаулап кетеді.Бірақ, екеуінің де дәні өсіп шыққанша көрінбейді.Олардың қандай болатынын жердің астынан бір- бірімен жарыса көктеп  шыққанда ғана білеміз…Ал,көктемде ұйқыдан оянғандай  қаулап өсе бастағанда, жанадан шыққан  шөп ең алдымен күнге қарай әлсіз ғана тартылып,жапырағы мен сабағын жая  бастайды.Егер редиска мен роза гүлі бүршік жарып, жайқала бастаса тіпті жақсы! Оларға тиіспеу керек. Алайда,өзімізге беймәлім  бір шөп өсіп келе жатса, оны алдымен жақсылап суару керек.Егер арам шөп болса, біле қоямыз түріне қарап. Бала Патшаның планетасында бір сұмдық жаман өсімдіктің ұрығы да кездеседі…бұл баобабтың ұрығы.Сұмдық дейтінім —  егер кіп — кішкентай планетаға баобабтың дәні түсіп, алда- жалда  ол өсіп шықса, одан өмірі құтыла алмайсың. Бала Патшаның бар планетасын жалғыз жайлап алады.Құдай сақтасын, егер баобаб  тамырын бір жіберсе болды, шауып тастасаң да болмайды. Өзі шап- шағын планетаның тынысын тарылтып, астаң- кестеңін шығарады. Баобаб ендігі жерде көбейе береді, көбейе береді…

«Бұл мәселе бір жағынан өзіңнің  ұқыптылығына, орнатқан тәртібіңе де көп байланысты деген болатын біршама уақыт өткен соң Бала Патша. Таңертеңгісін тездетіп  жуынып- шайынып бола салысыңмен, планетаңды да жақсылап тазалап шығуың  керек. Ең бірінші міндетің —  баобаб қаулап өсіп кетпей тұрғанында оны тамырымен қосып, біржола жұлып таста. Оларды қалай болса солай, бетімен жіберуге еш  болмайды. Жаңадан қылтиып өсе бастаған кезінде баобаб роза гүлінен аумайды өзі.Сондықтан,байқамасаң шатастырып алуың оп- оңай. Ал, планетаны үнемі таза ұстау деген- күнде ретке келтірген соң,адамды мезі қылып, жалықтырып жібереді. Бірақ ,сонша  қиналатындай ауыр жұмыс емес.»

Бір күні ол маған өзі келген планетаның  суретін әдемілеп салшы деп өтінді.Мен тұратын жердегі балалар  біліп жүрсін дегені. «Егер күндердің күнінде ,деді Бала Патша, сен жақтағы кішкентай балалар  саяхаттап менің астеройдыма келсе, салған суретіңнің оларға пайдасы тиеді.Тез арада айтқан суретімді сала қояйын  деп  өте асықпасаң да  болады. Бірақ, баобабтарға келсек, оларды қаулатып жіберіп,  қарап отыр деп айта алмаймын. Себебі ,бір амалын тауып, тез арада оларды отап тастамасаң,өмірі  ие бола алмай қаласың.Жер- дүниені басып  кетеді. Бір адам айтқысыз жалқау кісі тұратын планетаны білем. Жалқаулығы сондай, күні бойы шалқасынан түсіп қылтиған үш түп бұтаға қарамайды…»

Бала Патшаның әңгімесі бойынша айтқан планетасының суретін салдым не де болса.Мен білгішсініп сендерге ақыл айтайын деген ойдан аулақпын.Бірақ, баобабтар сонша қауіпті дегенге онша сене қоймасам да,кіп- кішкентай  астеройдқа бәленің бәрі солардан келеді деген күдік ақыры берген уәдемді бұзды. Сурет салмаймын деп едім ғой, Бала Патшаның көңілі үшін сол сөзімді орындай алмадым. Мен: « Балалар! Баобабтан сақтаныңдар!» дегім келді.Себебі мен оларды алдын- ала ,  әлі бетпе — бет кездесе қоймаған қатерден сақтандырсам деймін. Мен өзім де баобабтардың қаншама қатерлі екенін білмеймін, бірақ олардың оңай жау емес екенін сеземін.Егер оларды отап тастамасақ, Бала Патшаның кіп- кішкентай жерін түгел қаптап кетеді. Олардың суретін  ұқсатам деп  қаншама уақытымды жұмсадым десеңші! Сондықтан, менің еңбегім зая  кеткен жоқ шығар деймін. Сендер менен:

— Бұл кітаптың ішінде баобабтың мына суреті сондай үлкен, тіпті, жалғыз дәу ағаш бір бетке әзер сиып тұр.Неге бұл кітапта  дәл осындай үлкен етіп салынған басқа суреттер жоқ? деп сұрақ қойсаңдар қайтем. Дегенмен, жауабым дайын:

— Мен үлкен суреттерді тағы да салайын- ақ деп тырысып көрдім. Бірақ, қолымнан келмей қойды.Ал, баобабты бала досыма  тезірек көмекке келейін деген оймен бірден салып тастадым.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *